ЖАНСАҚТЫҚ ЖАҢЫЛДЫРАДЫ
Шілденің басында К.Түрікпеннің әлеуметтік желідегі парақшасында Астанадағы Д,Нұрпейісова атындағы орталық саябақта Астана және Домбыра күніне орай «Ғасырлар үні: жыраулар мен жыршылар» атты ескерткіш тұғыр орнатылғаны сүйіншілей хабарланды.

Мәрмәр тасқа көне дәуірдегі Күлтегін Тоныкөктен бастап ұлы даланың Қорқыт, Асанқайғы бастаған 110 жампоз жыршы-жыраулар есімі қашалып жазылыпты. «Әп,бәрекелді!» деген игі шараға Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Р.Тәуекелов қолдау білдіріпті. Идея авторы, жоба жетекшісі атақты жырау, ұстаз профессор А.Алматов пен Т.Қуанышев, ал туынды мүсінші Ж.Бауырхандікі екен. Көкке бой созған Астана шаһарына лайықты орналасқан ықылым ғасырлардың үнін жеткізуші жыршы-жырауларға көрсетілген құрметке риза болдық. Атсалысқан азаматтарға сырттай болса да шексіз алғысымызды білдірдік.
«Біткен іске сыншы көп, – деген қанымызға сіңген әдетпен тастағы тізімнен Қарасақал Ерімбет шайырды іздедім. Тәубе, бар екен! Замандастары М.Мөңкеұлы мен Ж. Жабаевтың ортасынан орын алыпты. Хош делік. Алайда Сыр сүлейінің өмірбаянына қатысты: туған және қайтқан жылы осыдан отыз бес жылғы жіберілген қателіктің ізімен, ол «1844 жылы туып, 1916 жылы өмірден озды» деген ескірген дерекпен жазылыпты. Шынтуайтында шайырдың 1850 жылы дүниеге келіп, 1911 жылдың мамырында ұстазы Балқы Базардан соң бақилық болғаны ортаншы баласы Құлахметтің жазба дерегі мен ақын мұрасын зерделеушілер: Ә.Оспанов, Д.Сатемирова, М.Әлсейітов, Б.Ұзақовтың т.б зерттеу еңбектеріңде тайға таңба басқандай көрсетілген. Мәдениет министрлігінің 2023–2025 жылғы мерейтойлар тізіміне де нақ осылайша еңгізілген. Ең маңыздысы – биыл шайырдың 175 жылдық мерейтойы өз топырағы Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласында тойланатын болады.
Бәз біреулер мұнымды тырнақ астынан кір іздеу деп бағалар. Егер де нақ осындай жансақтық Арал қаласы орталығындағы би, батыр, жырауларға арналған ескерткіш таста, тіпті оны айтасыз «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының бесінші томында (А.ҚҰЭ бас редакциясы,2004 жылы.604-бет) орын алған. Демек алдағы уақытта руханият саласына жауап беретін мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өткен ғасырлардағы жыршылар мен жыраулардың өмір дерегін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, бір жүйеге түсіргені абзал-ақ! Таптаурындылық пен жансақтық кім-кімді де жаңылдыратынын тарихи тұлғалар өмірбаянына жасалынған қиянат екенін қаперден шығармаған жөн. Осындай әттеген-айдың алдын алу мақсатында жазылған « Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Осы жұрт Ерімбетті біле ме екен?!» (№4,31.01.2025 ж.) мақаладан сабақ алушылардың аздық етуі еріксіз қынжылтады. Білсе мұндай солақайлыққа бармас еді-ау?! Ал Астанадағы ескерткіш тастағы қате шайыр дерегін ұзатпай түзетуді тиісті орындар ескерер деген ойдамыз. Ниет – «айтпаса сөздің атасы өледіні» тағы бір еске түсіру…
Қараша Қараман,
Алматы облысы