УӘДЕ

Қайырбек Асанов ағамыздың 80 жылдық мерейтойы 2025 жылдың 19 ақпан айынан бастап мерекеленіп жатыр. Ақынның мерей жасқа шығуы әлеуметтік желі арқылы жан-жаққа таралып та үлгерді. Туған өлкесі Сыр бойының Қызылорда облысында, Тереңөзек ауданында, сондай-ақ Жамбыл облысында, Тараз қаласында, оның әртүрлі аумақтарында мерейтойлық шаралар бірінен кейін бірі аталып жатыр.
Мен Қайырбек ағаны Алматыда 1968–1973 ж.ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік Университетінде (қазір әл-Фараби) бірге оқыған кездерден бастап білген едім. Екеуміздің Сыр бойынан екеніміз, жеріміз де, еліміз де, жұтқан ауамыз да бір екенін білген соң аға үнемі мені «қарындасым» деп іш тартып, үнемі жып-жылы қылып «Өрісжан» дейтін.
Аға кеңестік кездің үш жылдық әскерлік борышын өтеп келіп, оқуға түскен екен. Біздің курстағылардан бес жастай үлкендігі бола тұра, сымбаты келіскен нағыз «жігіт сұлтаны» дейтіндей көрікті еді. Киген киімі өзіне қонымды көрініп, толқынды қара бұйра шашы өзіне ерекше жарасып тұратын. Жасының ересектігіне қарап па, әлде басқадай ерекшелігі болды ма, жоқ деканның ұйғарымы солай ма Қайырбек Асанов курстың «А» тобының, ал ақтөбелік қыз (ол да әдемі) Жұмагүл Саухат «Б» тобының старостасы болды. Алматыдағы басқа оқу орындары ЖенПи, ҚазПи, Мед иниститут т. б қыздарын білмеймін, білетінім өзіміздің курстағылардан бір қыз (есімін айтпаймын) Қайырбек ағаға өлердей ғашық болды. Бес жастай үлкен Қайырбек аға ақыл тоқтатқан кезі ғой, өтті-кетті «жел» махаббатқа берілген жоқ. Ішіміздегі ақылды қыз, әрі ақын қыз Күләш Ахметованы таңдады. Сөйтті де, қазіргі жігіттердей ананы көріп, мынаны көріп жүріп алмай бірден үйленді. Екеуі үй болды. Сөйтіп, көз салған қыздарға орысша айтқанда «мен занятпын» деп кеудесіне крест қойып шыға келді. Өл! Сүй! Өртен! Жан! Биіктен құла! У іш! Құм жұт! Суға бат! Енді өздері білсін. Қайырбекті армандаған қыздар сөйтіп жолда қалды.
Ойпой-ой! Бұл кез ақындарды аспанға шығарған өте қызық кез еді. Фариза Оңғарсынова, Фаризадан қалыспай Күләш Ахметова поэзия әлемінде дүрілдеп берді. Газет бетін бермеді. Олардың лирикалық өлеңдері «Түф» десе жерге түспеді. Өлеңге ғашық, өмірге ғашық, сүйген жігіті мен сүйген қыздарына ғашық жастар қағып алып жаттап, блокноттарына жазып алды. (Мен бұл жерде ақын қыздарды бөліп алып отырмын). Республикалық «Лениншіл жас» газетін ашып қалсаң жарқ етіп солар шығады. «Қазақ әдебиетін» ашып қалсаң, тағы да солар. «Қазақстан әйелдері» журналы ол да сондай. Ай сайынғы нөмірлерін де құрғатпайды.
Өстіп жүргенде оқу бітірдік те жан-жаққа тарап кеттік. Күләш пен Қайырбек Алматыда мекендеп қалды. Күләшқа ақындық танылар жолды алдымен беріп алған Қайырбек аға кейіннен ақындық болмысы, талант қуаты толығып, «Кімсің Қайырбек, кімсің Асанов» болып өлең деген өлкеде өз туын тікті. Қайырбектік өз бейнесін көрсетті, өз қолтаңбасын жасады. Сол жылдардан бері бір үйде қос ақын күні бүгінге дейін жарасып өмір сүріп келеді.
Екеуінің бар жазған өлеңдері көз алдымда өткен. Қайырбек ағаның 80 жылдық мерейтойы басталғанда бір ауыз сөзбен құттықтауға мойын бұра алсамшы. Білмеймін, әйтеуір тежеле бердім. Оның себебі мерейтойын бір ауыз сөзбен құттықтай салу жас баланың туған күнін құттықтағандай лайықсыз көрінді. Құттықтаудың да жөнін, былайша айтқанда, ерекше тиімді әдісін (формасын) іздедім. Бір ойым, «уатсап арқылы мерейтойға құттықтау өлең жіберсем ше?» Екінші ойым «каспий счетына той шашуын салсам ше?» болды. Артынша Рамазан айы келді. Ораза ұстадық. Күн артынан күн желдей есті. Уақыт солай өте берді.
Сөйтіп жүргенде, Алматыда біздің курстасымыздың басына кездейсоқ ауыртпашылық жағдай түскенінен хабар жетті. Бірге оқыған курстастар бұл жайға сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Енді ортамыздағы үлкеніміз Қайырбек ағаға «дұрыс хабар осы кісіге жетуі мүмкін» деп телефон шалуға тура келді.
Бастапқы білгім келген жайсыз хабардан бұрын, амандық-есендік сұрадым. Әп дегеннен сөзім ағаны биылғы мерейтойымен құттықтаудан басталды. Сөзден сөз туындады. Осы уақытқа дейін хабарласпай жатқаныма, құттықтаудың өзім ойлаған тиімді, ең жоғары әрі лайықты формасын ойластырып жүріп, кешігіп қалғанымды баяндап, бәйек болып жатырмын. Сабырмен тыңдап отырған Қайырбек ағамда маған деген өкпе-реніші байқалмайтын сияқты. Қайта отбасымның амандық-саулығын сұрап елпілдіп жатыр. «Уһ! Ренжімепті ғой, әйтеуір» деп кеудемнен жүк түсіп, жеңілдеп қалғандай сезіне бастадым.
– Өрісжан, – деді аға, баяғыдай сөзін жалғастырып, – бір білсең, сен білесің мені. Қандай ақын, қандай азамат, қандай адам екенімді. Мен туралы жазылып жатыр. Алда жазатындар да бар шығар. Мен үшін олардың орны бір бөлек, сенің орның бір бөлек. Құттықтауға еш кешіккен жоқсың. Маған айтқың келген лебізіңді БАҚ газеттерінің бірінен білдірсең болады. Телефон шалғаның дұрыс болды сенің жазғаныңды дұрыс көрем, – деді ағам бірден.
«Мәссаған!» дедім өзіме-өзім тыңдап тұрып. Сексеннің сеңгіріне шыққан аға туралы құттықтау өлең жазу ойымда жүрсе де, мақала жазу үш ұйықтасам ойымда болмаған. «Ұсталатын жерде ұсталдым да қалдым-ау. Не деуім керек?» болды басыма сап еткен ой.
– А, аға, иә.. ым .. иә, иә онда көрейін. Қолымнан келгенше… – дедім күмілжіңкіреп, жарқылдап сөйлесіп тұрған дауысым өзгеріп, міңгірлей.
Қайырбек аға телефонның арғы жағында мені көзбен көріп тұрғандай:
– Өрісжан-ау, несіне күмілжисің? Курстағы қыздар арасында қазір қаламын тастамай жүрген, жазғыш қыз өзіңсің ғой, – деп маған дем беріп желпіндіріп жіберді. Енді шегініс қайда? Осы мақаланы жазуға сол сәтте уәде бердім.
МАҚАЛА – ТИІМДІ ӘДІС
Жалпы, мерейтойлық мақала жазудан бойымды аулақ салам. Біле білгенге мерейтойлық мақаланың жүгі ауыр. Оның ішінде рухани өресі биік қаламгерлер, жазушылар, ақындар болса ше?
О-Һ-о! Бұлардың жүгін адам түгілі баяғы «К-700» тракторы көтере алмас. Жазған барлық шығармаларын електің көзінен өткізіп талдап, сипаттап, «мынаусы мынадай, анаусы анадай» деп, ал ақындардың әр шумақ өлеңін ұн елегендей елеп, барлық шығарған дүниелерін сала-салаға жіліктеп, бағасын лайықтап қойып, содан кейін ол қандай ақын, эпик пе, лирик пе, адасып кетердей ажыратып, түйіндеп барып ақындық тұлға жасау оңай емес.
Бұлай жазу менің табиғатыма қарсы. Жә, өздеріңіз қараңдаршы, 60, 70, 80 жастағы ақындар осы жылдар аралығында пәлен кітап шығарып, пәлен рет шығармашылық кездесулер өткізіп, өлеңдерін халық танып біледі емес пе. Танымаса, өз обалы өзіне, сенің жазғаныңмен бәрібір танымайды. Енді кеп мерейжасқа шықты деп, олардың пәлен жылғы шығармаларын талдап, неменеге бесікке қайта бөлеп, әлдилеп тербетеміз? Көкейімде жақтырмайтын ой – осы.
Бірақ біздегі әдеби ортада әбден қалыптасып, жауыр болған бір әдет бар. Ол мерейтой иесін міндетті түрде ана басылымға, мына басылымға құлаштай мақала жазып мадақтау керек. «Пәленшекең қазақ поэзиясының көгіндегі теңдесі жоқ жарық жұлдыз. Пәленшекең анадай, Пәленшекең мынадай…» демесе көңілдері көншімейді. Мұны жазып отырған да, сол жазғанды оқып отырған да, «ұят-ай, асыра мақталыппын-ау, қойшы әрі» демейді. Қайта риза болып құптап отырады. Көріп жүргенім бұл. Бұған иманым ұйымайды. Негізінде, мінсіз мақталу Жаратушымыз Алла тағалаға ғана тән. Соған жарасқан.
Бір үйдегі қос ақын Күләш пен Қайырбекті (сөз басында айттым) осыдан 60 жыл бұрын көпшілік таныды, оқырмандар білді. Қайсысында қандай атақ бар, қайсысы қанша кітап шығарды жұрт жатқа айтады. Ал енді биылғы жылғы әлеуметтік желіде не жазылып жатыр деңізші. Былай дейді: «…Екеуі бір-бірін қатты сүйеді», «Екеуі Қыз жібек пен Төлеген», «Қайырбектің ана өлеңі Күләшқа арналған, Күләштің мына өлеңі Қайырбекке арналған», «Мұндай ғашықтар өмірде болмаған»… тағы басқа теңеулер әрмен қарай жалғаса береді. Жазып отырғандар Күләш пен Қайырбек екеуін жақындатып-жақындатып келіп, екеуін бір ақын қылып жібереді. Поэзияның күрмеуі көп сан түрлі саласында Кайырбектің өз болмыс дәрежесі, Күләштің өз болмыс дәрежесі бары анықталмайды. Отбасы бір тұрғанмен өлең әлеміне жеке-жеке үлесі барын айтып, қос ақынды биіктетудің орнына төменге құлдилатады келіп. Желідегі мұндай сараптауларға қарасаң Күләш пен Қайырбек бірін-бірі сүйгені сонша, басқа тақырыпқа қалам тартып көрмеген лириктер, күндіз-түні бірінің бетіне бірі қарап 60 жыл бойы күнде ғашықтық өлең жазып отырған сияқты. Бұл бір жағынан күлкі туғызбай ма? Міне, кейбір мадақтау мен мақтаудың нәтижелері.
Өз басым мақтауды жаным сүймейді. Қанша жақсы болса да мөлдіретіп мақтай алмаймын. Өзімді де мақтағанды да еш қаламаймын. Сол себептен жазбаларымда әсірелеп мақтау, көпшік қою қолымнан келмейді. Мендегі шынайылық – жеткен тілмен қарапайым қалыппен жеткізу.
Осы жерде айта кетейін. Хамит Ерғалиевтің шығармашылығы туралы Ғафу Қайырбеков ағамыздың жазғаны бар. Екеуі де классиктер ғой (Пейіште нұрлары шалқысын).
«Қалай қайталасаңда тозбайтын бір шындық – Хамит көрнекті әдебиет өкілі екені. Қазір «ұлы», «ақиық», «қыран», «тұлпар», «кемеңгер» деген теңеулерді оп-оңай айта беретін болдық. Бұлай айту бір жағы жақсы шығар. Алайда салмағы батпандай ауыр сөздерді жеп-жеңіл айта салудың артында өте үлкен дәлел керегін аңғара бермейміз. Бұлай айта берсек, небір қасиетті ұғымның жеңілденіп, мәнсізденіп кететінін білмейміз. Әсіресе көзі тірі адамға келіспейді-ақ. Менің ұғымымда «ақын» деген жалғыз ұғымнан артық аяулы сөз жоқ». Ғ. Қайырбеков «Алыс та жақын жағалаулар» кітабынан. 183-бет. «Білім» баспасы. 2001.
Ғафу ағаның осы сөзін менің құптағаным сондай, миыма қондырып, жаттап алғанмын. Міне, сондықтан 80 жылғы өмірінде 60 жыл ақындықтың туын желбіретіп ұстаған, (ҚР Мемлекеттік сыйлық алмасада да) шығармашылық алтын сандығын мол рухани мұраға толтырып, сөйтіп мерейлі жасқа әдемі келіп отырған Қайырбек ағам – нағыз ақын! Ғафу ағам айтпақшы «ақын» деген киелі сөздің құнын арзандатып алмау үшін көп мадақтау жазбауым содан.
Қалам ұстаған жұрт Қайырбекті жақсы біледі. Оның «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым», «Бақытты болыңдар!», «Күзгі шуақ», «Нұрлы дүние», «Ай мен Күннің сәулесі» (2023) атты жыр жинақтары кезінде өз бағасын алған. Қайырбек ағаның өлеңдеріне әр жылдары дөкей-дөкей жазушы-ақындар, сыншылар, зерттеуші ғалымдар: Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Сейфолла Оспанов, Сәрсенбі Дәуітов, ақын сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Аян Нысаналин, Хамит Есаман, Құрал Тоқмырзин, Шәкизада Құттыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Жұмабай Құлиев, Көпен Әмірбек т.б. лайықты пікірлерін білдірген. Осы атақтылардың пікірінен кейін мен не айтуым керек, а? Айтыңдаршы?! Үндемегенім абзал емес пе?
Қайырбек ағаның атқарған қызметтері де баяғыдан жұртқа таныс. Қазақ университетін бітірмей тұрып-ақ, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшының орынбасары, кейін бөлім меңгерушісі болып 7-8 жыл істеген. Газетті көркемдік жағын безендіруде Қайырбек ағаның жұмысын редактор Сейдахмет Бердіқұлов: «Жігіттің сұлтаны біздің Қайроштай-ақ болар. Макет жасаудың маршалы ғой», – деп бағалаған екен. Міне, керемет баға. Содан кейін жұрт есігін ашып кіре алмайтын «Қазақ әдебиеті» газетінде 14 жыл жауапты хатшы болып жұмыс істеуі үлкен табандылығын көрсетпей ме? «Заман Қазақстан» газетінде редактордың орынбасары болған қызметі өз алдына бір төбе. «Престиж», «Талапкер» газеттерінің редакторы болуы тағы бар.
Қайырбек Асанов ағаның осындай талай тер төгілген қызметтеріне 2014 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілуі дұп-дұрыс шешім. 2023 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталу да еңбегінің жемісі.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Тараз қаласының Құрметті азаматы атақтарының берілуі де елі мен жерін сүйген азаматқа көрсетілген құрмет.
Сонымен айналып келіп мерейтойлық құттықтауымның тиімді әдісі осы мақаланы жазу болды. Ендігі кезек Қайырбек ағаға арналған құттықтау өлеңде:
Ағатай-ау!
Сөзді бітіп, мен өлеңге келейін,
Құтты болсын сексен жасың мерейің.
Мақталмадың мақаламда бір ауыз,
Өлең жаз деп бүлкілдеп тұр көмейім.
Құтты болсын сексен жасың, мерекең,
Таса берсін, аса берсін берекең.
Сексен жылмен жігіттіктің арасы,
Деп жүр ғой жұрт сексен қадам
жер екен.
Ағатай-ау!
Қанат жайған мақтаныш қой керегең,
Ұрпақтарың қасыңда жүр демеген.
Қай кезде де хан тағындай төрдесіз,
Аға-іні, қарындас көп елеген.
Туыс-бауыр, айналаңда ағайын,
Көңіліңді деп жүр бәрі табайын.
Курстастар бірге оқыған тағы бар,
Жүрегіңнің желпіндірген сарайын.
Ағатай-ау!
Тастап жүрдің жүрген жолға көрікті із,
Мұның бәрін куә болып көріппіз.
Немерелер өсе берсін қуантып,
Немерені жеткізу де – ерікті іс.
Уақыттарды тоқтата алмас еш пенде,
Сені ешкім ойламас деп сексенде.
Қосағыңмен 100-ге жетші марқайып,
Анау-мынау ауру келсе, дес берме!
Ағатай-ау!
Елің сыйлар өзіңдей азаматын,
Жырыңменен шығардың қазақ атын,
Бұл ақындық – Алла берген үлкен сый,
Талантыңды тоқтатпа жаза алатын.

Өріс Яшүкірқызы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері