С Е Г I З С Е Р I
19.08.2025
101
3

Шын аты – Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов (1818–1854)

Туған жер

Күлтөбе, Маманайым – туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Жалаңаш, жалаң аяқ жар басында.
Көбелек, көйлек шешіп, қуған жерім.

Жаралып дүниеге келген жерім,
Жалғанның қызығына енген жерім.
Босанып, алтын ұя, тар кұрсақта,
Аймалап ана сүтін емген жерім.

Рақат­ты шарбат суын татқан жерім,
Қызыққа алуан түрлі батқан жерім.
Жамылып жасыл желек жаздыгүні,
Көк шөпке бауырым төсеп жатқан жерім.

Садақты жастайымнан тартқан жерім,
Бөрісін дәлдеп тұрып атқан жерім.
Ұшырап патша үкім қуғынына,
Тұлпармен күн-түн қашып жортқан жерім.
Аузынан көркем қырдың үпкен жерім,
Қымызға, қазы-қарта бүккен жерім.
Жырымды өзіңе арнап төккен жерім,
Сағындым көрмеген соң көптен жерім.

Ақсүйек, асық ойнап, асыр салып,
Әткеншек, алтыбақан тепкен жерім.
Ордада асқақтата әнге шырқап,
Қобызбен нелер күйді шерткен жерім.

Бой түзеп, бойға киім киген жерім,
Білім ап, іс өзіме тиген жерім.
Өсіріп, тәрбиелеп жақсы баулып,
Бап-балғын Нәсі қарындас сүйген жерім.

Тарқатып жастық күннің шер құмарын,
Бұралып сұлу қызбен күлген жерім.
Ас пен айт, той бойында құр өткізбей,
Сайрандап, сауық құрып жүрген жерім.

Күлтөбе сағындым ғой салқын желім,
Маманай жанға жайлы шалқар көлім.
Көзімнен бір кез­дерде бал-бұл ұштың,
Орта жүз Ишамайлы Керей елім.

Әркімнің туған жері Мысыр шаһаp,
Мекке мен Мәдинадай болған жерім.
Секілді мен кәрі қыз төркіндеген,
Мен келем көрем деген сертімменен.

Аударып Еділ – Жайық дәм мен тұзын,
Төрт жылдай туған елге келтірмеген.
Ел шеті көк Есілден көрінсе егер,
Жас келер екі көзге мөлтілдеген.

Көп елге көзбен көрген жалған емес,
Жүйріктің бірі едім ғой серпіндеген.
Айырылып қапияда Мақпал қыздан,
Күйім көп жас жүректе шертілмеген.

Не пайда?

Арыстанның үйінде Сегіз сері Бакрамұлының
қонақ болып отырғанда,
мәжіліс үстінде көпшіліктің өтінуі бойын­ша шығарған
«Не пайда» ат­ты термесі

Жақсылардан не пайда?
Жұртын ақтан бақпаса.
Ай нұрынан не пайда?
Қара бұлт қаптаса.

Бал шекерден не пайда?
Жүрекке жайлы жақпаса.
Үлгілі сөзден не пайда?
Ұқтырып миды таппаса.

Жұрт кісісі сол болар,
Ел үмітін ақтаса.
Сыйлы жігіт сол болар,
Ар-ұят­тысын сақтаса.

Нағыз жаман сол болар,
Ата-анасын бақпаса.
Қорған болмай қалқиып,
Жауға қарсы шаппаса.

Шын жақсының белгісі –
Туыс үшін қамығу.
Қас бауырдың белгісі –
Ағайынға жағыну.

Адам достың белгісі –
Сыртына сырды шашпаса.
Серпінді жігіт белгісі –
Жаудан қорқып қашпаса.

Көсем батыр сол болар,
Игі ісіне халқын бастаса.
Сабырлықтың жоғы сол болар,
Шарадан асып таспаса.

Әйгілі мерген белгісі –
Екі неден атпаса.
Айбынды ердің белгісі –
Сыртынан дұшпан батпаса.

Әзәзіл, шайтан сол болар,
Елдің басын қоспаса.
Сабырсыздық сол болар,
Істің артын тоспаса.

Данышпан адам белгісі –
Айылдағы жайды болжаса.
Даугер пенде белгісі –
Уақытында істі қумаса,

Асыл кісі белгісі –
Ел-жұртын әркез қолдаса.
Қырсық жанның белгісі –
Ісі сәт­ті болмаса.

Қас батыр деген сол болар,
Қамалдан тізгін тартпаса.
Талапты жігіт сол болар,
Міндетін жұртқа артпаса.

Ғәділ қазы белгісі –
Параға басын сатпаса.
Ары таза белгісі –
Харамның дәмін татпаса.

Ер азбайды деген бар,
Сылап бойын сақтаса.
Тұлпар ат озар бәйгеден,
Жақсы атпен баптаса.

Аузы берік сол болар,
Естіген сөзін жаймаса.
Ардагер жан сол болар,
Құр сөзбен жуып-шаймаса.

Қолбасшы ердің белгісі –
Жауды жеңіп көп қуса,
Жетекші болып сарбазға,
Тәуекелге бел буса.

Опасыз кісі сол болар,
Жазықсыз шағым жолдаса.
Мейірімсіз бай сол болар,
Үйіне мейман қонбаса.

Табандылық белгісі –
Айт­қан серт­тен таймас.
Кемеңгерлік белгісі –
Қасиетін жоймас.

Доңыз шонжар сол болар,
Харамнан байып жондаса.
Кеңшілік жігіт сол болар,
Жаулық істі қолданса.

Адал адам белгісі –
Көңілінде кір болмас.
Қатыгездің белгісі –
Адамды адам қорласа.

Ұятсыздық сол болар,
Бекер босқа долданса.
Жеңіл ақыл сол болар,
Жоқ нәрсеге шамданса.

Шыншылдықтың белгісі –
Айт­қан сөзді бұрмаса.
Табансыздық белгісі –
Уәдеде тұрмаса.

Кешірімділік белгісі –
Өткен істі қумаса.
Жанашырлық белгісі –
Жақсы істерді балыса.
Ақылды адам белгісі –
Орынсыз күнә тақпаса.
Жайлы кісі белгісі –
Араздық отын жақпаса.

Ғұламалар сол болар,
Қиялға терең бойласа.
Тәуір жігіт сол болар,
Алды-артын байқап ойласа.

Жалтақтықтын белгісі –
Іске белін бумаса.
Ашушаңдык белгісі –
Аяқ астынан туласа.

Турашылдық пенде сол болар,
Босқа жала жаппаса.
Қоғамшы кісі сол болар,
Жұрт арасын ашпaca.

Ғани сұлуға

Естелік арнағандай қабағына,
Пейіштің лебізі ұқсар шарабына.
Секілді аспанда ұшқан сіз бір аққу,
Тоғайдың келіп қонған тарауына.

Шолпың да, алқаң да алтын сырға,
Ораған шамқай жібек тамағына.
Базарда нарқы қымбат гауһар тасын,
Мың теңге берсең алмайтын қадағына.

Сағағың ұксас бәйге ат сағағына,
Жіrіт­тің лайықсың ғажабына.
Болғанда сіз ақмарал, біз сұр мерген,
Атуға жебе салған садағына.

Құрбыға у да берсең айнымас бұл,
Салманай ғашықтықтың азабына.
Теңіңді дер кезінде тауып алмай,
Тұрмыстың кез боп жүрме мазағына

Бір сырлы, сегіз қырлы ер болмаса,
Тең келмес сізге шаһар қазағы да.
Жарыңды осы бастан таңда да ти,
Қалмас боп замандастың мазағына.

Көз жетпес болса да ойла амалыңды,
Ғани қыз ғашық болдым жамалыңа.
Есімнен газел сізді шығара алмай,
Жүрсем де жаудың шауып қамалына.

Көркем қыз сөз айтуға талап ет­тім,
Бар болса елде сұлу жанап өт­тім.
Құрбыға өзің сендей жаным амaн.
Сөзімді осылай тамам ет­тім.

М.Бакрамұлының 1835 жылы қуғынға
ұшырап жүргенде жазда шығарған өлеңі

Аспанда еш жұлдыз жоқ күннен жарық,
Айрылған ел-жұртынан батыр ғаpiп.
Қасыма елден жалғыз князь ерiп,
Жігіт ем жау қоршауын шыққан жарып.

Баспадым жар қабақты құлай ма деп,
Байқадым көлдің суын ылай ма деп.
Бұзықпын, достасуға келгенім жоқ,
Тар жерде қолда жоқты сұрай ма деп.

Мөп-мөлдір ағып жатқан суда ми жоқ,
Айтуға арыз-арман малда тіл жоқ,
Ұлықтан қуғын көріп мекен теппей,
Қиналған қашқын болып ерге құн жоқ.

Ат­таған дәм мен тұзды адам оңбас,
Жігітпен екіжүзді болма жолдас.
Қызығы жалған дүние саушылықта,
Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.

Лайық ән-күй өлең өнерпазға,
Өлең түгіл сөз қиын өнер азға.
Мақтаншақ өркөкірек: «Шешенмін!» дер,
Қалғанын білмей батып ми сазға.

Жүрсең де ұзақ жылда арып-талып,
Болжасын айтқан сөзің нәрсіз арық.
Ешкімге жолдас емес дүние-мал,
Айрылып денсаулықтан болма ғаріп.

Жігітке дәулет қонар ерінбеген,
Ер емес топқа түсіп көрінбеген.
Жаманға адам ғой деп қол ұстасаң,
Асаудай арындайды жегілмеген.

Ұл туса жақсылардан көсемге ұқсар,
Жұрт­ты жеген жауыздар бір күн құсар.
Тірлікте жаман жарға душар болсаң,
Шуарылып аяғыңды күнде тұсар.

Ат әсем көрінеді тұрманменен,
Дүние жеткізбейді қуғанменен.
Жазықсыз көңіліңді қалдырған соң,
Пайда жоқ, сөзбен шайып-жуғанменен.

Түнде жарық жұлдыз жоқ айдан жарық,
Қара су сусағанда шайдан жақсы.
Ессіздер ер жүрегін жаралайды,
Көтерер көңіліңді қайдан жақсы.

Дүниеде оңалмайсың қайғы жесең,
Жүрмек жоқ өлгенше еріп әке-шешең.
Жоқ дәурен дер кезінде орнамаса,
Салады аяғыңа тұрмыс кісен.

Надандар ойын сөзді кек көреді,
Әзәзіл ел арасын көп бөледі.
Жаманға жаның ашып, ақыл айтсаң,
Сөзіңді ұғына алмай, жек көреді.

Акшаға көп жыл серік қу қарағай,
Қадірін білмесе де қу қарағай.
Дүние қолға ұстатпас сағымдай боп,
Артына кете барар еш қарамай.

Жомарт ер барғанында көш алады,
Жамандар қалжың үшін өш алады.
Дос көріп кішілерге үміт артсаң,
Жаныңды кеудеңдегі қоса алады.

Қызығы пәни жалған екен мол-ақ,
Әйтсе де ғұмыр деген екен шолақ.
Жарандар өле-өлгенше сыйласып өт,
Тірлікте адамға адам екен қонақ.

Мақпал сұлуға

Ат қайда Бозшұбардай шаппай желген,
Мақпалдай сұлу қайда қадір білген?
Бойынан Ақбұлақтың келген шақта,
Шақыртпай еш пендеге өзі келген.

Сегіз серінің Мақпал қызды алмақшы болып,
Ақбұлақ өзені бойынан ат­танып,
жолда кетіп бара жатып шығарған
«Қалқаш» әні (1838)

Мақпал-ау, сіз қалайсыз мен дегенде,
Құриды ынтазарым сен дегенде!
Аршын төс, аққу мойын, беу гауһар тас,
Балқытар сілекейің шөлдегенде.

Құмарт­тым бір көруге асыл еркем,
Жүзің бар он төртінші айдан көркем.
Шошынып оянып ем бір түс көріп,
Көңіліме өзің жайлы алып секем.

Мақпалжан ризамын сертке жетсең,
Құтылып жау қолынан аман кетсем.
Достасқан үш жыл бойы, ей, гауһар тас,
Өзің біл, жау тілекке еріп кетсең!

Зор деренге душар етіп салғаның ба,
Шынымен жау қолында қалғаның ба?!
Екеуміз айрылмастай болып едік,
Көз жет­ті бұл дүниенің жалғанына.

Сарғайдым жолыңызға қарай-қарай.
Хабарсыз кет­тің Мақпал, неге бұлай?
Бір елдің ардақтаған еркесі едің,
Кез келдің бір жауыма әлдеқалай?

(9-том, 153 – 161 бет­тер)

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 19.08.2025 | 14:25

«Ақбұлақ» өлеңі мен әні де Сегіз серінікі.

Қонақ 20.08.2025 | 23:04

Ақ бұлақ Бәкір Тәжібаевтікі. соның туған жеріндегі ақ бұлақ атауына шығарылып қойылған. оған Сексен серінің қатысы жоқ

Қонақ 20.08.2025 | 23:10

Сегіз сері туберкулезбен (құрт ауру) ауырып 35 жасында қайтыс болды депті Т.Сүлейменов. Қанша қызға ауруын жұқтырды екен, соны неге жазып жібермейсің бе «сегізсерішіл» керей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір