АЛАҚАЙ, МУЗЕЙДЕ БАЛАҚАЙ!
Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі «Сорос-Қазақстан» қорының қаржылық қолдауымен «Алақай, Алақай, Музейде балақай!» атты жоба бастады.
Жобаның «Көшелер сыр шертеді» бөлімінде балалар мен ата-аналар Бөгенбай батыр көшесінен бастап, М.Төлебаев көшесінің бойымен Абай даңғылына дейін экскурсия жасады. Музейтанушы ерікті студенттердің, музей қызметкерлерінің көмегімен қаланың көркеюіне, ұлт руханиятының дамуына үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің өмірі жайлы мағлұмат алды. Қазақ халқының тарихында Алматыдағы М.Төлебаев көшесінің орны ерекше. Осы көшеде қазақ халқының көрнекті тұлғалары, еңбегі ерен азаматтары тұрған. Н.Тілендиев, Д.Қонаев, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов және М.Әуезов музей-үйлері мен есімі елге белгілі елшілер мен архитекторлар тұрған үйлердегі ескерткіш тақталар осының айғағы. Бұған қоса, жоба аясында балаларды домбыра, қобыз, жетіген аспабында ойнауға баулып, Н.Тілендиев музейінің алаңында өздері ұнатқан аспаптың суретін салуға мүмкіндік берді. Жас ұрпаққа өнеге болар ірі тұлғалардың өмірімен таныстыратын бұл жоба енді тұрақты түрде өткізілетін болады. Экскурсия жүргізген ерікті студенттер жетекшісі ҚР еңбек сіңірген экскурсия жүргізуші Бақыт Оразымбетова.