Көжекбайға

Түркі дүниесіне ғана емес, әлем поэзиясына кеңінен мәшһүр хакім бабамыз сатира жанрын да терең меңгерген. Қайсыбір тұста сарказмға да «сүңгіп» кетіп отырған. Сықақтары қағытпа, қалжыңнан әлдеқайда уытты.
Жамантайдың баласы
Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына
жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы
сезед деген
* * *
Кім екен деп келіп ем
түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен
белін буған.
Төркінінің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған.
* * *
Қалың елім, қазағым,
қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды
айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді
екі ұртың.
Бет бергенде шырайың
сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды
сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен
басқа сөзді,
Аузымен орақ орған
өңкей қыртым.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды,
түнде ұйқың.
Көрсеқызар келеді
байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді,
бір күн бұртың.
Бас-басына би болған
өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па
елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей
алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң
енді өз ырқың.
* * *
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған мінейді,
Ол арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ ырғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп Құдай атады.
Бұл нең десе біреуге,
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса, онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып, ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап қатады…
Көкбайға
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын.
Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.
* * *
Еңбегі жоқ, еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң,
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу».
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа
Арақ ішпей мас болса.
Ел тыныш болса азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса салбырап,
Түзге шықса албырап,
Кісіні көрсе қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап,
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй таңдап.
Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,
Қызмет қылған кісісін
Құрытуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекәті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет,
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз
Елдің жайы солай-ды.
Болыс болдым, мінеки
Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
«Ояз шықты, сыяз бар»,
«Ылау» деп, «үй» деп
дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тың тұяқ күнім, сүйтсе де,
Қарбаңдадым өкімдеп.
Старшын, биді жиғыздым:
«Береке қыл» деп, «бекін» деп,
«Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бәрің күтін» деп
Қайраттанып халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
«Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін» деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
«Бергем жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.
Көрсеттім деймін, ымдаймын,
Кәдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның көті көрінді.
Қазақты жеген қайратты «ер»
Ұрынды да берінді.
Әрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.
Алқыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бәрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді.
ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ
Заманақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан
тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын
тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей
несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер
көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері
Бойы бұлғаң
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан.
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында,
Тұл бойында
Еш міні жоқ пендесіп.
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты
Байдан атты алмалап.
Кедейі – ер,
Кеселі зор,
Малды байдан
сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ, сірә, қу.
Ақы берген,
Айтса көнген,
Тыныштық іздер
елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтқан пенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сірә, жалмаң желбуаз?
Айтты – көндім,
Алды – бердім,
Енді өкіндім – өзіме аз.
ПІКІРЛЕР2