ҮШ СҮЮ

Л.П. Леонтьев. Абай Семей қаласының кітапханасында, 1954
Абай ілімі ұлттық және адамзаттық маңызы зор абзал қасиеттерге негізделген. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез / Не қызық бар өмірде одан басқа?!» – деген бір ауыз сөзде Абай адамзат баласының өміріндегі басты рухани құндылық адамның адамды сүюі екені туралы терең ой айтты. Ақын ойының өзегінен таралатын ұғымдар мен түсініктердің әлеуметтік маңызы зор. Оның мәнісіне терең бойлау, сырын ұғу оңай емес. Ақынның бұл бағыттағы маңызды қағидаларының жүйесі үш сүюге негізделеді. Үш сүю туралы қағидаттар жүйесі – Абай ілімінің берік негізі.
Үш сүю туралы өзекті ойын ақын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде өрнектеді:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл…
Имани гүл болатын үш сүю ақынның өлеңінде анық көрсетілген. Адамдар осы шарттарды шын ниетімен қабыл алып, адал орындайтын болса, осы қасиет сыртына бітпей, тілінің ұшында қалмай, «Алла тағала қарайтұғын қалыбына, боямасыз ықыласына бітсе», Алла да оларды сүйеді. Ақынның сөзі, ойы анық та айқын. Алайда үш сүюдің әрбірін даралап көрсету, саралап пайымдау, оларға тән ортақ жүйеге тоқтау оңай емес.
Ақын өлеңінің мәтініне, мағыналық-құрылымдық бірліктеріне сүйене отырып, бірінші сүю туралы нақты пікір түюге болады. Әуелі берілген өлең шумағындағы алғашқы екі тармаққа назар аударайық. Екі тармақта екі сүюдің мәнісі ашылған. Бірінші сүюге қатысты ой бірінші тармақта айтылған, оның иесі Алла екені екінші тармақта көрсетілген. Онда мынадай мағына бар: Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Алла – бірінші сүюші. Алланың кімді сүйіп жаратқаны, Алланың махаббатпен жаратқан сүйіктісі кім екені де барынша анық, түсінікті. Алла өзінің махаббатына бөлеп жаратқан сүйікті – адам. Екінші тармақта ақын адамзатқа: «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – деп, екінші сүюші мен сүйіктіні көрсетеді. Екінші сүюші – адам, адамзат. Адамның кімді сүйетіні де нақты, айқын, түсінікті айтылған. Адамның махаббат нұры түсетін сүйікті – адамзатты махаббатпен жаратқан Алла.
Бастапқы екі сүюдің мәні мен мәнісі ақын өлеңінің осы екі жолында нақты анықталған. Оның негізі халықтың дәстүрлі дүниетанымының қисынымен тиянақталған. Құран аяттарындағы осы қисындардың әрқайсысында үлкен мән бар. Оның тереңіне бойлау, мәнісін түсіну, қырларын көріп, сырларын ұғу Абайдың үш сүюінің мазмұны мен мағынасын, Абай ілімінің жүйесін, ақынның азаматтық көзқарасын дұрыс пайымдауға жол ашады.
Абай дүние жаратылысы жайындағы ойларын Құран аяттарына сүйеніп жинақтайды. Алла жер жүзіндегі барлық нәрсені адамдардың пайдасы үшін жаратқаны, адамдарға жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратқаны, көктен жаңбыр жауғызып, жерден мал мен жанға азық болатын түрлі жеміс-жидек, астық, көкорай шалғын өсіріп шығарғаны… адамдарға Раббы тарапынан көрнеу дәлелдер екенін Құран аяттарының мәнісі аясында түсіндіреді, Алланың адамды сүйетіні туралы пікір түйеді. Адамның жаратылысындағы артықшылықтарды көрсете отырып: «…бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» – деп бір толғайды да, сөзін жалғастырып, ойын байыта түседі: «…һәммасы адам баласының пайдасына жасалып… бәрі – адам баласына таусылмас азық, …адам баласының рақаты, пайдасы үшін жасалса, бұл махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» «Адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар».
Абайдың осы ойлары мен қағидаларын кеңестік кезеңнің идеологиялық талаптары үстемдік жасап тұрғанда ашық насихаттау Абайдың шығармашылық мұрасына қатер төндіруге әкеліп соққан болар еді. Абайға, Абайдың шығармашылық мұрасына, әдеби айналасына жаулықпен, жат пиғылмен қарау белең алып тұрған шақта Абай шығармашылығындағы адам мен Алла арасы туралы ойларды ашып айтудың өзі қатерлі еді: айтушыға да, Абайдың шығармашылық мұрасына да.
Абайдың адам мен Алла туралы айтқан ойларының негізі тереңде. Әбу Насыр әл-Фараби Алла турасында: «Ол – Бірінші сүюші әрі Бірінші сүйікті», – дейді.
Құран аяттарында да, әл-Фарабидің тұжырымдарында да адамзаттың тарихи есі мен қоғамдық санасында ежелден қалыптасқан құндылықтар көрініс тапқан. Олар – Алланың адамзат баласын сүйетіні мен адамзат баласының Алланы сүйетіні туралы анық және ақиқат таным деректерінің көзі. Имани гүл болатын үш сүюдің түп мәні мен мәнісі Құран аяттары мен әл-Фарабидің еңбегінде, Абайдың ілімінде толық сәулеленген.
Адам баласының өзіне достықпен, сүйіспендікпен қараған жанға достықпен, сүйіспендікпен қарауы адамшылық болады. Адам баласының өзіне достық, сүйіспендік қылғанға достық, сүйіспендік қылмауы оны адамшылықтан шығарады. Олай болғанда, адам достықтан, махаббаттан шет қалады. Бұл адам баласының жақсылықтан үміт үзуіне әкеліп соғады. Адам баласы жақсылықтан үміт етпей өмір сүре алмайды.
Айтылған жайлардан белгілі болатын нәрсе – Алланың адамды махаббатпен жаратуы. Бұдан Алланың адамды сүюі, адамға деген махаббаты бастапқы екендігі белгілі болады. Абайдың махаббат пен ғадауат туралы қағидасының мәнін тану үшін мұны білудің және оның растығына сенудің маңызы зор.
Зерттеу еңбектерде Абайдың үш сүюін мына түрде саралау бар: бірінші сүю – адамның Алланы сүюі; екінші сүю – адамның «адамзаттың бәрін сүюі бауырым деп»; үшінші сүю – адамның «хақ жолы деп әділетті сүюі». Бұл жерде Алланың адамды сүюі туралы ой көңілден тыс тұр.
Абайдың Имани гүл болатын үш сүюінің мәнісін мына қалыпта қабылдап, түсінген дұрыс болмақ: бірінші сүю – Алланың адамды сүюі; екінші сүю – адамның Алланы сүюі; үшінші сүю – әділетті хақ жолы деп адамның адамды, адамзаттың бәрін сүюі. Осы пікірді әуелі Сәбит Мұқанов айтқан еді. Біз осы пікірді дұрыс деп білеміз.
Имани гүл болатын үш сүю туралы осы жүйеде тұжырым жасау үшін оларға ортақ ерекше асыл жүйені табу шарт. Ол жүйені үш сүюдің өзіне тән айқын да анық басты белгілері негізінде көрсету орынды болмақ. Аллаға қатысты ол белгі, сипат қандай екені жоғарыда көрсетілді: Алла – Бірінші сүюші және Бірінші сүйікті. Ықшамдап айтқанда, Алла әрі сүюші, әрі сүйікті. Келесі екі тұлғаның бірі адамның бойындағы осындай сипатқа назар аударайық: адамды Алла сүйеді, адам Алланы сүйеді. Демек, адам әрі сүюші, әрі сүйікті. Енді үшінші нысан адамзатты алып қарайық: Алла адамзатты сүйеді, адамзат Алланы, Алланың сүйгенін сүйеді. Демек, адамзат әрі сүюші, әрі сүйікті. Сөйтіп, Имани гүл болатын үш сүюдің жүйесіндегі үш нысан да әрі сүюші, әрі сүйікті. Әрі сүюші, әрі сүйікті бола алмайтындарға Имани гүл болатын үш сүю жүйесінде орын жоқ.
Мазлұмға жаны ашу, мейірімі түсу, оның мүшкіл халіне күйіну, көпке пайдасы тиетін харекет қылу дүниеге дос болған адамның қолынан келмейді. Дүниеге дос туралы, надан туралы Абай негіздеген қағидалардың мәні терең, күрделі. Әдепкіде ақын наданнан түңіліп, одан жерінген күйін білдіреді. Ол үшін наданнан асқан жаман жоқ, адам баласының дұшпаны да сол. Оны жек көрмеске, одан жерінбеске лажсыз болды. Өйткені дүниедегі зұлымдық, ғадауат біткеннің бәрі содан шығар еді. Екінші жағынан, ақын өзгеге айтқан ақыл сөзінде осы надан көпке жаны ашитынын, мейірімі, рақымы түсетінін білдіреді. Жұртын надан екен деп, «шектен шыққан ел екен деп», үгіт айтудан айнып кетпеді [Құран 43:5], «үгіт мүміндерге пайда береді» [Құран 51:55], – деген қағиданы ұстанды. «Түпсіз терең жақсылық сүймек» ниетін барша адамзатқа деген махаббатпен ұштастырды. «Түпсіз терең жақсылық сүймек» барша адамзатты бауырым деп сүюмен парапар деген түсінікте болды. Алланы, адамды, адамзаттың бәрін сүюге бір адамды емес, бар адамды үгіттеді. Адамды, барша адамзатты сүюдің мәнісін «…әрбір адам баласын өз бауырым деп, өзіңе ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек» деп түсіндірді, сол жолда ой ойлап, сол жолда қызмет етті.
Ақын үгітін, насихатын шын ниетімен, бар ықыласымен айтты, өзі сүймегенді өзгеге сүй демеді. Жүрегін қырық жамау қылған, надандығынан жерінген, көңілі қалған көпті Абайдың өзі сүйді. Шын ниетімен. Риясыз. Адам үшін дүниеде осы сүюден игілікті, одан баянды, одан аяулы еш нәрсе жоқ деп білді. Жүрегіндегі махаббатқа қарсы ғадауат болып майдан ашқан, өзі жерінген, көңілі қайтқан көпке жаны ашып, оны осынша кешіріммен, шынайылықпен, шын ниетпен сүю Абайдың ақындық, азаматтық, адамдық кемелдігінен ғана тууы мүмкін еді.
Адам баласының адамды, барша адамзатты бауырым деп сүюі – рух кемелдігінің, даналық танымның сәулесі. Адамзат баласының көкірек қазынасына мұндай нұрдың түсуі өте сирек кездеседі. Тіпті мұндай таңғажайып жарық жер-жаһанда бір ғасырда бір адамның көкірегінде ғана жанады дейтін болсақ, тым артық айтып, кең пішіп қойған болуымыз мүмкін. Абайдың көкірегінен адамзаттың бәрінің игілігі үшін жағылған махаббат отының жарығы мен қуатындай қасиет арғы-бергі заманда бірде-бір ақында немесе басқада болған емес. Өйткені Абай адамды, көпті, адамзатты сүюдің құдіретін сезіп, танып қана қойған жоқ, оны өз адамшылығының, өз жаратылысының кемел қасиетіне айналдырды, сол сүюдің сәулесін қалың елінің көкірегіне түсіру үшін күресті, бейнет кешті. Бұл ретте Абайдың адамды, көпті, адамзаттың бәрін бауырым деп сүюі жан-сезім ғана емес, кемел оймен ұштасқан берік ұстаным, нақты және игілікті іс. Бұл Алла қалағандай қаншалықты ізгілікті, игілікті іс болса да, дүниедос жұрттың жалғанға ауып кеткен беті бері қарамады. Сол жұрт өзін елжіреп сүйіп, өзіне құтты білім беріп, жақсылыққа асық болуды, жамандықтан қашық болуды насихаттап тұрған кемеңгердің махаббатын да, құтты білімін де, абзал насихатын да керек қылмады. Адамзаттың бәрін шын ниетпен, елжіреп сүйген адамның махаббатын олар жазадай ауыр азап қатарында қабылдады және оған қарсы болды. Махаббат пен ғадауаттың бір жүректе майдандасуы осылай туды. Ақын адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген махаббатынан бұрын-соңды жан баласы көтеріп жүре алмаған жарық пен қуат алды, бұрын-соңды жан баласы төзіп көрмеген азап пен мехнат шекті, жаны ашып, іші күйді.
Зордың зорлығынан, сұмның сұмдығынан, зұлымның зұлымдығынан, қудың қулығынан, бәлелінің бәлесінен, жалалының жаласынан қорғанар амалы аз қалың елге, тәуелсіз мемлекеті жоқ, әділетті әкімі жоқ халыққа жанашырлықпен қарауға, солардай көптің пайдасына қаракет қылуға ақын ерекше мән берді. Осыдан Абайдың ілімінде үш сүю туралы айрықша ұстаным, ерекше қағидат өріліп шықты.
Абайдың үш сүюінде үш сүюші мен үш сүйікті бар. Үш сүюдің құрамдастарының әрқайсысы әрі сүюші, әрі сүйікті. Бұл жүйедегі сүюші әрі сүйікті құрамдастарды басқалармен ауыстыруға, алмастыруға болмайды. Бұл үшеуінің бірлігі мен тұтастығын бұзуға негіз жоқ.
Үш сүю – Абайдың өзі қасиет тұтқан, қалың елінің де соны қадір тұтуын көздеген ақындық, азаматтық асыл мұратынан туған, даналық ақыл-ой қуатынан өнген, ел үшін, елдің өсер өркені үшін игілікті, болмыста баламасы жоқ биік рухани құндылық.
Абайдың үш сүю туралы қағидалары мен тұжырымдарын Абайдың ілімі жүйесінде ғана терең және дұрыс түсінуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында жасалған және оқу үдерісіне енгізілген «Абай ілімі» оқу пәні осы мақсатқа қызмет етуде.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай
институтының директоры