ТЕКТІЛІКТІ ДӘРІПТЕГЕН «ТӨБЕЛЕР СТИХИЯСЫ»
28.07.2025
89
0

Былтыр ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы шеңберінде еліміздегі әр өңірдің тарихы әдеби көркем шығармаларда көрініс тапты. Соның ішінде Ақтөбе өңірінің арғы-бергі тарихындағы түрлі оқиғалар «Төбелер стихиясы» кітабында өлең-жырмен өрілді. Авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәрлен Ғилымхан.

Автордың бұл кітабына Ақтөбе өңірінде туған белгілі тұлғалардың өмір жолына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты өлең-жырлары, поэмалары енгізілген. Қаламгер өңірдегі жер-су атауларының тарихын, есімдері ел есіндегі батырлардан бастап даңқты тұлғалардың ғұмыр жолын көркем суреттейді. Әр бөлімінде осы аймақтағы тарихи оқиғаларды, оның ішінде жүрегінің түгі бар ерлердің ерліктерін, ұлттық мүдде үшін басын бәйгеге тіккен азаматтардың табандылықтарын өлеңмен өреді. Онда бірнеше өлеңмен бірге «Дала гүлі», «Таңбалы тастар», «Ноталар қалықтайды» поэмалары және «Айтулы батыр. Аруақты ер» толғауы бар.
Таяуда автордың зерттеу аймағына айналған Ақтөбе облысының орталығындағы академик Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Төбелер стихиясы» кітабы ақтөбелік қаламгерлер мен оқырман қау­ымға таныстырылды. Жас қаламгердің шығармашылығына арналған «Санадағы сұлбалар» кездесу кешіне ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мейірхан Ақдәулетұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Бауыржан Құрманқұлов қатысты. Олар жас ақынның шығармашылығынан зор үміт күтетіндерін айтып, кітаптың мазмұнына, жалпы көркемдік деңгейіне тоқталды.
Адам алдымен шынайы қуана білуі керек. Өзім Мәрленнің өңірге бүгін табан тіреп отырғанына және кітабының ақтөбелік оқырмандарға таныстырылып жатқанына шын ризамын. Шамасы алты жыл бұрын болса керек, ортамыздағы жас ақынның топтама өлеңдері мен танымдық мақалаларын «Адырна» әдеби журналына жариялайтын уақытта да қуанған едім. Біріншіден, Мәрлен мен үшін оң-солын ерте таныған мықты ақын. Сондықтан да ең басты дүние – ол жүрегіндегі өлеңді өлтіріп алмауға тиіс деп ойлаймын. Ал өңірлердің жан-жақты зерттелуіне ықпал еткен осы жобаның жас қаламгерлерге мол мүмкіндік беріп отырғанына тағы да шын қуандым. Бұл кітапты жазуға кірісерде жөн сұрап келген Мәрленге мен әу бастан-ақ сендім. Қазір өзін қаншалықты қамшылап жүргенін білмеймін, дегенмен өлеңі сол баяғы және жырлары жылдан жылға өсіп келеді. Өзімнің ойымша, шын көңілден жазылып, бабына келтірілген бірқатар туынды дүниеге келді. Сол себепті бұл жай ғана төбелердің атауы емес, поэзияның тамаша көрінісі, – деп бағалаған ақын Мейірхан Ақдәулетұлы кітаптағы «Жау қайтарған немесе Сәңкібайдың Ақботасы» атты өлеңді оқыды.
Осыдан бірнеше ай бұрын ақын Бауыржан Құрманқұловтың «Қаламгер» әдеби порталында «Төбелер стихиясы» – төрге шақырған төл тақырып» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда жас қаламгердің кітабындағы «Қасқыр сарқырамасы», «Қызкеткен. Тамды жағасында», «Тасқа айналған», «Мұхамедқазының мехнаты» өлеңдеріне және «Дала гүлі» поэмасына тоқталған.
«…Мәрлен Ақтөбе өңірі туралы жырларына үнемі ерлікті, естілікті, тектілікті арқау етеді. Мұнда жас ұрпақтың солай болып өскенін қалайтын арман-мақсат жатыр», – деп автордың ауыр жүк арқалағанын тілге тиек етіп, сенім үдесінен шықты деуге келетінін жазған болатын.
Кеш барысында ақынның жоба шеңберіндегі ізденісі жайлы сұрақтар қойылды. Автор көп оқиғаны өне бойынан өткізіп, кітапқа зор жауапкершілікпен кіріскенін айтты. Сонымен бірге сапалы әрі көркем дүниелерді жазуға күш салғанын, сол үшін де мұқият зерделеуге тырысқанын жеткізді.
Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы мен Бауыржан Мырзахметұлы кітаптың тұсау­ын кесіп, авторға ақ тілектерін ақтарды. Кешке қатысқан студент-жастар ақынның шығармашылығына қатысты сауалдарына жауап алып, ризашылықтарын білдірді. Кітапхана жанынан құрылған «Үркер» шығармашылық ортасының жастары кітаптағы «Дала данышпаны», «Бодау», «Ақтарылу» өлеңдерін және биыл туғанына 100 жыл толып отырған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Дала гүлі» поэмасынан үзінді оқып берді.
Сондай-ақ шара қатысушыларына Мәрлен Ғилымханның шығармашылығынан хабар беретін «Жанымды қағазға көшірдім» кітап көрмесі таныстырылды. Кеш барысында жас ақын сауалдардың бәріне кеңінен жауап беріп, өлеңдерін оқып, ақтөбелік ақын-жазушылар мен оқырмандарға ізгі ниет-тілегін білдірді.
«Санадағы сұлбалар» кездесу кешінің соңында кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова оралдық ақынның шығармашылығына табыстар тілеп, өңір тарихынан сыр шерткен кітаптың руханият шаңырағы – кітапхана төрінен орын алатынына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ ақтөбеліктер атынан авторға естелік сыйлық табыс етілді.

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ,
С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық
әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір