КЕНЕСАРЫ- НАУРЫЗБАЙ
Көне араб әрпінен аударылып, түрлі мұрағаттардан жинақталып, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде әзірленіп жарияланған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858–1931) «Ит дүние» кітабы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай 2008.

Айтайын, айт дегеннен, ау, жарандар,
Кейін сал кеңесіңді, бозбалалар.
Айтамын Кенесары, Наурызбайды,
Бұрдағы мойыныңды, құлағың сал!
Жел болса, қамыс басы айда-сайда,
Жігітке бір өткен соң, дәурен қайда?
Бұрдағы құрдай мойның, құлағың сал,
Айтамын Кенесары, Наурызбайды.
Баласы Абылайдың Қасымым-ай,
Сүйегі өзге жұрттан асылым-ай!
Үш төре Абылайдың сарттан өлді,
Орысқа қазақ түгіл басымым-ай!
Бауыры Алатаудың тал мен терек,
Мінгені Жеке батыр – Көкше серек.
Аттанды он төрт мың кол шеру тартып,
Басы екен Кенесары бір зеңбірек.
Кене ағам қосын тартып, Қырғыз барды.
Аз ауыл:
«Қосшы (кошшы)» деген
қырғызды алды.
«Бәлемді ондап тұрып қырайын!» – деп
Қырғызға: «Жиылсын!» – деп хабар салды.
Ілінер қара балық жібек ауға,
Аттанды Кенесары қырғыз жауға!
Болғанда бесінші күн қырғыз толды,
Қыбырлап қара құрттай Алатауға.
Кене ағам қосын тартып, қырғыз барған,
Аз ауыл «Қосшы» деген қырғызды алған.
Кененің ішіп жатқан суын бұрып,
Қаңғырып Кене қолы шөлде қалған.
Кене ағам атысады жалғыз жатып,
Атының, шаба алмайды, мойны қатып.
Астында ер Науанның Қызылауыз,
Оқ үзді артқы аяғын бұлғаңдатып.
Оқиды молда жайып ала хатты,
Кете ме қырғыз қырып азаматты?!
Астымда Қызылауыз оққа ұшты,
Бересің (бересін), тақсыр, бізге қандай атты?!
– Беріпті: «Сөйлесін!» – деп, – тіл мен жақты,
Наурызбай, осындайда қимылдап бақ!
Өркеші жоқ түйедей, мойны құлаш,
Ап келді Кертайлақты Үйсін Байзақ.
Кертайлақты ап келді:
– Судан шыққан сүйірік! – деп,
Топтан да озған жүйірік! – деп.
Аяқты малға жеткізбес,
Мін-дағы, жауға килік, – деп.
Кенеге тілеу болмады,
Қырғызды Құдай оңдады.
Арам қатқыр, Кертайлақ.
Қызылауыз аттай болмады.
Наурызбай соғысуға ерінбеді:
– Қазаққа бұл бір келген керім,- деді.
Ғалының «Сейітбаттал» соғысындай,
Найзадан күннің көзі көрінбеді.
Қол оқпен қозы жауырын Бопы атады,
Мылтықпен Құдайменде қиратады.
Соғыста өнге төре жүргенінде,
Шатырда жаман Көшек тек жатады.
Не күшті бұ дүниеде, Құдай күшті,
Алдымен, Ержан төре қолға түсті.
Онан сон, Құдайменде мылтығы өшті,
Шатырға: «Ой, бауырым!» – деп, Науан түсті.
Кигенім көк сауыр етік, қызыл ұлтан,
Алдымен, қолға түскен Ержан сұлтан.
Окқа ұшып Құдайменде қалғаннан соң,
Жайдақтап жауға шапты Қарақұлпан.
Кигенім көк сауыр етік, қызыл ұлтан,
Окқа ұшып Құдайменде жатыр сұлтан.
Кырғызды екі жарып бөгеп тастап,
Сүйегін алып шықты Қарақұлпан.
Кенені осы жолы қара басты,
Кене мен қырғыз қолы араласты.
Жеңерін жау қырғыздың Наурызбай,
Кенесары білгеннен соң, ақылдасты.
Наурызбайдың Кене ағаға ақылдасқандай қып айтқаны:
– Кене аға, осы соғыс болды қалай,
Жеңері қырғыз-қазақ екіталай.
Ыңғайы жау қырғыздың жаман болды,
Кене аға, осы жолдан қайтсаң қалай?
Кене ханның сөзі:
– Науанжан, осы соғыс болды қалай,
Жеңері қырғыз-қазақ екіталай.
Мен өлсем, бірді-екілі күшік бар ғой,
Науанжан, сен аманда қайтсаң қалай?!
Наурызбай:
– Төгілер, өлсем жерге, қара қаным,
Бұ сөзді не деп айттың, тақсыр ханым?!
Жерінде сенің өлген мен де өлейін,
Болып па сенен артық менің жаным?!
Кене ағам, сенен қалып не боламын,
Кырғызды, айқай салсам, үш бөлемін!
Кегімді жалғыз қалып мен ала алман,
Жерінде сенің өлген мен де өлемін!
Кене ханның сөзі:
– Науанжан, бұл айтқаның жүйесіз ғой,
Қырғызға «Абылайлап!» тиесіз ғой!
Мен өлсем, артта қалар тұяқ бар ғой,
Сен өлсең, қара шаңырақ иесіз ғой!
Наурызбай жүруші еді жаумен ойнап,
Кене жүрді он кісімен «Абылайлап!»
Ер Науанның астында Кертайлақ ат,
Ерін алып тастады, мінді жайдақ.
Кенеге тігілмеді торғын шатыр,
Топалаң тиген қойдай қазақ жатыр.
Басы екен Шұбыртпалы ер Ағыбай,
Кұтылды есен-аман сексен батыр.
Қазақ бір қашты дабырлап,
Қырғыз бір қуды жыбырлап.
Адыра қалғыр Караөткел,
Қазақтар қалды сабырлап.
Бауыры Алатаудың терек, тал-ды,
Қоқидың бойын өрлей қырғыз салды.
Ер Науан аты жүрмей отыр еді,
Жау қырғыз келді-дағы қамап алды.
Ұстаған ер Науанды Үйсін дейді,
Жүрегі жау қырғыздың дүрсілдейді.
Қасына жаман Тағай келді жетіп:
– Ит қасақ шыныңды айтшы, кімсің? – дейді. Қырғыздың «қазақ» деуге тілі келмейді, «қасақ» деп айтады. Қатындары балаларын қарғап, ұрысқанда:
«Касақ алғыр!» деп карғайды.
Сонда «Кімсің?» дегенде, Наурызбай не дейді:
– Сұрасаң арғы атамды, хан Абылай,
Атқаны Кене ағамның Күлдір, Мамай.
Ит кырғыз, танымасаң, танытайын,
Кызыңды қатын қылған мен – Наурызбай!
Тағай:
Наурызбай, ойың болса, ойла! – дейді,
Дәуренің бұрынғыдай қайда? – дейді.
Елшіге былтырғыда жіберіп ем,
Батырым Жаманқара қайда? – дейді.
Наурызбай:
– Батырың біздің елге барды, – дейді,
Аса ауыр қалың олжа алды, – дейді.
Еліне тірі болса, келмес пе еді,
Ақтарылып ішек-қарны қалды! – дейді.
Тағай:
– Құдайым, айналайын, берді, – дейді,
Байлауда енді Науан шірі! – дейді.
Айтасың өтіріктен, жаның шыққыр,
Сұрадым Ержаныңнан тірі! – дейді.
Наурызбай:
– Жігітке қару болмас садақтайын,
Ақ тұзын Абылайдың адақтайын.
Бүйрегін наркескенмен ойып алып,
Итіңді бақыртқанмын лақтайын.
Тағай:
– Батырым Жаманқара ерім құтпан,
Өлтірдің оны неге жүрек жұтқан?!
Кескенше басын қылыш, тілін тартпай,
Ит еді бұ қайдағы жүрек жұтқан?!
Наурызбай:
– Қол оқпен қозы жауырын қойып (қуып) алдым,
Өгіздей жон терісін сойып алдым.
«Ханыма қырын қарап сөйлейсің!» – деп,
Бүйірін наркескенмен ойып алдым.
Тағай:
– Науанжан, сенің өзің төресің ғой,
Қырғызға «Абылайлап!» тиесің ғой.
Манабым Жаманқара сен өлтірсең,
Болыпсың сен де сондай, өлесің ғой!
Наурызбай:
– Жүруші ем өз елімде мен жаныма,
Жігітке өлім деген уайым ба?
Ит қырғыз, әке десем, жібермейсің,
Болармын, өлсем, жақын Құдайыма.
Тағай:
– Жігіттер, өлең баста, өнер баста,
Мереке күнде мұндай табылмас та.
Кескенше кесер басын, тіл тартпайды,
Кескілеп, Наурызбайды, итке таста!
Наурызбай:
– Жағалай Қоқи бойын терек пен тал,
Құйғаным тегешіме тола аяқ бал,
Ит қырғыз, әке десем, жібермейсің,
Итіңе, маған десең, кескілеп сал!
Тағай:
Үйінен тамам қырғыз жылап шықты,
Ішінде бір сұрқылтай сынап шықты:
– Анадан жалғыз туған ер екенсің.
– Керек деп, – өтің неге? – сұрап шықты.
Қырғыз сөзі:
– Құлағы арғымактың ерек-серек,
Жапанға жалғыз біткен бір бәйтерек.
Бір туған елде жалғыз ер екенсің,
Наурызбай, сенің өтің кімге керек?!
Наурызбай:
–Бір салсам наркескенмен шығады миы,
Ит қырғыз, менің айтқан сөзіме ұйы.
Керегің өн бойымда өтім болса,
Кызыңның, өтімді ал да, көтіне құй!
Жағалай Қоқи бойын терек, тал-ды,
Шақырып Құсбек итін жанына алды.
Қырғыздың өз қылышы өтпеген соң,
Науанның наркескенімен басын алды.
Ертістің арғы жағы Тарбағатай,
Сөзімнің менің айтқан бәрі қате-ай!
Ерлерді (ердерді) бұрынғы өткен біз қозғадық,
Жамағат мына отырған, қылсаң бата-ай!
Сұрасаң арғы атамды Атығай-ды,
Кене мен өлең қылдым Наурызбайды.
Тілеген – менің атым, ақын, молда,
Науанды өлең қылып жұртқа жайды.
Абылайдың көкжалдары қырғызда өлген.
Сол өлген сон, дұшпандар жырқ-жырк күлген.
Абылайдың көкжалдары өлгеннен соң,
Дін мұсылман быт-шыт боп жаман бүлген!

Дүр гауһардың данасы,
Үйсіздерге үй болған,
Бұл Арқаның панасы.
Аңқағанға сусын боп,
Шаршағанға ат болған,
Дарияның аққан саласы.
Үшкеңгірде мекені,
Ұлытаудың даласы.
Кіші таудың саласы.
Көп тілеуін тілеген,
Мұсылманның баласы.
Ата бір тегін сұрасаң,
Абылай ханның баласы.
Кенесары, Наурызбай.
Тұра алмай оның кеткені,
Бұл жақтағы қазақтың,
Ауызының аласы.
Абылай ұғлы Қасым-ды
Жасық емес, асыл-ды.
Саржан атқа мінген соң,
Жасынан ойлап тастады (таслады).
Дұшпанның көңілі басылды,
Жалғыз өзі емес-ті,
Есенкелді қосылды.
Ұсталар алар қолына,
Қышқаш пенен балғаны.
Кенесары, Наурызбай,
Кырғыз бір болды арманы.
Іледен өтіп, хан кетті,
Өр Дулатқа барғалы
Сол жақтағы қазақ пен
Косылып барып алғалы.
Барып еді өр Дулат,
Барғанын қабыл алмады.
Асаулар үзді шідерді,
Сыйламай Дулат жіберді.
Сеніп келген халқынан
Хан Кене үзді күдерді.
Күздігүні болғанда,
Қатуланды, қасланды (қаттанды).
Хан қамалдан аттанды,
Қоласты қалың шеңгелден,
«Қосшы» деген елді алды,
Карақыстақ, Шеңгелден
Қалшасын ұстап байлады.
Хан болып халқын меңгерген,
Кем-кетікті теңгерген,
Сатуына Қалшаның
Тоғыз түйе арттырып,
Отаулатып қыз беріп,
Қисайған жағын түзеген.
Бұл уақытта Құдайым
Қоқаннан ауған көп Дулат
Кара ағаштай ел келген.
Мәмбетұлы Байзақ,
Балқожа, Медет ол келген:
«Жауың қайда, мен жолдас»,
Хан Кенеге жел берген.
Жоғарғыдан су ағар
Жүйесін тауып төменге.
Сұңқарлар жайды қанатты,
Атса, мылтық өтпейді,
Асылдан соққан беренге (перенге).
Дулатты сүйді хан Кене:
«Мен жолдаспын!» дегенге.
Жұртына салды санатты,
Қара ағаштай көп Дулат
Хан аузына қарапты.
Сегіз жүз кісі аттанып,
Шапты бір олжа болатты.
Ақсу деген өзеннен,
Бұ сапарда Наурызбай.
Төрт қамалды бір бұзып,
Жұртты аузына каратты,
Қоқиланып қырғыздың,
Қатыны мен қыздарын,
Қос-қосқа бөліп таратты.
Дулаттың алған малына
Бір төлеңгіт бармады,
Олжа атын алмады.
«Қызыл тұмсық болсын»,
Ғақылмен аузын қандады,
Екіншіде аттанды,
Естіген Дулат қалмады,
Байзақ келді төменнен.
Көңілі бітті айқасып,
Кенесары төреңмен.
Телімдес болды олжаға,
Наурызбай атты беренмен (перенмен).
Он екі мың кісі боп,
Бір күні қайта ел шапты,
Таудағы алты өзеннен.
Зеңбірегін асырды
«Абылай аспас» кезеңнен.
Құлақ (қаулақ) бір тарс бекінді,
Кенесары, Наурызбай,
Таудан асты дегеннен.
«Абылай аспас» асудан,
«Асамын!» – деп өрледі.
Асуды қырғыз бермеді.
Бес күнгеше атысты,
Қазақтың әлі келмеді.
Қарабалта, Суқызлық
Аңғарынан шаң асты.
Атынан әркім адасты.
Қырғыз, қазақ ат қойды,
Бір кезеңге таласты.
«Абылай аспас» асудан
Асамын деп, аса алмай,
Көп қырғызды баса алмай,
Ерлер сонда бір састы.
Ұрыс қылды қырғыздар,
Төбеден атын ойнатып.
«Қызықсың, –деп асуға!»
Қазына төкті жайнатып.
Жалғыз жолға су құйып,
Қар ерітіп, қайнатып.
«Абылай аспас» асудан
«Асамын!» – деп өктеді.
Асуды тастап қырғыздар
Бас қамын қылып кетпеді.
Ойдан атқан зеңбірек,
Тау басына жетпеді.
Сол уақытта болғанда,
Ыза болып хан Кене,
Келтірді екі түйені.
Шөгере салып түйені,
Зеңбірегін сүйеді.
Тұрғызып қойып атса да,
Сонда да тауға жетпеді.
Атасы өткен Абылай,
Тілеуді бергей бар Құдай,
Былтырдан алған басшысы
Шапырашты Бұғыбай.
– Бұғыбай басшы қайда? – деп,
Шақырды төре Наурызбай:
– Ай, Бұғыбай, Бұғыбай,
Қорлық болды-ау, бұ қалай?
Амал тапшы бұған-ай!
Былтырдан өзің келгеннен,
Елдің алдың жарлығын.
Құлдың жедің жабдығын,
Бір кезеңнен айдадың,
Үш алаштың барлығын.
Жалғыз жолдан аса алмай,
Қырғызға беттей бата алмай,
Тау-тастың тарттың зарлығын.
Жалғыз жолдан аса алмай,
Қазақтың жолы байланды.
Бес күнгеше атысып,
Тауысып тұрмын хайламды.
Өліп кетсем, Бұғыбай,
Көңілімде арман кетпесін!
Осы бүгін күн батпай,
Тау басында қамалға
Бір тигізші найзамды!
Бұғыбай сонда сойлейді,
Сөйлегенде, не дейді?
– Қол бөлініп, жол тап! – деп,
Бере ме жауап ханымыз?
Ағаңнан жауап алыңыз,
Ағаңыз рұқсат ол берсе,
Томағамды сыпырып,
Қамау да тасқа салыңыз!
Жауыңды шаншып беруге
Науанжан, келмес халіміз.
«Жол тап!» – деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Ер Наурызбай келіпті,
Алдына қарсы Кененің:
Түсі суық тартқанда,
Төрт қырлаған жебенің.
Ажал уақыты болғанда,
Қорғаны болмас көбенің.
Рұқсат берсең, Кенеке,
Тау басында қырғызға
Барайын соған деп едім!
Ертіп келген қасымда,
Бұғы басшы ер! – дейді.
– Асуы жоқ Алатау
Бұ-дағы қиын жер! – дейді.
– Бүйтіп тұрып қамалмай,
Бұзайын барып қамалын
Кенеке-ау, жарлық бер, – дейді.
– Біраз жігіт сайланып,
Соңыма менің ер, – дейді.
Тау басына бір шықсам,
Қызығымды көр! – дейді.
Кене хан сонда сөйлейді:
– Алдыңа басшы сал! – дейді.
– Кетпесін жаудан ар! – дейді.
– Дұшпаннан кекті ал! – дейді.
– Бұғыбай айтса бір сөзді,
Екі-үш жүз (иүз) кісі ертіп,
Ертерек соған бар! – дейді.
Сонда Науан сөйлейді:
– Алла тағала жеткізсе,
Бір мұратқа жетейін!
Былтырғы қылған қырғыздың
Зорлығын бүгін өтейін!
Екі-үш жүз кісі көбірек,
Онша ер алып не етейін?!
Аз кісіге жақсы екен,
Алатаудың саласы.
Қиын жерде жолдасқа,
Сүйіклі еді, қарашы!
Көп кісі қаптай шабуға ,
Арқаның бар ма жазық даласы?!
Отыз шама кісімен
Барғым менің келеді.
Кысылған жерде әркімге
Аруақ та болсын панасы!
Таңғалады Кене хан,
Ер Науанның сөзіне.
Бұл арада Науандай,
Кайырымды жан көрінбес көзіне.
Қайтармады бұл бетін,
Рұқсат берді еріне.
Іріктеп алды манатты,
Қауырсынды, қанатты.
Тандап алды Наурызбай
Тастан қайтпас болатты.
Тамам қолдың бектері,
Бұғыбай басшы алдында.
Жол қиынын көрген соң,
Қамалдағы қырғыздың
Алла оңдаса, осы жол,
Жан жазасын бергелі
Отыз қасқа жөнелді.
Отыз жігіт жөнелді
Наурызбайдың соңынан.
Бұл сапарда Науанның
Жұлдызы туды оңынан.
Жаз жайлауы Сардала,
Қыс қыстауы Қарғалы.
Кене хан рұқсат берген соң.
Наурызбай төре жөнелді.
Отыз жігіт соңында,
Тау басында жиылған,
Көп қамалға барғалы.
Наурызбай төре кеткен соң,
Төменде қалған қалың қол
Тұра алмады-ау epiгіп,
Басын қосты бірігіп.
Бастырмайды тау мен тас
Жарлыда бар шегене.
Байзақ датқа (датхуа) түсінді
Бұ жауаптың тегіне.
Хан қасынан жылысып,
Жетіп барды көбіне.
Ер Байзақтын қараңыз,
Көпке бір айтқан кебіне:
– Ат үстінде қақайып,
Қарап тұрып өлмелік,
Намысты қолдан бермелік,
Теп-тегіс түсе қалыңыз,
Ер басына бір-бір тас,
Түсіп бір жерден алыңыз!
Қамалып босқа тұрғанша,
Сөйтіп бір жолды салыңыз!
Ойда тұрған хан Кене
Жарлық қылды көбіне]:
– Ескі жолға таласа,
Жаңадан жолды салғай [сын]!
Сонда тұрып хан Кене
Көбін жиып сөйлейді,
Сөйлегенде, не дейді:
– Ат тұяғымен шаң [болған].
Алатаудын [арасы].
Қара ағаштай көп қырғыз
Бірсыпыра болдың, қарашы!
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хакім болған қаласы.
Алдырғаны дұшпанға
Аузы жұрттың аласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Бір ауызға қараса,
Біздің қазақ баласы!
– Тізгінді берсе Кенеге,
Қайрат қосса жебеге.
Ер басына аяқтай,
Тас аударса, бұ тауды,
Жол салмасқа немене?!
Мұны айтқанда ер Байзақ
Аттан түсіп барды да,
Жерден бір тас көтерді.
Байзақ аттан түскен соң,
Төгіле қалды-ау арымыз.
Алмасақ та таудан тас,
Аттан түстік бәріміз.
Сол арада қарасақ,
Тау басында шу шықты,
Мұнара болып бу шықты,
Будақтап мылтық түтіні,
Қолында жасыл ту шықты.
Отыз көкжал бөрімен
Наурызбай төре бұл шықты.
Жау – жоғары, біз – төмен,
Жеткен екен қамалға.
Наурызбай сынды сұр берен,
Мінген аты көк дөнен.
Қарқарадай ат астында,
Жауға барып кірісті.
Күншығыс жақ шетінен,
Қамалға кірді көлденең.
Қанды қайта көргеннен кейін
Қалмады шыдады.
Жауға қиын барары,
Жаны қайтіп шыдасын?!
Түтеген мылтық ішінде,
Көзінің кірді жанары.
Жанған оттай бұрқылдап,
Көк дөнен ат астында,
Ақ орамал басында,
Ор қояндай бұлтылдап,
Жарқ-жұрқ етіп күнменен
Найзаның ұшы жылтылдап.
Наурызбай кірді қамалға
Күншығыс жаудың шетінен.
Шыдай алмай Кене хан
Ат қойды таудың бетіне.
Биіктігі сонша бар,
Шөке атым (аттам) жер бармай-ақ,
Сыпырылып қалып барады,
Көкбурыл аттың көтінен.
Кене ханның арманы
Қырғызды таудан асырып,
Құмбелден жатпақ жай алып,
Не жаны қалсын Кененің
Наурызбайдан аянып?!
Еріне көзін салмады,
Тарта берді шылбырын,
Қылышын тасқа таянып.
Қайтпасын ханның білген соң,
Тұс-тұсынан ат қойдық.
Түсініп қазақ оянып,
Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып!
Төрелер кетті алдында,
Артында қалған көп қазақ
Несіне тұрсын аянып?!
Құйылысты сайдың ішіне,
Қырғыздың неше қырандары,
Қамалда тұрып [аттары].
Неше батыр өздері.
Қол толды таудың тасына,
Барғалы жаудың қасына,
Екі мың кісі аттанып,
Шықты бір таудың басына.
Ханның туын көрген соң,
Қоқиласып, шуласып
Қырғыздың қатыны мен қыздары.
Сол арада хан Кене
Қырық арқанды жалғады,
Тартып алды арбаны.
Зеңбірегін бір атты,
Көп қамалды бұзғалы.
Зеңбірегін алған соң,
Арқанменен сүйретіп.
Халқына ғақыл үйретіп,
Қатар да қойып бір атты
Тауды, тасты күңірентіп.
Шамға жақтық шырақты,
Жақындатып (иакындатып) жырақты.
Қожабай мерген ер екен,
Қамалдан малды құлатты.
Мылтығын тастап тау-тасқа
Қырғыздың қашты мергені.
«Абылайлап!» ат қойып,
Қазақтың қаптап келгені.
Он екі шамғал, жүз мылтық,
Жүз қаралы мергені.
Алтын жатса, алмады,
Олжаға көзін салмады.
«Абылай аспас» асуды
Асамын! – деп, өктеді.
Наурызбайдың ірілігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Қырғыздан мерген жүгірді,
Алдынан мылтық төккелі.
Қатар қойып арбаны
Төтесінен бір атты.
Олжабай мерген ұшырып,
Қамалдан малды құлатты.
Зеңбіректі қарсы қойды,
[Абылай!] – десіп, ат қойды,
Екі мың шамғал, жүз мылтық
Бәрін қырды мергеннің!
Қамалға кіріп хан кетті,
Наурызбайды көргелі.
Таудың тердік шиесін,
Иад қылды әркім иесін.
Қамалға барып көрді хан,
Шыққан екен Наурызбай,
Елу шамалы жылқы алып,
Жетпіс шамалы түйесін
Қырғызға қылып кесірді.
Бергізгенде олжа қып,
Домаланған қара көз
Қыз, келіншек жесірді.
Қамалда жүрген Наурызбай
Хан Кенені көрген соң,
Бүгежектеп жүрген ер
Еркінше шауып көсілді.
Колына жасыл ту алып,
Ақ білегін сыбанып.
Бозбалаға сөйлескен
Ағасын көріп қуанып.
– «Абылай аспас» асудан
Кенекем дүкен құрғаны.
Батырлардың келіспес,
Майданға кірмей тұрғаны.
Кенекем келді біз үшін
«Жақсылар, – деп, сіз үшін!»
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы!
Бүгін бізге жар болғай (нар) болғай
Бабамыз өткен Абылай!
Арғыннан шыққан қос жігіт,
Табыннан шыққан Бұхарбай,
Дулаттан озған Меңдібай (Өндібай),
Шәкір мен Жәуке, Шұбыртпалы Ағыбай,
Төртуылдан – Жанайдар,
Қарауылдан – Кенжетай.
Ойран салдың бозбала
Ала бір таудың бетінде.
Мұнда қылмай қайратты
Қосқа барып өкінбе!
Істерін (ишларың) жақсы бозбала,
Ұстатармын қырғыздан
Қос-қос қара жетімді!
Жан аянба қамалда
Он екі шамғал, жүз мылтық –
Кенекем келген секілді.
Кенекем келіп қосылса,
Кім тұрар соның бетінде?!
Кылды бір жауға өкімді,
Ат тұяғын шан қылдық.
Алатаудың дарасын,
Төрелер түзде жат (иад) еткен
Хан Абылай бабасын.
Мылтық оғы от алмас,
Құлақтары тұтанбай.
Ақ кіреуке, берік сауыт
Мылтыққа тұрар төтепке,
Шығыршығы жұқармай,
Аянбай бүгін қимылда
Табынның есіл Бұхарбай!
Жаман жігіт тұрады
Жауды көрсе жалтақтап,
Көлге қонған құтандай.
«Абылай аспас» асудан
Аса барып, ел шапты.
Қоқилатып айдады.
Қырғыздың қатын-баласын.
«Ел болалық!» – дегенде,
Бергендей еді бар малын.
Бітіре алмай төре жүр.
Көніліндегі арманын.
Ол малын ел қайтарып,
Және шауып ел алды,
Ақсудың бұзып қорғанын.
Және шауып ел алдық,
Ақсудың салған қаласын.
Шауып алды сол жолда
Аспара (Есқара) мен Меркені.
Билеп бір тұрған ұлығы
Мәмедәлі деген сарт екен.
Ауызға кіріп сөз болған,
Ақауыз деген арғымақ,
Сол Мәмедәлі берген ат еді.
Белгілі бұрын кент еді.
Сарттың бір салған қаласы,
Екі жүз үйдің мекені,
Ақсудың аяқ саласы.
Қоқанды сол алды ғой
Имам батыр ағасы.
Мұны есітіп хан Кене,
Екі жүз кісі Ержанды
Басшы ғып соған жіберді.
Дабылы кеткен Кененің,
Әубан мен Сыбанға.
Мұнан үріккен көп қырғыз,
Қайта барып қамалды,
Судың басы Дауанға.
Ергенде қол, сыймайды,
Алатаудың баурына.
Дулатты соған айдады,
Өшіккен қырғыз жауына,
Он мың кісі аттанып,
Кекіліктің тауына.
Мұнарамен шаң болды,
Қызылсу, Самса саласы.
Ол сапарда қазақтың,
Қабыл болды тәубесі (тобасы).
Қол алдында жүргенде,
Кәрібоз деген бір қырғыз,
Ер Қанайдың баласы.
Дулат осы бөлініп кеткеннен соң, астыртын қырғызға үндес болып, Keнe ханға қиянат қыла бастады. Осы қамалды бұзғанына қанағат қылмай, енді соңынан қалмай қуа бергені… Кәрібоздын елшілікке келіп, Наурызбайға айтқан сөздері:
Карібол сонда сойлейді,
Сөйлегенде, не дейді?
– Ай, Наурызбай, ай, төрем,
Не жазығым бар еді.
Кенесары ханына?!
Бітті деп көңіл қылмадың,
Қығыздағы арыңа.
Алмаған арың қалды ма,
Қырғыздан сенің тағы да?!
Қосшыны шаптың шулатып,
Қарағаштай шөңгірден
Қалшасын ұстап, байладың.
Хан болып, халқын меңгерген
Сатуына қалшаның
Тоғыз түйе арттырып,
Отаулап қызды бергені.
Атаң Абылайдың тұсында,
Бар ма еді қалыңсыз,
Саған қыз бергені?!
«Абылай аспас» асудан,
Аса келіп, ел шаптың.
Туыңды тігіп Құмбелден,
Қыстай шауып елімді.
Баламды салдың тілімге.
Босатып койдың, бостырып,
Атамекен жерімді.
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді!
Бұрынғы-соңғы ұлықтың,
Салған бір жолы бар ма еді.
Елшіге берген өлімді?!
Қоқанда жатқан қорқытып,
Аттарын (атларын) алдың бегімнің.
Тіріме қылсаң, аз ба еді.
Өлігім саған не қылды?
Атаңның хақы бар ма еді.
Енеңнің ақы бар ма еді,
Есқожа, Қанай көрінде?!
«Бұған ашу бассын!» – деп,
Елімді саған тастадым.
«Олжа қылып жатсын!»–деп,
Жерімді саған тастадым.
Бұ да алғаның емес пе?!
Жалғыз да, жалғыз ат мініп,
Корғалап тауға босқаным!
Білмеймісің, Наурызбай,
Мейманаңның асқанын?!
Кұдайыңның тосқанын,
Жанқарамды өлтірдің,
Суырып алып денесін.
Сол әкенің басына
Тірсегінен асқаның!
Не себептен, хан Кене,
Кырғызға мұнша өшіккен?
Ақ қалпақты қырғыздан,
Қазаққа жазған несіптен.
Ат мініп, жарақ асынған,
Бізді аяма, төрелер.
Есіркесең болмай ма,
Жолыңда жатқан бесікті?!
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды.
Мейірімсіз мұнша болғанша,
Не шүршіт пен, не қалмақ,
Бірі де болсаң, болмай ма?! – деп,
Кәрібоздың бұл сөзіне пар келетұғын сөз жоқ. «Сөз аяғы құрып қалмасын!» – деп, ақша шықпаған мылжыңдық болған соң, уақыттың өтуі ойға келмегендіктен, шерте бергеніміз ғой!
Сонда Науан не дейді?
– Жақсы айтасың, Кәрібоз,
Қонысын орыс алған соң,
Кенекем кеткен жерінен.
Бауыры суып ол жерден,
Қарашы болған елінен.
Он екі кісі бас қылып,
Жеке батырымды жібердім.
Қоқидың шалқан көлінен,
Екі жыл жатты пенде болып,
Жанғараш, Жантай бегіңнен!
Ауылым баса қонған соң,
Әзер алдым өлімнен!
Жанқараңды өлтірдім.
Өзіңнің қылған кегіңнен.
Кім таласар, жігіттер,
Құдайдың берген бағына?!
Әркім шыққан табына.
Қанайыңды мен сенің.
Атаң ақы бар ма еді.
Менің Сыпатай. Аңдасымның
тамында?!
Білмейсің, Кәрібоз,
Мойныңдағы жазаңды?!
Құл болмасаң Құдайға,
Кенекем алар мазаңды?
Міндетін ханның алайын
«Қойдым, – деп, маған ант берсең,
– Арағың мен бозаңды!»
Екі саба арақты,
Жанғараш пен Жантайың,
Артып келсін ант етіп,
Тіліп қайтсын сабаңды!
Қайтыс қылсын Кенекем,
Қатын менен балаңды.
Арағыңды қоймасаң,
Наурызбай берер жазаңды!
Кәрібоздың сөзі:
– Ықпалың асқан күніңде,
Айтарсың, төре сөзіңді.
Асқар тауға. Наурызбай.
Мінгіз-ай берме өзіңді!
Алтын жағаң қисайса.
Бір күні қырғыз ояр көзіңді!
Атаң сенің Абылай,
Он сан жатқан Орта жүз,
Ұйтқысын өзің шайқадың!
Қанды көйлек еліңді.
Кіші жүзге сыя алмай,
Тастай қаштың жеріңді.
Төлеген ұлы Жанғабыл,
Тоқсан кісіңді өлтіріп,
Бітеу сойып басыңды.
Қоқанға берді тіріңді.
Басың кетер панадан,
Жаның кетер танадан.
Тіпті үміт қылмаймын,
Қолыңдағы, Наурызбай,
Қатын менен баладан.
Атаң сенің Қасым хан,
Қан шеңгелдеп туыпты,
Туғанында анадан.
«Салтыма тарттым!» – десейші,
Солайша десең, нанамын.
Ержан кеткен түн қатып,
Қалың жаудың шетінен.
Хан баршаға жіберген,
Қудырып, дамыл таптырмай.
Қашқан жаудың көтінен,
Жасанған жауға жолығып,
Мінген бір аты зорығып,
Қолға түскен сықылды,
Екпіндеп барған бетімен.
Қиссадан қисса: «Қашан да болса, адамның таласқан бір жері болады. Сол жерді алған соң, тұра қалу керек. Сол бетіммен тоқтамай жүре беремін!» – дей бермей, кезеңдескен Құмбелді алған соң, қашқанды қумай, Ержанды жібермей, Дулатты бөліп, жауға айдамай, Кәрібозбен елдесіп тұра қалса, еш пәле жоқ еді. Бұлар қосын қылып, Қырғызға аттанарда бір сыйыншы айтқан екен: «Бұл жолға Ержан бармасын, үйде қалсын! Іштеріңдегі құтың екен. Ержан үйде тұрса, жалғызың өлмейсің, аман келесің. Онан соң бұл жолға Ержан барып, қолға түсе қалса, бас көтеруге жарамайсыңдар! Ат арқасына мінген төреден бірде-бірің қайта алмайсың!» –деген екен. Бұл айтқанды төрелер керек қылмай:
«Үйде қалады деген не?!» – деп, көтеріле аттанған екен және Үшкеңгірден Қоқидың көліне қарай көшкенде, бір қария айткан екен:
– Бұрынғылардан тәжірибе бар еді: «Қоныс аударсаң, қосын қылсаң, күннің батысына қарай көш, не солтүстікке қарай көш! Егер оңтүстікке не күншығысқа қоныс аударып, қос жүргізсең, қаны-жының төгілгеннен басқа дәнеме таппайсың! – деп.
Бұл сөзге де құлақ салмаған екен. Және Қарауылдан бір Бөгенбай деген қария кырғызға елшілікке барғанда, қырғыз бұлардың не айтқанын қылмақ болып, хазірет Ғалыдан ант ішіп: «Қай бұзылғанымызды аруақ пен Құдай тапсын!» – деп, елдесіп қайтқан екен. Соның үстінде тұрғанда Жеке батырдың бір қысырағының үйірі жоғалып, соны қырғыздан көріп:
– Қырғыз, шіркін, уағдасында тұрушы ма еді?! – деп, – шауып ала қоямыз!–деп тура (тұра) аттаныса бастағанда, сонда Бөгенбай ақсақал:
– Қойындар, төрелер, қыздырманың қызыл желі, шағымшының шақпа тілі пайда бермейтұғын, залалға қалдыратұғын. Қырғыздың манаптары аруақ, Құдайдан ант айтысып: «Бірімізге біріміз қастық ойламасқа!» – деп, мал айтып сойысып, бата қылысып едік. Сонда союға: «Құдай мен аруаққа!» – деп арнап асып келген қошқар еді. Үйге кіргізіп, бата қылдыруға есіктен мүйізі сыймап еді. Мен өзім бұл жолға жүрмеймін де және сендердің ұру, союыңа бата да бермеймін! Желкілдеген жеті Момынның баласы, жалғызың бармаңдар! «Жауға жүрмейсің!» – деп, хан өзі қырып тастаса, әуелі қолынан сендерді қырып аттансын! – деген соң, жеті Момыннан жан ермепті. Бөгенбайдың тілін алып қала беріпті де, жазған Арғынның аңғалдары төрелермен кете беріпті.
Қайыр, қара сөзде таусылу жоқ. Бір жекпе-жек десетұғын кезең жер келді. Соны біраз сөйлейік. Ержанның қолға түскенін Кәрібоз есіттіріп кеткен соң, Наурызбайдың Кенесары ханға келіп айткан жері:
– Ержан жауға барыпты,
Кешегі мінген бәйге көк,
Бүгін мойыны талыпты.
Уаллағылым Кенеке,
Ержан да қолды болыпты,
Бізді жоқтап көзінен,
Ержан жасын төкпесін!
Пенде болып Қырғызға,
Ердің көңілі шөкпесін!
«Батырды ұстап алдық!» – деп,
«Байлауға мықтап алдық!» –деп,
Қырғызға дабыл кетпесін!
Ержан батыр аңсызда,
Жолығыпты аранға.
Ағасы кетсе, артында,
Інінің күні қараң-ды.
Ержан жауға түскенде,
Біздің мұнда, тақсыр хан,
Тұрмағымыз арам-ды!
Маған жауап беріңіз,
Екі-үш жүз кісі бөліңіз.
Ержан үшін жан кешіп,
Бір қайратты бастайын,
Тілеулес болып тұрыңыз!
Үш жерден қаптап шабайын
Асуына шығармай,
Айырып алып қалайын!
Қан құстырып келейін,
Сақау қырғыз талайын.
Кене хан жауап бермеді,
Науанның көңілін көрмеді:
– Шығар жаудың алдына
Науанжан, маған ер! – дейді.
– Шабар мезгіл таянды,
Ат пенен ердің өнері.
Толды бір қолға сынысып,
Қызылсу, Самса кенері.
Қырғыздан кірді майданға:
– Біреуің шық, – деп, – сайранға!
Шеннен асқан бедері,
Байзақ датқа (дадхуан) сөйлейді,
Сөйлегенде, не дейді:
– Қызылсу мен Самсаның,
Қолға толды арасы.
Қара ағаштай көп Дулат,
Ханға болдың қарашы.
Қысылған жерде әркімге,
Аруақ бір болсын панасы.
Жемит болған дұшпанға,
Алаш байдың баласы –
Ауызының аласы.
Кімнен таяқ жегендей,
Бір ауызға қараса,
Біздің қазақ баласы?!
Біреуің атқа мініңдер,
Бедерге жауап беріңдер!
Олардың бізден артық па,
Атасы менен анасы?!
Таусылдың ба Мәмбеттің,
Найза ұстаған баласы?!
Қайғыға толды бұ жолда,
Қазақтардың қойыны.
Батырлардың майданда,
Қызбас болды ойыны.
Ер Байзақтың сөзіне,
Еш адам басын көтермей,
Төмен де түсті мойыны.
Кырғыздың қолы жиылды,
Әр жерлерден құралып.
Қыстай мінген қазақы ат,
Баса алмай жатыр аяғын,
Қып-қызыл тастан тұралап.
Майданға Бедер кірген соң,
– Кел, қасақ! – деп тұрған соң,
Шыдамады Наурызбай,
Түрегелді-ау (тұра келді-ау) орнынан!
Шыбықтай белі бұралып,
Камзол ішік үстінде.
Бауын үзіп белсеніп,
Ақауызын мінді де,
Түсті бір таудан теңселіп.
Сол арада Наурызбай,
Жігітлерін қайрайды,
Ғайбатбірлан (айбатпенен) ісі жоқ,
Бұлбұл құстай сайрайды:
– Жақсы (ихшы) болса, ханымыз,
Қайтпас-ты бастан бағымыз.
«Жау қарасын көргенде,
Ойыннан шығар,– деуші едім,
Үйдегі мал, бас, жаныңыз!»
Қара ағаштай көп қырғыз,
Қиқу сал да, дабыл қақ,
Атын қой да, өзін шап,
Қатты тарт та, көздеп ат.
Майданға кірер күн бүгін,
Бүгін жаннан кешіңлер,
Кебінді қолдан пішіңдер,
Әрқайсың оннан шаншыңдар!
Артықша туған ерлерім,
Іс көрсетер күн бүгін!
Таудың басы қарлы тұман,
Қырғыздарға бермей аман,
Бүгін болсын ақырзаман!
Жанымдағы арыстандарым,
Жаннан кешер күн бүгін!
Жанымда жүрген шерлерім,
Күміс қылыш, белдерім,
«Осындай жерде керек!» – деп, –
Көзімнің майын бергенім!
Солайша айтып Наурызбай,
Тартып-тартып жіберді.
Ақауыз атты жамбасқа (жанбасқа),
Қолын бір сілтеп суырды,
Тұрсынбай берген алмасқа.
Артына көзін салмады,
Үйде бір қалған мал басқа!
Шыға шапты Наурызбай,
Бұлдырықтай зырқырап.
Бедер шықты қасқа атпен,
Қояндай шаңы бұрқырап.
Хан қасынан ұмтылды,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Шәкір мен Жәуке, Төлебай,
Арғыннан шыққан қос жігіт,
Табыннан шыққан Бұхарбай.
Төртуылдан – Жанайдар,
Карауылдан – Кенжетай,
Он бір жігіт жөнелді,
Наурызбайдың соңынан.
Сол сапарда Наурыздың,
Жұлдызы туды оңынан.
Сол уақыттар болғанда,
Бедер де сонда сөйлейді,
Сөйлегенде, бүй дейді:
– Ай, Наурызбай, ай, төрем,
Патшазада баласың,
Ғақылың асқан данасың!
Алдында айдап, шулаттың,
Қырғыздың қатын-баласын!
Ер деуші еді Наурызбай,
Бірің де келсең, болмай ма,
Иттеріңді шұбыртып,
Төрем, қайда барасың?!
Артына қарап Наурызбай,
Ерлеріне сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
– Әрқайсың бір шерге ұ[қ]сап,
Келдіңіз бе, бәріңіз?!
Біздің бүгін кеудеден,
Шықпақ бір болса жанымыз,
Келгенменен, ерлерім,
Қорғауға келмес халіңіз!
Кұдай берсе абиыр,
Түсірген атты алыңыз.
Жазым болсам бұл жерде,
Сүйегіме шабыңыз!
Бедер айтты бір сөзді,
Төгіле калды-ау арымыз!
Сөзге сынық болмайын,
Ерлерім, кейін қалыңыз!
Сол уақытлар болғанда,
Бұрқ-сарқ етіп айқасты,
Батырлар күшін байқасты.
Төренің асты хайласы,
Қайраттың (ғайраттың) тиді пайдасы.
Айқасып қалған мезгілде,
Шолтандап Бедер мырзасы,
Аспанға ұшты найзасы.
Бедер келіп жолыққан,
Кекіліктің тауынан.
Наурызбай келіп жолыққан,
Қызылсу, Самса баурынан.
Айқасқанда екеуі,
Бедер мырза жығылды,
Күрең қасқа аттың сауырынан.
Мұнарамен шаң болды,
Шу мен Таудың жағасы.
Төрелердің жар (иар) болды-ау
Хан Абылай бабасы!
Бедер аттан ұшқанда:
– Иа, Құдай! – деп, шуласты
Үш алаштың баласы.
Аузы жетті тілектен,
Найзасы тиді білектен.
Шанышқан екен Бедерді,
Наурызбай төре жүректен.
Сыртынан шығып темірін,
Суыра алмады-ау жақсылар,
Қанменен қатты-ау жібектен.
Әр тараптан қырғыздар (қырғызлар),
Қоқиласып ат қойды,
Үміті (мидді) болып сүйектен.
Жалғыз шапты Наурызбай,
Жауға қарсы енуге.
Шауып барып Бұхарбай,
Өткізіп алды шылбырын,
Ер Бедердің беліне.
Ордалы құлан серкелі ,
Малақай қылар үйегін,
Үш ай тоқсан болғанда,
Шаруа шешер күйегін.
Түсіріп төре кеткен соң,
Бұхар батыр ап кетті,
Ер Бедердің сүйегін.
Қарасайшы Құдайдың,
Бұларға берген бақтарын:
«Бермейміз!» – деп артынан
Қырғыздың қаптай шапқанын.
Араласып соғысып,
Бұхарбай батыр ап келді,
Артында қалған аттарын.
Алып келіп оларды,
Хан Кенеге тартқанын!
Ер Бедердің артынан,
Олжаболат баласы,
Ораз кірді майданға.
Бастан ауған бағы бар,
Қарайып тұрған ханы бар,
Шығайын деп тұрған жаны бар,
Жаны қайтіп шыдасын.
Наурызбайдың қосында,
Некелеп (некахлап) алған жары бар.
Ораз шапты ар жақтан,
Наурызбай шапты бер жақтан.
Айқасқанда екеуі,
Ораз мырза жығылды.
Телқоңыр аттың сол жақтан,
Бір себептен Ағыбай,
Қарайған екен қанына,
Жеткен екен төпелеп,
Наурызбайдың жанына!
Түсіріп төре кеткен соң,
Шауып барып Ағыбай,
Оразды алды көтеріп,
Телкоңыр аттың жалына.
Қоқилай келген қырғызға
Бермей кетті тағы да.
Қазір оған қарап тұр,
Наурызбайдың жебесі (жұмысы).
Тасып, киімге сыймайды,
Хан Кененің денесі.
Қарала атты бір қырғыз,
Тағы да кірді майданға.
«Мынау кім?» – деп сұрасаң,
Жанқараштың інісі.
Інісінің бір ісі,
Қыстай шауып жол қылды,
Кызылсу, Самса жиегін.
Наурызбай төре ағытты,
Ерлігінің тиегін.
Түсіріп төре кеткен соң,
Жақын жерде қырғыздар,
Алып бір қалды сүйегін.
Шапқан сайын Ақауыз,
Жерді таптап, өктеді,
Қырғыз, қазақ ерлігін,
Наурызбайдың сөкпеді.
Екі мың кісі қырғыздан,
Өзен жолын өрледі,
Жаяу мерген төккелі.
Оны көріп Кене хан,
Иек қақты нөкерге.
Арбадан арыс көтерді,
Шымғалды (шымғалны) қойды қатарға,
Жиылған көпке атарға.
Зеңбірекке оқ берді,
Құлағына от берді,
Зеңбіректің аузына,
Селдір сирек топ келді.
Зеңбіректің аузы ауып,
Қолдың болды көтінен.
Сегіз кісі ұшырды,
Селдір сирек шетінен.
Бір боз атты ұшырды,
Қырғыздың арғы бетінен.
Сол арада қырғыздар,
Ойран болып бүлінді.
Қасында тұрған Наурызбай,
Сұңқардай соғып ілінді,
Және оқтап атқанда,
Ұрмай, соқпай зеңбірек,
Ортасынан бөлінді.
Қырғыз қашты алақтап,
Наурызбай кетті шабақтап.
Бір тозаңның астынан,
Тоғыз атты ап келді,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай.
Бір тозаңның астынан,
Он екі атты ап келді,
Шәкір мен Жәуке, Төлебай.
Бәрі келіп қосылды,
Қызылсудың беліне.
Көңілі бітті Науанның,
Тұз татырған еріне.
Шыға шапты Наурызбай,
Екі мың қырғыз айналып (айланып),
Мерген төккен жеріне.
Он сегіз мерген бір жерде,
Білте шекіп жатқаны.
Жалғыз барған төрені,
Тегісінен атқаны.
Шара бар ма Құдайдың,
Бұл сапарда қаққаны.
Қой боғындай қорғасын,
Ажалы жоқтан таппады.
Мылтығын тастап, тау-тасқа,
Қайта қашты мергені.
Мергеннің атын бермеді,
Араға түсіп кернеді.
Біреуін шаншып түсіріп,
Екеуін шаншып, өлтіріп,
Бес мергенді тірі айдап,
Сегіз мылтық өңгеріп,
Тартуға ханға бергені.
Бұларға атын бер! – дейді,
Қызылсудың жарында,
Найзасын тұрды таянып.
Ханды қара баспаса,
Барса не етті сол жолда
Қалың қолдан оянып.
Күн батқанша атысып,
Мерекеге батысып,
Ақауыз ат оққа ұшты,
Қызылсу, Самса боданның,
Аңғарынан шаң асты.
Атынан әркім адасты,
Болған қырсық, міне, осы,
Қырғыз, қазақ екі жар,
Наурызбайға таласты.
Қазақ аз да, қырғыз көп,
Ортаға алып қамасты.
Наурызбайға түйіліп,
Үсті-үстіне үйіліп,
Аттарын басқа сабасты.
Қияда жүрген Бұхарбай,
Көре сала төрені,
Жандамалап жанасты.
Шауып келіп Бұхарбай,
Ерінің мінді артына.
Үзеңгісін шығарды,
Қиын жерден елбесіп.
Төреге шықты мінгесіп,
Қырғыз жетті алысып,
Айғайлап, сүрен салысып.
Ағыбай сыртын айналды,
Құтқармаққа ойланды.
Наурызбай мен Бұхарбай,
Салар еді ойранды.
Мінгесулі бір атқа,
Бұлардың қолы байланды.
Басшыны жетіп дендеді,
Қорғауға әлі келмеді.
Алдыңғы келген қырғызды,
Ағыбай шаншып кернеді.
Және қайта ұмтылды,
Төрені жауға бермеді.
Шәкір шапты бұл жақтан,
Дулат, Қабан, Меңдібай,
О да келді бір жақтан.
Жәуке менен Төлебай,
Кертайлақ атты ап келді.
Мініп алды Наурызбай,
Көлденеңдеп тұрысты.
Сегіз жігіт бас қосып,
Су бойында ұрысты.
Тоқта [та] алмай көп жауды,
Белеңге ойнап шығысты.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Талайды шанышты жүректен.
Итшілесіп, сілкісіп,
Қорғап шықты төрені.
Қиын жерде түбектен,
Кертайлақты мінеді.
Ақауыздай болмады,
Тасып жүрген Науанның,
Көңілі бұған толмады.
Шанышпақ түгіл қырғызды,
Болмады қорғау басына.
Қайтып келіп Наурызбай,
Ханның түсті қасына.
Өсіп бір сонда сөйледі,
Құдайменде төреге,
Долданып, қатты ашына:
– Тау суындай сарқырап,
Дұшпан алды өренді.
Қырғыз тұтқын қылыпты,
Ержан сынды төреңді!
Қолға түскен шағында:
«Екі інім, бір ағам бар,
Сатылсам, менің бағам бар.
Өлсем, алар құнымды.
Ала алмас ешкім тонымды!»
– Сөй деп айтқан Ержанның,
Інісінің бірі – сен.
Қалдым жалғыз қайранда,
Ұзақ болдым майданда.
Бір көрмедің мені сен!
Ержан жауға түскенше,
Сен-ақ түссең болмай ма?!
Бар болса менің бір ісім,
Жауға шабар белсеніп,
Жігіттің жанға мырзасы.
Тар жерде келер жолдас боп,
Ерлердің – пайда – құрдасы.
Ат жығылған шағында,
Ержан болса қасымда.
Болмас едім қазаққа,
Әзіл сөздің олжасы.
Бәрі де жау боп көрінді,
Алатаудың тастары.
Елден бұрын Нысанбай,
Жоқ сұмдықты бастады.
Қобызы қолда байлаулы.
Қосшысының қасында,
Қобызды қосқа тастады,
Кейінгі қосқа қашқалы.
Қыстай шауып, жол болды,
Алатаудың дарасы.
Бұл сапарда қазақтың
Болмады қабыл тәубесі.
Рүстем менен Сыпатай,
Үндес болды қырғызға,
Күн батқан соң қосылды,
Әне, ауыздың аласы.
Он екі … Дулатты
Рүстем айдап қашырды,
Мойнына болсын жазасы.
Амалдас болып қырғызға,
Қанды екен қандай табасы?!
Сол қалғаннан төрелер,
Еліне қайтып келмеген,
Қарашы халқын көрмеген.
Жұрт сарылып тіледі,
Тілеуді Құдай бермеген.
Киімді бала тудырған,
Алтынды қылыш будырған.
«Абылайлап!» ат қойып,
Жауды көрсе, қудырған.
Көп сарғайтып келмедің,
Кене хан, саған не болды?!
Дорбадан жемін жегізген,
Қысырдың сүтін емізген.
«Басқыншы қалың жау келсе,
Алып шығар!» – дегізген.
Кенекемді қалдырып,
Көкбурыл, саған не болды?
– Патшада бар алтын тақ,
Жасынан Құдай берген бақ,
Без милы қара бүркіттей,
Шабытты туған суға нақ,
Бір атадан жалғыз тақ,
Көп сарғайтып келмедің,
Наурызбай, саған не болды?
– Қайғы түсті басыма,
Заманым бұлай тарылып,
Салтанатты төреден,
Қалғаннан соң айырылып…
Енді жаны болмады. Бөлініп кеткен он мын Дулат:
Байзақ бас болып, Рүстем ұғлы Сыпатай қырғызға үндес болып: «Бір түн ішінде біріміз қалмай, қашалық. Аз ғана төлеңгітімен өздерін оңаша тастап. Сонан соң алмайтұғын оның несі бар?!» – деп, Қырғызға бірігіп кетті. Наурызбайға бір Кертайлақ деген атты апарып мінгізіп еді. Ол ит түске шейін шабуға жарамай, көзі терлеп тұрып алды.
Кенені Құдай оңдады,
Қылған бір ісі оңбады.
Арам қатқыр Кертайлақ
Ақауыз аттай болмады.
Кенесары ханның қолы Дулат дүркірей жөнелген соң, түн ішінде сатырлап қашты. Кене хан өзі тұрған жерінде тұрып қала берді. Ағыбай, Жанайдар үш қайырылып барды: «Жүріңіз, тақсырлап». Хан болмады. Сонда қырғыз Суанбек деген ханға қылыш суырып, дүрсе қоя бергенде, Жанайдар батыр Суанбекті жанаса беріп шауып қалғанда, Суанбектің басы допша домалап жерге түсті. Сол қылыш «Суанбекті шапқан көк қылыш» атанды. Жанайдар батырдың үйінде әлі бар. Ханның қашпасын білген соң, Арғынның сексен жігітіменен Ағыбай, Жанайдар бірі алдынан кезеуілші болып, артынан тосқауылшы болып, қуып жеткен қырғыздарды шаншып тастап, есен-аман құтылып елге келді.
Наурызбай аты болдырған жерде аттан түсіп, малдас құрып отырып алды.
– Сен кімсің! –деп сұраған қырғызға айтқаны:
– Сұрасаң арғы атамды, хан Абылай,
Айтқаны Кене ағамның – күлдір Мамай,
Ей, қырғыз, танымасаң, танытайын,
[Қорқақты] қатын қылған мен – Наурызбай! – деп, қасқайып қарады да отырды.
Наурызбай қолға түскен соң, осы әңгімені бастан-аяқ сөз қылған Нысанбай жыраудың айтқаны:
Не етейін – екі қанатым,
Түбінен сынды қайрылып.
Жаңбыр жаумай су болды,
Үстіме киген манатым.
Неше сынды достарың,
Түрмеге түсті санатың.
Еншілескен ерлерге
Тиюші еді ғайратың!
Тасқа тиіп, кептелді,
Балдағы алтын болатым!
Жаның қайда жай табар,
Жадында Жаббар болмаса?!
Көңілің қайда жай табар
Қырық мың әскер аттанып,
Бейшара ныжам болар ма,
Ғасаба керней болмаса!
Жұртың екі бөлінді,
Қайда барып, жұрт болар,
Кенесары қасында,
Ер Наурызбай болмаса!
Халық иесі хандарда,
Қандай айтса, мін бар ма,
Шегірткеге талатқан,
Қырғауылда жүн бар ма?!
Жапалақтан жасқанған,
Жалғыз демінде үн бар ма?!
Ақауызын жүгіртіп,
Көп қақсасаң, жақсылар,
Наурызбай келер күн бар ма?!
Кене ханның тұсында,
Қарт бурадай жарадық.
Жауған қардай борадық.
«Абылайлап!» ат қойып,
Дұшпанның алдын орадық.
Кене хан жазым болған соң,
Алды-алдына тарадық.
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық.
Өзіміз шапқан Созақтан,
Бір шақта ақыл сұрадық.
Бастан ауды бағымыз,
Иесіз қалды тағымыз.
Төрелер өліп қалған соң,
Ұстағанның колында,
Тістегеннің аузында
Ат жемі болдық тағы біз!