Pitbull
20.06.2025
285
0

Қожайыны – бәкене болғанда ергежейліні еске түсіретін, ұртына су толтырып алғандай бет-жүзі дөңгеленген «Кортизол» (Кортизол гормоны көп бөлінетін адамдардың беті дөңгеленіп кетеді дегенді бір жерден оқып қалған еді), не күлейін деп тұрғанын, не жылайын деп тұрғанын ажыратып болмайтын, көзінен қандай жан екенін тану қиын адам. Дегенмен осы күле­йін деп тұрғаны да, жылайын деп тұрғаны да көз алдына міскінді әкелетін еді. Басының үлкендігі қортық денесімен сәйкес келсеші, тіпті бұл кемшілігін жасыру үшін қалпақты бастыра киіп алған. Ол қалтарыс-бұлтарысы көп шытырманға бастады, бір-біріне жалғап сала берген барак тәрізді жатақхананың қуыс-қуысына күн түспейді, ызғар кеулеп алған. Ту сыртынан біреу қарап тұрғандай жотасы шымырлады. Төбесі қаңылтырмен қалқаланған тар дәліздің күн сәулесінің тек елесі «сыз берген» түкпіріндегі жалғыз бөлме алдына барып бір-ақ тоқтады. Есікті екі бұрап ашқан бетте көгерген әлдененің иісі мүңк ете қалды. Дым шалып, сылағы түскен, құрғақшылықтан табаны тартылған көлді еске түсіретін бояуы шыт жарылған жалғыз терезесі бар бөлменің бір бұрышында тот басқан жалғыз кереует, газ плитасынан басқа мүлік жоқ. Қызған майға ет қуырғанда шашыраған майдан, жабысып қалған сағыздан, төгілген тәтті сусындардың қағынан шаңмен араласып, қарайып кеткен еденді де елемегінсіді. Бұл Кортизолмен бірден бір айға қолма-қол ақшамен алдын ала есеп айырысқаннан кейін барып қолына кілтті ұстатты.

ІІ

Тоңазып әрі торығып біраз тұрды. Мына бөлме қашқындарға арналған жер секілді. Қашып келіп тығылатын жер секілді, ешкімге таптырмайды әрі сонысымен қорқынышты. Осы бөлменің тұтқынына айналғандай, енді мына қуыстан өмір бойы шыға алмайтындай екіұдай сезімнен арыла алмады. Кімнен қашады? Сілікпесін шығарған қу тірліктен бе, өзінен бе, оны ұғып жарытпады… Ол тамақ иісі мен көгерген сыз иісі сіңіп қалған, шаң басқан матрасқа құлағаны сол еді, есікті қаққан дыбыстан басын көтеруге мәжбүр болды.
– Есік ашық, – деп айтып, ауыз жапқанша Кортизолдың қазан басы алдымен көрінді.
– Ескертіп қояйын, – деп кінәлі адамдай кібіртікпен бастаған ол кенет даусын қатайтып, ешқандай қыз-қырқын!.. Жалпы, қонақты қаптата берген болмайды. Не айт­қым келгенін түсінген шығарсыз… Мен – Құран, Інжіл оқитын адаммын… Ата-бабаны құрмейттеймін… Түсінген шығарсыз… – деді шегелей қайталап. Бұл одан құтылғанша асық болып, басын изей салды.

ІІІ

Бөлмені ретке келтіруді ойлап жатып, көзі ілініп кетіпті. Бірден түс көрді: көп қабатты үйдің ызғар кеулеген подъезімен өз-өзін сүйрегендей зілқара тасқа айналған аяғын әрең икемге келтіріп, көтеріліп келе жатыр екен дейді… Бір қызығы, тек шет-шегі көрінбейтін қуысқа кіріп кеткендей бірде-бір пәтері жоқ үңірейген подьезде баспалдақпен әлі көтеріліп келеді. Әлден уақытта барып, қарсы алдынан дермантинмен қапталған есік шықты. Тым-тырыс, бойын үрей билеп, жұдырығын түйіп, төмпештей жөнелгені сол еді… есік ары, шалқасынан құлады. Төңіректі алып кеткен шаң-тозаңнан мұрнына әктің қышқылтым иісі келді. Шаң сейілгенде барып, бөлменің қақ ортасында тұрған пиа­ниноны көзі шалды. Жанына жақындағанда барып, оның табыт екенін байқады. Қақпағы ашық табыттың іші зығыр майы түстес лай суға толып кеткенін аңғарды, сол лай суда тақырбас өлікті көрді, ісініп, көгеріп кеткен, бітеу майлы бүйректердің қалқып жүргенін көрді… Көрді… Көзін ашқанында, зілмауыр денесін жылбысқа, суық тер басып кеткен екен, түсін қанша жерден жақсылыққа жорымақ болса да, қараңғылық оқпанына жұтылып, үрейге бой алдырған санасы ырық бермеді. Ес-түсі қашып, екі миллион халқы бар қаланың шетіндегі тау қуысына тығылған мына мекенін жатсынғаннан шығар осындай жағымсыз түс көргенім деп жұбатты өзін.

ІV

Атып тұрып, тысқа шықты. Кортизол әлі кетпепті. Барак тәрізді жатақхананың арғы жағынан асыға басып шығып келеді… Кең-мол «пішілген» терісімен, денесімен алма-кезек алысып келе жатқандай ұмар-жұмар домаланып төменде (бұл маңға көлік шыға алмайды) қалған көлігіне бет алды. Мызғып алды деген аты, қалғып кетіп қас-қағым сәтте жайсыз түс көргені бар… Одан қалды қалың ұйқыдан тұрғандай денесі зіл тартқаны бар, сәл ісінген беті-қолын шаятын су іздеп, Кортизол баракка бастап келе жатып, быртиған сұқ саусағымен нұсқап, жолай көрсетіп кеткен төменіректегі қалайы башокқа беттеді. Онда жиналған жауын суынан өзге бұл төңіректе шамалауынша су жоқ. Ерінбеген етекке түсіп, баклашкамен ішетін суын мықшыңдап таситын еді. Ол үшін сайды құлдилауға тура келетін. Таяқ тастам жерге жарты күніңмен бірге жарты ғұмырың кетеді, сайды қуалаған айналма жол бәрібір еңбегіңді еш, тұзыңды сор етеді. Башок түбінен жалғанған шүмекті ағытып, қанжылым суға бетін шайды.
– Борсып кеткен суды қайнатып ішпесең, ішің ауырады, – деген жігерін құм етер жасық дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ешкім көрінбеді. Ұшқаттың арғы жағынан шыққанын бажайлағанымен, бәрібір елеңдеп қалды бұл.
– Төменірек түс, – деген жабырқау шыққанымен әмірлі естілген дауыстан, неге екені белгісіз, жүрегі атқақтады. Ал төменде… жауын суынан қазыла-қазыла тамырлары адырайып жер бетіне шығып кеткен, сарғайып саржағал тартқан, қурай бастаған қарағайдың түбінде. Ол семсерлесу алдында қаруын төмен түсіріп, төрешінің жарысты бастауға беретін әмірін иек қағуды күтіп тұрғандай тұрысы әрі маңғаз еді. Жансыз мүсін секілді қыбыр етпей көзінің астымен мұны бағып, қалт жібермей қадағалап тұр… сүлдері құрығандай… жүдеп тұрған күйі тура қарамады, ұзын кірпіктері қамасып, селт тұр. Осы тұрысы өзіне ұнайтын секілді. Бұл тұрысында жауап күту де, дер кезінде әрекет етуге іштей сақадай-сай әзірлік те байқалып еді. Бұл көзін тайдырып әкетті… Тайдырып әкетті де, төменге көз салды. Төмен етек түгел шырғалаң. Бұл шырғалаңды кешу мүмкін емес еді. Кешу былай тұрсын, қарға адым жерге қадам басудың өзі мұң. Бөргезге бөккен беткейден қолсозым жердегі қалаға төте түсу мүмкін емес. Алып шаһардың төбесінен төнген бұл үйлер етектен қарағанда, жолындағы жота-төбе, тау сілемдері қалқалап, көрінбейді. Қала үстінен кілкіген ыс пен түтіннен қиыр шеттегі зауыт-фабрикалардың, жылу стансыларының мұржалары ебедейсіз «бой асыра» сорайып кеткен екен. Етекте Алматы!

V

Екеуі бір-біріне барлай қарап, бірқыдыру тұрды.
– Сені сыртыңнан көріп қалдым, – деп бейтаныс алдымен тіл қатты. Даусы жер астынан шыққандай құмығып, адамның ерік-жігерін құмға айналдыратындай көрінді. «Қайдан келдің?» деген сауалы «Бұл араға қайдан қаңғалақтап келе қалдың?» дегендей естілгені, бұл жаңсақ ұқпаса… Екеуі түрегеп тұрған күйі бірқыдыру тілдесті. Екеуіне ортақ таныс осы барактың қожа­йыны туралы білгісі келгенімен бейтаныс маңдытып ештеңе айта қоймады, тек бір анығы, жігіттің жамағайыны болып келеді. Ал көліктің рөлін айналдырғанда қортық денесі бірге айналатын Кортизолдың тек осы туысы туралы мына қуысқа әкеле жатып айтқан сөзіне қарағанда, жұмбақ жас жігіт әкесінің қайда екенін білмейді, бес жасында шешесі мұны тастап, қылтамақтан кетіп қалған. Барар жер, басар тауы жоқ жігітті Кортизол қолына алғанымен кейін қаладан пәтер алған соң, мұны осы баракқа әкеліп тастаған. Әп-сәтте күн райы бұзылды. Төңірек әп-сәтте күңгірт тартып, мұрнына сыз иісі келді. Сол сол екен, қарсысындағы бейтаныс жігіттің төбесінде жай ойнап, бұлт бүрікті, алдымен, тысырлап басталған жауын дем арасында қалың нөсерге ұласты. Бұл баракқа жүгіре басып кетіп бара жатып, көз қиығымен бейтаныстың жауын астында тас мүсін секілді кеудесіне қолын айқастырған күйі әлі тапжылмай тұрғанын, сол көзге көрінбейтін төрешінің иек қағуын күтіп тұрғанын байқап қалды. Бұл кезде қалың нөсердің арты тобықтан келетін кішігірім селге ұласып еді.

Тышқан иісі сіңіп қалған, тоз-тозы шығып қалған көрпені иегіне дейін қымтанып бірталай жатты. Ойынан семсерлесу үшін қарсыласын бағып, қамасқан ұзын кірпіктерін төмен салып, селт тұрған жас жігіт кетпей қойды. Қанша ойламайын десе де, әлдебір тылсым тынысын тарылтып, сыртқа атып шықты. Қалың нөсерден кейін аспан шайдай ашылған екен. Бітіп тұрған құлағы кенет ашылып кеткендей немесе көз алдын көлегейлеген шымылдық сыпырылып түскендей бәрі өз орнына келіп, көңілі жайланды. Шалқайған кемік айға қабағын кере қараған бұл барактың арғы түкпірінен тарсыл-гүрсілді естіді. Естіді де, солай қарай беттеді. Шалқасынан ашық есіктің арғы жағынан, алдымен, жоңқаланған жас ағаштың да, қаңсыған ағаштың да ию-қию иісінен шағын жиһаз цехы екенін ажыратты: түкпірінде тау төбе ағаш табыт рет-ретімен жиналған, станок қойылған бөлмеде белуарына дейін шешінген екі жігіттің шам жарығымен жаныға жұмыс істеп жатқанының үстінен түсті. Есік көзінде тұрған мұны алғашында ешқайсысы байқамады.
– Іске сәт! – деп дауыстағаннан кейін барып бұған мойын бұрды. Бұл амандасу үшін қолын ұсынғанымен – екі ұрты торсықтай, ал самайына пышақ жанып алғандай тек терісі ғана сүйегіне жабысып, алайған, адырайған көзіне қайғылы реңк берген, мықыны ашыған қамырдай ышқырынан төмен салбырағаны ыржиып күлді… Мұның ұсынған қолын алмады.
– Сен қайдан шықтың? – деді олжаға кезіккендей, жо-жоқ, дәлірегі, жемтігін тапқандай жылт еткен қуанышын жасыра алмай, мүләйімси тіл қатып, өтірік таңданған болды. Мұның ұсынған қолына алақанын жалата салған екіншісі тізе бүгіп, шылым тұтатты. Бұған тұнжырай, көзінің астымен сынай-міней қарағаны алдымен тіл қатты:
– Қайда істейсің? – деді. Сонан соң қақырынып, табанының астына шырт түкірді.
– Еш жерде… – деп мұрын астынан міңгірлеген болды бұл.
– Қолыңнан не келеді? – деп сауал қойғанымен мұның жауабын күтпей, – көріп тұрсың ғой, тапсырыспен жұмыс істейміз. Мынаны ертеңге дейін істеп бітіруіміз керек, – деп жартылай бітпеген есікті нұсқады, – қожайын ертең алып кетеді, – деп, нығырлап қойды. Есіктің бітпегеніне бұл кінәлідей жазғыру бар даусында. Шылымын шегіп болған ол арбиған бойын тіктеп еді, өзінен бұрын көлеңкесі зорайып, мұның мысын басып тастады. Кенет:
– Е, мля-я, не үшін келдің мұнда? – деді даусын өзгертіп. – Жай, әшейін… – кетпек болып кері бұрылғаны сол екен, шиқылдай күлген торсық ұрттысы:
– Жейтін не бар, қазір барамыз, – деді. Бұл қаңғалақтап кеп қақпанға түскендей бойын шарасыздық биледі, дүлей, қорқау, меңіреу күшпен бетпе-бет келгені санасына енді жеткендей, ауыр жүктің астында тұрғандай тізесі сәл бүгіліп, өзін адамның қоры сезінді.

VІІ

Күндізгі қалың нөсерден кейін тау іші салқын тартқан. Жартыкеш ай жап-жарық. Жартыкеш айдың мұншалықты жарық шашатынын алғаш рет көруі. Бойы тоңазып, барактың түкпіріндегі бөлмесіне асыға басып бара жатыр еді, екі мама ағаштың арасын жалғаған сом темірге тартылған алғашқы танысын көрді. Турникке тартылған сайын қоладан құйылған мүсін секілді мәрмәрдай сымбатты денесін ұршықша иіріп, асықша атып, шыркөбелек айналған одан көз айыра алсашы. Бұның бар-жоғын елемеді. Бұл қараптан-қарап ыңғайсызданды. «Мына жігіт кім өзі Цехтағы жігіттермен неге араласпайды? Неге бұл оқшау, саяқ жүреді? Неге жамағайынынан ірге ажыратып, өз тірлігін істемейді? Цехтағы көксоққандар неге жүр мұнда? Мұның өзі мына таудың қуысында не істеп жүр?» деген сауалдар мазасын қашырды. Осы жердегілерді былай қойғанда өзінің не үшін осында жүргенін, не іздеп келгенін, таудың қуысына неге тығылғанын түсіндіріп бере алмады. Жартыкеш ай астында состиып, мына тұрысының сөлекет екенін ойлап, кетуге оқталғаны сол еді:
– Тоқташы, – деген құмығып шыққан үннен еріксіз аялдады.
– Білем, сенің не ойлап тұрғаныңды? – деді кенет бейтаныс сәуегейлік танытып. Турниктен қара жерге дік етіп қарғып түсті. – Саян, – деді қолын ұсынып. Танысуға асыға қоймаған бұның көзіне тура қарап еді, бұл жүзін тайдырып әкетті. Сен… – деді сосын аз-кем кідіріп, – сен анау жігіттерден абайла…– деп цех жақты нұсқады, – қорқытты деме, ескерткенім. Олар күні үшін жүргендер… Барар жер, басар тауы жоқ сормаңдайлар. Қожайынның тапсырмасын орындап ішіп-жемін табады… Айтпақшы, тағы тегін тұрады, – деді артынша.
Өзімсіне іш тарта тіл қатқан жігіттің тым аққұба жүзі ай астында қуқыл тартып кетіпті. Семсерлесу үшін қарсыласын күткендей жүзін төмен салды… Аузына шырын дәмі келгендей жүрегі лоблыды мұның.
– Күресейікші, – деді әй-шай жоқ, басын көтермеген күйі. Даусы сәл дірілдеп, өтінгендей болды. Бұл басын шайқады.
– Білесің бе, ана-а-ау Алматыда… – деді ол басын көтеріп, түн қараңғылығында шоқтай жайнап жатқан алып шаһарға көз тастап. – Алматыда бір көше бар… Жо-жоқ, сен ойлағандай, ол Фараби даңғылы емес, сен ойлағандай, Есентай жақ емес, ол басқа көше, онда адамдар… басқаша… Онда көбіне ауылдан жұмыс таппай, қалаға қаңғып келгендер жүреді. Аяқтарынан сыз өткеніне қарамай, қытайдың арзанқол аяқ киімін киеді. Көбінесе, сән қуғандары туфли киеді саршұнақ аязда… Ертең олар қайтып ұрпақ өрбітеді? – жұмбақ жігіт мұның жүзіне, кенет, сыр тарта барлай қарады. Мұның өзі де талай рет шыңылтар аязда шытынап ұшқан шыны секілді жалт-жұлт еткен қаладан пана таппай осында келді емес пе? Тұла бойы шымырлады әрі денесі бір ысып, бір суыды. Кенет, мына жұмбақ жігітке деген құлын мүсін болып құйылып түскен ағыл-тегіл, айқара сезім пайда болды. Тамағы құрғап, еріксіз жұтынды. Іштей қуыстанып, көзінің астымен ұрлана қарап еді, анау қаперсіз. Не ашылып сөйлесудің ыңғайын таппай, не кетіп қалудың жөнін таппай, қызық дилеммадан мәңгіріп тұрып қалды.
– Сол көшеде – деді жұмбақ жігіт сөзін жалғап, – ауылдан үмітпен келген жастар дірдектеп жүрген сол көшеде не қазақ екені, не басқа ұлт екені белгісіз, жас шамасы алпысты алқымдаған егде кісі итін серуен­детеді. Жыл мезгіліне қарай талғаммен киінетін қартаң кісі бас кезінде бульдог жетектеп шығатын. Кейін питбул асырады. Ырсиған езуінен қызыл иегі мен сарғайып кеткен азу тістері ақсиған питбулге жақындауға ешкімнің дәті бармайтын… Мына сормаңдайлар да қарғыбау таққан жыртқыш тәрізді… Түсімде езуі қан-қан питбул көрдім, – деді сонан соң күрсіне жұмбақтап.
– Мені тастап кетпеші, – деді кенет даусы дірілдеп.
– Білемін, сенің де барар жерің жоқ. Сен де қаңғып жүрсің. Тек осы жерден кетпеші, жанымда болшы!– деді ол аңтарыла қараған бұған…

VІІ

Жартыкеш айдың сүттей сәулесін емген төңірек қараңғы тарта бастады. Таудың салқыны ұрып, қалтырап тоңа бастады. Турникке тартылып еті қызған жұмбақ жігіттің белуарына дейін жаңалаңаш денесі суықты елеген жоқ. Түн ұзарған сайын өз-өзінен сырттап, аруақ секілді сезінгені… Қаңғырып жүріп, өмірдің ыстық-суығын сезінуден қалып бара жатқан бейбақ еді. Аруаққа айналғандай қорлық сезім иектеп, кеткенше асықты. Кім не түсінді? Жартыкеш терезеден үңілген елеске айналғандай ес-түсі қашып тұрысы мынау. Аруақ болу деген – ауыздан дәмнің кетуі ғана емес… Бұлар телмірген жартыкеш терезедегі жарық та сөнген… Есесіне таң алдындағы, жарық келер алдындағы тас қараңғылық орнады. Түн кетіп, түнек орнады. Тірілер де, аруақтар да күндізді аңсай ма?! Алайда аруақтарға күндізді көру енді жоқ. Күндіз өмірдің белгісі болғанымен, адам күндіз өмір сүре алмайды, өйткені күндіз балағына сүрінген күйкі де күйбең тірліктің соңынан алысқа ұзап кете алмайды. Барлық өмір түнде! Тіпті төсек ләззатын да түнде алады емес пе, оңашалық, ол – ол ма, қорқыныштың өзі құпиялар балалаған түннің құшағынан өрбиді емес пе. Санаңда нағыз триллер орнайтын кезең, миың мегабайтқа, гигабайтқа ұлғайып, түн субстраттың бал шырынын татасың. Тісі-тісіне тимей сақылдап тоңа бастады:
– Мен кетейін… – деді бұл күмілжи тіл қатып. Бұдан жауап күтіп тұрған Саян жалт бұрылды… Бұл еріксіз қипақтап, жұмбақ жігітке жалтақ-жалтақ қарады… Ол бұрылмады. Осыны күткендей бұл баракқа қарай асыға басып, адымдай жөнелді. Бұл кезде жартыкеш ай олар көрген орнынан құрық бойы қашықтап, ары алыстап кетіп еді.

ІХ

…Шиқылдай күлген әлдекімнің даусынан шырт ұйқысынан оянып кетті. Басы зеңіп, ұйқысын аша алар емес. Кенет, бөлменің шамы жарқ етіп жанды. Соның арасынша әлдекімнің сілтеп үлгерген жұдырығынан көзінің оты жарқ етті. Ұйқысы шайдай ашылды. Жүрегі атқақтап:
– Не керек сендерге, – деген әлемтапырақ жат дауыспен айғай салды. Басын жастықтан жұлып алып еді, тағы соққының астында қалды. Басын қорғаштаған мұның төбесінен төнген цехтың сүмелектері ыржиып тұр екен.
– Саған тамақ жасап қой, – деп айттық қой… – деген өзінен бұрын көлеңкесі зорайғаны алдымен тіл қатып, – мля, сен қайда келгеніңді әлі түсінбеген секілдісің, – деді түсін суытып. Сұп-сұр болып қанын ішіне тартып алыпты.
– Байеке, бір ашуыңды бер, сабыр, сабыр! – деген шиқылдай күлген тапалдауы арашаға түскен болды. Мүләйімсіп, мәймөңкелеп тіл қатқаны… соққысынан да сорақы көрінгені, бұл еріксіз басын шынтағымен жауып, бүктетіліп, отырған орнында мелшиді де қалды.
– Ертең түнде қонаққа келеміз, – деді шиқылдай күлгені. Ұзынтұрасы үндемеді. Бір тәуірі, олар көп аялдамай шығып кетті бөлмеден. Бір қызығы, мұны таң-тамаша қалдырып, жарықты сөндіріп кетті.
– Ұйықта, ұйықта! – деді қамқорсыған тапалдауы есікті жауып жатып.

Х

Көрер таңды көзбен атырды. Көзіне көгерген із түспеу үшін қалтыраған қолымен сүлгісін сулап, басқан болды… Соған қарамастан, көзінің алды күлтілдеп, домбығып ісіп кетті. Таң сыз бере түсі оңып кеткен, жеміріле бастаған камуфляж рюкзагын асынып, жеңі қырқыла бастаған кеудешесін киіп, есігін кілт­теместен шығып кетті. Шығып бара жатып, барактың іргесіне қай заманнан бері сүйеулі тұрған жүзі майырылып, тот басқан, сабы қысқа, кішігірім балтаны рюкзагына салып алды. Ойына алған ісін ақырына дейін жеткізбей қоймайтындай тас-түйін. Айналма жолмен қиыршық, ұсақ тастардан қалаға апарар жол төселген сай табанына түсті. Бұл кезде төңірек елең-алаңнан арылып, айнала айқындалып, жарық тарта бастады. Жолай тауға жорыққа (олар тауға бұл секілді қаңғып келмейді, олар тауға тынығу үшін келеді…) шыққан бірлі-жарым қала тұрғындары мен түнге қарай шынжырынан босап кеткен, тіміскілеген иттерді кезіктіріп қалғаны болмаса, бұл маңдағы бей-берекет өскен жасыл желектің арғы жағынан әктелген қабырғасы мен ылғалдан қарайып кеткен шатыры ғана көзге шалынған жапырайған жер үйдегілер әлі ұйқысынан тұра қоймағандықтан тым-тырыс. Кенет, арт жағындағы тау қырқасынан балқыған мыстай күннің пұшпағы қылтиып көрінді. Шамасы әкелі-балалы, рюкзак асынған екеу бұған қарама-қарсы, таяқ тастам жерде кілт тоқтап, күннің қан қызыл шапағына көздерін тарс жұмып, әлден уақытта сығырайта ашты. Балғын жүзін сәуле қытықтаған жасөспірім бетін тыжырайта күліп жіберді. Бұл керісінше күннің шапағын өзі қарсы алғандай таң арайына айналған бозбаладан көз айыра алмай арбалды да қалды. Мұңсыз, риясыз күлкісінде соншалықты кірпияз тазалық пен түн түнегіне ұзақ сапар шегіп қайтқан мұның арасында өткел бермейтін, көзге көрінбейтін пердені ысыра алмай, асу бермес кедергіні еңсере алмай іштен тынып еді… Олар көп кідірмеді, жанынан тез басып өтіп кетті, тіпті бұған көз қиығымен болса да назар аудармады. Ал бұл нұр дидарлы бозбаланы, оның маржандай тізілген тістеріне дейін шуақ шашқан шат күлкісін қимай ұзақ селтиіп тұрды. Көз ұшында ғайып болғанша соңынан телміріп, боталаған жанарынан жас бұлақ боп ақты. Жылап тұрғанын өзі де сезбеп еді және не үшін жылағанын өзі де ұғып жарытпады.

ХІ

Күллі жаратылыстың сырын ашуға талпынған еңбегімен аты шыққан, жазбалары шерге толы ортағасырлық шығыс ғұламасының атымен аталған көшеге жеткенше күн сәскеге таяды. Тиіп-қашып, калымнан (уақытша қара жұмыс) тапқан тиын-тебенін үнемдеу үшін жаяу жүргеннен қара саны талып, біз сұққандай шаншыды. Қаланың іші жанып тұр. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Алты айрығынан тер шүмектеген соң жеңі қырқылған кеудешесін шешіп, рюкзагына салып қойды. Соның өзінде рюкзактан жотасы малшынып, удай ашып, қолтық тұсы терден қарайып кетті. Қайшыласқан жүргіншілер мен қаланың қарбалас тірлігін аңқаны кептірген аптап ыстық та тоқтата алмайды. Бұл аз-кем аяқ суытып алатын сая іздеп, басын таудан алатын, көлеңке шалған бетон арықтың жағасына жайғасты. Көптен шалғы тимеген, тізеден келетін шалғын шөпте бел жазып, мызғып алып, сапарын ары жалғастырды. Кенет, үлкен жолдың бойындағы көдедей көп, қуысқа бастайтын тар, шолақ көшелердің біріне кілт бұрылды. Қаптаған көліктің шуы бәсеңдегенде тағы бір көлденең көшеден өтіп, дағдарып тұрып қалды. Ұмытпаса, адаспаса, қателеспесе, жұмбақ жігіт айтқан көше осы тұста болуы тиіс… Кенет, шайдай ашық аспан тәттіні көп жеген сәбидің аузындай уылып сала берді. Таң атқалы бері алғаш рет самал жел соқты. Бұл сәл де болса бойы сергіп, тың күш біткендей алға адымдай басты. Алға қарай адымдаған сайын жел де күшейе берді, өңменінен өтер ызғарға айнала бастады. Алдымен, өн бойын қалтыратқан суық желге жотасын беріп, рюкзагынан жеңі қырқылған кеудешесін шығарды. Ұйытқи соққан желден тротуар бойындағы ағаштан әлі үзіліп үлгермеген жапырақтардан қар аралас мұздай жауын тамшылары құйын болып құйып кетті. Біреу бір шелек мұздай суды үстіне шашып жібергендей алғашында дем ала алмай қалды… Әп-сәтте су-су шашының арасынан құйқасы ағараңдап, үсті-басы сығып алардай малмаңдай болды. Жадында жаңғырған көріністер әлі көмескі… Иә, бұл сол – жұмбақ жігіт тұспалдаған, ауылдан қалаға келіп сайран салмаса да сән қуған, үстіне ілген қытайдың арзан күртесінің жағасын көтерген, болашағы бұлыңғыр жастарды алды көкмұнар, арты тұрлаусыз тірлігімен алдаған, арбаған көше. Алайда манағыдай емес, көліктің де, жүргіншілердің де қарасы сиреген. Тал-ағаштан жапырақтар тоқтаусыз үзіліп түсіп жатыр. Қақпақылдаған желден қаңғалақтап кеп, күңгірт жарықтан қазан түбіндегі майдай жылтыраған тротуар жолдың бетіне желімдей жабысып қалып жатыр. Ойша елестеткені бар, шын көріп қалғаны бар, алайда өз көзімен көргені мынау ессіз әлемде өңменіңнен өтер, инедей піспектеген суық желдің өтінде бір өзі қалыпты… Тротуарда тірі жан жоқ… Жоқ, қателескен екен, құйын болып соққан мұздай жауыннан тірсегі қиылғандай тізерлей отырғаны сол екен, ту сыртынан ырылдаған үннен ауыр жүк ауып түскендей… бір жағына қарай қисайып барып, құлай жаздады, дереу қолымен жер тіреді. Желке тұсынан баспалап келген жыртқыштың ауыр демін сезді. Көз қиығымен оң жақ иығын қимылсыз бақты: шырышты қабаты кілегейленіп, сілекейі езуін сулаған питбул көзі от шашып, азу тісін ақситты. Балтасы жатқан рюкзагіне төбесінен төнген тайыншадай жоталы питбулден қол созуға батылы барар емес… Бір тістегенде 80 келі салмақпен сүйегін уатып жібіретін бір мойын мақұлыққа қарсы қайран қыла алмай дәрменсіз, шарасыз қалды.
«Законодательство многих государств, в частности, Европейского Союза запрещает разведение этой породы, в некоторых странах она расценивается как холодное оружие…»

ХІІ

Иттің иесі қайда?.. Ойы осы сауалдың төңірегінен арқандалған аттай алысқа ұзай алмай қойды. Қайыстан қарғыбауы бар питбул құрыспа ауруына шалдыққандай денесі сіресіп, қыбырсыз отырып қалған мұның алдына түсті. Тіпті мойын бұрып та қарамады, жүгіре басып белгісіз бағытқа жөнеді. Қарсы алдында жағасын көтерген бозбаланың ту сыртын берген, қақ суына түскен бейнесі желден дірілдеп, ұсақ толқындарға жұтылып, сағымға айналып, ғайып болды. Итше тіміскілеген, итше сүмеңдеген жетімек ойдан жүдеп, қан майданда ауыр жарақат алғандай орнынан сүйретіле тұрды. Боталаған жанарымен жоқ іздегендей иттің көз ұшындағы егесі кеткенімен елесі қалып қойған ноқатына телмірді. Семсерлесу үшін қарсыласына ізет білдіріп, басын төмен салып, қимылсыз тұрған жұмбақ жігіттің күллі дүниені сыйдырған аялы жанары, сол күллі дүниені өзімен бірге көшіріп әкететін көзінің салқын қарасы…
– Саян! – деді күбірлеп. Ерні кеберсіп, жұмбақ жігіттің есімін тағы қайталады. Бұл беймәлім танысына асықты… Көз жасындай бұлдырап, елестен естелікке өтіп, мұнарға айналған көшеден алыстаған сайын төңірек айқындалып, аспан шайдай ашылды. Бұл тау қуысындағы баракқа түс ауа қалжырап жетті. Белуарына дейін жалаңаштанған, жінігіп алған жұмбақ жігіттің есіл-дерті қарсы алдындағы қарағаштың жуан бұтағына сым темірмен ілінген құм толы қапқа ауған: ширақ әрі әбжіл қимылдап, сарт-сұрт соққының астына алды. Шашына дейін терден суланып кеткен екен, басын сілкіп қалғанда шашыраған тамшылар жарқыраған күннен сан мың түске құбылып, төңірегін арайға бөледі. Бұл шұғыла шашқан мына көріністен көзін жұмды. Жүрек тұсы шым етті, көңіл түкпіріндегі түңлігі түрілген қуаныш пен күйініштен тамағына өксік кептеліп, басын тұқыртып, жанынан үнсіз өтіп кетпек болып еді…
– Тоқта! – деген әмірлі үнді естісе де естімеген түр танытты.
– Тоқта!…
Амалсыз кідірді. Тақап келген жұмбақ жігіт көгеріп, көлкілдеген көзіне төне қарап, ұзақ тұрды.
– Оңдырмапты-ау сені,– не мүсіркегені, не өзінің көргенін растағаны белгісіз, даусы тарғылданып шықты. Бұл оған тіке қарады… іле көзін тайдырып әкетті: беймәлім жігіттің жанарында алмас кездіктің жүзіндей суық ұшқын пайда болыпты…
– Болдың ба қарап? Мен кеттім… – бұл оның жауабын күтпестен шалт қимылдап, адымдай жөнелді.

ХІІІ

Түсінде… иә, түсінде дейді, соққы алыпты. Төсегінен ауып кете жаздады. Жастықтан басын жұлып алды. Өңінде соққы алғандай самай тұсы ысып барады. Жүрегі шайлығып отырып қалды. Қараңғылық оқпанына жұтылған төңірегін қарманып, бозамық тартқан терезеден бір жамбастаған айдың күмілжі сәулесінен көгілжім тартқан сыртқа үңілгені сол екен, тарс еткен дыбыстан селк ете қалды. Дәліз жақтан шыққан тарсыл тағы естілді. Жүрегі атқақтады. Қорқақсоқтап есікке беттеді. Алдымен, есіктің саңылауынан сығалады. Ұзыннан ұзақ созылған дәлізде кіртиген жарықтан табытты, сол табытта әлдекімнің қарауытқан жансыз денесін байқады. Өз еркі өзіне бағынар емес, қалтыраған қолымен еденді қарманды. Алайда қолына ештеңе ілігер емес. Мас адамдай тәлтіректей есікті ашты… Дәл мұның есігінің тұсындағы әлі кеуіп үлгермеген табытта шалықтай күлімсіреген күйі ұйықтап кеткендей беймәлім жігіттің белуарына дейін жалаңаш, жансыз денесіне мағынасыз көзбен қарап тұрғанын сезді. Соққының ізі тайға басқан таңбадай бірден көзіне шалынды: бүйрек тұсы, мықыны көкала тартқан. Түнеукүнгі түсі, ісінген, көгеріп кеткен майлы, бітеу бүйрек пен зығыр майы түстес лай судағы мәйіт есіне оралды… Бұл есепсіз шаршаған екен, көзі жұмыла берді…

 

 

Алмат Жалбағай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір