СӨЗГЕР
14.06.2025
84
0

Ұлттық журналистикамыздың ұлағатты ұстаздарының бірі, көсемсөздің кеңістігіне мүше байлаған, көркемсөздің керуеніне көше қосқан қаламгер, Бекболат Әдетті еске алғанда тілге оралған тіркестер.
Бекең, Бекболат Әбиірұлы Әдет. Қалам ұстаған қазаққа, басылымнан басын алмай оқитын ормандай оқырманға ежелден таныс, етене жақын есім. Қазақ білімінің қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің алпысыншы жылдардағы үздік түлегі Бекең – Бекболат Әдет алғашқы журналистік қызметін қазақ даласының қақ ортасында жатқан, ақжарма ақын Ғафу Қайырбеков: «Қаққан алғаш дабылды, қыр елінің ұланы, Торғай деген кәдімгі, Қазақтың Ленинграды» деп жазғандай, Амангелді атой салған, Кейкі батыр бесатардың құндағын құшақтаған, ақжарма ақындардың аузынан жыр төгіліп, күйдің көкілі мен сырдың өтілі бой-бойыңды қозғаған, жігер оты маздаған байтақта бастап, сан алуан кейіпкердің сыры мен нұрын тоғыстырған, құба жонда құбылта сөз ойнатқан.
Тілшілік тағдырында Торғай топырағында әнге сөз жазып, тек Торғай өңірінің ғана емес, руханияттың белсенді бір мүшесіндей болған кезін Бекең сағынышпен еске алып, алыс жылдарға жанар салып, жанын баураған жайттарды жата-жастана әңгімелеуші еді. Қашан да сабырлы ағамыз сол күндерге ойша сапар шеккенде баладай елгезек, ағадай ағеділ болып кететін. Жасынан бойына сіңген білімі мен білігі, ынтасы мен ұғымы осы кезеңде жарқырай көрінгенін сезініп, оның әңгімесін тыңдаған біз, өзіміз де Торғай даласында жүргендей болып шалқып қалатын едік. Талғардың етегінде кіндігі кесілген балаң жігіттің Ұлттық университеттің журналистика факультетінде алған білімі байтақта бабы мен бағы ашылып, қаламы қарулана түскен-ді.
Жетпісінші жылдардың ортасында сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқарған ағаларымыздың бәрі шетінен «сен тұр, мен ата­йын» болатын. Солардың ортасында Бекболат Әдеттің қаламы қиын да қилы тақырыптарға баруда ерекше көрініп, керуен тартқан көштің алдында кеудесін жел қаққан қара нардай болып көрінетін. Оның болмысы інілеріне ізашар шебердей сезілетін. Газеттің ең басты үгіт және насихат бөлімін басқарған Бекеңнің сұңғыла саяси сауаты мен сындарлы сөз қашайтын деңгейі оның өз мектебін қалыптастырудағы аршынды қадамы десек, осы сөзге сол кезде онымен қаламдас болған барлық тұрғыластары бір кісідей қол қоятын.
Адамның тағдырында әртүрлі күтпеген жағдайлар болып жатады ғой, сондай сәтте оның ұстамдылығы мен азаматтық келбеті кісілік қалпында көрінетін. Бекеңнің өмірі туғаннан жарқырап жатқан жол еді десек, бұл біржақты сөз болмақ. Мен Бекеңнің жан дүниесін біршама білетіндіктен, ол бастан кешкен тосын да тағдырлы шақтарды ойға алғанда, сүрініп кетсе де, белін бермеген, сыналып жатса да сабырын жоғалтпаған жан ретінде оған құрметпен қарадым. Алла сыйлаған қалам мен парасат-пайым оны жылдан жылға аман-есен алып келе жатты. Бекең егемендікке елшідей қызмет жасаған азамат еді.
«СҚ»-ның қызметкерлері ЦК-ның назарындағы әрі есебіндегі кадр болғандықтан, олардың жүріс-тұрысында салмақтылық, сыншылдық, кейде тіпті сырдаңдық пен сырбаздық секілді мінездер де бой көрсетіп тұратын. Буырыл тарта бастаған шашын салалы саусақтарымен бір қайырып тастап, ағамыз коридормен келе жатқанда, көп адам сұсынан ығысып кетердей болатын. Бірақ жүзіндегі жылы нұр жаныңды баурап, оны көптен білетін ағадай қабылдап жататынбыз. Қарапайымдылығы жүзінде жүзіп келе жатқан Бекең берген сәлеміңді ықыластана қабылдап, сені бұрыннан көргендей амандасқанда, осы кісі мені біледі екен-ау деп қуанып қалушы едік.
Қазақ-кеңес журналистикасы атанған сол бір кезеңде ұлттық басылымның қаламгерлеріне ортақ бір ұстаным, қалыптасқан қағида болатын. Ол – қандай жағдайда да, қай сәттерде де реті келсе ашық, реті келмесе астарлап ұлттық мүддені басты мақсат етіп қою. Қадыр Мырза Әлінің: «Өтірік қостым азырақ, өткізу үшін шындықты» дейтіні де осы кезең. Қатал цензураның, қасаң үкімнің, «аса сақ қырағылықтың» дендеп тұрған кезінде ұлт тарихы мен тағдырына қатысты мәселелер әр жүректе лүпіл қағып, қағылез қаламның ұшына оралып жататын. Осындай кезде де Бекеңнің болмысын барынша байқадық. Мен оның жанында «Социалистік Қазақстан» кезеңінен кейін етене бауыр басып, көп жүргендіктен азаматтық болмысындағы ішкі қайраткерлік рух пен сыртқы тұрақты елшіл азаматтық көзқарасты терең таныдым.
1990 жылдың басында еліміздің тұңғыш жеке ауылшаруашылық басылымы – «Дала дидары» газеті өмірге келді. Ол кезде ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен деп аталатын. Басшысы белгілі қайраткер азамат, қайсар күрескер Балташ Тұрсымбаев болатын. Осы кісінің қолдауымен жаңа газет жарыққа шығып, ауыл шаруашылығы өміріндегі сартап болып жатқан талай көкейкесті мәселе жария болып жатты. Онда айтылған сындар мен ұсыныстар басшылық тарапынан дереу қолдау тауып, қаралып, талданып, тиісті шара қолданылып жататын.
Бекеңнің келісімі бойынша осы басылымға жауапты хатшы болып бекідім. Бір қызық жайт, қызметке қабылдар кезінде Бекең маған: «Ақындығыңды, қаламгерлігіңді көптен білемін, сыртыңнан тәуір көріп жүремін», – деп алып, бір ғана сауал қойды. Ол «арақ ішесің бе?» деген қызық та қиын сұрақ еді. Ішпейтінімді, тіпті темекі де тарпайтынымды айттым. Әуелден ішімдік жағына жоқ едім. Бекең ойланып қалды да, «мен арақ ішпейтін адамнан қорқамын» деді күлімсіреп. Жұмыс барысында көрерсіз, оның пайдасы зиянынан көбірек болатын шығар дедім. Ол уәжге тоқтайтын жан еді. Кейін осы сөзді еске алып, Бекең екеуміз күліп отыратын болдық.
Газеттің алғашқы нөмірі шыққанда қатты қуанған Бекең, Асан қайғының сөзіне бағып: «Газет өзі шыққан жоқ, сенің арқаңда осылай шықты», – деп ризашылығын айтып, тост көтеріп еді. Бекеңмен газеттің таралымы кезінде, іссапарларда, кездесулер мен тойларда талай рет бірге болдым. Ол қай жерде болса да «Өтеген арақ ішпейді, ішімдік ішпейтін ақын» деп отыратын. Газет жұмысының қауырт кездерінде барлық мүмкіндік пен билікті, шешімді сәттердің бәрін Бекең маған беріп отырды. Бұған келісе бермейтін жерлес інілерін жекіп, тойтарып тастап отыратын. Сәл кейін, бас редактордың орынбасары болып тағайындалған кезімде Бекең маған туған ағамдай болып сеніп, қолдан келетін, қолдай алатын бар жағдайды жасады. Талай қызықты да қилы сәттерді бірге көрдік. Сенген адамына серті берік еді.
Редакцияға келер жылы автокөлік берілді. Жасыл түсті «Москвич-412» маркалы, жаңа машина. Жаңаның аты – жаңа ғой, осы көлікпен Алматы мен Талдықорғанның, Қапшағай мен Іленің, Нарынқол мен Кегеннің, Ұзынағаш пен Қаскелеңнің сан жолдарын шиырлап, газеттің таралу, ұйымдастырылу секілді талай жұмыстарын ретке келтірдік. Екі жылдан соң газеттің атын «Ауыл» деп өзгерттік. Оған Бейімбет Майлиннің: «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген ұран-өлеңін тұмар етіп тағып, поэтикалық атаудан гөрі, нақты, прозалық атауға көштік. Мұның да басылымға берген пайдасы мол болды, таралым жақсы өсті, авторлар ауқымы кеңейді, хаттар легі толассыз келіп жатты.
1993 жылдың басында көптеген еңбек ұжымдарына, газет-журналдарға екі жылдық мерзімнен соң редакция автокөлігін жекеменшікке беру жөнінде ереже шықты. Мен іссапармен Маңғыстау облысында болып келсем, Бекеңнің көңілі пәс, ашыла сөйлеспей отырды. «Не болды, Беке, жайшылық па?» – деп сұрадым. Ол сонда редакциядағы бір жерлес інісінің: «Өтеген жоқта машинаны атыңызға аударып алыңыз, өйткені ол да алғысы келуі мүмкін деген соң, жиналыс ашып, осыны талқылағанда жабық дауыс беру керек деген шешім болды да, дауыс беру барысында көбі қарсы болып, көлікті ала алмай қалдым», – деді бәсең үнмен. Мәселені түсіндім.
Содан әуелі жасы үлкен Төлен Қау­пынбаев ағамды шақырып: «Төке, осы көлікті алғыңыз келе ме?» – деп сұрап едім, «жоқ, ондай қаржы менде жоқ», – деп ыршып түсті. Онда неге қарсы болдыңыз дегенде, «жігіттер солай жасайық деп еді» деп күмілжіді. Одан кейін Болат Шубаевты шақырып, осы сөзді айтқанымда, ол да ат-тонын ала қашты. Серік Тұрғынбеков те, Дүкенбай Досжанов ағам да, Алашыбай Есмағамбетов те, Сырымбет Кәрімов те ала алмаймыз деп тайқып шықты. Бәрімен жеке сөйлесіп болғасын, түс қайта жиналыс ашып, Бекеңді шақырдым. «Жай ма, не жиналыс?» деп бұдан бейхабар Бекең келіп төрге жайғасты. Жиналысты ашып, күн тәртібінде редакцияның автокөлігін жекеге беру жөнінде екенін және талқылаудан соң дауыс беру ашық болатынын айттым. Ешкім қарсы болмады. Ашық дауыс беру нәтижесінде, көлік 100 пайыз дауыспен Бекеңе тиесілі болып шыға келді. Содан сол кездегі дәстүр бойынша атап өту дастарқаны жайылды.
Газет жақсы шығып жатты. Бір күні сол кездегі ақпарат министрі
Қуаныш Сұлтановта болған жиналысқа қатысқан Бекең керемет қуанып келді. Сол жерде министр «Ауыл» газетін қолына ұстап, жоғары көтеріп тұрып: «Міне, газет шығаруды «Ауыл» газетінен үйреніңдер, атынан бастап, мекенжайына дейін оқылатын басылым», – деп рақмет айтыпты. Дәстүр бойынша тағы да дастарқан жайып, министрдің сөзіне үн қостық. Ол кезде Агроөнеркәсіп кешені төрағасының бірінші орынбасары Ахметжан Есімов еді. Алды кең, жайсаң, қашан барсаң да шаруаңды шешіп беретін арқайын азамат.
Бекеңе ұсыныс айттым. Газетіміз апталық, 22 адамбыз, сәрсенбіге дейін материалдар мен макетті толық дайын қыламыз. Сондықтан жұмыс мерзімін таңертеңгі сағат 10-нан түскі 13-ке дейін жасайық та, түс қайта ұжым бос болсын. Кітапханаға барады, кейіпкерлермен кездеседі, үйлерінің жағдайына қарайды, жазуларын үйлерінде жайбарақат отырып жазады, осылай жасасақ ұтылмаймыз», – деп едім, Бекең: «Мен қарсы емеспін, Есімовке барып өзің келіс, негізі құнды ұсыныс екен», – деп батасын берді. Есімов күле отырып: «Егер жұмысқа жайлы десеңдер, мен қарсы емеспін», – деп өтінішімізге қолын қойып берді. Осылайша, ел тарихындағы жалғыз «Ауыл» газеті кейін жабылып қалғанша, осы мерзіммен жұмыс жасады. Ұжым қуана қабылдады. Ұжымдағы ахуал берік бола түсті.
Бекең қандай азамат еді? Ең алдымен, білімді, кісілікті, сабырлы, қамқор, жаны нәзік, ел мен жер жағдайын терең білетін, қоғамдық-саяси ахуалды байыпты түсінетін, ұлттың ұлы қазыналарына атадай абзал, әкедей жанашыр, туған табиғатты ерекше жақсы көретін, флора мен фауна дүниесін жан-жақты білетін, кеңпейіл, кешірімді, халық әндерінің қазынасын меңгерген, қандай ортада болса да байсалды, жағыну мен табынудың кіршең көрінісін бойына жұқтырмаған, биязы болып көрінгенмен өз көзқарасынан айнымайтын, керек кезінде мінезі де ашық көрінетін, бала тәрбиелеудің нәзік иірімдерін меңгерген, тіл майданында Махамбетше мәрт қимыл көрсетіп, сөз сәулесінің сан қырлы бояуын талдай танитын, қатарластары мен достарының қалам сілтесінде мүлт кеткен жерлерін ашып айтып, көңілдеріне қарамай жазып та салатын, екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде еркін, жоғары деңгейде, мазмұнды жаза алатын, аудармашылыққа келгенде алдына қара салмайтын, қиын да түйін тіркестерді аударғанда мәні солғын жазбаның жанын кіргізетін, қабырғалы қаламгерлердің де кінәратын дәл табатын азамат болды. Құнарлы қасиеттің адамы еді.
Сөздің дәмі мен дәйегін, дерегі мен мәйегін, нұры мен сырын, салмағы мен салдарын, құны мен мінін, ұғымы мен ұнамын тап басып танитын, қысқасы, зердің зейінін білетін шебердей сөздің сүлейін білетін сөзгер еді. Бір мысал, ақын Олжас Сүлейменов Парижде ЮНЕСКО-ның қазақстандық өкілі болып жүргенде «Егемен Қазақстанға» қоғамдық өмірдегі бір мәселеге байланысты үлкен бір азатжолдық пікірін жолдапты. Соны ертеңгі нөмірге беріп жатқан Ержұман Смайыл бастатқан журналистер кебін келтіріп аудара алмай қиналса керек. Редакцияның небір аудармашылары да қолға алып көрген екен, сірескен сөз тіркестері әл бере қоймапты. Уақыт түн болған, газетке қол қойылу керек. Жігіттер абыржыған. Сол кезде жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Бекеңе хабарласайық, әйтпесе әліміз келетін емес», – деп рұқсат сұрайды. Сағат түнгі екінің шамасы. Амал жоқ, Бекеңе қоңырау шалады.
«Түннің бір уағында не хабар?» деп телефонды алған Бекең: «Қане, мәтінді оқып шықшы, – дейді де, тыңдап болғасын, – жазып алуға дайындығың бар ма?» – дейді табан астында. Сол жерде ол әлгі әуреге салып, әл бермей жатқан азатжолды әп-сәтте тап-тұйнақтай тамылжытып аударып, ал осыған риза болыңдар деп күле қоштасыпты. Кейін осы мәтінді оқыған талай шебер жатық болып жарқырап түскен жолдарды оқып, қалай қатырып аударған деп қайран қалған көрінеді. Мұндай сындарлы сәттер Бекең өмірінде талай рет болды, бірталайына қызметтес кезімде өзім де куә болдым. Нөмірге баратын маңызды мақаланың өзін әзілдесіп, әңгімелесіп отырып, әп-сәтте жазып тастап: «Енді машинкаға бере бер», – деп жайланып отыратын.
Халқымызда «сыпайы сырын білдірмес, ақырын ғана бүлк етер» деген сөз бар. Қандай жағдайда да өзін сабырлы ұстайтын Бекең қорыққанын да, қобалжығанын да білдіре бермейтін. Біз Алматыдан шығатын жоғары күре жолмен талай рет Жандосов атындағы кеңшарға, одан берідегі жол бойындағы журналистер саяжайларына жиі барып тұрдық. Ол кезде Алматыға енді келген «Шкода» деген қызыл машина алғанмын. Көлік тізгінінде өзім отырамын, Бекең алдыңғы орында. Шамасы қаттырақ жүріп келе жатсам керек, Бекең: «Табиғатты көріп отырайықшы», – дейді. Жай жүр, байқап жүр, асықпай жүр деп еш айтпайды. Бірақ айтарын астарлап, әдемілеп жеткізеді.
Реті келгенде аздап мақтансақ та болар, «Дала дидары» – «Ауыл» газетінде дүниеге келген талай айдарлар мен арнайы беттердің атаулары кейін «Егемен Қазақстаннан» бастап, талай-талай газеттерге барып қоныс тапты. Әлі күнге дейін аман-есен жалғасып, басылымның беделіне бедел қосып жатқаны да баршылық. Бұл әдеби-журналистік ізденістердің нәтижесінде мүмкін болып еді. Осылардың көбінің тұсауын кесіп, рухани ортаға жолдама берген Бекең болатын. Газетте Бекең өзі тұрақты жүргізген «Дауа» деген арнайы бет болды. Осы бетте халықтың денсаулығына керек дәрілік шөптер мен емдердің жүздеген түрі оқырмандарға жол тартты. Оқырмандардан осы орайда алғыс айтқан, ақыл сұраған, пікірлескен хаттар жиі келетін, оның бәрін Бекең саралап, салмақтап, жауаптарын жүйелеп нөмірге беріп отырды. Бекеңнің тағы бір қасиеті «мен бас редактормын» деп беделін салмай, жазғанын алқа мүшелерінің назарына салып, ақылдасып отыратын.
Бекең алпыс, жетпіс жасқа толғанда мен Астанада қызметте едім. Президент Әкімшілігінің жаңа қонысқа барған кезеңінде қызметтегі жұмыс қауырт болып, жекебастың уақытына мүмкіндік аз берілетін. Осыған орай оның алпыс жасқа толу тойына қатыса алмай, еңбек демалысы кезінде арнайы келіп құттықтадық. Сонда сәл өкпесін білдірген Бекең: «Алла амандығын берсе, жетпіс жасымда тойды өзің басқарасың», – деп тапсырды. Мына қырсықты қараңыз, Бекеңнің жетпіс жасқа толған тойында шетелде іссапарда болуға тура келді де, тағы бара алмай қалдым. Ал Бекең тойды мен басқарады деп арнайы сценарий жазып қойған екен. Құрдас жеңгем бір тулап басылды.
Бірақ Бекеңнің тойына келе алмасам да, оған арнаған ақжарма тілегімді өлеңге орап жеткізген едім. Оны арнайы қаптамалы қатырмаға салып, көркем өрнектеп, тойдың кіріспесі кезінде, 80 жасын тойлағанда Алматыда өзіне тапсырдым. Сол өлеңімнің жалғасы болған, оны еске алған, өткен шақ пен келер шақты байлаған ескі де жаңа арнауымды енді оның рухына бағыштап, осы жазбаға қостым:
Бір сөзді білмей қалсаң, Бекеңе бар,
Жөн білер, сөз білетін жекеңе бар.
Қиын сөз бойын жазып, құлдыраңдап,
Тұлпардай шауып алып кетеді олар.

Сөйлемің жұтаң болса, Бекеңе бар,
Тап басып танып берер төтеңе бар.
Сөйлемің сап құрайды салтанатпен,
Бірігіп, кірігумен кетеді олар.

Ән сөзі адасқанда, Бекеңе бар,
Сөз таныр, әуен таныр көкеңе бар.
Туған жоқ тура биде дегендейін,
Түзелтіп тыңдаушыны кетеді олар.

Мақалдан адасқанда, Бекеңе бар,
Ел сөзін еске ұстаған көкеңе бар.
Мәйегін мәнді сөздің жіпке тізсе,
Мазмұнын мадақ көріп кетеді олар.

Қаламмен құда болсаң, Бекеңе бар,
Ұрмайтын, ұрыспайтын көкеңе бар.
Сабыры салқар көлдей
толқып жатқан,
Көңілің құс боп ұшып кете барар.

…Білері, білігі де бетер еді,
Өткен кез көңіл күйін көтереді.
Бекеңді көрген кезде мінезі бай,
Тауың да қозғалақтап кетер еді.

Бекең жоқ. Анау Кеңсай алабында,
Төбеден туған елге қарауылда.
Енді оның сөйлемдері болашақта,
Жазылар жақсы сөздің тарауында.
Бекеңе: «Алла ғұмыр берсе, 80 жасқа толуыңызда тойды өзім басқарам, сізге тапсырма: осы жасқа қалайда жетуіңіз керек!» – деп тапсырманы енді мен берген едім. Аллаға шүкір, Бекең 80 жасқа аман-есен, бақуатты жетті. Астанадан арнайы келіп, тойын басқардым. Бекең сонда ағынан жарылып батасын беріп, құшағына алып еді. «Беке, тоқсанды қайтеміз, Құдай қуат берсе, мен тойыңызды басқаруға дайынмын», – дедім әзілдеп. «Қайдам, тоқсан деген асу берер деймісің, қалжырап қалатын қарияның жасы ғой, аман жетсем, той емес, бір әдемі сырласар сәт болар еді», – деп ойлана, сәл мұңая жауап берді.
Амал нешік, Бекең тоқсан жастың төріне шыға алмады. Жеңіс сағаты соққанда ақ желеңі желбіреп ауылды айналып сүйінші сұраған, сол жылы жеті жасқа шығып, білім сапарының алғашқы баспалдағын басқан, мектепті үздік бітіріп, қаламгерлік тағдырдың тамаша кезеңдерінен аман өткен Бекең «Адамзат сапарының мейманымыз, бір мезет жер бетіне кетер соғып», деп дүлдүл Қасым жырлағандай, жер бетіндегі меймандық сапарын аяқтап, Кеңсайдың бір беткейінде мәңгілікке дамылдап жатыр. Халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен, кісілігін жоғалтпаған, сөз өнерінің зергеріндей, ұлттық журналистиканың сардарындай болған Бекболат Әдеттің әз есімі оны білген, құрметтеген әрбір жанның жадында ұзақ сақталады. Рухы шат болсын! 

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір