ТҰЛЫП
09.06.2025
279
2

 Жатар алдында Бүйрек кемпір сиыры тұрған қораны бір айналып шыққан. Жезмүйіз шөп жемей, сұлқ тұр екен. Иесінің де келгеніне елең-құлаң еткен жоқ.
Кемпір сиырының сол тұрысынан-ақ секем алған. Секем алғаны ғой, төсегіне қисайған соң да әлдеқанша уақытқа дейін көз іле алмай, «қораны бұзып қашамын деп, өзі мертікпесе етті» деп Жезмүйізін ойлады. Содан жылы төсегін қанша қимаса да түн ортасында тұрып, кәлешін тырпылдатып қораны тағы бір айналып шыққан. Жезмүйіз ол жолы да сілейіп тұрды. Қайтып үйі­не кіріп, төсегіне жатқанша кемпірдің бойы тоңазыды ма-ау немене: денесі қарадай қалтырап кеткен соң түйе жүн көрпе жамылып еді, тас болып қатып қалыпты.
Оянып кеткенде қырық қырау терезесінен таңның бозамық сәулесі төгіліп тұр екен.
Асып-сасып орнынан тұра берген кемпір:
— Ойбү-үй, Құдайым-ай! – деді көңілі әлдебір қолайсыздықты сезгендей. Кәлешіне жалаңаяғын сұға сала, көне шапанын да жүре жамылып, бірден қораға қарай ұмтылған. Келсе сиыры жоқ. Ескі кендір жіп байланған белдеу ағаштың бір ұшы жерде жатыр. Жез­мүйіз қарғып шыққан болды.
— Алда Құдайым-ай, енді қайттім? Қайдан іздесем екен деші…
Кемпірдің иегі кемсеңдеп кетті.
Әлгінде есіл-дерті сиыры болып аңдамаған екен. Шөп басына шық түсіпті де, сол шықпен суланған сиыр тұяғының ылғал ізі де әр жерге ойы­лып-ойылып түсіп қалыпты.
Кемпір енді үйіне көп аялдамастан, төсегін де асығыс жинап сыртқа шықты. Белін тұсаумен буып, қолына таяқ ұстады. Таяғына сүйеніп, еңкеңдей басып, сиырының ізіне түсті. Соңынан ерген итіне де үндеген жоқ. Жайшылықта үй арасына соңынан ерсе, «Саған не жоқ. Тәйт әрман!» – деп тастап кететіні болушы еді.
Иті де сондай наразылық боларын күткендей ұзағанша иесін бағып келе жатты.
Жезмүйіз қорадан қарғып шыққан бетте қораны бір айналып шығыпты да… дарияны бетке алыпты. Одан әрі қайда барары Бүйрек кемпірге түсінікті де еді. Әсіресе сиырдың қораны айналып шыққан іздерімен еріп жүріп, кемпірдің көңілі босап қалды.
— Алда пақырым-ай, тағы да бұзауыңды іздедің-ау. Бұл әрекетің «бір жерге тығып қойдың» деп маған да сенбегендігің ғой. Бұзауың тірі болып, оны сенен жасырсам, мені неге Зеңгібабаның аруағы атпайды?! Құдай неге мені мүрдем қатырмайды? Кейде көрініп, кейде көрінбейтін ізден жазбай, қолына ұстай шыққан таяғына сүйеніп, кемпір енді дария жаққа жүрді.
…Жезмүйіздің қораны бұзып қашатынындай да бар еді. Ол осымен төртінші рет бұзаулаған. Төртеуін де Бүйрек кемпір еттің салығына өткізіп жіберді. Өткізейін деп те ойлап па еді бұл Бүйрек. «Соғысқа ет беруің керек, май беруің керек» деп сөмкесі салақтап финагент келді де тұрды. Әрине, оның көкейін тескен Жезмүйіздің өзі еді. Бірақ Жезмүйізді етке өткізсе, бұл үйде не қалады? Кім қалады? Үйдің ас-ауқаты, талғауы — Жезмүйіздің сүті мен айраны, майы…
Сондықтан Бүйрек кемпір финагент­тен жылына бір бұзауымен құтылып тұрды. Өзі алып барып, етке өткізіп, қайтарда бұзауының терісін ала қайтатын да, сол теріден тұлып жасап, Жезмүйізді алдайтын.
Жезмүйізді алдау да Бүйрекке оңайға түскен жоқ. Өз бұзауының иісін терісі арқылы сезе тұра, тірі бұзауын іздеп тапырақтап, үй айналып қораны тіміскілеп кететін. Саудырмақ түгілі сауырынан сипатпай қоятын да кездері болды. Мөңірегенін айтсаңшы, құйқа тамырыңды шымырлатып…
Сол мінезімен үш-төрт күн жүреді де, сиыр өз-өзінен жуасып, мөңірегенін қойып, тұлыпты иіскелеп байыз табады. Көзінің жасы сорғалап тұрып, тұлыпқа ииді де, Бүйрек кемпірге сау­дырады. Кешкісін сол тұлыбын аңсап, мөңіреп өрістен қайтады. Таңертең сол тұлыбымен айырылысып өріске кетеді.
Мал соятын қасаптар биылғы бұзауының терісін ауыстырып жіберіп, кемпір: «Өз бұзауымның терісін тауып беріңдер», – деп қасарысып еді, олар мұның сөзін құлағына да ілмеді. Сосын, Бүйрек амал жоқ, өзге бұзаудың терісін қолтығына қысып қайтқан. Күдік алғандай-ақ болды. Жезмүйіз бөтен теріге жоламады. Тіпті иіскеп те көрген жоқ. Мөңіреп, ауылды көшіріп, өз бұзауын іздеумен болды. Өрісте де мөңіреу… Үйде де мөңіреу… Көрші үй… Басқа ауылға барып та мөңіреуі басылмады. Тұлыптан жеріп, өрістен де қайтпай, кейде басқа ауылдың сиырларына қосылып кететін әдет тапқан соң, қораға қамап қойған. Сол амалының аяғы мынау…
Ай-жай болып шыққан күнмен сиырдың ізі енді топыраққа түскен таға таңбасындай болып жалғыз аяқ жол үстінде ап-анық көрініп жатты. Жезмүйіз олай-бұлай бұрылмастан бірден дарияға тартыпты. Дария болғанда да өзінің үйреншікті мекені — күйік аралдың тұсы. Әдетте, Жезмүйіз оған бошалағанда ғана баратын. Бұл жолғысын бір Тәңірі білсін.
Кемпірдің бар мақсаты — ізден көз жазбау-тын. Иесінің осы ниетін әбден аңдаған иті де алдына түсіп жортақтап, қалың бұта шөптердің арасынан өтерде де батыл бастап аржағынан тағы шыға келетін іздерге кездестіре қояды. Ит ондайда еңбегін бұлдағандай иесіне бұрылады. Бірақ кемпірден мақтау сөздерін дәметпей, одан әрі жортып бара жатқаны.
Таяғына сүйеніп, еңкеңдеп келе жатқан кемпір сөйлеуін доғарған жоқ. Ол сиырына ұрсып келе жатты.
— Жезмүйіз-ай, осы мінезіңді қайтейін. Мені сандалтудан ұшпаққа жетер болсаң, жетіп-ақ қалатын кезің. Торсаңдап маған өкпелеп кеттің бе? Сені аман сақтау үшін бұзауларыңды шығасы етіп жүргенімді қалай түсіндірермін. Оны Жаратушы иемнің өзі білдірер-ау. Жаратушы иемнің өзі күнәдан ақтап алар мені.
Тағы да «Күйік аралға» тартыпсың. Ал бар… Бір өзің бір аралда жатып ал. Бұл қырсығың да мен үшін-ау. Мені аясаң осылай етпес едің, Жезмүйіз. Өлмелі кемпір не болса о болсын дегенің де… болмаса менің қасиетімді бір адам түсінсе, сен түсінер едің. Жол бастап келе жатқан Құтжол түсінер еді. Менің маңымда бір сиыр мен иттен өзге кім қалды? Не қалды?
… Дүниені күңірентіп Батыста соғыс өтіп жатқанына төрт жыл болды. Бүйректің төрт баласы бірдей сол соғысқа аттанған. Үшеуінен да қара қағаз келді. Ендігі қалғаны кенжесінің амандығы ғана. Кемпірді сақтап жүрген де сол үміт. Болмаса Бүйрек әлдеқашан-ақ өліп қалар еді. Соғыстан бұрын күйеуі де аман-тын. Оны жалмаған бір мың тоғыз жүз отыз жеті. …Жо-жоқ, отыз сегіз… Одан сол жылы айырылды. Болмаса Бүйрек қақшаңдаған әйел еді. Келі түйсе, келсапты жарып жібере жаздайтын. Сиыр сауса, емшегін жұлып алардай болатын. Енді ғой, міне… қажып, қартайып тұрғаны.
Кемпір дария жағасына келді. Оның ендігі үміті «Жезмүйіз «Күйік аралға» өтпей, бергі бетте тоғай арасында жүруі де мүмкін-ау» деген ой еді. Бүйрек кемпір алақанын көлегейлеп жан-жағына қанша қараса да сиыры көрінбей қойды.
Ол таяғына сүйеніп тұрып, бір сәт ентігін басты.
Дария толқындары лайланып, жұлқына ағып жатыр екен. Иті де кемпір аялдаған соң-ақ шоқиып отыра кеткен. Көлдария су ортасында қол созым жерде «Күйік арал» тұр. Ол жақтан да сиырға ұқсаған мақұлық көрінер емес. «Мынадай ағыстан жасқанбаған менің Жезмүйізім де жанынан безген екен» деп ойлады кемпір тағы бір сәт су бетіне үнсіз қарап тұрып: «Бәлкім, аралға өтпеген де шығар. Құдай біледі, тоғайдың бір қуысынан «осы кемпір енді не істер екен» деп қарап та тұрған шығар-ау».
Кемпір бұта тысыр етсе-ақ жан-жағына қарайды. Құс пыр-р етіп ұшса да бұрылып жатқаны.
Кенет ол су жиегіне тайып түскен сиыр ізін аңдады да, тағы алға жүрді. Сол… Жезмүйіздің ізі. Тіпті келген бойда ойланып жатпастан-ақ асау толқындарға қойып-ақ кеткен сияқты.
Кемпір енді сарылдан, сырылдап дәл жиекпен ағып жатқан борық аралас лай толқындарға қарап тұрды. Жезмүйіз көрінер емес. Дауысы да естілмейді. Құстардың шулаған үні мен ағыс сарыны ғана құлақ тұндырғандай.
— Маған біткен сиыр ғана жүрек жұтқан болса, шүкіршілік екен ғой. Ұлдарымды айтсайшы, ұлдарымды, – деді кемпір иегі кемсеңдсп «Күйік аралдың» арғы жағында аспан төрін торлаған бұлт­тарға көзін аударып:
— Менен балаларым да, сиырым да безіп, тастап кететіндей бұл Тәңірге не жазып едім?
Бүйрек кемпір енді кәдімгідей солқылдап жылап, жаулығының ұшымен көзін сүрткіштеп тұрды.
…Қайтар жолда Бүйрек әзер жүріп келе жатты. Таяғына сүйеніп жиі-жиі тоқтап, демалды. Бұл кезде күн көтеріліп төңірек ай-жай болған. Иесінің көңіл күйіне қарайлаған иті де озып кете қойған жоқ, құйрығын бұлаңдатып кемпірмен қабаттасты да отырды.
Бұлар үйге жеткенде, күн түске дейін тырмысып қалған. Қап түбінде қалған азғантай ұннан иті мен өзі үшін быламық жасауды ойлап, кемпір таяғын жол-жөнекей тастай беріп, енді есігіне ұмтыла берген бойда сілейіп тұрып қалды. Біреу әлдебір қағазды қыстырып кетіпті. Қағаз болғанда-а… Кемпір дәл осындай қағаздың бұрын үшеуін алған, осындай қағазды ұстап отырып ауылдың үлкендері бұған ұлдарының майданда қайтыс болғанын естірткен. Есікке қыстырылған қағазды ұстай бергенде кемпірдің қолы дірілдеді. Сол… Бұрынғы алған қағаздарынан аумай қалған… Кемпірдің тұла бойы мұздап кетті. «Сонда-а… кенжем де», — деді иегі кемсеңдеп… «Одан да айырылғаным ба?» Бүйрек әріп танымайтын. Сонда да тасқа басылған қағазға үңіліп бақты. Жүрегі бір жаманшылықты сезгендей қарақағазды ұстаған қолы өз-өзінен дірілдеп кетті.
«Жұрт бұл жолы неге жиналмаған?» деп ойлады кемпір тарыдай шашылып жатқан ауыл үйлеріне бірауық сырт­тай қарап. «Айтпақшы. мені қайта-қайта жылатудан олар да шаршаған екен-ау. Қағазды Поштабайдың есікке қыстырып кеткені – өзі түсінсін дегені де».
Кенет кеудесі сыздады. Ол екінші қолын есіктің тұтқасына созған қалпы алға аттай берді де, етпетінен құлап түсті.
Күні бойы иесінің бар қимылын аңдап, бағып тұрған иті анадай жерден бір-ақ қарғып жете бергеңде, кемпір біржола қимылсыз қалған…
Ит арпылдап үсті-үстіне үрді де, иесінен қайтып тіршілік белгісін аңдай алмаған соң кері шегінді. Бірақ ұзап та кеткен жоқ. Иесі нан көметін, ас пісіретін жер-ошақтың жанына сүйретіліп барып шоқиып отырып ұзақ ұлыды.
… Жезмүйіз иесінің дария жағасына келгенін көрген. Үлкен жиде ағашының жанында үстінен суы сүмектеп тұрып бұл да иесіне ұзақ қараған. Бірақ мөңіреп белгі берген жоқ. Дарияның таңғы мұздай суы оны қалтыратып жіберді де, бойы жылып, өз-өзіне келгенше жайыл­мады да.
Иесі итін ертіп ауылға кеткен соң барып, ол қалың арасынан шығып, жапырақтарына қонған шықтары еріп былбырап тұрған жұмсақ шөп сабақтарын оңды-солды орды-ай кеп… орды-ай кеп…
Жезмүйіз аш еді. Иісі бөлек тұлыпқа да, иесіне де ашуланып, шөпке қарамай қойғалы қанша күн.
Арал шөбіне дүре тимеген екен. Мия араласып өскен шилі-қамыспен тоғай арасы ыңырсып тұр. Анда-санда танауын бір пысылдатып қойып оңынан бір, солынан бір орып жатты… орып жатты…
Аралда тірі мақұлықтан жалғыз өзі екенін сезсе де, ол еркін жүріп жайылды. Содан түске таяу барып тоғай арасынан шығып дариядан су ішті. Су ішіп болған соң борық аралас толқындарға сүзіле ұзақ қарап тұрып, кейін бұрылды да, маң-маң басып тағы да тоғай арасына кіріп бара жатты.
…Жезмүйіз «Күйік аралда» туған. Есін білгенде көргені — жапырақтары енді бүр жарып келе жатқан осы ен тоғай… Соңдарынан бұзау ерткені бар… ертпегені бар… тағы да көп сиыр. Сосын, осы – ен-дария су… құстары шулап, қамыстарының басын жел тербеген тоғай арасында тұрып, жаңа да тосын дүниеге меңірейіп ұзақ қараған. Сосын, тірсектері майысып, енді болмаса құлап кетердей болып, қаз-қаз басып жүрген.
Сол жылы көктемгі ызғар зәрлі еді. Енесі мұны қалыңның тасасына тығып, өзі ызғар өтінде тұрып емізетін…
Көп ұзамай Арал көк-жасыл түрге енді. Күн де маужырап жылынды. Сүт пен көкке бөрідей болып тойған бұзау өзгелерге ілесіп әрлі-берлі ойнақтайтын халге жетті.
Содан күн әбден қызған шақта иесі мұны ертіп дарияға келді. Жас бұзау ен-дария суды кешуге қорқып шегіншектей берген. Бірақ енесі мұны дегеніне жібермей, еміреніп, ыңырсып, жұбатып, демегендей бұзауының үстін ұзақ жалады. Ақыры енесі сап-салқын суды өзі бастап кешті де, бұзауын ағыс жағына алып малтып жүзе бастады.
Жезмүйіз үшін қандай үрейлі сапар еді ол. Сап-салқын суға денесі түгел батқан сәтте ол үрейімен үзіп-созып мөңіреген. Енесі сонда еміреніп, мұны кеудесімен демеп, малтып, алға қарай ұмтыла түсіп, су бетімен жайлап қалқи берген. Бұзау үшін ол сапардың үрейлілігі дариядан жүзіп өткені ғана емес-ті. Үйреніп қалған жерін тастап, бейтаныс бағытқа бет алғаны еді.
Дариядан өткен соң үстерінен сулары сүмектеп жағада ұзақ тұрып, сосын, осы бір оңаша ауылға беттеген. Екеуі қымсына жылыстап, Бүйрек кемпірдің қорасына да жеткен. Алғаш көргенде жас бұзау Бүйрек кемпірді қандай жатырқап еді. Анадайдан үркіп маңайына жоламай қойған. Бүйрек кемпір мұның енесін байлап жатып дамылсыз ұрсумен болды.
— Қаңғыбассың! Безбүйрексің сен! Өзіңмен қоймай, жаңа туған бұзауыңның да кісібезер болып тұрғаны мынау. Қарамаған, іздемеген жерім жоқ. Бармаған ауыл, араламаған тоғайым болсашы. Сөйтсем, сен мені сенделіп қалсын деп біржола дариядан өтіп кеткен екенсің де. Жазаңды Құдай берсін. Мал иесіне тартушы еді. Саған бұл босағада жоқ мінезді берсе, Жаратушы күшке не дейін?
Кемпір сиырының сауырына алақанымен екі-үш ұра беріп, қолын ұстап қалды.
— Қолымды ауыртып алғанымды қарашы, Құдай-ай. Ұрып нем бар десейші. Ақымақтың есі ұрумен кіретіндей.
Сосын, қарадай шошып, шәлтиіп тұрған бұзаудың мойнынан құшақтай беріп, басына ноқта салған. Сонда ноқтаны соншалық жаратпай бұзаудың тулағаны-ай… Кемпірдің қолындағы ноқта жібін үзіп кетемін деп кежірейіп жұлынып, аспанға секіргені ше?
— Әукім, әукешім, — деді кемпір бұзаудың тулағанына қарамай, қайта құшақтай беріп.
— Сен мені әлі білмейсің ғой. Мен – сенің иеңмін. Сен түгілі мен сенің енеңнің де иесімін. Әукешім менің…
Ол осылай деп тұрып бұзаудың мойнынан, сауырынан, мандайынан сипады.
— Әлі-ақ сен маған үйренесің. Соңымнан еріп жүретін боларсың. Есі жоқ әукешім менің.
Үрейден денесінің дірілі де басылмай тұрған бұзау тыншыды. Өйткені кемпірдің үні соншалық мейірімді әрі мұңлы еді. Алақаны сондайлық жұмсақ-ты. Кемпір енді сол алақанымен, ықылас-мейірімге толы сөздерімен дамылсыз арбап жатқандай, бұзау ұйып әрі аңтарылып тұрды.
Енесі таңертеңгі сауыннан соң, жайылымға кетеді. Кешкісін мөңіреп, еміреніп қайта келеді. Бұзаудың жанында қалатын Бүйрек кемпір ғана. Шөп салатын сол… Су беретін де сол… Ноқтасын шешіп, қайта кигізетін де сол… Бір ай бойы енесінің жанында емін-еркін жүрген бұзауға бұл тұрмыс әуелде ақырет-азап болып көрінгенімен… келе-келе үйренді. Кемпірге біржола бауыр басты. Кемпірдің төрт бірдей ұлы бар. Кейде олардың да бұзауды бірде көлеңкеге, бірде қораға жетелеп жүргені. Ондайда тағы да «кемпір-иемнен өзгелеріңнің менімен шаруаларың болмасын» дегендей кіжірейіп, тартыншақтап, кемпірдің балалары да ондайда ұрысып, ұрмай-ақ тентек бұзаудың ыңғайына қарап жүргені.
Не керек, бұзау үй ішіндегілерге біржола үйреніп, бауыр басып алды. Тіпті ит екеш ит те кейде мұны бағып көлеңкеге бірге жататын.
Кейінірек күзге салым енесі суалып, бұларды өріске қоса айдап жіберген кезде де… бұзау өзінің ноқтасын кегжеңдей тартып, кемпір соңында жүрген сол бір күндерін сан рет есіне алды… Сағынды. Сағынғаны болар… әрі жайылып, бері жайылып, сосын, тұмсығын желге төсеп ауылға қарап тұрып түбіттей созылған жұмсақ даусымен ұзақ мөңірейтін. Мөңіреп-мөңіреп сосын қайта жайы­лып кететін.
Қыс түсіп, дарияның мұзы қатқан кезде табынмен бірге «Күйік аралға» өтіп алды да, қыс, көктем бойы сонда жүрді. Шүйгін шөп, жылы тоғай, мол су өзге дүниені ұмытып кетердей-ақ еді. Бірақ бұзау кемпір-иесін ұмытқан жоқ. Жайылып жүріп анда-санда жерден басын көтеріп, арғы беттегі қарауытып көрінген ауылға қарап тұрып ұзақ-ұзақ мөңірейтін де, сосын, қайтадан еңкеңдеп шөппен болып кетеді.
Ерте көктемде енесі тағы бұзаулап, бұзауының буыны бекігенде аралда жүрді де, күн жылына бере төлін кеу­десімен, бүйірімен демеп, дариядан жүзіп бара жатты. Бұл кезде кәдімгідей жоны жылтылдап жездей болып мүйіз шошайып, тайынша болып қалған Жезмүйіз енесінің бар қылығын тоғай арасынан бақылап тұрған. Бірақ оларға ерген жоқ. Бар болғаны «мені тастап қайда барасыңдар?» дегендей дауысын созып мөңіреді. Енесі жас бұзаумен арғы жағаға шығып, сулары сүмектеп тұрғанда да көз алмай қарап, олар ауылға беттеген сәтте ғана, бұл көк қуып жайы­лып кетті.
…Содан енесі бұзауын ертіп күз ортасында бір-ақ оралды. Бұл кезде «Күйік аралдың» шалғын шөбіне тез қоңайып семіріп алған сиырлар күйекке де ерте түсіп жатты. Осы бір ғажайып істің сиқыр-құдіретін түсінбеген тайынша-қашарлар ғана жондары жылтылдап тоғай арасымен бұқадан қашып жүргені. Бірақ қашқанға қояр Қара бұқа ма? Айналымға келтірмей-ақ қуып жетіп, артылып жатқаны. Түрінен мақұлық атаулының зәресі ұшқандай алып Қара бұқаның шеңгеліне түсуден Жезмүйіз де қатты сескеніп, қалың арасын паналап тығылып жүрді.
Бірақ аядай аралда қашанғы жасырынсын. Ақыры Қара бұқаның назарына бұл да ілікті. Өзіне қарай ұмтыла берген бұқаның ойының бұзық екенін көзінен-ақ таныған Жезмүйіз атып қаша жөнелген. Бірақ сен қаштың екен-ау деп қала қойған Қара бұқа жоқ. Арс-гүрс еткен екпінінен бүкіл арал көшіп келе жатыр дерсің. Жер дірілдегендей ме-ау, немене. Ақыры аралды көшіре жаздап, жерді дірілдеткендей алып күш бұған да жетті-ау. Сақ етіп асыла кеткенде үстіне тау құлағандай әсерде қалған жас қашар зәресі ұшып мөңіреп те жіберген. Содан таудай салмағымен Қара бұқа солқылдата жөнелгенде, Жезмүйіздің төрт аяғы жер тіреп әзер тұрды.
Сөйтсе, бұрын-соңды бұқа түсіп көрмегендігінен екен-ау, сәлден соң-ақ бойына кеткен Қара бұқаның ыстық қаны тұла бойын түгел балқытты. Алып күштің соққысына әзер шыдап тұрып-ақ Жезмүйіздің көздері шырадай жанды. Ендігі жерде төрт аяғы аралдың саздақ жеріне қазық болып кіріп кетсе де мына болып жатқан сиқырлы рақат дүниеге жаны риза… жаны тәнті…
Жас қашар әлсіз мөңіреп тұрып, көзін кейде ашты… кейде жұмды… Ашқаны да рақат… жұмғаны да рақат, бір жұмбақ, ләззат.
Охо, бұл Қара бұқаны білмей жүр екен. Қара бұқадан бекер-ақ қашыпты, бұл маубас. Болмаса Қара бұқа мұны емес, бұл Қара бұқаны қуса да болғандай… арзығандай екен…
Қара бұқаның әр соққысымен бірге жер қозғалды… Дүние дөңгеленді. Дария аспанға көтеріліп, аспан дегенің жерде жүрді. Төрт қазық секілді қашардың төрт аяғы Қара бұқаның әр соққысымен саз балшыққа… кіріп бара жатты… Кіріп бара жатты… Әйтеуір, құлап қалған жоқ. Құлап қалмау үшін ол барын салды. Осы бір сиқыр-ләззаттың тұсында жазым болып, құлай қалса, Жезмүйіз онысын өмір бойы кешірмес те еді. Ал сосын… Мынадай рақат-дүние біткен соң құлап түссе де… тіпті өліп қалса да бәрібір секілді…
Ақыры Қара бұқа арқасынан түсті-ау. Бейне тау аударылғандай болды. Қара бұқаға деген ризашылығының белгісіндей Жезмүйіз еміреніп, ақырын мөңіреді. Тізерлігіне дейін сазға батып кеткен төрт аяғын да суыруға асыққан жоқ. Әлгі бір сиқырлы істің ләззатынан арыла алмағандай ұза-а-ақ… сілейіп тұрды.
Қара бұқа енді тоғайға беттеді. Ол алыстаған сайын жер дірілі басылғандай, аспан биікке, су төменге түсіп, дүние өз орнына келгендей еді.
…Сол жылы қыс ерте түсті. Алғашқы аяздан-ақ мұз қатып, «Күйік аралға» дария үстімен үш аттылы келді. Бұлар — колхоз басқармасы, бақташы және иығына былғары сөмке асынған салық жинаушы еді. Бақташы ай-шайға қаратпай тоғай арасындағы сиырларды ауылға қарай айдай бастаған. Сол топтың ішінде Жезмүйіздің енесі де бұзауымен еріп кете барды. Аралдың ит тұмсығы батпас қалың тұсында бір топ қашарлармен жайылып жүрген Қара бұқа бастаған қашарлар ғана олардың көзіне ілікпей қалды.
Арада адамды да, малды да қалтыратқан ауыр қыс өтті. Қалың тоғайды мекен еткен Қара бұқа бастаған сиырлар ғана қыстан абыржымай шықты. Олар қыс бойы тоғай арасының шүйгін шөбіне жайылды. Қалыңға ықтады. Су орнына қар, дарияның мұзын жалады.
Ерте көктемде Жезмүйіз бұзаулады. Жас бұзауының буыны бекіп, еріп жүретін халге жеткенше тоғай арасында жүрді де, жер дүние көк-жасыл түрге еніп, күн жылынған шақта бұзауымен бірге дариядан өтуге беттеді. Жас бұзау ен-дария суды кешуден қашып, шегіншектей берген. Бірақ емірене жалап, иіскеген енесі ақыры оны ағыс өтіне ұстап, кеудесімен демеп арғы бетке жүзе бастады.
Жас бұзау қатты ағысқа шыдай алмай, мөңіреп кейін қашпақ болып қашқақтаған. Бірақ ол ырқына енесі жіберген жоқ. Емірене мөңіреп су ішінде-ақ жалап-жұқтап жүріп арғы жағаға да жетті-ау. Үстерінен сулары сүмектеп екеуі қалың жиденің арасында ұзақ тұрды. Жұбатқандай болып, Жезмүйіз бұзауын тағы да жалап, иіскеді. Емірене мөңіреді. Сосын барып екеуі ауылға беттеді.
Осылай екеуінің тізіліп келулерін ғана күтіп тұрғандай Бүйрек кемпір алдарынан шықты.
— Әдіре қал… Осы күйі қайырылмай кетер ме екен деп едім. Қолымнан жем жеп, су ішкенін ұмытып «Күйік аралда» қалып қояр ма деп едім. Сандалып келдім деші ақыры… Енеңді колхоз ет салығына салып жібергенде сені аман алып қалған Құдай шығар. Бүйрек кемпір аш қалмасын, жалғыз қалмасын деп есіркегені болар. Басқарма: «Қашарыңды қайда тығып қойдың сен кемпір?» – деп ат үстінен зіркілдегенде-ақ, ішімнен сенің аман екеніңді білгенмін. Шүкіршілік еткенмін. Өсіп, өзгеріп кеткеніңді қарашы. Жездей болған мүйізің мынау. Құдай-ау, сені көрмегелі де екі қыс өтті-ау… қаһар-кәрін төгіп. Екі жаз келіпті-ау, төркіндеп келген қыздай жадырап, жайнап.
Кемпір Жезмүйізді құшақтап тұрып, жылап қалды.
— Бұзаулы болыпсың. Құтты болсын! Алда Құдай-ай, қайда кеп қалдым деп мұның да едірейіп тұрғанын қарашы. Иеңе келдің. Бүйрек кемпірдің қорасына келдің. Жезмүйіз сені мұнда алып келмегенде, қайда апармақ?
Кемпір енді Қара бұқадан аумай қалған қап-қара бұзаумен болып кетті. Бұрнағы жылы Жезмүйіз киген ноқтаны да соған салды. Алдына шөп тосты, су берді.
Бұзаудың мойнынан құшақтап жүріп те көз жасы тыйылар емес.

— Жезмүйіз-ау, сен жоқта төрт балам бірдей соғысқа кетті. Сөйтті… Сен болсаң «Күйік аралда» хабар-ошарсыз жатырсың. Итім екеуіміз ғана қалдық. Итім екеуіміз біріміз жылап, біріміз ұлып отырғанда сендердің келіп серік болғандарың да Құдайдың есіркегені шығар.
Иесінің де айтар мұңы көп екен. Ақтарар сыры да таусылар емес. Соның бәрін Жезмүйіз үнсіз тыңдады. Үнсіз қабылдады. Иесі бәрін айтып, ақтарып біткенде барып бұл еміреніп, ақырын ғана мөңіреді. Бүйрек кемпірге берген бар жауабы осы ғана.
…Таңертең Бүйрек кемпірге сау­дырып, бұзауын емізіп болған соң жайы­лымға кетеді. Содан бұзауын көруге асық боп кешкісін ауылды басына көтере мөңіреп өзге сиырлардан бұрын қайтып келе жатқаны. Келе жалап-иіскеп, бұзауын бас салады. Кемпірдің әуелі саумақ болған әрекетіне көнбей бұзауына қарай өлемата ұмытылып өкіріп жатқаны.
Ондайда Бүйрек кемпірдің де ұрсып жүргені.
— Әдіре қал, енесіне тартып мұның да балажан болғанын қайтерсің. Бұзауың көзіңнен ұшып бара ма? Азанда кетіп, кешке келгенше шыдамайсың… Соғысқа төрт баламды жіберіп, мен де отырмын ғой. Төртеуінің тым болмаса, біреуіне де қолым жетпей.
Бүйрек ұрысқан кезде Жезмүйіз жуасып қалады. Жуасығаны ғой… Кемпірдің әлсіз қолдарымен қақпайлағанда жүріп, байлауына көнеді. Болмаса Жезмүйіздің дәл сондай жеті кемпірді сүйреп кетер қаруы бар. Әншейін-ақ иесінен ығып, қамыққан болады.
Иесіне қайдан қарсы келсін. Бүйрек кемпірдің өзіне деген мейірімін ол сауып жатқанда, жұп-жұмсақ саусақтарынан-ақ сезетін. Иесі мұны сауып отырып сөйлейді. Сөйлеп отырып, жылайды. Сонда Жезмүйіздің тұла бойы түгел босап, иіп тұрады.
Кейде жайылымнан қайтқанда бұзауы үшін ғана емес, «Heгe алдымнан шықпайсың?» деп, иесіне наз қылып мөңірейтіні де бар. Иесі де соны түсінеді. Түсінгені ғой, жаулығы ағараңдап келіп:
— Ой, әдіре қал. Келіп қалған екенсің ғой. Келгенің де міндет. Кеткенің де міндет қой сенің. Сенің еркелігің бұзауыңдыкінен де асып кетер деп жатқаны.
…Сондай бір сағыныш пен мейірімге толы қызық жаз еді-ау ол. Мақұлық атау­лының да бақытты сезінері рас болса, Жезмүйіз үшін арман — жаз, бақыт — жаз, сол болар. Сол жазда ол ана болудың теңдессіз ләззатын сезінген. Охо-о! Бұзауын аңсап, иесін қимай жайы­лымға мөңіреп барып, мөңіреп қайтып жүрген. Сол күндер кейінірек көзінен бұл-бұл ұшты. Арман болып алыстады. Сағым болып жоғалды.
…Әдеттегіше ауылды басына көтере мөңіреп, жайылымнан қайтқан. Қораға келсе, бұзауы жоқ. Өкіріп іздеп олай ұмтылды, былай ұмтылды. Жоқ. Өкіріп үйге қарай жүрді. Иесі де көрінбейді! Көлеңкеде жатқан ит қана басын көтеріп қарады. Ол да көңілсіз секілді.
Таң атқанша мөңіреп, Жезмүйіз қора мен үй арасында жүрді де қойды. Тіпті көрші үйлердің қораларын да айналып шыққан кезі болды. Бұзауы ұшты-күйлі жоқ. Түні бойы зарлап мөңіреуден сиыр жалықпады. Оның дауысынан түннің өзі жалықпаса…
Таңертең тағы да мөңірей-мөңірей жайылымға кеткен. Бірақ жайылып та береке тапқаны шамалы, ауылға қарап мөңіреді де жүрді. Содан күн түске жетер-жетпестен ауылға қайтып келген. Келсе, иесі Бүйрек мұның бұзауының терісімен қаптаған тұлыпты көтеріп, аңырап жылап алдынан шықты.
— Жезмүйіз, Құдай алдында да, сенің алдыңда да күнәһармын. Қайтейін, үкіметке қол көтере алмадым. Бұзауыңның етін салыққа өткізіп, терісін өзіңе әкеліп тұрмын. Сүзіп өлтірсең де еркің. «Қылша мойным – талша» деп бұрынғылар осындайдан айтқан шығар.
Жезмүйіз кемпірдің жерге тастай берген тұлыбына бас сала бере кісінің құйқа шашын шымырлатардай-ақ мөңіреді. Мөңіреп тұрып-ақ иіскеп жатыр. Сол өз бұзауы. Түрі соныкі. Иісі де соныкі. Бірақ тірі бұзау емес. Арасына сабан тыққан тұлып қана. Жезмүйіз үсті-үстіне мөңіреп, иіскеп-иіскеп алды да, оқалақ тигендей қора айналып безіп, тұлыпқа жоламай қойды. Бұзауын басқа жақтан іздеп жүргендей. Ол тірі күйінде басқа жақтан келетіндей ме-ау немене…
Жезмүйіз енді жарқырап жатқан дарияға қарап мөңіреді. Соғып тұрған желге… батып бара жатқан күнге мөңіреді.
Жезмүйіздің күні бойы жағы тынған жоқ. Күнді айтасың, түн ше? Түнде айға мөңіреді. Жұлдыздарға да мұң шақты…
Мөңіреуден Жезмүйіз бір шаршасайшы. Жемін жемей тұрып та мөңіреді, суын ішпей тұрып та мөңіреді.
Оның зарлы үніне Бүйрек кемпір ағыл-тегіл жылады, ит ұлыды.
Ертеңіне таңертең өзге сиырларға ілесіп жайылымға кеткен. Жайылымға барғаны да жай нәрсе. Тағы да зарлы үнімен табындағы сиырларға мұң шақты. Өсіп тұрған шөп-бұталарға да зарын айтты. Тіпті толайым дүние Жезмүйіздің ғана үніне толып кеткендей. Жер жаһан Жезмүйізге ұйып, Жезмүйіз­ді ғана тыңдап қалғандай еді.
Ол екі күн мөңіреді. Үш-төрт күн мөңіреді.
Осы аралықта ол иесіне екі-ақ рет саудырды. Желіні сыздап, емшегінен сүт тамшылап кеткенде барып Бүйрек кемпірдің дегеніне көнетін. Сауын кезінде де ол тұлыпқа иіген жоқ. Иесінің көз жасына, оның жұп-жұмсақ, мейірімді саусақтарына иіді.
Мөңіреп жүріп кейде Жезмүйіздің тұлыпты маңайлайтыны бар. Бұзауының иісі біржола кетіп болған кепкен теріні иіскей сала, тулай жөнелетін ол кейіннен соншалық шошымайтын да болды.
Алтыншы күн дегенде ол тұлыпты ұзақ иіскеп, көзінен жас парлап тұрды. Содан соң-ақ Жезмүйіз мөңіреуді доғарды. Бәрібір тұлыптан өзге ешкімі, ештеңесі жоқ екеніне біржола сенгендей көзінен жас парлап тұрып еміренді…
Тұлыпқа мөңіреп, Бүйрек кемпірдің жұп-жұмсақ алақанына иіп жүріп Жезмүйіз жазды да өткерді. Бірақ ерте суалды. Бәлкім, толық суалып та үлгермей арасына қамыс салған кепкен тулақтан жерігені шығар, тамыздың екінші жартысында-ақ ол «Күйік аралға» өтіп алды. Аралдың шүйгін шөбіне тұмсығын тығып алған соң-ақ ол тұлыпты да, жылауық иесін де ұмытқан. Ұмыттырған, бәлкім, аралдың шүйгін шөбі ғана емес, өзге сиырмен аралды біржола мекен етіп алған Қара бұқа күйінде жүр екен. Басқан жерін солқылдатып, зор екпін, алып күшпен желіп кеп ол бірден Жезмүйізді бас салған. Жезмүйіз де қашқақтамады. Қайта күткен құштарын тапқандай үстіне құлаған таудай Қара бұқаның астында төрт аяғы төрт қазық болып тапжылмай тұрып, өзі түгілі жерді дірілдеткен ауыр солқылға шыдап бақты-ау. Шыдап бақты деген жай нәрсе. Ендігі жерде Тәңірден таудай Қара бұқаның бір жағына ауып кетпей…тезірек түсіп кетпей, Қара бұқаның таудай боп үстіне шөгіп жатқанын қалады.
Өткен күні ұмыт… Жаңа күні үміт болардай Жезмүйіздің аралдағы жаңа өмірі басталды. Қарлатып, аяздатып арада тағы бір қыс өтті. Жауындатып, желдетіп көктем шықты.
Көктем шыға Жезмүйіз тағы бұзаулады. Бұзауының буыны бекіп, бұғанасы қатқан шақта тағы да ауылға, өзі үйренген қорасына келген. Бүйрек кемпір оларды тағы да жылап қарсы алды.
— Келмей ме деп едім сені Жезмүйіз… Құдайға шүкір келдің-ау. Өзінің төлі де, қорасындағы малының төлі де қарамай кеткен нағыз тұлып мен болармын деп ойлап едім.
Кемпір Жезмүйіздің мойнынан құшақтап, сауырынан, жездей сап-сары мүйізінен сипады. Сосын Қара бұқадан аумай қалған қап-қара бұзауға бұрылды.
— Жылына бір қара бұзау ертіп келіп тұрған саған не дейін. Өкімет тимесе, мен тимеспін-ау, аштан өлсем де… Саған бір бұзаудың еріп жүргені маған да артық болмас.
Кемпір қара бұзауға ноқта салып, қораға жетелеген. Кекжиіп тартыншақтап жатқан бұзауына Жезмүйіз үнсіз қарап тұрды.
Бұзауымен таңертең қимай қош­тасып, кешкісін сағынысып ұшырасар… тағы бір бақытты айлар басталған. Бүйрек кемпірдің де шелегі сүтке толып қалып еді.
Содан жаз ортасында бұзауы тағы да жоқ болды. Бүйрек кемпір оның да терісін көтеріп әкеліп, жылап-сықтап жүріп, арасына сабан тығып тұлып жасаған. Оны місе тұтар Жезмүйіз бе? Тағы да аза бойы қаза болар көп мөңіреу басталды. Жайылымға мөңіреп барып, мөңіреп қайтады. Мөңіреп тұрып иесіне амалсыз саудырады. Мөңіреп тұрып шөп жеп, мөңіреп тұрып су ішеді. Өстіп жүріп тұлыпқа да амалсыз үйренген. Үйренуі де өзін-өзі, әйтеуір, алдаған бірдеңе еді. Ақыры ерте суалып, тамыздың бас кезінде-ақ «Күйік аралға» өтіп кетті.
…Үшінші бұзауы да осылай жоғалды. … Енді төртінші бұзауынан айырылып келіп тұрғаны мынау.
Дариядан су ішіп, қайтқан соң Жезмүйіз тағы да ұзақ жайылды. Бір жақсысы ұзақ жайылу үшін ұзап та кетудің қажеті жоқ еді. Биылдыққа мал тұяғы тимеген бітік шөптен ол үй орнындай жердің мұртын бұзды. Тіпті бір орнынан қозғалмай-ақ опыра берсе болғаны.
Қалың шөп ішінде шуласқан құстардың үнінен өзге дыбыс жоқ. Содан соң өзінің шүйгін шөптерді сыр-сыр-р жапырғаны… анда-санда танауының пырылдағаны. Түс ауып, күн әбден шыжыған тұста ол тоғай арасынан шығып, тағы да дариядан су ішті де, бетін ауылға беріп, жағадағы жиде көлеңкесіне жатты.
Ол ендігі жерде өзінің жалғыздығына да таңданған жоқ.
Өткен қыста дария қата бере мұзды сықыр-сықыр басып, тағы да баяғы үш аттылы келген. Колхоз басқармасы… бақташы… сосын, былғары сөмке асынған салық жинаушы. Бұл жолы салық жинаушының иығында мылтығы бар.
Бақташы әдетімен тоғайда жүрген сиырларды бықпырт қып қуа бастады да, осы сәтте шеңгел мен қамыс араласып, жиде ағаштарының бұтақтарымен бүркелген қалыңның арасында тұрған Жезмүйіз олардың ізін үнсіз бақты. Улап-шулаған сиырларға ерген жоқ.
Бақташыға басқарма да болысып, сиырлардың бір шетін айдасып, былғары сөмке асынған салық жинаушы ғана ауыздығымен алысқан атының жүгенін шірей тартып бір орнында тұрды.
Сиырларды айдап кету оларға оңайға да түскен жоқ. Жылы да шұрайлы мекенді қимаған сиырлар олай қашты, бұлай қашты… Бақташы шарылдап әр сиырға бір айқайлап жүр. Олардың ырқына көнбеген, әсіресе Қара бұқа. Тіпті ол бақташының өзін қағып кете жаздады және жерді селкілдетіп желіп қашқаны қандай. Айбат қылып айдау­шыларға оқыс бұрылып дәп қылғаны ше?! Бақташыға қосарланып соңынан қуып берген басқарманың өзіне Қара бұқа тұра ұмтылғанда, ат үстінде қоқырайып отырған басқарма жалп етіп құлай жаздап барып аман қалды.
Қара бұқаның оңайлықпен ерікке көнбесін білген салық жинаушы бір кез­де иығынан мылтығын алды. Асықпай оқтады. Сосын, осы сәтте тоғай арасына қарай желіп бара жатқан Қара бұқаға кезеді.
Кенет гүрс атылған мылтық тоғай ішін у-шу етті. Құстар шулап, сиырлар мөңіреді. Екпіні үй жығардай болып желіп бара жатқан Қара бұқа омақаса құлап барып орнынан тұрды. Одан әрі екі жақтап балағаттап, ұрсып бақташы мен басқарма шыға келген. Олар Қара бұқаның анау-мынауға көнбесін білген соң әлгінде аттарынан түсіп, бір-бір жуан-таяқ алған. Енді екі жақтап гүрс-гүрс соққылап жатыр. Оққа мынадай сатырлаған таяқ қосылған соң Қара бұқа кәдімгідей жуасып қалды. Айдағандарына амалсыз көніп, дарияға қарай жүрді. Қара бұқа көнген соң, өзге сиырларда қарсыласар не дәрмен бар? Бәрі де Қара бұқаға ерді.
Жезмүйіз қалыңның арасында тұрып осының бәрін көрді. Бірақ орнынан тапжылған жоқ. Қара бұқаға ергісі келіп тұрып-ақ, ермеді. Ол ұзап кеткенше көзін де алған жоқ. Бір аяғын ақсап басып Қара бұқа топ сиырдың алдында бара жатты. Мылтық, таяқтарын сиырларға айбат етіп шошаңдатып жоғары көтерген басқарма, бақташы, салық жинаушылар соңдарында!
Олар біржола көрінбей кеткен соң барып қалыңның арасынан шығып, дария жағасына келген Жезмүйіз мұз бетінен дарияның арғы шетіне дейін арқандай шұбатылып жатқан қанды көрді. Қара бұқаның қаны… Жезмүйіз Қара бұқаның ізімен жүріп, оның қарақошқыл қанын ұзақ иіскеді. Сан рет тұла бойын ысытып, балқытқан осы қан ғой. Көзін шырадай жандырып, төрт аяғын төрт жерге төрт қазық етіп қадап, таудай салмақпен артылғанда жұқ көрмей шыдап баққаны да осы қанның қасиет-құдіреті-ау…
Жезмүйіз аспанға қарап мөңіреді. Сосын, кедір-бұдыр мұз бетін арғы бетке дейін тіліп жатқан қанды сонша құштарлықпен қайта-қайта иіскеп, аспанға қарап тағы мөңіреді.
Аралға қайтып келе жатқанда Жезмүйіздің жүрісі соншалық селсоқ еді. Барынан айырылып, базары тарқағандай, басы салбырап, үнсіз келе жатты. Бейне бір дүниеден үміті үзілгендей соңына да бұрылмады. Мөңіреген де жоқ.
Түн үрейлі болды. Пыр-р етіп ұшқан құс та, желмен шуылдап теңселген бұтақтар да сиырды елегізітті. Таңға таяу алыстан шибөрілердің дауысы естілді. Жалғыздықтың қатерлі екенін де Жезмүйіз сол сәтте сезінгендей еді.
Ол түні бойы жайылды да, таң ата қалың жиде ағашының арасындағы жатағына келді. Әсіресе қыс болса-ақ сиыр біткен үймелесетін осы жерде Қара бұқа талай рет қатар жатқан. Сонда сиыр біткен Қара бұқа өрсе өретін, Қара бұқа су ішсе су ішетін. Соған еріп жайылып, соған еріп суаттан қайтып келе жататын шақтары адыра қалды. Енді Жезмүйіз жалғыз өрді… Жалғыз жайылды. Жалғыз су ішті…
Соңғы кезде бұзау ембеген желіні сүтке толып, сыздап кеткен…
Аралдағы екінші түн тіпті үрейлі болды. Құстың пыр-р етіп ұшып, желдің бұтақтарды шайқағаны әншейін-ақ екен, ендігі шибөрілер жақын маңайдан шулап… алыстан қасқырлар ұлыды.
Бұл түні Жезмүйіз көп жайылмай көбіне жатақта жатты. Желіні де жер сызып сыздап кеткен…
Үшінші күні сиырға күндіздің өзі үрейлі әсер етті. Сәскеде суатқа бара жатып, қалыңның арасынан қызылбас шибөріні көріп қалды… Суаттан қайтып келе жатып көкшулан бас екінші шибөріні көрді. Тұла бойын үрей билеген Жезмүйіз жайыла алмай, жатақта жасырынып түс ауғанша болды да, сосын, дариядан арғы бетке жүзіп өтіп ауылға қайтты.
Үйге жеткен бойда әуелі тұлыпты іздеген. Тұлыбы жататын қораның белағашынан иегін артып сиыр ұзақ мөңіреді. Бірақ тұлып көзіне түспеді. Бүйрек кемпір де бұрынғыдай жылап-сықтап алдынан шыққан жоқ.
Тұлыптан қайран болмаған соң, сиыр енді тайрақтап-мөңіреп үйге қарай жүрді. Иесі әлі көрінер емес. Ит көлеңкеде жатыр екен. Ол да сүлесоқ. Өзі аш па қалай, басын әзер көтеріп бұған бір қарады да, қайта жатты. Қимылы да сондай ебедейсіз.
Иесіне «Сен қайда жүрсің, тым болмаса алдымнан шықпай?» дегендей, Жезмүйіз үсті-үстіне мөңіреп үйді айнала берген. Кенет ол иесінің жаюлы тұрған көйлегін көрді. Жезмүйіз иесін үнемі бір-ақ көйлекпен көретін. Жезмүйіз – Жезмүйіз болғалы Бүйрек кемпірді басқа көйлекпен көрген емес. Қанша жыл күн жеп, оңып кеткен көйлекке сиыр өкіре ұмтылып, ал кеп иіскесін…
Жезмүйіз иесінің иісін анық таныды. Танып тұрып иесінің ендігі жерде бұл дүниеде жоқ екенін де сезгендей болды. Жезмүйіз үсті-үстіне мөңіреп, көзінен жас парлап қайтадан қораға қарай жүргенде өз-өзінен иіп, босап, төрт емшегінен бірдей сүт саулап кетті. Тап бір иесінің жылы алақаны тигендей, жып-жылы сөздерін естігендей. Емшектерінен саулаған сүт үй мен қораның арасын дарияның мұзын тілген Қара бұқаның қанындай тіп-тік сызып жатты. Бірақ қарақошқылданып қан тамғаннан, аппақ болып сүт тамғаннан бұл дүние өзгермейді екен. Бәрін де көріп, бәріне көніп болғандай қара жер де міз бақпайды екен.
Сүт ағарып тамғанмен, топыраққа қарайып сіңді. Сосын кеуіп кетті. Қара жер ештеңені көрдім, білдім деп жатқан жоқ.
Жезмүйіз белдеу ағашқа мойнын артып, ұзақ-ұзақ мөңіреп, енді дариямен ортадағы жайылымға қарай жүрді. Аңсары жайылуда емес-ті. Сонда жүрген сиырларға мөңіреп-еңіреп мұң шаққысы келгендей бір далбаса-тын.
…Қорадан ұзай бергені сол еді, тап бір Жезмүйіздің жолын тосып жүргендей, оң жағынан бақташы мен басқарма, сол жағынан иығына былғары сөмке мен мылтық асынған салық жинаушының шыға келгені.
Жезмүйіз ә дегенде қапелімде қайда қашудың тиімділігін біле алмағандай апыр-топыр болды.
Жалп беріп қораға қарай мөңки жөнелді де, қайта бұрылып дарияға қарай қашты. Аналарды да састырған сиырдың осы мінезі болды. «Қораға кірмегенде қайда барар дейсің?» дегендей, бақташы бұл кезде атына қамшы басып, оза шауып барып қораның есігін ашуды ойластырған. Содан сиыр дарияға қарай бұрылғанда ол атымен әрі бір, бері бір бұрылып, әрі-сәрілеу күйде қалған. Бақташысыз басқарма мен салық жинаушының қолынан не келген тәйірі. Далақтап шауып, бақташыға қарайлап жүр. Қарайлап жүріп-ақ соған ұрсып… соған міндетсиді.
Олар осылай бір-бірімен тәжікелесіп жүргенде, Жезмүйіз ауылдан ұзап та кеткен. Әрі-беріден соң салық жинау­шы тағы да мылтығына жармаса беріп еді, басқарма оған қарсы болды. Жаман атымен далбақтап шауып бара жатқан бақташы сиырға жете алар түрі жоқ.
Тасырлай шапқан аттылардың алдында жөңкіп келе жатқан сиыр мөңіреу­ден де қалған. Анық бір қауіптің төтелеп келгенін сезгендей көздері қанталап, шатынап алған. «Күйік аралға» өтіп шибөрілер мен қасқырларға жем болғаным артық па, әлде ажалымның мына қуғыншылардан болғаны дұрыс па деген ойды санасында салмақтау да жоқ. Қазіргі мақсаты – тек мына үш қуғыншыдан құтылу… Одан арғысын ойлауды Тәңірім бұл мақұлыққа жазбаған. Бір қатерден құтылу үшін екінші қатерге бас тігуге, бір ажалдан құтылу үшін аржағында қырық ажалдың шеңгеліне ұмтылған өлермендік бар өзінде.
Дарияның жағасына дейін ентігіп, ентелеп келген жануар қапелімде қайралақтап қалған. Қайралақтағаны – жаратылысында айла-қулықтан ада жануар, дарияның жайуат тұсын да бағдарламаған екен. Дәл биік жар үстінен шыға келгенде сасып-ақ қалғаны.
Төменде бұлқып дария ағып жатыр. Соңында аттылар.
Соңына бір бұрылып қараған сиырға бұлқыған су мен биік жардан да адамдардың сұсы суық көрінді білем… сиыр биік жардан ен-дария суға секіріп кеткенде, жағаның саз топырағына қатты кірген артқы екі аяғымен ілесіп жар да қосыла құлады.
«Қанша жүрек жұтқан болса да жардан секіре алмас. Осы арада сиырды қамап ұстап алармыз» деп келе жатқан аттылылар әуелі сиырдың секіргеніне таңданыса бергенде, сиырмен қосыла жардың құлағанын көріп, өздерінің де зәре-құттары қашып, екпіндеген аттарының басын әзер тежесіп жатты.
Гүрс-с… еткен дыбыстан бір сәт құлақ тұнды да, сол дыбыспен жарысып, дарияның суы аспанға атылды. Сосын, онсыз да лай су тіпті қоймалжың тартып, сиыр жардың ен-алапат топырағымен бірге түпсіз тереңге шым батып кеткен еді.
…Әлден уақытта су бетінде әуелі Жезмүйіздің жездей сары мүйізі, сосын, өзі көрінді. Қатал тағдыры үшін мына дүниеге мұң шаққандай қатты өкірген сиыр әуелі ағысқа қарсы жүзді. Сосын, «Күйік аралға» қарай… қайтадан биік жарға беттеді. Биіктен құлаған жануар­дың есеңгіреп қалғанынан болар, осы жүзісінің бәрі дәрменсіз далбаса сияқты бірдеңе еді.
Биікте тұрған аттылылардың қарқылдап күлгенін естіп барып Жезмүйіз есін жинаған. Сол күлкілер арқылы ол қатерден әлі ұзап кетпегенін және «Күйік аралға» емес, сол аттыларға қарай жүзіп келе жатқанын сезіп, ол қайтадан кері бұрылды.
Жағадағылар әлі күліп тұр. Дария­ның ағысы да алапат еді. «Бой бермеймін, дегеніме жетемін» деген өр екпініне қаратпай, сиырды бірден-ақ ықтырып әкеткен. Жезмүйіз де оңайлықпен беріле қойған жоқ. Толқыннан қашып келе жатып-ақ толқынды қуды. Алды-арты, асты-үсті… айналасы түгел толқын. Бір қатерден қашып келіп тап­қан панасы осы… – толқындар. Жаудан қашып келіп тапқан досы да осы… – толқындар. Енді, міне, солармен араласып жатқаны. Алысып… айқасып жатқаны…
Сол толқындардың алапат екпінімен ағып бара жатып-ақ ол арғы бетке қарай малтып… алға жылжыған болды. Бірақ толқындар көп, ол жалғыз еді. Айла-амалдан мақұрым жануар «Күйік аралдың» шибөрілері мен қасқырларынан да, мында аңдып тұрған үш аттыдан да, су қатерлі болар деп ойлап па еді?
Су демекші… Бұл неткен көп су. Иен су…
Қанталап, шапыраштанған көздерімен сиыр аралды іздеген. Арал да көрінбеді. Көз жетер жердің бәрі су. Бұл дүние түгел су болып кеткен екен дерсің.
Ол ақыры шаршады. Қаптаған көп толқындар Жезмүйізді жеңді. Аралдың шибөрі, қасқырларынан да, мұны күтіп тұрған аттылылардан да судың жауыздығы кем емес екен.
Алып толқын кенет оны терең иірімге алып кеткен. Енді ол тіпті дәрменсіз еді. Аяқтары да шаршап, талғанда, терең иірім оны қаңбақша көтеріп, шыркөбелек айналдырып әкеткенде, тағы да малту, жағаға ұмтылу сияқты үміттері адыра қалды.
Жезмүйіз жер-жаһанды тітіркенткендей қатты мөңіреді. Бұл оның мына дүниеге айтқан соңғы мұң-зары еді. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады. Жо-жоқ, бәрі де тыңдады-ау. Мүлгіген арал да, шибөрілер мен қасқырлар да, үш аттылы да, қарауытқан жер де, зеңгір көк аспан да… Бірақ керек еткені бар ма? Оның дауысына еміреніп, тебіренгені бар ма? Жо-жоқ, ол дауыс Жезмүйіздің мына дүниеге жасаған соңғы айбаты еді! Бірақ селт еткен кім бар? Жер-жаһан саңырау екен дерсің. Адам да, жаратылыс та тіл-жақтан айырылғандай. Мына дүниеде тек қана тұлыптар ғана қалған ба-ау… Желден де қайран жоқ. Әрі-бері ұшқан құстар да мән бермегендей. Төбедегі күн де міз бақпайды. Дүние орнында, бірақ бәрі де өз-өзімен әуре секілді.
Жезмүйіз иірімде қаңбақша айналып бара жатып тіршіліктен тағы бір дәрмен-көмек сұрағандай бар күш-қуатын жинап, соңғы рет мөңіреді. Оның осы бір ащы дауысымен су беті азан-қазан күңіреніп-ақ кеткендей еді…
Бірақ төңірек тағы да жым-жырт. Ештеңе болмағандай… Ешкім ештеңе естімегендей.
Алысқа ұзап бара жатқан өз дауысының жаңғырығы ғана әлі үзілмей естіліп тұрды.
…Жезмүйіз төрт жыл бойы мына дүниеде аласапыран соғыс болып жатқанын, әрине, білген жоқ. Бірақ соғыстан да қатерлі бір майданның мәңгілік жүріп жатқанын айуан да болса анық сезгендей…

 

 

Тынымбай Нұрмағанбетов

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.06.2025 | 01:59

Керемет 👍

Аноним 12.06.2025 | 20:59

Бала кезімде екі сиырдың бұзауын үйдегілер өсіп қалған да сатып жіберуші еді. Сол екі сиыр апталап түнімен мөңіреп шығатын.Жаным қатты ауыратын сиырларға қарап

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір