500 ӘН
30.05.2025
177
0

Қазақтың қай өңірі де аса дарынды адамдарға кенде болмаған. Соның бірі — Жаңарқа аймағы. Ата-бабаларымыз күні кешеге дейін бұрынырақта Асанқайғы ауданы аталған осы аймақпен аралас-құралас жатты. Әке-шешелеріміз осында туып, осында керемет дәуренді бастан кешкен. Дейтұрғанмен де, ауылы аралас, қойы қоралас елдің өмірін өзгешелендіріп тұратын оның ұлы өнері еді. Сарысу, Шудың бойын жағалап, сонау Созаққа дейінгі көшпелі өмір көрінісін, тұрмыс-тіршілігін тәпсірлейтін болсақ, талай тарихи жады жаңғырып жүре береді. Басқасын былай қойғанда, төменгі Шу бойынан Жаңарқаға дейінгі аралықты алтын жіптей жалғаған Сайдалы Сары Тоқадан басталған өнердегі үздік үрдіс ұлы Ықаң – Ықылас, Сүгір, Аққыз, Қыздарбек, көрнекті актер, күйші Әбікен Хасеновтер арасындағы рухи үрдістерді еріксіз еске түсіреді. Егер біздің ұлы ұстазымыз Ақаңның – Ақселеу Сейдімбектің еңбектерін бір шолып шықсаңыз, бұл ойымыздың көкжиегі әлдеқайда кеңіп сала берер еді.

Бала күнімізден әке-шешеміздің есті әңгімелерімен есте қалған өңірдің даңқы күні бүгінге дейін дүркіреп келеді. Әлгінде айтқан ұлы өнерпаздардың салып кеткен сара соқпағы кейінгі толқынның тегеурінді өнерімен жалғасын тапты. Жаңарқада күй тартпайтын, ән салмайтын пенде баласы жоқ. Жаңарқа дегенде көз алдыңа бір романтикалық кеңістік келе қалады. Қасиетіңнен айналайын Атасудың даңқын бүткіл Алашқа әйгілеген солардың қатарында сым­баты мен сыры алабөтен кешегі Сәкен­дерден бастап, аяулы Ақаңдарға – Ақселеу Сейдімбекке дейін бір алқынып тоқтауға болады. Қазақтың адасып жүрген көп сөзінің аудармасы, басқасы бар қайта тірілтіп қатарға қосқан Ісләм Жарылғаповтың архивіне кіріп, «Алматы ақшамына» жариялап, белгілі жазушы Өтеш Қырғызбай арнайы кітап жазды. Қарағандыда халықаралық конференция өткізуге мұрындық болдық. Әйгілі Биткөзов, Байшолақовтар, арқалы ақын Ғ.Жайлы­бай, қайсыбірін айтарсың. Бекболаттарға дейінгі бұл тізімді тізе бастасақ, тізгін тарта қоюымыз екіталай. Дейтұрғанмен де, сол әншілік, оның ішінде, дәстүрлі ән өнерінің бастауында тұрған ерек өнерпаз Игілік Омаровтың әйгілі шәкіртінің бірі Қайрат Байбосыновтың да орны бөлек.
Қайрат дегенде рухы шат болсын жарықтық, мына бір сәтті аттап кете алмай отырмын. Бұл Жаңарқаның басқасын былай қойғанда, қызметтегі жігіттерінің де аузынан ән кетпейтін, қолынан домбырасы түспейтін. Соның бірі – комсомолдың орталық комитетінде бөлім басқарған Назымбек Боқаев еді. Ол Алматыға келген алғашқы жылдарда осы бүгінгі Арбаттың бойындағы 19 қабатты үйде тұрды. Назекеңнің шаңырағында күнде шаттық, думан, жыр еді. Өнердің өрен жүйріктері оның тұрақты қонағы болатын. Өзі қаламгер, ғажайып аудармашы, білім-білігі мол азамат қолына домбыра алып, оған дариға даусын қосқанда, баяғының сал-серісі ортамызда отырғандай күй кешетін едік. Бүгінде алты Алаштың ардақтысына айналған Қайрат Байбосыновпен сол бір қоңыр кеште Назекеңнің дастарқанында танысыппыз. Қайраттың өзі қазір тұтас бір мектепке айналды. Оның мектебінен түлеп ұшқан еліктеу мен солықтаудан ада шәкірттерінің өзі бір төбе.
Қазақта ән де көп, әнші де көп. Бірақ соның бәрі тыңдала береді деуге де бола қоймайды. Әдетте, мың адамның алдында күй тартылса, соның ішінде он адам ғана күйді түсініп, қалғаны тыңдаушы, жай қызықтаушы болып қалуы бек мүмкін. Ән де солай, әсіресе ұлттың дәстүрлі ән өнерін тыңдау үшін жай ет пен терінің арасындағы желік, қызығушылық, әуесқойлықтан гөрі биік өре, жоғары мәдениет керек екені түсінікті. Себебі бір әннің өзі бір спектакльдің жүгін көтеріп кететін жағдайлар болады. Қайрат Байбосыновтың Құдай берген дауысын былай қойғанда, сол әнді орындау, жеткізу шеберлігі осындай бір ойға ден қойғызады. Маңдайыңнан сипаған әкең мен шешеңдей, ата-бабаңның асыл арманындай аяулы, асқақ әннің құдіретін Қайрат әншінің ел жүрегіне жеткізіп, өзі де, өзге де өзгеше бақыттың құшағында тербеліп келе жатқанына нешеме жылдар өтті десеңші! Осы қанатты ойдың әсерінен ажырай алмай, «қазақта Қайраттан асқан әнші бар ма?» десек, «неге болмасын?» деп бірден қарсылық білдіру табиғи нәрсе.
Біз менталитетке салып осылай сөйлейміз енді. Қазақ – бір-бірінен асырып сөйлемесе, ішкен асы бойына тарамайтын халық. Осы қасиетімен-ақ көштен қалмай, бір-бірінің қадірін біліп жүр. Ендеше, бұл ой жалғаса береді. Жәнібектен, Аманкелдіден асқан әнші бар ма? Өнердің өрісін өсіріп, елдің рухын көтеретін сөз осы.
Қазақтың рухын бір кісідей емес, бірнеше кісідей көтерген Қайраттан асқан әнші бар ма? Кешегі тоталитаризмнің тозаңына тұншыққан күндерде Қайраттар болмаса қаңсып қалар ма едік, рухани қамалдың бір қабырғасы қисық біткен болар ма еді?! Қазақтың ән өнері шырқау биікке көтеріліп, сал-серілік дәстүрмен астасып, салтанаты асқан ғасырдан, саңлақтардың сарқытындай, қазақтың қаймағы бұзылмаған кезінен қалып қойған жақсы бір атаның баласындай Қайрат – бұл!
Әріге кетсек, Ақан, Біржан, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, бертінге бұрылсақ, Естай, Әміре, Қали, Манарбек, Жүсіпбек т.б. салған сара соқпақтың сынығы, өзі болмаса да көзі, сөзі Қайрат – бұл! Басқасын айтпағанда, бір ғана Біржанның «Айбозымын» тірілтіп, құдіретті айқаймен аспанды алақанымызға салған асыл. Жер мен көктің арасын тұтастырып жіберетін құдіретті дауыстың иесі Қайрат ана сүтімен, ата күшімен келген далалық дәстүрлі өнердің саф тазалығы үшін күрескен, өзі де соның тұнығына айналған аймаңдай алуан дарын.
Артур Шопенгауэр «кісі келбеті – бұл адамның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес» деген екен. Жаратқанның Қайратқа қос фактураны – сонша сымбаты­мен қоса, төгілдіріп сонша дауыс беруін қарасайшы. Қайратқа емес, қазаққа бергенін айтсайшы.
Қайратқа еліктеу арқылы талай Қайраттар шықты, сол Қайраттарға да еліктеушілер табылып, Қайраттың өнерде салған үздік үрдісі көз сүрініп, көңіл сүйсінетін бір көркем көшке айналды.
Міне, көрдіңіз бе, бір Қайраттың өнерде салған өрнегін. Осыдан кейін Қайраттар барда «кеше анау, бүгін мынау кім еді?» дейтін пендешілік әңгіме айтар жағдайымыз жоқ. Бір Қайратты бергеніңе шүкір деп, соның бірін-бірі қайталамай, бірнешеге айналуын тілеп тұрасың іштей.
Әлгінде Қайраттың мектебі жөнінде айттық. Мектеп болғанда тек әншілік өнердің қыр-сырына, беймәлім сиқырына ғана баулитын мектеп емес, бұл өзі бір ән зертханасы деуге де болатындай мектеп. Әдетте, былайғы жұрт құлақ құрышын қандырып ән тыңдауды білгенімен, сол әннің тарихын білу де екі есе бақыт, көл-көсір қуаныш болар еді. Әлгінде Қайрат орындаған бір әннің әсерінің өзі бір спектакльге бергісіз дегенде, осыны айтқымыз келген. Шынында да, кейде жұртты шырқау биікке көтеріп жіберетін танымал әндердің егер де ішіне кіріп, тарихына үңілетін болсаңыз, ол ән өмірі есіңізден кетпес еді. Осы тұрғыдан қарасаңыз, Алатау – Арқа, Атырау – Алтай дәстүрлі ән өнерінің небір дүлдүлдерінің әнін тірілтуге Қайраттың қосқан қайраты өлшеусіз, әрине. Бір ғана Біржан салдың «Айбозымына» не жетеді!?
Айбозым демекші, ән фольклорын зерттеуде «ән Марғұланы» атанған атақты Илья Жақановтың да Қайраттың бағына бақ қосып, қанатын қатайтып, ән айдынына ұшырған сәттерін де ұмыту мүмкін емес. Ақселеу мен Жәнібектен бұрын Қайрат екеуі бірлесіп жүргізген «Асыл мұра» ән-сұхбатын да тыңдау­шы әлі де ұмыта қоймаған болар. Осы хабар да Қайраттың ерекше, екінші бір тынысын ашты. Қазір арагідік алтын қордан көрсетіліп қалады.
«Асыл мұра» 1982 жылы басталып, 90-жылдардың басына дейін жалғасты.
– Бұл хабар Біржаннан басталды ғой. Әуелде радиода қызметте болғанымда осындай сипаттағы хабарларды там-тұмдап жазып жүрдім. Қайсыбір жылы Бүкілодақтық радиодан стажировкадан өттім. Сол тәжірибе менің көп нәрсеге көзімді ашты. Оларда былай екен. Мәселен, Бетховеннің қанша сонатасы болса, соншасын бір музыкантқа орындатады. Мысалы, ол музыкант Святослав Рихтер дейік. Бір жыл, екі жыл жазады. Сосын, Бетховен арнайы бір хабар болып, «алтын қорда» қалады. Мен де осылай жасауға кірістім де, бұл жолда серік етіп Қайратты таңдадым. Мен әндерді беріп отырамын, ол орындайды. Кейбір әншілер бар әнді ұзақ ұстап жүріп алады, тіпті 1–1,5 айға созып жібереді. Менің білуімде әнді тез қабылдап, тез орындауда Қайрат пен Зейнепке жететін әнші жоқ. Қайраттың репертуарында 500-ден астам ән бар. Менің режиміме Қайрат қана төтеп берді, бағыма Қайратты берді, оның бағына мені берді. Сөйтіп, екеуміз қыруар шаруа бітірдік. Бүгінде бұл хабарлар «алтын қорда» шып-шырғасыз сақтаулы тұр, – дейді Ілағаң.
Айтса айтқандай, аталмыш хабар біртуар талант Қайратты да әр қырынан ашты. Әу баста алтын сағалар мен тұн­балардан бастау алған бұл еңбектің соңы кеңес тұсындағы композиторлардың шығармашылығына ұласты. Қысқасы, осынау мән-маңызына сөз жетпейтін ұлы еңбектің қадірі уақыт өткен сайын сезіле түсері анық.
Бірде Гейдар Әлиевтің: «Әзербайжанның екі байлығы бар. Бірі – мұнайы, бірі – Мүсілім Магомаев», – дегені бар еді. Ал біздің қазекемде мұндай байлық, қазына қаншама! Серкебаев, Сембиндермен бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, профессор, Затаевич жинаған қазақтың 1000 әнінің 50 пайызын бір өзі шырқайтын Байбосынов та – бір байлық, бір байтақ!
Алаштың дара туған арда ұлына халықтың өзі әлдеқашан батасын да, бағасын да беріп қойған. Алайда өткен аптада ел ішін дүр сілкіндіріп, ойдағы, қырдағы қазақты ұлан-асыр қуанышқа кенелткен оқиғаның жөні бөлек еді. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Байбосыновқа еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бағаласаң, осылай бағала!
Ұзақ қол соғайықшы, мырзалар!

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір