Ақ иін
Төлеутай таң алдында қаталап оянды. Басы қорғасын құйғандай ап-ауыр болып, тұла бойы күйіп-жанып жатыр екен. Үңірейген тастай түнек үй ішін күлімсіген көңірсік колаңса иіс басып кетіпті. Манадан бері қайдан келіп, қайдан шыққанын біле алмай әрі-сәрі болып жатқан ол сонда барып мұны кәдімгі қолқаны қамап алатын нафталиннің өткір иісі екенін, ал оны ауыл әйелдерінің жинаулы тұрған жүкке, біте түспес үшін текемет, алаша секілді жүн-жұрқадан жасалынған бұйымдардың арасына жұқалап сеуіп тастайтынын есіне түсірді. Сол-ақ екен, оң көзінің аңғалағы солқылдап суырып ала жөнелсін. «Атаңа нәлет-ай…» Төлеутай әлденеге қатты назаланған үнмен өзінен өзі күбірледі. «Уһ…һ!.. Ауыл-ауыл деп емешем езіліп келгендегі көрген сыйым осы болды-ау!»
Құлағына әлдекімнің бейбіт қана пысылдағаны, одан әріректен біреудің қайратты тістерін қарш-қарш шықырлатқан үні келгендей болды. Пысылдаған – екі аяғын тұс-тұсына шалжитып жіберіп, қамсыз ұйқыға басқан кішкентай ұлы екен. Ал тісін қарш-қарш шайнап жатқан кім екенін аңғара алмады. Кенет өзіне соншалықты жақын, етене боп кеткен кісінің әлдекімге назаланған үнмен күбір ете қалғанын аңғарды. Төлеутай жалма-жан басын жұлып алып, «маған сөйлеп жатыр ма?» дегендей, дыбыс шыққан жаққа мойын созып еді, жоқ, әйелінің ұйқысыраған түрі екен. Теріс қарай бүкшиіп алып, түсінде біреуге қатты-қатты кейіп жатыр.
Төлеутайдың онсыз да кестесі келіспей жатқан ішкі дүниесі әлем-жәлем болды. «Дәу де болса маған ұрсып жатырсың-ау, – деді әлде өзін, әлде әйелінің сәл нәрсеге қылтия қалатын кінәмшіл мінезін жазғырарын білмей. – Қайтейін, мына жатысың оңған жатыс емес. Ертең, үйге барған сон, бетіме салық қып басасың ғой әлі».
Жігіт қап-қатқыл алақанымен бет-аузының о жер, бұ жерін сипалап көрді. Көзінің алды едәуір-ақ күлтілдеп калған екен: жай ғана сипағанның өзін ауырсынып, тұз тигендей тыз ете қалды. «Иттің қолының темірдейін қарашы!.. – ішінен сол қолы темірдей кісіге ызалана кіжініп қойды. – Қағас-ақ тиген сияқты еді… – деді тағы әлденеден ақталғысы келгендей. – Қара басып, қапы қалғанымды көрмеймісің. Тіпті сол жаман қол сілтейді деген кімнің ойында бар…» Көзіне еріксіз жас үйірілді. «Қап-қап!.. Кездесерміз-ау әлі… сөз жоқ, кездесеміз! Тапқан екен бұлар басынатын адамын». Бірақ өзін-өзі әдемі үмітпен қанша жұбатқанымен, сол кездесудің дәл қазір бола қоймайтыны, тіпті соның сәті түсу-түспеуінің өзі қос қырлы түсе қанжардың жүзіндей аумалы-төкпелі екіталай дүние екендігін де ұмыта алмай, ашуы жуық арада сабасына түсе қоймады. Түу, аңқасы кеуіп-ақ қалған екен. Ерні құрғыры да жау шауып кеткен елдің сабасындай тобарсып қалыпты… Шіркін, бір бақыраш мұздай су болар ма еді! Тісіңе тигеннен шекеден бір-ақ шығатын құдық суы болса ғой…
Алайда өзінің ауылда, «Ақ иін» деп аталатын бөлімше орталығындағы бұларға немере боп келетін Елемес ағасының төрт бөлмелі құттыхана мешітінің ең түпкі қуысында жатқаны, мына тастай қараңғыда шоландағы темір бөшкенің жылымшы татыған адыра қалғыр суына жетем дегенше, Елеместің күшікше ызғыған немелерінің әр жерде калай болса солай төңкеріліп жататын тостаған-табағын түн ортасында талай аударыспақ-төңкеріспекке ұшыратары есіне түскенде, жүрегі құрғыр май тигендей кілк ете қалды. Әй, өзіне де обал жоқ. Сағила бейшара: «Не бар сол аулыңда. Бір-екі күн демалысымызда біз де жұрт құсап тыныштық тапсақ қайтеді. Ай сайын «ауыл-ауыл» деп Құдайдың қиян шетіне арқаланып шапқылаймыз да жүреміз», – деп зар қаққанда, бұл маубас тап бір ақысы кеткен адамдай жалынып-жалбарынып отырып алды-ау. Сүйткен ағайынның сыйы – түндегі. Кұрсын-құрсын!.. Енді осылай қарай аттап басса ма! Әй, бірақ менде де сана жоқ қой…
Төлеутай Тілемісов үңірейген сұп-сұр қабырғаларға көзін садақтың өткір жебесінше қадап, меңірейіп жатты да қойды.

* * *
Даланың сағызша созылған шұбырынды қара жолы, жол бойындағы ұзақ жүріске шайқатылумен діңкесі құрып, байқаусызда қалғып кеткен жолаушыны анда-санда жоғары көтеріп тастап, қағып-сілкіп алатын өркеш-өркеш шоқалақтары, қала берді, онсыз да қапалы боп, мұңайып келе жатқан жүрегі құрғырыңды қармақпен тартқандай жұлқып-жұлқып қалатын май сасыған ескі мотордың көңірсік иісі секілденген қилы-қилы жол ақыреттерінен мүлде қажыған ерлі-зайыптылар Ақ иінге құр сүлдерін сүйретіп түскен еді. Жолы әлгіндей болған соң жолаушы бейшараға да сын жоқ, жары ортаға жетпей-ақ екеуі де шаң-шаң кірпіктері кіртиіп, үнсіз тымсырайысып қалған. Әcipece тумысынан нәзіктеу жаратылған әйел заты мұндайға қандай әсершіл: бүлдірген тергендей қызыл ала боп қалған етшең еріндерін онша-мұнша жанына батыра қоймай қолмен тізгендей аппақ сұлу тістеріне қымқырып алған Сағила бүкіл жол бойы жанындағы маубасына өзінің қапалы, міскін халін аңғартып қоюды есінен шығармай, «осының бәрі сенің салған лаңың» дегенді жүзімен ғана ұқтырып, ауық-ауық күрсінумен болған. Тек төрт жасар Ерлан ғана шексіз бақытты еді. Оның жолдың екі қапталында зуылдап қалып бара жатқан таңсық көріністерге: жайылып жүрген тұсаулы аттарға, сонадайдан бұлдыраған ескі мазарлардың томпиған күмбездеріне, автобуспен әдейі ерегіске түскендей жолды анадайдан кесіп өткен бір топ ақ бөкен үйіріне таң-тамаша қалып, жалма-жан онсыз да мазасы болмай келе жатқан шешесінің жанын қоймай: «Мама, мама! Анаң қара! Ол немене, бұғы ма?..» – деген өлшеусіз шаттыққа толы дәбдірлеген сәби үніне қарап, «Шіркін, сәбилік қандай тәтті! Бұлардың жасында бақытты болудың өзі неткен оп-оңай еді» дегендей едің. Сол Ерлан автобус жал-жал шағылдың ортасында күміс теңгедей ғана дөңгеленіп жатқан ақ тақырға жапырлай қоныс тепкен үркердей қыстақтың шетіне келіп, ши…иық етіп тоқтай қалғанда жұрттан бұрын есікке ұмтылды.
Ауыл адамдары бұл кезде әдеттегідей орталықтан қатынайтын жалғыз көліктің бұл күндері бір қиырда елеусіздеу қалып бара жатқан ел-жұртты есінен шығармай, әдейілеп ат басын тірегеніне риза болысқандай есіктерінің алдына шығып, қоралана күтіп тұр екен. Әрине, қотан сыртынан ғана бақылап, сабыр сақтап тұрған – ересектер жағы, ал балалар… балалар машинаның қарасы сонадайдан қылт еткенде-ақ аялдамаға қарай жүгірген. Автобустың есігінің аузын жаулап алып, анталасып қалыпты. Қайсыбір шыдамсыздау біреулері дағарадай кең машинаның ішінде әр жерде бір шошайысып отырған бес-алты жолаушының Мәскеуден келгендей шайқатылып жуық арада түсіп бола қоймағанына көңілдері көншімегендей, мойындары қылтиып терезеге үңіліп жүр.
– Ерлан!.. – алғашқы боп жеткендердің біреуі – Елеместің қаладағы интернатта жатып оқитын жетіншідегі сыйдиған қара қызы елден бұрын жерге томп етіп ырғып түскен кішкентай ұлды құшақтай алып, жанындағы құрбыларына: «Міне, көрдіңдер ме! Біздің үйге қонақ келді», – дегендей қуанышты жүзбен жалт-жұлт қарап қойды. Содан соң кенет «құлап қала ма, қайтеді осы…» деген кауіппен баласының соңынан ұмтыла түсіп, бірақ ұлының шалғайынан тартып үлгере алмай қалған жеңгесінің сәл-пәл қобалжыңқы жүзі мен мес қарын былғары сөмкені маймаңдай көтеріп келе жатқан ағасы Төлеутайға көзі түсе кетіп:
– Сәлеметсіздар ме?.. – деп қызарып қоя берді.
– Қалай, Жаңылған… аман-есенсіңдер ме, – деді ағасы, әйтеуір, бірдеңе айту керек болғандықтан.
– Құдалар келді ме?
–Келген…
– Қашан?
– Кеше келді, – деді Жаңылған аяғына жол-жөнекей іле салған әжесінің кебісінің ұшымен табанының астындағы бір қиыршық тасты шұқылап.
– Ал онда, біз де жеттік! – деді Төлеутай қуақылана күлген болып.
– Кәне, жүгіріңдер!
Онсыз да қаладан келген сыйлы қонақтардан қалай жырылып кетудің есебін таба алмай қипақтап тұрған қара кыз, жетегіндегі кішкентай туысқанын дедектетіп сүйреген күйі үйіне қарай жүгіре жөнелді. Жер ортаға жете бере сыртта шай қойып жүрген шешесіне анадайдан айқай салды.
– Апа-а! Ағамдар келе жатыр…
– Не дейд?.. – апасы қапелімде ештеңенің байыбына бара алмай бірауық делеңдеген ұзын сирақ қызына, бір ауық оның жетегінде қып-қысқа аяқтарын аннан-мыннан бір басып, томпаң қаққан бейтаныс балаға көзін сығырайтып тұрып алды.
– Туу!.. Ағамдар келе жатыр десе… – деді қыз апасының жайбарақаттығына ыза болған сыңаймен.
– Ойбай-ау… қаладағы ұл ма? Е, сүйдемеймісің бе, манадан бері. – қыздың шешесі қапелімде абыр-сабыр болып қалды.
– Шал-ау, сүйінші, інің мен келінің келе жатыр. Қаладағы ұл…
Орта жасты қусырып қалған мосқалдау сары жалақ әйел қолындағы шымшуырын тастай салып, көйлегінің етегіне сүріне-қабына бірдеңеден құр қалғандай қонақтарға қарай асыға баса жөнелді.
Төлеутайдың жолсоқты боп қажыған ақ сұрлау өңі лып етіп барып басылды. Жеңгесінің делеңдеген таныс тұлғасында, тіпті сырт көзге сүйкімсіздеу шалынатын сар жалақ еріндері мен бір қарыс қып мол әдіптей салған шұбатылған етегінің көлеңдеуінің өзінде мұның жүрегін еріксіз шым еткізер бір жақындық, өзгеше жылылық бар еді. «Қалай сағынбассың! Ауылды аңсайтының осы ғой…»
– Үйбай-ау, қара басып, тани алмай қала жаздадым ғой, жүдә, – жеңгесі бұрынырақ жеткен Төлеутаймен қалай амандасарын білмегендей қайнысының жүзіне жапақтап қарап қойып, бұларға іле-шала теңесе берген келінінің қолын алып, ерніне тигізді.
– Қалай, аман-есен жүрсіңдер ме, түге. Келгендерің жақсы болды. «Балалар не ғып кешікті?» деп ағаң да тықыршып болып еді… Иә, құда-құдағи, ол жақтағы ел-жұрт тегіс аман ба?
Төлеутай оның қай жақтағы «ел-жұртын» түгендеп жатқанын түсінбесе де:
– Аман-аман… Сіздерге сәлем айтып жатқан, – дей салды.
– Сәлемет болсын! Аман болсын, әйтеуір…
Бұл кезде тарамыстай қатқан, мысық мұрт, ұзын қара кici – Елемес те тысқа шыққан еді.
* * *
Құдалар кеше келіпті. Түске дейін тойын тарқатып, бүгін Елеместің құда-құдағиларымен оңаша қалған сәті екен. Төлеутай осы маңайдағы екі-үш ағайыннан өзгесін жөнді танымаса да, бейтаныс кісілердің тоқмейіл, нығыз отырыстарынан-ақ олардың құдалар жағынан екенін айтпай аңғарды. Шетінен қол беріп амандасып шықты. Құдалар жағы әп дегеннен өздерінің сыйлы, үлкен адамдар екенін ұмыта алмай біразға дейін шет жұрттан келген елшілердей шіренісіп, онша елпектей қойған жоқ. Мұның сәлемін еріндерінің ұшымен ғана алысты. Тек төрдің ортасында ширатылып отырған қасқа бас, келісті отағасы ғана қоп-қою, бурыл мұртын маңғаздана сылап қойып:
– Бала-шаға сау ма? Көш-көліктерің аман-есен жетті ме? – деп, көшелі кісінің салтымен қысқа-қысқа амандық сұрасты. Төлеутай құрметті қонаққа қалай жауап қайыруды шамалай алмай сәл-пәл қысылыңқырап:
– Шүкір-шүкір… Өздеріңіз де аман-сау жүрсіздер… Мал-жан, бала-шаға тегіс бақуат болар?.. – деп, екі-үш ауыз сөзді үзіп-үзіп әрең айтып шықты.
Жас жігіттің жауаптасуына риза болып қалғандай бірсыпырасы «бұл бала қай ауылдыкі?» дегендей, бір жаққа жүріп кеткелі отырғандай тізесін ғана бүгіп, табалдырықтың көзінде қалшиып қалған Елемеске сұрақты пішінмен елеңдесе қалды.
– Бұл – әлгі біздің қаладағы ініміз болады, – деді үй иесі әдетінше саулы інгендей ыңырсып. – Қош! «Бір ата осы. Мынадан бесеу едік, өле-өле алтау болдық» депті ғой ілгерідегілер. Міне, сол бір атадан қалған жалғыз тұяқ, біздің кешегі соғыста жоқ болатын ең үлкен ағамыз – Тiлемістің жұрағаты.
Елеместің егжей-тегжейлі жауабына риза болды ма, әлде Төлеутайдың бір атадан жалғыздығы себеп болды ма, жаңағыдай емес, қонақтар кәдімгідей жіби бастады.
– Е, жөн-жөн!.. Апталдай азамат болыпты ғой.
– «Жалғыздың жары Құдай» деген…
– Көп болғанда жау қырар деп пе ең?
– Тігерге тұяқ қалса болды да, – деп тұс-тұстан іліп алып кетті.
Төлеутай, бір жағынан, ағасының тура шежіре теріп отырғандай бұның түп-тұқиянын термелеп кеткеніне қысылыңқырап қалса да, сәлден кейін үй ішіндегі бейтаныс кісілермен жарастық тапқандай болып, емін-еркін жайғаса бастады. Лезде екі иінінен демін алып самаурын да дайын бола қалды.
Елемес ел-жұртына беретін құдайысын кеше өткізіпті. Бүгін кешке ауыл азаматтары мен игі жақсылар ғана шақырылып отыр екен. Олардың жартысы Елеместің көршісі Бұқарбайдыкіне бөлек кіретін болып келісілді. Кешкі жетінің шамасында қонақтар әдеттегідей үздік-создық, біреу-жарымдап, асып кетсе екеу-үшеулеп, ағып-тамып жинала бастады. Күні бұрынғы уағда бойынша, ферма меңгерушісі Шардарбек бастаған игі жақсылар – әрдайым бірдеңеге көңілі бітпей кіржиіп жүретін қасқа бас веттехник пен жайраңдаған жас дүкенші Әутай, институтты жақында ғана тауысқан ұялшақ жас зоотехник пен бүкіл бір тайпа елдің маңдайындағы жалғыз мұғалім ақ бас шал Көкінайлар – құдалардың үстіне кіргізілді. Әдепкіде құдалар мен ауылдың игі жақсылары үйірі басқалығын танытып бір-біріне анадайдан жалын күдірейтіп, тым-тырыс қана болысып, мықтағанда бір-бірімен еріндерінің ұшымен ғана тіл қатысып, екі топ боп бөлшектеніп отырды.
«Біз де бір елдің дәуіміз…» дегендей, нақ төрдің алдынан мызғымастан қалған бурыл мұрт, ауылдың игі жақсыларын «адам келді-ау» құрлы көрмей, көлденеңінен сұлаған күйі үнсіз жатып алды. Мұны сезіп Шардарбек те қиқайып қалды. «Мұртыңды ұрайын… Менің бір складымның құлпын ұстауға жарамайтын жаман неменің шіренуін. Ал сен қылғанға мен қылдым…» дегендей, ол да келесі жаққа қарай қисайды. Бурыл мұрт пен Шардарбек бүйткен соң қалғандары солардың сыңайынан асып кете алмай, бір-бірлеріне қабақтарын сыпайы ғана сыздатып қойып, үнсіз қалды.
Бұл – Төлеутай үшін, тіпті қиын болайын деді. Дастарқан иесі болғандықтан ауық-ауық:
– Ау, Бәке, Шәке!.. Шай алдырыңыздар. Кәне, мынадан бір жүз грамм көріп жіберейік… Қап, қуырдақ та суып қапты-ау, – деп, екі жағына кезек-кезек жалтақтаумен сілтеледі. Онымен жөнді еңбек қайырып жатқан олар жоқ: шытыр жеп келгендей анадан-мынадан бір шұқып, еріндерін қыбырлатады да қояды. Әрі-беріден соң Төлеутайдың да «шайтаны» қозайын деді. «Өлмесеңдер, өміре қап! О несі, жүдә, соншама шіренгендері. Ал тастайтын тауларыңды тастап-ақ жіберіңдерші!..» – деп бұл да үшінші бір жаққа қыңырайды. Қайта бұнысы дұрыс болды: енді қыстайтын, жалынатын кісінің қалмағанын сезгеннен кейін екі жақ бірте-бірте үнсіз мәмілеге келгендей болып, қозғала бастады. Бірақ жуық арада Төлеутайдың ашуы сабасына түсе қоймады. «Бұл не, той ма, әлде бір-біріне аңдыспақ құрған жасырыну ойыны ма?!. Әй, қазекемнің осы бір ит мінезі-ай! Қашан қояр екенбіз осыны!» – деп өз-өзінен іштей шат-шәлекей болды да қалды. Бір ауық «Қап, мана Елекеңе бекер-ақ уәде бере салған екенмін. Маған қайта сол қазан-аяқ жағы оңды еді. Өзіміздің жігіттермен Бұқарбайдың үйінде отыратын едік жайраңдап», – деп бір қопаңдап қойды.
Шай мен еттің арасындағы бір үзілісте Төлеутай сытылып тысқа шықты. Төңірек тастай тұман екен. Аппақ бу дүниені тегіс тұмшалап тастаған. Дария жақтан болар-болмас жылы жел еседі. Есіктің алдындағы жерошақта жалпылдап от жанып жатыр. Жаңа сойылған малдың ішек-қарнын аршып, бас-сирақ үйіткен жас қатындар әлденеге көңілдене даурығысып, олай-бұлай жүгірісіп жүр. Бұқарбайдың үйінің алды да үйме-жүйме. Онда да от жанып жатыр. Ауадан көпірсіген құйқа иісі шығады.
Төлеутай қапелімде әлденеге желігіп, қазандықтың астына от тастап отырған жеңгесі Қатшаның жанына қалай жетіп барғанын өзі де аңғармай қалды.
– Ағам қайда?
Қатша олпы-солпы шашылып жатқан көйлегінің етегін жалма-жан қымтай қойып, қапелімде абыр-сабыр болып қалды.
– Жаңа ғана жүрген. Қора жаққа кеткен шығар… Әй, Жаңылған, көкеңді шақыршы. Тез келіп кетсін, ағам шақырады де.
– Жә, керегі жоқ, – деді Төлеутай қораға қарай жүгіре жөнелген манағы қыз баланы жолдан тоқтатып. – Мені іздей қалса, мына Бұқарбайдың үйіне кіріп шыққалы кетті де. Кемпірге сәлем беріп шығайын.
– Е-е, бара ғой. Мен-ақ айтам ғой. Енді қолы босады, кісілерді өзі жайғар, – деді жеңгесі.
Төлеутай мына ырың-жырыңнан оп-оңай құтылғанына қуанып кетті.
– Жарайды, онда біраз отырып, қайтып келермін.
Төлеутай салып ұрып Бұқарбайдың тоқал тамының қиюы қаша бастаған ағаш есігін шиқ еткізіп, қара көлеңке шоланға кіріп барды. Кіре берісте-ақ қалай болса солай ретсіз шашылып жатқан көп аяқ киімге сүрініп үлгерді. Төргі бөлмеден араның ұясынша гүжілдеген дыбыстар естілді. Ол әлгінде өзінің жаңыла қоймағанын, жігіттердің бұл кезде едәуір қызып қалғанын айтпай-ақ түсініп, миығынан жымиып койды. Бәтеңкесін апыл-ғұпыл шеше салып, әуелі ұзынша коридордың бір шетінде қиыстау қалып бара жатқан асханаға бұрылды.
– Кеш жа-а-рық!.. – самаурынының жанында отырған Бұқарбайдың жас келіншегі жалма-жан атып тұрып, көрпе жаюға кірісті.
– Сәлеметсіз бе, төрге шығыңыз!
Пештің түбінде мұрны қызарып, шайдың ләззатына алаңсыз берілген болбыраған ақ кемпір үстеріне беймезгіл кіріп келген жас жігітті әлгі ішіп алғандардың жаңылысып бұрылған біреуі ме десе керек, аяқ астынан елпілдеп қалған келініне көзінің астымен бір қадалып алып:
– Саламат па, жарығым! Бұқарбайжандар анда ғой… ана төргі бөлмеде отыр, – деп түкпір жақты көрсетті.
Орнына енді отыра берген жас келіншек көздері оқыс күлмең қағып, мырс ете қалды.
– Әже-ау, бұл кісі Төлеутай ғой!..
– Не дейді?!.. Ойбай-ау, әлгі өзіміздің Төлеутай ма? Әне, мен сүйтем енді… О, жарығым, Кәмиланың жалғыз ботасы, – деп, кемпір аузына апара берген кесесін жалма-жан дастарқанға қоя сала, қолын ұсына берген жігітті еңкейтіп, бетінен шопылдатып сүйе бастады. – Қап, айналайындар-ай, қашан келіп қалдыңдар? Үй ішің, бала-шағаң тегіс аман ба?
– Аман-аман… – деді Төлеутай жадырай күліп.
– Келін де келді ме?.. О, заман-ай, Кәмила пақыр да томпиып жатыр мекенінде. Енді қайтсін. Ерте кетті ғой асылым, – кемпір көздері сығараңдап, кірпігінен домалап түскен екі-үш тамшыны тамыры адырайған етсіз саусақтарымен бырт-бырт сығып алды.
Төлеутайдың да көңілі босап кетті.
– Ал былай төрге шық. Шай іш… – деді кемпір.
Төлеутай енді бұл араға тізе бүгіп отыра алмасын түсінді. Сондықтан:
– Рақмет, әже! Мен нан ауыз тиейін. Тек сізге сәлем бере шығайын деп… – деді үні сәл-пәл діріл қағып.
– О, құлыным!.. Сәламат бол, жарығым. Енді біз де қанша отырар дейсің. Жаман әжең де жүр, әйтеуір, қалт-құлт етіп…. Онда ана Бұқаржандарға бара ғой.
Төлеутайдың сып етіп, елеусіздеу кіріп келгенін бірінші болып аңғарған есікке таяу отырған Бұқарбай болды.
– Жігіттер! Ал, ендеше!.. Төлешті қараңдар! – деп, әдеттегі салдыраған ақ көңіл мінезімен жұрттан бұрын ұшып түрегелді. – Ал, кәне, төрге шық! Апыр-ай, сені де көретін күн бар екен-ау!..
Картаны орталарына жайып тастап, алқа-қотан отыра қалған көпшілік ду ете қалды. Төлеутай Бұқарбайдың темірдей қарулы құшағынан әзер босанып, отырғандардың шетінен қолынан алып шықты. Қалаға кеткен жерлестерін бәрі де сағынысып-ақ қалған екен.
Үлкендер жағы:
– Сәламат па, Төлеш! Үй ішің тегіс аманшылық па? Денсаулық жақсы ма? – деп елпілдесіп қалыпты. Желауыздау екі-үш құрдасы бар еді, олар да осында екен. Әлгілер мұны жөндеп амандасуға үлгертпей, аяқтан шалып жатыр.
– Ой, енеңді! Бағанадан бері қайда жүрсің, ей?
– Құда-құдағишылын, бұның? Немене, құда бізден үлкен бе екен?!
Төлеутай да есесін жібергісі келмеді.
– Ой, ессіз шуылдақтар! Осы сендерге ақыл қашан қонар екен? Алыстан алты жасар бала келгенде, алпыстағы шал сәлем беруге барады екен баяғыда. Ендеше, сендерге жол болсын! Әй, осыларды да адам деп… Қайта менің тұзым жеңіл екен. Солай ма, Әбеке, – деп осы отырғандардың көбінің үлкені тракторшы Әбілдаға қарады. Әбілда да, қалған көпшілік те:
– Дұрыс-дұрыс!.. Төлеутайдыкі жөн, – деп, жабыла қоштап кетті.
– Е, ендеше бопты, – деп, Төлеутай әлгі қыршаңқы тілдің біреуіне жамбастай отыра кетті. Анау:
– Әй, мынау өлтіре ме-әй?! Көптен бері Сағиланың қасына түнемеген ғой өзі, – деп, тырқ-тырқ күліп, амалсыздан іргеге қарай жылжыған болып жатыр.
Соның арасынша тайпақ подносқа қаз-қатар тізіліскен стакандарын мөлдіретіп Бұқарбай да жетіпті.
– Ал, жігіттер! Картаны сәл қоя тұрыңдар. Мынау Төлештің келер аяғы. Так што, бұның орны бір бөлек, сондықтан тәлімсімей, түбіне дейін алып қоясыңдар!
Онсыз да әлекейдей жаланып отырған жігіттер мұнан әрі жалындырған жоқ, кәнігі әдістеріне салып тартып-тартып жіберді. Аздан кейін карта қайта қызды. Ойынға Төлеутай да араласты.
– Көптен бері «күліс» көрмей делебем қозып жүр еді… – деп, жымыңдап қойды.
Әп дегеннен-ақ Төлеутайдың қолы шықты. Ақша деген қырғын-ақ екен. Лезде алды қобыраған сары ала, көк ала қағаздарға толып шыға келді. Картасы келген ойыншы әр алғанда қырық-елу сомнан кем көтеріп отырған жоқ. Төлеутай қапелімде шала байып қалды. Әрі-беріден соң қолының қайтпасын сезіп, арасында ұтырын тауып, «қорқытып» та алып отырды. Бірде Бұқарбайға, қолында түк болмаса да, өп-өтірік жүз сомнан асыра айдап жіберген. Анау ойланып-ойланып күлісін тастап койды. Сол жолы жерден екі жүздей көтерді. Ақша алдына келгеннен кейін картасын жарқыратып ашып тастаған. Қағазының үшеуі үш түрлі. Ойыншылар ду ете қалды.
– Әй, мына Төлеш жүректі ғой…
– «Мірлесе» ғой, сөзсіз айырылатын жері…
– Өзіміз қанша ойнап жүргенде өйте алмаймыз, – десіп жатыр.
Бұқарбай бұған намыстанып, кәдімгідей қызарақтап қалды. Төлеутай әрі картадан қолы шығып, әрі жігіттердің көтермесіне масайрап, біраз қызып алғаннан кейін оңды-солды есіп-ақ отырды. Жанындағы көтермешілеріне ауық-ауық «мә, парт» деп, алдындағы сары ала, көк ала қағаздардан олай-бұлай сүйреп салып отырды. Не керек, айналасы бірер сағаттың ішінде бүкіл кештің еркесі болып шыға келді. Жұрт та қызық қой: Төлеутай бірдеңе десе аузынан шыққанын Құранның сүресіндей қастерлеп, қақпақылша қағып ала қояды, ол күлсе, жабыла келіп күледі: екі сөзінің бірінде «Біздің Төкен ер ғой…» деп, басқаның емес, Төлеутайдың ер боп шыққанына риза болғансып, жалбақтаса қалады. Бұл – әрі-беріден соң ішіп алған Бұқарбайдың намысына тиейін деді. Тіпті біраздан соң шыдамы жетпей:
– Сендер, немене, бәрің соған жалбақтаса қалғандарың?! Өмірлеріңде қаланың қуын көрмеп пе едіңдер?! – деп қағытқан болса да, іштегі қыжылын аңғартып алды.
Бірақ Төлеутай тумысынан соншалықты дарқан жігіт пе, әлде қолы шығып отырған кісінің терісі кең бола ма, әйтеуір, ондай қақпайларға ашуланған жоқ. Ашуланудың орнына:
– Асықпа, көресіңді әлі қаланың қуынан көресің, – деп, әзілді-шынды күлді.
Бір ғажабы, Төлеутайдың қолы бұған қарама-қарсы жақта отырған Бұқарбайға қарсы шығумен болды. Екеуі қапелімде карталары шығып, тоқты қошқардай бір-бірімен шапа-шап келеді де қалады. Бұқарбайдікі «күліс» болса, Төлеутайдікі де «күліс» болып шығады және бұныкінің бірер саны артық болады, тіпті кейде жартысы артық болып күйдіреді. Ананыкі «палкі отказ» болса, бұныкі «тұз отказ». Ананыкі анадай болса мұныкі – мынадай. Әйтеуір, жеме-жемге келгенде, Төлеутайдың қолы үстем шығады. Бұған Бұқарбайдың іштей ашулы екенін біліп, бірер рет Төлеутай «парт» бермек болып еді, анау одан сайын қитығып:
– Керегі жоқ. Мен сенің партнерің емеспін, – деп алмай койды.
Өстіп отырғанда, екеуі ойламаған жерден шекісті де қалды. Бұқарбай отырып-отырып:
– Сен жұртқа білдірмей карта жасайсың, – деп салды.
Төлеутайдың жүзі табан астында әлем-жәлем боп, түтігіп кетті.
– Сен иттен басқаны күтсем де, мұндай жалақорлықты күтпеп едім, – деді дір-дір етіп.
– Мә, саған ит! – деді Бұқарбай орнынан атып тұрып.
Содан соң, айтып ауыз жиям дегенше болған жоқ, Бұқарбайдың келдектің басындай ғана мықыр, қарулы жұдырығы көзінің аңғалағын солқ еткізді. Төлеутай басы шыңылдап, бірер секундқа есін жия алмай қалды. Жүрегі қапасына сыймай тарсылдап кеткен екен: атып тұрып тұра ұмтылғаны сол еді, екі жігіт екі жағынан асыла кеткені…
* * *
Төлеутай үстіндегі екі-үш кісі емін-еркін сыйып кететіндей мол ғып, олпы-солпы пішіле салған көлдей көрпені ызалана сілкіп тастап, келесі қырына аунап түсті. «Қап-қап!.. Әй, өмірінде мұндай күймес. Тіпті Бұқарбайдың орнында басқа біреу болса да, дәл мұншалықты күйінбес еді-ау… Жоқ, жоқ! Төлеутай бұл қорлықты ұмыта алмас».
Манағыдай емес, сәттен-сәтке үйдің іші ағараңдап, айнала көмескі көріне бастады. Елеместің Құдайдан өлшеп сұрап алғандай екі елі терезесінен таң сәулесі қылаңытқандай болды. Төлеутай кеберсіген еріндерін жалап-жалап қойып, қолдары дірілдеп, киіне бастады. Аздан соң сыртқа шықты.
Болар-болмас таңғы самал денесіне майдай жағып барады. У жұтқандай болған іші-бауырының өт татыған қыжылы да ептеп қайтайын дегендей. Төлеутай костюмін желбегей жамылған күйі көйлегінің жағасын ерте көктемнің елбіреген жібек самалына ойнатып, ауылға мінбелей төніп кеп қалған ақ шағылға қарай беттеді.
Биікке шығып, бірауық жоқ қараған кісідей аяғының астында тостағандай төңкеріліп жатқан шағын ауылға, біресе әлі дымқыл тұманнан серіле алмай тұрған көкжиекке сүзіліп ұзақ тұрып қалды. Алыстан дарияның осы тұсқа келе бере шығысқа қарай доға жасап, майыса иілген жарлауыт қабағы – Ақ иін қарауытты. Кенет сол тұстан күтірлеген жойқын дыбыс дәрісі көп салынған аңшы мылтығындай гүрс-гүрс ете қалды. Төлеутай арнасы орта түсіп кеткен шалқар өзеннің үстінен сыздықтай көтерілген аппақ буды, төбесі ғана қылтылдаған биік-биік сеңдердің баяу ағысын енді барып аңғарды. Ақ иіннің қылтасы деп аталатын дарияның енсіздеу тұсындағы бір-біріне мінгескен сеңдерді де жаңа-жаңа шырамытқандай болды. Әлгі гүрсіл сол жақтан шығып жатыр екен. Мұз көшкіндері өзеннің қыз белденген енсіз иінін көлденеңінен буып тастапты.
Қаладан келген қонақтың тұла бойы шымырлап, мына тосын көрініске қадалды да қалды. «Жарықтық-ай, тасып жатыр екен ғой!.. Апыр-ай, көптен бүйтіп тасымап еді», – деп күбірлей берді. Соңғы жылдары анда-санда бір соққанында кейде ауылдағы кәрі-құртаңның: «Ақ иіннен береке
қашайын деді ғой. Ең ар жағы дария екеш, дария да тасуын қойды», – деп отыратынын еститін. Төлеутай қазір қарттардың сол сәл нәрсеге бола ақыр заманды ауыл үй қондыратын уайымшыл мінездерін есіне алып, жымиып қойды. «Е, бәсе, неге тасымасын. Жарықтық, салтын, дәстүрін ұмытпапты. Әнең қара!.. Туһ, мынау не деген сең, шырағым-ау?! Тіпті ана жерге кішігірім тау тұрғызыпты ғой!..» – деп қуанып кетті.
Жігіттің көз алдына сонау қиялдай болып қалған балалық шағы келді. Ақ иіннің көкмайсасына қаз-қатар тізілген киіз үйлер, сәске түс мезгілінде әр жердегі жер ошақтардан еріне сыздықтаған тезек түтіні, жағалаудағы ақ құмақта олай-былай тыраңдап жүгірген бала-шаға, айырларының тілдері күнмен жылт-жылт шағылысып жұмыстан оралған шөпшілер… Әне, әнеубір тұста марқұм, топырағы торқа болғыр, қара кемпірдің, мұның шешесінің өзі секілді томпиған төрт қанат жолым үйі қалқиып тұратын. О, дүние-ай!.. Қайтіп асыраған шеше еді. Ол кезде балалықпен нені аңғарыпты, сөйтсе мұны көл-көсір бейнетпен… аузына тістеп жүріп ер жеткізіпті-ау.
Төлеутайдың көзіне еріксіз жас үймеледі. Көз алдына өткен-кеткен өмірі, жаза бастағанда оқушы дәптерінің бір парағына әзер жетіп жығылар тіршілігі келді.
Ақ иін мұның кіндік қаны тамған жері еді. Он сегізді толтырып қашан әскерге аттанғанша күйеуінен жиырма бесінде жесір қалып, бүкіл өмірін: әуелі соғысқа кеткен жан жарын, одан соң соның артында қалған жалғыз ұлының ел болып ер жетуін тосумен өткізген, сондықтан да жасына жетпей кемпір атанған жалғыз шешесі Кәмиламен бірге осында өткізді. Осындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң жалғыз шешені қиып кете алмай, екі-үш жыл ауылда әртүрлі қол жұмыс атқарды. Шөпші де, қорашы да, қойшының көмекшісі де болды. Дәл әскерге ілігетін жылы сол қарайлап жүрген шешесі екі-үш күн әлдеқалай тұрып жығылып жүрді де, кенеттен үзіліп жүре берді. Бұлай болар деп Төлеутайдың үш ұйықтаса түсіне кіріп пе? «Менің шешем де өлер-ау, «тіршілік бар, тіршілік бар жерде қаза бар…» деген қарапайым өмір қағидасы бұл үшін мүлде тосын, түсініксіз еді ғой. Әрі көзінен үнемі бір мұң арылмайтын, үлкен түгіл бес жасар баланың бетіне «шәйт» деп тіке келіп көрмеген сол бір шүйкедей қара кемпір пенде болып, ыңқыл-сыңқылды білген емес-ті.
Әлі есінде, бұлар бір топ жұмысшы боп кеңсенің алдындағы отын сарайға сексеуіл түсіріп жатқан. Екі күн жүріп, құмнан келген беттері сол ғана еді. Кенет көрші келіншектердің біреуі жүгіріп келіп, анадай жерде бұларды сырттай бақылап тұрған бригадир Тілепбайдың құлағына сыбыр-сыбыр ете қалды. Жайбарақат тұрған бригадир қапелімде әлденеден шошып кетіп:
– Қашаннан бері?! Осы кеше емес пе еді со кісінің кіріп-шығып жүргені? – деді абдырап.
Келіншек ананың сөзді соза бергенін жақтырмай, кіржің ете қалды:
– Түу, Құдай-ай, болсаңшы енді… – деді де, жалт бұрылып келген жағына қайтадан жүгіре жөнелді.
– Әй, Төлеутай, таста көктігілгірді! Жігіт бригадирдің булыға шыққан әмірлі үнінен әлдеқалай тіксініп, тұла бойы шымыр ете қалды. Бұл бастығының жанына келгенде күздің көңілсіз күні қызғылт күреңденіп, ұясына жылжып бара жатыр еді.
– Апаңа бар… – деді Тілепбай батар күннің соңынан көзін алмаған күйі даусы дірілдеп, – қысылып жатқан көрінеді бейшара…
Алғашында Төлеутай ештеңеге түсінбеген күйі сең соққан балықтай бір орнында мәңгіріп тұрып қалған. Кенет Тілепбай оқыс ақырып жіберді.
– Бар енді!..
Бұдан әріге өзі де шыдамай, теріс айналып жүре берді.
Жас жігіттің жүрегі су ете қалды. Әлдебір жаманшылықты сезгендей үйіне қарай ышқынып ала жөнелді. Екі өкпесін қолына алып кіріп барса, көрші-қолаң, абысын-ажын жиналып қалыпты. Төлеутай сол жүгірген күйі есік алдында топырлаған бала-шағаны итере-митере пеш түбінде бір уыс болып шүңкиіп жатқан шешесін барып құшақтай алды. Бұл алғашында қатты таңғалды: шешесінің жанары таймаған кішкене қысықтау қара көздері жайшылықтағы мейірімді қалпымен бұған мүлде жайбарақат қалыппен емірене, аймалай қадалып жатыр екен.
– Құлыным!..
Төлеутайдың ана аузынан естіген соңғы сөзі осы болды. Осы үздіге шыққан жалғыз ауыз сөзбен бірге оның сәл кермектеу болса да, қамсыз өткен балдырған балалығы «Қош! Қош! Қош!..» деп, ең соңғы рет ышқына айқайлап жөнеле бергендей еді. Төлеутай өкіріп жіберді. Бір сәт күллі арман-үміт адыра қалып, дүние шыр көбелек айналып жүре берді…
Шеше өлімі жас жігіттің онсыз да қамкөңілдеу жүрегін тілкемдеп кетті. Бір қожалықта аңырайып жалғыз қалып бара жатқаны есіне түскенде, көкірегі қайғыдан еңіз-теңіз болды. Тұңғыш рет өмірге өкпеледі. Оның заңының безбүйрек қаталдығына, әділетсіздігіне ызасы қайнады. Тіпті мына жалғанның опасыздығын әлі қатайып, пісіп-шынығып үлгермеген балаң жаны алғаш рет қапысыз сезінгенде, бұл дүниеден екі қолын төбесіне қойып безе жөнелгісі келген кездері болды. Күзде ол әскерге алынды…
Жан жарасы тым баяу біткенмен, ол да қара қотырланып, кәдімгідей жазылады екен. Төлеутай ақыры «уақыт» атты емшінің дегеніне көнді. Екі жылын бітіріп, елге оралды. Обалы не керек, ағайын-жекжат әскерден келген алғашқы бір айда мұны құрмет, қошеметтен кенде қылған жоқ. Қолдан-қолға түсірмей, ферма орталығындағы отыз үй отыз күн қонақ етті. Шешесінің көзін көрген бірсыпыра абысын-ажындар соқталдай боп бой түзеген солдатты көргенде, Кәмиланы еске алып, пырс-пырс жылап та алды. Бірақ бәрібір Төлеутай ауылға сыймайтын болды. Әрі-беріден соң ағайын да мұның жалғызілікті халін ұмыта бастады. Ақыры қалаға кетіп тынды. Екі-үш айдай уақыт сондағы құрылыс орындарының бірінде жұмысшы болып жүрді де, қысқа қарай тепловоз машинистерін даярлайтын техникалық мектепке оқуға кірді. Курсты бітірген соң екі-үш жылдай машинистің көмекшісі, содан соң дырдай машинистің өзі болып шыға келді. Жатақханадағы облыс орталығына өзі секілді әр қиырдан жиылған жас жігіттермен бірге екі жылдай бойдақшылық салтанатын құрды. Сөйтіп жүріп, осы Сағилаға кезікті. Отбасын құрды. Ұлды болды. Әуелі бірер жыл пәтер жалдап, баспана қиындығына кезіккенімен, артынша-ақ соның бәрі көрген түстей өте шыққан. Қаланың батыс жағынан бой көтеріп келе жатқан әсем шағынаудандардың бірінен көп ұзамай-ақ бұған да сыңғырлаған екі бөлмелі пәтердің кілті тиді. Пәтер болғанда қандай: баяғы ауылдағы бықсып-сықсып отыратын тоқал тамдарға қарағанда жұмақтың төріндей десе болғандай. Енді елдегі бірен-саран ағайын-жекжат зәуде бір жұмысы болып қалаға келе қалса, қолындағы бір жапырақ қағазға жазылған адреске шұқшиып: «Пәленшеевтің куартирі қайсы екен? Жолдас, жөн сілтеп жібермес пе екенсіз?..» – деп, бұлар тұратын бес қабат үйдің подъездерін жағалайтынды шығарды. Алыстан ат сабылтып ағайын іздеп келіп тұрса, бұған қалай қуанбассың, әсіресе Төлеутай секілді қамкөңілдеу жігітке бұл – зор мәртебе. Төлеутай бұған кәдімгідей-ақ марқайып қалатын, тіпті алғашқы бір кездерде көлденең келген көк аттыларға бола тәп-тәуір айлығының қақ жартысын жұмсап жіберіп, авансқа қарап қалған күндері де болды. Әрине, сый-сияпатты түсінбейтін ағайын ақымақ емес, екі-үш күн жатып, келген шаруасын бірыңғайлағаннан кейін әдейі осыларды қонаққа шақыру үшін келгендей жатып кеп жабысады, келіншегі екеуін қонаққа шақырады. Мұндайда сылтау да табыла қалғыш: біреуі жуырда жұмыртқаның сары уызын беріп әлпештеп өсірген тұңғышын ұзатпақшы, біреуінің баласының сүндетке отырар мезгілі таяп қалған, келін алам деп қапылып жатқандар да бар. Бармай көр! «Біз не, анадан кембіз бе?» – дейді. «Оған барып, бізге бармайтындай жазығымыз жоқ еді ғой», – дейді. «Ырғалып-жырғалып, кәделемей-ақ қойыңдар, осындайда ағайынға бастарыңды көрсетсеңдер болғаны», – дейді. «Ең болмаса осындайда шешеңнің орнын көріп қайт, екі себеп – бір себеп», – дейді. Мұндай қолпаштан кейін Төлеутайдың құлағы кәдімгідей-ақ елеңдеп қалады. Сағиланың көңілділеу сәтін қолайлап, өзімен-өзі кеңескендей ғана болып: «Шынында да, Ақ иіннің суына бір шомылып, құмына аунап қайтсақ та артық болмас еді», – дейді. «Ауылдың ауасы бір жұтсаң да шипа ғой, шіркін, адамдары қандай бауырмал!..» – деп арман қылады. Қойшы, ақырында, жалынып-жалпайып, келіншегін жол қаражатына, сәлем-сауқатқа кететін отыз-қырық сом шығынға үгіттеп көндіреді. Расында, кей-кейде Төлеутай Ақ иінді қатты аңсап жүреді. Сыртынан Сағилаға: «Ұят қой, ағайынның көңілі қалады», – деп жақауратқанымен, алдымен, өзінің аңсары ауып, алабұртып тұрады. Ағайынның көңілі, той-томалақ дегендер сылтау ғана. Қырдың жауқазын гүлдеріндей жарыса өскен құрбыларын, ауылдың шет жағында жапырайып тұратын шешесі марқұмның түтін түтеткен екі қоржын тамын сырттай көзбен де болса бір аймалап өтсе, бұл үшін одан артық сый жоқ.
Шешесін есіне алғанда Төлеутайдың көңілі тағы босап қоя берді. «Анашым, кешір мені… Қайтейін, өмірің келте болды ғой. Әйтпегенде, кім біледі, сен де бір үйдің төрінде жаулығың шошайып отырар ма едің…»
Ол көпке дейін осы тақылеттес бір-біріне шырмауықша айқасып, жуық арада біте қоймайтын әлдебір езгек күйден арыла алмай, қыр басында жарбиып тұрды да қойды. Бір ауық көптен ат ізін салмай кеткен ауыл сыртындағы шешесінің бейітіне соға кеткісі кеп те оқталды, бірақ жеме-жемге келгенде дәл қазір, бейуақытта олай қарай беттеуге жүрегі дауаламай, тайқи берді. «Ендігі бір келгенде басына бір мал атап, шалдарға Құран оқытып жіберуім керек екен өзі, – деп ойлады, тым құрыса, аруағы риза боп жатсын».
Тұман сейіліп, көкжиекті шымқап алған буалдыр бірте-бірте бұлдырап алыстай түсті. Жауынның дымқыл иісі көкіректі кернеп барады. Түні бойы мол ылғалға мөлдектеп шыққан бұта-бұтаның бастары қорғасын құйғандай еңсесін төмен салып, сылбырап қалған. Сәлден кейін қыраттың астынан жылтиып күн көрінді. Ауыл қол-аяғын жинап, пештің түбінде жатып-ақ қартайған жалқау мысықтай манаурап, дел-сал ояна бастады. Әлдеқайдан сиыр мөңіреді. Әлдекімнің шау тартқан маңғал төбеті мұрнының астынан мыңқылдап бір-екі мәрте әупілдеді де, артынша тына қалды. Қора-қораның есік алдарынан шелектерінің баулығы сылдырап, ұйқысы қана қоймаған
әйелдер көрінді.
Ол кенет біреудің ту сыртынан тық-тық жөтелген үніне елең етіп, жалт бұрылды да, Елеместің қора-жайын жанай өтетін кішкене сәйкеге асыла берген Бұқарбайдың кескен томардай домаланған таныс пішімін көріп, бір орнында қалшиып қатты да қалды. Аяғына қоңылтаяқ сұға салған керзі етігін тырпылдатып сиыр айдап барады. Біреу абайсызда ұрлығының үстінен түскендей Төлеутайдың құлағына дейін ду ете түсті. Бір сәтке демін ішінен алып, не істерін білмей дағдарған пішінде тағы да сәл аялдады. «Ит-ай! Ит-ай!..» Анау бұны шынымен-ақ аңғармады ма, аңғарса әдейі істеп бара жатқан қыры ма, езуіндегі шылымын бұрқ-бұрқ еткізіп: «Ә, қарасан келгір! Әй, өк былай, өк!..» – деп, құдыққа қарай қыңыртықтай берген қызыл сиырды қолындағы шіліктің солқылдаған шыбығымен тартып жіберді. Қаладан келген қонаққа ол сиырды емес, сиырды сылтау қылып сыртынан шарасыз аңтарылып қалған мұны нықыртып бара жатқандай көрінді.
Төлеутай «Әй, ит!.. Тоқта!» деп айқайлап жібере жаздап барып, ернін тістей қойды. Өйткені дәл осы сәтте Бұқарбайдың белі бүкірейген кәрі шешесі құманын көтеріп, дәрет алуға тысқа шыққан еді.
Ол іштей дымы құрып, теріс айналды…
* * *
Түс қайта Төлеутай қатын-баласын жетелеп, дүкеннің түбіндегі автобус аялдамасына қарай беттеді. Құдаларын көңілдегідей у-шусыз аттандырып «уһ» деп демін бір алған Елемес кетерінде бұларды аз-кем бөгеп тұрып:
– Ал айналайындар, бізді сый тұтып келгендеріңе көп рақмет! Өстіп жиі-жиі қатынап тұрыңдар. Ағаңның бар жағдайы осы. Ана торы биенің құлынын Ерланға енші қылғаным. Әйтеуір, қолдарың қалт еткенде, бізді де ұмытпай жүріңдер, – деді.
Жеңгесі Қатша да қонақтарының дорбасына оны-мұны тыққыштап, томпиған бес жасар Ерланды бауырына басып, жік-жапар болып жатыр. Арасында көзінің астымен қайнысының сәл-пәл ренішті жүзіне де жалтақтап қояды.
–Аға, жақсы енді… Келіп тұрамыз ғой, – деді Төлеутай қанша тырысқанымен қабағындағы кірбіңді жасыра алмай. «Келіп тұрамыз ғой…» дегенмен көзінде: «Жуық арада келе алар ма екенбіз. Әй, қайдам, келе алмайтын шығармыз» деген жазу тұрды.
Бұлар тым ертерек шыққан екен. Көктемнің сұп-суық өкпек желінің астында автобусты көп күтіп қалды. Әрі-бері тұрғаннан кейін Сағила баласын ертіп, анадай жердегі дүкен қарауылының ағаштан қалқайта салған күркесіне барып отырды. Әйелі «сен де жүрсейші» деп мүсіркей қоймағаннан кейін Төлеутай плащының етегі желпілдеп, сол тымырайған қалпы жел өтінде қала берді. Мұнартқан аспан тым әріге алыстап кеткен тәрізді. Жұлым-жұлым ақша бұлттар көк жүзінде әлдеқайда жөңкіп барады. Көшеде бейсауат жүрген адам көрінбейді. Құйрықтары қалпылдап, әр жерде шоқиып-шоқиып, ұзақ қарғалар отыр. Кенет Төлеутайдың көзі ауылдың шығыс жақ бетінде құрбыларынан шеттеп, басына ойда-жоқта жалғыздық түскен қамкөңіл баладай бір қиырда бөлек қалған баяғы өздерінің тоқал тамына түсе кетті. Тамның сыртқы тұрпатының өзінде-ақ арадағы көзді ашып-жұмғанша өте шыққан жылдардың ізі сайрап жатыр еді.
Қараусыз, иесіз қалған үй екені көрініп тұр: есік-терезесі дауыл соғып өткендей аңғал-саңғал, шатырының суағарлары мүжіліп кеткен, онсыз да пәкене қабырғалары жермен жексен боп шөге түскен. Ескі шелектің түптерін бір-біріне кигізіп, ілдебайлай салған мұржалар көне жұртта ұмыт қалған қарақшыдай бір жағына
қиқайып қалыпты.
Төлеутай жеңіл ғана күрсініп салды. Көңілін өткені үшін өкінішке де, сарғайған сағынышқа да ұқсамайтын өзгеше бір мұң торлады.
Иә, бәрі өзгерген, бәрі басқа. Тек көз ұшында жаңа туған айдың доғасынша иметілген Ақ иіннің биік жарлауыты ғана баяғы мұның бала күніндегідей арадағы сынапша жылыстап өте шыққан жылдарға сыр алдыра қоймаған мәңгілік қалпында үнсіз ғана томсырайып, тәкаппарлана қарауытып тұр.
Серік Асылбекұлы