НАРҚЫЗЫЛ (Он орам)
Жердің бетіндегі қызығы, етбауыр тұрғыластарыңмен бірге жердің астына түсіп кеткендей күн өткізетін сарыуайым шаққа да жетіп қалыппыз. Егделіктің де кермек дәмінің уытын қамыға тататын күн мұншама тез келе қояр деп кім ойлаған. Ойың сергіген бір сәтте көңілің аспандағы аққудың қанатына ілініп, құмыл ғаламды кезесің.
Шарықтай шалықтаған елес-ғұмырың шырайнала аунап түсіп, құлдилай шүйіліп, дос-құрбың, жақын-жанатың жатқан жер астына алып келгенде, мынау дүниенің жалған екеніне, қалай шарықтасаң да осы төбеге алып келетініне сенгің келмейді. Сірә, бұған бойың да, ойың да, күнделікті тірлігің де ешқашан үйрене қоймас. Осыдан отыз жыл бұрын, Жәнібек дүниеден қайтқанда, жазуға ниет еткен «Өлгендермен өмір сүрем» атты естелікті не бастай алмай, не тастай алмай, ақыры өксігі басылмаған күйінде іште тынып қалып қойып еді. Міне, онсыз өмір сүру мүмкін еместей сезілетін Несіпбектің де, онымен жарыса «Арқадан соққан қоңыр желдей» жанға жылы Құныпияның да, «бөрі азулы «көкшулаң» Қаржаубайдың да дидары ғайып болғанына да бір мизам толыпты. Тек анда-санда түн ортасында көрінетін ғайып дүниесіндегі елестері ғана әуелі жаныңа жұбаныш әкеледі, содан кейін барып ол жұбаныш азынаған озанды жоқтау сарынына ұласады. Бірге өткен өмір, кешкен ғұмыр, көрген сүйініш-күйініш, ортақ аңсар мен мақсат, соңғы бақұлдасулар көзіңді қамап, алқымыңды булықтырып, ақыры буалдыр дүниеге айналып сала береді. Сондайда, мен білген Несіпбектің жалпыға бейтаныс, өзіме етене: оның жан жүйесі мен ойдүниесіне, «Көкала үйрек ұшады көлге қарсы, Бейшараның ұясы желге қарсы», – деп өзі мұңая жиі ыңылдап айтып отыратын, ұясын желге қарсы салған қызғыш құс иесі мен киесі (бұл оның жүйке ділінде анық бар еді) туралы; өзі жиі айтатын, «бәйге атындай үнемі зар күйінде» жүретін, өзін-өзі оңаша жарататын, шаң тигізбес үшін бәйгенің жел өтінде саяқтана шабатын кәнігі шабандоздық мақышы туралы; шақпақтай тез тұтанатын ой ұшқыны мен ұшпа ұшқырлығы, зеректігі мен зейіні, мінезін ақылына жеңдірген немесе ақылын мінезіне жеңдірген тұстары туралы; өлеңнің буы буған сәтіндегі булығуы мен буыршындығы, жаймашуақ сәтіндегі жайдарылығы мен жайсаңдығы туралы; мінезіндегі болмасқа шамдана қалып, ал өңменіңнен өтетін оқты жайбарақат қаға салатыны туралы; ширықпасқа ширыға қалып, қысылтаяңда айылын жимайтын салақтығы туралы; жоқтан айла тауып жанұшыра жүріп, қапысы келгенде аяқ астынан маңғаздана саябырсуы, болмас іске болдырып, орайы келген істе босаң тартуы туралы; тіршіліктің додасына ойланбастан кіріп кетіп, аяқ астынан будақ-баудақ шаң шыққанда сытылып сала беруі туралы; «көк дауылы ұстаса» (мен оның бұл мінезін солай атайтынмын) туған әке-шешесін де бетқаратпайтын «долылығы» мен найзағайлар шарпысқан майданның ортасындағы жойдасыз сабыр сақтауы туралы; түлкіге алдырмайтын айлакерлігі бола тұра, адам сенбейтін нәрсеге алдана салатын аңғалдығы (Ал мұны біз, Жәнібек бастаған құрдастары «сәнге пайдаландық». Алакөлде, кешкі қонаққа барарда үстіндегі шыт жаңа киімін бес рет ауыстыртып, ең соңында, суға түсетін мыж-мыж тоқыманы кигізіп апарғанымыз бар) туралы; жоққа – жомарттығы, әзірге – мәрттігі, барын – бауырына баса шашатын «сараңдығы», табысқа табанды түрде ұмтылса да, керісінше, «мал жия алмайтын» ашық қолы туралы; ең соңында жанын қылбұрауға салсаң да ойындағы құпиясын терең сақтайтын беріктігі мен «сыр ғып» айтқан сыралғы сөзді сырт айнала сыртқа ашық түрде жария ететін «Қу ауыз Қалилығы» (Ауылында сондай бір айтқаны келетін және кісінің құнына қалса да жасырғанды жария етіп отыратын адам болған, біз соны мегзеп: «Тағы да Қу ауыз Қалилығыңа басып жүрме?» – деп ескерту жасайтынбыз) туралы; осылардың ішіндегі ең басты қасиеті осы айтылғандардың бәрін көңіл көрігінде ерітіп, үнемі егіліп тұратын, қашан да жан сарын жылы ұстайтын, өзімсіне емірене білетін бауырмал сезімі туралы жазғым келіп еді. Оған қыстығып отырып ұстаған қаламым да қарымымды еркін жаздырмады. Тек жекебасына ғана қатысты шым-шымдап сусып, шыжымдап шыққан шын сөзім мынау.

1. Киелі қызғыш құс
Турасына көшкенде, Несіпбектің балалық шағынан бойына біткен «абыройлы жұғымы» (асылыққа санамаңыздардар, өстіп, тіл астына маржан сап жайдақтата сипай қамшыламасам, ол туралы сөзімнің тұшымы келмейтін сияқты көрінді), өзінің шағын тұрқына қарамастан, осынау бір нағыз шаққан атбегіге, шалт мінезді ақынға тән «мың мұғжизалы» қалпымен-ақ, бір көргенде, жасының үлкен-кішілігіне қарамастан, кез келген ықыласы ауған адамның жанын еш қылаусыз баурап алатын қасиеті бар еді. Содан кейін, оның дегеніне көндіретін, оның да дегеніне өзі де көнетін. Елу бес жыл бойы бізге (Жәнібекке, Құныпияға, Жабықбайға) өзінің еркін емін-еркін билетті, біздің еркімізді өзі де емін-еркін биледі. Бұл тұрғысынан алғанда, ешқайсымыздың да, тіпті үй-ішіміз бен бала-шағамыздың да, ағайын-туыстарымыздың да, еш көңілжықпастығы мен «неғылайыны» болған жоқ. Емін-еркін, етбауыр араластық. Соның ішінде, бала мен немерелердің «сөз еркіндігі» басты орын алды. Көңілдің қырпуы мен шырпуын солар арқылы жеткізіп, әңгіме басталмай тұрып, мәселе шешімін табатын. Бұл өзі, қазақы құрдастықтың ішіндегі ең «өтімді» әрі ең өжет, ең жайдары мәміленің амал-тәсілі ғой, шіркін. Аңызы мен анығы, қуанышы мен құмығуы аралас ондай құбылыстарды тура жеткізу мүмкін емес. Ол үшін солардың өзімен қаусырына отырып, қарпыса өмір сүру керек. Сонда ғана, «айтыстың әшиесі» кіреді. Дегенмен де, сырт көзге қалыс әрі қалтарыс қалатын жеке басы мен шығармашылық психология тұрғысынан алғанда, менің көңіліме түйіп қалғандарым мыналар:
Бірегей бітім-болмысының бірі: Ол бұл өмірге– өзі ғана сыйынатын, өзін ғана жебейтін иесімен, киесімен бірге келді. Әсіресе бойын еркін билеп үлгермеген бұла шағында «иесі мен киесі» жиі иектейтін. Алғашқыда, сырмінез болмай тұрған кезімізде, түн ортасында пәтердің төргі бөлмесінде «Қабанбайлап!» аруақ шақырып, қамшысын іздеген дауысын естіп, зәрем ұшқаны бар. Менің әкем Құдакелді де кейде түн ортасында өз-өзінен селкілдеп, «Қабанбайлап!» аруақ шақырып, үнемі жастығының астында жататын қамшысымен үйдің іргесін, керегені, шаңырақты сабалап барып тыныш табатын. Ал он тоғызға енді толған бозбаланың мына «қабанбайлауы» тосын көрінді. Таңертең Майнан (Манат, әйелі): «Шошып қалған жоқсың ба? Алғашында мен де қорыққам. Үйреніп алдым. Бір нәрседен секем алды ма, әлде өлең жазғысы кеп жүр ме екен», – деген жайымен жымиып жарының «жайын» түсіндіріп. Ертеңінде: «Дос болғың келсе, бұған үйрен», – деді өзі де күліп. Шындығында да, сол кезде өлең иектеп жүр екен. Сәске кезінде екі көзі жасаурап, ыңылдай бастады, біраздан кейін гөй-гөйге басып, алдындағы ақ қағазға қол созды. Сөйтіп, қара өлеңнің ұясында құндақталып өскен ол, сөз періштесінің қос қанатының шалғайынан ұстап, шалықтай шабыт шақырды. Ол мұндайда түз құсына сай жан-жағына сергек те сезімтал, өжет те өткір сұқпен қарап, шалт қимылдап, ақ қағазға жаныға шүйілетін. Ол неге кіріссе де, не нәрсенің түпкі аңғары мен аңысын тез аңғарып, тез шешім қабылдап (кейде теріс шешім болса да), соған беріле шұғыл кірісетін. Сол сәтте Несіпбек үшін ең басты мәселе сол «сұғынған қызылы» болатын және ол бетінен ешқандай амалмен қайтара алмайтынбыз. Ауқымды-шағын, маңызды-маңызсыз, үлкен-ұсақ мәселе деп қарамайтын. Сөйтіп жүріп, маңдайын тасқа соққанда тез өкінетін және сәтсіздігін тез арада ұмытатын. Бірақ қашан түбіне жеткенше алған бағытынан ешқашан да бас тартпайтын. Тумысынан біткен бұл мінез ақылы мен мінезі толысқан шағында да толас тартқан емес. Әрине, бара-бара байыпты ырғаққа түскені анық. Өзім таңғалудан жалықпаған оның бұл ширақтығы өзіне олжа да әкелді, өкінішке де қалдырды. Алайда оған жасыған кейіп танытпайтын, яғни өкінішін өзегіне түсірмейтін. Ойы мен бойы суыған соң, тағы да таң асырған бәйге ат құсап, терін үгіп, сілкініп, зар күйіне түсе бастайтын.
Екінші бітім-болмысы: айтты-айтпады, шындығында да, ол өзін өмір алаңындағы бәйге аттай сезініп, үнемі өзін-өзі баптаумен болды. Бұған басты себеп және қанына сіңген намысты ұмтылыс пен тұрақты бәсекеге бойын үйреткен ғадет алты жасынан атбегілердің тәрбиесін көріп, тәлімін алған жампоздығы, яғни шабандоздығы еді. Сондықтан да тіршіліктегі күресте қиналған тұсында да, түсінде аңызға айналған Нарқызыл мен Бәйгеторыны көретін, ал өлең буып жүргенде құстың қанатында ұшып жүретін. Көрген түсіне орай ісінің қалай шешілетінін сезетін. Мысалы, басының сақинасы жиі ұстап, қатты қысылған тоқсаныншы жылдардың ортасы мен екі мыңыншы жылдары және миы зеңірден екі жыл бұрын түсінде үнемі аспанда ұшып, неше түрлі ғайыптың перілерімен бірге ғаламды шарлаумен болды. Тоқсаныншы жылдардың аяғында, «Түс хикаялары» атты топтамалы қиссалар жазуға да ниеттенді. Ғайып мұғжизаларынан сескенді ме, білмеймін, ақыры ол дастандар жазылмай қалды. «Көкала үйрек» соның алғашқы нысанасы болатын. Әрине, бұл мұғжизалардың қызылды-жасыл құбылысын екеуара сыр ашқан кезде көзі жасаурап отырып айтып беретін. Енді, ол мағжизалы аян түстердің қазір ол үшін еш құпиясы жоқ. Өйткені ол қазір сол мұғжиза әлемінің өзінің ішінде жүр.
Несіпбектің атын алғаш естуім де, басына ақ шыт байлаған ақ көйлек шабандоз баланы алыстан көргенім де, өткен ғасырдың алпыс төрт-алпыс алтыншы жылдарының дүбарасы еді. Онда, Несіпбектің піріне айналған, бүкіл Қазақстанның бәйгесін құнанынан аузына қаратқан, көрші Шұбартау ауданындағы атақты бапкер, аңшы Мағауия (жазушы Мұхтар Мағауинды бауырына басып тәрбиелеп өсірген атасы) атбегінің Нарқызылының бәйгеленіп жүрген тұсы болатын. «Оқжирен» атты жүйрікпен бәйгеге қатысып, үшінші орын алған сыныптасым Бекен Айтқалиев: «Нарқызыл нағыз дүлдүл, басын сілкіп алып, ытырыла алға ұмтылады, содан жел жақты ала жүйткиді де отырады. Не шығандап озып кетпейді, не қасына жақындатпайды. Басын екі жағына кезек шайқап қойып, көз қиығымен артын шолып отырады. Шабандоз бала да тақымы ысты, әбден ысылған тақыс неме екен, қамшымен жанай сипайды да отырады. Көмбеге жақындағанда Нарқызылдың делебесі қозып, ытырына ұмтылып, көз ұшынан бір-ақ шығады. Керемет, әй, екеуіне де көз тимесе болғаны», – деп апта бойы бізге айтумен болатын.
1969 жылы шілденің ортасында Алматыға келіп, университетке құжат тапсырдық. Емтихан алдындағы дайындық кезінде, кірпіше тікірейген қысқа шашты, пәкене, тік көз, құс мұрын, бетінде сирек секпілі бар, ересек бозбала (сөйтсем, он тоғыз жаста ғана екен) жаныма кеп, өзімнің аты-жөнімді өзіме таныстырып, Семейдегі Ақылбек Манабаев бастатқан таныс ақындарды, олардың жай-жапсарын айтып, бірден баурады да әкетті. Сол бауыр басқаннан елу бес жыл бойы бауырымыз жазылған жоқ. Ол сөзге де байыз таппай, мені Жазушылар одағына, соның ішінде бірден жазушы Мұхтар Мағауин мен Қабдеш Жүмаділовке ертіп баратын болды. Сөйтсем, Мағауия ақсақал жалғыз ұлы Мұқан мұғалімге өзі айтып отырып немересі Мұхтарға Несіпбекті тапсырған хат жаздырып беріпті. Ал Қабдешті бала кезінен таниды екен. Тіпті Күдерінің туған қарындасы Айттың жамағаты көрінеді. Бұл сол апасының бауырында өсіпті. Төлеужан Ысмайыловтан басқа ақын-жазушы көрмеген маған, мұның барлығы ертегі сияқты естілді. Оның айтуынша, екеуміз тағдырлас та, тамырлас та, таланттас та екенбіз. Сондықтан да бірге жүріп, емтиханға бірге дайындалып, дос болуымыз керек екен. Сөйтіп, уағдаласып алып, Одаққа бет алдық.
Жол бойғы және бұдан кейін өмір бойына ұласатын әңгіме арқауы Нарқызылға ауысты. Мағауия дегдар Нарқызылды қалай мәпелейді, тер қатырмас үшін жазда, күзде, қыста Нарқызылға қандай жабу жабады, қанша уыс сұлы, неше ұрттам су береді, тұнық судың тұшымы қандай болуы керек. Неге бәйгені өрелемейді және тұсамайды, ауыл арасында бәйгені неге мінбейді, түнде неше рет тұрып барып «ес қату» (бәйге үнемі иесінің жақындығын сезінуі тиіс екен) керек, неше ай бұрын атты құр жібереді, атты бауырына қарап қалай жаратады, бәйгеден неше ай бұрын таң асырады, аттың терін иіскеп зар күйін қалай ажыратады, қара жарыс кезінде шыққан терін уқалап, «кепкен терін» иіскеп «қамау терді», «ащы терді» қалай ажыратады, бәйгеге қатысатын аттарды қалай сынақтан өткізеді, қай жүйрікті қай айналымда абайлап, көзден таса қылмау керек, аттың кеудесі, бас сүйегі, екі бұтының арасы, шабыс мәнері қандай, сағағының асты алқымды ма, тұяғының құймасы, табаны қалай, жер құмдақ па, борпылдақ па, тастақ па, желдің бағыты қандай, желге қарсы немесе ыққа қарай шапқанда аттың басын қалай ұстау керек, қамшыны аттың денесіне батырмай қалай ырғақты түрде сипай қамшылау керек, неге тебінбеу керек, құлақ етін, көз терін қалай сүртіп отыру керек, тақымды қай межеде қалай қысу керек, қойшы, Нарқызылмен бірге өзі Нарқызыл болып кеткендей беріле әңгімеледі. Кейде тоқтай қалып, қолымен көрсетеді. Еріксіз тыңдатады және тыңдайсың. Содан, өзім де Несіпбекпен бірге бәйгеге шауып келгендей болып, сілем қатып жол жиегіне отыра кеттім. Сәл үнсіз қалған кезде: «Иә, содан Нарқызылдың тұяғына шегені кім қақты?» – деп жанды жерінен шымшып алдым. Мен де бірдеңе білетінімді аңғартуым керек қой. Тіксініп, маған ұзақ қарап: «Оны сен қайдан білесің?!» – деді қадалып. Әрине, білемін. Оны Бекен сыныптасым жаны күйіп тұрып айтып берген. Абай мен Шұбартау ауданы аралығында өткен облыстық жарыстың алдында, түн жамылған қастаншықпағыр бір қаскүнем кермеде тұрған Нарқызылдың табанына құмшеге қағып жіберіпті. Ертеңінде, қаршығадай ғана қаршыға көзді Мағауия дегдардың ешкімге еш тіл қатпастан, ішінен тынып, Нарқызылды шорқақтата жетектеп, бел асып бара жатқанын көргенде, думанға жиылған қалың жұрт дауыс сала боздап қоя беріпті. Несіпбек басын төмен салған күйі: «Сол жолы мені өзімен ертпеді, атам. Көз жасын көрсеткісі келмеді-ау», – деді өксік қысып.
Жанына батып кеткен қияңқылау сөзімнің батымын сейілткім келіп: «Мағауия бапкерді мен де білемін. Жетінші сыныпта әкем Құдакелді директордан бір бесті атты меншікке жаздырып алыпты. Содан, өзің де білесің, Шыңғыстың сырты мен Тай, Құр, Дағандел өзендерінің бойында Абай мен Шұбартаудың жылқышылары қатар жайлауға шығып, аралас отырады. Әкем таныс жылқышыларға барып: «Жалғыз ұлдың бәсіресіне сенімді, шошымасы жоқ бір ат тауып беріңдер. Міне, рұқсат қағазы», – деп өтініпті. Жылқышылар: «Екі ауданның жылқысының ішінен таңдағаныңызды алыңыз, – десіпті. Бұл сөзді, жылқы көрмесе, тұра алмайтын қаршыға көз, шағын денелі, аңызға айналған бапкер Мағауия ақсақал естіп отырыпты. Әредікте әдетінше жылқыны аралап келеді екен. Оңаша қалғанда әкеме: «Менің де жалғыз немере ұлым бар. Алматыда. Жалғызың үшін жаның тыныш болсын десең, мен бір құла тайды көрдім жаңа. Екі ауданның жылқысының ішінде одан өткен сенімді төрт аяқты жоқ. Бұтының арасынан адам өтіп жатса, құлағын қайшыламайды. Еш алаңың болмайды. Құны бесті атқа татымайды демесең, соны ал. Жаның тыныш болады. Балаң үшін алаңдамайсың», – депті. Сөйтіп, сенің Мағауия атаң менің Құлатайымды таңдап берген. Шындығында да, керемет жуас әрі аяңшыл еді. Аңға шыққанда, қоянның жымын басып кетіп, тұяғының астынан бажылдай қашқан жырық еріннен еш сескенбестен, орнында тұра беретін. Алағашы өлеңім де «Құлатайға» арналған», – дедім.
Ол мұңлы қалыппен: «Е, ол Мағауия атамның, Нарқызылдың күйігіне шыдамай құмығып жүрген кезі ғой. Аяғына қағылған шеге алынбады, сүйегіне терең бойлап кетіпті. Жылқыға қосқанымен, үйірге қосылмай, аяғын шекіп басып, саяқ жүретін. Сол Нарқызылды шолып қайту үшін барған ғой жылқышыларға. Бірер күн төбенің басында тұрып, жай-күйін бақылап, құйрық-жалын сипап, мауқын басып қайтатын. Содан, Мағауия ақсақал – елге, Нарқызыл – үйірге қосылмады. Екеуі де саяқсып кетті. Мен де анда-санда мотоцикльмен барып, байқастап жүрдім. Жылқыдан оңаша төбенің басына шығып, андыздап тұратын. Атам екеумізден үрікпейді. Біз жақындасақ, басын шұлғып тұра беретін. Текті дүлдүл еді. Алпыс тоғызыншы жылдың жұтында боранда ықтаған жылқымен бірге Алтын Емелдегі Қақтың көліне батып өлді. Барлық жылқы мұздың астына шөккен. Тек, Нарқызыл ғана мұздан басын шығарып, желге қарсы қараған күйі сүңгі боп қатып қалыпты. Алдында екі рет Семейдегі қасапханаға айдап әкетіп бара жатқанда, қатерді сезіп, жылқышыларға ұстатпай, қашып келген. Сөйтіп, ажалға қасқая қарсы тұрып, маңдайын аязға төсеп, туған өрісінде өлімді қарсы алды. Адамның бойына да ондай қасиет дари бермейді», – деді Несіпбектің дауысы бәсеңсіп. Бұл екеуміздің алғаш рет сыр бөліскен әңгімеміз еді әрі сол әңгіме екеуміздің жарты ғасырдан астам созылған жан дүниеміздің дәнекеріне айналды.
Содан кейін ай бойы Нарқызыл туралы жағымыз ашылмады. Бұл оқиғаның Несіпбектің жанына секем түсіргені сондай, ол оның жеке мінезінің қалыптасуына да әсер етті. Нарқызылға жасалған сол қастандық өзіне де жасалатындай, үнемі болмашыдан секемденіп, сақтанып жүретін. Ол секемнен соңғы он жылда ғана арыла бастады. Мағауия дегдар қайтып жүйрік ұстамады. Нарқызылдың орнын басады деген әкесі Тұрысбек баптаған «Торыат» та Несіпбекке байырлы қызық көрсетпеді. Иесін теуіп, бір көзін шығарып, кемтар етті. Несіпбек те қайта бәйгеге қатысқан жоқ. Нарқызыл мен Торыатты «жоқтаумен», дәлірек айтсам, іштей аңсаумен өтті, оларды аянды түсінде ғана мініп жүрді. «Нарқызылға, Торыатқа мініп жүр екем», – десе бітті, ар жағын айтқызбай түсінетінмін. Онда оны бір жақсылықтың күтіп тұрғаны анық еді. Ал қабағы кіртиіп: «Нарқызыл шекіп басып жүр екен, Торыат тағасыз қалыпты», – десе, онда көңілін бір қаяу басқаны.
Қысқасын айтқанда, оның ішкі жан дүниесінің құлақкүйі бәйге ат, яғни Нарқызыл еді. Дүниеден озарынан санаулы күн бұрын ғана көрген түсінде, бұлтқа оранып алған Нарқызыл мұны алыстан ақшулаң сәуле көрінген тұңғиыққа алып ұшып бара жатқанын айтып еді. Бұл, аян түсі, қашан есінен танғанша қайталап көріне берді. Ол осы мұғжизалы аян түсіне оранып жатып, өзінің ең соңғы:
Қанатты көбелектей күнге жайып,
Ғұмырды бастан кештік
бір ғажайып.
Сиреген құмай тазы тұқымындай,
Барамыз бірте-бірте біз де азайып.
Сырыңды жеткізе алмас таратып ой,
Тағдырдың көрсеткенде бөгеті бой.
Жамандар, кәкір-шүкір көбейгенде,
Жақсының азаятын әдеті ғой.
Қоғамның бетті шарпып
шаң-тозаңы,
Жақсылар азайғанда ел тозады.
Құтырып дүбара мен дүрегейлер,
Жерініп жатырынан ұлт азады
(Емхана. 28.05.2023), – деген озанды өсиетін жазды.
Сөйтіп, ол өзінің иесі Нарқызылмен осылай қоштасты. Иә, «бірте-бірте барамыз біз де азайып». Оған не тосқауыл болар дейсің?!. Өкінішсіз жалған – жалған ба!?. Тақымындағы бәйгенің қызығына ұзағынан сүйіне алмай, құрышы қанып шаба алмағанымен де, ол тіршіліктің майданында емін-еркін ойқастады. Ең бастысы, қазақ поэзиясының, шын мәніндегі, Нарқызылы дәрежесіне көтерілді. Бұл ретте оның өлеңдеріне ешкім де шеге қаққан жоқ. Мүмкін, қаққысы келгендер болған да шығар, бірақ қаға алмайтын. Өйткені оны қорғайтын өлеңнің киесіне ұя салған періштесі – қызғыш құсы болатын.
2. Желге қарсы салынған ұя
Өлең демекші, оның бойын бұла шағынан буған, ойын әлдилеп ер жеткізген, ақыл-еркін билеген және өзі мінезін еркін билеткен қасиеті, яғни үшінші болмыс сипаты осы өлең еді. Өлең ол үшін өнер емес, өмірдің өзі болатын. Оның емген ана сүті де, көз алдын қамаған қызылды-жасылды дүние де, махаббат пен машақат та, күйініс пен сүйініш те, реніш пен кейіс те, өкпе мен наз да, ыза мен долылық та, кек пен намыс та, бопса мен булығу да, әзіл мен әжуә да өлең татып тұратын. Қандай күрделі, қауіпті, қағылез ойларды бір-екі жол өлең арқылы тап-тинақтай қылып жеткізе қоятын. Кейде, өлең жолы оның айтайын деген ойының алдын орап, ақылын қақпайлап, не турасын айтқызып, не тежеу сап отыратын сияқты көрінетін. Сондай ұшқыр және дәл айтылып, өңменіңе дөп тиетін жебенің ұшы тәрізді түйнемелі әрі мазмұнды еді. Дәтке дат боп тиген өлең жолдарының сол сәтті нақ сипаттап, шиесін шешіп не түйінін байлап, шиыршыққан бар шырма-шатуды тарқатып жіберетін, оның түпкі астарын түсіндіріп беретін. Бұл болмыс, оның туа салғанда жөргегінен жұғысты болған үшінші сыпаты еді. Өзінің айтуынша, есін білер-білместен, қыстың ұзақ кештерін қара өлең айтысумен қысқартатын қазақы дәстүрге қанып өсіпті. Әкесі Тұрысбек те бір кештің ермегіне татитын: «Түбіне түскеннен соң құр құдықтың, Құнына татымассың бір шыбықтың», – деп, «қызыл талдан өлең қиып беретін» өлеңші болыпты. Оның өзі шығарған әуенімен айтатын, жас кезінде айтысқан Кәкіш деген қызға арналған «Ал, Кәкіш-ай» атты әнін Рымғали аға, Жәнібек – үшеуміз жайлауда Бәйкен шешеміздің көзінше айтқызамыз деп, дауыл көтеріле жаздап, шешеміз жағып отырған қазанның лапылдай көтерілген шоғын әзілмен әзер басқанымыз бар. Зерек, алғыр, ұшқыр Несіпбекті өз ауылындағы Жаңыл атты қызбен үнемі айтыстырады екен. Олардың бұл айтысы алты жастан бастап он екі жасына дейін созылса керек. Күндіз екеуін әке-шешелері «баптап»: «Ол алай десе, сен былай де», «Бүгін олардың ауылында мынадай оқиға болды, оны былай қос өлеңге» деп жанып отырады екен. «Ыдырыстың сол қызы қара тілдің шешені, қара өлеңнің көсемі еді, шіркін. Көз жазып қалдым», – дейтін. Ал ол айтып отырған шашы ұзын, ажары бетіне шыққан, салмақты, дөңгелек көзді Жаңыл Шаған ауылында менен бір сынып төмен оқыды. Жуас қыз еді. Оның Несіпбекті қара өлеңге баулыған өлеңші екенін кім білген. Қалай десек те, Несіпбекті ұлы поэзияға бет бұрғызып, қамау терін алған Жаңылға қазақ сөзі қарыздар. Кейде қиын оралымдарды, астарлы ойларды, емеуірінді әзілді қара өлеңнің жолдарымен жеткізе қоятын. Сол «ұшқырлық» кейде оның бәсін де биіктетті, кейде пәсін де түсіріп жүрді. Бірде, бірінші курста Жаркентте ауылшаруашылық жұмысына жүгері теруге барып, кешке қарай Дәуітәлі мен Айтуған ән айтып, іле қара өлеңге ауысты. Сонда Несіпбек өзге курстың қыздарының көзінше жігітсініп:
Аулым көшіп келеді Қызылжардан,
Өлең айтқым келмейді қызынғаннан.
Өлең деген немене, айтқан құлға,
Өлең қиып берейін қызыл талдан.
Мінгенім, дәйім менің ала құнан,
Жел соғады қыздардың балағынан.
Қасқа тісін қасқайтып, қарағымның,
Сүйер ме еді, шіркіннің, тамағынан, –
деп «сұңқылдай» жөнелгені.
Оған қоса менің нағашы
әжем Дәртай айтатын:
Болғанда өзім – Дәртәй,
әкем – Шымшық,
Өзім түзу болсам да, тілім қырсық.
Орныңнан ары отырған бермен отыр,
Қояйын жамбасыңнан шымшып-шымшып, –
деп салмасы барма қыздарға қарап.
Сол-ақ екен, аудандық комсомол комитетінде істеп келген ересек қыз: «Мұндай буржуазиялық әнді неге айтасың? Идеяң бұзық. Неге қыздардың балағынан жел соғады, кім саған жамбасын шымшытады. Буржуазияның қыздары шымшытады. Ал біз – комсомолмыз. Комсомол жиналысында талқылаймыз мұны», – деп шу көтеріп, ол Алматыға келген соң қайта көтеріліп, ақыры жаңа комсорг сайлап барып, даудың басылғаны бар. Сенбейсің. Бірақ, шындық. Заман солай.
Ол өлең жолдарын сондай орнықты және орынды жерінде қолдана қоятын. Жаттау жады, зерек-зиыны сондай зерек еді. Біз де поэзия оқып, жаттап өстік. Бірақ Несіпбек сияқты тосыннан еске түсіріп, сол сәттегі ой ағымына сай тұжырым ретінде қолданып, астарлап айта алмайтынбыз. Мысалы, жоғарыдағы шырықты бұзған «шыбар сөзді» қосып, уағыз айтқандарға:
Өзіме мол жетеді өз ақылым,
Басымды кім сыйласа, сол жақыным, –
деп ақын Төлеу Көбдіков айтқандай, «осы айтқандарыңды түсінуге ақылым мол жетеді, тек адалдық жетіспей тұрған сияқты, – деп қысқа жауап қайырды.
Алкеуде кез ғой. Кейде өлеңімізді жарыса оқып, аспандап, қанатымыз далпылдап кететін. Сондайда маған қарап, алдыңғы байбаламнан секем алып қалғанын танытып: «Сенің ақын ағаң Төлеужан менің жазушы ағам Төлеубек Жақыпбайұлына:
Арыстандай атылмай-ақ айға алыс,
Ойлан, Төке, сен де бір кез пайдалы іс, –
деді емес пе. Байқа, бала. Қурайдың арасынан сығалап көздейтін сұғанақ көз бар сияқты. Ана, Шәкір атаң (халық ақыны) сияқты өлеңнен ұшынып жүрме. Ал ана екі ағаңды әдеби ортадан саяқсытқан да осы – ащы тілі. Абай да көресіні осы тілінен көрген. Бірақ ол:
Адам болып жер астына түсті де,
Тас Құдай боп шыға келді үстіне.
(Төлеужанның Абайға арналған өлеңі).
Ойлан, Тұрсын, – дейтін.

3. «ҚҰЛАҚ МОЛДА»
Мен Төлеужанның бауырында өстім. Екеуміз бір ауылданбыз. Он бес үй. Ал Абай ғашық болған Қуандықтың ұлы Төлеудің өмірбаянын жақсы білемін. Өлеңдерімен де таныспын. Бірақ дәл осы жолдарға мән беріп, орынды жерінде пайдалануды қаперіме алмаппын. Несіпбек олардың өлеңдерінің астарын талдаған кезінде кәдімгідей середек пікір қозғайтын. Шын және дер кезінде айтылған ескерту. Сонда ғана Несіпбекке тура қарап: «Осының бәрін мен де оқыдым. Алайда жадымда сақтап, тәмсілдеп айтуға дағдыланбаппын. Сен өмір мен өлеңді бұлай салыстыра талдауды қалай үйрендің? Бұл ой тоқтатқан ересек адамдарға тән ғадет қой. Қалай ерте есейгенсің?» – дедім. «Бала, оқып та, тоқып та үйрену керек», – деп әзілмен бастады да, жөнін айтты.
Сөйтсем, ол «құлақ молда» екен. Нарқызылдың желігі басылған соң, жаңа ғана ашылған Шұбартау аудандық газетіне тағдырдың қилы жолымен бастары қосылған, қазақ поэзиясының ырғақ пен буынының «омыртқасын сындырған» (Төлеужанның өз сөзі) «Есіл» дастанының авторы Төлеужан Ысмайылов, сол тұста «Жұлдыз» журналында «Қыран туралы хикая» атты әңгімесі шығып, әдеби ортаны тамсандырып жүрген Төлекбек Жақыпбайұлы, ауылда жүріп тұңғыш повестер жинағын шығарған Төлеуғали Есімжанов, «Лениншіл жаста» жарық көрген «№14 кілт» әңгімесі арқылы біз сияқты түбірмұрттардың аңсарына айналған Тұрдыбек Алшынбаев, курстасы Оралханның өзі пікіріне ден қоятын әдеби сыншы Қазтай Әбішев сияқты кезінде елге танымал ересек қаламгерлердің ортасына құлыннан қосылып, өзіне тән үйірсек мінезімен оларға тез бауыр басыпты. Олардың да арыны жаңа ашылған тұсы. Қызметте де, жұмыстан кейін де бас қосып, дүние әдебиетін талқылып, өзара сыни мүшәйра жасайды екен. Абайдан бастап, Пушкин мен Байронды қосақтап талдап, Шыңғыс Айтматов пен Расул Ғамзатовтан қайырып, шығармаларының астарын талдап, емеурінін меңзеп, өзара талқыға салады екен. Солардың арасында тура Омар Һаямның тағдырын еншілеген пәруардігер, дәруіш ойлы, түркідүниешіл Омархан деген нағашы ағасы, мұндай сыни талдауға тіпті шебер еді. Олар бірін-бірі мұқият тыңдап, арасында емеурінмен өлең жолдарын қосып, әр сөздің астарын сыналап тұрып ашатын көрінеді. Бір кешкі әңгіменің өзі бір әдеби талқыға пара-пар екен. Расында да, сондай талапшыл, кірпияз, қатал әрі әділ, сауатты орта еді. Кейін мен де олардың өзара талқысын тыңдап: шығарманы қалай түсініп, қалай талдау керек, қалай емеурінді мағынасын түйсіну керек, қандай сәтте қолдану керек, пікірді шашыратпай орынды жерінде қалай қолдану керек дегенді түйсіндім. Ал жүрегіне өлең ұя салған, сөз әлеміне ерте қанат қаққан әрі ерекше зерек Несіпбек үшін бұл орта ой-сананы ысылдырған талғам мектебі болыпты. Айтылып отырған әңгімені
мұқият тыңдап, сөзге килікпей, іштен пікірін қорытып отырып, орынды жерде өлең шумақтарын қолдана қойып, тына қалуды, сөзінің салмағын сақтау үшін қарсы пікір айтып, салғыласпауды сол дегдарлар мұның бойына бойлата сіңіріпті.
Мысалға бір-екі тәмсіл келтірейін. Жаркенттегі бір айлық ауылшаруашылық жұмысынан (жүгері жинадық) қалаға келген соң ұлттық рухани тәуелділікті қатты сезіне бастадық. Әсіресе тіл мәселесі торықтыра тосылтты. Пікірлес курстастар бас қосып, бұл жайды даурыға талқылаған боламыз. «Неден бастау керек? Ниетіміз дұрыс па, әлде іштен тынғанымыз жөн бе?» – деп тосаңсып қалған сәтімізде, Несіпбек жұлып алғандай боп:
«Болса егер тілім ертең құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ
(С.Жиенбаевтың аудармасы), – деп Расул Ғамзатов айтты емес пе? Енді несіне тосырқаймыз. Бізге неміс, ағылшын тілі енді қонбайды. Одан да шет тілі ретінде араб тілін оқимыз деп талап қояйық. Ол түбінде біздің бір мұқтажымызды өтейді», – деді көзін бәрімізге тік қадап.
Бұл сөз намысты да қайрады, тосын шешімге де жетеледі. Содан елу бала деканатқа, одан ректоратқа талап қойып, он күндей шет тілі сабағына қатыспадық. Ақыры, шет тілінен емтихан тапсырғандар еуропалық тілдерді, бұрын шет тілін оқымаған жиырма бес бала араб тілін оқитын болдық. Ішінде қазір есімі елге таныс Жүрсін Ерман, Дәуітәлі Стамбек, Есен Сафуани, Асқар Егеубай, Айтуған Шәйім, Құрманғазы Бексайын, Оңалбай Садық, Мұратхан Қани, Нұрқасым Әмірғали, Мұхаммед-имин Розыбаев сияқты жігіттер, Айкүміс, Бәкира сияқты қыздар бар. Бізді екі топқа бөліп оқытты. Кейін ол жеке пән ретінде арнайы оқу бағдарламасына кіргізілді. Бара-бара шығыстану мамандығын дайындайтын кафедраға ұласты. Сондай сәтте Несіпбек қанаттанып кетіп:
«Жалғыз өзім айдындамын,
Жалғыз өзім қамығатын.
Кім үшін мен қайғырамын,
Кім бар мені сағынатын (Қ.Бекхожиннің аудармасы), – деп Байрон айтқандай, біз азбыз, біз үшін ешкім қайғырмайды. Осынымыз дұрыс болды. Өзіміз үшін өзіміз талпынайық. Түбінде ұлттың бір керегіне жарап қалармыз», – деді.
Бұл екі ұмтылыстың нәтижелі аяқталуы бізге сенім берді әрі ортақ мүддеміз де анықтала бастады. Қыс айында «Толқын» атты қолжазба журнал шығардық. Өзімізше оны «ҚҰҚ» – Қазақ ұлтын құтқару ұйымының басылымы деп шартты түрде атадық. Сондағы Несіпбектің айтқаны:
«Туған жердің кетіруге қырсығын,
Керек болса бір шығын…
Жаным, әкем, құрбандыққа мені шал,
Қиналма сен, қиылар деп қыршыным (Ғафудың аудармасы), – деп Байрон айтқандай, еврей қызы құрлы жоқпыз ба. Басты тігейік», – деді. Бұдан артық қандай қаулы-қарар керек.
Араб тілін оқығандардың дені кітапхананың сирек қорына барып, Әлиханның, Ахметтің, Мағжанның, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Халелдің шығармаларымен таныса бастадық. Өкінішке қарай, «Толқын» мен «ҚҰҚ-тың» харакеті: «Жылмиып кеп балағыңнан қабатын, Бұл күнде қаптап кетті шпион ит», – деп Несіпбек жиі айтатын Зейнолла Тілеужановтың өлеңінің керін келтіріп, ішімізден шыққан «салпаңқұлақтардың» сыпсыңының кесірінен үшінші курсқа көшкенде тоқтатылды (Біздің бұл ұйымымыз туралы тоқсаныншы жылдары үндеместің сол кездегі бір қызметкері жазды да). Ал мені бұл кезде профессор Х.Бекхожин «Алашорда» қозғалысы туралы арнайы қорға кіргізіп, мақсатты түрде зерттете бастатқан. Бір жылдан кейін ұстазыма қүпия емтиханды тапсырған соң, Несіпбек мені М.Мағауинге ертіп барып еді, жазушы ағамыз үстелді саусағымен тықылдата отырып, Алаш қозғалысы туралы әңгімелей жөнелді. Пікірімнің шикі, білімімнің таяз, ойымның балаң екенін сонда білдім. Сөзінің соңында сақ болуымды өтініп, жасырын тыңшылар мен олардың әдіс-айласы туралы мысал келтірді. Одақтан шыққан соң, Алаш азаматтары басынан кешкен жалған-дүние мен опасыздар туралы екеуара сөздің арасында Несіпбек:
«Ажал, шіркін, келе қалса төтелеп,
Өлім – шыңырау,
құлап кетем бе екен деп…
Өмір – арқан, жармасасың ұшына,
Байқаусызда қолдан шықпаса екен деп (Ғафудың аудармасы), – деп Байрон ақын айтқандай, әйтеуір, оқуға түсіп, бір жіптің ұшығынан ұстадық. Енді соны қолдан шығармаудың амалын қарастырайық. Абай болайық. Әйтпесе әлгі Зейнолла (Тілеужанов) ақынның: «Ақындар қаңғып, жендеттер билеп жүрген ел», деп айтқанындай, қаңғып кетіп жүрмейік», – деді.
Сөйтіп, екінші курстан бастап
Жанболат екеуі кітапхананың сирек қорына баруды сиретті, кейін мүлдем тоқтатты. Ал мен алған жолдан қайтпадым.
Міне, мұның барлығы – бірінші курста, яғни Несіпбектің он тоғыз-жиырма жасында айтылған тәмсілдер. Кейін, өз сөзіне өзі ие болған кезде, алқалы әдеби талқылауларда пікірін қысқа қайырып, тына қалатын. Ондай жерде, неге екенін білмеймін, өлеңге сілтеме жасамайтын. Жөнін сұрағанымда: «Олар да сен сияқты іштен оқып, тіліне тоқымағандар. Ал, шынын айтсам, асыл сөздің астары оңып кететін сияқты. Өлеңге обал ғой», – дейтін әзілмен бастап, ақылына көшіп.
4. «ЖОРҒА ЖАРЫС»
Оның жеке мінезіне қатысты төртінші болмыс-бітімі, осындай салмақты ойға ие Несіпбектің бойындағы балалық қызба мінез жігіт ағасы атанғанға дейін арылған жоқ. Қанша кірпияз көрінсе де балаңдық қызбалыққа тез бой алдыратын: кейде нәзік сезімнің жетегіне еріп мұңая қалатын не аяқ астынан сондай бір шарасыз, бейуаз күй кешетін, лезде бауырынан аунап түсіп, желпіне еліге жөнелетін табиғи аңғалдығы да, аусарлығы да, істің артқы салмағын ойламай тез шешім қабылдайтын өжеттігі де бар еді. Бәрін айтып қайтейін, оның өмір бастауындағы үш-төрт тәмсілге ғана тоқталайын.
Әлі есімде, достықтың алғашқы күзі, студенттік шақтың табалдырықаттар маусымы болатын. Ол Ақсайдан жеке пәтер тауып, мені қояр да қоймай қасына алып барды. Таң қараңғысынан тұрып, елуінші көңкеге таласа-тармысып мініп, орталық сауда дүкенінен жеткенде он сезінші көңкеге ауысып, «Аққудан» (кафе) түсеміз. Ал он сегізінші көңкеге отыру қияметқайымның өзі. Кейде біреуміз сыйып, екіншіміз аялдамада қалып қаламыз. Арасы екі аялдама. Бір күні жаяу аяңдадық. Кешігетін түріміз бар. Сол кезде ол: «Әй, балалықты еске
түсірейік. Кел, жорға жарыстырайық», – деп жауап күтпестен өзі алға түсіп, қойтаңдай жөнелді. Әуелде кібіртіктегенмен, мен де елігіп, бір аяқты сілтей алға салып, бала кезімде көп мінген «Кәрікүреңнің» тарпаңына бастым. Тез әрі уақытында дәріске іліктік. Енді бұл жорғажарыс әдетке айналды. «Сен жорғаңнан жаңылдың», «Сен жүгіріп кеттің», – деп дауласа жүріп сабаққа уақытында жетеміз. Бір тосын жайт: күнде «Аққудың» қасынан өте бергенде мосқал, жалпақ бетті, көзі бадырайған, басын тік ұстайтын, қолында таяғы бар, ажарлы ақсақалдың қасынан зу ете түсетінбіз. Үнемі сол арадан көрген соң, әуелі басымызды изеп, содан кейін амандасатын болдық. Бірде тоқтатып: «Сендер мені танисыңдар ма, танымасаңдар, неге сәлем бересіңдер? Қалада әр қадам сайын шал кездеседі. Бүйте берсеңдер, сәлеммен таң атырып, күн батырасыңдар ғой. Әрі жорғаларыңнан жаңыласыңдар. Сендердің жорғаларыңды көріп, балалығым есіме түсіп, күнде осы уақта жолдарыңды тосып тұрам. Айтпақшы, арбаңдап жүгірмеңдер, майда жүріспен бөкеңдеп жолжорғаға салыңдар. Сонда мәдениетті көрінесіңдер», – дегені. Қысылып қалдық. Жүзі сондай таныс. Кейін ажыраттық, бұл сол бақта ежелгі әдетімен таңғы ауада серуендеп жүрген атақты актер, режиссер, Күләштің жары Қанабек Бәйсейітов екен. Сөйтіп, Несіпбек бастаған, бір айдан астам уақытқа созылған «жорға жарысқа» халық артисі Қанабек Бәйсейітов тоқтау салды. Анда-санда еске түскенде, оңашалау жерде жорта қойқақтап алатынбыз. Оның соңы ат туралы әңгімеге ауысатыны өз-өзінен түсінікті. Ал пәтерде, дойбы мен асықты, «атыспақты» («Чапай») таңды-таңға ұрып, қызылшеке боп отырып ойнайтынбыз. Кейін бұл ермек, тасқаяққа, басқа да ермектерге ауысты. Иә, еш қызығы жоқ ермек, бірақ сол «жорға жарыстан» кейін балалық шағымызды еске алып, түрлі қызықтарды айтып, кәдімгідей сергіп қалатынбыз. Ол – балалық бал дәуренін айтады, мен басымнан кешпеген балдәуреннің мұңын айтамын. Бұл, біріміздің өмірімізді біріміз ине-суыртпағына дейін білуге, көп нәрсені емеуріннен тануға мүмкіндік берді. Жаны жақын жандар үшін ол да үлкен олжа.
Ал енді «Менің нәзік жанымды кім түсінер» дегендей, оның сезім пернелерінің ішкі қылын сезіне жүруге мына бір жай әсер етті. Қарашаның басы, күн жаңбырлы болатын. Бір қарасам, пәтердің төргі бөлмесіндегі терезенің алдында көзі жасаурап, әйнекке мұңая қарап, кірпігіне жас ілініп отыр екен. Соның алдында, әйгілі бәйге торыат теуіп, әкесі Тұрысбектің бір көзі зақымданып, ауруханадан шыққан. Секемдене жөн сұрадым: «Әкемді Алматыға жақын жерге көшіріп аламын. Сонда, Майнан да (Әйелінің шын аты – Манат) келеді. Сағынып жүрмін. Бауыр басып қалыппын», – дегені. Иә, бірін-бірі сағынса – сағынғандай, мектеп бітіре сап үйленген он жеті-он сегіз жастағы кездері. Бұл сөздің астарында бозбалалық махаббаттың ыстық лебі бар болатын. Қарашаның соңында әкесі мен Майнан келді. Мектепті енді ғана бітірген, он екіде бір гүлі ашылмаған, ұяң, әдепті, адал, аялы жанарлы, талдырмаштың талдырмашы, бірден адамға сенім ұялататын жар екен. Сол күннен бастап, міне, елу бес жылдан асты, мен Майнанды «дос» деп атап келемін. Кейін, Жүрсін: «Бір Майнан екі Несіпбекке жар болуға татиды», – десе – дегендей, мамырлаған адал бәйбіше болды. Тұрысбек ақсақалдың әңгімесіне де қандық, қара өлеңіне де («Ал Кәкішіне») сусындадық, достық туралы неше түрлі сынақ оқиғаларды айтып, Несіпбектің мінездеріне баға беріп, аманаттап ауылына қайтты. Тұрсекеңнің ол айтқандары әлі де жадымда.
5. ОРЫНДЫ ӨЖЕТТІК
Оның балалығы арылмаған аңғалдығы мен аусарлығына, ерегесе қалса, Құнанбай айтқандай, «қандай бопсаға да шыдайтын» ессіз өжеттігіне тағы бір тәмсіл келтірейін. «Жорға жарысына» тыйым салынып, Майнанның да жұмысына алыстық танытты ма, кім білсін, мен қысқы демалыстан келгенімде, олар пәтерді қаланың үстіңгі жағындағы Гвардия көшесі, 12-үйге ауыстырыпты. Жатаған бір бөлме. Иесі қазақ әже. Бір күні ымырт үйіріле кітапханадан шығып бара қалсам, Несіпбек есіктің алдында әлгі апаның төбетін: «Пушкин, Пушкин, кә-кә-кә!» – деп айғайлап шақырып жүр. Жетіп келсе, қолындағы сүйекті алысқа лақтырып, «Кә-кә-кәлайды». Ит жетектеген бір әйел: «Ну, вы что?..» – деуі сол екен: «Твоя сабака «Мұхтар», да, моя сабака «Пушкин» – деп, бұрынғыдан да қатты дауыстап «пушкиндете» жөнелді. «Қой» дегенге есе берер емес. Сөйтсе, көрші әйел итінің атын «Мұхтар» деп қойыпты: «Мұхтар – біздің ұлы адамымыз. Итке ол атты қоймаңыз. Өзгертіңіз!» – десе көнбепті. Енді қасақана терезенің алдына келіп «мұхтарлататын» бопты. Соған ерегесіп, оның итінің атын орыстың ұлы ақынының атымен атап тұрғаны сол екен. Ерегес екі күнге созылып, ақыры ол әйел кешірім сұрап тынды. Сол көшеде, тіпті сол маһаллада төрт-бес-ақ үй қазақ, он-он бес пәтерші бар болатын. Көше бұзықтары түнде торуылдап жүреді. Сан мәрте «қоршауын бұзып» шыққанымыз да бар. Намысына тисе, ерегеске көшсе, Несіпбек ештеңеден тайынбайтын. Ұлтымыздың, рухты ұлымыздың ар-ожданын қорлаған әйелдің мысын Несіпбек осылай басты. Ол үшін оның ұлтынан да, саясатынан да, түнгі торуылшылардан да сескенген жоқ.
Сондай-ақ мақсатына жету үшін де ештеңеден қысылып-қымтырылмайтын. Мынадай бір күлкілі оқиға болды. Бірінші курстың жазғы сынағы кезінде Ежелгі грек-рим әдебиетінен емтихан тапсырдық. Мұратқан, Айтуған, Несіпбек – үшеуіне ежелгі әдебиет үлгілерінің мазмұнын екі күн отырып баяндап бердім. Несіпбекке «Дафнис және Хлоя» хикаяты келіпті. Хикаяттың мазмұнын тілін сындыра баяндап отырып, Дафнистің Хлояға қарата: «Біз де махаббат сайранын құрайық. Ана қошқар өзінің махаббатын ана саулыққа «Мә-һ» деп маңырап түсіндіріп жатыр» – дегендігі «маңырапты» дегенді ұмытып қап: «Баран сказал: «Мә-ә» дегенде, Согалович деген өжет, білімді әйел ұстазымыз күлкіден бұратылып, үстелдің астына құлап түскені бар. Бір қарасаң күлкілі, ал шындығында, ешқандай ыржаңсыз бағаланатын өжет ұмтылыс. Өйткені білгенін қалайда жеткізу керек. Егер, сол арада күмілжіп, жасып қалса, «төрттің» орнына екі алар еді. Міне, Абайдың «орынсыз ұялшақты» сынайтыны да сондықтан. Мақсатқа жету жолында, орынсыз ұятқа орын болмаса керек. Несіпбек те дегеніне жету үшін барын салатын және жасымайтын. Әрине, ысылып, тісқақты болған кезіндегі өжет мінезінің «мәсі» де барынша «мысты», орнықты, салмақты, батыл тартты.
6. «ДОДА!»
Бір нәрсеге ниеті ауып, шын делебесі қозған кезде, қазақы ораммен айтқанда, «өлдім-тірілдіміңе» қарамайтын. Жоғарыда айтқанымдай, жас кезінде бәйге, көкпар, дода десе, барын салатын, өзін де, өзгені де ұмытып кететін. Шабыты қысқан шақта да сондай жанұшырған жанкешті күйге түсетін. Ол мінезі туралы алғаш танысқан кезде әкесі Тұрысбек маған Несіпбектің Бекжан деген аталас туысының мінезін мысалға келтіріп: «Ондай кезде өзің де егеспе, оны да егесуге жіберме, бір рет еркіндетіп алып, арыны басылған соң айналып соқсаң, өзі де алдыңнан жайылып шыға келеді. Әйтпесе бірде болмаса, бірде, бір-біріңнен көңілдерің қалып қалуы мүмкін, не додаға түсіп жазым болуларың мүмкін», – деп маған қадап тұрып тапсырып айтқаны да, оны да маған тапсырып, өзімді де сақтандырғаны да сол мінезі болатын.
Тұрысбек әкеміздің бұл айтқаны жыл өткенде алдымыздан шықты. Екінші курста Майнан жүкті болып, ауылға босануға кетті. Сәуірде сүйінші хабар жетіп, үшеуара уәдеміз бойынша нәрестенің атын «Қалқаман» деп мен қойып: «Қалқаманның бауы берік болсын!» деп жеделхат арқылы оны растадым. Жазғы демалыста Шыңғыстау мен Шұбартаудың, Аягөздің малшылары қапталдаса жайлайтын, той-думандары көкпарсыз өтпейтін, үш ауданның қызығы мен бәсекесі ортақ өтетін Шыңғыстың сыртындағы адырлы сауырға Қалқаманның шілдеханасына Ақбастау мен Көксеңгірді аттылы, көлікті кесіп өтіп, Қараирек пен Секітастың сілеміне мен де жеттім. Үш ауданның тойшылары түгел жиналды. Баланың аты қойылды, мал сойылды, ас тартылды, екінті әлетінде әр төбенің басына көкпаршылар атойлап-андыздап жиыла бастады. Мен барысымен, Тұрысбек әкеміз бен Бәйкен шешеміз Несіпбек пен менің құлағыма: «Додаға түспеңдер, көкпарды алып қашпаңдар, доданы топтың ортасынан аулақта тұрып бақылаңдар. Тұрсынға жылқышы Тілеубердінің кер атын мінгіземін. Нағыз ермінезді әрі тақымға жұмсақ. Жер бедерін жақсы біледі, сүрінбейді, сіңірлі. Көкпарда сыналған сенімді ат. Топқа елірмейді. Тізгінге бағынады. Сен, Несіпбек, сырмінезсің ғой, торы атты мін. Осы айтқанымды орындамасаң, Торы атты бермеймін. Көксоққан «Көкдауылыңа» басып кетпе. Біреудің жалғыз баласы! Байқаңдар», – деп аманатты сөздерін екі күн қатарынан құлаққа құйды. Мақұлмыз. Бұрын көкпар тартып көрмеген мен үшін бәрі де таңсық.
Есік пен төрдей керілген Тілеуберді жылқышының кері аты, расында да, дана да дара екен. Додаға да елікпеді, көкпарды алып қашқандармен бірге қатарласа жанасып шапсам да, делебесі қозған да жоқ. Ерікке көнеді. Несіпбек анда-санда ортаға жақындап барып кері қайтып, мені сақтандырып жүр. Бір кезде ойлы-қырлы, сай-салалы, жыра-жырықты сар дала шаңға бөгіп, қиқу көбейді. Несіпбек қыза-қыза бір-екі рет доданың ішіне кіріп, іле дөңде тұрған маған келді. Менің де бүйірім қыза бастады. Содан, ұтылай шаңдатып жүргендердің арасында: «Абай әкетті!», «Аягөз әкетті!», «Баршатас әкетті!» дескен көтеріңкі дабыра көбейді, арасында өзара қамшыласып та алады. Кейде еріксіз елірген жұрттың ортасында қаламыз. Екі-үш сағаттан кейін кейбірінің аты сыр берді, кейбірінің қары талды, қайсыбірі додаға енді кірісті. Содан бір мезгілде «Сарқамыс», әкетті, қап!» – десті. Шаң ұзатыла созылды. Мен де соңдарынан қуа жөнелдім. Қарасам, Несіпбегім қан майданның ішінде жүр. Басына ақ шыт орап апты. Қамшы ауызда. Өзінің айтуынша, оның кәсібі – «Сарқамыстың кәнігі қағушысы» екен. Тілеуберді ағасы сияқты тақымы, қарымы, аты мықтылар топты жарып шығып, көкпарды алдына сап береді екен. Ал жердің жағдайын жастайынан жақсы білетін Несіпбек болса, астындағы жүйрік Торы атқа қамшы басып, тау-тасты, ой-қыратты, жалтаң мен жыраны жалтара шауып, қуғыншыларды адастырып кетіп, көкпарды уәделі үйге әкеледі екен. Бұл жолы ондай уәделі сөз арамызда болған емес еді. Сөйткенше, додашыл ағасы Тілеуберді әдеттегідей, көкпарды доданы жағалап жүрген Несіпбектің алдына салып бергені. Сол-ақ екен, топтан жырыла шығып, тақымдата зулады дейсің. «Торы атты әкетті!» – десті. Енді Несіпбектен мен қалам ба!
Бара-бара Кері аттың да бүйірі қызды. Сай-сайдың арасы жыра-жыра, кейбір жерлердегі көктемгі тасқын су орып кеткен жыралардың арнасы төрт-бес, тереңдігі екі-үш метр. «Алдыңда жыра, оңға бұрыл, солға бұрыл» деген дауыстар естіледі. Кенет жан-жағынан анталаған қалың додашылардың ішіндегі Несіпбектің өзі де, астындағы Торы аты да қара сорпа болды. Сақтықты ұмытқан, қақтығысып-соқтығысып, сүріне жығылып, қайта тұралайды. «Таста көкпарды, таста!» – деп айғайласам, сөз ұқпайды. Қормалдаса, қорғаласа, үйіріле жүріп, көкпарды қылта астындағы бір үйге тастап еді, екі көзі қанталап кеткен Несіпбек бетбақтырмай: «Шығар көкпарды, шығарлап!» айғайлап тұрып алды. Басу айтайын деп жақындаған мені көре сап: «Ей, елмісіңдер, жаумысыңдар! Сонау Дегелеңнен мына алматылық қонақ келіп тұр. Көкпардың бұшпағын да ұстатқан жоқсыңдар. Ұят болады», – деп қояр да қоймай көкпарды менің алдыма салып бергізді. Ұрандап, аруақ шақырып, кері атты жетектеп мені Несіпбек топтан шығарды. Қалың шаңның астынан қабырғалай жанасалап, көлденеңдей қыспаққа алған екі аттының арасына сынаша қағылған Кері ат басын бауырына салып, ытырылып қалғанда, олардың арасы ажырап кетті. Сөйтіп, көкпардың әккі аты додадан мені өзі алып шықты да, бауырын жаза бет алған жағына шаба жөнелді. Қапталдаса шапқан Несіпбек те: «Ауыл мына жақта! Былай шап!» – деп айғайлап келеді. Азан-қазан шу, біреу өз атын ұрады, біреу мені қамшылайды. Бір кезде топтан әзер сытыла шығып, аттың басын еркін жібердім. Әйтеуір, көкпар тақымымда. Басында сескеніп едім, жоқ, ерге орнықты екем. Зуылдап, ойлы-қырмен жоталатып құйындатып келемін. Бүйірде Несіпбек. Екі-үш атты көлденеңдеп еді, Кері ат бүйірлей соққанда, олар сүріне жығылды. Адам қарасы сиреп, бес-алты ғана додашы қанжығаласып келеді. Кенет Несіпбектің: «Алдыңда жыра! Жар! Оңға тарт!» деген дауысы шықты. Тез бұрылуға қапталдағылар ерікке жібермейді. Іле жер жағдайына үйреншікті көкпаршылар жан-жаққа сытылып, шыға берді. Қарасам, алдымда ені төрт-бес метрлік терең жыра көлденеңнен сұлап жатыр. «Аттың басын тартпа! Тақымыңды қыс. Үзеңгіден аяғыңды шығар» деген жанұшырған дауыстар естілді. Демімді ішіме алып, аттың жалына жармастым. Кері ат арындап-арындап келді де төрт аяғы бүгіліп барып, терең жыраның шетіне тұяғы ілінгенде, арғы бетке ытырыла секірді. Дүние тына қалды. Ұшып барам. Бір сәтте жыраның арғы бетіне дік ете түсті. Аяғымды таралғыға керіп тұрып аттың басын кері тарттым. Тізгін азуын керіп, екпінін басқан Кері ат тізерлеп барып, томарға сүрініп, жүресінен жығылды. Әйтеуір, аман сияқтымын. Ат та, мен де қозғалмай, жығылған күйі сұлап жатырмыз. Тұрайын десе, ауыздығынан тартып, ырық бермеймін. Себебі үзеңгіден аяғымды алдым ба, жоқ па, нақты білмеймін. Аяғым үзеңгіден шықпаса, бүйірі қызып алған ат сүйрете жөнелуі мүмкін. Әйтеуір, аяғым аттың бауырында. Лақтырып үлгерген көкпарым анадай жерде жатыр. Айқай басылып, көкпаршылар жыраны айналып өтіп, қасыма келді. Бірі аттың басын ұстады. «Атыңның үстінен түспе. Сүйретіп кетеді», – дейді бір жанашыр. Сол кезде Несіпбек те жетті. Көзі бақырайып, сөзі аузына түспей, беті аппақ қудай бозарып, сілейіп қатып қапты. Жиналғандар атты қаумалап орнынан тұрғызды. Үзеңгіден аяғымды шығарыппын. Өзім де дін аман екенмін, еш жерім зақымданбапты. Тіл-ауыздан айырылған Несіпбек бір кезде: «Бір ажалдан қалдың. Астыңдағы аттың арқасы ғой», – деді. «Өзінің де тақымы мықты екен. Көкпармен қоса ұшып кетпей, үзеңгіден аяғын шығарып үлгеріпті. Зады, бұрын додаға түсіп жүрген бала болса керек», – десті екінші біреу. Сол кезде бағанағы біз көкпарын тартып алған жігіт, дәу серкешті жерден іліп алды да, желе жорта жөнелді. Несіпбек екеуміз басымызды төмен сап, үйге қайттық. Ол өз басын өзі төмпештеп: «Қалай ұмыттым, ә! Қалай ұмыттым! Көкпарды сенің алдыңа неге сап бердім. Енді Тұрысбек пен Бәйкенге айтпа. Олар естісе, екеумізге де көресіні көрсетеді», – деді. Мен айтпасам да, бізден бұрын естіп алыпты. «Ей, көкдауыл!» – деп оңашалап әкетті Несіпбекті. Ал мені майда сөзбен жұбатты. Бұл үйге және балаларына бауыр басып қалғаным сондай, мен ауылдан аттанарда Несіпбектің Ақан атты бес жасар інісі соңымнан қалмай, екі қырдан асқанша: «Мені ала кет, аға!» – деп жылап қалып еді. Қайран, қимас көңілдер мен ыстық та таза ықыластар-ай, десеңші. Ақан қазір де, мосқал тартқан шағында да Тұрысбектің өзге ұлдарының арасынан бөлініп келіп, мені қолтығына алып тұрады.
Сөйтіп, Несіпбектің «ұстай қалса, «өлі-тірісіне қарамайтын» «көксоққан көкдауылының» арқасында бірінші рет көкпар тарттым, бірінші рет жардан ат-матыммен секірдім. Бұл менің осымен үшінші рет ат-матыммен жардан секіріп, ажалдан аман қалуым еді (бірінші рет Құлатаймен, екінші рет мотоциклмен аң қуғанда). Содан қайтып бәйге мен көкпарға жолаған жоқпын. Несіпбек те мені ондайға жолатпай қақпайлай беретін. Кейін сондағы зәресінің ұшқанын айтып жеткізе алмайтын: «Сені қойшы, ана Құдакелді әкеміз жалғызынан айырылып, зарлап қалатын болды-ау деп, жаным зәр түбіне жетті», – дейтін. Бұл шын өкініш еді. Себебі додашылардың тәртібі бойынша, жер жағдайын білмеген адамның алдына көкпарды салып беру қастандықпен пара-пар саналады екен. Ал Несіпбек кәнігі шабандоз, ысқаяқ көкпаршы ретінде қаны қозған кезде, бәрін де ұмытқан. Міне, оның «өлдім-тірілдімге қарамайтыны» сол, жыны қозған (азарты ұстаған) сәттерде орын алатын. Кейін бойын да, ойын да сабырға жеңдіріп, «жынын ауыздықтап» ұстайтын болды. Оның «Шайтанға» атты өлеңіндегі кіжініп кеп: «Сыртымда болсаң – көрер ем, Ішімде болсаң – жоқ амал» дейтіні де сондықтан. Ал мынау «қастандық» емес, балаң және ессіз қызбалық болатын. Оның «есесін» ол он жылдан кейін мен бір шырғалаңға түскенде, мені іздеп шыққан Рымғали аға, Сағат (Әшімбаев), Жәнібек төртеуі көлік қақтығысына ұшырап, иығын шығарып барып, «қайтарғаны» бар. Өз басым, сол жолы Несіпбек «дода қағушы» емес, қаптағайымнан қатарласа демеген менің рух қорғаушым болды деп есептеймін. Өйткені ол қасымда жүргенде, мен өзімді-өзім еш алаңсыз, сенімді сезінуші едім.Міне, көкпар оқиғасы осылай, екеумізді де тәубемізге келтіріп еді.
Үшінші курстың басында ол жыр әлеміне батыл және жан-тәнімен жанып-күйіп беріле бет бұрды. Бізге жазмыштың берген бір сыйы – дәріс университеттің бас корпусында өтетін, барлық студент бас қосатын бас поштаның бүйірінде, су перісінің әйкелі бар қауыз бен орталық бақтың орамында, ең бастысы, Жазушылар одағының ғимараты жақын еді. Біздің сабағымыз аяқталған кезде, түстік демалысқа шыққан ақын-жазушылар саябақта бой жазып жүретін. Біз де үйірсектейміз, олар да бауырына тартатын. Әуелі жүз таныс болдық, бара-бара сырағыластарына айналдық. Ал қазақы пішімді Мұқағалиға бауыр басып алдық. Тіпті Айтуған, Несіпбек үшеуміз дәрістен босағанда, ол бізді «Суперіштесі» әйкелінің алдына айналсоқтап күтіп жүретін кезі де болды. «Дариға-жүрек» атты дастаны шыққаннан кейін Мұқаңның атағы аспандап кетті. Мені бір-екі рет Айдар атты баласымен бірге «Ватерлоо өткелі» фильмін көруге «Алатау» кинотеатрына алып барғаны да есімде. Ол Несіпбекке ерекше өзімсініп қарап, кейде жорта ұрысқансып бауырына тартып, өлең оқытатын. Бірде кетіп бара жатқан Несіпбектің ту сыртынан қарап тұрып: «Ақын, жүгірмегің – шын ақын, қазақы ақын», – деп тамсанып тұрып қалғаны да бар. Ұзамай «Лениншіл жас» газетіне Мұқағалидің алғы сөзімен Несіпбектің бір топ өлеңдері шықты. «Сырнайларым, сырлы айларым…» деп басталатын сол шоғырлы өлеңдерімен Несіпбек қазақ поэзиясына атойлап кірді де, қайтып ол үйірден шыққан жоқ, керісінше, жыл өткен сайын шығандап алға оза бастады. Төртінші курста, Қайыржан Бекхожин мен Мұзафар Әлімбаевтың алғауына ілігіп, «Балдырған» журналына қызметке орналасты. Мұзағаңның сол бір кең де, жайлы құшағынан қайтып шыққан жоқ. Он жыл сол орыннан тапжылмады. Мұзағаңды әкесіндей сыйлап, құрмет тұтты, ағасындай еркеледі, баспаналы болды, соңғы сапарға да Астанадан барып шығарып салды. Сөйтіп, оның қазақ поэзиясындағы елу жылға созылған күре жолы басталды. Енді салмақты поэзияның салмақты жанры дастанға қарай жантая салды. Сөйтіп, «Бассүйектерге» де жетті… Бұл дастанның өмірге келу орайы да тосын әрі оның өзін иектеген кие-иесімен, аян түстерімен тікелей байланысты еді.
7. «БАССҮЙЕКТЕР»
Ол жақынын жатқа сатпайтын, ал кілт теріс қарап кетуі әбден мүмкін еді. Күндіз-түні өзінің бауырына басып, өзі де бауырына кіріп, барын беріп, бергенін алып, есепсіз араласқан адамдармен, қалай тез табысса, солай тез суысатын, олармен кәдімгі суық бауыр таныс-білістің біріне айналатын ғадеті де бар еді. Бұл, енді, бірде – сыртын, бірде – бетін берген тіршіліктің әдеткі әдетінің бірі әрі тез күйіп, шорт басылатын ақындық ұшпа мінездің әсері болса керек. Ал Мұрат, Мұхтар, Ақан, Гүлшар, Күләнда, Жанат, Жанар, Ғұсни атты бауыр-қарындастарына ыстық құшағын суытып көрген емес. Солардың қамын ойлап, толық білім алуы үшін үшінші курстың басында сонау Шұбартаудың иен даласын мекендейтін әке-шешесін, жеті-сегіз бауыр-қарындасын бір түнде Аягөзден жүк көлігін жалдап, жасырын көшіріп әкеп, Алматыға жақындатып, Ұзынағашқа алып келді. Иен қалған бір отар қойдың дау-дамайына да өзі төтеп беріп, артын тыныштандырды. Оған да місе тұтпай, ақыры Алматының бүйіріндегі Тұздыбастауға тұрақтатты. Бірақ әке-шешесі малдан қол үзбеді. Кең даласыз, жайлау мен қыстаусыз олардың өкпесі тарылып кететін. Ақыры сонау Бозойда қыстап, жазда Алатау асып, қырғыздың Көкайрағын жайлап, жандары жай тапты. Соның арқасында, біздің де шыңның түбінен еріп аққан шым бұлақтың мұздай салқын суын қымызбен «жылытып» ішкен күндеріміз де болды. Құм-шөлейтті басып, асқар асудан асып, шыңға барып тірелетін екі жүз шақырымнан асатын көш жолының рақаты мен машақаты да мол еді. Жол бойы торуылшылар мен күзетшілер ашық та, ұрлап та «нәпақасын айырып отыратын». Несіпбек мені қояр да қоймай Алматының Сайын көшесін жарып өтетін «қойдың көшіне» ілестіріп бір жолы «журналистік зерттеу» де жүргізді. Оның ақыры «Тар жолдағы талапай» («Жетісу» газеті) атты фельетон жазумен аяқталғаны бар. Мұндай «машақатты» ұйымдастыруға келгенде, Несіпбек алдына жан салмайтын. Көрінеу қиянатты көрсе, «көкдолысы» ұстап, жанын сала жанығатын және ол істің шешімін шығармай тынбайтын. Сондайда, өкпесі қысылғанда екінші тынысын ашатын бауыры Мұрат пен келіні Нахия еді. Кейіндеу екеуі де жол апатынан жусап қалғандағы оның аңырап қалған кеудесінің озаны жан жаназасындай азынап шықты. Оның өз өмірінде басынан кешкен ең қаралы да жаралы сәті сол шығар.
...Ұйқыдан қу сүйекті оята алмай,
Ақыры ішін тартып жылайды көр.
Көр іші – қара қобыз күңіренген,
Ешқашан тілдесе алмас тірілермен.
Тылсымның жұмбақ сырын
қайдан ұқсын,
Қара құрт қара жердің түбін емген, –
деп күңіренген тұсы да сол кез.
Мұрат әкесіне тартқан төртбақ, мығым, қайсар, адал жанды, бауырмал еді. Ағалап-жағалап, алдымыздан кесе өтпейтін. Мұратты әскерге шығарып салғаннан кейін үш-төрт күннен соң жұмысқа келгенде («Балдырған» журналында): «Түс көрдім. Кейін айтамын», – деді. Он күн өткенде «Бассүйектер» атты дастанын оқытты. «Мұратты қимай, елегізіп жүргенімде Янның «Шыңғыс хан» романын оқып, өзімді алдарқатып едім. Соның әсері ме, білмеймін, түсімде, қылыштың өткір жүзі кесіп түскенде, мойнынан ұшып бара жатқан басты көрдім. «Пәлесін Мұраттан аулақ әкетсін» – дедім де, бассүйектердің өзін кейіпкерге айналдырып жібердім. Мұраттың ұшығы сонымен кетсін», – деп мұңая сырын шақты. Мұндағы бассүйектерді қолына алып сөйлетіп, оларды «ұшықтап» отырған лирикалық кейіпкер, яғни археолог ақынның өзі еді. Заманалар мен тағдырлардың, патшалар мен пақырлардың, қаһарман мен қарақшының, жендет пен жетімнің шарпысуына құрылған сол «Бассүйектер» дастаны республикалық бас бәйгені жеңіп алды және дүйім халайыққа Несіпбекті ақын ретінде біржолата мойындатты. Сөйтіп, қимас бауырының аманатты жолын өлеңмен ұшықтады. Мұрат та әскерден аман-есен келіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасадық. Ендігі қамқорлықты, Несіпбек Мұраттан көрді. Тек жетпіске жеткенде бір өкпесі азынап бос қалып, кеудесін мұң қарыды. Оның «Мұңға да еркіндік берейік» деген өлеңі сол бір өзегін күйдірген өкініштен туып еді. Ал әулет тұрғысынан алғанда, Тұрысбектің тұқымы ең бақытты да бақуатты, сүйекті тұқым болды. Әдетте, «жеті ата» дегенде, есте жоқ ескі заманды елестетеміз. Шынтуайттап келгенде, «жеті ата» дегенің бір тұтам ғана өмір екен. Мысалы, Тұрысбек әкеміз, алты үрімін: 1.Атасы – Бәгейді, 2.Әкесі – Айтты, 3. Өзі бар, 4.Ұлы – Несіпбекті, 5. Немересі – Қалқаманды, 6. Шөбересі – Ерасылды, 7.Шөпшегі – Ерәлиді көрді, тура жеті ата. Ал Несіпбек те алты ұрпақтың жалғасып, өсіп-өнгеніне көзайым болды. Жалғасты ғұмырды олардың үрім-бұтақтарына нәсіп еткей.
«Бассүйектерден» кейін Несіпбектің тынысы ашылды. «Коммунистік-колонизаторлыққа» қарсы «Үндістер, үзілмеңдер!» атты дастанындағы: «Тағдыр бізге жер бергенше, Берсе нетті көктемір» – деген емеуірін сөздерді сол жылдары тұрмеге қамалған үндістердің көсемі Минстің толғауы арқылы астарлап жеткізіп, ұлт азаттығын ұрандатты. Ал, 87-жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде шққан Әлішер Науаидің «Ескендір қорғанындағы» жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан жауыз патша туралы тарауы, өзге түгіл, Бас редактор Шер-ағаңның – Шерхан Мұртазаның басын шайқатып еді. Желтоқсан оқиғасындағы қам-қасіретті тура сол кезде дәл осы дастандағы емеуріндей жеткізе қоятын шығарманың басыла қоюы екіталай еді. Несіпбек – дер кезінде аударды, Шер-ағаң тоқтатпай жариялап үлгерді. Екеуінікі де ерлік еді.
Сол заманның ырқымен мен де тәуелсіздік рухты аңсаған «Аза», «Керуен қоңырауының үні», «Хиросима қасіреті» атты рэквиемдер жазып ем. Ішкі бостандық аңсарын шет елдік патриоттардың тағдыры арқылы сыртқа шығарудан басқа өзге әдеби әдіс жоқ еді ол кезде. Әрине, «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» – деп Қадыр ақын айтқандай, шындықтың бетін көлегейлеген бірнеше поэма да ықтиярсыз жазғаны бар. Оларға да салауат. Қалайда, өлеңдерін жинақ етіп шығару үшін, ондай «баспаққа» бармаған шығармашылық иесі кем де кем. Бірақ, жалаң «жасасындатқан» жоқ.
7. ОРЫНСЫЗ ЕСКЕРТУ
Ал, енді Несіпбектің ән әуеніне лайықталған мәтіндерінің бәрі де, кейінгі кездегі тақырыптық бір-екі дүниеден басқасы, менің көз алдымда жазылды. Өйткені, әннің әуенін естіп, соған елжірей еліктеп отырып жазатын әдеті бар еді. Ол үшін, ән иелері, не Мейраш аға (Мейрамбек Жанболатов), не Ақселеу, не Жәнібек, не Тұрсынжан, не Секен қасында болуы тиіс. Ал, оларға не қақпайлап, не тамсанып, не тыжырынып отыратын бір тыңдаушы қажет-ақ қой. Әрине, ол «бақырауық теке» («Козел провакатор») мен болдым. Бұл дәстүр былай басталды. Өткен ғасырдың аяғында, жаңылыспасам, жетпістоғызыншы жылдың қарашасында Абай ауданының сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы, Жәнібек екеуміздің өнер жолындағы тілеушіміз Мейрамбек Жанболатов аға Сәуле жеңешеміз екеуі Алматыға демалысқа келе қалды. Редакцияға соғып, демалыс күні Жәнібек екеумізді «Алатау» санаторийіне шақырды, Жәнібекті қадап тапсырып, жаңа бір әндері барын айтып, соның сөзін мен жазып, әнін Жәнібек орындауы керек екен. Ал, менің көз алдымда: Орда тауының Шілікті кезеңінен аса қалғанда бүкіл Сарыарқаның көгілдір шымылдығындай боп мұнартып көрінетін Шыңғыстау елестеп тұруы тиіс. Мұндайға Несіпбек ұшқыр екенін айтып ем: «Ертсең –ертіп кел. Бірақ сөзді сен жазасың», – деді қадап тұрып. Үш-төрт күн әурелендім, ештеңе шықпады. Жәнібекке: Қалайда Несіпбекті алып кел – деп тапсырдым. Қаланың сыртында тұратындықтан уәделі сәттен жарты сағаттай кешігіп бардым. Бөлмеге кірсем, Мейраш, Жәнібек, Несіпбек үшеуінің менің сәлемімді алуға мұршасы келмей, бірі – домбырасын шертіп, бірі – қағаз бетін шимайлап, бірі – екеуіне кезек қарап, шүйіркелесе қапты. Бір кезде Несіпбек: – Міне, шықты, қане тартшы, Жәже, былай – деп қарлығыңқы дауысымен ыңылдай жөнелді. Әсіресе, Жәнібектің кең дауысымен мамырлай келіп:
…Көрінер өзге түгіл ыстық маған,
Аядай ақ бұлтыңның көлеңкесі,
Ахау, Арқа,
Ахау, Арқа,
Желпіндір.
Кең далада еркін шалқып,
Еркелейік еркін бір! –
деп желпіне лықсығанда, бәрімізде мамырлай тербелдік.
Соның ішінде: «…Көрінер өзге түгіл ыстық маған, Аядай ақ бұлтыңның көлеңкесі, Ахау, Арқа,» – деген теңеу қандай ғажап! Нағыз ақынның ойына оралатын көрініс. Әнді Жәнібек жеке айтып, қосылып айтып, Сәуле жеңешем де демеп, әптігіміз басылған соң, Мейраш аға: «Мына бір әуен де мазалап жүр. Сөзі келіссе, жөнге келетін сияқты», – деп домбырасының құлақ күйін келтіріп, ыңылдай бастады. Жәнібек қайталап шертті. Буыны мен ырғағы көрсетілді. Сонымен, Несіпбек пен Жәнібек жарты сағаттан астам уақыт «құрдың ойнағы» құсап құрқылдасып, күңкілдесіп, бірі ыңылдап, бірі күбірлеп, ақыры домбыраның тұрақты қағысына ұласты. Жәнібек барған сайын қағысын жылдамтып, бәсеңсітіп барып, өзінің майпаз дауысымен:
…Қоңыр күзде қоңыр әнге басайын.
Сал домбыра,
Жан, домбыра,
Бүлкілдесін көмейің.
Қоңыр қазым,
Көңіл сазым,
Енді саған не дейін! –
деп еркелете аяқтағанда, бәріміздің дыбысымыз шықпай қалды.
Ғажап! Қандай сазды, қандай назды, қандай мағыналы ерке үйлесім. Ән де, әнннің сөзі де, орындаушы да, тыңдаушыны сондай бір мамыражай күйге түсіреді. Міне, кейін бүкіл қазақ даласын мамырлатқан «Ән-домбыра» атты ән осылай өмірге келіп еді. Осы екі әнмен қатар, әуеліде «Еңліктің», кейін «Тоғжанның Шымылдықсаймен қоштасуы» деген атпен жария болған үш ән қазақ радиосының таспасына жазылып, кең аудиторияға таралды. Бір жылдан соң Мейраш аға үшеумізді Шыңғыстауға шақырды. «Еңлік-Кебектің» мұнарасының қасына бүкіл «Қаламқас» ансамбілі жиналып, өзінің бұрынғы мүшесі Жәнібекті билеп тұрып қарсы алды. Шыңғыстың сырты мен ішін армансыз аралатты. Сол жолы, қазір Бақыт Шағатаева ғана орындайтын «Ақ бесік» әнінің сөзін Несіпбек Қарауылда, Мейраштың үйінде жазды. Қайран, Мейраш аға, басымыздан құс ұшырмады-ау, заманында. Ол да бір қайрылып келмейтін, айтып жеткізе алмайтын дәурен-еді ау, шіркін.
Отызды алқымдап, ой түсе бастаған сексенінші жылдардың басында, бәрімізде, алғашқы демігуімізді басып, өнер жолымыздың дербес сүрлеуіне бет бұрдық. Сол жылдары цирк пен «Қазақконцертті» басқарған бір сумақай Жәнібекті сақнадан шеттетіп, саяқ қалдырғын кез болатын. Ол енді ағысқа қарсы жүзіп, қалам қарымын сынады, Манарбектің таспадағы дауысын тауып, әуелі «Кемпірбай мен Әсеттің қоштасуын», «Сырғақтыны» «Бесқарагерді», «Шәмси-Хамарды», сосын Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызынан Абайдың нотаға түспеген әндері мен мен Майбасардың Мұхамеджанының «Қайран жастығын» оңашада дауысы мен ырғағына салмақ түсіре «ащылап» айтып, өзінше орындауға көшті. Оның бұл «әндері бұрынғы әннен өзгерек» еді. Сондайда, қарындасымнан кейін қамкөңіл боп жүрген, ауылда жайдақ үйде тұратын (Қазіргі «Әлмерек» ауылы) маған Рымғали аға, Жәнібек, Несіпбек, Құныпия төртеуі басу айтып, жиі келіп, таң атқанша еркін ән шырқайтын.
Сол кезде Қарағандының облыстық газетінен Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Социалистік Қазақстанға» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») әдебиет пен өнер бөлімінің мегерушісі боп ауысып келе қалды. Содан бастап, бұрын «кірген із бар, шыққан із жоқ» сықиған үшінші қабатқа «жан бітті». Қақпақыл (тенис) қойылды. Қилы өнер адамдары жиілеп келе бастады. Ақыры домбыраның да үні естілді. Жәнібек те қылаң берді. Несіпбек екеумізді ертіп алады. Енді, сағат кешкі бестен кейін үшеуміз Ақаңның бөлмесінен табылатын болдық. Әрине, әнсіз кештің сәні келе ме. Содан, Жәнібек «Кемпірбайдың Әсетпен қоштасуын» және «Қайран жастықты» айтты. Ақаң қатты толқыды. Жәнібекті ертең үйіне келуге шақырды. Екі-үш күннен кейін кешке бөлмесіне кірсем, Жәнібектің қабағы түйіліп, алдындағы жазуға төне қарап отыр. Ара-арасында домбырасын қағып қояды. Ақаңның сұқ саусағы шошайып барып, түсе қалады. Жазған құлда жазық бар ма. Несіпбек екеуміз мүттәйімбіз. Кенет Жәнібек домбырасын ары-күңгірлетіп, бері күңгірлетіп, бір қомданып алды да, ащы дауысымен барынша шарықтата: «А-аай, Күлдір-күлдір кісентіп, Күреңді мінер ме екенбіз. …Күдеріден бау тағып, Қоңыраулы найза қолға алып, Жауға да шығар ма екенбіз» – деп асқақтата аршындағанда дымымыз шықпай қалды. Мұндай құдіретті әнді бұрын естіп көрмеппіз. Оны місе тұтпаған Ақаң арасында саусағын көкке шошайта қояды. Жәнібек айғайын одан әрі үстеп, дауысын созады. Толғау аяқталған кезде: «Ақа, екі күннен бері тұншықтырып өлтірдіңіз-ғой!» – деді Жәнібек тыныс алып. «Ән енді бабына келді. Ертең қайта тыңдаймыз» – деді Ақаң. Сөйтсек, Ақтанберді жыраудың толғауын «Ыңғайтөкпе» күйінің әуеніне түсіріп, үйінде екі күн пысықтаған екен. Жәнібектің «жаттығуы» мұнымен аяқталмады. Келесі жолы барсам, енді Ақаңның алдына, қашанғы өлең жазғандағы әдетімен «шашын бір талдап жұлып» Несіпбек отыр. Жәнібек желкесінен төніп тұр. Ара-арасында домбырасын қағып қойып, әлде бір ширыққан әуенді шертеді. Ақаңның да қолында қалам. Сөйтсем, үшеуі бірігіп . «Аспандап алатын, асқақ қанатын» талдырып, «Дәурен-ай» әнін шығарып отыр екен. Мен де бірдеңе деп міңгірлеген болдым. Ал, Жәнібек орындаған кезде жаңағы әнді мүлдем танымай қалдық. Келесі жаттығудың толғағы, тіпті, ауыр болды. Домбыра біреу емес, екеу бопты. Жәнібек өзінің қалақбас қолдомбырасын ала келіпті. Үшеуі де шүйліге шүйіркелеседі. «Мына сөз келіспейді, мына ара пәсең айтылды. «А-ааай»» дегенде иесіз далаға қарай есі кете айғайлай шапқан қазақтың өлермен дауысы сияқты, асаудың басына лақтырған бұғалықтай шұбатыла шырқалуы керек» – деп Ақаң да өзеуреп болмайды. Несіпбек те жазуын бір өшіріп, бір көшіреді. Ақыры тоғыздан кете «Аңыз дала, қобыз дала, Сарыақа!» деген жолдар қағазға түскен соң дауыстары саябырсыды. Жәнібек ыңылдай жаттығып барып, бар дауысымен айтқанда, тоғыз қабатты ғимарат күңіреніп кеткендей болды. Әні мен сөзі, орындаушысы бір-біріне келіскен мұндай туынды сирек қой, шіркін! Ән әсерімен, ондағы арманды-өкініштің сарынын ыңылдап отырып, өзімше көсемсіп: «Қайырмасын»:
Кермиығым,
Шер-күйігім,
Сөз түйінім, Сарыарқа
– деп айтса, мазмұны, тіпті, тереңдеп кетер еді. «Жез киігім» – деген сөз әнді жеңілдетіп жіберетін сияқты. «Жезөкшем» дегендей де әсер береді. Ал, «Шер-күйігім» деген салмақты, ойға жетелейді, – деп қалғаным.
Бұл сөзім орынды болды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ, дегенім рас. Әуеліде, үшеуі де дуылдаса қостағынымен, Ақаң да, Жәнібек те, тіпті, Несіпбектің өзі де кейін кібіртіктеп: «Қырын көз (цензура) «Қайдағы шер-күйік бұл» деп пәле салар» – деп жүрексінетінін айтты. Сонымен, бұл мәтін еркін отырыстарда – «шер-күйігім» деп, таспаға жазғанда және сақнада – «жез киігім» деп орындалып жүрді. Қазір әр кім әр қалай айтады. Мейлі. Менің парызым әннің шығу тарихын жеткізу. Ал, Секеннің «Айқай, дүние», Тұрсынжанның «Дариға-жүрек» әндері Несіпбектің «Қазақфильмірдегі» үйінде жазылды. Бір жолы аса сыйлас, бауырбасқан ағаларымызбен қонақта болған Жәнібек пен Несіпбек, түнгі он бір мөлшерінде мені шақырып ап, ағаларымыздың араздасып тарасқан мінездеріне өкініштерін айтты. Татуластырудың бір амалын әнмен жеткізейік – дестік. Сонымен, не отырыс, Несіпбек дереу «шашын бір талдап жұлуға» кірісті, Жәнібек домбырасын алып, басын шайқап қойып ыңылдай күңіренуге көшті. «Ағалар-ай» атты ән, сөйтіп, түн жарымында өмірге келді. Ол әнді сақнаға шығарып үлгермей, Жәнібектің өзі дидарғайыптың дүниесіне аттанды. Арада бір жыл өткен соң шәкірті Рамазан Стамғазиев ол әнді екінші рет өмірге қайта әкелді. Шіркін, Несіпбектің әнге жазған сөздері әуенмен қоса ауа боп көкірегіңе құйылушы еді-ау. Енді, ондай үштік үйлесім қайдан табылсын. Ол үйлесімдердің жермен жексен боп келмеске кеткені, өкінішті. Айтпақшы, Қазақстанның соңғы Әнұранының мәтінін ырқынан тыс өңдеп, жалаулатқан да Несіпбек. Оның қолжазба нұсқасы жеке қорында сақтаулы тұр.

8. «ЭПИЦЕНТРІМІЗ – ЕМЕУРІН»
Бұдан кейінгі өміріміз қамшының өріміндей тең өріліп өтсе де, өмір арнасы өз арнасымен тиісті жерінде дегеніне қарай бұрып әкетіп отырды. Алайда, іргеміз де, өрісіміз де, ниетіміз де ажыраған жоқ. Жәнібек пен Құныпия қосылған соң, тіпті, бұрынғыдан бетер тарамысымыз жымдасып, дымымыз да, деміміз де бір шығатын болды. О, ол жылдардың бір сәті бір ғұмырға тең дәурен еді-ау! Несін айтасың, қайсы бірін қаперге алайын. «Мен өмір сүрдім!» – деуге татитын нағыз сайран да қайран жылдар еді-ау, шіркін. Әрине, көңілге уайым салған жайлар да болды. Әсіресе, менің жалғыз қарындасым Төлеу университеттің үшінші курсында аққаннан қайтыс болғаннан, іле ұлым Алмас суға кеткеннен кейінгі күйзелісті шақтарда жабыққан жанымды сергіткен де солар болды. «Түнде ұшқан тырналар» сияқты бірнеше өлең де жазды. Ал, Төлеудің жылында дастархан басында көзінен жасы мөлтілдеп отырып бір жапырақ қағазға «Жұртбай баласы Тұрсынға» деп жазған мына өлеңі:
Зулайды, зымырайды мына күндер,
Кідірте алар дейсің, сірә, кімдер?
Осынау кең дүниеден, сіз бен бізге,
Түбінде бұйырары бір адым жер.
Жаз өтер, жарқын күнің күзге айналар,
Біртіндеп көкірекке мұз байланар.
Ойласаң, өткенің мен кеткеніңді,
Шым етіп, қайран жүрек, сыздай қалар.
Дүние ескіреді, жаңарады,
Тіршілік жан береді, жан алады.
Тұрамыз толқын мүжіп бітіргенше,
Жаралы жартас құсап жағадағы.
Мұңданба, болсын бізден мұң ауаша,
Жылама, саған біреу жыламаса.
Табандап жатып алар жайымыз жоқ,
Кетеміз өмір «Кет!» деп қуаласа.
Өтеміз қысқа жолды қас-қағымда,
Сыр қалар әр сағаттың астарында.
Жас төгер мағынасыз бұлттар ғана,
Жабырқау жаңа түскен жас қабырға…
Несіпбек. 8.ХІ.1980.
сол бір қаралы да жаралы күндерімізде ортақ уайымды бөліскен жүрек жұбатуы сияқты.
Сондайда, ұстаз-ағамыз Рымғали Нұрғалиев: «Қалада тұншығып қаласыңдар. Уайымға оратылмай сергіңдер!» – деп үшеумізді «Ақбұзауына» (Р-ағаңның «Жигулиіне», Несіпбек қойған ат), бірде саяжайына, бірде Бозойдағы Тұрысбек әкеміздің қыстағына, ал жазда Шалкөде, Хантәңірі, Қарқара, Жіңішке, Қоңырөлең, Сарқан, Басқан, Шыбарағаштатып, тау-тасты кезетінбіз. Жол бойы Жәнібек пен Құныпияға ән айтқызады, Несіпбек қара өлеңге басады, ішіндегі «өнерсізі» менмін. Кейде, Жәнібек пен Несіпбекті айтыстырып, қыза-қыза келе, жауап таба алмаған Несіпбектің Көксудағы көпірден секіріп кеткені бар. Қалжыңымыздың қаттылығы сондай, былайғы жұрттың қасақана әрекетке де балаған кездері болды. Олар не десе де, өзімізге бәрі де орынды сияқты көрінетін. Алакөлдегі, Шыңғыстаудағы, Алатау сағасындағы бізбен кездескен ауыл адамдары: «Ән тыңдаймыз. Сөз тыңдаймыз» – десіп, келесі ауылға ілесіп баратын. Әзіл-оспақты былай қойғанда, таңды таға қосып айтатын Жәнібек пен Құныпияның әні, бір түндік ұйқыны қиюға толық татитын. Тіпті, кей азаматтар Алматыға келгенде, үшеумізің басымызды қосуға ұмтылушы еді. Әрине, дала сақнасындай болмағанымен, бір бөлмені басына көтеруге жарайтынбыз. Соның бәрін маржандай тізіп айтқым кеп, көмекейім бүлкілдеп отырғанымен де, оның сабақтауы басқа ине-жіп екенін білгендіктен де, жоғарыда жолай ескертумен, бір жолы Несіпбекті бес киіндіріп, бес шешіндірген «хикаяны» еске салумен шектелгім келеді. Әдетте, күнді – түнге, түнді – таңға жалғайтын, кейде апталап созылатын «сақналық – қойылымның» режиссері Жәнібек болатын. Құныпия: «Боптысынан» аспайды. Мен ара-арасында отқа тамызық тастап отырамын. Жәнібек дүниеден өткен соң, сақна жабылды. Ал, Несіпбек пен Құныпия өмірден озған соң, мынау азан-қазан дүние, дыбыстан сап тиылып, иесіз меңіреу жалғанның мылқау сақнасы ғана қалған сияқты. Сіздерге, қайдам, әйтеуір, маған солай сияқты көрінеді.
Несіпбек екеуміз тізгін қағыстыра елу бес жыл дос-жаран, немесе, өзі айтқандай «дос емес, бауыр боп» өмір сүріппіз. Домбыраның қос ішегі – бірі қатаң, бірі – босаң бұраласа да, үндесе үн шығарады емес пе. Ал, біздің жарастығымыз қалай үндесті, оған, Абай айтқандай, «Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынай» жатар. Сыралғы тартқанымыз сондай, оңашада болмаса, қандай шешуі қиын істерді екі-үш астарлы тіркеспен шешіп, іле қалжыңға көшетінбіз. Дос-жарандар: «Осы екеуің қалай сөйлесесіңдер. Түк түсінбейміз» – дейтін. Ал, біз үшін бәрі анық, толық түсінікті, жеріне жеткізіліп айтылған болатын. Өйткені, емеуірін мен ежіктеу сөздерді, астарлы тіркестерді түсінбеуге Несіпбектің еш шарасы жоқ-тын, оған қарсы жасаған айла-амалы да жүрмейтін. Біріншіден, оның өзі де тәмсіл тіркестердің тінін жақсы біліп өсті. Екіншіден, Шыңғыстаудағы үш түрлі сөйлеу мәнерімен: сырт шешендерінің, ой шешендерінің және қу сөзді қуған жалаң шешендердің үрдісінен ежеқабыл хабары болды. Ал, оған Шәкір Әбенов, Қабыш Кәрімқұлов, Жұмакүлбай Базарбаев, Қайым Мұхаметханов, Ниязбек Алдажаров, Бекен Исабаев сияқты Абай үлгісіндегі ділмарлармен сөйлесуге тура келген соң, олар аздай Жәнібек екеуміз қосылып екі бүйірінен қадалғанда, «дым білместің өзі, дым біліп кетпегенде» несі қалады.
Бірде, біздің үйде, Қайым (Мұхамедханов) аға, Жәнібек, Несіпбек, Құныпия бесеуміз бас қостық. Жөн сұралды, Ән айтылды, жалпы тақырыптан жалқыға көштік. Қайым аға екеуміз алаш пен түрме хикаясына ауыстық. Тым тереңдеп кеттік пе, әлде, «неғылайынымыз» көбейіп кетті ме, әлде, Қайым аға екеуміз түрменің шартты тілімен ежіктеп кеттік пе, білмедім. Бір әредікте қарсы алдымдағы Жәнібекке қарасам: домбырасын алдына көлденең қойып, бір қолымен біресе шекесін ұстап, біресе екінші шекесін ұстап, біресе жағын таянып, біресе басын шайқап отыр. Түсіне қойдым, біздің сөзімізді түсінбеген соң, «Не сөйлеп отырсыңдар, ей?» – деп мені мазақ қылғаны. Ал, Қайым аға екеумізге бәрі де ұғынықты. Кәдімгідей арқа-жарқа сұқбаттасып отырмыз. Несіпбектің екі көзі бағжаң қағып жыпылықтайды, Құныпия үнсіз. Олардың Қайым ағаның сөзін бөлуге дәрмендері қайдан жетсін. Жәнібекке: тыныш отыр – дегендей белгі бердім. Соны байқап қалған Қайым аға лезде сергіп: «Ә, Жәжә (Жәнібекті еркелетіп солай атайтынбыз), әңгімеміз түсініксіз боп кетті ме, бұл өзі сондай құлаққа оғаш естілетін тақыс терминдер ғой. Қой, әңгіменің тақырыбын ауыстырайық», – деді маған. Сол кезде Жәнібек өзінің майда тілімен мәйпездеп, Қайым ағамыздың мәртебесін көтере: «Жоқ, мен сіздің әр сөзіңіздің астарын мұқият ажыратып, өте жақсы түсініп отырмын. Қандай тереңсіз, қандай терең мағыналы сөздер. Әй, данышпансыз ғой. Тек, сіз мына Жұртбаевтің тілін қалай ұғып отырсыз, соған таң қаламын. Түгін ұқпадым», – деп «жорғалата» жөнелді. Аңғарсыз адам Қайым емес, оның мына «әдепті әдебіне» орай бір күліп алды да: «Оның түк құпиясы жоқ. Тұрсынның сөзінің эпицентрін тапсаң болды, ар жағы өз-өзінен түсінікті боп шыға келеді. Әбден қайталана айтылып, жауыр болған жаргон терминдер ғой. Жә, енді әніңді айт», – деп өзге күйге көшті. Содан бастап: «Әуелі сөздің эпицентрін анықтап алайық» – деген өзара тұрақты термин қалыптасты. Бара-бара, үйреншікті әдіске айналды. Сыры ортақ адамдар үшін бұл да бір таптырмайтын тәсіл. Қашан да ым-жымың бір, айтпай түсінесің, өзгенің назарына да ілінбейсің. Ащылы-тұщылы, батымды-батымсыз, кейде жөнді-жөнсіз қалжыңдарымызға да сол «жаргондарды» қосып, тұздықтап жіберетінбіз. Бөгделерге бөтен, мағынасы жат, әңгімеге қатыссыз көрінгенімен де, сол айтылған сөздің ішіндегі «таңба басылған» бір сөз арқылы не деп жауап береміз, немесе, осыдан кейін қайда барамыз, ана мәселені қалай шешу керек, соның барлығын тілсіз түсіне қоятынбыз. Мұның өзі алыс-жақынның, ықыласты-ықылассыздардың арасында орайлы, орайсыз, орынды-орынсыз кілтипанды сыпсың тудыра бастады. Десін. Ондайларды бір-бірімізге айтып, күліп қойып паң-шұңсыз жүре беретінбіз.
9. ҚИЯСБАЙЛЫҚ» ПЕН «ЖҰМАНҚЫРТТЫҚТЫҢ» ТЕГІ
Ел-жұрт Астанаға ауған соң, ол Алматыда өзін жалғыз қалғандай сезініп, әдеттегісінше, шұғыл шешім қабылдап, «ақ тайыншасына» тоңазытқышын тиеп, Майнанын қасына отырғызып ап, әй-шәйға қарамай тартып берді. Сәске кезінде кеңсе бөлмесінің есігін ашып: «Ей, досыңды алып келдім. Сені сыртта күтіп тұр. Біржолата келдім», – деді. Сенер-сенбесімді білмедім. Шықсам, күлімдеп «досым» Майнан (Манат) тұр. «Мынау болмады. Тәуекел деп, етегіне жабысып келіп қалдым», – деді. Сөйтіп, «Астанала күн ұзақ» деп торығып жүрген басым, бұлт бір сәтте ашылды да кетті. «Бәйтерек» дастаны бір айда жазылды. Дер кезінде рухты көтерген шығарма болды. Енді, Несіпбектің аты даңққа бөлене бастады. Қаймана жұрт қалжыңдағансып, екеуміздің арамызға сөз тасып, айтпағанды «айтты» дегізіп, оны өзара қалжыңымызға жатқызғансып өршітіп жеткізе бастады. Сес көрсеткендер де (сол кездерде де, тіпті, қазір де) болды. Қалжыңы жарасқан құрдасымның бірі: «Екеуіңның бір араздасқаныңды көрмей, тынбаймын. Екеуің де сақтаныңдар», – деп әзіл-шынын араластыра айтқаны да бар. «Ақ патшам» мен «Альфонс» туралы «хикаяттың» тарағаны сол тұста еді. Соны аңғарып қап, ол қалжыңымыздың өсектің өртін қаулататынын сезіп, тәубәме келіп, «Қылаусыз қалжыңымды күнәға жатқыза көрме» – деп ішімнен Жаратқаннан кешу сұрадым. Бірде, Несіпбектің өзімен жеке қалғанда: «Енді қалжыңды доғарайық. Екі ортада дәметіп жүрген үмітті дүниеңе кесірі тиіп, етегіңе оралып, аяғыңнан шалып тынар. Мен Жаратқаннан кешірім сұрадым», – деп ем, ол да кесіп тастағандай: «Ей, соны байқап мен де кешу сұрадым. Бірақ, ойлап қарасам, сен екеуміз – дос емеспіз, өкпе-бауыры бірге езілген бауыр екенбіз. Енді, оны өзге түгіл, сен де, мен де ажырата алмаймыз. Ал, ажыратсақ – екеуміз де өмір сүре алмай қаламыз. Одан да, Мен – Қиясбайлығымнан жазбайын, сен – Жұман атаңның жолдымен жүре бер», – деп бәтуә айтты. Сол бәтуәнің ырқымен қалған өмір өтті. Оған бойымыз әбден үйреніп алды, тіпті, сол «қиясбайлық» пен «жұманқырттық» өміріміздің дәнекеріне айналды. Қандай қиянпұрыс қалжың болмасын, екі қайырымнан соң бәрі де орнына келетін.
Сондай әдеттің бірі, екеуміздің түн ортасында бір-бірімізге шалатын қоңырауларымыз еді. Таңғы үш-төрттегі мезгілсіз қоңыраулардың өзі де кілт басталып, кілт үзілетін. Бұл, әдетте, оның, не менің кезекті шығармамыздың аяқталғанын білдіретін. Бәйгеден озып келген жүйріктің басын бір жұлқып тартып, тізгінін азулай алға ытырынып барып тоқтайтынын еске салатын: «Менің жаным азаптан құтылғанда, сен қалай тыныш жатасың? Мұндайда, сенің түн ұйқыңның шырқын бұзбасам, тұншығып кетемін!» – дейтінбіз. Шындығында да, ол шабыты буған шақта, бусанып, шабынып, шашы түйтеленіп, көзіне жылтыраған шық тұнып, қасқа маңдайы жиырылып, ішінен зікір қайырған бақсыдай ыңылдап, қара өлеңнің әуенімен сұңқылдап, ақыры күбірлеп тынатын. Әбден сілесі қатып, бес-он күндік (ал, мен екі-үш айға созылған) салбурыннан соң, шығарма біткеннен кейін айналамызды тыныштық басып, жыны қағылған бақсыдай момақан тартып, сілеміз қатып қалатын. Ондайда, моншаға барып, барлыға буланып, шамырқана шабынып, емен-жарқын әңгімелесіп, буырқанып-бусанудан артық екеумізге бейіш табылмайтын. Ондағы көзтаныстар қазір де жүгіріп кеп амандасып, буды баптап, сыпыртқысына жүгіріп, бәйек қағады. Алайда, Несіпбектің әзіл-әжуасы жетпей тұрғаны сезіле бастағанда, баяғы көңіл пәс тартып, жабырқасып тараймыз.
Ол өзін тумысынан өлеңге ұя басқан қаршыға сезінетін. Әншейінде құндақтап, жүрегіне басып, қара өлеңнің әуенімен әлдилеп жүретін ырғақты өлең шумақтарын, балапандарын ұясынан лақтырып жіберіп, жерге соғыла бергенде қағып алып, ұшуға баулыған түз құсы сияқты, шашып жіберетін. Тоят тапқаннан кейінгі тастүлектің талқаны шыққан ұясы сияқты айналасы да ретсіздене қобырап, кенет дауылы басылған дала сияқты, тыныштық орнайтын. Жан-жағына аңтарыла қараған сондай шақта, есіне мен түсетін болуым керек. Бұл елу жылдың ішінде бір реткі емес, жиырма-жиырма бес мәрте қайталанған жай. Әсіресе, «Бассүйектер» мен (онда күндіз), «Бәйтерек» пен «Тудың» тұсында (түнде) жиі қайталанды. Содан соң барып солығын басып, тынығуға бет алатын. Бұл тыныштық аптаға, кейде айға созылатын. Анда-санда өлеңінің, не дастанының жолдарын жатқа айтып, қанатын қомдап қоятын. Кейінгі жылдары жазылған он-он бестен астам дастан-толғаулардың толғағы жеңіл болды ма, әлде, әбден ысылып қалды ма, білмеймін, әйтеуір, мезгілсіз қоңырау сиреді. Ақыры мүлдем үзіліп тынды.
Иә, енді менің түн ұйқымды, Жалғыздың өзінен басқа ешкімде бұза алмайды. Несіпбек өлең-дастанын оқымайды, Тіпті, түсіме кірген күннің өзінде де оның дауысы да естілмейді. Тылсым үнсіздік. Оған да мойынсамыз.
Ол өзінің дидарғайып жалғанға бет алып бара жатқанын сезді. Жасынан жүйкесін шүйкелеген басының сақинасы кейде дендеп, кейде меңдеп барып басылатын. Әншейінде елгезек мінезді Несіпбек дуа иелеріне бір түрлі самарқау қарады. Қызылжардан бірге қайтқан сапарда оны маған емеуірін ретінде ескертті де. Дегенмен де, емханаға жатып, тұрақты емделуден сылтауын тауып сытыла берді. Сөйте жүріп: атасы Айт жондырған жарық астауды қырық жылдан кейін көріп:
Басынан ұшып кетсе ғанибет күн,
Қалмайды осы астаудай зар илеп кім?
Түбіне қырық жамау қарап тұрып,
Өзімнің тағдырымды тани кеттім, – деп жазғанындай, өзінің «қырық жамау» дидарғайып ғұмырының түпкі тылсымын, жарық дүниенің соңғы саңлауын көріп тұрғанын сезді.
9. «ЕЙ, ТҰРСЫН, БІР ЖҮРЕМІЗ ЕНДІ ҚАНША?»
Ауруханаға түскен күннің ертесінде Ғабиден арқылы бейнетаспамен сөйлестік. Зеңіп жатыр екен. Мен жылап жібердім. Ол езу тартқансып, өзінің үйреншікті «сәлемін» жолдады. Булығып тұрып, мен де есесін қайырған сыңай таныттым. Кейде дегбірі қашқанда қолды-аққа тұрмай, дегеніне көндірмей қоймайтын. Сол ғадетіне басып, кешке қояр да қоймай, есеңгіреген күйі үйге шығып кетіпті. Ертесі қайта жан сақтау бөліміне түсті. Әлдекімдер «ал кетті» деп «Ант мезгілінен» бұрын алашапқанымен, сол бетінде тура үш айға жуық дел-сал күйінде жатты. Кіру шектеулі.
Бір күні Майнан (Манат): «Кірпігі кейде қатты жыпылықтап, саусақтары жыбырлап кетеді. Көзін аша алмай қиналып жатыр-ау, деймін. Сенен басқа ешкімнің қолынан келмейді. Бір амалын тапшы», – деді. Шынында да, солай екен. Бар «қаһарымды» ішіме тартып, дауыстай өзімсіп: «Несіне еркелеп жатырсың. Өлең жазғандағы әулие-әмбиелеріңді шақырып, атаңның әруағына сиынып, қуатыңды жи. Не жатыс бұл. Қаншама сүрлеп, сақтаған сөздерім айтылмай, ішқұста боп жүрмін. Жи, қане, есіңді!» – дедім жорта домбытып. Әрине, сыртым дүрдей болғанмен, ішім жылап тұр. Бір кезде тыпырлаңқырап барып, кірпігін тездете жыпылқтатып, көзін ашып алды. Баяғы тік қадалатын ұшқыр жанар жасаураған, манаурай қимылдайды. Қайсымызды таныды, кім білсін. Соның өзін үлкен жұбаныш көріп, серги тарастық.
Несіпбек көзін сол ашқаннан қашан дүниеден озғанша жапқан жоқ. Әйтеуір, жалғанның жарығын, жарын, балаларын бір көріп, көзайым болғаны қаншалық. Сонау, жетпісінші жылдардың соңында, менің қарындасымның қазасына қайғырып жүрген қамкөңіл кезімде:
Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?
Сұм ажал ысқырады кер жыланша.
Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,
Әйтеуір артымызда белгі қалса.
…Қамалып қатар өстік қабырғамен,
Тістесіп тарпа бас сап талағанмен.
Жазылмас жара құрғыр, былай шығып,
Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен, –
деп жұбатқаны бар еді.
Иә, «артымызда қандай белгі қалды», білмеймін. Әйтеуір, «бойға құт боп қонған тіршілікті» – бір ғұмырды бірге өткіздік. «Ысқырынған сұм ажал» сені менен айырып, «жазылмас жара» қалдырды. Ол «жараның уыты» енді қанша дауалағанмен де жазылмайды. Тек, осындай бір оңаша сәттерде өздеріңді еске алып, құмыға отырып өзіңді-өзің жұбатудан басқа не шара қалды дейсің.
Сенің, Нарқызылдың даңқына бөленген поэзияң туған тіліңмен бірге мәңгілік жасайды. Тек: «Ол да, кәдімгі пенделердің қатарында өмір сүріпті» – дегенге иландыратын жұпыны тіршіліктің күнделікті күйбең көріністерін ғана әсіресіз, әшиесіз алдыға тарттым. Несіпбек айтқандай, «Енді біз де қанша жүреміз!» – дейсің. Сөздің шындығы сол.
Жетінші қараша, 2024 жыл.
Бағанашыл

Тұрсын ЖҰРТБАЙ