КҮНТІЗБЕДЕГІ КІЛТИПАНДАР
Жалпы, өркениетке жету жолында Адамзат басынан не кешірмеді? Ой мен сезім түбіне жеткен ешкім жоқ. Ұлы көш-керуен үдерісі бір пәс тоқтамай ілгері тартып келеді үнемі. Небір іңкәр ізденістер арқылы тәжірибелер толысып, ұзақ ұзынсалқар шеруінде адам баласы жүрек дауаламайтын жемісті жетістіктерге жетті. Жер мен көк жұмбақтары аз ба әлі? Әлімсақтан ұрпақтар таң атып, күн батқанына тамсанып, құр қайран қалып қоймай, қат-қат құбылыстар құпиясына зер салып, жаратылыстың сансыз сиқыр сыры мен қырын ашуға жан сала тырысты.
Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Шежірелер тасқа шекіліп, папирустар мен қамыстар һәм бұзау терілеріне жазылып, түрлі-түрлі расытханалар көбейіп, барған сайын жетіле түскен күнтізбелер дүниеге енді. Бұларға байланысты әр халықтар, ұлттар мен ұлыстарда қисапсыз ырым-жырым, болжам-жоралғылар, салт-сана, әдет-ғұрыптар пайда болып, дағдыға айналды. Дүние диірментасы шыр айналып, айлар мен жылдар оның пәрегіне су құйып, мезгіл сынаптай сырғыды. Жұмырбасты пендені мәңгілік не деген сауал ешуақытта бей-жай қалдырған емес. Аталы сөздер сөйленіп, шежірелер шертіліп, жылнамалар жалғасып, тарих түзілді.
Жер бетінде гомо sapiens жаралғалы бері уақытты дәл өлшеп, белгілеп көрсету жайы толғандырып бұл көкейкесті мәселе күн тәртібінен түскен жоқ ешқашан. Батыста латынның «календи» сөзінен алынып, календарьдың алғашқы нұсқалары пайдаланыла бастады. Астроном Созигеннің көз майын тауысып, маңдайының ащы терін төгіп жасаған еңбегін Рим императоры Цезарь бекіткеннен кейін Юлиан күнтізбесі болып айналымға енді. Алайда, оның жаңа жобасын ұсынған өнертапқыш Лилий жұмысын 1582 жылы папа ХІІ Григорий қолдағандықтан «Григориан календары» болып өмірге жолдама алып, ішінара өзгертулермен бірқатар елдерде осы күнге дейін қолданылып жүр. Оны жаңадан жетілдіріп, өміршең сипат беру жағы ауық-ауық көтеріліп, жалпы «бас ауруға» айналғаны ақиқат. Соларды ескерді ме, парсы патшасы Жәлеллиддин Мәлік шаһ Омар Хайям (Қайым) бастаған жұлдызтопқа мүлде табиғаты бөлек жаңа күнтізбе түзуді тапсырды. Бірақ әр түрлі саланың сайдың тасындай іріктелген шоғырдың қолынан шыққан елеулі еңбек билеуші өлген соң араға он екі жыл салып, ескерусіз қалып, уақыт бұрынғы таз кепешін киді. 1079 жылы 15 наурызда енген бұл Шығыс күнтізбесінің 12 айы 30 тәуліктен тұрып, әр сегіз жылда кібісе жыл кіретін. Сонда Омар Хайям күнтізбесінің жоғалтқан айырмашылығы 33 жылда 19 секунд болса, Григориан бойынша бұл мерзімдегі есептеу көрсеткіші – 25,9 секунд. Соған қарамастан ақауы бола тұрса да ескі құрлықта Григориан жыл санауы қолданылып кетті. Амал не? Ал бәрін жинақтап, бақайшағына дейін шағып безбендей келгенде турасын айтайық, қазіргі қолданылып жүрген күнтізбелердің өзінде кілтипан көп әлі. Мәселенки, арабтарда бір жыл 354 күннен есептелсе, Израйльде 353, 354, 355, 383, 384, 385, біз жиі парақтап қолданып жүрген Григориан бойынша 365 күн…
Иә, қазіргі халықаралық қарым-қатынастар ушығып, шиеленісіп тұрған жағдайда адамзаттың өзара текетіресі қажетсіз мүлде. Батыстың айдарынан жел есіп, Шығыс алдында шікірейе қалатындай еш жөн-жосығы жоқ. Қайта әлемге осындай тоқырау мен аңтарылған дағдарыс иектеп дендеп тұрған кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күрескерлік рухқа толы күш біріктіргенге не жетеді!
Мәртебелі мезгіл мінберінен туған тілде сөйлеген Қазақ елінің Президенті Н.Ә.Назарбаев БҰҰ жұмысын түбегейлі жандандыру жайын дұрыс көтеріп, жер жүзінде Сары құрлықтың қай салада да таразы басын басып тұрғанын өз уақытында атап өткенін біз де нық сеніммен айта аламыз. Әммасын жан-жақты саралай келіп, бұрынғы-соңғы тәжірибелерге сүйеніп, Григорианнан басқа да ортақ жетілген күнтізбе жасау мәселесі кезекте тұр. Гәп бұнда әлдебір жеке топтардың мүддесіне саймауына салды. Кезінде адамзат ойыны асқан асқартаудай ақылман абызы Л.Н.Толстойдың дүниедегі бүкіл діндерді електен өткізіп, бәрінің тек жақсы жақтарын алып, ортақ ұлы ұстанымға тоқтау туралы толғанғаны жайдан-жай еместей. Осы мақсатпен БҰҰ жанынан 1923 жылы Женевада құрылған халықаралық комитеттің алда атқаратын шаруасы қыруар. Оған, бүгінге дейін бұл ұйымға 400-ден аса күнтізбе жобасының түскенін айтсақ та жеткілікті.
Бұдан бірнеше жыл бұрын нанталап ғалым Сайлыбай (Сайлаубай) Бекболатов қазақтың мәңгілік күнтізбесін жасадым деп жаһанға жар салды. Оны «Қазақ әдебиеті» де, «Жас Алаш» та жарыса жазды. Енді сол еңбек қайда? Иесі тіпті патент те алып үлгергендей. Жиырма жыл жұмсалған қажыр-қайрат, зая кеткен күш-жігер солай құмға сіңген судай құрдымға кеткені ме? Іздеген мұратқа жетпей ме? Жолайрықта ешнәрсенің шөре-шөре қалмағаны ғанибет, әрине. Қайдам, жұмыс басты пенделердің өкілдері жер шарының әр түкпірінде мәңгілік двигатель ойлап табамын деп қаншама боздақтар шарқ ұрып, қымбат уақытын сарп етті.
Әлбетте, көлденең көк аттыға қимайтын қасиетті құндылықтар мен ізгі іс-әрекеттерді құрбандыққа шалмаса табыс пен жетістік өздігінен өзі келмейді. Қазақтың жыл қайыру амалдары мен үрдіс тәсілдері кездейсоқта туа қалған жоқ. Ол көшпелілер сан ұрпағының ақыл таразысына салынып, қатаң сұрып сүзгісінен өткізілді. Ежелгі Тұран топырағының батысы мен Торғай жазығындағы таңбалар, тартылған Арал теңізінің астындағы қалалар һәм сызықтар, әр түрлі әлі беймәлім белгілер және балбалдар ғарыш пен жер арасындағы тығыз байланыстарды зерттеу мақсатында туғаны анық.
ХІ ғасырдың орта шенінде ғажап ғұлама Махмұд Қашғари: «Түркілер осы жылдардың әрқайсысында бір қасиет бар деп есептейді. Көшпелі өмір сүретін, мұсылман болмаған түркілер жылды төрт маусымға бөліп, әр үш айды бір атпен атайды. Жылдың өтуін сол тәсілмен белгілейді» деп жазды. ХVІ ғасыр ортасында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «…бір һалал, бір һарамнан теңгерімділігі тапқаны айқын ұсыныс» дей тұра ит пен тауық жылын шатастырып алады. Жаздың айлы түндері артта қалды. Әл-Фараби атындағы өнержайда талай әңгіменің басы қайырылды. Әдебиет пен мәдениет… Тұрмыс пен Таным… солардың ізі бос өтпегендей. Біздің аға замандасымыз, алыптар тобының өкілі заңғар жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабаң (Ғабит Мүсірепов), ақпан мен қаңтардың ауысып жүргенін қадап айтады: «Қазақ және тағы біраз халықтар жыл қайыруында жыл аттарының қалай құрылған негізгі принципі бұзылып кеткен. Екі адал – жылқы мен қой қатар тұрып қалған… Қазақ қаңтар-ақпан деп ешуақытта айтпайды, керек болса, айта алмапты, ол тіліміздің сөйлеу дәстүрін бұзар еді. Біз ылғи ақпан-қаңтар деп сөйлейміз. Сондықтан мен осы екі айдың аттары ауысып тұр ма деймін.
Дұрысы: ақпан (январь), қаңтар (февраль) болуы керек».
Халқымызда да соны қуаттайтын аңыз бен ақиқаттар жетеді. «Жылқы жылы жылыс, жылан жылы ұрыс», «күн қаңтарда қарға адым ұзарады» демей ме? Соларға қарағанда, Ұлттық Ғылым академиясының шығыс жағында бір мүшелге ие жануарлардың орналасуында да ретсіздік байқалатындай. Көп жылдар қазақ баспасөзіне қара нардай жегіліп, елеулі еңбек еткен марқұм Балғабек Қыдырбекұлы да «Түгел сөздің түбі бір» кітабында бұл түйткілді айналып өтпейді: «Мен жыл басы көкек дегім келеді. Ол март айын көрсетеді. Одан кейін мамыр-апрель, май-маусым, шілде-июнь, сарша-июль, тамыз-август, қыркүйек-сентябрь, қараша-октябрь, желтоқсан-ноябрь, қаңтар-декабрь деп алса қалай болар еді? Ал январьдың ақпан, февральдің отамалы, марттың көкек екеніне дау болмаса керек». Бұл түгелдей келгенде әрқалай кереғар пікірлердің бір арнаға тоғыспай өрбігенде әлі күнге дейін тұрақты ен тағылып, бұлтартпайтындай лайықты бағасын алмаудан туындап жатқан жәйт. Осы лекте жазушы К.Жүністегі де үн қосып өз лебізін білдіріпті: «…Өз атауын таппай жүрген тек ай мен жұлдыз атаулары емес, жыл атауларында да кездеседі. Мешінді біз қазір маймылға апарып жүрміз. Біздің жас кезімізде (ол 1939 ж. туған) көнекөз қариялар «мешін» адамның азғыны кісікиік деп отырушы еді. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл «Қар адамы». Сол сияқты «доңыз» жылын жылды арамға бұйырмай, «қара киік» деп атаған. Осылай атасақ, жастардың көңіліне адалдықтың сәулесін себе түспес пе едік.
Біз Мемлекеттік идеология жоқ дейміз. Мемлекеттің идеологиясы халықтың ұлттық танымында жатқан жоқ па? Ұлттық таным көкірегін ашады, ұрпақтың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін арттырады. Ұлттық намыстан елін қорғайтын ерлер туады. Осы жағы бізге әлі жетпей жатыр». Ешкімге де бүйрегіміз бұрмай не деуге болады? Ол дұрыс айтады. Біздің ауыл ақсақалдары (Зұлпықар, Әбдіқұл, Сүлеймен, Қоныс, Әбдуан мен Мақат) да солай деп отыратын.
«Аспан әлемі балалық шақтан қызықтыратын еді. Ал мұнымен ерекше шұғылдануым 1962 жылы басталды. «Есеп» партиясын құрды деген айыппен сотталып кете бардым. Саяси лагерьде 33 жыл отырған ақмолалық Құнанбай Бейсенұлымен бірге болуға тағдыр жазды. Жасы жетпістен асқан сол ақсақал түнде тысқа шығуға қанша тыйым салса да кесілген ағаш арасынан жасырынып, талай түндерде аспан шырағының өзі білетінін көкейге құйып бақты. Елге келген соң мұндағы ақсақалдардан да мүмкіндігінше жинастырдым.
Қазақ – жады мықты халық. Кешегі өткен ақсақалдардың аңыз-жырлары, мың жылдық тарихты магнитофонға жазып алғандай жатқа айтатынының куәсіміз. Ұлтымыздың ғарыш туралы түсінігі де тап осындай жүйемен ауыздан-ауызға беріліп келген. Ал жұлдызшы атаулының күні не болғанына отызыншы жылдар куә, – деп қалам тербейді және сол К.Жүністегі. – 1954 жылғы орысша-қазақша сөздікте профессор Н.Сауранбаев декабрьді – ақпан, январьды – қаңтар депті. Міне, бұл жұрт құлағына кіретін сөз… 1. Наурыз – март – Жаңа жыл. Көне түркі аты ұмытылған. Мүмкін шуақ (ұзынсары) болар. 2. Отамалы (апрель) – сәуір-көкекті әлі суық жібермей тұрған шақ. Қарасуықтың кезі. Тырбиған көкке мал аузы жаңа іліге бастаған мезгіл. Көкөзек деп те атайды. 3. Көкек (май) – мамыр – көкек шақырған, көк молайған тұс. Мамыр деп те атаған. Жер бәйшешекке толып мамырлаған кез. 4. Шілде (июнь) – ыстық аса көтерілген уақыт. Үркер көрінбейді. 5. Сарша (июль) – маусым. Бұл айда жасыл желекті өңір құбақан тарта бастайды. Саржағал белгі көрініс береді. 6. Тамыз (август) – Далада жидек, тауда қарақат піскен тамылжыған шақ. Қуырған ыстық қайтып, өте берген жазды көңіл де қимай, тыраулап шырқ айнала ұшқан тырналарға елегізи берген тұс. 7. Қыркүйек (сентябрь) – Түн суый, яғни үркер көтеріле, Таразының таң сууы, түннің салқын тартуымен ұласып, арамза болмақ үшін ел қошқарға 90 күн күйек байлаған. 8. Қазан (октябрь) – Қоңыр күздің сіңген шағы, кәрі-құртаң малды тауысып, қыстың, қара қазанның қамын еске алған шақ. Кейде Бозқырау, Боқырау деп те атайды. Алғашқы қырау. 9. Қараша (ноябрь) – Атының өзі айтып тұр. Жер әлі қараша, яғни тұна бастаған аппақ қар жоқ. Бірақ биік шоқ талдың көлеңке түбінде ептеген қар болуы мүмкін. «Қарашадан қар қалса жұт болады» деген. «Қараша-қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» дейді.
Ол қысқа салар малыңды ретте, қысқа шыдамасын сойып ал дегені. Бұл айды Желтоқсан деп атайды. Себебі, үш айдың басын шалған (тоқсан, тап тоқсан күн болмаса да) күздің желді суықтарына байланысты. 10. Ақпан (декабрь) – Қарашаның қара жері көрінбейді. Әлемді аппақ ұлпа басады. Төбе, таулар, айдала жұмыртқадай біркелкі. Қыстың қысқа күнін ел ат адымындай ғана деген. Ақпанды ат адымындай деген сөздің мәні осы. 11. Қаңтар – қар әбден бекіген. Ұсақ мал қаңтарылып (өз бетімен жайыла алмай) қолға қараған шақ. Жылқы да бір жерге тебінге түскен. Қыстың қысқа күні қарға адым ұзаған шақ, яғни ақпандағы ат адымындай күнге қарға адымындай уақыт қосылады деген сөз. 12. Үт – басқаша аты сақталмаған. «Үт – малыңды күт», «Үт келді – жұт келді» деседі. Мал ерекше күтімді керек етеді».
Бақсақ, күнтізбенің жолы тым ұзақ. Ол әруақта атқан оқтай түзу бола бермеген, кедір-бұдыр. Ала-құла. Бір із бен жүйеге түсіруді керек етеді. Жер-Ана… Жұлдыздар… Ай мен Күн… Жаратылыс жұмбағы… Адамзат ақыл-ойы шексіз. Қазіргі жастар босбелбеу құлбарақ қоғамның ауанымен бұл әлемдерден қанша алшақтағанмен түбінде оған оралады. Соған имандай сенгім келеді…
Айтпақшы, Ө.Тілеуқабылұлы заманында да доңызды қара киік деп атайтынын «Шипагерлік баянда» айтып өтеді. Енді соларды ескеріп, қазақ күнтізбесі мен жыл қайыруды кім қалай түзді?
Мына аума-төкпе заманда төңірекке тек тұтынушылық пиғылмен ашкөзденіп қарауға болмайды. Аса қымбат қасиетті құндылықтарды табанда аяқ асты ету оп-оңай. Күнтізбе жасау, бастыру мен насихаттау кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Қайдан шыққаны белгісіз, «Түркістан күнтізбесі» редакциясы» үстіміздегі жылға арнап «Түркістан күнтізбесін» шығарды. Құттықтауға болар еді. Амал не, ол бұрынғы «Мұсылман күнтізбесінің» сәл өзгерген түрі екені көрініп тұр.
Әйтсе де, қазіргі қолданыста жүрген күнтізбелерде кемшіліктер аз емес. Ғылыми ортада талқыланып, олар қашан түзетіледі?! Бұл да біраз марқасқа мамандардың назарынан қақас қалмай толғандырып жүр. Танымал дінтанушы Саадати Әбәдийа былай дейді: «Хижри (һижра – ҚКЭ.) жыл санағы нақты белгілі. Милади жыл санағы дұрыс емес және нақты белгілі емес. Күнінде де, жылында да қателіктер бар».
…Тағы да адамзат өмірінің орасан бір парағы аударылып түсті. Күнтізбенің (Батыстікі бола ма, әлде Шығыстікі ме?) толыққанды қатесі аз жоба нұсқасы керек екеніне дау жоқ. Үлкен тіршілік тетігінің құйтақандай бір бөлшегі бізге болашақ не сыйлайды? Сәлем саған! Біз ақ жол үстінде келе жатырмыз…
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.