Ибалы келіндер

Қазір заман басқа, заң басқа, адам басқа. Нарықтық экономикаға бейімделген постиндустриялық қоғам орнықты. Жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиені арттыру маңызды болып отырғандығын уақыт өзі дәлелдеуде. Сондықтан да әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Осы олқылықты дендеп түсінген жандардың арқасында дүниеге келген «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» республикалық қоғамдық бірлестігі қазақы болмысты сақтап қалудың төте жолымен келеді. Елдің болашағын ұстар тұлға тәрбиені бесіктен алып, бойына нәрді шаңырақтан егетіндіктен әр іс-шарасын осы мақсатпен орайластыра ұйымдастыруды жолға қойған. Жуырда өткен «Абысын-ажын» байқауы да осы мақсатты ұстанды.

Алматы және Алматы облысы филиалдарының арасында ұйымдастырылған төрт кезеңнен тұрған байқауға бес команда қатысты. «Абысын тату болса – ас көп» деген сөздің мән-мағынасына терең үңіле білген топтың әр қатысушы барын салды. Алдымен өздерін таныстырып, келесі кезеңде шеберліктерімен бақ сынасты. Үшінші кезеңде интернеттің пайдасы мен зияны жайлы пікірлерін ортаға салып, білім-біліктері бағаланды. Ал соңғы кезеңде отбасы ұғымы насихатталып, құндылықтарға негізделген қойылымдар қойылды. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Әуезов ауданынан қатысқан «Ибалы келіндер» тобы бас жүлдені жеңіп алып, республикалық байқауға жолдама алды.

Мерғали ата әулетінің алты келінінен – Айханым Балтаева, Индира Досчанова, Мадина Камбарова, Жансұлу Хожабаева, Гүлжайна Байназарова, Жадыра Оразбаева, құралған топ қазақ дәстүріндегі келіннің, абысынның бейнесі қандай болатынын өз болмыстарымен айшықтап, жоғары деңгейде насихаттай білді. Өнерлерінің өзгеден оқ бойы озық болып, жүлделі орынға ие болғандарына қазақтың салт-дәстүрін бір кісідей білетін Әуезов аудандық филиалы төрайымының кеңесшісі Кулайша Сабырбаеваның еңбегі зор дейді.
- Ұлтының құндылықтары – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсуге, үлгі-өнеге алуға зор әсерін тигізетіндіктен осы жолды нығайтып, жас ұрпақтың санасына еге білуіміз қажет. Әсіресе ұлттың ұяты қыз баланың тәрбиесіне қарай пайымдалатындықтан бүгінгі қыздардың ибалы, ұятты, адамгершілікті, сыпайы болуы үшін аянып қалмауымыз керек. Мұндай байқаулардың басты мақсаты да осы, — дейді бірлестіктің Әуезов аудандық филиалының төрайымы Маржангүл Құдайберген.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауға дайындықты бастап кеткен жеңімпаз келіндер Алматы қаласы мен облысының намысын қорғап келмек. Жеңіспен оралуларына тілектеспіз!
М.БӨЛЕК