ОКОП
– Мәскеу неге алынбады?!
Гитлер үстелде дөңгелене отырған офицерлерге ақырып қалды.
– Мәскеу неге алынбады?! Мәскеуді алсақ, бүкіл кеңес әскерлері психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Взвод, рота, батальон, полк, дивизия солдаттары Ресей халқын большевиктердің езгісінен аман алып қалу үшін келген неміс солдаттарымен соғысудан бас тартып, қаруларын тастайды!
Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолында жалаңдаған алмас қылышы бар, жауға қарсы ақырып шауып келе жатқан қазақ батырларының ескерткіштері көбейеді… Қазақтың ұлтжанды патриоттары ата-бабалары қорғап қалған ұлан-
ғайыр жерінің ұлтарақтай бөлігін сыртқы жаулардан бір қасық қаны қалғанша қорғайды! Қазақтардың Томирис, Зорина, Дәрбике сияқты қыздары да қасиетті жерін сыртқы жаулардан қорғау үшін атқа мінген!
– Томирис қазақтың қызы ма? – деп сұрады осы сәтте Гиммлер Гитлерге таңырқай қарап.
– Иә, еуропалықтар Томирис деп атап кеткен, қазақшасы Тұмар! – деді Гитлер.
– Мәскеу түбіндегі ұрыста ақбоз ат мінген қара командир түбімізге жетті. Біздегі мәлімет бойынша, ол – батальон командирі. Еуропадағы ұрыстарда сыналған, жаулардың офицерлерін, солдаттарын жойып жіберген мергендеріміз осы ақбоз ат мінген қара орыстың командирін атып тастай алмады, – деді Гиммлер өкінішпен.
– Қазақ түркілері ерекше соғысады, – деді Гитлер, – олар ержүрек, аңдысқан жауды алмай қоймайды. Қазақ түркілерінің ата-бабалары Сырдария өзені жағасында Александр Македонскийдің әскерлерін кейін шегіндірген, қанды шайқаста Македонский аяғынан жараланған! Ал Еділ патша бастаған ғұн деп аталып кеткен қазақ түркілері жорық жасап, Римге дейін келген. Қазақ түркілерінен шыққан атақты Еділ патшаны еуропалықтар Атилла деп атап кеткен!
– А?.. Атилла қазақ па?
Геббельс орнынан атып тұрды.
Гитлер сөзін жалғастырды:
– Иә, Атилланың ұлты – қазақ! Олар Еуропаны құлдықтан азат етуге келсе, біз Ресей және Орталық Азия халқын, Қап тауындағы түркілерді большевиктердің құлдығынан азат етуге бардық! Біздің мақсатымыз қазақ түркілерінің мақсатымен бірдей…
– Ой, пірім-ай, ә?! – деп Геббельс те таң қалып, желкесін қасыды, – біздің Атилла деп жүргеніміз, Еділ патша ма?
– Иә, сендердің көздеп атып тастай алмай жүрген ақбоз ат мінген қара орысың Бауыржан Момышұлы деген болады, сол – әйгілі жаужүрек Еділ патшаның ұрпақтарының бірі, – деді Гитлер, – Напалеонның әскерлерін Парижге дейін қуып барған әскерлердің ішінде қазақ түркілерінен құралған атты әскерлер полкі болған.
– Не дейді тағы да? – деп Гиммлер көзі шарасынан шығып, басын шайқады.
– Мен мергендерге ерекше тапсырма бердім, – деді Геббельс, – 1942 жылы Панфилов дивизиясының әскерлері Бауыржан Момышұлынсыз соғысады…
Кенет Гитлер ойына бірдеңе түскендей ойлана қалды. Содан соң:
– Соғыс кезінде солдаттар оқтан бойын тасалайтын окоп деген қорғаныс апандар болады ғой, кәдімгі окоп?
– Иә, – деді Геббельс, – окоп.
– Сол окопты қазақ түркілері ойлап тапқан.
– Қашан? – деген Гиммлер таңырқап Гитлерге қарады.
– ХVІІІ ғасырда. Қазақ түркілері жоңғарлармен болған соғыста окопты алғаш ойлап тапқан, яғни жазық далаға терең апан қазады. Сол апанда жасырынып жатып, қарсыластарын садақпен атылатын сұр жебенің астына алады. Жебелер атылғанда күннің көзін жауып, жебелер атылып біткенше төңіректі қараңғылық жауып тұрады екен. Бір ерекшелігі қазақ жауынгерлерін бір жебе өлтіре алмайды. Кемінде кеудесіне үш жебе қадалуы керек! Сонда ғана өледі! Содан соң садақтан атылған жебе қазақ жауынгерінің аяғына, қолына, иығына қадалса, әлгі жауынгер екі көзін тас жұмып, аузын арандай ашып әлгі жебелерді денесінен суырып алады екен.
– Апыр-ай, ә?! – енді Гиммлер таңырқап Гитлерге қарады, – оны қайдан білдіңіз?
– Айтпақшы, – деді Гитлер ойына бірдеңе түсіп, – жақында біздің барлаушылар орыс әскерлерінің ішінде фамилиясы немісше бір қазақ офицері бар екенін анықтады. Оның фамилиясы Ұлы Германияның Эссен және Берлин атты екі қаласының атын біріктіріп тұр. Есімі – Ілияс, фамилиясы – Есенберлин. Сол офицерді тұтқындауымыз керек.
– Қазақтар сол кітапты неге баспадан басып шығармайды?
– Таба алмай жатқан көрінеді. Бір жылдары табылып қалар, біз болмасақ, біздің ұрпақтарымыз оқыр, Құдай қаласа… Содан соң, содан соң қазақ түркілерінде «Шипагерлік баян» деген кітап болған, оны да іздеп жатыр…
– Апыр-ай, ә?!
Гиммлер түтігіп кетті. Екі көзін тарс жұмып тұрды да, екі-үш секөнттен кейін екі көзін ашып:
– Қазақ түркілері ғажайып халық, – деп жалғастырды Гитлер сөзін, – қыздары ақылды, ұлдары жаужүрек болған. Тастан мүсін жасауды, тасқа қашап сурет салуды, атқа ер-тоқым салуды, үзеңгіні, ауыздықты ойлап тапқан. Қобызды да қазақ түркілері ойлап тапқан. Қазақ түркілерінің ұлттық әскери ойыны болған. Бұл әскери ойын қызай деп аталған. Қолдарына имек таяқ ұстап матаға оралған домалақ кішкене тасты имек таяқпен ортадағы қазан шұңқырға түсіруге талпынған. Осы ойыннан хоккей ойыны келіп шыққан. Содан соң білесіңдер ме, қазақ түркілері қамшыны да ойлап тапқан. Қамшының бірнеше түрі болған. Ұрыста қолданатын қамшы, көкпар тартқанда қолданатын қамшы, қыз қуу деген ойында қолданатын қамшы. Қазақ түркілерінің ұл-қыздары той-мерекелерде белдігіне қамшы қыстырып жүретін болған. Содан соң мына біздің солдаттар бастарына киіп жүрген оқ өтпейтін тасқалпақ ше?
– Иә, иә, – деді енді Геббельс Гитлерге жалт қарап.
– Иә, оқ өтпейтін тасқалпақ-каска, соны ойлап тапқан қазақ түркілерінің ата-бабалары – сақтар! Сақтар темірден жасалған касканы басына киетін болған, мініп жүрген аттарының басына да осы темірден жасалған касканы кигізетін болған!
– Апыр-ай, ә?!. Ту-у-у-у-у!.. – енді Геббельс таңырқап қалды, – біз СССР-ды талқандауды Қазақ ССР-інен бастауымыз керек екен ғой?
– Иә, біздің басты қателігіміз осы болды! Қазақ ССР-ін соғыссыз жаулап алып, қазақ түркілерін орыстарға айдап салуымыз керек еді. Ал қазіргі жағдайымыз тым нашар. Қыс түсіп кетті, орыстың қысына біздің солдаттарымыз шыдай алар ма екен?
Гитлердің көзінен жас тамшылары көріне бастады.
Гиммлер де, Геббельс те Гитлердің алғаш рет жылағанын көрді. «Бұл жақсы ырым емес… – деді Геббельс ішінен, – мына қазақ түркілері – қара орыстар болмағанда, біз әлдеқашан Мәскеуде-Кремльде отырған болар едік. Біз орыстарды жеңе аламыз ба? Қазақ түркілерінен қорқып тұрмын…»
Меңдібай
ӘБІЛҰЛЫ