ПІСТЕЛІНІҢ ПЫРАҒЫ
Екінші Швейцария атанған Түлкібас ауданының Пістелі деген жерінде соғыс аяқталған 1945 жылдың 25 мамырында дүниеге келген шақалаққа әке-шешесі шаттана қуанып Мархабат деген есім беріпті. Жеңістің лебі есіп тұрған шат-шадыман, толқымалы-шалқымалы шақта әке шіркін: «Міне, енді еркін өмір сүретін күн туды. Еңбек етесің бе, оқу оқисың ба, ағайынның амандығын білмекке, Жеңісті сүйіншілемекке алыс-алыс жолдарға шығасың ба, мархабат!» – деп кеудесін кернеген қуаныш пен арпалысқан сезімді жеткізгісі келді ме екен? Осылай Мархабат атанған сәби Пістелінің баурайында өсіп келе жатты.

Асылы, адам туған жеріне тартып туады деген ұғым бар ғой. Тау бөктері ғажайып келбетке тұнып тұрар еді. Сұлу қыздың сыңғыр күлкісіндей сылқ-сылқ етіп толқындана, көбік шаша ағатын өзені қандай! Көктем шыға қыр төсіне қызғалдақтар қаптайтын. Қызыл шырайға бөленген дала теңіздей тербетіліп тұратын. Таупістелі, Бозторғай асуы, Әулиебастау жер жәннаты емес пе! Оның үстіне, бес жыл бойы бел жазбай еңбек еткен ауыл адамдары соншалықты мейірімді еді ғой. Әкесінен, бауырынан, жарынан айырылған сынық көңілді, жүрегін мұң торлаған олар бар қайғыларын Жеңіс рухымен бүркемелеп, былайғы жұртқа төрт құбыласы түгел адамдай көрінгілері келетін. Жолда бір бала шапқылап жүрсе, ұстап алып, кімнің немересі екеніне қарамай, барлық жерін емірене сүйетін. Осының барлығы бала жүрегіне, асқақ арманына әсер етпеді ғой деймісіз? Біз сондықтан Мархабаттық мақам бала кезінен қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.

Мархабат Байғұт жарымен
«Мархабат Байғұт – стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогінде ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар – оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!»
Темірхан МЕДЕТБЕК

Мархабат Байғұт Шерхан Мұртаза, Насыр Фазылов бастаған қаламгерлермен
Арман қуып ару Алматыға келген жас, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылданды. Ұлағатты ұстаздарының дәрістерін ықылас қоя тыңдады. Озат студент атанды. Қиыр Шығыста, Сібірде әскери борышын өтеп жүріп, «Күн астындағы Күнікей қыз» атты алғашқы әңгімесін жазды. Жиырма жастағы жігіттің қалам желісі саңлақ жазушылардың назарына ілікті. Дегенмен ол әдеби ортадағы дода-дүрмекке қосыла кетіп, бәйге алуға асыққан жоқ. «Асықпаған арбамен қоян алады» дегенді місе тұтқан жас жазушы ауылда жүріп-ақ майда мақаммен шығармашылығын шыңдай түсті. Расында, Алматыңыздағы кітап шығару майданының қызу жалыны өршіп тұрған кез еді. Алыстағы ауылдың әлі таныла қоймаған жас жазушысын былай қойғанда, мүйізі қарағайдай қаламгерлердің еңбектері кезегін күтіп жылдап жатып қалатын. Сондықтан да ол, ағалары мен әпкелерін киіп-жарып, алдарын орағысы келмеді.
«Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді».
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ

Мархабат Байғұт пен Дулат Исабек
Жазушының алғашқы кітабы отыз жасында шықты. Мархабат алғашқы жинағын «Шілде» деп атады. Неге шілде? Өйткені шілденің ми қайнатар ыстығындай жан дүниесінде өткір ойлары, жұртшылыққа жария жеткізбек болған ғажайып сырлары қайнап жатты. Осы алғашқы кітабымен-ақ, ол оқырманын баурап алды. Өзіндік қолтаңбасы айқын, айтары бар жазушыны оқырмандар іздей бастады. Мархабатқа ғана тән мақам, Байғұтқа ғана тән байқампаздық, байыптылық менмұндалап тұрды. Оның стилі де соқталы еді. Араға екі жыл салып оның «Сырбұлақ» атты екінші кітабы оқырмандар қолына тиді. Оның кейіпкерлері қарапайым ғана ауыл адамдары еді. Олардың тыныс-тіршілігі, қазақы қалыптары, көзқарастары жазушының қалыптасқан стиліне сай мәдениетті юмормен, баяндау стиліндегі ерекше бір ырғақпен, өзіндік тың бояуларымен құбыла құлпырып, жүрекке жылы тиіп, оқырмандарын баурап алатын. Ол – сіз бен бізге таныс адамдар. Күнде естіп жүрген әңгімелеріңіз. Ұзаңқырап кеткен уақыт бедерінде сүйікті адамдарыңызбен (кейіпкерлеріңізбен) қайта табысып, алыстағы ағайынмен сағынысып қауышқандай күй кешер едіңіз. Біздің кең байтақ елімізде тұрғындар өз өлкесіне қарай өзгешелеу өрнекпен сөйлейді. Мархабат Байғұттың повесть, әңгімелеріндегі кейіпкерлердің аузынан шығатын сөз оңтүстікке тән бояуымен бөлектенеді. Сіз осы әңгімені оқып отырып-ақ оқиғаның оңтүстік өңірінде болып жатқанын жазбай танисыз. Танисыз да жымиясыз.
«Жазушы Мархабат Байғұт облыста тұрады. Астанадан да, Алматыдан да алшақ. «Киікоты» – оның жазғандарының бір тамшысы ғана. Талай-талай құнды көркем кітаптардың авторы. Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер».
Шерхан МҰРТАЗА

Мархабат Байғұт пен Сауытбек Абдрахманов
Өзіндік соқталы соқпағын тауып алған М.Байғұт енді оқырмандарға іздетпей-ақ кітаптарын бірінен соң бірін бере бастады. «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Алмағайып», «Әпкемнің ауылы», «Аңсар» сияқты кітаптары өмірдің сан алуан сұрақтарына жауап іздеп, оны кейіпкерінің іс-әрекеттерінен тауып, оқырмандарын сүйреп отырды. Осы тұста айта кетер тағы бір сыр бар. Біз Тәуелсіздігімізді алып, толағай теңізде өз ескегімізді өзіміз есіп, барар бағытымызды білмей бөгеліңкіреген тұста, Махаң әдебиетке өзіндік сүрлеу салды. Бұл кезде бірталай жазушылар енді қандай тақырыпты қаузасам екен деп іркіліп қалғаны да жасырын емес қой. Нарықтың мойынға қылбұрау салған қысылтаяң шағы. Қиындықтар мен ауыртпалықтар жайында жайылып жаза да беруге болмайды. Не істемек ләзім? Сөйтсек, әр өтпелі кезеңнің адамдары мен тіршілігі, заманына қарай амалы болады екен ғой. Қарымды қаламгердің шығармаларын оқып отырып, кейіпкерлерінің тапқырлықтарына, қазаққа тән аңғалдықтарына сүйсінер де күйінер едік. Өтпелі кезеңде онсыз да өгі заяңмен келе жатқан қазаққа дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың жылы юморындай мәдениетті мысқыл керек. Осы ретте Мархабат сөз ойнатудың асқан шебері. Уытты сарказмға сүйенбей-ақ, қазақы қалжыңдарымен-ақ кейіпкерін тызақтатады. Мархабат Байғұттың «Гамбургтегі қазақтар» атты әңгімесін тамсанбай оқу мүмкін емес. «Тоқсан бесінші жылдың қысы қылықсыз қатынның қипақ қаққанындай ғана қауқар танытты» деп басталатын алғашқы жолдарды оқып отырып, сіз әңгіменің тоқырау аталған өткен ғасырдың соңғы жылдарын еске аласыз. Енді неміс деген ұқыпты ағайынның ауылы, тұрмысы қарапайым қазаққа таңсық еді. «Мәселенки бар ғой, бір түймені жеңіл ғана басып қалсаңыз болды, дыбыссыз, дабырасыз, салдыр-күлдірсіз, тіпті тырс еткен дәнемесіз-ақ сау етіп жем төгіледі. Екінші бір көгілдір түймені түртіп қалсаңыз, сәл сопақтау шойын құтыға мөлдіреген, тұп-тұнық, тап-таза, тәп-тәтті су құйылады. Үшінші бір қызғылт ноқатты басқаныңыз сол екен, сиырдың буы бұрқырап, жаңа ғана түскен тезегін сыпырып-сиырып ала жөнеледі. Бұлардың сиырларының ақ жүні де, қара жүні де, түгі мен түбіне дейін жылт-жылт етеді, малақ түгілі титімдей тозаң жұқпайды. Қой-ешкілер де, шошқалары да, қаз-үйректері де шетінен ақылды ма, асыл тұқымды ма, әйтеуір, ерекше екені, рас» деп немістердің тіршілігін боямасыз суреттейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетел азаматтары тарихи отандарына үдере көшті емес пе? Немістер де көшін Германияға бағыттады. Олардың үйлері мен қора-жайларын қазақтар сатып ала бастады. Солардың бірі Нәтибек Несіпбайұлы еді. Кешегі Ганс Вайслердің, бүгінгі Нәтибектің ауласын үш дүркін келіп көрген қатындар ауланы айтарлықтай-ақ қазақыландырып кеткеніне күйінесіз. Оның үстіне, немістер Эра атап кеткен сүтті сиырдың табан астында ауырып өліп қалуы, ашыған жерге тұз сеуіп кетеді. Автор әңгімесін Эраның бүгінгі қазақ иесі сиырын жоқтап отырғанымен аяқтайды. Қазаққа тән икемсіздік, қопалдық, қыңырлық алдыңыздан көлденеңдеп шығады. Бұл қазақты ширатып алудың бір тәсілі деп қабылдадық.
«Мархабат тисе – терекке, тимесе – бұтаққа деп қаламын оңды-солды сілтей беретін жазушы емес. Не жазса да қиналып жазатын жазушы. Кейде творчествоны қызығы бітпейтін той көретіндер де бар. Ал Мархабаттың творчествосы көбіне аса бір қиындықпен келетін қуанышқа бейім».
Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ

Жазушы отбасымен
М.Байғұттың «Таудағы аңдыз» атты хикаятында кластастардың он жылдан соңғы кездесуі суреттеледі. Өмір атты арынды ағын адамдарды тышқан тіршілікте түрлі бұралаң жолға бастайды емес пе? Кеше ғана тай-құлындай тебісіп бірге өскен қатарластардың мінездері де, көзқарастары да мүлде бөлек. Кешегі достық, туыстық, махаббат тәрізді тәтті сезімдері ұмытылған. Өткінші өмір ағымында адамдар уақытша сәттіліктердің жетегінде адамгершілік сезімдерден алыстап, пендеуи күй кешеді екен ғой. Алайда табыс та, байлық та, денсаулық та уыста мәңгі тұрмайды. Сондықтан азды-көпті тіршілікте дүние дидарына адами көзбен қарап, мағыналы күн кешуді, шақтап берген ғұмырдың мағынасын терең түсінуді оқырман санасына сіңіргісі келеді. Мәкеңнің бұл шығармасы элегия сарынында жазылған. Парақтан параққа өткен сайын өзіңе-өзің қояр сұрақтар да көбейеді. Оларға жауап іздейсіз. «Машаттағы махаббат» повесі де қым-қиғаш тіршілік тауқыметтеріне құрылған. Әрине, махаббат мәселесі бірінші кезекте тұрғанымен, адамдар арасындағы риясыз қарым-қатынас тағы бар ғой. Міне, қаламгердің қалтарыстағы құпиялары осылай алдыңыздан қол бұлғайды.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орнын ойып тұрып алған қарымды қаламгер қайталанбас талант ретінде де, азамат ретінде де өзіндік өрнегін қалдырып кетті. Оның аудармашылық қыры өз алдына бөлек әңгіме. Драматург ретінде де танылған ол, көрермендерге бірқатар жан дүниеңді астан-кестен ететін кесек дүниелер жазды. «Шырайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер арасында фестиваль өткізіп, талай жас таланттың тұсауын кескен ұстаздық, тәлімгерлік қыры тағы бар еді.
Пістеліде биыл да қызғалдақ қаулап өсті. Толқынданып, аласұрып қарымды қаламгерді іздеп жатқандай. Пістелі төбесінен ұшып өткен тырналар да көкте тыраулап ұзақ айналып ұшты. Пістелінің пырағы жоталардың төбесінен қол бұлғап, оларды қуана қарсы алып тұрғандай.
Иә, сағыныш сазы жүрек өртейді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты