БАЯНСЫЗ ҚҰСПЫЗ БІЗ-ДАҒЫ…
13.05.2025
157
0

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

Бейуақтағы мінәжат

Ілінерде күннің қызыл кірпігі
дертім менің меңдеді.
Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,
өлтіріспе Сен мені!
Мұса,
Ғайса,
Мұхаммедтің көп ішкен,
тауыспаған кермегін 
жұтам үнсіз. 
Үмітім жоқ жеңістен. 
…көзімнен сүй сен менің!
Ернім емес,
ет жүрегім кезеріп,
жоқ сусынға шөлдеппін.
Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп,
«Кет­тік!» десе, мен кет­тім!..
– Бізге неге баянсызды аңсат­тың,
е-ей, есі бар Құдіре-ет?..
…Босқа налып, болмашыға шаршаппын 
көзімнен сүй бір рет!
Түнге сіңіп жоғаламын мен ертең 
аямайды сені Көк…
Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем
«Өмір!» деп тұр еңіреп!
Аллаһу да аяп басар кеуденің
үнсіз айт­қан зары бұл –
өмір өзі-ақ өлтіреді.
Сен мені
өлтіріспе, жарығым!
Көзімнен сүй сені көріп жұбанған…

Мойындау

Ұмыт­тым бәрін!
Өзгенің ұмыт­тым бәрін –
Өртенуден соң сөнудің жуық тұрғанын,
Үміт­терімді 
жоқ іздеп мұнарды кешкен,
Күдіктерімді…
Мұңды да шығардым естен 
Бұл құдіретіңмен сен бәрін ұмыт­тырасың.
Көзіңмен оқып бір дұға,
күліп тұрасың.
Күліп тұрасың,
жүзіңе көп телміремін,
Өзіме-өзім қимастай неткен гүл едің?
Әмірші жоқта жайғасып жақұт тұғырға,
Ханымын құшқан ұқсаймын бақыт­ты құлға!
Дүние-ай…
бұл да баянсыз.
Қалтырап, әрең,
Жазмышпен жаға жыртысар қалпыма келем.
Қалпыма келем,
Мойнымнан білегіңді алам,
Қорғансызым-ай,
теліген тілегін маған.
Ыстық сен жайлы 
ыршытқан жасыным қарып,
Сап-салқын ойға оранам батылым барып…
Терезесі ашық жанымның көресілерін 
тең бөлісесің, 
соныңа көп өкінемін.
Көп өкінемін,
өзім-ақ көретін едім.
Көргісіз от­ты өзіңе неге тіледің?
«Қып-қысқа-ау ғұмыр,
Қып-қысқа, неғыласың?» – деп,
Қасыңда тұрған өзімді сағынасың кеп!
«Өткінші…» деуге дәтің жоқ,
таңдай қағасың.
Тәт­тіні татқан Хауадан аумай қаласың!
Аумай қаласың…
Ал мені,
Адам атаны 
сенделткен сезім жетелеп бара жатады!

Ән

Қайтатын құстар салады бір ән
«Өт­ті ғой бәрі…» деп өксіп.
Толған Ай-қыздың жамалы қылаң,
Телмірем соған емексіп.
Жанымда тұрған ойланбай күліп,
Жаным сол – жарты Ай сырғалы…
Санамда бір ой салғандай бүлік;
«Баянсыз құспыз біз-дағы…».
Қайталап қаздар,
тырналар да әнін,
Қай-қайдағыны қозғаса,
«Осы ма, – деймін, – бұлдағандағың,
көрінбес бақыт көзге аса…»
Толған Ай сонда бұлтқа кіреді,
Зіл-мұңын маған бұлдамай.
Құрысып тұрып Құртқа-жүрегі,
Күледі үнсіз.
Бұл қалай?..
Көз жасын тежеп, зорға күледі,
Көлегей тұтып білегін.
Құстардың әнін ол да біледі,
Тірінің қозғар жүрегін:
«Қайтады бәрі мұрат­ты айдынға,
Кімде мұң басым,
Кімде  арман?..»
Бұлт шалған Айды жұбатпаймын да,
көзінен сүйем дымданған.
…Мұнартып кеудем, мұңая қарап,
Айға ұқсас жанды ақтамақ
қалтырап қолым,
тұрам аялап,
Шын сүйіп…
Со-онша қат­ты аяп!

Өле алмайтын ертегі

 (Есенғали Раушановқа)
…аңғал едің
алдап тынды сенгені.
Ертегі өлді,
Есенғали, рас бұл!
Жалған емнің 
зар қақтырды кермегі 
мені аясаң, жаңа ертегі құрастыр.
Сеңдей көшкен дүние бізден озарда 
бір боқтармыз 
«сеніп едік…» деп өксіп. 
Телмеңдескен құс жолына бозарған 
жетім елге 
жаңа ертегі айт. Емексіт…
Берері жоқ безбет көкке телмірген
Жусан – ағам … жоқ бақыт­тан дәмелі.
Бауыздама ертегіні сен бірден! 
Бізге …соған сеніп өлу – әдемі:
Арғы тегін Авраамға тіреген
(Ебіреймен егіз туып, бір қалған!)
Алаш қой бұл…
Айға да азу білеген,
желіктірсе жылқы-қиял, жынды арман!..
Әр ертекші «әкеңмін!» деп алдаса,
Әзиз елдің асқынады дерті өстіп.
«Нағыз қазақ – домбыра» емес. Аңдасаң,
Нағыз қазақ – 
кемпір туған Ер Төстік!
Солай…
ылғи Төстіктерміз біз деген,
артқандаймыз кімдерге өкпе, неге мін?
Кәрі әкеміз (жаннан күдер үзбеген!)
 жалмауызға беріп кеткен егеуін.
Біз қонар жұрт – Сорқұдықтың маңайы,
Сайқал тағдыр – Бекторы қыз торыған.
Біз – Алашпыз 
тайқылықтан талайы 
сұмдық түсін сұлулыққа жорыған…
Алдай берсін аяу білмес сенгені –
Төстік тірі!
Есенғали, рас бұл. 

Көне сүрлеу. Жол әні

«Түсініңдер,
түйсініңдер,
ұғыңдар: 
жүрмін жұтып у аралас шырын-бал.
Шат­тығым бар мың дастанға сыймайтын,
мың дастанға қимай-тұғын мұңым бар!».
Миы жетпес мың сан дана, ұлының,
Көне сүрлеу,
сенің жұмбақ қылығың
аң-таң етіп,
ағын ойлар ішінде
адасумен азға сайды ғұмырым.
Көне сүрлеу.
Көз қажытар бір нөпір…
Көп ішінде көп ой қажап жүр де отыр,
«Ойна да күл!» – дейді ойнақы келіншек,
Опырық шал:
«Осы, – дейді, – Қылкөпір!»
Дау айтпаймын екі көзім шатынап,
данасыған сайын адам – ақымақ.
Күлгеніңе пысқырмайды көкжиек,
күйгеніңді қыстырмайды атырап.
Жүрек серті – тоқтағанша дүрсілдеу,
дүрсіл тынбай таусылмайды бұл сүрлеу.
Алдыңды ойлап мүмкін емес алданбау,
артыңды ойлап мүмкін емес күрсінбеу.
Жылауға – ұят,
күлуге әбес.
Не деймін?
Айқай қалды алқымында көмейдің:
«Елден ерек бақыт­ты боп енді мен,
Елден ерек уайым да жемеймін».
Өзімді алдап,
жебеп жұрт­ты өлеңмен,
күллі әлемді өзімсінсем деп ем мен.
Бар жолаушы дәл өзімдей өзімшіл,
мен секілді –
Менмен,
Жалғыз,
Өлермен.
Қалың нөпір.
Көне сүрлеу.
Ол да өтер…
Жан біткенді жалғыз арман шөлдетер.
…«Түсінем» деп қайтесің сол,
Сен мені
«Түсінуге тырысам» де 
Сол жетер… 

Күбір

«…ұлып жұртқа қайт­қан ой».
Абай
«Екеу таза киімім –
бір иткөйлек,
бір кебін.
…Күллі әлемдік күйелеш,
мен де өзіңмен біргемін!
Бар арманым – тазалық.
Кірлегеннің арманы…» 
Мұны айтуға жаныңның тәуекелі бармады.
Соны біліп өлді өлең.
Ұят кет­ті сенделіп.
Өзің сенбес бақыт­тың әнін айтсаң,
сен де – өлік!
«Аңқау елге Ібіліс пір болады», –
демей ме ел? 
Құл – қулықшыл болғанда,
патша – өтірік кемеңгер.
«Ақымақтың ақылы – қулық»
дейді Ұлылық.
Мұңаюды қойды да ел,
ыржаңдады мұны ұғып.
Ақиқат – тым ажарсыз.
Сүйген жүрек – жазалы.
Адал ғашық,
сен болдың жезөкшенің мазағы!
«Баяғыдан белгілі;
осы – ұсқынсыз шындығың,
жылайсың, – деп, – несіне?» –
қылғындырды мұңды мұң.
Аппақ едің әуелде –
таға алардай Күнге мін,
өкінгенсіп қайтесің,
өмір сүрдің – кірледің!
Өлер болдың.
Білгенің – дүниенің жалғаны.
«Бақыт­тымын!» демеуге
Еш амалың қалмады!
Амалың жоқ.
Амалың – күң-қанағат, құл-тоба.
«Аппақпын!» деп бір тақпақ жазып едің 
қырт о да!
Амалсыздан келісіп күллі әлемдік Күнәмен,
сен де ішіңнен балаша шырыл қағып
жылап ең,
сенбеді ешкім.
Қайтесің.
Мойындадың,  жұбандың.
Құдайлықтан дәмелі ең,
Құлшылықты құп алдың…
Менде де екі таза бар –
Бір иткөйлек,
Бір кебін.
Екеуінің арасы – өмір сүрген күндерім.
Аман қала алмаспын күллі әлемдік күйеден,
күйе жеген жанымның ақтығына сүйенем.
Сосын …үнсіз ән салам –
мөлдір,
ессіз,
жаралы Ән –
дәрменсіздің дәмесі  тазалықтан тараған.
Күллі әлемдік күйелеш!..
уақытша пендеңмін 
аппақ болып келгенмін,
аппақ болып жерге енгім
келетіні.
Сен үшін құмырсқаның қиялы,
Менің күллі ғұмырым сол тілекке сыяды!
…«Мұңаясың несіне?» – деп сұрайды
Күн менен.
Екеу таза киімім.
Неменеге зілденем!?
– Қай а қиқат айтарың?
Білмейтін кім? 
…шарасыз
жылап,
күліп,
күлгенсіп,
қайда бет­теп барасыз?
– Өмір бойы іздегеніме…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір