ҚЫЗ МАХАББАТЫ
Баян ТІЛЕНШИНА
Сүйемін деп мен саған айта алмадым,
Сүйерімді қалайша байқамадың?
Мен сені лапылдаған сөзбен емес,
Жалын атқан жүрекпен аймаладым.
Кінә тақпа, қисынсыз иілмедім,
Иілуім сырт көзге қиын менің.
Сен жымиған сәттерде мен шаттанып,
Сен мұңайсаң, жетпей ме күйінгенім?!
Неге сенсіз жаз көңілім күз болады?
Жалын атқан жанарға мұз тоңады!
Ғашығына арманын айта алмаған,
Қыз жүректің қинайды сыздағаны.
Айтпадым ба!? Сезімді жасырмадым:
Сағынғанда сарғайды жасыл бағым,
Қуанғанда құс-көңіл сені іздеді,
Қуат болды дертіме қасымдағы үн.
Рас ол – мойыныңа оралмадым,
«Сүйемін» деп серт беріп, қол алмадым,
Айтпадым, айта алмадым, айтпаймын да!
Бірақ мен басқа адамдық бола алмадым.
Мықтылық сыры
Ұйқысыз атты-ау ақыры ұзақ таңым,
Қиялдың көгендемей тұзақтарын.
Тербетіп өзімді өзім әлдиледім,
Жүректің жамай алмай сызаттарын.
Қай жерден қателесіп жаңылдым деп,
Парағын өткен күннің жүз ақтардым.
Туылған сезім неге өлу керек?
Тозақты көңіл неге көру керек?
Ғаламат рухы мол табиғаттың,
Қалай да асылдарын теру керек.
Тулатқан толқын берер тылсым күш бар,
Бір қуат аларыңа сену керек.
Өлеңнің құс қанаты-ай күлтеленген!
Қазақтың қыз санаты-ай үндемеген,
Ақынның кәусарлыққа ынтызары-ай,
Жігіттік бейне сомдар бірдемеден.
Қанатты ат мыңнан біреу туылмай ма!
Жаралмас бақыт алтын мен денеден!
Тұлпарға қайраты мол қанат керек,
Жігітке самғайтұғын санат керек,
Ақынға ой түбінен маржан терер,
Рухани батырлық пен талап керек.
Гүл сезім өрлеу үшін ақ бесікте,
Аялы, мархабатты жанат керек.
Ұйқысыз атты-ау таңым, тұрайыншы,
Шашылған ойдан құрақ құрайыншы.
Аязда бүркеніп тұр жасыл шырша,
Шыршаның хәл-жағдайын сұрайыншы.
Ыстықта, суықта да өзгермейтін,
Мықтылық сырын содан ұғайыншы.
Айтшы, сен менің кімім ең?
Биіктеп шыққан тауымнан,
Жанартау… кенет жарылған.
Жүрек жоқ, өкпе езілген,
Бауырым қалған ауырған.
Быт-шытым шығып сынып ем,
Ботадай боздап, тынып ем.
Жан берер өлген сезімге,
Құдіретпісің шынымен?!
Сағынтқан бұлбұл үні ме ең?
Жыр жаздым саған түнімен,
Жаһанға симай іздеткен,
Айтшы, сен менің кімім ең?
Бағынып саған жанарым,
Күнбағыс жүзбен бағамын,
Қысады-ай кеудем жанымды,
Кешігіп кетсе хабарың.
Күншуақ нұрын жалғадың,
Гүлденді қайта жан-жағым,
тап-таза тілектеріңнен,
Сен бе едің менің жан жарым?
Айтшы, сен менің кімім ең?
Арман
Арман дейміз, үздігіп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады ардан дейміз.
Алдаусырап жүргенде елес қуып,
Білмей қалар ұшқанын жардан кей қыз.
Арман дейміз, Уһілеп «ар-ма-ан!» дейміз,
Арман деген тұрады сордан дейміз,
Жылап-жылап сөнеді маңдай шамың,
Арман жаққа бәрібір елеңдейсіз.
Арман көп қой адам боп жаралғасын,
Арман дейді жетпесін, бара алмасын,
Бірақ ең-ең қымбат та тәтті мұрат,
Не жетерсің, не жолда қалар басың.
Сен де менің қолдағы арманымсың,
Бір мен үшін бәріне барғанымсың,
қос арманнан қанат ап ұшқан аққу,
Бақыт болып бүгінде самғады шын.
Тимеңдерші, бақыт құс қалықтасын,
Тіршіліктен аларын алып қалсын!
Адам болып жасаудың керегі не,
Арман-дүние жаралып, зарыққасын?!
Атпаңдаршы аққуды, құдайсыздар…
Өмір – біреу, сіздер де құлайсыздар,
Жүрек зарын жүрегі барлар ұғар,
Аққу-мұңға қалайша шыдайсыздар?!
Керегі не арманның самғамаса?
Берері не арманды тор қамаса?
Адам болып, жер басып керегі не,
Сол адамдар арманын қорғамаса?!
Бойтұмар
Ерте көктем… Кезі еді ерте көктем,
Ащы шуақ күйдіріп, еркелеткен,
Ызғар күндес емес пе жылылыққа,
Дауыл соғып, бүршігім ерте кепкен.
Күндер дейсің сөз етіп жаманды кім!
Жолын тайғақ жаратқан табандының,
Жолсерігің сужүрек, сатқын болса,
Теріс атқа мінеді Адамдығың.
«Құдай қосар құданы» дейді халық,
Құда бопты жылпосқа сенген Парық,
Сағымданып, сайтандай сан құбылып,
Тұңғиық боп кетіпті шамы жарық.
Қалай жүрсем алдымнан не күтерін,
Кімге сеніп, ойға не бекітерім, белгісіз боп,
танымай өзімді-өзім,
тұрғанымда қолдады жеті тегім.
Дауыл соғып, бүр-өмір кепкенінде,
Кепкенімде Жыр-тағдыр жеткенің не!?
«Сайтан серік бердің!» деп налып едім,
Бұл тағдырым маған да өкпелі ме?
Үмітімді жетелеп жан ұлыма,
Өркендеппін, жігерім жаныды ма?
Күлсем – ақыл, жыласам – жебеушім боп,
Тағдыр, менің айналдың танымыма.
Көктем де өтті, басылды шілде ыстығы,
Бықсиды әлі жаманның күндестігі!
Адам түгіл айырмас ажалың да,
Шын жарасса көңілдер үндестігі.
Сыншы Тағдыр, әжуәң біткен шығар?!
Қиындыққа жеңісін күткен шыдар!
Кезі жетті – қыз түгіл алпауыттай,
қара нардың белі де жүктен сынар!
Лайланса пәк бұлақ ой тұнарын, білмеп едім.
Өкпемді қайтып алдым.
Ұлым, жырым, болашақ өркенімнің,
Өмірін бер. Сол болсын бойтұмарың.
Өлер ме үнсіз махаббат
Сезімі егіз сыңарым,
Қапасқа қалай құладың?
Жанарда тұнған лағылым,
Жүректе қалған тұмарым.
Алыстап кеткен арманым,
Садақа жаным, бар малым,
Не деген тайғақ тағдырлар,
Қол созым жерден бармадым.
Құралмай қойды-ау ісім де,
Жылайсың неге түсімде?
Қай күйде жүрсің, аяулым,
Айналған сағым-мүсінге?
Шуақсыз сары күздеймін,
Қуатсыз, дәру іздеймін,
Өзіңмен думан көшкендей,
Меңіреу дала, түздеймін.
Ойымнан шықпай елесің,
Шөгерді-ау шаттық кемесін,
Сыбызғы үнмен сызылтып,
Сыбырлай неге бересің?
Жанарда тұнған лағылым,
Кеттім-ау, кеттім сағынып!
Өлер ме үнсіз махаббат,
Тарарсың қашан ағылып?!
Бұлақ
Сен неге, мөлдір бұлақ, таза ақпайсың?
Лайланып, көк балғынды азаптайсың.
Еркелеп, сыңғырлаған пәк күлкіңмен,
Бекер-ақ өзіңді-өзің мазақтайсың.
Тап-таза табиғатың! Суың лай!..
Суыңда жүзуші еді-ау жуынып Ай!
Бұраңдап батпақ, саздан көп өттің бе?
Ағасың енді қашан бұрынғыдай?
Жассың ба көзден аққан тарам-тарам?
Өзен, көл, теңізден мен нәр алмағам.
Ағасың енді қашан тұнып, бұлақ?
Шөлдедім! Лай суың арам маған!
Өмір – керуен екен-ау ауысымды
Бәрі бітті!
Тоқтамақ тіршілігім,
Қауқарым жоқ күшіндей бір шыбынның,
Дем де кіріп-шықпайды емін-еркін,
Жапырақтай сарғайған бір шығынмын.
Жеткізбеді-ау тіршілік мен тілеген,
Ту тұғырда тұрсам-шы желпіп өлең!
Бала мінез, нар тұлға Жүрегім-ау,
Не кінәрат жасап ең мен білмеген!?
Есте бәрі – пейілдің тізімдері,
Өмір-өрнек ізі тұр жүзімдегі,
Ұшсаң атар қанаттан қызғаныш-оқ,
Жүз жығылып, ұмтылдым жүз ілгері.
Бәрі бітті!
Енді ешкім қызғанбайды,
Қырын қарап еш қабақ сызданбайды,
Аянышпен аялап нұр жанарлар
Мен ішетін дәрі мен тұз-дәм қайғы.
Расымен-ақ, жүрегім, тоқтайсың ба?
Қызыл қаным, тамырмен ақпайсың ба?!
Жанар, өкпе, миым-ау!
Төртке бөлдің,
Бақ қайсыңда, білмеймін тақ қайсыңда!?
Бітті бәрі!
Талқаным тауысылды!
Естімейді енді ешкім дауысымды!
Ата-баба керуені ілестірмек,
Өмір – керуен екен-ау ауысымды!
Жетімдік
Жетім деп кімді айтады?
Бос өткен күнді айтады.
Қамқоры, тірегі жоқ,
Қуанып, күлері жоқ,
Панасыз ұлды айтады.
Өтпеген сөздер жетім,
Ойы жоқ көздер жетім,
Жақсыға талпынбайтын,
Байыпсыз балпылдайтын,
Ары жоқ ездер жетім.
Дарымас дәрі жетім,
Шаттықсыз кәрі жетім,
Бірігіп қос арнадан,
Сезімін қоса алмаған,
Жігіттің жары жетім.
Жеткізбес армандардың,
Жолында қалғандар мың,
Жүректер сағыныштан,
Жетімдік зарын құшқан,
Шыны жоқ жалғандардан.
Гүл жетім бапталмаған,
Жыр жетім жатталмаған,
Сүйгенін күн-түн тосқан,
Қобызбен бір мұңдасқан,
Қыз жетім хат бармаған.
Тауы жоқ қыран жетім,
Айтылмас жыр – ән жетім,
Халқына берері жоқ,
Шын досы, сенері жоқ,
Жігерсіз ұлан жетім.
Досы жоқ көңіл жетім,
Ұстасыз темір жетім.
Ас жеумен семіргесін,
Ақша боп көңілдесің,
Түйінсіз Өмір жетім.