Қызғаныш
30.04.2025
229
1

Жұмыстан асығып шығып, бесінші тролейбусқа отырып, межелі жеріме 10 минут­та жет­тім. Кафе іші тыныш, аз ғана адам отыр. Кездесетін уақытымыздан ертерек келіп, жанымдағы адамдарды байқаумен отырмын. Біреулер қызу әңгіме айтып отырса, басқалары өз әлемінде жалғыздықта қалғандай. Бір кезде есік ашылып, күткен досым Гүлзира кіріп келді. Қуанышпен қауышып, сағынышымызды тарқат­тық. Бұрынғыдай аққұба өңі, жарқыраған көзі мен күлімдеген жүзі өзгермепті. Бір-бірімізді көрмегелі 3-4 жылдай уақыт өтіпті. Жаңалықтарымызды айтып, айналамызды түгендегенше біраз уақыт өт­ті.
– Бір кезде Гүлзира:
– Мен басты жаңалығымды айтуды ұмытып бара жатыр екем. Анам 60-тан асып, немере сүйген шағында тұр­мыс құрмақ. Басында інілерім біраз қар­сы­лық таныт­ты, бірақ «победила махаббат» болды.
– Мәссаған, қандай керемет жаңа­лық! Бағын ашсын дейтін жас емес, бақыт­ты болсын дейін!
– Иә, «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дегендей, анамның жұбын тапқанына мен қат­ты қуандым.
– Анаң басқа үйге кетеді, басқа кісі­нің қасында жүреді, қызғанбайсың ба?
– Неге қызғанамын, қайта қуанамын.
– Мен бұлай жасай алмадым. Кезінде мен анамды қызғанғаным сонша жү­ре­гім дүрсілдеп, өзімді қоярға жер тап­пайтынмын.
– Неге?
Бір сәтке анаммен бірге өткізген күндерім, қасында отырып, балалармен шуылдап әңгіме айтатынымыз, дастарқан басында езуіміз жиналмай күлетініміз, бір-бірімізбен таласып әңгіме айтатынымыз, сіңлімнің әрбір әртістің қимыл-әрекетін салып бізді әбден күлдіретіні, музыканы қосып қойып кіші інімнің ән айтатыны, анашым бір бөлмеде жатып алып, ұзақ уақыт кітап оқитыны – бәрі есіме түсті.
Баяғы күндер біртіндеп көз алдыма келіп, сол сәт­тердің әрбір бөлшегінің өмі­рім­де алған орны санамда қайта жаң­ғырды. Әкемнің қайтыс болған күні, жерлеген күні, «мен де барамын!» деп, қалмай ер кісілермен бірге зират ба­сына барғаным… Қабір басына бару­ға болмайтынын біліп, сырт­та қалып, жылап тұрғаным, бәрі есіме түсті…
– Таңғалма, әкем қайтыс болған соң анамды еркек атаулыдан өлердей қызғанатын әдет таптым. Бәлкім, әкемнің жоқтығы менің жан дүниемді қопарып жіберген болар, оның орнына басқа адамның болғанын қаламайтын шығармын. Әйтеуір, анамды қат­ты қызғандым. Біреумен сөйлесіп тұрса жанына барып қақайып әңгіме біткенше қастарында ұялмай тұра берем. Ұят қой… деп ойламаймын да… Жасым бес-алтыда болса ешкім мән бермейді, менің жасым он алтыда. Әжептеуір есейіп, жігіт­тер қырыңдайтын жаста болсам да, анамды қызғанып, еркек атаулымен сөйлескенін қаламай, өзімнен-өзім елге жеккөрінішті болғам.
– Бұның қиын екен. Балалық шы­ғар?..
– Балалық дегенге келе қоймас, мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғанымды білесің ғой. Ауылға жұмысқа тұрған кезім. Әпкемнің достары той жасап, бәрімізді шақырды. Мен де қалмай бардым. Той қызып жатыр, жастардың қасында отырмын, ырду-дырду, ән, музыка, сөздер сөйленіп, антракт, би басталды. Қарап отырсам, анам сыныптасымен сөйлесіп, күліп тұрған сияқты ма?.. Ішім қыз-қыз қайнап, ат­тап-пұт­тап жандарына жетіп бардым. Барсам, ана кісі анамды биге шақырып тұр. Өмірімде өзімді кешірмейтін алғашқы әрекетім осы болды. Мүмкін, балалығыммен, қызғанышыммен не істеп, не қойғанымды білмей қалдым-ау, ана кісіні кеудесінен итеріп жіберіп, «үйге тез қайт!» деп анама бұйрық бердім. Сол кездегі анамның көзқарасын ешқашан ұмытпаймын. Жек көрініш емес, аяушылық емес, мен түсінбейтін бір сезім. Алғашқы 1-2 минут­та не істегенімді білмей қалсам да, 3- минут­та ес кіріп, не бүлдіргенімді түсіндім. Елдің алдында анамды ұятқа қалдырдым, өзімнің тәрбиесіздігімді, көкбет­тігімді көрсет­тім.
– Мына әңгімең қызық екен. Ары қарай не болды, анаң ренжіген болар?
– «Ойбай, мына қыз, мені өлтірді-ау!» деген анамның сөзі менің есімді жиғызды. Үйге қайтып келе жатырмыз, мен жылап келем, ұрысып келем, анамда бір ауыз сөз жоқ, үндемей келеді. Бүкіл болмысыммен, ойыммен дұрыс істемегенімді түсінсем де, әлі бетбақтырмай, қателігімді мойындамай келем. Себебі менің анам, еркек атаулымен сөйлеспеу керек, билемеу керек, біреудің бетіне күліп қарамау керек. Себебі оның күйеуі, менің әкем қайтыс болғалы үнемі траурда жүру керек. Неге? Неге екенін білмеймін, солай болу керек, біт­ті.
Үйге барған соң, «разборка» басталды. Анамның айтқан сөзі: «Бәріңді тастап, күйеуге тиіп кетсем қайтесің?» Мен: «Күйеуге тисең сені өлтірем, өзім де өлем!» – дедім. Сондағы анамның жылағаны, мені құшақтап қат­ты күйін­гені, күрсінгені әлі есімде. 44 жасқа енді толған әкем келместің кемесіне мініп, анама алты баланы тастап кете барғандағы шарасыздық көзқарасы қайта оралып, шаршау да, алты баланы қалай асыраймын деген қайғысы да, 39 жасында иығына түскен ауыртпалықты қалай көтерем деген күйзелісі де – бәрі-бәрі менің санама сол кезде кірді. Бұл досың сондай ақымақ болған…
– Жаным-ау, кішкентай жүрегің дүрсілдеп, анаңды қызғанғаның қандай аянышты. 16-17 жасымда мен де сондай болар ма едім, кім білсін. Қазір ғой, ақыл тоқтатып, анамның жалғыздығын түсініп, оның бақыт­ты болғанына қуанып отырмын. Қазір 39 жастағы келіншектер өзінен он жас кіші жігіт­терге тұрмысқа шығып жа­тыр ғой, бұрын мұндай жастағы әйелдер тұрмысқа шығуы сирек еді ғой.
– Қазір заман өзгерді ма, адам өзгерді ме, көзқарасымыз басқаша қалыптаса бастады. Өмірдің қай кезеңі болсын әр адам бақыт­ты болуға лайықты екен ғой. Оған менің 16 жастағы миым жет­ті ме?
– Бала болғансың ғой…
– Мүмкін… Ол кісінің қайтыс болға­нына 15 жылдан асса да, күні кеше жаным­нан кеткен сияқты, әлі күнге есіктен кіріп келетін сияқты, әлі күнге қонаққа келіп 5-6 күннен соң, «қой қайтайын» деп асығатын сияқты, сияқты, сияқты боп кете береді… «Уақыт емші» деген бос сөз. Бұндай жараны уақыт ешқашан емдей алмайды. Әр сағат дегенім өтірік болар, әр күнде бір рет болсын анам есіме түседі, даусын, жылы жүзін, жымиғанын, қамқорлығын, жанашырлығын, сөйлеген сөзінің әрбір сәтін есіме алып отырамын. Өлердей сағынамын… Анашымды…
– Досым, анаңды есіңе түсіріп мұңайып қалдың-ау. Қазір өзің де анасың. Ол кісінің жатқан жері жайлы болсын!
Жақсы, рақмет! Әңгімеміздің соңы көңілсіздеу «нотамен» аяқталғанына ренжімеші! Сенің жаңалығыңнан соң өткен шақтағы естеліктердің жаңғырығы ғой. Аман болайық! Анаң бақыт­ты болсын!
Осылай қоштасып екеуміз екі жаққа кете бердік.

Қайырниса Жұмашева

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.05.2025 | 08:11

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір