ҰЛТ ИГІЛІГІ
28.04.2025
294
0

Кітап оқу жекелеген адамның ғана емес, тұтас ұлттың рухани иммунитетін берік етпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқитын ұлт қалыптастырудың маңыздылығын екшеп, осы бағыттағы жұмыстарды назарында ұстап келеді. Үшінші Ұлттық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. 

Миллиондаған кітап қорынан айы­рылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды…
…Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп 23 сәуірді «Ұлттық кітап күні» етіп белгілеуді алға тартты. Президент тапсырмасына орай, Үкімет Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді.
Атаулы күн қарсаңында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана пайдалануға берілді. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.
Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақтар, шығармашылық кеңістіктер мен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған. Ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков бұл жобаның өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызына тоқталды:
– Бұл – жай ғана жаңартылған ғимарат емес, білімге, оқуға және дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың бір қадамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісінің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ол сөзінде.
Болат Күренбековтің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары Ұйғыр ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы және Қарасай ауданының Жандосов ауылындағы кітапханаларда да жүргізіледі.
Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Кұлкенов, жазушы Сауле Досжан, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Рәсімнен кейін қонақтар жаңартылған кітапхананың жұмысымен танысты.
Кітап күніне орай, белгілі руханият жанашыры, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекеевтің ұйымдастыруымен 14 000-ға жуық кітап тиелген жүк көлігі Абай өңіріне жіберілді. «Биыл дана Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойы екені баршаңызға белгілі. Жыл басында ASSYLTAS қоғамдық қоры 2025 жылды Абай жылы деп жариялаған болатын. Осы ретте бірқатар жобамызды Абай рухына арнаған жайы­мыз бар. 10 тамызда туып, Абай есімін иеленген барлық балаға 180 мың теңгеден атасақ, тура қазір Абай облысының жастары ASSYLTAS қоғамдық қорының қаржыландыруымен Жасанды интеллект бойынша тегін білім алып жатыр.
Кітап – қазына, одан артық байлық жоқ. Абайдың «Артық білім – кітапта» сөзін арқау етіп, Абай облысындағы барлық ауылдағы 233 мектепке сый жасауды да жөн көрдік. Бұл жобамыздың Абай облысында бастау алғанын жөн деп таптық, ары қарай бұйырса барлық өңірде жалғасын табар деген үмітіміз де жоқ емес. Осы ретте, өзге өңірлердегі әріптес кәсіпкерлерге біздің бастаманы қолдап, челленджді жалғастырып кетсе деген ұсынысым бар», – дейді кәсіпкер аталған бастама тағы да жаңғыра түсетініне сенім білдіріп.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір