Мың құбылып мизамның шуағында

Ғазиза Әбілда
Көңіл көкжиегі
Білмеймін періштемін, пендемін бе?
Шыр етіп шат өмірге келгенімде.
Шамасы шапағатқа шөлдедім бе?
Жұбанбай көп жылаппын жөргегімде.
Ес біліп, етек жиған кездерімде,
Жайсыздау «жаңалықты» сезгенім бе?
Көпшіліктен жырақтап көп ойланам,
Көлеңкелі сыр тұнып көздерімде.
Көрдің бе, сол көлеңке алдамапты,
Ай да сол, күн амалсыз қорғалапты.
Ақ жолынан адасқан ар бейбақтың
Ақ жүзінен ащы жас сорғалатты…
Түнеріп тұрды біраз ренжіп Күн,
Тауқымет тамшысынан бірер жұттым.
Шалғайын шапанымның шарт
буындым,
Шамасын байқайын деп шын ерліктің.
Көрдім де Күн-ананың түнергенін,
Сол сәтте сезімімді шідерледім.
Қырда қалған қызыққа қолды сілтеп,
Жырдан іздеп жоғымды түгендедім.
Жаңылған бағытымды жаңа таптым,
Жетегінде еріксіз бара жаттым.
Поэзия-перімен көңіл қосып,
Өлең деген өміршең бала таптым!
Жалған өмір
Ей, өмір,
Арман өмір,
Жалған өмір…
Қызықтап, қырдан қызыл шалған өмір.
Тірліктің тоқсан тарау соқпағында,
Тәніңді тайталасқа салған өмір…
Ей, өмір,
Саудасы көп сарсаң өмір…
Қалыбына келмейді қалса көңіл.
Сезімнің өрті шалып жүрегіңді,
Сарғайған сағыныш пен аңсау өмір…
Ей, өмір,
Айла-шарғы,
Алуан өмір…
Қиюы келіспеген шаруа небір…
Қайырлап өзен-көлдің ортасында,
Қайығың жарға соғып қалған өмір…
Ей, өмір,
Сайран өмір,
Қайран өмір…
Өлең-шер өзегіңді шайған өмір.
Қаңғыған оқтан кейде жараланып,
Өліспей, беріспейтін майдан өмір..
Муза
Муза дейді…
Музыка құлағымда.
Ән бе? Күй ме?
Алапат жыр ағын ба?
Мың құбылып…
Мизамның шуағында,
Мұңайдым да,
Күлдім де, жыладым да…
Муза дейді…
Ұнаттым.
Ұнадым ба?
Бір ғажайып сыр бар-ау, сірә, мұнда?
Өртін кештім лаулаған махаббаттың,
Өзің жайлы бір өлең туарында…
Муза дейді…
Ай ма?
Күн…
Жұлдыз ба еді?..
Төңірегім…
Түн, әлде күндіз бе еді?..
Аспан мен Жер арасын кезіп жүрген,
Бұл беймаза көңілім кімді іздеді?
Муза дейді…
Құзырындамын…
Жабырқау көңіл жұбана,
Жасаймын-дағы бір айла.
Шарпылып тұрып күнәға,
Шүкір етемін Құдайға…
Шағылып нұрға жамалым,
Шерменде көңіл шайылды.
Жоқ еді басқа амалым,
Жаратқан білер жайымды…
Баз кешер күні жалғаннан,
Бағынам бұйрық, әмірге.
Сая бір таппай сандалған,
Сәттерім аян Тәңірге…
Жасаған айлам жыр еді,
Жанымның бітпес әуресі.
Хош болар ақын жүрегі,
Хақтықтың түссе сәулесі…
Мөлт еткен мына дүниенің,
Махаббат дедім бар мәнін.
Құшағында тұрып мен оның,
Құзырындамын Алланың…
Сүйемін, өмір!
Қап-қара түн,
Аппақ таңдарыңмен,
Алдамшы үміт,
Асқақ арманыммен,
Ақиқатыңмен, жалғаныңмен,
Табиғатыңмен, талғамыммен,
Болмысыммен, бар жаныммен,
Сені сүйемін, өмір!
Арқалатқан азабыңмен,
Алаулап сезім, ғажабыңмен,
Мойыл көздерге мөлтілдей тұнған,
Махаббат шерлі ғазалыңмен,
Жұмағыңмен, тозағыңмен,
Барыңмен, базарыңмен,
Сені сүйемін, өмір!
Кеңдігіңмен, тарлығыңмен,
Жоқтығыңмен, барлығыңмен,
Жауап алып әр күнімнен,
Жарылқайтын жарлығыңмен,
Бар ғұмырыммен,
Бұйырған тағдырыммен,
Сені сүйемін, өмір!
Сезім
Санамды билеп жатты мұң,
Сезімге бір сәт оранып.
Шарқ ұрып жеткен шаттығым,
Жарқ етіп өшті, жоғалып.
Жазылған тағдыр екен деп,
Жарымай сусап жан қалды.
Ақ жауын құйды нөсерлеп,
Аяздай қарып арқамды.
Бейкүнәліктен безуге
Біржола енді бекінгем.
Өзекке түскен сезімге
Өртеніп кетсем өкінбен.
Үздігіп, үнсіз тығылып,
Үлбіреп жатып көз ілдім.
Тұсауы кетті-ау үзіліп,
Темірдей мықты төзімнің.
Талма бір шақта жолыққан,
Тәңірдің сыйын құп алып.
Тағдырға мына болып таң,
Қамкөңіл қалды жұбанып…
Жырға айналдым
Жалғаннан…
Жылуы жоқ, жеріп қалып,
Сезімімнің сәулесі сөніп барып,
Жар шетіне келгенде…
Жолығып қап,
Сізге ғашық болғанмын өліп-талып…
Ғайыптан…
Жанға сая тауып ғаріп,
Сейхундария бойымен ағып барып.
Сейіл құрып,
Сезімнің аралында,
Сырласып таңнан-таңға, жалықпадық…
Асқақтап…
Аспан жаққа барып қалып,
Арманның қанатында қалықтадық.
Ал сосын…
Амалсыздан қоштасарда,
Көңіл шер,
Кеудені мұң шалып қалып…
Жан дәрмен…
Қанатымды қағып-қағып,
Жұмбақ сырын ғаламның танып барып.
Жан дүнием бөленіп
Махаббатқа,
Жырға айналдым, шалықтап, шабыттанып!
Сүйе алсаң ғой…
Алабөтен тағдырымды таң көрмей,
Алаңғасар қылығыма мән бермей,
Әуресіне тіршіліктің әл бермей,
Асқақтатып алай-дүлей сезімді,
Ақан салған,
Біржан салған әндердей,
Ей, өмір,
Сен де мені сүйе алсаң ғой,
дәл мендей…
Сол шынайы түр-тұлғам,
Сылануды сән көрмей,
Әдемі боп көрінем деп біреуге,
Әлем-жәлем бояуыңмен әрленбей.
Майда-шүйде талқысына тірліктің
Мойыным да жар бермей.
Беу, дүние,
Бесігіңді тар көрмей,
Құзырыңа жаңа ғана келгендей,
Сен де мені сүйе алсаң ғой, дәл мендей…
Қалқа
Ай, қалқа,
Сен де арманда, мен де арманда,
Сол арман орындалар күн болғанда.
Салт мініп, ақ боз атты шығармысың,
Сыланып тотықұстай мен барғанда.
Ай, қалқа, амал қанша, ауылың шалғай,
Қарайлап қара жолға көзім талды-ай.
Жиегін орамалдың кестелегем,
Жете алмай, орта жолда сөзім қалды-ай.
Ай, қалқа,
Айлар өтті, жылдар өтті,
Сағыныш сыздатады бұл жүректі.
Алаңсыз өшіруге дәрменім жоқ,
Алаулап ішімдегі жанған өртті.
Күз-көңіл
Көктем өтті, жаз өтті,
Күз де келді.
Сіз деп көңіл…
Шарқ ұрып іздеген-ді.
Үмітімнің жібі де жіңішкеріп,
Үзілердей моншағым тізген енді…
Күз де келді…
Тұрмын еш қайран қалмай,
Тоқтататын уақытты айлам бар ма-ай?..
Саябақ…
Сол баяғы сізді күткен,
Сап-сары сағынышқа айналғандай…
Хат жаздым
қайтқан құстың қанатына,
Талып барып…
Жетер ме таң атыра?..
Көңіліңіз сіздің де алаң шығар,
Көкке қарап қоярсыз ара-тұра…
Мендік жүрек
Келді ме, шұғыласын шашқан көктем,
Апыр-ай, ашық еді аспан неткен?
Көз қуанды, болғандай көңілім қош,
Ал жүрегім әлі де астан-кестен.
Бұл жүректің дауасы табылар ма?
Сарылады жан таппай сағынарға.
Жұдырықтай болса да жұмбағы көп,
Жетегіне еркімнің бағынар ма?
Жалқы күй қинаса да жанымды әлі,
Мендік жүрек ешкімге жағынбады.
Мың азапты жиғанша мақұл еді-ау,
Бір ғажап сәт туғанда жарылғаны.
Мың құладым, бағымды мың сынадым,
Сонда-дағы жүрегім тыншымадың.
Толғағына жанымның дауа таппай,
Толқынына сезімнің тұншығамын.
Қиял құс құлағанда ыршынып кеп,
Көңіл шерін басатын күрсініп тек.
Мендік жүрек мәңгілік мұздамайды,
Менің жаным ынтызар тіршілікке!