БАМБУК АҒАШЫНЫҢ ОРАМЫ
Уходя, оставьте Свет! Это больше, чем остаться…
Это лучше, чем прощаться и важней, чем дать совет…
Уходя, оставьте Свет, перед ним отступит холод!
Свет собой заполнит город… Даже если вас там нет…
Галина ВОЛЧЕК

Оны өлместей көретінмін. Атасы Шалахмет те, оның туған інісі Шеруен де жүз жасаған кісілер екен. Ғадекең де ғасырды иектеп құласа деп тілейтінмін. Бірақ «адамның дегені емес, Алланың қалауы болатыны» рас. Телевизия мен публицистика майталманы, ақын-аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов 2024 жылы сәуір айының басында дәрілбақиға жол тартты. Енді ардақты ағамды еске алып, Құран бағыштағаннан басқа амал бар ма?!
Жайшылықта ұлтым деп кеуде қағып, сын сағатта көлеңкені паналап кететіндермен салыстырғанда, Ғаділбек Шалахметовтің ұлтшылдығы мен гуманистігі анағұрлым артық екенін дәлелдейтін деректің ұшы-қиыры жоқ. Соларды бір-бір сөйлеммен жазып шыққанның өзі жарты беттен асып жығылады. Назар салыңыз.
Мемлекеттік телерадио комитетін ұзақ жылдар басқарған, ҚР Президентінің алғашқы баспасөз хатшысы болған, «ҚазАқпарат» агенттігінің президенті, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты сияқты жауапты сатылардан да абыроймен өткен Ғаділбек Мінәжұлы өзінің журналистік жолында да көптеген ерлік жасады. Қазақтың Корчагині атанып кеткен Рахмет Өтесінов ағамыз туралы жетпісінші жылдары сонау Жаңаөзенде топырақ жұтып жүріп, деректі фильм түсірген туындыгерді өмір бойы басшы болып, комфорт іздеген пенде деп кінәлай алмайсыз.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, бұрынғы КСРО халықтары тәуелсіз мемлекеттер құрып жатқанда, сол елдердің бәріне тарайтын ортақ «Мир» телерадио компаниясын құрған біздің кейіпкеріміздің амбициясы кейіннен өзінің дүниеге келгенін ақтады. Кешенді арнадағы диалогтер арқылы қантөгістер мен қақтығыстардың жолына тосқауыл қойылды.
Алмағайып тоқсаныншы жылдардың бел ортасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос Галиден сұхбат алған жалғыз қазақтың шығармашылық ізденісі мен шеберлігіне қайта-қайта қол соққың бар.
АҚШ-тың экс-президенті, 2024 жылы жүз жасқа толған Джимми Картермен талай рет табақтас болып, адамзатқа пайдасы бар бірнеше жобаны бірге жүзеге асыруға қатысқан Ғадекеңе қызыға қарайтынмын.
Ешкіммен араласпай, бәрінен безіп, үйіне тығылып жатқан Лев Николаевич Гумилевтің өмірдегі ең соңғы сырласы болған ағамыздың жүрегі кең адам еді.
Ғадекеңнің өрелі істерінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Ғаділбек Шалахметовтің барша адамзат баласын «ұлық» немесе «кішік» деп бөлмейтін, әлемнің әр түкпіріндегі өркениеттерді бір-бірінен бөле-жармайтын, керісінше, сабақтастыра түсіндіретін алабөтен көзқарасы оның өмір жолында түйген тәжірибесінің, кемел білімнің арқасында келгені тайға таңба басқандай көрінеді. Сондай-ақ ғұлама ғалымдардың еңбектерін оқып қана қоймай, олармен тікелей пікір алмасудың арқасында қанына сіңген түсінік деп айтсақ та қателесе қоймаймыз. Жалпы, толерантты қазақ болса, жалқы толерантты Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов еді. Толеранттылықтың туын көтеріп келе жатқан тұлғаларымыздың біріне айналған оның бойынан дүниенің басқа бір түкпірінде бір адам өлсе, бүкіл адамзат өліп бара жатқандай күй кештіретін барлық гуманистік қасиеттер іздемей-ақ табылатын.
Хәкім Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» деген дана сөзі бар. Осы тіркесті бір жағынан сәл өзгертіп, «ісіне қарап кісіні ал» деп түсінуге де болатындай. Адамның тіршілікте жасаған істері, қайраткерлік қадамдары оның халық алдындағы кескін-келбетін қалыптастыратыны белгілі. Қазіргі әсіреұлтшылдардың популистік сарындағы «асқақ» ұрандарына елтіген жандар Ғаділбек Шалахметовті сыртынан шалақазақтардың санатына қосып жіберуі әбден мүмкін.
Алайда ұран мен істің үнемі бір жерде тоғыса бермейтіні бар. Осы орайда Ғаділбек Шалахметов – сонау 1986–1987 жылдардың өзінде қаһарлы Желтоқсан оқиғасы хақында халық арасында объективті көзқарастың қалыптасуы үшін аянып қалмаған жандардың бірі. Қазақ Мемлекеттік телерадио комитетінің басшысы Ғаділбек Шалахметов сол күндері Мәскеуде одақтың Мемлекеттік телерадиосының алқа жиналысына қатысып, қазақтілді бағдарламаларды кеңірек таратуға, таза қазақша арна ашуға қажетті қаражаттың көбейтілуін талап етіп жатқан болатын.
Кенет Алматыдан орынбасары, көрнекті сыншы һәм қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев қоңырау шалады. Ол Алматыда қиын жағдайдың орын алғанын айтып, шұғыл түрде елге оралуын сұрайды. Бір нәрсеге қатты толқып тұрғаны байқалады. Ол кезде республикалық телевизия ғимараты Үкімет үйінің дәл іргесінде орналасқан еді, терезеден қарағанда, орталық алаңға жиылған қарақұрым халық алақанға салғандай айқын көрінеді. Екеуі телефон арқылы сөйлесе келе, барлық түсіру тобын жіберіп, алаңдағы сұмдықты кеңінен қамтып түсіріп алуға уағдаласады. Ал Ғаділбек Шалахметов Мәскеуге келген шаруаларын жиып қойып, бірден Алматыға ұшады.
Одан кейінгі жайттан көзі ашық, көкірегі ояу жандардың баршасы хабардар. Алаңда билік тарапынан болған сұрқиялықтың талайы телеоператорлардың назарынан тыс қалмады. Қазіргі таңда телеарналардан беріліп жүрген Желтоқсан оқиғасына қатысты кадрдың көпшілігі – сол бір қиын-қыстау күндері таспаға түсіп, республикалық телевизияның мұрағатында сақталып келген құнды дүниелер. Егер алаңдағы сұрапыл шырқау шегіне жеткен бас-аяғы екі күннің ішінде телевизия қызметкерлері осы оқиғаны таспаға түсірмегенде, бүгінгі ұрпақтың қолында сол қаһарлы күндер туралы бейнедеректердің болуы екіталай еді.
1989 жыл ядролық полигонда кезекті сынақтар жасалды, апат орын алып, радиоактивті газдар жер бетіне шығып кетті. Дәл сол тұста Олжас Сүлейменов КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер еді. 25 ақпан күні Қазақ телевизиясында сайлау алдындағы сөзін сөйлеуге тиіс болатын. Соның қарсаңында таудағы шипажайдың бірінен ол Ғадекеңе қоңырау шалады. Бейнежазба арқылы емес, тікелей эфирде сөйлегісі келетінін айтып өтініш білдіреді. Толқып тұрғанына қарап досынан «неге?» деп сұрауға Ғаділбек Мінәжұлының дәті бармайды. Бұл телефон арқылы шешілетін мәселе еместігін сезеді. Кешкілік телеорталыққа келген Олжас Омарұлы Ғадекеңнен бір ғана нәрсені өтінеді: «Эфирді үзіп тастамауыңды сұраймын!»
Он бес одақтас республика телевизиясының әр хабарын міз бақпай қадағалап отырған Мәскеудегі мықтылардың қаһарына ұшырайтынын білсе де, Ғаділбек Мінәжұлы өзінің өкілеттігін пайдаланып, Семей полигоны туралы ақиқаттың айдай әлемге жария болуына себепкер болуды жөн деп шешеді. Олжас Сүлейменовтің осы сайлау алдындағы атақты сөзі, осылайша, барша жұртқа таралды. Ақын сайлау алдындағы бағдарламасын емес, қазақ халқының трагедиясын әлем жұртшылығына жайып салды. «Ядролық полигон жабылуы керек» деген қаһарлы сөз тұңғыш рет айтылды. Олжас Сүлейменов кеудесінде намысы бар, рухы өлмеген адамдардың баршасын Жазушылар одағы ғимаратының алдына шеруге шығуға шақырды. Бұл тоталитарлық режимнің темір ноқтасына бас имеген азаматтық қарсылық болатын.
Осылайша, кейінірек «Невада-Семей» деген атты иеленген атақты антиядролық қозғалыстың ең алғашқы қадамы Қазақ телерадио кешенінің қабырғасында бастау алған-ды. Ғаділбек Шалахметов Мемлекеттік телерадио комитетінің басшысы ретінде осы қозғалыстың қарқын алуына ықпал ететін түрлі бейнесюжеттердің жарық көруіне тікелей атсалысты. Оған қарсы болған мүйізі қарағайдай мықтылардың қорқытып-үркітуге тырысқан қарекеттерінен ештеңе шықпады. Елу жыл бойы халқын қасіретке ұшыратқан Семей полигонын жабудың прологіне қатысқан Ғаділбек Мінәжұлын кейде «человек тотального действия» деген атқа ие болған Эрнест Хемингуэйге теңегің келеді.
Ол Абай мен Мұқағалидың, Фариза мен Мұхтардың жырларын орыс тіліне аударды. Сол туындыларды оқыған кезде жанының ақықтығы айқын білініп тұратын. Дәл осы жерге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов ағамның кезінде жазған керемет эссесінен үзінді өз-өзінен сұранып тұр: «Сіз Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» атты өлеңін жақсы білесіз. Әнге салып айтылғанын да талай тыңдағансыз.
Әуезді әндей төгіліп тұрған бұл тамаша туындысында ақын өзінің аяулы ақ махаббатын, жүрегіне жыр ұялатқан шырын шақтарды көз алдына келтіретін де, сол сәттердің сүйіктісінің сезімінде саф таза күйінде сақталуын тілейтін. Біз ақиық ақынның сағыныш сазын ақ қағаздың бетіне мөлдіретіп түсіре қалған құдіретті қаламына тәнті болатынбыз.
Ал енді сол өлеңнің орысшасын оқып қараңыз:
Весной, когда грохочет гром
И ливень просится в ваш дом,
И молний отсвет на окне,
И обновление кругом,
Вы вспоминаете обо мне.
И в пору летних облаков,
В тиши полей, в тени лесов,
В жару, с собой наедине,
Задумчиво, без лишних слов,
Вы вспоминаете обо мне.
И в осень спелую, когда
Налиты яблоки в садах,
И горечь ясная в вине,
И травы желтые в горах,
Вы вспоминаете обо мне.
Морозным утром в январе,
Когда деревья в серебре
И, собираясь в дальний путь,
Стоит повозка во дворе,
Вы вспоминаете обо мне.
Не дайте памяти заснуть.
Не айтары бар, айшықты аударма! Ақын жырының сөзсазы сондайлық сұлу сақталған. Мұқағали метафоралары да көркем күйінде кестеленген. Мысалы, «Ақ ұлпа жерді жапқанда, Ағаштар сырға таққанда» деген жолдардың «Морозным утром в январе, Когда деревья в серебре» деп алынуы, өте сәтті.
Ең бастысы, аудармада интерпретация бар.
Түпнұсқаның поэтикалық сұлулығын сақтай отырып, аудармашы туындының көңіл күй ауанындағы мұңды сарындарды алдыңғы қатарға шығара алған. Осының арқасында өлеңнің көркемдік өрнегіне өзгеріс енбегенмен, жырдың болмыс-бітімі тыңнан түлеп түскендей әсер етеді. Төлтумадан ақынның өз сүйіктісін сағынған сөзін оқысаңыз, төлтумадан оның халыққа айтып кеткен арзу-аманатын естігендей күй кешесіз. Иә, Мұқағали өлеңнің орысша нұсқасында «Жүректерде жүрейінші жаңғырып» деп біздің бәрімізге айтып тұрғандай. Аудармашының өз жанынан қосылған соңғы жол («Не дайте памяти заснуть» – «Жұмылмасын жадыңның көз жанары») ақынның бар тілегіндей, зар тілегіндей болып шыққан.
Ал осы аударманың авторы кім дерсіз? Ол – Ғаділбек Шалахметов.
Ғадекең біздің публицистикамыздың дамуына да керемет үлес қосқан. Өмірден өткен досы, керемет жазушы Сәтімжан Санбаевтың орындалмай қалған арманын да жүзеге асыруға тырысты. Өмірінің соңғы жылдары өзінің тікелей ата-бабасы болып келетін Мақаш правитель туралы роман жазумен айналысып жүрген Сәтімжан ағамыздың сағаты соққанда Ғадекеңнің қатты қиналғанын білемін. Ол сол жылдары Сәтімжанның жазып бітіруге үлгере алмай кеткен Мақаш правитель туралы романының орнына публицистикалық потенциалын пайдалана отырып, өзінің «Пятый сон» деректі кітабын дүниеге әкелді. 2017 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген бұл деректі хикаят – ізденіс пен дарынның қоспасынан туған сүбелі еңбек. Бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы тарихи шындық кітапта құр баяндалып қоймайды. Одан кейінгі оқиғалардан бастап, бүгінгі күнгі құбылыстарға дейін органикалық байланыста ой шертетін бұл туындының қазақ оқырмандарына берері мол. Моншақтай тізілген оқиғалар тізбесі – қазақ публицистикасындағы орасан еңбек.
Ағамның аруағы разы болсын деп жуырда Ғаділбек Мінәжұлы туралы деректі кітап жазып бітірдім. Сол кезде есіме жақсы көретін ағам, төл өмірлік пәлсапасы қалыптасқан Нұрберген Балғымбаев айтқан «цзе» философиясы түсті. Бұл сөздің тура мағынасы бамбук ағашының орамы дегенді білдіреді. Ал Қытайда бұл ауыспалы мағынада кесіп-пішілген ырғақты қозғалыс, адамның ақық мінез-құлқы деген контексте қолданылады.
Осы философия Ғаділбек ағаның өміріне дәл келеді. Шынында да, өз өмірінде бір сызықтың бойымен жүрмесе де, оның тағдыры түгелдей ырғақты қозғалысқа бағынғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Оның бамбук ағашының орамындай мықтылығы өмірінің барлық кезеңінде көрініс тапты. Исаак Бабельдің тамаша бір сөзі бар: «Человек должен знать все. Это не вкусно, но любопытно». Ғаділбек аға осыны өз өмірінің кредосы етіп алғанына шүбәм жоқ. Өйткені ол ғұмырының барлық кезеңінде білуге құштарлығынан бір жаңылған жоқ. Балалық шағынан білімге құмарлығы, еңбекке ерте араласып, белсенділігімен көзге түсіп, қашанда қайраткерлікке ұмтылуы, жан-жағына жақсы адамдарды жинай білуі – бәрі-бәрі оның «цзе» философиясының канондарынан алыс кетпегенін көрсетеді.
Ол бамбук ағашының беріктігі орамында екенін тіршілігінде кездескен барлық қиыншылықтарға қайыспай қарсы тұруымен де дәлелдеп кетті. Сонау металлургия комбинатында оттың ортасында шыңдалған құрыштай қасиеті мен қарым-қабілеті Желтоқсан оқиғасы кезінде де, ядролық сынақтарға қарсы тұра білген уақытында да азаматтық позициясынан анық аңғарылды. «Мир» телекомпаниясын құру барысында алдынан шыққан қиындықтар мен бюрократиялық аяқтан шалудың неше түріне төтеп бергені де оның бамбук ағашының орамындай беріктігін білдіреді.
Бамбук ағашы – өз орамының арқасында тез өсетін тал-терек. Бұл жағынан да Ғаділбектің керемет
қасиеттері атойлап алдыңнан шығады. Ол жас кезінен бастап тез жетілді. Ертерек еңбекке араласты. Оқу-білім жинады. Белсенді болды. Телевизия саласында жастайынан елге танылды. Ешкімге ұқсамайтын хабарларымен телевизияның тарланына айналды. Энтузиазмға толы энергиясының әсері болар, көп істе пионер атанды. Кезінде ең жас министр болды. Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы ретінде елімізде паблик рилейшнз институтының қалыптасуына бірінші болып үлес қосты.
Бамбук ағашының көкке, жарыққа ұмтылатын қасиеті де Ғаділбектің бойынан молынан табылды. Планетарлық ойлау жүйесін қалыптастыра білген ол қашан да тек жақсы нәрсеге ұмтылды. Жүрегінің ашықтығы сол, ақын да болды. Қазақ поэзиясының кеңес кезінде орыс тілінде танылуына көп атсалысты. Адамдардың жан дүниесін терең түсінуге асығып тұратыны сол, сценаристер курсында староста, оқу орындары мен студенттік құрылыс отрядтарында жастар жетекшісі боп жалындап жүрді. Кеңпейілдігі мен жаңаға құмарлығы сол, Джимми Картер, Шыңғыс Айтматов, Бутрос Гали, Лев Гумилов, Федерико Майор және Тед Тёрнер сияқты әлемдегі жарқын тұлғалармен тонның ішкі бауындай араласты.
«Өткен күннен алыс, келер күннен жақын ештеңе жоқ». Бұл дана сөз уақытпен жарысып, қашықтап бара жатқан кешегі дос-ағаларыма да тікелей қатысты. Біреуі ерте, біреуі кеш дегендей, олардың бірқатары өмірден де өтіп кетті. Сол дос-ағаларымның арасында маған, тіпті жалғыз маған ғана емес, Ғаділбек Мінәжұлы – ардақты есім. Міне, өз уақытының, өз дәуірінің белгілі тұлғасы атанған ағамның өмірден өткеніне де бір жыл болды. «Артында ізі бар адамды өлді деуге болмайды» деген де дана сөз бар. Менің өмірімде Ғаділбек ағамның қалдырған шынайы, нағыз адами өшпес ізі жатыр. Соның бәрін жаныма жайлы, сағыныш тудыратын құбылыс ретінде бағалаймын.
Ол әдемі өмір сүрді. Алла тағала Ғаділбек Мінәжұлына бәрін берді. Жібектей биязы мінез берді. Ат аунағанша ақыл тауып кететін. Үнемі ақжарқын жүретін. Ойға алған мақсатына жету жолында сабырлығы сезіліп тұратын. Әлемнің әр елінде ізі қалды. Құдіреттің осыншама сыйын кез келген адам көтеріп жүре алмас еді. Ол көтеріп жүрді. Өзінің қарапайымдылық қасиетімен. Өзінің қанағатшылдығымен. Иә, қарапайымдылығы мен қанағатшылдығы оның өмірін әрлі де әдемі еткенін енді білгендеймін. Ешкімді қызғанған жоқ. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Ешкімнің алдына түскен жоқ. Ең бастысы, бауырмал еді. Ғаділбек Мінәжұлы тіпті өзі жақсылық жасаған адамның да мәртебесін көтеріп кететін мәрт жігіт еді. Мәдениеттің апогейіне жеткен адам осындай-ақ болар.
Ғаділбек Мінәжұлы Лев Гумилевтің шығармалар жинағының төртінші томына алғы сөз жазған. Осы алғы сөздегі Ғаділбек ағаның философиялық ойлары кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Өркениет тылсымына құрылған мақаладан оның білімдарлығы мен терең ойлай білетін алабөтен қасиеті жарқырай көрінеді: «Адамзат жер шарындағы мәдениеттің жылнамасын жазды. Электрондық эфирдің көзге көрінбейтін жібін тоқып үйренгенше, жанды және жансыз нәрсенің мәнін ұққанша адам ойына келген дүниелерді алдымен тасқа, кейін сүйек пен ағашқа, металл мен қағазға түсірді. Сонда ғана ол жер шары атты бесікте тербеліп жүргенін түсінді, өзін осы алып үйдің тұрғыны ретінде сезіне бастады.
Шынайы тарих қаһармандарының ой-толғамы біздің ар-ұятымызды оятты. Адамзаттың басынан кешкен қиындық пен ауыр азапты сезініп, оған жаны ауыратын жанды жол нұсқаушы деп санауға болады. Білімі кемел, ойы толысқан әр адам жер бетіндегі бір тал шөп пен судағы балықтан артық емесін түсініп, этикалық тұрғыда өзін Жердің бір шөкім топырағы тәрізді елестеткені жөн. Осыдан әлденеше ғасыр бұрын сайын даласы мен орманын тастап, Алтай мен Сібір арқылы, Беринг бұғазы мен Тынық мұхиты арқылы Америкаға аттанған байырғы бабаларыңды жадыңда сақта. Бабалар өзінің тарихи сапарында жаңа халықтарды дүниеге әкеліп, олардың санасында бейбітшілікті ұғыну белгілерін қалдырды. Тым болмағанда бабаларымыздың жасағанын қайталауға тырыс. Ал егер батылдығың мен ақыл-парасатың жетсе, олардан да артық істер тындыр.
Өзіңді ғаламшардағы әр адамның орнына қойып, әрқайсысының тағдыры мен тарихын бойыңнан өткеруге тырыс. Сонда мұхиттар мен тау жоталары, сайын далалар мен ну ормандар, алып мұздықтар мен шетсіз-шексіз шөлдер, барлық жан-жануарлар мен балықтар, құстар мен жәндіктер келбетіне әр берген Жер ғаламшары сенің туған үйіңе айналады. Сонда ғана әрбір жасуша, тамшы су және топырақ, әріп те, заң да сені өзінің жақыны сияқты алыстағы жұлдыздарға немесе жаңа әлемге жетелейді».
Ғадекеңнің осы бір терең ойларынан кейін Қытайдың әлгі «цзе» философиясына қайта оралғың келеді. Бамбук ағашының орамы дегенді білдіретін сөз тура мағынасында да Ғаділбек ағаның бүкіл ғұмырының символындай көрінетінін несіне жасырайын?! Бамбук ағашын біріктіріп тұрған оның ортадағы орамы Ғаділбек Мінәжұлының қайраткерлік қасиетін ойға салып тұрғандай. Шынында да, Ғаділбек аға қазақ деген халықты әлемдік өркениетпен жалғап тұрғанын оның бүкіл саналы ғұмыры айқындап берді. «Өзіңді ғаламшардағы әр адамның орнына қойып, әрқайсысының тағдыры мен тарихын бойыңнан өткеруге тырыс» деген ғаламдық тұрғыдағы ойды айта білген жүректі адам өзі де өмір бойы осы эксклюзивті қағидатынан айныған жоқ.
Сан қырлы талант иесі Галина Волчектің бір шумақ өлеңін эпиграф ретінде бекерден-бекер алған жоқпын. Мұның символикалық мәні зор. Ғаділбек аға, өзіңіз отты жүрегіңізбен жағып кеткен іргелі істеріңізден бастау алған сәулелі жарық, сіздің қазір біздің арамызда жоқтығыңызды білдірмейді. Бес күн жалғандағы айшықты ізіңіз көп адамға жол көрсетіп тұрары даусыз.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
ПІКІРЛЕР2