ТАНЫМДЫЛЫҒЫ ЕРЕСЕН БЕСТОМДЫҚ
Жақында «Астана Медиа Пресс» баспасынан Қазақстанның Құрметті жазушысы, көрнекті көсемсөзші, Педагогикалық Ғылым академиясының академигі, профессор Марат Байділдәұлы Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» атты бестомдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Алматыдағы Ұлттық кітапханада шығармашылық, ғылыми интеллигенция және қалың жұртшылық өкілдерінің қатысуымен таныстырылымы өтті.
«Уақыт жебесі» бестомдығының жалпы көлемі екі мың бір жүз беттен асады. Бұл бес кітапқа автор егемен еліміздің өсіп-өркендеу барысын арқау еткен. Дербес даму жолына түскен мемлекетіміздің тәуелсіздігін бекемдей түсу үшін аса қажет ұлттық идеологияны қалыптастыру жолдарын қарастырған. Сол мақсат тұрғысынан талдаулар, қоғамдық-саяси сараптамалар жүргізген. Әркімнің ұлттық құндылықтарды дәл ажырата білуіне, көзқарасын, мақсатын айқындай түсуіне жәрдемдесетін публицистикалық мақалалар, зерттеу еңбектерін жазып, баршасын осы үлкен жинаққа топтастырған. Марат Байділдәұлы бұларды еліміз мемлекеттік тәуелсіздік алғалы бергі дамуының отыз жылы ішінде орын алған маңызды кезеңдерінде өзі куә болған, тікелей араласқан оқиғаларға және тиісінше өрістеп келе жатқан қоғамдық ойға өзіндік үн қосу ретімен жазып отырған екен.
Бестомдықтың «Ұлт мұраты – ұлттық мемлекет» деп аталған алғашқы кітабында Марат Байділдәұлы: «Мен үшін ұлттық құндылықтардың, ең бастысы, Қазақстанда Ұлттық мемлекет құру» деп ағынан жарылған. Оның бұл жүрекжарды сырын күллі бес кітапқа өзек болып тартылған лейтмотив деп қарауға болары анық.
Естеріңізде болар, тәуелсіздігіміздің әсіремақтанышқа құрылған белгілі бір кезеңінде «Ұлттық мемлекет құру» деген тіркес ауызға алынбайтын еді ғой. Биік ордамызды мекендейтін бір сарай сандуғашының сенімді түрде: «Ұлттық мемлекет – анахронизм» деп мәлімдегенін, «біз ұлттық емес, қазіргі заманға лайық азаматтық қоғам құрудамыз» деп тынымсыз сайрап тұрғанын уақытында бәріміз естідік, оқыдық, тіксіндік, ұмытқан жоқпыз.
Мұндай ұранға ермеуге, тап бұлай адаспауға Мәкең оқырманын өзінің туындыларында өткір көсемсөзі күшімен ұдайы шақырып тұрды. Ол ұлттық мемлекет құрудың басты шарты – қазақтың ұлттық тілін шынайы мемлекеттік тілге айналдыру екенін дәйектеді. Ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы ұлттық рухта тәрбиелеу ісіне мән беруге талай шығармасымен баршаның назарын аударып отырды.
Бұл реттегі автордың тұжырымдары бірінші томның «Ұлықтарымыз – ұлттық мемлекет» делінген бірінші бөлімінде тыныс-тіршіліктің сан саласына сыни көз салу жолымен тарқатып баяндалған. Жеңіл оқылатын нақты публицистикалық мақалалары арқылы билеушілердің мемлекетшілдік сезімді бағалауға, қолдауға ниет танытпайтынын көрсетіп, сондай немқұрайлы көзқарас салдарынан биліктің қазақ халқына іс жүзінде қилы залалын тигізіп жүргенін көрсетеді. Солардың ұлттық мүддені кері ысыруы салдарынан халыққа қандай қиянаттар жасалғанын он салаға бөліп тізбелейді. Тіпті бұрынғы билік жол беріп қойған отбасы құндылықтарын жоюдың жымысқы жолдарын да заңи тұрғыда әшкерелейді. Бұлармен танысқан оқырманның ойлануға, айналасына ашық көзбен қарауға дағдыланары анық.
Ал кітаптың «Көкейтесті» деп аталған екінші бөлімінде Марат Байділдәұлы жұртшылыққа өзі жасаған ұлттық идеология жобасын ұсынған. Онда халықтың көкейіндегі көп сауалды алға тартып, талдайды. Еліміздің конституциялық даму тарихына үңіліп, орын алып тұрған кемшіліктерді көрсетеді. Азаматтық емес, ұлттық мемлекет құру керегін қарапайым оқушыға түсінікті тілде баяндап, биік мақсатты заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігіне оқырманын иландырады.
Күрескер қаламгер Мәкең отыз жылдық тоқырау және соның салдары санатында көзге түсетін ахуалдың – ресми айтылатын жеті пайыз, іс жүзінде жетпіс пайызға жуықтайтын кедейшіліктің сырларын ашады. Мұндай әлеуметтік ірі мәселені көзге ілмейтін билік тармақтарындағы шенеуніктердің іс-әрекеттерін, іс жүзінде «ең жемқор, ең парақор» боп шыққан билеуші партия үміткерлерінің сайлау қарсаңында үйіп төгумен шұғылданатын ақылға сыймайтын уәделерін әшкерелейді.
Бұл орайда көсемсөзші Марат Байділдәұлының «Отыз жылдық тоқырау», «Адасқан Ата Заң», «Алдарқату анатомиясы» атты мақалалары өте көрнекі де танымды шыққан. Ол өткен отыз жылда «ұлтаралық қатынастың қате формуласы қалыптасты» деп батыл тұжырады. «Мемлекет, құқық қорғау органдары, ең алдымен, мемлекет құраушы халықтың өкілдерін қорғаудың орнына, келімсектерді төбемізге шығарды» дейді. Кейбір ұлт өкілдері арасында көрініп қалатын жанжал, кикілжің біткенді тұрмыстық келіспеушілікке балап, кінәні қазаққа аудара салу мысалдары қай-қайсымызға да таныс қой. Кезінде теледидарда жүретін хабардың кемі жартысы мемлекеттік тілде болсын деген талапты түн ортасы ауа қазақша концерт беру жолымен «орындаушылардың» зымиян әрекетін әшкерелеп сотқа берген азаматтардың меселін құқық қорғау органдары «заң талабы бұзылған жоқ» деген желеумен қайтарып тастап жүргені де көпке мәлім. Міне, осындай, туған халқының мүддесін аяқасты ететін заң қызметкерлерінің жалпақшешейлік көзқарастарынан қорытқан ойын солай айта келе, Мәкең оның себептерінің бірін тереңнен, «адасқан бағыт» пен «иммунитетсіз идеологиядан» іздеп, оны шешудің нақты жолын нұсқайды.
Сондай-ақ әрине, публицистің көрші ел билеушілері төндірген ядролық қоқан-лоққыға да, 2022 жылғы қаңтар қырғынына да жайбарақат қарай алмайтынын көрсетеді. Мәкеңнің бұларға қатысты сыни пікірлері де, ой толғаулары да оқырманын тәнті етеді. Сондай-ақ ол билік жол берген тарихты бұрмалаушылыққа төзбейді. Тәуелсіздікті баянды ету үшін аса қажет шаралар кешенін жүргізудің орнына коррупцияның кең қанат жаюын сынайды. Осындай мысалдар да жазушының өткір публицистік қаламына арқау болған.
«Назарда – әлемдік оқиғалар» атты үшінші бөлімде шетелдерде, ТМД аумағында болып жатқан оқиғалар қазақ мүддесі тұрғысынан талданған. Ал «Әдептілік әліппесі», «Қазақи әдеп бастаулары» делінген төртінші, бесінші бөлімдерде бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің көріністері сөз болады.
«Уақыт жебесінің» 2-кітабына «Тұғыры биік тұлғалар» деген ат берілген екен. Бұл томға автордың Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге, ұлттық рухымызды тоталитарлық кезең қыспақтарынан сақтап қалуға, материалдық және рухани құндылықтарымызды еселей түсуге үлес қосқан жекелеген тұлғалар хақында жүргізген зерттеулері негізінде жазған эсселері, очерктері, түрлі сұхбаттары енгізіліпті.
«Азаттық үшін алысқан» атты алғашқы тараудағы Жетісу аймағында өткен ғасырларда өмір сүрген батырлар мен билер туралы мақалалар, «Ел тұлғалары» бөлімінен танысатын ұлт ұстазы атанған әйгілі Халифа Алтай мен Алаш қайраткері Садық Аманжолов, заманымыздың үлкен қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен оның ата-анасы, тәуелсіздік дәуірінде ел сүйіспеншілігіне бөленген күрескерлер – философ Сәбетқазы Ақатаев, ақын Шона Смаханұлы, академик Әбуәли Қайдар, өзге де әдебиет, өнер, ғылым салаларындағы көптеген белгілі тұлғалар және жұртқа беймәлім тума талант Әділбай Жаниязов жайындағы мақалалар ерекше танымдылығымен ерекшеленеді. «Ғылым мен өнер тұлғалары» тарауындағы қызықты сұхбаттардан түрколог Алтай Аманжолов, мажар оқымыстысы Қоңыр Мандоки, ғалым Еренғайып Омаров, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблін құрған Досым Сүлеев секілді тұлғалармен танысамыз.
Бестомдықтың «Алапат соғыс ақиқаты» атты үшінші томында автор кеңес-герман соғысының көпшілікке беймәлім, кейінгі кезге дейін құпия ұсталып келген тұстарын көптеген тың деректер келтіру жолымен айқара ашып береді. Ұзамай 80 жылдығы атап өтілмек Жеңіске жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет екенін уағыздайды. Жай ғана уағыздап қоя салмай, ортаға тастамақ ұсынысын дәлелді түрде сеніммен дәйектейді. Солармен қатар осы «Жеңіс қайғысы» аталған алғашқы тарауда 28 панфиловшы ерлігі, Ленинград блокадасы сынды советтік мифтерді де әшкерелейді. Қазақтың шын қас-жауын айқын тануға шақырады. Ал «Жеңіс қаһармандары» тарауында Бауыржан Момышұлы бастаған қазақтардың ерліктеріне тоқталады.
Жазушы қайта құру жылдары неміс еліне шеккен сапары барысында көрген-білгенін, түйген ойларын «Соғыс салған жара» тарауына енген мақалалардың бірқатарына арқау еткен. Мұнда оқырман қазақ қана емес, түрік халықтарының мүддесін жыртқан, соғыстың алғашқы жылының соңына қарай жұмбақ жағдайда қаза тапқан әйгілі тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқай бейітінің табылу тарихымен танысады. Біздің елдегі жұрт арасына кең тараған мағлұмат бойынша Мұстафаны фашистерге қызмет етіп жүрген Уәли Каюмхан 1941 жылы улап өлтірді делінетін, соның шындығын білмекке, ізденімпаз қаламгер өзі іссапармен Германияға барған шақта аман-есен жүрген қарт зейнеткермен кездесіп, оған тікелей көкейіндегі сауалын қояды. Отыз алты жасында фашистік Германия қарулы күштерінің атышулы Түркістан легионын ұйымдастырушылардың бірі болған, содан бері сонда – Германия Федеративтік Республикасының Дюссельдорф қаласында тұрып жатқан сексеннің ортасындағы Уәли Каюмханмен Мәкеңнің әңгімесінде айтылған пікір оқырманды соғыс кезінің тағы бір құпиясына сілтейді.
Кеңес-герман соғысына қатысты танымды да қызықты деректер осы томның қорытындысы іспетті бесінші тарауында келтірілген. Солардың ішінен бұрын айтылмай келген мәліметті, әсіресе америкалықтардың Жеңіске қосқан елеулі үлесі жайлы оқисыз. Мұнда келтірілген деректердің көп оқырман үшін мүлде тосын болып көрінері рас, дегенмен қай-қайсысы да мақаланы оқыған соң жылдам иланады, өйткені кеңестік насихат қайта құру жылдарына дейін мұқият жасырып қойған шындықты жазушы сенімді дереккөздерге сүйеніп, қарапайым тілмен айқара ашып көрсетеді.
«Диалогтер дүбірі» деп аталған төртінші томда автордың тәуелсіздік жылдарында белгілі тұлғалармен сұбхаттасуы, баспасөз, телевизия салаларында түрлі қызметтер атқарған әр кездерінде өзінің де журналистерге қилы тақырыпта берген сұбхаттары бар. Сондай-ақ осында ол жайында жазылған мақалалар, оған арналған өлеңдер топталып берілген. Осыларда айтылған деректер, пікірлер мен ойлардың бейнелілігі, көрнекілігі тәнті етеді, бұлардан дербес даму жолымен жүріп келе жатқан еліміздің басқан қадамын, тыныс-тіршілігін айқын танып білуге болады.
Бұл томның алғашқы тарауы «Қаламның ұшында найзаның күші бар» деп аталып, Марат Байділдәұлының республикамыздың Германиядағы елшісі Нұрлан Онжановпен жүргізген, екі ел арасындағы өзекті мәселелерді қозғап, әлемдегі жетекші елдердің бірі санатындағы мемлекеттің озық тәжірибесін пайдалану, өзара ынтымақтастықты тереңдету хақындағы ұсыныстар дайындау және әрине, әдеби байланыстарды, неміс еліндегі қандастарға мәдени қолдау көрсетуді жетілдіру жолдарын арқау еткен сұхбатымен басталған. Одан ары автордың Қазақстан Республикасының вице-премьері Нағашыбай Шәйкеновпен құқықтық реформа қадамдары жайындағы танымды әңгімесі беріліпті. Ал Қазақстанды басқарудың президенттік формасын таңдау қажеттігін тұңғыш ұсынған және оны қарауды Жоғарғы Кеңестің күн тәртібінен алып тастау Мәскеу тарапынан талап етілгенде дәлелді қарсылық білдірген академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев сұхбат барысында Мәкеңе әлем таныған қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдерінен мазмұнды сыр шертіпті. Мараттың Мәскеуге барып, РСФСР Президенттігіне кандидат Аман Төлеевпен әңгімелесуі де сүйсінтеді, сұхбат өте тартымды, мазмұнды шыққан.
«Егеулі найза қолында» атты тарауда автордың республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Заң газеті», «Жетісу», «Дала мен Қала», «ADAM ATA-HAUA ANA», «Жас алаш» газеттері, «Qamshy.kz» сайты, «Адырна» ұлттық порталы, «Тілеуқор» журналы, басқа да басылымдардың тілшілеріне түрлі маңызды тақырыптарда берген сұхбаттары жинақталыпты. Бұларда автордың ұлттық мемлекет, ұлттық идеология, мемлекеттік тіл, тәуелсіздік күні, қоғамды түзету жолдары, имандылық сынды сан алуан күрделі сұрақ төңірегіндегі көзқарасы көрсетілген.
Ал «Көсемсөздің шебері», «Күресте қайтпаған, ғайбат сөз айтпаған» тарауларында Мәкеңнің қаламгерлігін, қайраткерлігін бейнелеген мақалалар мен әр кезде оған арнап шығарылған арнау өлеңдер орын алған.
Бестомдықтың «Отбасылық өрнек» деген бесінші томында автордың той мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктері, дін мен дәстүр, жоғары адамгершілік қасиеттер жайындағы ой-толғамдары мен пікірлері арнайы тақырыптарға жіктеліп, үйлесімді топтастырылған. Бұл томда ислам құндылықтары мен қазақы дәстүрлердің үндес тұстары қарастырылады.
«Дін – дәстүрдің таразысы десек, дін мен дәстүр халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті» дейді автор. Осындай ұстаным негізінде халықтың діни сауатын көтеруге көбірек көңіл бөлуді көздейтін нақты ұсыныстарын тұжырымдайды.
Аталған бесінші кітаптың соңғы жағына Мәкең америкалық аборигендердің даналықтарын, Цезарь мен Август дәуірінде өмір сүрген римдік мим, яғни қысқа сахналық көріністер ақыны Публий Сирдің қанатты сөздерін, ежелгі қытай фәлсафашысы, ілімі мемлекеттік идеологияның негізіне қойылған ұлы Конфуцийден бастап, бертінгі кеңестік Хрущевке дейінгі бірқатар ойшылдар мен мемлекет қайраткерлерінің қазіргі заманды тануға септесетін афоризмдерін іріктеп, қазақшаға тәржімелеп берген екен. Олар осы тілге тиек етулі бес кітап сызылған басты идеяның адамзат ақыл-ойынан алынған тіреуіші секілді әсер етеді.
Кітап «Найзасы болған Алаштың» деген тақырыппен автордың өмірі мен күрескерлік қызметінен елеулі мағлұмат беретін ақпараттық мақаламен түйінделген. Бұл жалпы осынау бестомдықтың түйіні іспеттес болып шыққан.
Күрескер-қаламгер Марат Байділдәұлының «Уақыт жебесі» атты бестомдық шығармалар жинағына шағын шолуымызды аяқтай келе, осынау мазмұнды жинақтың тәуелсіздік азаматтарының, ел қызметіне жегілуге жұлқынулы жастардың, жалпы барша көпшіліктің сенімді сырласы болуға сұранып тұрғанын атап айтқымыз келеді.
Орайы келіп қалғандықтан, күні бүгінге дейін дұрыс шешімін таппай келе жатқан таралым мәселесіне де тағы бір назар аударғанды жөн көреміз. Өйткені жақсы сөз игі іске қозғау салуы үшін, ол ел мүддесіне қызмет ететін жақсы сөз, айталық, әңгіме етіп отырған «Уақыт жебесі» оны тұтынуға тиіс әркімге, қоғамымыздың басты байлығы – әр адамға жетуі керек. Қазір бәрін ақшаға тіреген заманда оны мүмкін ету оңай шаруа емес екені белгілі, дегенмен қанша терістесек те, кеңестік дәуірдің жұрт ісіне пайдалы тәжірибелерін қазіргі заманға лайықтап жаңғыртуды ойластыру ләзім. Басқаны есепке алмағанда, әр ауылда пошта бары анық қой, демек, осы желіні ұтымды пайдалану тәсілдерін билік пен халықтың бірлесіп қарастырғаны жөн болар еді…
Жә, бұдан әрі ауа жайыла бермей, басты тақырыбымызға оралайық: ұлт мүддесіне адал шығармашыл тұлға ретінде Марат Байділдәұлы (Тоқашбаев) өзінің жетпіс бес жылдық мерейлі жасында елін сүйетін оқырманға жоғарыда өзіміз қысқаша таныстырып өткен танымдылығы ересен «Уақыт жебесі» жинағын ұсынып отыр. Біз жазушыны осы тамаша бестомдығымен шын жүректен құттықтаймыз да, оқушы жұртшылыққа бұл бес кітапқа түзілген маңызды мәселелерден рухани ләззат алып, отаншылдық, отансүйгіштік сезімін ұштай түсуді тілейміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ