Тоқ сан
(90 жас – екінің біріне бұйырмайтын мәртебе. Ақылдың кемелдігі, көңілдің тоқтығы, ұрпағыңның қамқорлығынан басқа ештеңеге мұқтаж емес тоқ жас, бұл – тоқ сан!)
«Арнасын таппай аққан су да құрдымға айналады, жүйесін тауып айтылмаған сөз де (әсіресе балаңа айтылған ақыл-кеңес те) желге айтқанмен тең, адамдар арасында еркін диалог болмаса қиын. Қазір екеуара бірін-бірі тыңдап алып, сіңімді, қонымды сөз айту дағдысы қалып барады. Кейінгілерге айтарым, үлкен-кіші арасындағы сөзбен түсінісуді өнерге айналдыруымыз керек. Үй болам деген жастарға жауапкершіліктің дәрежесін сіңіру мектебі қажет-ақ. Қазір бұрынғы заман емес, әкесін баласы бас шұлғып тыңдайтын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Бала көрген-білгенінен, оқыған, естігенінен ой түйіп, өзінше тәжірибе жинайды. Өз ортасына лайық өмір сүруді жөн көреді. Әкенің көрегендігі мен ананың байсалды кеңесі, өмірдің кездейсоқ бұралаңында таптырмас бағыт сілтеуші екенін де жадына түйіп өскен ұрпақтың санасы ешкімнен кем болмайды». Ақылгөй әке, қазіргі Құрманғазы ауданының, Атырау облысының құрметті азаматы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ғаділбек Мусин тоқсан жасына осындай ой түйінімен келіп отыр.
Мағыналық тұрғысы да, сандық кескіні тоқ емес деп айтуға келмейтін тоқсан деген жасқа жету екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермеген.
Менің арғы атам − Жұмәлі. Одан туған Мұса атам шамамен 1877 жылғы болса керек.
Мұса атамның екі ұлының біреуі менің әкем Шәмшиден екен. Шәмшиден он төрт жасқа толған жылы қатты сырқаттанып, өлім аузында жатады. Мұса атам – балажан кісі. Баласының ауырғанына қатты қайғырып, Құдайға жалбарыныпты. Әжемнің айтуынша, оқиға былай болған көрінеді.
…Жаз айларының бірінде, балалар киіз үйдің іргесінде масахана құрып ұйықтайды екен. Баласы Шәмшиденнің ауруы жанына қатты батқан Мұса атам кешқұрым үстіне әдеттегіден өзге түсті қара киім киіп алып, екі алақанын аспанға қарата жайып, Жаратушыдан «баламның орнына мені ала гөр!» деп тілек тілеп, баласының жанына барып жатты дейді.
Ертесіне, таң алдында әжем Қарағыз біреудің сарнап жатқан дауысын естиді. Оянып, қасына барса, Мұса атам денесі күйіп-жанып жатқан көрінеді. Бір керемет шөл бар деп, сусын сұрай беріпті. Баласының беті бері қарап, тәуір болады да, ал Мұса атам бір-екі күн аурып, көп жатпай, көз жұмған екен… Баласын, менің әкем Шәмшиденді өз өмірінен де артық көрген Мұса атамның ақ тілегіне құлақ асқан Жаратушы иеміз оның сүйікті ұлын қалдырып, өзін ұрпағының жолына садақа етіп, алған көрінеді. Атам сол кезде… Шәмшиденінің жолына құрбандыққа өзі сұранып пәни дүниеден озғанда, отыз жеті жаста екен. Бұл – көкейге түйе жүретін тәмсіл. Мусиндер әулетіндегі ұрпақтың тілеуін тілеген әке махаббатының тарихи дерегі!
Кішкентайымда мені отқа-суға түсірмей, бағып-қаққан әжем Қарағыз «Әу, әке, жай, жәй… әке, жәйлап жүр» деп, ілесіп жүретін көрінеді. Сол «әке, жәй» дегеннен мен үшінші сыныпқа дейін «Әкежай» атанып кеткен көрінемін. Бір күні анам үйдегілерге: «Ендігі жерде азан шақырып қойылған атымен атаңыздар» депті, мен өзімнің Ғаділбек деген атымды осылай, анамның өтінішімен біржола қайтарып алған екенмін. Содан бері Ғаділбекпін!
Естіген сөздің мәнін түсініп, мағынасын көкейіме тоқымай қоймайтын әдетімді әжем, кейінірек, мен ес білген кезімде айтып, күлкіге қарық болып отыратын. Ауыл балаларының сөздің мән-мағынасын тереңірек білетін себебі де ата-әжелерімен бір шаңырақ астында өскендіктен болса керек…
Сөз демекші, өзге балаларға қарағанда, сөзуарлығым болмаса да, әңгімеге құлақ түргенді ұнататын болсам керек.
«Әдетте, үйге кісі келгенде балалар жағы ойын қуып, біруақыт ата-аналарының назарынан босап, далаға қарай қашса, сен келген қонақпен қабаттаса үйге кіретін едің» дейтін. Сол жүрісімде бір қажеттілік болған ғой, шамасы. Бала болсам да, әңгіме тыңдау арқылы сөздің жүйесін, жүрекке жағымдысын өз дәрежемде түсінетін рухтың қалауы болар…
Өнерге құштарлығымды айтар болсам, 1949 жылы алтыншы класта оқып жүргенімде аудандық өнерпаздар байқауына қатысып, халық әні «Юран-айды» орындап, жүлделі екінші орынды алдым. Жүлде сыйлықсыз бола ма, сол көркемөнерпаздар жарысында арқаға асынатын портфель берді. Алғашқы – сайыс, алғашқы – жүлде. Сахна. Қошемет. Саған, сенің өнеріңе арналған алғашқы қол шапалақ! Жасөспірім кезіңде көрсетілген мұндай құрмет пен қолпаштау, өнер жолында қанаттандырып, жігер береді. Сонымен, көңілім өсіп, шарықтап, әнге құштарлығым одан сайын өсе түсті…
Ән айту өмірімнің серігіне, рухани азығыма айналды. Өмірімде ешқашан ән салуды қойған емеспін. Себебі… әннің, әуеннің, ырғақтың құдыреті, жас-кәріні өзіне табындыратын қандай сиқыры бар деген сауалға жауап ретінде аңыздан үзінді келтірейін.
«…Ұлық Алла Адам атаның топырағын 40 жыл илеп, әбден пісіреді. Иі қанып, саз балшық бабына келген соң, одан адам тәнін мүсіндеп тұрғызады. Енді оған жан салу керек. Жаббар Хақ бұл істі Жебірейіл періштеге тапсырады. Жебірейіл рухты жетектеп, балшық денеге жақындайды. Жансыз тұрған қорқынышты денені көргенде Рухтың зәресі ұшады. Балшықтың иісі аңқып, ішкі сарайы қап-қараңғы боп тұрған балшық тәннің ішіне кіру ол үшін тар қапасқа қамалғанмен бірдей боп көрінді. Ол Жебірейілге бой бермей, тәнге кірмей, табандап тұрып алады. Рух Тәңірдің ерекше сипаты һәм сыйы болғандықтан, Жебірейіл оны жұлқа тартып, денеге күштеп кіргізуге батпайды. Сосын, қасында самсап тұрған қисапсыз періштелерге қарап: «Бәрің ән салыңдар. Күй тартып, жыр төгіңдер!» – деп әмір етеді.
Сол кезде миллиардтаған періштелер миға сыймайтын үйлесіммен құйқылжытып сайрай жөнелді. Естіген жанды еріксіз елжіреткен таңғажайып ән мен саздың сиқырлы әуені, қасарып тұрған нұрлы Рухты балқытып жіберді. Сазға елтіген Рух мас болып, есінен танып қалды. Жебірейіл осы сәтте еппен қимылдап, адам рухына жайғастырыпты-мыс. Осылайша, адам ұрпағына ән, күй, жыр деген нығметтер мирас болған көрінеді…»
Жан жарым Сәлимамен алғаш танысқаннан кейін студенттік кеште ән салып, болашақ ғашық жарымның жан дүниесін біржола баурап алуға да ән құдіреті қолдауға келген еді…
Шортанбайдағы жылдарым — шыңдалу мектебі
Шортанбай селосы облыс орталығы Гурьев қаласынан үш жүз шақырым қашықтықта, ал Ресейдің Астрахань қаласынан алпыс-жетпіс шақырым шамасындағы жерде орналасқан. Алматыдан оқу бітіріп келген жас маман үшін алдына келген науқастың өмірін сақтау – үлкен жауапкершілік.
…Бір күні емханаға аяғы ауыр (баласы жатырдан тыс біткен), халі нашарлаған бір әйелді алып келді. Жатырдан қан кеткен. Дереу операция жасамаса, болмайды. Қыстың іші, ақтүтек боран. Қолымыздан келетін көмек шектеулі. Шағын емханада мүмкіндік шамалы. Содан Астрахань қаласының облыстық емханасына, бас дәрігеріне телефон соқтым. Жағдайды түсіндіріп, шұғыл түрде санавиация жіберу керегін айттым. Ол маған: «Сіздің емдеу мекемесі бізге (Ресейге) қарасты емес, өздеріңнің облыс орталығынан, Гурьевтен шақыр», – деп маңайына жолатқысы келмеді. Өйткені жағдайдың ауырлығынан (қансырап қалған адамның өмірі үлкен жауапкершілік талап етеді) өзіне жауапкершілік алғысы келмеді. Мен де алған бетімнен тайынбай: «Гурьев алыс, уақыт жоямыз, адамға көмек шұғыл керек, оның үстіне қақаған қыс, үскіріп тұрған ақтүтек боран. Егер науқасқа бірдеңе бола қалса, мен сізді сотқа берем, көмектен бас тартқаныңыз үшін» (ол кезде СССР еді ғой, Одақтас Республикалардың бір-біріне көмек көрсетуде жүктелген міндеттемелері бар)», – деп, мен де тұқырта сөйледім. Әлгі батырсынған бас дәрігер: «Жарайды, жарайды, айқайға баспаңыз, одан да самолет қондыратын жерді белгілеңдер», – деп райынан қайтты. Сөйтіп жүргенде, қыстың қысқа күні ұясына батып та кетті. Екі-үш жерге от жағып, көрінетіндей жарық белгілеп, ақ жаймалармен
Т әрпіне ұқсатып, қонуға болады деген белгі жасап, самолетті қондырып алдық-ау. Батыл сөйлеп, шұғыл кіріскен әрекеттің арқасында науқас әйелді ажалдан құтқарып қалдық.
Енді бір күні ауруханадағы телефон безілдеп қоя берсін… Тұтқаны көтердім. «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Қуаншәлиевамын» деп таныстырды қоңырау шалған адам өзін. Ол кезде аты дардай депутаттың ауылдық жерде де жүре беретінін кім біліпті. Зәрем ұшып, әлгі депутат айтқан Панфилов колхозына ат жегілген арбамен құстай ұшып келеміз. Жол-жөнекей қасымдағы көлік жүргізушіден сұрап қоямын: «Депутат қайдан қоңырау шалып отыр?» – деп. Ол ішегі қатып күлсін келіп: «Ол – колхоздың Бәтима деген балықшысы. Құрған ауына балық көп түсіп, 2-3 жылдың жоспарын бір жылда орындап, депутат болып шыға келді. Кәдімгі балықшы. Өзендегі балықты мал секілді бағып-өсірудің керек болмайтыны секілді, құрылған аудан қашу деген сияқты түйсік пен ми да жоқ балықта…», – дейді. Қарапайым ауылдың адамдары-ай! Сол жігіт менің сұрағыма осылай жауап қайтарып, өзі қарқылдап күліп, мәз болған. Шақырылған жерге келіп жеттік.
Науқастың өтіндегі тас қозғалып кетіп, қатты қиналып жатқан көрінеді. Дереу атрофин егіп, аурудың бетін қайтардық. Осы жедел жәрдем көрсетілген оқиға жайында бір журналист облыстық газетке менің «емшілік қасиетім» жайында «Түнгі қонақ» деген көш-құлаш мақала жазып, мені «тамыршы бала» деп, ел құлағын елең еткізгені сол жолы еді.
Айтушылар, жазушылар «Дәрігер – адам тәнінің емшісі» дегенді жиі айтады. Адам денінің саулығы деген ұғымда, білген кісіге ауқымды мағына жатыр. Тәні сау болмаса, жаны сау бола ма адамның? Ал халық өзі айтатын «жаны саудың – тәні сау» деген сөздің де жаны бар. Отбасының бабы болуы үшін, алдымен, отағасының да, ананың да денсаулығы болуы басты шарт. Аурухана аспазы Тойдық деген келіншек жылап отырып, жәрдем сұрады. Ер-азаматы ішкілікке салынып жүргенін, бұдан әрі асқынып кетсе, жап-жақсы қызметінен, денсаулығынан айырылып қалу қаупі бар екенін баяндады.
Жұмыстасымның жан күйзелісіне мен де қиналдым, өйткені менен жәрдем сұрап отыр. Ол уақытта «наркодиспансер» дегеніңіз, ауылды былай қойып, ауданда да жоқ. Бұл 1964–1965 жылдар болатын. Мен бар болғаны учаскелік аурухананы басқарамын. Содан…
Әлгі азаматты жеке сұхбатқа шақырып, түсінік жүргіздім. Емделуге деген ниетін білгеннен кейін оншақты күн емдеу курсын өткізуге батыл кірістім. Қаракөлеңке бөлмеден кабинет жасақтадым. Одан кейін теорияға сәйкес… әңгімелесу, өз келісімімен науқасқа дәрі егіп, артынан 100−150 грамм мөлшерінде арақ ішкізесің. Нәтижесі белгілі…
Сол жігіттің кейін айығып, арақтан жерігені соншалықты, ауылдағы жалғыз дүкен – «сельмагқа» кірсе болды, шишадағы арақтың суретіне көзі түссе, лоқситын болған (арақ пен темекі бір қатарда текшеленіп жиналатын дүкен сөрелері естеріңізде болар). Сондағы айтқаны: «Қа-ра-ғым, Ғаділбекжан-ау, мені қор қылдың ғой, дүкенге кіруден қалдым. «Темекі алып шықшы» деп кісі жұмсайтын халге жеттім ғой», – деп күлетін, шынын айтып. Бір азаматты арақтан, бір отбасын күйзеліс пен жоқшылықтан құтқаруға себім тиіп еді…
Шортанбайда жұмыс істеген жылдарымда екі балам дүниеге келді. Тынымсыз еңбекпен жүріп, өмірге ысылдық. Ыстық-суыққа да үйрендік. Екі судың қабатындағы ауыл-аймаққа кезек шапқылап, ұйқымыз қанбай, тыным көрмей жүріп, нағыз еңбектің дәмін білдік.
Қай саланың маманы болсаң да, білім жетілдіру заман талабы. 1966 жылы Алматыға келіп, клиникалық ординатураға түстім. Медицина саласындағы академик Саин Балмұхановтың жолдамасымен Мәскеу қаласына КСРО МҒА аспирантураға түстім. Отбасы жағдайын ойластыра келіп, ғылым жолын осы арадан доғаруға шешім қабылдадым.
Медицина саласындағы жауапкершілігім, білім, тәжірибем ескерусіз қалған жоқ. Қызмет барысында өсу, өрлеу кезеңдерін бастан кештім. Есік қаласы маңайындағы шипажайға басшы болуым, Үкімет аппаратындағы жылдар, Қазақстан Орталық партия комитетінде сектор меңгерушілігі, 1991 жылы жаңа, тәуелсіз ел − Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіндегі лауазымдар… 1996 жылы алпыс бір жасымда зейнет демалысына шықтым. Қазір «Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін» деген арнайы атақпен дербес зейнеткермін. Сәлима екеуміз екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан тараған немерелерім – мақтанышым әрі қызық-қуанышым.
Қалампыр Кенжеғалиқызы,
журналист
ПІКІРЛЕР1