ҚАН МАЙДАННАН ҚАЙТПАПТЫ…
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мені?
Мен – қазақтың баласы! –
дейтін Қасым Аманжоловтармен поэзия әлеміне қатар келген ақын Әли Есмәмбетовті жұртшылық аса біле қоймайтындай.
Әли Есмәмбетов туралы ақын Қалижан Бекқожин 1969 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Өз шағының жас жыршысы» аталатын мақаласында: «Отызыншы жылдардағы республикалық баспасөз бетінде Әли Есмәмбетовтің есімі жиірек кездесетін. Өлеңді еселей жазған Әли өз қатарынан бұрынырақ өлең кітабын шығарып, әдебиет айналасына келешектен жақсы үміт тудырған талант есебінде танылып қалған еді. Ал қырқыншы жылдардан кейін Әли Есмәмбетовтің есімі біздің поэзия әлемінен біржола жоғалғандай ұзақ уақыт тасада қалды. Бір кезде өлеңсүйгіш жұртшылыққа баспасөз бетінде есімі белгілі болған және кезінде ақындық өнерімен жас та болса өнегелі мінезімен ортамызда қадірлі бола бастаған бұл ақынның аты жиырма жылдан астам уақыт неге аталмады деген сауал туары әбден ықтимал» деп жазады.
Расында да өлең өлкесінде:
Көрінсе өлеңімнен біздің заман,
Жеңімпаз жаңа дүние жарқылдаған.
Құлпырған қырмызыдай
жастық шағым,
Құрметпен қол көтерсе сонда маған.
Сөзімді болашақ жас ұғып көрсе,
Тарихтан келешек күн орын берсе! –
деп жиырма жастан асар-аспас шағында-ақ ақ алмастай жарқырай көрінген дарынды жастың жұрт жадында қала қоймауының себебі не?
Бұл сұраққа жауап берместен бұрын тағы да бір сәт Қалижан ағаның әлгі мақаласына көз жүгіртейік: «Әли тегінде Қасым екеуміз секілді думаншыл емес те еді. Онысынан ұтымы да көп болды. Біз, Қасым, Әли, Әлжаппар, Әбу – бәріміз 1939 жылы Мәскеуде жас жазушылар мәслихатына қатыстық. Бұл сапарымызда біз атақты Алексей Толстоймен, Александр Фадеевпен, Николай Тихоновпен, Леонид Соболовпен, тағы да сондай белгілі жазушылармен кездесіп кеңес құрдық.
Сол кездесулерде есімі аталған жазушылармен бірге түскен суреттеріміз де бар. Еске түсіргім келіп отырғаны, бір күні біз Қасым екеуміз думаншылап жүргенде, Әлилер даңқты ұшқыш Чкаловпен кездесіп суретке түсіпті. Әли Чкаловтың қасында үлкен планда ойлы көзбен қарап қалыпты.
Мінезінде ұстамдылық және кісілік өнегесі басым Әли Есмәмбетов талантын өсіре отыра, ерте қаза таппағанда қазір әдебиетіміздің көрнекті қайраткері болар еді деген пікірдемін мен! Әлидің алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы шықты. Сол тұстардағы жалпы жинақтарда да Әли шығармалары недәуір көбірек жарияланған еді. Майданға аттанар алдында Әли көркем әдебиет баспасына жаңа өлеңдер жинағын тапсырып кеткен болатын. Сол жинақ ұшты-күйлі жоғалды да, жарық көрмеді…»
Міне, осы жолдардан кейін Әли ақын өмірінің үзік-үзік деректері көз алдымызға келе бастайтын сияқты. Иә, осынау дарынды жас соғысқа аттанар алдында қолды болып, ізім-қайым жоғалған қолжазбаларының тағдырын өзі де қайталап, майдан даласында мерт болып, бірте-бірте жырсүйер қауымның назарынан тыс қала бастайды.
Біздің айтпағымыз ол да емес, бұл жолғы әңгімеміз сұм соғыс құрбаны болған боздақ ақынның бір жылдай уақыт ішінде далалық пошта арқылы туған-туыстарына жолдаған кейбір хаттары төңірегінде өрбімекші.
Мәселен, мынау Әли Есмәмбетовтің өзінің туған ағасы Серғали Толыбековке жазған хаты: «Сүйікті Серғали! Қалдерің қалай? Ағам, жеңешем қалай? Сердалының үй-іші аман ба? Раушанның дені сау ма? Сендерден хат келгенде сондай қуанып қаламын. Өзіме келсек, денім сау. Жүктелген тиісті қызметімді атқарып жүріп жатырмын. Бізде жалғыз ғана мақсат бар, ол – герман фашизмін құрту, совет жерін жаудан тазарту. Кешегі бір қанды шайқаста менің жан жолдастарымның бірі оққа ұшты. Ол бірқатар уақыт есінен танбады. Бізбен қоштасты. Өмірінің ақырғы минутында бізді бұдан да қажырлы болуға, Гитлердің сұмырайларын біржола құртуға шақырды. Міне, осы сияқты ерлердің қаны, өртенген үйлер, бұзылған қалалар, кемпір-шал, жас балалардың неміс сұмырайларынан көрген қорлығы бізді әлі де зор жорықтарға, ақырғы күреске шақырады. Жау жеңіледі. Оған сөз жоқ. Көп жазуға уақыт тар. Осы хатты алған соң барлықтарың да хат жазыңдар. Хош-сау болыңдар. Ағам мен жеңешеме көп сәлем. Әли. Наурыздың 3-і, 1942 жыл».
Енді соғысқа аттанар алдында қосылған өзінің жан-жары Сақыпжамалға жазған бір-екі хатына тоқталайық: «Сақыш! Сен майдандағы кісінің жағдайын түсінуің керек. Мен Шымкентте немесе Көкшетауда командировкада жүрген жоқпын ғой. Оқ ішінде герман фашизмімен күресте жүрмін. Сондықтан сен маған көмектесуің керек. Ол көмек сенің амандық білдірген хатың! Жиі хат жаз. Келесі хатпен суретіңді жібер. Туған-туыстарға сәлем айт. Денім сау. Украинаның кең даласында жүріп жатырмын. Күн жылынды. Жаз келеді. Қандай жақсы! Хош. Әлиің, наурыздың 3-і, 1942 жыл».
Тағы бір хат: «Сүйікті Сақыш! Сенен осы ұзақ уақыт ішінде бір-ақ рет открытка алдым. Неге жиі хат жазбайсың?! Мен не ұл, не қыз күтіп едім ғой. Неге үндемейсіңдер?! Дереу хабарлаңдар! Білгім келеді. Денім сау. Майдандамын. Серғалидан екі хат алып жақсы болып қалдым. Әбділда, Шахметтер неген хат жазбайды? Апам, Сара, Раушан, Жүсіп, Зейнептердің дендері сау ма? Жағдайларың қалай? Толық етіп хат жаз. Бөтен сөз жоқ. Хош. Әли, 1942 жыл, сәуірдің 7-сі».
Тағы бір хатты оқиық. «Әй, Сақышжан! Келесі хатыңда жазшы. Мен саған күзде екі-үш рет ақша жіберген едім. Алдың ба? Егер ақша дұрыс барып тұратын болса, тез арада ақша жіберемін. Қош! Менің өзіңді қалай сүйетінім өзіңе мәлім ғой. Жаным, ерке Сақышым! Қош! Әй, әлгі кішкентай баланың атын кім қойдыңдар? Тез хабарлаңдар. Әли. Сәуірдің 13-і, 1942 жыл».
Бұл жерде ұғындыра кететін бір жайт, Әли соғыста офицер. Айрықша бөлімдердің бірін басқарған. Ал оның жары Сақыпжамал – белгілі драматург-жазушы Шахмет Құсайыновтың туған қарындасы. Әбділда Тәжібаевқа балдыз. Сол үйдегі Сара апайымыздың сіңлісі. Хатта сөз болған Раушан – Әлидің қарындасы, ал Жүсіп Алтайбаев – күйеу баласы. Раушанның жолдасы. Ағасы Серғали Толыбеков болса – кезіндегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры, ғалым.
Көріп отырғанымыздай, Әли жазған екі-үш хатының ішінде қазаққа белгілі қаншама адамның аты аталады. Міне, әлгі тұста осынау бір-бірімен жегжат-жұрат бір қауым жанның ниеті Әли майданға аттанғанда іштегі сәбиімен қалған Сақыпжамалдың хал үстінде екені түсінікті. Бірақ амал не, Сақыпжамал туыт үстінде қайтыс болады. Нәрестесі де шетінеп кетеді. Сезімтал ақын жүрегі аттай тулап, «Айналайындар-ау, неге тезірек хабарласпайсыңдар?! Дүниеге менің сәбиім келу керек еді ғой. Неге бір дерегін бермейсіңдер?» деп шырылдап хат жазатыны осы тұстар екен. Бұлар іштері қаншалықты қан жылағанымен, істің артын бағып, әлгі суық хабарды Әлиге айта алмаған. Көп ұзамай Әлидің өзінің де ажал құшқаны мәлім болады…
Әли Есмәмбетұлының оншақты хаты Раушан Толыбекова – Алтайбаеваның архивінде сақталған. Рекең кейін майдан даласынан оралмаған ағасының газет-журналдарда жарияланған, үйде қалған, жора-жолдастардың қолында жүрген өлеңдерін жинастырып «Жазушы» баспасына тапсырады. Ол 1969 жылы «Жырлап өткем өмірді» деген атпен жарық көреді. Сондай-ақ жеңістің қырық жылдығы қарсаңында ақын туып-өскен Қызылорда облысы Байқожа стансысының басшыларына хат жазып, сол өңірдегі «Кеңтүбек» аталатын елді мекендегі «Қазалы» ақ қой совхозының бір көшесін танымал ақын жерлестерінің атымен атау туралы өтініш білдіреді. Ондағылар аталған ұсынысты ықыластана қабылдайды.
Қазір онда Әли Есмәмбетов атындағы көше бар. Бұған қоса, ақынның аяулы қарындасы соғыс аяқталғаннан кейін екі-үш жыл өткенде дүниеге келген өзінің бір перзентіне Әли ағасының қолынан туған «Шолпан» поэмасының атын қояды.
Ал ол қыз кейінірек бірнеше кинофильмге түсіп, ел ішінде едәуір танымал адамға айналады. Көпшілік қауым Шолпан Алтайбаеваны, әсіресе кезінде кең тараған «Тақиялы періште» туындысындағы Айшаның рөлін шығарған әртіс ретінде жақсы таниды. Бірақ оның атының ерте көз жұмған қазақтың дарынды ақын ұлдарының бірі Әли Есмәмбетовтің құрметіне қойылғанын біле қоймайды-ау…
Құлтөлеу МҰҚАШ