ҚАЛАМҰШ БОП ЖАНҒАНМЫН ШАМ СӨНГЕНДЕ…

Бақыт БЕДЕЛХАН
Сөз-Дәриғасы
Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!
Абай
Жеті қат көктен жеті саз болып егілген,
Ай менен Күннің нұрымен, сосын,
өрілген.
Жұмыр жерімді жүректей қайта
соқтырып,
Тәңірдің тілін тәпсірлеп беріп, төгілген,
Уа, ар ма,
Сөз-Дәриғасы!
Саз бенен сөздің
нақышы менен нәрі жоқ.
Өзекте өксік,
сөйлейін десем, жаным от!
Қасиетім кеміп, қадірім қашқан заманда
Қамығып жүрмін,
Тарығып жүрмін, Тағы боп!..
Құйындай соғып, құрдымға тартып
барады,
Құлан-күндерім
құйрығы менен жалы жоқ.
Айтарға, жанның зары көп…
Сен, тыңдашы,
Сөз-Дәриғасы!
Таскерең болдым.
Төбемде ойнап тасыр үн.
Тамұқтық әнді даңғаза қылды ғасырым!..
Құдайсыз қалған, құнарсыз қалған
тіліммен
Сүйрелеп келем,
Көзқаман, мәңгүрт, масылын.
Ауру-сырқау, сырқат-заманмен дерттімін,
Айыра алмас асылы мен жасығын!
Сен, дауа болшы,
Сөз-Дәриғасы!
Жаратқан берген
жауһарларымды жоғалтып,
Жоқтың орнына,
батпан да батпан сор артып.
Жолдарда жаттым!..
Өрмекшідей тор тышып,
Торыма түскен
Жемтік-асымнан боқ аршып!..
Боқтан өзгені тата алмай жүрген
таңдай бар,
Қолайсыз жерге қол артып.
Сен, бал берші, соған
Сөз-Дәриғасы!
Жетесіз болып,
Жесір-ғасырым тапқан ұл,
Байлықтан жеріп,
Атақ пен мәнсап-тақта жүр.
Содан да шығар,
Жақынның бәрі – жандайшап,
Туғанның өзі –
өзіне-өзі жатбауыр…
Кедейлік көрген, өгейлік көрген көңілді,
Көтеріп көкке, қолдаса болды
Һақ-Тәңір!
Сен, дем берші, дем бер,
Сөз-Дәриғасы!
Құным да кетті,
Алынбай қалған ақым мен…
Қызым да кетті,
Жан беріп, жаман жат ұлмен.
Ұлым да кетті,
Өз ұясынан жерініп,
Жатырынан анау, сұр жылан
үріккен қатынмен!..
Қасиет пен кие, ием де шошып,
рух қашты,
Аһ, ұрған мынау, алқынбай шықсын
ақыр дем!
Сен, қайтаршы, соны
Сөз-Дәриғасы!
Сөз-Дәриғасы – өз Дәриғасы ұлтымның!
Қан-жынға қонған
қанатын қақтыр, рухымның!
Абайдан қалған алтын қазығым болмаса,
Күннен адасқан жолын кім табар
жұртымның?!
Сөз-Дәриғасы-ау, өзіңнен пәрмен
болар деп,
Булығып жатып бұлқындым.
Тұншығып тұрып, ұмтылдым.
Өзімнен бұрын, сөзімді түзе, аянба,
Бұрауын тауып, бұл тілдің!..
Сөз-Дәриғасы-ау,
Өз-Дәриғасы-ау,
Ұлтымның!!!
Төрт қыбыла
Махамбеттің Қараойы бар.
…Сол жерде басы кетті!
Ал, анау,
Қарауылдың Абайы бар.
Көп көрген қасіретті.
Мұқағали музаға мұң шақса да,
Қарасазын бауырына басып өтті.
Жан дүниемде ойнатқан жасын-отты,
Үш топырақ – мен үшін қасиетті!
Үш топырақ – үш бақтың ұшар басы.
Ұлтым менен рухымның үш арнасы!
Қараойым-ау,
Қарауыл,
Қарасазым,
Мені де бір
жаныңа тұсаулашы!
Тұсаулашы!
…Ол да бір,
жан емі ғой.
Бәрі де
асаулықтың әлегі ғой.
Айтпақшы,
болды!
Болды,
тұсамаңдар!
…Менің де Қарадалам бар еді ғой..!
* * *
Сен тыңда!
…Ақыл емес, ақ жүректі.
Ақ жүрек, нұрландырар арлы бетті.
Шырылдат,
бозторғайын боз далада,
Жымыңдат,
жұлдызды аспан мәңгі көкті!
Тыңдағын,
Байқұс не деп, сыр айтады?
Біреулер қарамасын сынай тағы…
Қамығып қайта-қайта зар кешпесін,
Сен түгіл,
ол мені де мұңайтады.
Мұңданған жүрек тыныш жата ала ма?
Ұшпаққа сені ұшырып апара ма?
Менің де кіп-кішкентай шуағым бар,
Қамалған құсаға да, қапаға да…
Сен тыңда,
Ақ жүректі ақылшыңды.
Кейде ол, лаулап жанған лапыл сынды.
Сол ғана,
сол ғана айтар өртеп алып,
Жаныңа жалау болар жақын сырды!
* * *
Түсінсін деп, жүргем жоқ біреу мені.
Дұрыс болса, болғаны тілеулері.
Менің-дағы жанымды жазалайды,
Әлдекімнің түңіліп, түнергені.
Қолдау күтіп қайтейін, құр мақтаудан.
Бармын, жоқпын…
Тамшыдай құрғақ тамған,
Тағдырыма қараймын, тармақталған,
Тарихыма қараймын, сырмақ салған.
Жүрегіме көшіріп мың өрнегін,
Шіренгенім бар еді.
Шідерледің!
Өмір, сенің сонда да мықшиып ап,
Дүниеңді шашылған түгендедім.
Керек емес, қолдау да, қолқанат та,
Пешенемнен көрейін, сор ма, бақ па?
Жабыққанда, жасымды сорғалатпа,
Қамыққанда, басымды қорғалатпа!
Мұң жайлату
(Сәдіқожа Мошанұлының рухына)
Уа, Кетпен тау, Кетпен тау!
Кер заманда кер үлектей шөккен тау…
Әнім – зарға, жырым – мұңға айналып,
Ел ауғанда,
жоққа сабыр еткен тау!
Қара нардай әкені,
Аңыраған аруанадай ананы,
Ботадайын боздап босқан баланы,
Қаңыраған қайран Қарадаланы
Жұбата алмай, өксуменен өткен тау!
Сенің анау, мұнар шалған басыңда
Менің шыр-р еткенде,
тұрып қалған дауысым ба?!
Сағынғанда «Сары бидайға» ұқсайды,
…Сол дауысым расында;
Жаннан безіп, жар сүйетін жасымда,
Сырымды айтып ғасырлардан ғасырға.
Бетегесіз бел үшін,
Белден кеткен ел үшін
Бекзададай ән боп жетті, асылға!
…Арманым ғой, аспандағы самғаған,
Зарлы әнім ғой, сағынғанда сарнаған.
«Сары бидайым» болдың уайым,
…Неліктен?
Қандай заман, сор қайнаған,
сол заман?!
Сол заманда солқылдатқан жүрегін
Мен де мынау Аспантаудың ұлы едім.
Хан-Тәңірге сүйеп қойып арқасын,
Ағысына аяқ тосқан Іленің…
Құлан аян Құлмамбеттің жыры едім.
Албан Асанның мұңы едім.
Бөлтірік, Көдек, Шарғындай
Еңкейгенге иіліп,
Шіренгенге – шірендім.
Қапезбен бірге ән салсам,
Қайғырып жүріп түледім.
Өйткені мен, айға ұлыған арланның
Сіңіріндей сірі едім.
Аспантаудың әнге айналған жүрегін,
Естимін деп, бал-бұлақтай тілегін,
Қайта оянған өр рухымды ардақтап,
Қарадалам көтеріп тұр білегін!..
Уа, Кетпен тау, Кетпен тау!
Кер заманда кер үлектей шөккен тау…
Өк! – дегізбей орныңнан тұр, енді,
Бізге мойын бұр, енді,
Моншақ-мұңын етегіне төккен тау!
Байсал тартып, байызда.
Кетсең шалқып, қайырла!
Қырық қайғы, тоқсан мұңым бар еді,
Қырың менен сайыңда.
Сілеміңнен сілкіп тастап барлығын
Күш-қуат бер, қарағай мен қайыңға.
Сағынғанды саяқ тастап, сарнатпай,
Жырын жырлат, жұмақ мекен жайында.
Сүйем жерін сүйіп өскен жерінің,
Сүйеу болғын, бес қаруы сай ұлға!
Бағзы заман қайта айналып келсе де,
…Солығынан соры қайнап өлсе де.
Туған ұлды туған жерден айырма!
Туған қызды туған елден айырма!
Диагноз
Жан-жағым – жалған намыс!
Лап етіп,
тез жанғандай қаудан қамыс.
Бітпейтін,
бітіспейтін бықсығы көп,
Содан ба?
Тән дірдектеп,
жан жаурағыш!
…Жүрекке суық тиген!
Жүйке де оңбай жүр-ау, суып-күйген.
Кім екен,
бытырлатып ағаш жығып,
Кім екен, шырт еткенше, шыбықты иген?!
Айтылмай мұңы көптен,
сыры көптен…
Суымаған,
Жүрекке суық өткен!
Сырылдатпай кеудені,
Қыжылдатпай…
Жақсы екен ғой,
Өмірді сүріп өткен!
* * *
Жаратылыс, сөз бен саздан басталған.
Басталған да, тіршілікке тасталған.
Топырақтан жаралғаным рас болса,
Не іздеп жүрмін,
Не іздеп жүрмін, Аспаннан?!
Аспан! – дедім, аса алмайтын асуды.
Жер – деп айттым, топырақты шашулы…
Тіршілікте бірікпейтін от пен су,
Бүлк-бүлк етіп,
Тамырымда қосылды!..
Жұта-тұғын жұпарымды ауа еттің.
Дертті жанға мөлдір мұңды дауа еттің.
Ау, Көк Тәңір, құдіретіңе осынша,
Домбыра мен қобызды ұстап, тәу еттім!
Ұмай ана көкірегін иіткен,
Текті ұрпақпын!
Тек сөйлеген биіктен.
Қып-қызыл қан сүт боп маған нәр берді,
Ал аппақ жан қараймасын, күйіктен!
Ең алғашқы сәбиге де жөргекпін.
Ең алғашқы бесікті де тербеттім.
Сол әнім мен
сол жырымды тоқтатпа!
Уа, Иесі-ау, Жер-Көктің!
Мен – түркімін!
…Түбірмін де түйінмін!
Тамыры жоқ, Тәңірсізге құйынмын!
Жүрек дейтін, жұмақтағы сөзіңмін,
Жәннат дейтін, жан толқытқан
күйіңмін!
Тағдыр берген,
Ән-жыр берген рухыма,
Ұйып тыңдар ұлтым менен жұртыма,
Құрметім сол;
Тылсымменен тілдесіп,
Тәңіріме сыйындым,
Тамырыма иілдім!
Қаншеңгел
Бар әлем қанатымда,
Қара өлең – қаншеңгелім.
Хан емес, «дара тұлға»
Халқым ғой, бар сенгенім!
Мен көргенмін, атамның қамшы өргенін.
Қамшы өрімде қам көңіл тамшы
өлгенін….
Тарамыс боп қалғанмын, тамшы өлгенде,
Қаламұш боп жанғанмын, шам сөнгенде.
Ар- намыс боп қалғанмын қайғырмай-ақ,
Басу айтып отырар зар-шерлерге!..
Мен сөйтсем,
баяғыда-ақ өліп қаппын,
Тырысқым келгенменен, қанша өлмеуге.
Дүнием – кең,
тағдырым – тар шеңберде.
Тамшы жасқа тұншықтым,
шам сөнгенде…
От пен суға зар болған
тән-тарамыс,
Жапан түзде қалғандай,
Жан шөлдеуде!
Жалғыз жортып,
Жабығып келгеніңде
Жан сырыңды айтқанмен,
жар сенген бе?!
Жер мен көкке жетпеген жетім сөзді,
Ел мен бекке өтпеген жетім сөзді
Тағы да қамап алып, тар шеңберге,
Көңілдің көз жасына қалмаңдаршы,
Мен ештеңе айтпаймын, ал сендерге…