ЖАРАМАЗАН БА, ЖАРАПАЗАН БА?
19.03.2025
186
0

Бүкіл мұсылман жұрты үшін ең ұлық ай болып есептелетін рамазанның басталғанына да бірнеше күн өт­ті. Рамазан – ораза айы. Ал оразаның не екені, оның қайдан пайда болып, нендей себепке байланысты шыққаны мұсылмандыққа бет бұрған кез келген адамға белгілі. Оған қоса, тек бұл айда ғана орындалатын діни рәсімдердің барлығы да сол мұсылман жамағатына жақсы таныс. Сондықтан оларды рет-ретімен атап отыру да орынсыз. Десек те, мен бүгін осы ораза кезінде орындалатын көп ғұрыптардың бірінің шығу тегі мен оның дұрыс аталуы туралы ой қозғасам деймін. Ол ойым жарамазан сөзінің төңірегінде өрбімек.

Бәрімізге белгілі, жарамазан айту – тек ораза айында орындалатын үрдістердің бірі. Осы жарамазанды біреулер «жарапазан» деп айтып та, жазып та жүр. Тіпті бір кез­дері «Арқас» ансамблінің әншісі Б.Құсайынов шырқайтын осы ат­тас ән де бар еді. Осылай айт­қыштар мен жазғыштарға «жарапазан» деген сөздің қайдан шыққанын, оның не мағына беретінін түсіндіріп берші десек, толыққанды жауап таба алмайтынына мен кепіл. Өйткені «жарапазан» деген мағынасыз атау – исламдық ғұрыптар мен ұстанымдардың барлығын аяқасты еткен кешегі кеңес идео­логиясы тұсында пайда болған. Анығын айт­қанда, әу бастағы аталуы кемсітіліп, айтылуы өзгеріске ұшыраған сөз. Сол кез­дегі атеистер кеңестік әдебиет­терде жарамазанды жұртқа жағымсыз әрі түк мағынасыз тұрғыда көрсетпек ниетпен оны ораза уақытында кедейлер кеш түсе байлардың үйлеріне барып, ән-жырмен қайыр сұрайтын дағдының бір түрі болған деп көрсеткені аздай, оның атын да өзгертіп жіберген.
Ілкідегі ата-бабаларымыз ап-анық әрі түсінікті тілмен жарамазан деп атаған осы бір ораза кезінде айтылатын әуеннің аты неліктен «жарапазанға» ауысып кеткенін көп жылдар бойы зерт­тедім. Мәселен, «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сияқты ескілікті, яғни ұлы қазан төңкерісінен бұрын шығып тұрған газет­терде бұл әннің атын «жарамазан» деп жазған. Ал «жарапазан» деген бұрма атауды алғаш рет «Советская степь» газетінің 1928 жылы шыққан 136-нөмірінен кез­дестірдім. 1932–1933 жылдары дін тақырыбын оқтын-оқтын көтеріп, молда-ишандарды есекке теріс мінгізген «Социалды Қазақ­стан» газеті де солай жазады. Содан ке­йінгі мен ақтарған кеңестік басылымдардың барлығы да «Советская степь» салып берген жаңа әрі тұрпайы атауды қайталайды. Демек, жарамазанның ортасындағы «м» әрпін «п»-ға ауыстырып, «жарапазан» деген кемсітпе атау­ды кеңес идеологтері қалыптастырған.
Негізінде жарамазанның бастап­қы түбір атауы – «жә-ә рамазан». «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген сөз шығады. Сонда «жә-ә рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» – «рамазан келді», «рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Осыған қарасақ, бұл сөздің пайда болуы рамазан айына байланысты болып тұр. Ал оның шығу тегіне келсек, ертеде кедей арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып, «Тұрыңдар. Сәресі ішетін ұлы айдың тағы бір таңы ат­ты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар «жә-ә рамазан» деп атаған. Сол «жә-ә рамазан» (жарамазан) ешбір діндік парыз-сүннет­тердің қатарына жатқызылмаса да, исламмен еріп, қазақ даласына келген.
Бір ғажабы, ислам Орталық Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда, онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Тек арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Бірақ қайыр сұрау түрінде емес. Жарамазан айту ежелгі қазақтардың ақынжандылық қасиетіне дөп келген. Қазақтар оны шырқау барысында ақ пейілді көңілмен сәлемдесудің, таза ниетпен тілек арнаудың жарқын үлгілерін өлеңмен құрап, сондай-ақ дінге, исламға қатысты да небір өнегелі сөз шумақтарын жинақтап әуезді әуенге салған. Сөйтіп, дос-жарандардың, түтіні бөлек ағайын-туыстардың, тіпті бейтаныс қазақтардың үйлеріне түнде барып айт­қан. Оның неше түрлі мақамы бар, бірақ өлең жолдарында біреуден қайыр сұрайтындай сөздер болмайды.
Ертедегі ата-бабаларымыз арнайы бір халықтық мерекелер мен жөн-жоралғыларға, өмірлік құбылыстарға байланысты да ән-жырлар шығарып отырғаны белгілі. Мұндай ән-жырлардың басқалардан ерекшелігі – кез келген той-жиындарда айтылмайды немесе жапанда жалғыз жүріп қой баққан малшы көңіл көтеру үшін шырқайтын әуендердің қатарына жатпайды. Өйткені олар – жаңа айт­қанымыздай, сөзі мен әуені бір-біріне өте сәйкес келетін, әлдебір мейрамға болмаса белгілі бір ғұрыптарға ғана арналып шығарылған ән-жырлар. Бұлардың қатарына жігіт пен қыз отау құрғанда шырқалатын – жар-жар, туысы өлгенде көбіне әйелдер салатын – жоқтау, ұзатылып бара жатқанда қыз арман-тілегін мұңды әуенмен білдіріп, туған-туыстарымен қоштасатын – сыңсу және т.б. тәріздес ән-жырлар жатады. Исламмен бірге ілесіп келген жарамазан да бұлардың қатарын толықтырған. Жырға құмар, әуен-сазға жаны құштар халқымыздың жарамазанды басқалардан ерек қастерлеп, оған арнайы әуен шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғанының сыры осында болса керек. Өкінішке қарай, осындай мағынасы бар жарамазанды кешегі кеңестік атеистер тәрізді «жарапазан» деген тексіз сөзге айналдырып айту болмаса жазу тыйылмай тұр. Ешкім рамазан айын «рапазан айы» демейді ғой. Ендеше, жарамазанды жарапазан деп жазу және айту – аса сауатсыздық пен парықсыздықтың һәм тұрпайылықтың белгісі деп білемін…

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір