ЛАШЫН
(Әңгіме)
Төлеубек ЖАҚЫПБАЙҰЛЫ
Жазушы атану бар, жазушы болып қалу бар. Екіншісіне қарағанда, біріншісі оңайырақ, әрине. Өмірден ерте озған Төлеубек Жақыпбайұлы тірісінде жазушы атанған, көзі кетсе де жазушы болып қалуға лайық қаламгер. Табиғат тынысын жақсы сезінетін жазушы саятшылықты, қыранның жаратылысын өте жақсы білді. Оқуға кеш барған (12 жасында) Төлеубек мектеп табалдырығын аттағанша тауда өсті. Бәлкім, тау мен құстың табиғатын көркемдікпен қағазға кестелеуінің бір сыры осында болса керек.
Қоңыр күз болып қалған. Жаздағы жасыл шөптің түсі сарғайып, табиғаттың көрінісі өзгерген кез.
Әкем екеуіміз атқа мініп, Шалғай деген өзенді өрлеп келеміз. Қасымызда Маңқасқа деген ізшіл төбетіміз бар. Әкемнің мойнында қосауыз мылтық. Үйрек атпақпыз. Көк ала үйрек күздің күні қандай семіз!
Маңқасқаны мен жетелеп алғам. Әйтпесе ол өзен бойын аласұра шарлап, жабайы қабандардың үстінен шықса, арсылдап, үйректің бәрін үркітеді. Ал оны ертіп жүргеніміз, атып жіберген үйрек қандай қалыңға, тіпті суға түссін, тістеп алып келеді.
Біз үйрек болады-ау деген иірімдерді, мойынымызды соза байқап, тоқтап-тоқтап келеміз. Күздің қоңыр желі құрақтарды ақырын ғана тербеп қояды. Мұрныңа піскен жалбыздың тұщы иісі келеді. Аспан күлімсіреп тұр. Қамыстың ақ мамық үкілері өзен үстінде ұшып жүр. Қалың бүркеу талдың түбіне келгенде әкем сыбырлай сөйледі.
– Алдымызда үлкен иірім бар. Қазір таңертеңгі сәскелік қой. Үйректер қаннен-қаперсіз жүзіп жүрген шығар. Мен түсіп ақырын бақылайын, – деп боз аттың шылбырын маған ұстатты. – Байқа, мылтық атылғанда үркіп, жұлып кетпесін.
Әкем мылтығын ұстап жүре беріп еді, аспаннан зу-зу, гу-гу еткен дыбыс шықты. Жүрегім дір етіп қарай қалдым. Екі көк ала үйрек біздің алдымыздағы иірімге қойып кетуге асығып келеді екен. Аспанның төрінен бірдеңе ағып келеді. Көзді ашып-жұмғандай да уақыт болған жоқ, иірімге небәрі арқан бойы қалғанда үлкен көк ала үйректің жотасынан соғып жіберіп, тасқа тиген оқша зулап аспанға шықты. Үйрек тап сойылмен түсіргендей жалбырап кеп қалың қамыстың қасындағы алаңқайға топ ете түсті. Біз бұл шамада бүркеу талдың ішіне тығылып та үлгергенбіз.
Пышақ қанат – кішкентай көк құс, түк болмағандай, өзі түкті істемегендей жайымен қалқып келді де, жалбырап жатқан үйректің кеудесіне қонды. Менің көзіме оның тұлғасы момақан балаға ұқсап кетті. Жаңағы тентек бұл емес сияқты. Қарашы, мүлде титімдей ғой.
Ол жан-жағына сақ қарап аз отырды да, үйректі жұла бастады. Әкем: «қозғалма да, үндеме» дегендей ым қақты. Екі көзім көк құста болып, мен оның қасымнан қайда кетіп қалғанын да білмей қалдым. Әкем лезде екі ұзын шыбық кесіп әкелді де, қанжығасын суырып жалғай бастады. Бұдан кейін аттың құйрығынан қыл жұлып ап, тұзақ қып есті де, мөлшері алты метрдей шыбықтың басына байлады. «Түсінікті» дедім ішімнен.
Әбден аң алып әккі болған Маңқасқа бейшараға қарасам, үн шығарсам атып жіберерсің дегендей, әкеме жаутаң-жаутаң қарай береді. Мен оған қозғалма дегендей басымды шайқадым. Ол ақырын күрсініп қойды. Бейшараның бізге тілектестігі беп-белгілі.
Пәле шықса, аттардан шығады. Пысқырып жіберуі ақымақтанып тебісіп қалулары мүмкін ғой. Онда анау тұқыжаңдай жұлып жатқан кезеп құс зу етіп аспанға бір-ақ шықпай ма? Онда әкемнің бурыл шашы ду етіп ағарып кетер ме еді, қайтер еді. Өйткені, оның қазіргі өңіне қарауға ешкім де батпастай. Бейне біреуге ту сырттан қапыда пышақ салуға әзірленген адамға ұқсайды.
Тырс еткен дыбыс болмасын дегендей, ақырғы рет ызғарлана қарап өтті де, жалаңаяқтанып алған біздің «командир» судың ішімен өрлей жөнелді.
Көкірегімді, жол бере гөр деп дірілдеген тілекпен бірге, «әй» қандай Алдаркөсе болсаңыз да маңайына жолата қоймас-ау» деген күдік те қабат арпалысулы.
Сірә, тұмсығы жып-жылы, дәмді төс етке тиді білем, көк құс әлгіндегіден де өлермендене жұлды. «Шіркіннің кірпияз тазасы-ай. Басқа құстардай жүн-пүнімен араластыра қылғымай, әбден пәкізелеп алып жегенін қарашы» деп ойлап тұрмын.
Әне, әкем көк құсқа небәрі бес метрдей жердегі жардың астына жетті. Ақырын мойнын созып қарады. «Ойпыр-ай» немен тынар екен!» Жүрегім лүпілдеп барады. Көзіме шыбық екеу болып кеткен сияқтанды. Әкемнің қолы дір-дір етіп тұрғандай көрінді. Қолы емес, жүрегі ғой дір қалтыраған. Әне, дөңгелек, ақ тұзақ дір-дір етіп көк құстың төбесінде тұр. Басын көтеріп қалды.
– Оһ, бітті!.. Далбыр-дұлбыр болды да қалды. Әкем жардың астынан қарғып шықты.
– А, құдай, а құдай, – деді жүрегі жарылып кете жаздап. Арс-ұрс етіп Маңқасқа да ата жөнелді.
Мен келгенде, әкемнің қолында екі көзі қарақаттай мөлдіреген, үлкендігі дала көкаршынындай ғана көк құс отыр еді.
– Бағымыз бар екен, күнім. Біз лашын ұстадық қой, – деді әкем балаша қуанып. – Мұны атты қойып, түйеге де бермейміз.
Мен қашанғы «бақыттылықтан» бұрын лашынды айналдырып қарай бердім. Сырты қара көк, бауыры сұр шұбар. Көк аяқ. Пышақтай өткір ілмек көк тұмсық. Екі көзінің алдында саусақпен тартқандай қос қара жолақ. Ең ғажабы аяғы мен қанаты екен. Қанатының үшкірлігі сұғып алар найзадай. Саусақтарының ұзындығы денесіне мүлде қайшы. Ұзындықтан қыз қолының саусағындай бұралып жатыр. Оның құдыреті де осы аяғы мен қанатында болса керек. Мен үйректің жотасын ұстап көріп едім, бейне шойын шармен ұрғандай күтір-күтір етеді.
– Дүниеде бұдан өжет, бұдан өткір құс кемде-кем. Мұның асылзаттылығы сол – ешқашан да жерде отырған құсты алмайды. Арманынан шығарып ұшып бара жатқанда жай оғындай тиеді. Жаңа көрдің ғой, құстың ұшу еркінен айырып, ес-ақылын алып жіберетін мұның қанатының зуылы.
– Осындай ғана денесімен өзінен үлкен үйректің жотасын қайтіп құл қылып жіберді? – деп сұрадым әкемнен.
– Мұның бұлшық еті сондай қатты. Соншалық жылдамдықпен келіп соққан соң үйректің жотасы құл болмағанда қайтеді. Қарашы құрыш қанат жануарды. Қандай сүйкімді. Ерлік пен қаһармандық дененің үлкен-кішілігіне қарамайды. Қарақұс қандай үлкен болғанымен қолынан не келеді? Ол, ит пен құстан қалған жемтікті жеп күнелтеді. Болсаң лашын бол, қарашығым. Өз ерлігің мен өз еңбегіңді мақтаныш ет, – деп еді сонда әкем.
Біз осы лашынды үш жыл салдық. Қолда отырып, күндіз күні аспандағы қайтқан қаздарға ұшатын. А, дегенде теріс ұшып, бір кезде аспанның сонау шырқау биігінен зу-зу, гу-гу етіп келе жатады. Ал сонан кейін түйіп өтіп, қайта шығып, қайта түйіліп сытырлатып түсіреді-ай дерсің. Берекесі кетіп, үрейі ұшқан қаздар аспанда құр қаңқылдап айнала ұшумен болады. Лашынға арқаларын әдейі тосатын сияқтанады. Аспаннан жалбырап түсіп жатқан қазды шауып жүріп, бауыздап ала бересің.
Оның бір ғажабы, осы шайқас кезінде айқай шығып, дабыл қағылса, тіпті еліріп кетеді. Аспанды тілгілеп жүрген найзағай дерсің… Біз шауып жеткенде, ол алқынып ең ақырғы қаздың кеудесінде отырады.
Түтігіп өліп кете ме деп әдейі алып жүретін құмырадан аузына су құямыз. Суға әбден рахаттанып алған соң жайымен қаздың жүнін жұла бастайды. Моп-момақан. Бірақ құйылған құрыш сияқты. Осы кезде, осынау кішкентай қаһарманды мойнынан құшқым келетін. Иә, ол ақырғанды, зекіргенді, жақсы көргенді білетін-ді.
Амал не, ол дүниенің көктемі жаңа шығып келе жатқанда, ауырып өліп қалды. Ол кезде емдеп жазатын дәрігер қайда… Мен үш күн жыладым. Несі бар, дүниеден асылдар мен ерлер кеткенде жылауға болады ғой.