Әмеңгерлер
05.03.2025
925
1

Екі көзін бірде бадырайтып, бірде кішірейтіп тұрды да, содан соң қайта-қайта, тоқтамастан ашып-жұмды. Жылдам-жылдам жыпылықтат­ты. Енді оны қоя салып, ауыз жаққа ауысты. Аузын кере ашты. Қиқы-жиқылау, қисық біткен тістерін бір-біріне сақ-сақ еткізіп, бірнеше рет қайталады. Мұнымен де тоқтамады, сол қалпында аузы-басын қисаңдатып, кәдімгі сайқымазақ ке­йіпке ауысты. Одан ке­йін екі қолын ербеңдетіп, екі иығын алма-кезек алға итіндіріп, артынан бүкіл денесін қозғап, әй бір ойына келгенді істер ме! Кім көріп жатыр? Өзімен-өзі болып тұрған мұндай оңашалық сәт­те нендей қимыл жасаса да бәрібір емес пе? Енді бет-ауызды жайына қалдырып, тұрған орнында қос аяғын алма-кезек көтеріп, секіріп-секіріп қойды. «Міне, көрдің бе, мен де адам баласымын, үнемі қабақпен қарым-қатынас жасамай, кей-кейде осылай ойсыз қимыл-қозғалыс жасай алатын шамам бар біле-білсең» дегендей, қарсы алдындағы бейне-адамға астамси қарады. Бейне-адам да бұған астамсыды. Көзін қадап еді, ол да сөйт­ті. Қысқасы, ол бұдан қаймығып, сескенер түрі жоқ. Ха-ха, қарсы алдындағы, құдай-ау, ешкім де емес, өзі ғой. Айнадағы өз бейнесі. Осыны ойлап, енді жылы жымиды, сосын, сақ-сақ күлді, артынан қарқылға басты. Тоқтамастан ұзақ күлкіге көмілді.
Торыхан қай уақыт­та да бір қалыпты мінезге бой үйреткен, тіпті жас кезінен бастап тілін тарта сөйлеп, үнемі томаға-тұйық болып жүретін. Сөзге сараң ғана емес, қабаққа да қатаңдығы сырт көзге мейлінше әйгіленіп тұратын. Осындай мінез қанына біткен бе, басқаларда шаруасы жоқ, сол салмақты қалпын іштей өзі де ұнататын. Көп орталарда жеңілтектік танытып, аузына не келсе соны айта салатын, болмашы нәрсеге селкілдей күліп, селк-селк еткен сайқымазақ жандарды аса жаратпай, ондайлардан аулақ жүруге тырысатын. Содан ба екен, тіршілікте жақын араласатын дос-жарандары да көп болмады, саусақпен санарлық бірен-саран таныстарымен ғана арагідік сөйлесіп, оқта-текте кез­десіп қалып жүруші еді. Солардың бірі – Мұрабай. Бірер жыл бір мекемеде қызмет­тес болған кез­де танысты. Онда да Мұрабайды жақын тартып, ортақ әңгімеге тартқан бұл емес, оның өзі. Сөзшеңдігі бар, елп етпе елгезектігі тағы бар. Бірақ жылп-жылп етер жылтыр емес. Әңгімесі салмақты, ойы орнықты көрінуші еді. Оның үстіне әрбір кез­десу сәтінде Торыханды көтермелеп, байқап қалған бір қасиет­терін айтып, ішін жылытып жіберетін. Ресми мекеменің азын-аулақ айлығын місе тұтпады ма, бертінде бизнес жағына бейімделіп, солай қарай жұмыс ауыстырған соң, Мұрабайды да сирек көретін болып кеткен-ді. Ара алшақтағаннан ке­йін, көп есіне де ала бермейтін. Жақында өзі тұратын биік үйдің алдында ойда-жоқта Мұрабаймен жолығыса кет­ті. Мұрабай жалғыз емес еді, жанында Милай дейтін әдемі келіншек. Милайды сырт­тай жақсы таниды, осы биік үйлердің бірінде тұратын көршісі. Екеуі әмпей-жәмпей сөйлесіп, әлденеге күлісіп, бұның жанынан өтіп бара жат­ты. Оны анық танып тұрса да, тұйықтығына басып, үндемей шығарып салмақшы еді, кенет Мұрабай осылай қарай бұрылды да, Торыханды көре салып:
– Оу, бұл сенбісің? – деп, құшақ жая жылы ықылас байқат­ты. Сосын, амал бар ма, бұл да ыңғай беріп, танысымен жылыұшырай амандасты. Мұрабай әдет­тегіше тоқтамай сөйлеп, қасындағы Милайды бұған таныстырып жат­ты. Торыхан еріксіз күліп:
– Жаныңда тұрған сұлу бикешті бұрыннан білем, көрші емеспіз бе? – деген. Сол кез­де Милай да жымиған. Екеуі күнде болмаса да, аптасына бір-екі рет нан дүкенінде немесе есік алдындағы кішкене базарда кез­десіп қалатын. Торыхан ізет­тілік байқатып, жүзтаныс келіншекпен дереу бас изеп сәлемдеседі, ол да иіледі. Болды. Екі жақтан да ләм дескен үн шықпайды. Сондайда мінезі өте ауыр, әзіл-қалжыңға мүлде жоқ әйел заты шығар деп іштей ойлап қоятын. Ал жеке тұратынын нан дүкенінен сауда жасап тұрғанда сатушыға «басымыз бос болғанымен, бізді бағалап, қадірімізді түсінер еркеккіндік қалды ма осы күні» деген бір ауыз сөзінен ішке түйген-ді.
Мұрабай Торыханды қолтықтап алды да, көз алдында көрініп тұрған кішкене кофханаға қарай сүйреледі. «Жүр, бес-он минут кофе ішіп отырып шүйіркелесейік». Тартыншақтауға сылтау таптырмады. Амалсыз оларға үшінші болып ілесті. Кофе ішіп отырып, аз-кем сөйлесу сәтінде байқап үлгерді, Милай өзі ойлағандай тым томаға-тұйық емес екен, әзіл сөзге де жорға екенін аңғартып қалды. Тіпті бұрыннан мінезіне қанық Мұрабайдың өзі Милайды тыңдап, тосылып қалып жатыр. Аз ғана уақыт­тың ішінде Торыхан біраз жағдаят­ты іштей байқап үлгерді. Милайдың мейлінше еркін сөйлеп, Мұрабайды билеп-төс­теп отырғанынан екеуінің арасында бір жылы байланыс барын сезді. Алдымен, Мұрабай танысы жайынан ой қосақтады. Әше­йінде қабағы қатулы мына нәзікжандымен қалай оп-оңай тіл табысып кете алды екен? Сөзшеңдігі ме? Әзіл-қалжыңға жүйріктігінен бе? Бәлкім, өзін тым салмақты ұстай бермей, әйел заты алдында майлы қасықтай жылпылдап тұрғандығынан ба? Дәу де болса, осылардың біреуі болар! Әйтпесе Милайды білгелі біршама уақыт, жасыратын не бар, сыртқы келбеті тартымды, дене бітімі көзді арбап тұрса да, неге онымен бір рет те сырқабақтанып, ортақ әңгімеге сылтау таба алмады? Салмақты болған жақсы-ау, бірақ іштегі буырқанған пәндәуи сезімге неге осынша темір құрсау сала береді екен бұл? Басы бос. Алланың әмірі ғой, әйелі тосын кеселден зардап шегіп, ақыры айыға алмай, қайтыс болғанына екі жылдан асып барады. Жарының жылдық асы берілгенше кеуде кеңістігінде бір суық мұң кетпей тұрып алған, соңғы кез­дері ғана аз-аздап арылып, еңсе көтере бастаған-ды. Көрме­йін десе көзі бар, қарамайын десе ындыны құрғыр иықтап кетеді. Қалай басталып кеткен сезім екенін өзі де сезбеген, көптен бері көзі мен көңілін арбаған осы Милай, бірақ тек сыртқы тартымдылығына тамсанып қойып, ішкі әлеміне еніп кете алмай жүргеніне кім кінәлі екен?
Ол екеуімен қош айтысып, оңаша келе жатқан кез­де де осы ойдан еш ажырай алмай-ақ қойды. «Милай мен Мұрабайды табыстырған нендей құдірет? Ау, мен білетін Мұрабайдың некелі жары бар еді ғой. Тіпті жас сәбиі де болуы керек. Демек, бұл кез­десуді жеңіл мінезді әйел заты мен жеңіл жүрісті еркектің шолжаңбай әдеті деуіміз керек пе, қалай?»
Оның ішкі ойын оқып қойғандай, сәлден соң Мұрабай телефон соқты.
– Достым, – деді дауысы дірілдегендей болып, – сен бағанағы кез­десу сәтінде көңілсіздеу отырдың. Сөзге де араласпадың. Оның түпкі себебі маған мәлім, мінезіңе қанықпын ғой. Бірақ саған айтар бір оңаша сөзім бар. Мен Милайды жеңіл мінезділікке тартып жүргем жоқ, бұл – анығында, қазақтың қанында бар әмеңгерлік жолды жалғау…
– Қалай? – деді Торыхан таңданысын жасыра алмай. – Милай бұрын некеде болған ба? Күйеуге шыққан ба?
– Әлбет­те! Оның күйеуі автокөлік апатынан қайтыс болған. Руымыз бір, оның ішінде, жақын туыс едік. Сосын, артында қалған жас жесірге жылы лебіз білдіріп, қолдау жасап отыруға берік бел байлағам. Осыны айтып қояйын деп едім.
– Жарайды, – деді Торыхан мәселенің мәнісіне енді ғана қаныққандай. – Әмеңгерлік салт қазақта баяғыдан бар екенін мен де білемін. Оны түсінемін.
Мұрабай тағы да сөйлеп жатыр. Енді Торыханға ақыл айтуға көшті.
– Сенің өмірлік ұстанымың мен жүріс-тұрысыңа мін айтудан аулақпын! – деді. – Бірақ анадай томар мінез қалпыңнан ептеп арылуың керек, өзіңді-өзің қолға алуың керек. Әйтпесе жыл өткен сайын тіршілік кедергілері көбейіп, қиыншылықтарға тап бола беретін боласың.
– Неге? – деп, Торыхан шошына сөйледі. – Қандай қиындық болуы мүмкін?
– Адам адаммен тез тіл табысып, дереу араласып кетуі үшін тым тартыншақтық мүлде жарамайды, – Мұрабай әр сөзін салмақтап айт­ты, – мысалы, бағана Милай маған өзің туралы не дегенін айтайын ба? «Осы кісі неге қабағынан қар жауғандай болып, үнемі жабырқап жүреді, тіпті тіл қатысу былай тұрсын, жанында көбірек аялдауға жүрексінгендейсің», – деді.
Мұрабаймен сөйлесіп болған соң, үйде оңаша отырған сәтінде, өзіне-өзі тұңғыш рет қат­ты кейіп «сенің де қабағың ашылып, жарқылдап күліп, жан-жағыңдағыларды өзіңе тартып әкетер мәйін мінезді меңгерер кезің болмады ма?» деп үкім айта, дауысын қатайтып сөйлеп-сөйлеп қойған-тын. Сосын, жуынатын бөлмеге кіріп, айнаға қарап тұрып, осы жасына де­йін жасамағанын жасап, емін-еркін сайқымазақтанған сәті еді…

* * *

Нан дүкенінен шыға бергенде Милаймен қарсы ұшырасты. Бұл жолы келіншекпен елп етіп, қабағын жылытып, жылыұшырай амандасты.
– Жағдайың жақсы ма, Милайжан? Оның есіміне «жан» деген сөзді дереу қосып жіберіп айтар ма. Оқыс аузынан шығып кет­ті. Мейлінше жанына жақын санағысы келгені ме, кім білген? Милай күлді. Күлкісі де өзіне жарасып тұр.
– Жағдайым кәдімгідей, – деді сосын, – бірақ бірден айтайын, мен сенің жаның емеспін, бола да алмаймын.
Торыхан қипақтап қалып әрі қарай не жауап қатарын білмей сасқалақтап тұрды да:
– Ол енді ішкі құрметімнің белгісі еді, – деген, – басқаша ойлап қалма, қарындас!
– Мен қарындас та болмаймын! – Милай тағы да дүңк ете қалды, – Жасыңды Мұрабайдан сұрап біліп алғанмын, екеуміз құрдаспыз.
– Енді не десем екен? – деп, Торыхан мүлде қиын жағдайға тап болғанын сезіп, екі беті қызара тосылып тұрды. – Менің бар ойым…
Милай оның сөзінің аяғын тыңдамастан, өзі бөліп әкет­ті.
– Мен әйел екеніме қарамастан, не нәрсені де өз атымен атап, қандай жағдайда болмасын, тіке сөйлегенді қалаймын, – деді даусын салқындатып, – біріншіден, сен мен жайлы теріс ой ойлауға хақың жоқ, көше жағалап, көрінген еркекке етек көтере салатын жеңіл жүрісті келіншек емеспін, өз әрекетіме өзім жауап бере аламын. Екіншіден, қай еркектің де ішкі жегіқұрт ойын тез аңғарамын, үміт­тенбей-ақ қой, ондай ойды мүлде қиялыңнан шығарып таста.
Мына сөздерден соң, одан бетер сасқалақтап, қолындағы нан салынған кішкене сөмкені екі жаққа кезек-кезек ауыстырып тұрды да:
– Мұрабай екеуіңнің араларыңдағыны түсінбейді емеспін, ол енді… – дей бергенде, Милай қайталап бөліп кет­ті.
– Жасырмаймын, Мұрабай менің есігімді әмеңгерлік жолмен ашты, сосын, бетін қаққам жоқ, – деді, – екеу­міздің арамызда тит­тей де харамдық болған емес, болмайтын да шығар.

* * *

Кезекті демалыс күні еді, Торыхан пәтерінен шығып, таяқ тастам жердегі кофеханаға бас сұқты. Оқта-текте аңсары ауғанда келіп тұратын үйреншікті жері. Иісі бұрқыраған кофе тәбетін ашып, рақат­тана ішетін. Бүгін тағы да осы жердің кофесін сағынып, көңіл қалауын басайын деп, еш ойланбастан жетіп келген-ді. Өзі ұнататын Лат­те кофесін алып, шеткі үстелдің біріне отыра кеткен. Енді ұрт­тай бергенде осында Милай кіріп келе жат­ты. Оны көре салып, орнынан тұрып, алдынан шығып, амандассам ба екен деп ойлап үлгергенше, артынан бір мұрт­ты еркек өңмендей енді. Келе Милайды құшақтап, бетінен сүйді. Әлденелерді айтып, келіншекті күлдіре бастады. Ол екеуі Торыханды байқаған жоқ. Мұрт­ты еркекке көз тоқтата бірауық қарап қалды, бір жерден көрген сияқты. Жүзі мүлде таныс. Алайда тап осы сәт­те оның кім екенін, қайдан көргенін терең ойлап, түбіне жетуге аса құлықтанбады. Есесіне кофесін тезірек тауысып, білдірмей шығып кетуге асықты.
Есікке жақындай бергені сол еді, жаңағы мұрт­ты еркек бұның артынан дауыстады.
– Торыхан, бұл сенбісің? – Құдай-ау, дауысына де­йін құлағында жат­талып қалған үн. Жалт қарады. Ол орнынан тұрып, бұған қарай жүріп келеді екен. – Сен мені таныдың ба?
Қапелімде не дерін білмей, «иә, ептеп…» дей беріп еді, мұрт­ты еркек қол ұсынды.
– Менің атым – Бодаубек. Ұмытып қалыпсың, екеуміз көктем айында шипажайда демалып едік қой, – деп даудырлап сөйлеп кет­ті, – бильярд ойнадық. Сен мені екі рет жеңіп кет­тің. Шар қуалаудағы шеберлігіңе тәнті болғам.
Бодаубектің соншалық ықыластана сөйлеп тұрғанына риза пішінмен:
– Жалпы, түріңді таныдым ғой, тек есіміңді есіме түсіре алмағаным болмаса, – деп оны қостап қойды, – бильярдта жеңген мен емес, сен едің ғой. Әсіресе соңғы ойындағы екі шар есімде қалып қойды.
– Жүр, бірге отырып кофе ішейік, – деді Бодаубек, – қасымдағы кісімен таныстырайын. Ол көшеден кез­десе салған кез­дейсоқ әйел заты емес, күйеуі жағынан маған жақындығы бар жесір жеңгей…
«Жесір жеңгей» деген сөзді естіген сәт­те тағы да есіне әмеңгерлік жайлы кермектеу, бірақ көңілге жұмсақ әңгіме бірден сап ете түсті де, басын алып қашты.
– Асығыс едім. Тағы бірде… – деп құтылуға асықты.
– Онда жақын күнде хабарласамын, – деп Бодаубек телефонын жазып алып жат­ты, – менің бизнесім қазір барынша өрге өрмелеп тұр. Жағдайым, құдайға шүкір, өте жақсы! Бильярд ойынын жалғастыруымыз керек. Арамыздағы нағыз мықты ойыншыны қалайда анықтап алмай болмайды, солай емес пе?
– Жарайды! – деді Торыхан. – Сәті түскен күні кез­десерміз.
Сосын, жылдам басып, кофеханадан шығып кет­ті.

* * *

Арада бірер күн өткенде, есік алдындағы кішкене базарда Милаймен бетпе-бет келіп қалды. Бұрылып кетерге жол жоқ. Амандасты. «Милайжан» деген жоқ, қарындасты да айтпады, тек «аман-сау бармысың, көрші» деген. Сол-ақ екен, Милай тағы да шап ете қалды.
– Саған көп көршінің бірі болғаным ба? – деп тістене айт­ты, – ортақ таныстарымыз бар, олай болса кішкене жылырақ сөйлеуге кісілігің жібермей тұр ма? Әлде менің тіке айтар мінезім жақпай қалды ма? Сендей болмашыға былт ете қалатын өкпешіл еркекті бұрын-соңды көрсем көзім шықсын…
– Жоқ, Милай, саған не үшін өкпе артам, – осы жолы батылдау сөйледі. Ойын да ашық айт­ты. – Әркімнің өмірі өзіне. Кім қалай жүреді, кімдермен араласады – өз шаруасы…
Милай Торыханды тыңдап болып, былай деп сөз сабақтады.
– Өткен жолы кофеханада кез­дескен жігіт­ті таниды екенсің. Бодаубекті айтам. Ол да маған қайны болады.
Бұдан әрі кідіріп тұра беруге шыдамы таусылып: —
– Түсінем, қайны болса, демек… – дей беріп еді, Милай әңгіменің арғы жағын өзіне өңгерді, – ол да әмеңгер! Әмеңгерлік жолы бар. Түсінемісің?
Торыханды ашу қысты. Сол ашуын тежей алмай:
– Қазақта, менің білуімде, басына жесірлік тағдыр түскен әйелде бір ғана әмеңгер болатын сияқты еді, – деген, – ал мына жағдай мен үшін ақылға сияр емес. Көңіліме қонбайды.
– Өздері іздеп келді, ағаларының орнын жоқтатпаймыз деп жалынды! – деді Милай. – Мен не де­йін? Жолы жіңішке әйел затымыз. Әйтеуір, бір еркектің етегінен ұстауды жазған Жаратқан ие.
– Олар бір-бірін біле ме? – деп енді одан бетер батылдана тілге келді Торыхан. – Ашығын айт­қанда, екі еркектің бір әйелге әмеңгерміз дегенін қабылдау қиын болып тұр?
Жесір келіншек бұдан әрі сөзді шудаландырудан қашқақтады.
– Екеуінің де маған жақын қайны екенін анық білемін, оған күдігің болмасын, ал өздері бұл жайынан хабардар ма, жоқ па онда шаруам шамалы! – деді, – қалғанын, керек етсе, өзара шеше жатар! – осылай деді де, қош айтысты. Қол сөмкесін салаңдатып, көзден ұзап бара жат­ты.
Аң-таң күйде, есі шыға ұзақ тұрып қалған екен, енді ғана есін жиып, үйіне қарай аяңдады. Сол мезет­те Мұрабай танысы телефон шалды. Әлло деуге мұрша берместен, даудырлап сөйлеп ала жөнелді.
– Сен мені жақсы білесің! – деді бұған, – мен адам танимын. Өзіңе бұрын бірге қызмет жасаған уақыт­тан бері құрметім зор. Ке­йінгі кез­дері арамызды тым алшақтатып алыппыз, бұған жағдайым бола тұра хабарласпаған мен көбірек кінәлімін. Қысқасы, алдағы сенбі-жексенбіде қала сыртындағы жайлы демалыс орнына барып, көңіл көтеріп қайтайық.
– Жоқ, мен… – дей беріп еді, Мұрабай одан бетер өршеленді, – сен қарсы болма! Бұл менің ғана емес, Милайдың да өтініші! Ол – білесің бе, өте бауырмал келіншек. Әсіресе менің қасымда достарымның барынша көбірек болғанын қалайды.
– Үшінші адам қай кез­де де артық! – деп, Торыхан сонда да өз дегеніне басып, қарсылық сөзін шегелей түсті. Соны айтып тұрып, қиялында ойнақ салған бір ойдың соңына сүмектеп ере түскен. Милай шынымен де менің бірге болғанымды қалай ма екен, әлде бұл Мұрабайдың ойлап тапқаны ма? Неге? Не үшін мен соншалық керек екенмін оларға? – Мені осы жерде қинама, до­сым! Бара алмайтындаймын…
Мұрабай енді жалына бастады. Жалына сөз өрбітіп, «жесір жеңгесінің» жағдайынан да хабардар ет­ті.
– Білесің бе, Милайдың шешесі басқа ұлт­тың өкілі, анасының қойған аты Милау екен, қазақта бұл ерсілеу естілетінін мен айтпасам да түсінесің, у-дың орнына й деп жаздырып алған ғой. Бірақ әкесінің қаны қазақ болған соң, өзін қазақпын деп есептейді. Ертең анасының қайтыс болған күні екен, қала сыртындағы демалыс орнында марқұмды еске алып, бірауық көңілін ауласақ дегенмін. Өтінішімді жерге тастамашы!
– Ойланайын! – деп еріксіз айтып қалды. – Үшеуміз ғана ма?
– Жоқ, тағы бір ер-азамат болады. Оның аты – Бодаубек! Милайдың жақын танысы…
Мына сөзді естігенде, жүрегі дір-р ете түсті. «Бұлар бір-бірін шынымен де білмейтін болғаны ма, әлде білсе де, білмеген болып жүр ме? Ал Милайдың ойлағаны не екен? Ішінде шудаланған не сыр бар? Мені де бұл араға қыстырғанын, тіпті түсінермін бе?..»
– Айтпақшы, – деп енді басын біржола алып қашты, – мені осы сенбі­де бір жақын туысым үйіне қонаққа шақырып қойған екен ғой, енді есіме түсті. Дастарқанын ат­тап кеткенім ұят болар!
– Қап! – деді Мұрабай. – Бірге барғанда жақсы болушы еді, сендерге салмақ түспейді, қаражат жағын да ойластырып қойып едім. Милай сені сол жерде көрсе қат­ты қуанар ма деп едім…
Телефонды асыға өшірді. Адымдап келе жатып, жаңағы әңгіме әсерінен айыға алмай, қайта-қайта жөтелді. «Әмеңгерлер бас қосады екен де! Бұл не? Не мақсат? Милай деген қандай қатын, өзі? Екі еркекті де саусағымен оп-оңай ойнатып, мазақ етіп жүрген жесір келіншектің қитұрқы әрекеті болып шықпасын? Ал мен…әредік сезім осалдығын танытып, оның сыртқы сұлулығына соншама табынып жүрсем, іші түтін төмен етектінің тап өзі болып шықпаға­й түптің түбінде!..»
Адымдаған сайын ойы да үдеп сала берген. Тоқтаусыз ой қазіргі қиялында молынан сапырылысты. «Жаңа Мұрабайға неге Бодаубекті білетінімді, оны Милайдың жанынан көргенімді айтпадым екен? Оның аңқылдаған көңіліне мұздай су құя салғандай болам ба онда? Жоқ, өздері бастапты, өздері шешсін! Әмеңгер ме, басқа ма менің қандай шатағым бар бұл жерде!..»
Қат­ты-қат­ты жүрді. Сонда да ішінен күбірлеп, әлденені айтып келеді. «Әмеңгер?! Ай, осы біздің қазақ та кей жағдайда қиыннан қиюластырып жібереді-ау, ә? Ойлап таппайтыны жоқ. Біреуден қалса, біреуге…»
Артынша жанын жеген қиқалақ ойдың барлығын да қиялынан ысырып тастады.

* * *

Торыхан үйінің табалдырығын құр сүлдесін сүйретіп ат­тады. Қол жуатын бөлмеге кірді. Қолын қайта-қайта сабындап жуды. Сосын, айнаға қарады. Қабағы қатулы бір еркек бұған ызбарлана қарап тұр. «Күлесің бе, сайқымазақтанасың ба, ал асыр сал, қаңбақ секілденіп секір бейбақ» дейтіндей.
Бұл жолы Торыхан қабағын мүлде жылытқан жоқ.

 

Жолтай ЖҰМАТ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 07.03.2025 | 18:14

Әңгімеңіз ұнады.Рақмет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір