АМАНҒАЛИ
13.05.2016
1886
0

Казак_адебиети_фотоӨткен ғасырдың 80 жылдарының бас шамасында осы күнгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жур­налистика факультетінің бірінші кур­сына 34 жастағы Аманғали Дайрабаев оқуға түскені әңгімеге өзек болатындай тақырып. Мезгілінен неге кештетіп ұмтылғанын боза үстіндегі қызу әңгіме барысында сұрадық па, сұрамадық па, еске көп сақтай қоймаппыз. Сол уақыттың  беллетристикасына жататын атышулы шығармалар бізден бейне төрелік естігісі келіп тұрғандай талқыға салып, ерекшелігін қолма-қол сараптап тастауға әуестігіміз сұрапыл да, ал оның мәдениеті қай деңгейде екенін кесіп айту қиын еді. Әйтеуір  бәрі әде­биетті кие тұтатын таза ын­ты­зар­лықтан тұратын. Қоңыр көзінің нұ­рын өңменге өткір қадап өткен ме­зе­тінің өзінде өзгеше мағына ұя­лататын Аманғали еңсегей тұрпатымен еңкейіп кеп адамды әуелі барлай қарап алатын. Атжақтылау қараторы өңі көкейіне тұтқиылдан келген ой әсерінен бозаң тартып барып лезде күреңітеді. Өңіндегі осы құбылыс шы­найылығын әйгілеуге жүретін жо­расы, содан үлкен жанарымен те­сіле қадалған уақытта турадан-тура тар­татын жаратылысының адуын­дағы анық аңғарылатын. Оқы­ған­да­рын айтқан  уақытта шапшаң тоқ­тамы ішкі дайындығының хабар­шысы еді. Алыпқашты пікірден ауылы алыс Аманғали ойындағысын кесіп-пішіп бір-ақ айтатын. Кейбір асыра сілтеу­лер мен әдебиетке жақындау адам­дардың әділетсіз әуесқой бағалауы мен анықтауларына өре түрегеліп қарсылық жасайтын.

Отыз төрт жасында журналистика оқуының бірінші курсына түсуі те­гін емес-ау, сірә. Үлкенге иіле жана­сып, кішіге түйіле қадалып адамды ала­лайтын мінезі атымен жоқ болатын. Кейбір атақты кісілердің  есім­дерін атап, есіктөрін көрсеткенін әңгіме үстінде желдіртіп өткеніне елең ете қап,  ары қарай қаузай түстік десек өзі­мізді сезімтал, сұңғыла  ғып көр­сеткенімен барабар шығады. Бірталай жас­қа ұлғайып барып өмір мәнін ой­лана бастағанда – Аманғали қа­та­рынан едәуір озық ақылды азамат екенін еріксіз ойлана бастайсың. Бай­лық қуып, мансап көздемесе де атақтылар болмысының табиғатын зерт­теуге құмартуының сырында есеп пен амалдың аздаған белгісі бол­са, қане. Олардың ой-пікірлерін жер­ден жеті қоян тапқандай алып ұшып жеткізбей, көздерін қиырға қадап тұрып сабырмен ойлы кейіпте баяндайтын. Ол сөздер атақты кісі­лер­дің пікірінен гөрі Аманғалидың жан дүниесінен өңделіп, өзгеше қа­лыпта әсерлі шығатын.

Аманғали Дайрабаев орыс қа­лам­герлерінің мінезін жаны қатты қалағанға ұқсайды. Өмірдің жалпы мән-мағынасын білгісі келіп, талай істің басын шалған да шығар. Жеке бастың ұсақ әңгімесіне аттап басып бармайтын. Оқуға ересек күйі кел­гені ойына кіріп те шықпайтын. Өзінен бір мүшел кіші курстастары­мен емін-еркін сөйлессе, жасы ұл­ғайған ағаларымен тең дәрежеде тіл­десетін.

Желтоқсан оқиғасынан көп ұза­май қайраткерлік ақбозатына мініп, абыройға бөленген ақын ағамыз Жазушылар одағының баспалдағымен өрлеп бара жатқанда қарсы алдынан әріптес інісі шыға кеп, жағасына жар­маса кетеді. Төбелесуден тайын­бай­тын әлгі өршеленіп ұруға ұмтыл­ғанын абыржып жеткізген ағамыз: «Айналайын бір жігіт арашаға түсіп, ажыратпағанда масқарамыз шы­ғатын еді», – деді тарамыс саусақ­тар­дың табы қалған көйлегінің жа­ғасын түзеп жатып. «Айналайыны» Аманғали. Үлкен мен кішінің ара­сындағы сыйластыққа нұқсан кел­тіруге жаны қас ол жек көріп тұрған ада­мына да арашалап алуға аза­мат­тығы жететін.

Телевиденияға қызметке тұрып, бі­раз шаруаны атқарғанда оны негізгі жұмысы санамай – болашаққа деген толы үмітпен үлкен нәрсе тындыратынына зор сеніммен жүретін. Жаратылысы жөнінен ол біреуге ұнар-ұна­мас, дәл қазіргі заманда ой-пікірін білтелемей ашық айтатын адам аз-ау. Аманғали әлдебіреудің қылықтарын жақтырмаса Тоқсын  Құлыбековтың сөздерін айтып, еңкілдеп тұрып кү­летін. Тоқсын Құлыбеков марқұмның айтқыштығы мен тапқыштығынан бөлек, оның ауызша жасаған са­ти­ралық бейнелеріне айызы қана ма, жоқ  өз жан әлемінде жүріп жатқан құ­былысты күлкінің уыты арқылы біл­діргені ме, ол жағын айырып айту қиын. Әуезовтің тілімен айтқанда сол оқуға «киімшең» күйі келген сту­дент – Мәскеу, Ленинград, Балтық рес­­­­публикаларын аралағанын әң­гімеге абайсызда қыстырып қоятын әдеті бар еді. Бұл да оның жараты­лы­сының өзгешелігі. Сол Ленинградта жүріп Жамбыл атындағы қысқалау көшеге тап болғанын жазатайым ай­тып қап, соның бойындағы буфеттен тамақ ішу үшін аялдаған екен. Ті­кеден-тік тұратын стөлдердің біріне шай-пайын қойып  жан-жағына қа­раса, өзара әңгімелесіп тұрған екі қа­зақ жігітін көреді. Атамзаманнан ке­ле жатқан Жамбыл жайындағы бел­гілі әңгімелерді көйтіп тұрған сәт­терінің қызған шағы екен. Баяғы қол­дан жасалған шал, Сталинді жыр­лағанға саятын құлақ сарсытатын белгілі кептер. «Әй, пақырлар, үйдегі өсек-аяңдарыңды дәл осы арада бықсытпасаңдар да болатын еді ғой», – деп  дүрсе қоя ақырып жіберсе керек. Ана екеуінің үндері өшкеннен бө­лек, мынау қайдан  шыққан әзірейіл деп құты қаша жаутаңдап қарап  қап­ты. Аманғали  Дайрабаев­тың мұны айтатынына кәміл сенесің. Дүниенің мағынасын терең түсініп тұрып, өзін ой­шылдардың санатына әсте қос­пайтын мінез көбіміздің бойымызда жоқтығын мойында не, мойындама не, айта-айта жауыр болып, ығыры шық­қан нәрсе.
Аманғали Дайрабаев есімі ойыма түс­кен  сайын Ленинградтағы Жамбыл көшесі жадыма оралады.
Үйдегі әңгімені сыртқа сез­дір­мейтін жігіттер, аз-ау, шынымен.

 Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір