ЖЕР КОДЕКСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТАЛҚЫ ӨТТІ
Халықты толқытқан жер туралы алаңкөңілге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі нүкте қойды. Жер Кодексінің даулы тұстарына мораторий жариялап, «Халыққа ұнамайтын Заңның бізге керегі жоқ!», – деп, Жер реформасын қайта қарайтын Мемлекеттік Комиссия құруға пәрмен берді. Әрине, бұл Жер кодексінің елді алаңдатқан төрт бабын толықтай қолданыстан алып тастады деген сөз емес. Бір жыл уақыт ішінде әлгі төрт баптың ағы мен қарасын ажыратып, халық бәрібір дегенінен қайтпаса, 2003 жылы қабылданған Жер кодексіне 2015 жылы енгізген түзетулер мен өзгертулерді қабылдамайтын болады. Ендігі мақсат – Жер реформасын қайта қарайтын Мемлекеттік комиссияның өз жұмысын адал атқарғанын бақылау, жерге қатысты заңға құлақ түрген елдің өкпесі мен назын, талабы мен тілегін билік өкілдеріне жеткізу.
Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты осы мәселелерге байланысты арнайы жиын өткізіп, онда ақын-жазушылар Жер кодексінің даулы баптарына қатысты ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта Жазушылар одағы басқармасы атынан үндеу жариялап, Жер кодексіне қатысты нақты ұстанымы мен көзқарасы қандай болуы керегі жайында келелі әңгіме өткізді.
Секретариат отырысына ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасы Н.М.Оразалин, төраға орынбасарлары – Ғ.Жайлыбай, Ж.Әшімжан, басқарма мүшелері – Б.Шаханов, С.Елубай, С.Балғабаев, И.Оразбаев, Ұ.Есдәулет, С.Қалиұлы, К.Құныпияұлы қатысты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Нұрлан Мырқасымұлы жер тағдырына қатысты мәселе ел алдында шешілуі дұрыстығын, осындай сын сағатта қалам иелерінің де өз азаматтық ұстанымын білдіруі парыз екенін айтты: «Жер туралы заңның ел арасында дау туғызған төрт бабына Елбасы мораторий жариялағанын білесіздер. Бір жыл уақыт аралығында біз ол заңның аталған төрт бабының дұрыс әлде, бұрысын айтып, нақты мысалдармен талдап беруіміз керек. Жалпы, ресми ақпаратта ауылшаруашылығында игерілуі тиіс жер көлемі – 1 млн. 800 мың гектар екен. Соның 1 млн. 300 мың гектары қазірдің өзінде жекенің қолына өткен. Бұл жолы 1 млн. 700 мың гектар жерімізді сатылымға шығарайық деп отыр. Жайылым, суармалы жер, ұлттық қорымызға кіретін жерді ешкім сатып ала алмайды.Біз бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Сол мақсатта секретариат отырысын жасап, әрқайсыңыздың ойларыңызды білгіміз келеді. Ел арасында дау тудырып отырған мәселеден жазушылар қауымы жырақ қалмауы тиіс. Себебі, елдің қабырғасына батқан жайт бізден де жырақ емес. Азаматтық ұстанымымызды көрсетіп, жер тағдыры – ел тағдыры екенін айта білуіміз керек. Жазушылар одағының басқармасы, басқарма жұмысын жүргізіп отырған секретариат бар. Сол секретариат өз пікірін білдіріп, оны күллі жазушының атынан арнайы үндеу етіп жарияласақ дейміз. Бізге еліміздің іргесінің берік болғаны, тыныш болғаны маңызды.
Президент өз сөзін айтты. Ендігі кезек – халықта. Біз – халықтың бір өкіліміз. Билік пен халық арасындағы дәнекерміз. Мәселені ушықтырмай, сөзімізді сабырмен, парасатпен, барын – бар, жоғын – жоқ деп жеткізсек», – деген ұсыныстан соң сөз алған секретариат мүшелері жер кодексіне қатысты өз ойларын ортаға салып, Жер кодексіне қатысты халық арасында дау туғызған баптарының мән-жайын кең көлемде талқыға салды.
Отырысты қорытындылаған басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин секретариат мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін ескере келіп, Қазақстан Жазушылар одағы атынан ортақ үндеу жариялау керек екенін ерекше атап өтті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.