«Ғалымхат»
Еліміздегі маңызды руханият ошағы саналатын Ұлттық кітапхананың екінші қабатындағы Ғалымдар залында кімнің отырғаны өткен-кеткен жанның бәріне айқын көрінеді. Қашан барсаң да әйнек қабырғаның ар жағында әдебиеттанушы-ғалымдардан Дандай Ысқақұлының, Қанипаш Қайсақызының және фольклортанушы Сейілбек Икрамбайұлының кітап-қағаздан бас көтермей, еңбектеніп отырғанын көз көреді. Бұрынырақта, Ұлттық кітапханадан басқа кітапханаларға бас сұқпаған кезімде «Басқа ғалымдар зерттеулеріне материалды қайдан алады екен, расымен, жұмыс бөлмелерінде соншалық мол кітап қоры болғаны ма?» деген ойда қалатынмын. Себебі ғалым адамның зерттеуі жеті рет өлшеп, бір рет кескендей дәл әрі дәйекті болуы керек демеуші ме еді? Ал Ұлттық кітапхана арғы-бергі заманның тарихы қатталған бірден-бір орын емес пе? Әйтеуір, маған әдебиет әлеміне қатысты зерттеуші-ғалымдардан осы үштік өзгелерден ерекше, нағыз еңбектор, ыждағатты көрінетін.
Бертін келе, пандемияның салдарынан ел жаппай локдоунға кетер тұста, дәп сол Ғалымдар залында филология ғылымының докторы Қанипаш Қайсақызының Абайдың академиялық жинағын әзірлеуде қалай еңбектенгенінің куәсі болдым. Жалпы, әдебиеттану ғылымында текстологиялық зерттеу жүргізу – ауыртпалығы көп, мехнатты іс десек, өз қолжазбасы сақталмаған Абайдың, қазақтың асыл Абайының академиялық жинағын құрастыру асқан жауапкершілігі мол, ала-құлалау, қиындығы көп зерттеу екені кім-кімге де болса айқын дүние. Мен сонда Қанипаш апайымыздың Абайдың әрбір сөзіне мән беріп, терең ойланып қана барып, байлам жасап, ғылыми түсінігін жазып отырғанын көріп, қазақтың қайсыбір жас өскініне болмасын өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етуде нағыз үлгі болатын жан екенін ұқтым. Иә, профессор Қанипаш Қайсақызының Абай ілімін зерттеуде, оны танытуда еңбегі ұшан-теңіз. Сол секілді оның Абайдың төл шәкірті – ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеудегі орны да орасан зор.
ХІХ, ХХ, ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын түгендеп, індете зерттеп, кемшін тұсын түзеп жүрген Қанипаш Мәдібаеваның бүгінгі мұхтартануға қатысты күрделі де іргелі, көлемді де құнды зерттеу еңбектері қазақ әдебиеті тарихын қазіргі көзқарас тұрғысынан қайта қарап бағалау үшін, бүгінгі әдеби ағымдағы ақпараттарды жан-жақты біліп, тану үшін, әрбір әдеби туындының көркемдік құндылығына кеңінен қанығу үшін таптырмас еңбек деп бағалаймыз. Қазақ әдебиеттануының қай саласын қолға алса да, тиянақты әрі табанды зерттеп, алған тақырыбына адалдықпен қызмет атқаратын ғалымның соңғы жылдары жүйелі түрде назарынан тыс қалдырмай қадағалап жүрген қазіргі мұхтартанудың бүкіл бір ғасыр аясындағы көкейкесті мәселелеріне тереңнен талдау жасап, парасатты пайымдаулар ұсынып жүргені қуантады.
Жақында Қанипаш Мәдібаева көрнекті абайтанушы, алаштанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлының бұрындары көпшілікке кеңінен таныс емес дүниесін зерделеген жаңа бір еңбегімен елді елең еткізді. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен мол білімінің, қажырлығының арқасында туған бұл еңбек – мұхтартану саласының ілгері жылжуына ықпал ететін бірден-бір таптырмас еңбек.
Қанипаш Мәдібаеваның «Ғалымхат. Қайым Мұхамедханұлы (портрет-эссе; ғылыми толғам)» атты зерттеуінде ұлы суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхамедханұлының Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты және оның айналасындағы өнерпаз топтар, әсіресе «Абайдың ақын шәкірттері» турасындағы әдеби мұраны жинау, ел аузынан теріп алған мол мұраны сақтау, олардағы дерекнамалық, мәтіндік мағлұматтарға мұқият болу, т.б. сынды күрделі мәселелерді өзек етеді. Ұлы ұстазының өмір мен әдебиеттегі ұстанымдарына берік әрі адал болған шәкіртінің Кеңестік кезеңдегі саяси идеологияның зардабынан талай қазақ зиялыларына зияны тиген жалған жала, нақақтан-нақақ адам тағдырын тәлкекке ұшырату секілді сойқандарды бастан кешсе де ұлттық мүддеге берік болғаны, қайтпас-қайсарлығы мен күрескерлігі кімді болса да тәнті етпей қоймайды. Ұлт әдебиеттануындағы Мұхтар мектебінің негізі мен іргесі мықты дәстүрін үзбей, үнемі үздіктер үлгісінде жалғастырып, дамытуда адам таңғаларлық табыстарға жеткен шәкірті Қайым Мұхамедханұлының әдебиет тарихы мен алаштанудағы, абайтанудағы зор зерттеу жұмыстары бұл еңбекте егжей-тегжейлі қарастырылған. Бірақ біз күрделі де көлемді еңбектің тек Мұхтар Әуезовке тікелей қатысты мәселелеріне ғана тоқталсақ дейміз. Өйткені әдебиет тарихына қатысты қаншама ғылыми ойларды, зерттеушінің көкейкесті тұжырымдарын сала-сала бойынша қарастырмаса, еңбектің құндылығы жоғалады. Біз үшін бұл еңбек – қазіргі мұхтартану тарихына қосылған қомақты еңбек, жаңа зерттеу болғандықтан қызықты әрі қажетті.
Әуезовтің шәкірті әрі рухани серігі болған, көрнекті ғалым, дарынды қаламгер Қайым Мұхамедханұлының тұлғалық тағдыры, оның бұрындары жарияланым көрмеген көптеген зерттеулері мен Мұхтардың жетекшілігімен 1956 жылы қорғалып, бірақ бекітілмей қалған «Абайдың ақын шәкірттері» атты кандидаттық диссертациясының стенограммалары, архивтік құжаттар, беймәлім мәтіндік материалдар және осы аттас монографияның жариялануына қатысты тарихи деректер – мұхтартануға қосылған мол олжалар. М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты қандайда бір жылт еткен жаңалық, жаңа мәтін, тың тарихи деректер, архивтік құжаттар қазақ әдебиеті тарихы мен мұхтартану саласын толықтырып, тұтастандыра түсері табиғи заңдылық.
Осы ретте Қ.Мәдібаеваның: «…Ал ақындық тұлға болмысын ұғыну, тану, тұтас, бүтін бітімінде білмекке ұмтылуда, әлемдік тұлғатану тәжірибесіндегі дерек атаулыға зеректік, ұсақ-түйек әңгіме деп қарамай, тұлға тағдырына тиесілі ірілі-ұсақты дереккөздердің барлығын қисынды тұтастықта ғылыми негіздеу өнегесінде естеліктердің мейлінше толық қамтылып, қорытылуы абайтануда Абай өмірбаянын толықтырып жазудың өзіндік бір факторы есебінде мәнді», – деген ғылыми тұжырымдары мұхтартануда да ескерілетін елеулі қағидалар екенін айта кеткен жөн.
Ғалымның көп ізденісінің нәтижесінде туған осы еңбекте қарастырылған Қ.Мұхамедханұлының М.Әуезовке қатысты өмір деректері, жазушының тұтас ғұмырының семейлік кезеңіндегі сырт көзге көп мәлім емес мағлұматтар, ондағы кейбір тарихи ескерткіштердегі мерзімдердің Әуезовтің өмірбаянындағы деректерге сәйкес келмейтіні, баспасөздерде жарияланған мақалалардың мерзімі мен оның авторын анықтаудағы ізденістер, өзге де екі шығармашылық тұлғаның тағдыры мен өнерін тұтас қалыпқа сыйғызған шығармашылық байланыстары – бүгінгі мұхтартанудың өзекті ғылыми мәселелері.
Осынау құнды монографияда
«Әуезовтің шәкірті» деген тарауда ғалым Қ.Мәдібаева: «…Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы арақатынасы, адамшылық өріс-тағдыры – өз алдына таусылмас тарих, ұзақ сыр. Қазақ руханиятының осы айтулы екі адамының жаратылысы озық жанын аша алса, ашатын да – өздері. Олардың ұрпаққа қалдырған ғалымхаты. Адамшылық, ар сөзі, Қайым Мұхамедханұлының Мұхтар Әуезов жайлы жазылған әр жылдардағы мақалалары көптомдықтың 5-кітабында топтастырылған.
Бұл естеліктер, мерекелі жылдарда айтылған арнау сөздер, нақтылы бір шығарманың немесе әлдеқалай бір оқиғаның түп дерегіне орай жасалған байлам, тоқтам, ескертпелер Мұхтар сынды заманы қалай қағып-соқса да, қақпайласа да өз биігінде қалған нартұлға екенінен сыр аңдатады, оған қарай жақындата түседі. Өз дағдысында, әрбір фактіні қаз-қалпында қабылдай салуға «қаны қас» Қайым шәкірт ұстазының мұхтартануда әлі де беймәлімдеу, қағаберіс қалып жүрген «елеусіздеу» бір фактісін күн тәртібіне қояды.
Тұлғатану бағытында шығармашылық, ғылым адамының бойына сіңген басым айырмашылықтарында жалғыз түйсік, құр болжам кемдік қылатын, әлемде арнайы зерттеу мектептері бар авторлық мәселесінде ой қозғапты», – деп Қайым Мұхамедханұлының ғалымдық зертханасының ерекшелігін, өзіндік ғылыми стилін, даралық қасиетін айқындап береді.
М.Әуезов өмірінің Семей кезеңдеріндегі өмір тарихтары мен ондағы шығармашылықтарын терең білетін Қайым Мұхамедханұлы кезінде сол өңірдегі педтехникумға қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқитын маман таппай Ленинградтағы оқуын бір жыл үзіп, елге келіп еңбек еткенін, онда нағыз шығармашылық жұмыстар жүргізіп, Абай мен оның айналасындағы адамдардан, көзін көргендер мен ұрпақтарынан ақынға байланысты естеліктер жинауы, ел арасындағы өзге де сөз өнеріне қатысты тұлғалар мен олардың тағдыры, туындылары, батырлар жыры, жалпы қазақтың ауыз әдебиетіне қатысты қаншама құнды қазыналарын жинағаны жөніндегі еңбектеріне кеңінен тоқталады. Мұндағы тың дерек те елеусіз қалмайды. Зерттеуші Қ.Мәдібаева М.Әуезовтің Абай ауданындағы мектеп оқушыларына ел арасындағы әдеби мұраларды жинауды мақсат тұтқан «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журнал шығаруды ұсынғаны жөніндегі фактінің де тың, бұрындары сөз болмаған дерек екенін, осы мақсатта жазған М.Әуезовтің «Әдебиет ескілігін жинау» мақаласының өз атынан жарияланбаса да авторы жазушы екенін, оны дәлелдеу үшін Қ.Мұхамедханұлының: «Мақалада Мұхтар Әуезовтің «Таң» журналында басылған «Қобыланды батыр» жыры туралы мақаласынан алынған да авторлық сөздер барлығын; ертеректе жасы жиырмаға келген Бейсенбай ақын Жәнібековтен (1858 – 1917) өз аузынан жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан мысалдар келтіргенін», бұл жырды 1936 жылы жеке кітап етіп бастырғанын, жырды Бейсенбай ақынның Абайдың тапсырмасымен жазғанын т.б. шығармашылық деректерге сүйеніп дәйектейтінін, мақалада Әуезов өз атын атамай, «Семей техникумы» деп қана жазғанын» айтып айғақтайтынын» (Қ.М.) нақты мысалдар негізінде көрсетеді.
Сондай-ақ Қ.Мұхамедханұлының еңбектерінде алғаш рет ғылыми айналымға түскен архивтік деректердің мәтінін де зерттеуші толық келтіреді.
1925 жылы Мұхтар Әуезовтің Семей губерниялық оқу бөлімінің жанындағы ғылыми-методикалық советтің мүшесі болғаны, 1925 жылы, 15 сәуір күнгі мәжілістегі №21 протоколында фольклорлық мұраларды жинағаны жөніндегі мәлімет те – бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген фактілер.
Зерттеуші Қ.Мәдібаева М.Әуезовтің бұл бағыты одан кейін де жүйелі түрде жүргізілгеніне, Ташкентте 1922 жылы «Шолпан» журналында «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында әдебиет тарихын зерттеу бағыттары жөнінде тұжырымдама жасап, ел зиялыларының жұмыла кіріскеніне, осы мақсатта «Талап», «Алқа», «Табалдырық» сынды үйірмелердің құрылғанына зор мән беріп, мәліметтердің дәлдігіне назар аударады. Кітапта автор ғалым Қ.Мұхамедханұлының «Ұмытылмас ұлы адам» (3-кітап), «Қаламгердің қолжазба мұрасы» (5-кітап) т.б. мақалаларына кеңінен тоқталып, ондағы әрбір әдеби деректің құндылықтарын әңгіме етеді. Әрине, мұхтартану тарихын түбегейлі зерттеудің ғылыми мәселелері мен нақты мәтіндері негізінде зерттелген ойлы да, озық нәтижелері зерттеуші концепциясының тұғырының берік екенін еске салады.
Бүгінде ғылыми ортада белгілі абайтанушы, жамбылтанушы, сүйінбайтанушы, мұхтартанушы ретінде танылған талантты ғалым еңбектері қазіргі кезеңдегі әдебиет тарихын зерттеудің үздік үлгілерін танытты. Аталған салалардың қай-қайсының да жанрлық құбылыстарын зерттеуі мен анықтауы, ауыр текстологиялық мәтіндердің күрделі мәселелерін, осынау мол әдеби мұраларды игеру мен ғылыми, әдеби, көркемдік құндылықтар тұрғысынан бағалаудың жетістіктерін көрсетеді және олардың дені қазіргі қазақ әдебиеттануындағы ғылыми-танымдық деңгей тұрғысынан қарастырылады.
Қазақ және әлем әдебиеті тарихы мен ондағы күрделі кезеңдер мәселелерінен жете хабардар әдебиетші-ғалым Қанипаш Мәдібаева қазіргі әдеби процестегі, оның ішіндегі мұхтартану мәселелеріндегі жетістіктер мен кемшіліктерге, ұлттық дәстүрдегі көркемдік жаңалықтарға, соңғы жылдары әдеби кеңістікте кеңінен орын алған ғылыми ізденістерге тоқталып, арғы-бергі тарихты түбірінен қопара қазып таразылайды, теориялық тұрғыдан талдайды.
Зерттеуші Қанипаш Мәдібаеваның бұл жаңа зерттеуі – сөз жоқ, қазақ әдебиетінің тарихын түгендеудегі, бүгінгі мұхтартанудағы беймәлім мұраларды жүйелеп, ғылыми айналымға енгізудегі жанкешті еңбектің жемісі. Ғалымның қазақ әдебиеттануындағы кенжелеу дамып келе жатқан мұхтартану ғылымына қатысты өзге де тұжырымдары осы саланың жас буынына бағдаршам іспетті.
Айжан ҚҰРМАНБАЙ,
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,
«Әуезов үйі» ҒМО-ның ғылыми қызметкері