ОРЫНДАЛМАЙТЫН БҰЙРЫҚТАР, ШЕКТЕУІ ЖОҚ ШЕШІМДЕР
28.01.2025
71
0

Газетіміздің өткен жылғы 20 желтоқсанда шыққан №51 санында Қазақстан Республикасы өндіріс және құрылыс министрлігінің минералдық шикізат­ты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлт­тық орталығының бас директоры, Қазақстан Мемлекет­тік сыйлығының екі мәрте лауреаты, ҰҒА бірінші вице-президенті, техника ғылымының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменовпен газет қызметкері Еркін Жаппасұлының жүргізген «Орындалмайтын бұйрықтар, шектеуі жоқ шешімдер» тақырыбындағы сұхбатына орай соғылған телефондарды айтпағанның өзінде, редакциямызға түсіп жатқан хат­тар легі толастар емес. Соның бір парасын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

2024 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, ғылым саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік сыйлығының екі мәрте иегері Әбдірәсіл Жәрменовтің сұхбатын үлкен қызығушылықпен оқыдым. Меніңше, әлемге әйгілі ғалым Әбдірәсіл Алдашұлымен сұхбат Қазақстандағы ғылымның қазіргі мәселелерін, оның ішінде, құрылымдық, әкімшілік және қаржылық аспектілерін терең талдау болып саналады. Өз сұхбатында академик отандық ғылымның дамуына кедергі келтіретін негізгі проблемаларды, өзекті және жүйелі мәселелерді, сондай-ақ «әкелер» мен «балалар» арасындағы қазіргі қайшылықтарды шынайы әрі әсерлі баяндайды.
Әбдірәсіл аға жүрегін ауыртып, қазіргі Ұлт­тық ғылым академиясы («ескі» академия) мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жаңадан коммерциялық емес акционерлік қоғам түрінде құрылған Ұлт­тық ғылым академиясы («жаңа» академия) арасындағы кикілжіңге қабырғасы қайысады. Көнекөз ғалымның ойынша, академиялардың («ескі» және «жаңа») құлдырауы мен проблемалары 2003 жылы «ескі» академияның мемлекет­тік мәртебесін жоғалтуынан басталды, бұл оның ықпалын шектеуге және ғылыми-техникалық саясат­тан тым шалғай алшақтауға итермеледі деп есептейді.
Әділ болу үшін ТМД елдерінің барлық Ұлт­тық ғылым академиялары мемлекет­тік мәртебесін сақтап, Қазақстаннан өзгелері, ғылыми-техникалық прогресс пен дамудың негізгі бағыт­тарын айқындайтынын атап өткеніміз жөн. Өкінішке қарай, біз бұрынғы КСРО-дағы әріптестерімізге жағымсыз қырымыздан танылдық. Оның үстіне, академияның акционерлік қоғам түріндегі мәртебесін жаңғырту, негізінен, құрылымдық мәселелерді шеше алмады. Бұл басқару дағдарысына және «ескі»-«жаңа» академия арасындағы қақтығыстарға әкелді.
Академик 2025 жылдың қаңтарына дейін өзі жетекшілік еткен «Қазақстан Республикасының минералдық шикізат­ты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлт­тық орталығы» әзірлеген перспективалық жобалардың негізсіз және ойланбастан жабылғанын үлкен өкінішпен атап өт­ті. Бұл шешімдер еліміздің ғылыми әлеуетіне елеулі нұқсан келтірді. Мұндай шешімдер қазақстандық ғалымдар әзірлеген көптеген технологиялар шетелде сәт­ті жүзеге асырылып жатқан кезде қабылданады, ал Қазақстан ақылға сыймайтын түсініксіз шешімдердің салдарынан экономикалық пайда табу мүмкіндігінен айырылып жатыр.
Ғалым әкімшілік кедергілердің барлығын дәйекті түрде нақтылап көрсетеді. Бұл кедергілерді үстеме құны аса жоғары өнімді жасауға мүдделі емес, бірақ оларды тым қымбат әрі қысқа мерзімді бағалары есебінен шикізат экспортынан жылдам табыс пен жеделдетілген пайда алуға бағыт­талған ірі корпорациялар мен олигополиялар тудырады. Осылайша, академиктің пікірінше, «Қазақмыс» сияқты корпорациялардың араласуы және олардың мемлекет­тік құрылымдарға ықпалы өндіріс көлемінің қысқаруына және экономикалық шығындарға әкелді. Атап айтқанда, жобаларды мақұлдаудың кезінде туындайтын бюрократиялық шектеулер инвесторлардың жылдам уақыт­та шешім қабылдауына теріс ықпал етеді. Академиктің өкінішке толы ойлары сұхбатында айқын аңғарылған.

Еділ МАМЫТБЕКОВ,
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі

Қазақстан Республикасы өндіріс және құрылыс министрлігінің минералдық шикізат­ты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлт­тық орталығының бас директоры, Қазақстан Мемлекет­тік сыйлығының екі мәрте лауреаты, академик А.А.Жәрменов «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында осы саланың мән-жайы, ахуалы туралы жақсы көрсеткен. «Біздің әзірлемелеріміз бойынша әлемнің түрлі елдерінде ондаған кәсіпорындар, 200-ге жуық технологиялар іске қосылды және жұмыс істеп жатыр», – дейді академик.
Осындай жетістіктер әр салада бар. Оның артында «ескі» академиктер тұр. Қазақстан Президентінің академияға мемлекет­тік мәртебе қайтару туралы шешімі өте дұрыс әрі үлкен тарихи маңызы бар шешім. Оған кедергі жасамайық.

Баян Рақышев,
ҚР ҰҒА-ның академигі

 

* * *

2024 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген Әбдірәсіл Жәрменовтің «Орындалмайтын бұйрықтар, шектеуі жоқ шешімдер» ат­ты сұхбатында Қазақстан ғылымының көрнекті қайраткері, өз ісіне адалдығымен, терең білімімен және қажырлы еңбегімен елдің ғылыми-өндірістік әлеуетінің өркендеуіне зор үлес қосқан ғалымның тағылымды ой-пікірлері ішкі әлеміңмен үндесіп, өзіңді еріксіз баурайды
Ғылымның өркендеуіне, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беруге ерекше үлес қосып жүрген Әбдірәсіл Жәрменов ғылымға деген адалдық пен еңбекқорлықтың айқын үлгісі. Оның көшбасшылығымен отандық ғылым халық­аралық аренада мойындалып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін жаңа биіктерге көтерді. Ә. Алдашұлының көрегендігі мен табандылығы арқасында ғылым саласында көптеген тың жобалар жүзеге асырылды.
Қоғам мен ғылым алдындағы қызметі үшін ол кез келген жоғары құрметке лайық. Көрнекті академиктің есімі Қазақстанның ғылым тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Оның еңбегі – келер ұрпаққа үлгі, ал жетістіктері – еліміздің игілігі.
Минералдық шикізат­ты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлт­тық орталық – елдің өнеркәсіптік-инновациялық дамуында жетекші орын алатын мекеме. Орталықтың ғылыми-инженерлік жетістіктері мен халықаралық деңгейде танылған жобалары Қазақстанның технологиялық даму деңгейін көтеруге жоғары үлес қосты. Әбдірәсіл Жәрменовтің басқарушылық шеберлігі мен ғылыми жетекшілігі орталықтың табыстарын еселей түсті, бұл оның ғалым және тәжірибелі ұйымдастырушы ретіндегі жоғары беделін айғақтайды.

Бірлесбек Алияров,
ҚР ҰҒА академигі, Қаз СКР Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты, техникалық
ғылымдар докторы, профессор

А.Жәрменовтің ерекше ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты жасалған жұмыстар өте көп екені көрініп тұр. Ал енді оның кейбір нәтижелеріне ғана тоқтайтын болсақ:
Ғылыми орталықтың ұсынған әзірлемелері бойынша әлемнің түрлі елдерінде көптеген өндіріс орындарында екі жүзге жуық технологиялар өндіріске ендірілген және жұмыс істеп тұр екен. А.Жәрменов: «Тек қана феррохром, мыс және алтын алатын өндірістердегі біздің ұсынған технологиялар бойынша өндірілетін қосымша өнімдер, жылына 150 млрд теңге көлемдегі салық төлемдерін қамтамасыз етіп отыр… Бұл Қазақ­станда бүкіл ғылымға бөлініп жатқан қаржымен тең», – деп айтып өткен екен. Бұл – өте таңғаларлық әрі тамсанатын жағдай. Демек, еліміздегі бүкіл ғылымға бөлініп отырған қаржыны А.Жәрменов басқарған ғылыми мекеменің бір өзі қамтамасыз етіп отыр. Назар аударсақ, бұл – ғылыми ор­та­лықтың жай ғана үш-төрт технологиясының елімізге әкеліп отырған экономикалық пайдасы ғана.
Осындай еліміздегі қиын кездің өзінде, өз идеяларымен өздерінің қажыр­лы қайтпас еңбектерінің нәтиже­сінде осы ғылыми орталық өте жоғары дәрежедегі нәтижелерге же­тіп отыр.
Сондықтан техника ғылымының докторы, профессор, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы А.Жәрменовті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуға лайық деп есептеймін. Себебі біздің елімізде кейінгі 30 жылда ғылыми-өндіріс саласында осындай таңғаларлық нәтижелерге жеткен мекеме басшысы болған емес.

Абдуали БАЕШОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының
лауреаты,
ҚР Еңбек сіңірген өнертапқышы,
химия ғылымының докторы,
профессор

***

Қазіргі кезде Ұлт­тық ғылым академиясының тәуелсіз еліміздің имиджі мен экономикасы үшін алар орны ерекше екені айдан анық. Бүкіл қазақстандық ғылымның көшбасшысы болып академия тұруы қажет. Ол ғылымның даму бағыт­тарын қоғам мен экономика салаларының бағытына сәйкестендіре анықтауы қажет. Академияны кезінде қоғамдық ұйымға айналдыру – оны осы бағыт­тардан шетқақпайлап, ғылыми беделін құлдыратқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаев академияның құрылғанына 75 жыл толу мерейтойында бұл мәселеге күрт өзгеріс жасап, академияны мемлекет қарамағына қайтарып қана қоймай, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА статусын беріп, барша ғылыми қауымның ойынан шығып, еңсесін қөтеріп тастады.
Еркін әңгімеге арқау болған академик Әбдірәсіл Жәрменов ғылыми жетекшілік жасап отырған Ұлт­тық орталық 30 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарған. Талай ғылыми жобалар өндіріске енгізіліп, қазіргі күні экономикамызға қыруар пайда әкелуде. Ғылыми жұмыстар осылай өндіріспен ұштаса орындалса, ел экономикасы дами түсері анық және оған мемлекет тарапынан қолдау күшейсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерт­теу университеті 2020 жылдан бері осы Ұлт­тық орталықпен өзара ынтымақтастық туралы қелісім бойынша бірлескен ғылыми жұмыстарды іске асырып үлгерді. Атап айтсақ, осы екі ұжымның ғалымдары темір силицидінің үдеулі түзілуі бойынша ғылыми жаңалық ашу №522 дипломын еншіледі әрі отандық шикізат негізінде металлургиялық өнімдер алудың үнемді технологияларын жасап шығарды.

Беген Есімов,
геология-минерология
ғылымдары докторы, профессор,

ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты

Қазақстан экономикасын бейбіт жолмен жаулап алу өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғынан бастап, біздің жер байлықтарымызды талан-таражға салу арқылы жүрді ғой. Академик Жәрменов бастаған біздің мекеменің ғалымдары бұл басқыншылыққа мүмкіндігінше қарсы әрекет жасап бақты. Бұл қарсылық олигархтардың ішіне мұз жалат­ты. Олар біздің орталыққа барынша қысым көрсетуге тырысты. Әсіре­се «Қазақмыс» корпорациясы ар-ұят­ты жиып қойып, ашық қоқан-лоққы жасады. Мем­ле­кет­тік, фискалдық ұйымдарды бізге айдап салып: «Осыны біз істеп жатырмыз», – деп та­нау­ларын көкке шүйірді. Бір күні Әбдірәсіл Ал­дашұлы бізді (өз орынбасарларын) шақы­рып алып: «Мен «соғысып» жүрмін, қиын­дық­тар бүкіл қызметкерлерге, әсіресе сен­дер­ге түсіп жатыр. Мүмкін, қарсылықты тоқ­татқаным дұрыс шығар, сендер тоқтат десең­дер, тоқтатамын», – деді. Сонда екі мәр­те Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, бас директордың бірінші орынбасары Дімкеш Мұқанов: «Жеңілгендерден берілгендер көп, олардың қай жағында болатыныңды өзің шеш, ал біз қашан да аяғына дейін сенімен бірге боламыз», – деді. Сонымен, әңгіме біт­ті, күресті ары қарай жалғастырдық. Бұл – сол кездегі өміріміздің бір ғана көрінісі. Біздің елімізде бұндай бассыздықтар қайталанбаса екен деп тілеймін. «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына осы жайларды ашық жариялағаны үшін алғысымды айтамын!

Алма Терлікбаева,
Қазақстан Республикасының
минералдық шикізат­ты толық өңдеу
Ұлт­тық орталығының бас директорының
бірінші орынбасары,
Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір