ЗАҒИРА АПАЙ
06.05.2016
1697
0

d33f67c5652acb3fac99b9dc16bea0c1«Социализм әңгімесі» циклынан

Әлібек АСҚАРОВ

 

– Апай қайтыс болған…

Бұл хабарды Тұрлығазы елден келген бір ағайынның аузынан сөз арасында естіп қал­ды. Дүние салғанына бір жылға таяп қапты. Тұрлығазының жүрегі шым етіп, мы­нау жайсыз хабарды бұған дейін естіме­ге­ніне қарадай қысылды. Орнынан тұрып, кеу­десін кере дем алды да, бөлме ішінде ар­лы-берлі сенделіп кетті.

Зағира апайдың есімі көңіл түкпірінде көмескі қалған көп жайды қайта көтеріп, есіне салғандай еді…

 

* * *

Тұрлығазының да жастық шағы ойқыл-тойқылы көп бір алмағайып замандарда өтті. Қазақтың бетке ұстар көсемдері түге­лі­мен көгенделіп ұсталып, ұлт зиялысының тамыры қырқылған кез. Кейінгі пайда болған көсемсымақтар қарадай көлеңке­сі­нен қорқып, бөріктерін заман ыңғайына қа­рай қисайта киіп алысқан. Қазақ тілінің қасиеті жоғалып, қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан шақ-ты. «Қателесіп» балаларын қазақ мектебіне тапсырып қойған қазақтар сол балаларын қолдарынан жетектеп орыс мектептеріне өткізіп жатты. Баланы орыс мектебіне өткізу үшін бір сынып ке­йін шегеру керек, көнбіс қазақ соның өзі­не риза еді. Өйткені жарқын келешек орыс тілінде, орыс мектебінде. Орысша ті­лің келмей шүлдірлеп жатсаң – дос та, дұш­пан­ да мазақ етіседі, білімсіз, ақымақ, кеще са­найды.

Мінеки, осындай аумалы-төкпелі заманда уыздай ұйыған ұжымын шайқамай, шашыратпай, аман-есен сақтап қалғанның бірі – Зағира апай болатын. Көсем сөзді, ше­шен тілді, қазақтың өр мінезді қыздарының бірі еді. Ұзақ жылдар мектепте ұстаздық ет­іп, кейінгі уақта зейнет демалысына шық­­қанын естіген.

Тұрлығазы мектеп бітірген жылдары Қа­­зақс­тандағы қой санын 50 миллионға жет­кіземіз деп бүкіл ел дүрлігіп, газет-жор­нал күнде жазып, радио мен теледидар құ­лақ етін жеп жатқан кез. Мектеп бітірген жас­тарды қалаға оқуға жібермей, сыныбымен түгелдей қойшы етіп, әр өңірде «комсо­мол-жастар шопандар бригадалары» құрылып жатты. Көктемнің көкөзек бір күнін­де бұлардың сыныбына да галстук тағып, мұздай киінген үш жігіт келіп жиналыс ашқан. Келгендердің біреуі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, келесі кісі – аудандық оқу бөлімінен, үшін­ші­сі тіпті дөкей бастық – аудандық партия ко­митетінің нұсқаушысы екен.

Қастарында сынып жетекшісі Бикен апай бар, үш жігіт Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізудің қаншалықты эко­но­микалық пайдасын, әсіресе, бұл мә­се­ле­нің саяси маңызын ұзақ-сонар сөз етіс­ті. Сон­дық­тан қазір жер-жерде комсо­мол-жас­тар бри­гадалары жасақталып, олар отар-отар қойды көбейтіп, үлкен жетістіктер мен абыройға кенеліп жатқаны аңыздай әңгіме болды. Орден алған, комсомол съездеріне делегат болып жатқан кейбір озат шопандар­дың аттары мақтанышпен аталды. «Ком­му­нис­тік ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр­ген нағыз отаншыл осындай жастардан тә­лім алыңдар, соларға ұқсап бағыңдар» дегендей ұрандалған уағыз айтылды. Сон­дық­тан «сүйікті партиямыздың саясатын оқу­шы жастар, сіздер де бірауыздан қолдап, сынып болып шопандар бригадасына аттаны­ңыздар, сөйтіп елге аттарыңызды әй­гілеп, сый-құрметке бөленіңіздер» деген жалын­даған ұсыныспен әңгіме түйін­дел­ді.

– Оқуды қайтеміз? – деді арадағы үздік оқитын бір қыз.

– Оқу ешқайда қашпайды. Екі жыл жұ­мыс істеп, өмірлік тәжірибе жинақтап, со­дан кейін де оқуға баруға әбден болады. Оқу сендерден ешқайда қашпайды және ол ешқашан кештік етпейді! – деп сендірді партия нұсқаушысы.

– Екі жылда білгенімізді ұмытып қал­ма­сақ… – деп күмілжіді орта тұстан бір ба­ла.

– Айналайындар, бұны мен ойлап тап­қам жоқ! – деп осы арада комсомолдың бірінші хатшысы ешкі көзденіп, жұлқынып шыға келді. – Бұл партияның нұсқауы, сая­си мәселе. Сіз немене, сонда партияның саясатына қарсы шығайын деп тұрсыз ба?

– Жо-жоқ, менікі әншейін пікір ғой… – деп әлгі бала партаның астына бұға түсті.

– Ондай одағай пікіріңізді жинап, қал­таңызға салып қойыңыз!

Сынып іші жым болды.

«Комсомол хатшысының сесі қиын сияқ­ты, екі жылда тұрған түк жоқ, қойшы болсақ бола салайықшы» деп ойлады Тұр­лы­ғазы. Дәл осы дүбәра сәтті аңдып тұр­ған­дай Бикен апай:

– Ал, кәнеки, шопандар бригадасына бү­кіл класс болып баруды қолдайтындар – қолдарыңды көтеріңдер! – деді өзінің жұмсақ та қоңыр даусымен.

Жұрт жапатармағай бәрі қолдарын кө­те­р­ді. Бикен апай орнынан тұрып, кө­те­ріл­ген қолдарды санап тұр еді, есікті айқара ашып мектеп директоры Нүсіпбаева Зағира апай кіріп келді:

– Не нәрсені бөлісе алмай жатырсың­дар? Мына балалар неғып қолдарын шошайтып отыр?

– Класс болып шопандар бригадасын құрмақпыз, Зағира Нүсіпбаевна! – деді сы­нып жетекшісі Бикен мұғалима.

Зағира апай алдымен төрде отырған лауа­зымды қонақтарға қарады, содан соң түгелге жуық қол көтерген сыныпты бір шолып шығып, мүсіркегендей ернін сылп еткізіп, нәумез басын шұлғыды да:

– Е-е-е, шырақтарым-ай, қойшы бола­йын деген екенсіңдер ғой?.. Өмір бойы қой баққан әке-шешелерің жетісіп еді. Енді сен­дер де сөйтпексіңдер ме? Түсіріңдер қол­дарыңды! – деп саңқ ете қалды. Айбыны қатты, сөзі мығым.

Аудандық комсомол комитетінің бі­рін­ші хатшысы иығын қипақтатты. Аудандық партия комитетінен келген нұсқаушы жігіт еліктей едірейе қалды.

– Зағира Нүсіпбаевна, сіз… сіздің бұл пікіріңіз дұрыс емес!

– Неге дұрыс емес? Сонда қой бағуды тек қазақтың ғана маңдайына жазып қой­ып па? Орыс мектебін неге үгіттемейсіңдер? Неге сіздер қазаққа ғана қоқаңдайсыздар? Күштеріңіз бізге, ауыл қазағына ғана жете­ді? Қаланың баласы неге қой бақпайды осы? Сонда қалай, бастықтың баласы – бас­тық, ғалымның баласы – ғалым, ал ауыл­дың баласы міндетті түрде қойшы бо­луы тиіс пе?

– Оны біз ойлап тапқамыз жоқ. Зағира апай!

– Ендеше, көздерің ашық, тілдерің бар, сөздерің жетеді, сол саясатты ойлап тапқан­дар­ға түсіндіріп айтпайсыңдар ма? Тура сөз туғанға жақпайды. Жібергіш болсаңдар не­ге Теміртауға, өнеркәсіпке жібермей­сің­дер? Әлде өнеркәсіп ауыл баласының қолы­нан түсіп қала ма?

Осы арада дәл ортада шәниген аудандық оқу бөлімінен келген жігіт ұшып тұрды:

– Зағира Нүсіпбаевна, сіз… сіз өзіңіздің ав­то­ритетіңізбен бізді бұрышқа тыға бер­меңіз! – деді тілі тұтығып, нарттай қызарып. – Шопандар бригадасын құрып, Қазақстан­да қой шаруашылығын өркендету ісі – «екінші тың» деген атқа ие болып отыр. Бұл – партияның стратегиялық линиясы.

– Шырағым, сен мені стратегиямен қор­қытпа. Ары кетсе – орнымнан алып тас­тар­сың… еден жусам да күнімді көрермін. Ондай ұран сөзіңді қой! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Кісілік сөзімді айтып тұр­мын. Ереуіл сөзге ере бермей, үлкен аза­мат­­сың­дар, елдің сөзін сөйлесеңдерші! Жас­тар­дың жолын кеспеңдер, өспей жатып тап­тамаңдар. Ауылдан жабы емес – тұлпар, құла­дын емес – сұңқар шығады дегенге сен­бейсіңдер ме? Бүйтіп боздағыңды бордай езіп, келешекте не қылайын деп жүрсің­дер?

– Бұл – саяси тайыздық…

– Тайыздық болса, шырағым, мынаған келісейік… Егер анау көрші Луначарский атындағы орыс мектебінен қойшы боп бір бала баратын болса, осы класты әлгі айтқан бригадаларыңа өзім бастап апарам… Әйт­пе­се – қысыр әңгімені қысқартыңдар! Ба­лалардың басын қатырмай, өз жұмыста­рыңыз­ға барыңыздар!

Зағира апай келген қонақтарға есікті нұс­қағандай ишара жасаған. Қонақтар са­лы суға кетіп, еріндерін жымқырып, бастарын шайқап кластан шыға жөнелісті. «Біз бұл істі бұлай қалдыра алмаймыз» деп кү­бір­лесіп, бірін-бірі жігерлендіріп бара жатты.

Келгендер тегі болған жайды «жақ­сы­лап» жоғарыға жеткізген болар, артынша оқу­шылар Зағира апайды ауданға шақырт­қа­нын естіген. Ол жердегі дөкейлердің алдында да Зағира апай айтқанынан қайтпап­ты. Соның алдында екі жыл бұрын бригада құрған екі сыныптың тағдырын мысал етіп, алдарына жайып салыпты… Бір жылға жет­пей ол бригада пышырап, торғайдай тозып, тарап кеткен болатын. Басы таудай, аяғы қылдай құрып тынған еді. Екі сыныптан да бірде-бір бала оқуға түсе алмаған. Екі сыныптан екі қыз алтын медальға бітірісіп еді. Оның біреуі бір жылдан соң күйеуге тиіп, бүгінде оқу да, тоқу да жоқ, от басты, ошақ қас­ты сарылған әйел. Келесі қыз бригадада жүргенде жүкті боп қалып, қазір баласын құшақтап үйінде отыр. Алтын медаль беріп, үкідей үлпілдеген үмітіміз еді екеуі де, әдірем қалды. Бала жасынан «мен кинорежиссер» боламын дейтін бір оқушы ішім­дікке салынып, қылмыс жасап, ақыры түр­меден бір-ақ шықты. «Жастардың арманын жер етіп, ұядан ұшпай жатып қанатын қайырған осындай ахуал үшін кім жауап береді?» деп, тайсалмай табандап тұрып алыпты. «Енді мен өз оқушыларымның тағдырын тәжірибеге сала алмаймын. «Қа­ра­ғайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер» деген. Жүректегі жастық жалынын өші­ріп, обалдарына қалмаймын!» деп қас­қайыпты.

Сөйтіп, Тұрлығазылардың сыныбы құ­дай сақтап, қойшы болудан аман қалған. Бұл оқиға айдарынан жел ескен арманшыл жастардың көңіліне қанат бітіріп, ертеңге деген сенімін бекіте түскен.

Содан кейін-ақ баршасы мемлекеттік емтиханға дайындалып, «кім қандай оқуға, қайда баратыны» айқындала бастаған. Арада екі айдай уақыт өткенде Зағира апай өзіне Тұрлығазыны шақыртып:

– Әй, жетімегім, сен қай оқуға барғалы жүрсің? – деп сұрады.

Тұрлығазы расында жетім еді. Өзі де жетім өскен қыз болғасын Зағира апасы іш тар­­тып, Тұрлығазыны «жетімегім» дей­тін.

– Свулшқа… – деп Тұрлығазы желпіне сөйлеп, мәз болып ыржиды.

Зағира апай оқушысының бетіне бажырая қарады.

– Сыболышы несі?

– Стравопольское высшее военное училище летчиков и штурманов…

– Ұшқыш болмақсың ба?

– Иә, әскери ұшқыш болам!

Апай маңдайын тіреп ойланып қалды.

– Арыз беріп қойдым… Жуықта комиссиядан да өттім, денсаулығым мықты. Енді емтиханды тапсырған бойда кетем! – деп Тұрлығазы әскерилерше тақылдай жө­нелді.

– Оны кім саған… әскер боласың деп жүрген? – деп күрсінді апай.

– Военком!

Зағира апай орнынан тұрып:

– Жүр, кәне сол военкомыңа! – деді де, Тұрлығазыны ертіп сыртқа беттеді.

Сол бойда бір жас мұғалімнің машинасына мініп, іргедегі Жәркент қаласына Тұр­лы­ғазыны жетелеп алып барды. Ешқай­да бұрылмастан бірден әскери комиссардың өзіне кірген. Комиссар Зағира апайды бұрыннан таниды екен, есік көзінен қарсы алып, қолынан демеп орындыққа отырғыз­ды. Хатшысына шай алдырып, Зағира апайдың алдына қойды. Сарыала киімді ком­иссар қабағы түксиіп, түсі суық болға­нымен, жібі түзу, жүрегі жұмсақ кісі екен.

– Жүсіпбек шырағым, «қадіріңді білме­ген­ге қадіріңді кетірме» дейді. Өзіңе қадірім жетеді ғой деп әдейі келіп отырмын. Сұ­райын дегенім, мына баланы қайда жібер­гелі жүрсіңдер? – деп, Зағира апай сөзін әріден орағытып бастады.

– Бұл жігіттен біз летчик жасайық деп жүрміз… Военный летчик! – деді комиссар іштей мақтанғандай болып. Апайдың қасынан Тұрлығазыны көрген бойда осындай әңгіменің боларын ол алдын-ала сезген сияқты.

– Е-е-е! – деді апай басын шұлғып.

– Бұл жігіт әнеу күні біздегі комиссиядан өтіп қойды, летчик болуға жарап тұр. Денсаулығы мықты! Документтерін дайындап, әзір отырмыз!

– Сол документтерді көруге бола ма? – деді апай басын көтеріп.

– Зағира Нүсіпбаевна, әрине, сізге болады ғой… көрсетеміз!

Комиссар ішкі телефонмен Тұрлығазы Дуанбековтың құжаттарын сұратты.

Көмекші лейтенант лып етіп бір папканы комиссарға тапсырып, қайыра шығып кетті. Комиссар папканы Зағира апайға қарай ысырды.

– Мінекиіңіз!

Апай папкінің ішіндегі қағаздарды бөлек шығарды да, ортасынан қақ айырып, жыртып тастады. Бұл әрекетті көріп отыр­ған комиссар сөз таба алмай тұтықты. Онсыз да күрең жүзі тотыға қарайып, шүңет жанары жарқ-жұрқ ете түсті.

– Жүсіпбек шырағым, сен маған рен­жі­ме! – деді Зағира комиссарға бұрылып. – Мынау бала бір атаның соңында қалған жалғыз тұяқ. Өзі әке-шешеден де ерте айрылып, жетім өсіп келеді. Сонда бұ баладан әскер жасап, орыстан қатын әперіп, тұқы­мын тұздай құртпақсыңдар ма?

– Зағира Нүсіпбаевна, бұныңыз дұрыс емес!

– Неге дұрыс емес? Әскери адамның жа­йын біз де білеміз… Камчатка ма, Магадан ба, жоқ әлде Ақ теңіз бен Қара теңіздің арасы ма, әйтеуір тілін де, дінін де ұмытып, туған елінен кіндік үзіп қалады. Сендер солай етпексіңдер ғой? Жарықтық Сабырбай ақсақалдың ұрпағы бөтен ел, бөтен жерге судай сіңіп, тастай батсын дейсіңдер ғой? Ұрпағы орыстанып кетсін демексіңдер ғой? Жоқ, ол болмайды! Мен тірі тұрғанда ондай жөнсіздікке жол бермеймін. Сен мені түсін, Жүсіпбек шырағым, қағазыңды жыртты деп маған ренжіме! Менің басқадай амалым қалмады! – деп апай қара пәпкіні комиссарға итере жылжытты да, Тұрлыға­зыны жетелеп бөлмеден шыға жөнелді.

Комиссар төмен қарап түнерген күйі қолындағы қарындашын тықылдатып, үнсіз қала берді.

Зағира апайдың сесінен қорқып Тұрлы­ғазы содан кейін әскери комиссариат жаққа жолаған жоқ. «Сен қайда жүрсің» деп ол жақтағылар да Тұрлығазыны іздей қоймады. Сөйтіп өмірдің ағысы оны өзге арнамен алып кете барған.

 

* * *

Әлгі оқиға себеп болып, сол жылы күзде Зағира апайды орнынан алып тастады. Кейінгі өмірінде ол кісі қатардағы мұғалима боп қызмет жасап, зейнет демалысына шықты деп еститін.

Дариға-ай десеңші, сол Зағира апайы да дүниеден өткен екен-ау! Қырық құбылған алақұйын заманда шындықты бетке айта білетін сирек азаматтың бірі еді ғой!

Зағира апайдың айтқаны келіп, шәкірт­тері шалымды шықты… Көпшілігі ілгерінді-кейінді әр түрлі оқуға түсіп кетіскен. Соңы­нан осы 28 оқушының арасынан екі ғылым докторы, төрт кандидат, екі журналист, газеттің бір басшысы, мемлекеттік мекеме­лер­дің бірнеше жетекшілері өсіп шыққан еді. Соның бірі – Тұрлығазы Дуанбеков бола­тын. Ол сол жылы Мәскеу полиграфия институтына түсіп, қазақ жастары арасынан «полиграфия инженері» дейтін сирек мамандықты иеленді. Іргелі баспаханада цех бастығы, Баспасөз министрінің көмек­шісі, министрліктің Полиграфия басқар­ма­сының бастығы қызметтерін атқарды. Алғашқы лекпен еліміздің жаңа астанасына көшіп, мемлекеттік «Елорда» баспасын ұйымдастырды. Өзі ұзақ жылдар бойы осы баспаға жетекшілік жасап, ұлт руханиятына қосылған тамаша кітаптар шығарды. Қай қызметте жүрсе де әріптестеріне абыройлы, дос-жарандарына сыйлы, айтулы баспагер, білікті маман, білімдар басшы ретінде таныла білді.

 

* * *

Ертеректе Алматы облысы, Панфилов ауданында болған тағылымды бір оқиғаның жай-жапсары, мінеки, осы! Мен бұл әңгі­мені Тұрлығазы Сабырбайұлының өз аузынан естіген едім.

Зағира апай – ұлттық сұңғат өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің немере қарындасы екен.

Нұрыңыз пейіште шалқысын, алмаға­йып заманда жастардың тағдырына араша түс­кен қазақтың қайсар қызы!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір