Бағира – Шер…


Роза МҰҚАНОВА
Сүзіліп, жанары төңіректі жұтып қоярдай емініп қарады. Көзі – мойылдай қою қара, шертіп қалсаң, жарылып кететіндей мөп-мөлдір. Күздің қарасуық таңында жапырақ бетіне қонатын дәл осындай мөлдіреген шық болушы еді. Тәңірі жаратқанның бәрі сұлу, бірақ Бағира сұлулықтың үлгісіндей. Керіліп маңына көз салғанда жанындағыларды емес, аулақтағыны көре алатын. Бұл тап басып көргенді өзгелер аңғара да алмайтын. Бағира алысқа қызығатын, жердің шетін іздейтін. Мұны көргендер алғашында бірден көңіл кілтін ұсынып еміренбек болады, бірі – алақанын созып сиқырламақ, бірі – басыбайлы етпек, бірі – өмірбақи ырқына көнбек, бірі…
Сұлу мен сүйкімдінің қасіреті – өзгелердің есіре қызығуы деп ұғатын. Қызығудың ақыры – бүлдіру, жоқ қылу… Бүлінсе – өздеріндей көптің бірі болып, қаңсып, әдірәм қалмақ. Сондықтан Бағира көзге көп түскісі келмейтін, қоянжүрек, үркектігі бар еді өзінің. Сүйкімдіге, алдымен, сүйкімсіздердің өш келетінін де барлап отырып бағамдап алған.
Бағира – жай жаратылыс емес, ерекше жаратылыс. Ол өзін қожалақтардан аулақ, бойын таза, сақ әрі сергек ұстады. Көзінің аласы аз, қарасы көп Бағираны кім ұнатпады дейсіз…
* * *
– Шер!
Әйел жібек көйлегі сусылдап, еріне емеурінмен үн қатты.
– Ғашықпын…
– Білемін! – Жуан мойын өзіне өте сенімді кейіпте басын қақшита шалқалап, әйеліне ыржалақтай деуге келмейтін шығар, бірақ бір сырлы күлкімен қулана күлді.
– Саған емес…
Кеседегі шай жол-жөнекей кідіріп барып, ілке тоқтап қолға әрең ілінді. Әйел түксие қараған ерінің едірейген мұртына, шатынаған көзіне жауап іздеп сасқалақтап қалды.
– И…и …қойшы! – деді Шер. Сенің әзілің де бір атты адамды құлататындай екен.
Көңілі орнына түскен Шер шайын сораптап, қатынға қарайлап қояды. Қатын үнсіз…
– Сонымен…
– «Сонымен» деймісің, сонымен жалғыздықтан шаршадым. Арамызда бала болмады. Мына үй – үй емес, мазарға айналды. Сен кешке дейін қызметтесің.
– Содан…
– Содан… Мен ғашық болуға ұмтылдым.
– Қара бассын! Таптың ба не?..
– Таптым!
– Қой, ей! Кім екен ол бейбақ? Кім?.. Кім болды?
– Соны сұрамаймысың?.. Кім екенін сұрамаймысың, әуелі…
Қатын орнынан атып тұрды да, Шерге жақындап келіп мойнына асылды.
– Саған да ұнайды, ол…
– Бала асырап алатын болдық па? – деді Шер тамағына әлдене тұрып қалғандай жұтынып. Бір сәт жүзі алаулап, «Ақылыңнан айналдым!» дегісі келді де, қатынды білегінен ұстап, өзіне тартты.
– Бала?..
– Жоқ! Өзіңнен тумай бала болушы ма еді… Басқа!
– Басқа?.. Еркек пе, не? Онда еркек болды ғой.
Әйел тоқ бұғағымен емеурін танытып, басын шайқады. Осы сәтте Шер қолындағы салфеткасын дастарқанға жаялықтай етіп тастай салды да:
– Так… Езбе сөзге уақытым жоқ. Менің тура сағат үште шақырылып қойған жиналысым бар, – деді.
– Онда кешкісін үшеуміз бірге тамақтанамыз!
– Үшеуміз… Мейлі!
– Шер?.. Рұқсат бересің ғой… Ренжімейсің ғой… келісесің ғой…
– О, Алла! Бала болмады, еркек те болмады. Онда әйел болды ғой. Әйел…
Шердің тілінің ұшында «қыз шығар» деген үміт оты бар еді, бірақ оны сыртқа шығаруға иә қорықты, иә жүрексінді. Әйтеуір, аяқ асты жылт еткен жымысқы ойды желкелеп, тұңғиық бір түкпірге атып ұрды да, тұншықтырып тастады.
– Жоқ! – деп шаңқ етті қатынның ежелгі таныс дауысы. – Әйел емес!!!
Шер жым болып, аяқ киім киетін қалақты іздеп әлек болып қалды.
– Қыз! – деді қатын дауысын әлдеқайда бәсеңдетіп.
– Қыз!!! Кетші, ей! – Шер бұл сөздің аузынан жылдам шыққанына өкініп қалды. Қалбалақтап келіп, шығатын есікті шатастырғандай әйелін бас салып құшақтай алған. Осы жолы қатынды бұрынғыдан да ерекше аймалай түсті. Қатынын жаңа көргендей мәпелеп, ынтығып, аймалап айырылар емес.
– Сен не қаласаң да мен көнген, мен әбден көнбіс болған, мен – көнтері болған Шермін. Сені сүйетінімді білесің, сенікі екенімді білесің, сен үшін өмір сүріп жүргенімді білесің.
– Шер! – деді қатын сезімге ұйып, бауырына еніп бара жатқан ерінің кеудесін нұқып: – Болды, жиналысым бар дегенсің! Кешігіп қалма!
Шер әйелінің көзіне қадала қарады, айырылғысы жоқ.
– Шер! Сен ренжитін шығар деп ойлағам, сен мені көрмейтіндей атой салатын шығар деп едім. Көнгенің ғой, иә! Ризамын, ризамын, Шер…
Оның мына сөзі өзінікі еместей көрінеді. Мұндай шешімге келген әйел қайғыдан қара жамылғандай, қара аспан қақ төбеден айырылып, жаһаннамнан жарлық келгендей естерінен адаспайтын ба еді, адасқанда да өз күйеуін өзі танымастай, таныса азуына салып, қан-жынын араластырып шайнап тастайтындай бір сұрқия бейнені елестететін. Мұның жары күйеуінен жалынып-жалбарынып рұқсат сұрайды. Әйел ақылды боламын десе де – әп-сәтте, албасты боламын десе де – әп-сәтте деп қалды Шер.
– Шер… Ерте қайт, бізді күттірме! Ұят болып жүрмесін.
– Жақсы. Айтпақшы, жол-жөнекей коньяк, виски, вино… Қайсысы?
– Сен ішсең, бүгін мен де ішемін. Сенімен қосылып ішпегелі қашан! Ал ол…
Қатын сығырая күлімдеп, басын шайқады.
– Ол ішімдік ішпейді.
Шер асыққан сайын көлігі алыстап кеткендей. Жер айналып бұны, бұл айналып жерді қуып келе жатқандай. Бұлттар көкте бір-бірінен сүйінші сұрасып асыр салғандай. «Дүние осылай бір сәтте жаңара салады екен-ау, жарықтығым!» – дейді Шер, бұрынғы запыран-шерін ұмытып…
Бүгін күні бойы тек әйелі жайлы ойлады, оған әділетсіз қараған тұстары көп сияқты. Сыны да, артқан міні де көп екен. Жаны ашып, елжіреп, көзіне жас келді. «Осы қатынды алғанда жарықтық анам қарсы болып еді, неге сонша ұнатпады екен?.. Содан ба арамызда бала да болмады…» Шердің жұтқыншағы жұдырықтай болып бүлкілдеп, маңдайындағы күретамыр білеуленіп кетті. Өзін қайта қолға алып: «Асыл жар…» – деп күбірледі. «Жер ортаға жасым таяғанда ұрпақсыз қалмасын деген екенсің-ау… Сенің тереңнен ойлайтыныңды сезетінмін, бірақ көңіліңе көп қарайладым. Сенің кіршіксіз көңіліңе қаяу түсіргім келмеді».
Шер сол күні бүкіл іс-шараны кейінге ысырып, жиналысты басқа бір күндерге сырғыта салды. Бүгін танысатын қызды ойлап, алабұртса керек еді, неге екені белгісіз, қырық жыл бірге тұрған қатынға бауыр еті елжіреп, езіле түсті. Осы уақытқа дейін қатынын жамандаған, адал жар, ақ некені суытқан, «ажырас» деп ажырайған, «бұл қатынды таста» деп тасырайғандардың бәрінің алдында Шер мұң басқан еңсесін көтеріп отыр. Қатынның кемеңгерлігіне көзі жетіп отыр.
«Арақ ішсе несі бар екен. Бастықтың қатындары түгел ішті. Ал менің қатыным ішсе, ішінде ат басындай шер жатты. Ішсін! Әсіресе ағайын-жұрт табалауын қоймады. Сосын ішті. Періштем менің! «Анабір Мәшһүр Жүсіп деген кім?» – дейді көзжасы көл болып.
– Шер! Енді маған Мәшһүр Жүсіптің айтпағаны қалып еді.
– Не депті?..
– «Қатыннан ұл таппаған, ешкі артық лақтаған» депті.
– Да… а… солай деп пе, ей?!
– «Бозбала, неден мұндай болдың
сорлы,
Құны жоқ қатын алып ешкі құрлы?!
Малыңды ертең біреу талап алса,
Болады бұл сөзімнің сол күнде орны.
Онан да беріп, өзің ал бір қатын,
Ұнатар қатын байдың «қубас» атын.
Құдайым құр алақан тастамайды,
Сен тұтсаң Хақ пайғамбар шариғатын, – депті. Сонымен қоймай:
Дозақы қатындарға мұны айтамын,
Үстіне өлсе қатын алдырмайтын», – депті.
– Ауыр айтса да, ақиқатын айтқан екен. Бірақ ол кісі – сен екеуміз дүниеге келмей тұрғанда өмірден өтіп кеткен ғұлама! Бұл насихаттың екеумізге мүлде қатысы жоқ! – деймін ғой. Қатынымның сол жолғы қуанышын көрсе ғой бұ жұрт! Сол жолғы қуанышы, сол жолғы жұбанышы естен кетпес. Ақыры көрдіңіз бе, ақыры біздің қатын ғұламаны оқи-оқи ғұлама болған…
Шер еңсесін тағы бір тіктеп қойды. Аяғының үстіне аяғын айқастыра салды. «Қалай болар екен?.. Бірге тұратын болдық па?.. Бірге тұрмағанда ше?.. Әрине, бірге, бірақ біртүрлі…» Көңілі сергіп отырған Шер енді сергелдеңге түсті. «Көрерміз, бір ойлағандары бар шығар…»
Ұшып келеді қалбалақтап, қолында – раушан гүлдері. Неге екені белгісіз, екі түрлі гүл алды. Бірі – аппақ, үкінің қауырсынындай пәк. Екіншісі – қып-қызыл, өрт.
* * *
– Жане-е-е…е-е-е…м…
– Шер, келдің бе?
Қатын күйеуіне қарай домалана жүгірді. Жібек көйлекті желбегей жамыла салыпты, онысы сусылдап, сыпырылып түсіп қалуға шақ тұр. «Қонақтан ыңғайсыз екен, ұстамдырақ, салмақтырақ киінгенде болар еді, – деп түйді Шер. – Жарайды, нишеуа! Нишеуа десе, қойды қасқыр жемейді». Мұнысы – өзін-өзі сабырға шақырғаны, «ничего» деген түрі.
Расында, дастарқан бұрынғыдан да көрікті-ақ! «Көрікті болмағанда ше…» Шердің ойын қатынның дауысы бөлді.
– Шер! Сен төрге шық! Ал қыз бүгінше қонақ, сондықтан ортамызда отырсын, еркелесін, үйренсін! Бірақ басымызға шығарып алмайық. – Әйел сылқ-сылқ күлді. – Шер, рас айтамын! Мен қызға ғашықпын. Қазір көресің, сен бірден ғашық боласың, айтпады деме!
– Тырысамын! – деп ыржалақтады Шер.
Бұлар жайланып отыра бергенде, ас үй жақта әлдене сылдыр етті.
– Ыдыс-аяқ жуудан қолың босайтын болыпты.
– Ой, Шер! Ыдыс-аяқ жуудан мені Құдай құтқара қоймас.
– Бағира… Бағира-а-а… Келші, жарығым! Келші… Болшы, ағаң екеуміз күтіп отырмыз. Сен сияқты сұлуды сарыла күттік. Келе ғой, ұялма! Бұл – сенің өз үйің.
Дәлізден керіле басып, аппақ кілемнің үстінде Бағира қалқып барады. Бірде ауамен көтеріліп, бірде жерге табан тіреп жүзіп бара жатқандай. Бағира шынымен сымбатты еді. Жотасы жап-жазық, жылжыған сайын билеп бара жатқандай. Ол аяқтарын ерекше салтанатпен басып, үлпілдеген қалпы босағаға да жетті. Аппақ кілем үстінде құндыздай таранған, қадала қараған – қап-қара мысық… Бұл көп мысықтың бірі емес, бұл – Бағира. Бағираны мысық деп айтудың қажеті жоқ. Ол – сылаң қаққан, сұлу Бағира! Аты затына сай Бағира.
Қара мысық босағаға жетті де, төрде отырған екеуге нұр шаша қарады. Бағира төрт аяғын тік басып, сымдай тартылып керілді-ай дерсің. Осы кезде оның бойының биіктігі ерекше байқалды. Дастарқан басындағы екеуді алыстан аймалағандай, танысып-табысып аялағандай жүздесті. Шер Бағираны көрген сәтте бір бозарып, бір сазарып, мелшиген қалпы қатты да қалды. Қатын Шердің ғашықтықтан тіл-аузы байланып қалды деп ұқты.
– Бағираң осы ма?..
– Иә, Бағирамыз – осы.
– Қыз деп ең…
– Иә, бұл – қыз, ұрғашы мысық.
– Ғашықпын де…
Қатынның ұртындағы езіліп тұрған қызанақ жарылып кетті. Аппақ дастарқанға қып-қызыл тамшылар себеледі. Мосқал тартқан қатынның мына әрекетіне Шер суық жымиды. Іштегі өксік сыртына шықпағанмен, шықшыты айырылардай айқұш-ұйқыш қайшыланып барып, әрең саябыр тапты. Күздің қара суық таңында жапырақ бетіне мөлдіреген шық қонатын. Сол шық дір етіп, лезде тарап кетті.
* * *
…Жалғыздықтың не екенін бұл үйдің қатынынан емес, Бағирадан сұраңыз. Бағира кең үйді кезіп-кезіп, терезе алдындағы Шердің жұмсақ креслосының арқалығына шықты. Орын жылытып, бауырын жазып жатты. Қатынның бүкіл әрекетін бағып, әр қозғалысына, киіміне, тамақ жасағанына, күйеуі келер кездегі аласұрып, бездектеп дайындалатынына, кейде бүрісіп алып жылайтынына зер салды. Ондай сәтте секіріп түсіп, қатынның аппақ балтырын құйрығымен жанап өтіп, көңілін аулайды.
Қатынның көңілі әлденеге ынтызар, құмар, бірақ дәрменсіз… Бағира оның өрекпіп тұрған көңіліне сабыр сыйлайды, мамықтай үлпілдеген жүндерімен бұғағы салбыраған әйелдің кеуде тұсын басып, ұзақ жатады. Қатын кейде тұншығып бара жатқандай атып тұрады. Атып тұрып, Бағираға ажырая қарайды. Кім білсін, Бағира иесінің тәкаппар, бейпіл әрекеттеріне салмақпен тыйым салғысы келе ме екен…
Қатын өзінің кеудесін әлдебір тыс күштің басып-жаншығанын әсте қаламайтын. Осындай сәтте Бағира да ырғып барып, еденге шошайып отыра қалады. Қатын бұған, бұл қатынға қарайды.
Бүгін күн ұзақ… Қатын Бағираны құшағына бөпедей бөлеп аулаға шықты. Екеуі табиғатты тамашалады. Бағираның екі көзі иесінде, қатын да Бағираның әр қылығын қалт жібермей келеді. Бүгін Бағираны салонға алып бармақ, тұяғын алдырады, үлпілдек жүндерін жөнге келтіреді. Мүмкін мысыққа лайықты түрлі-түсті тастардан мойнына әшекей таққызар. Қалай болғанда да, ұрғашыға тән сән-салтанатқа Бағира лайық.
– Менің сұлу қызым… – деді қатын Бағираның жұп-жұмсақ төбесін иіскеп. Бағира көзін жұмды.
Әйел быртиған саусақтарымен Бағираның қабағын, сап-салқын мұрнын сипалап қояды. Ары-бері өткендер Бағираның салтанатты, кербез жүрісіне, үйлесім тапқан әшекейіне мән беріп, қызыға, ұмтыла қарасты. Алыстап бара жатса да көз жауын алған Бағираға әр тұстан жұтына қараған жылмақай көз, күбір-сыбыр әңгіме, тіпті кейде мысқыл, ерсілеу көрген жымысқы күлкі де естіліп жатты. Бірі – иесінен адастырып, ертіп кеткісі келеді, бірі – уақытша қызық көріп, ермек етіп ойнағысы бар. Олар Бағираны кім деп жүр. Бағира Шер мен сүйікті әйелінің ешкімнің қолы тимеген, мәпелеп отырған үміті ғой. Көздерінің қарашығындай аялаған сұлуы.
– Ше-е-р?.. Келдің бе?.. Бағира! Папа келді, алдынан шық!
Кешке дейін зерігіп отырған Бағира есікке қарай оқтай зулап, атып-ұра жөнелді. Шердің аяғына оратылып, мың бұралып, еркелеп есі кетті.
– Қазір, қазір… – дейді Шер қылықты қыздың қылығына сүйсініп. – Алдымен ,қолымды жуайын, ал кел, келе ғой енді…
Бағира Шердің иығына таққа отырғандай қаздиып шығып алыпты, мүлт кетпей, мүдірмей отыр. Дәл бір тақ үстіндегі патшайым дерсіз. Тіп-тік, қаздиған қалпы. Енді бір сәт мойнына оратылып, екі аяғын Шердің екі иығына көсілте созды да, Шерді біржола ноқталағандай еркінсіді.
Бағираның сирақтары салалы, ұзын. Дәл мынандай жатысты өзге мысық ешқашан жасай алмасы анық. Сан қырлы қылығы бар, Бағираның…
Әйел Шерге күлімдей қарады. Бейне бір ортақ баласының қызығы мерейін үстем еткендей.
– Мынаусы не?.. Тым шолжаңдатып алдық. Бағира! Түс болды, әкең шаршап келді, дем алсын.
Сол-ақ екен Бағира шалт қимылдап, алдыңғы екі аяғын ерлі-зайыптының мойнына артып, екеуін бірдей құшақтағандай артқы екі яғын салбыратып, екеуге асылды да қалды. Оның жұп-жұқа, қызғылт терісі тым тартылып кеткендіктен тылтиған емшегі де ап-анық көрінді. Қатын мен Шер Бағираның шеберлігіне, баладай пәк сезіміне, тапқырлығына дәл бұлай рақаттанып күлмеген болар.
* * *
Сол күн жауынды болды… Бағира жауынды күнгі далаға мұңая қарады. Сұп-суық әйнекке жабысып ұзақ тұрды. Бәлкім, жалындап тұрған ыстық сезімін суытпақ болып, сап-салқын әйнекке төсеп, рақаттанып тұр ма екен… Құйрығын біздитіп қадап, қақшитып алды да, төменге назар салды. Ысылып, ашық тұрған терезенің жақтауына имене шықты. Мұнысы –қырсыққаны, болмаса, өз ашуынан өзінің тітіркенуі. Ол бағана бір сұмдықты сезген… Ол тұңғыш рет Графты салонда көрген. Граф өтіп бара жатып, бұған әдейі сүйкенді. Сүйкеніп тұрып, жып-жылы сезімін жіберді. «Біліп жүр тегінде, танып жүр мені… Мен – Графпын!» дегенін Бағира сезді. Кетіп бара жатқанда да Бағираның жанына жуықтап, жанасып тұрып сүйкеніп кетті. Сүйкеніп тұрып, бұдан былай бұған жақын болатынын және бір сездірді. Өткір жанары әйнектей жалтырап тұр екен, міз бақпай қадалып қарады да, «менікісің!» деп кетті. Ақырын айналып, қайта бір соғып, құндыздай қап-қара сұлу мүсінді иеленгісі келіп, айналшықтап иіліп тұрды да, Бағираның жұпар иісін алды… Бағира да сымдай тартылып барып, имене созылды да тапжылмай қатып қалды. Оның дәл осы мүсіні, керілген тәкаппар келбеті Графтың асау сезімін қоздырды. Бағираның құмырсқаның ініндей болған танауында Графтың аңқыған иісі қалды. Бағира бұрын-соңды болмаған бір күйді бастан кешіп, елітіп, талықсып, құмарлана сүзілді. Бойы иіп, бір отырып, бір тұрды. Граф иесінің соңында саптағы әскердей тіп-тік болып аулақтап кеткен екен. Бағира дауысының қалай шыққанын өзі де аңғармай қалды. Жапанда қалып бара жатқандай,тасқын судың астында көмілердей, көмілсе – жоқ болардай, енді дүлей толқында адасатындай «Мяу!» деп қалды. Дауыс қысқа әрі ап-анық шықты.
Бағираның жұпар иісіне масайып келе жатқан Графтың да күткені осы. Артқа қарай кері бұрылып, оқтай зулады. Екеуі де жүгіре басып, еміреніп үлгерді. Көргендері жаңа ғана, танысқандары да жаңа… Бұлар бірін-бірін баяғыдан танитындай, ежелден қосақталып бірге жүргендей сезінген. Екеуі ұшыраса қарады, сағынысып үлгергендей арбасады. Екеуі де жіпсіз байланып, тұсалып қалғандай сезім кешті.
– Бағира-а-а! Бағира! – Қатынның дауысы.
– Граф! Граф! – деп жан ұшыра шақырған жас қыздың дауысы. Екі мұңлық иесінің шақырған дауысына бола екі жаққа айырылып бара жатты.
* * *
Ай төңкеріліп жатыр, қою түн… Аппақ шілтері перде түнгі салқынмен қозғалады. Ақ перденің арғы жағында жаңа түскен келіндей, жасанып Бағира отыр. Ол бүгін үй иелеріне салқын қарады, көңілсіздеу салғырт қана көз салды. Графтың иісі алғашқыда танауын жарғандай болған еді, байқаса оның иісі бүкіл денесіне тарап кеткендей екен. Бағира алғаш рет денесін тілімен тарап, аяқтарына дейін жалады. Сыртқы есіктен далаға шыққысы келді. Зіл-батпан темір есік еңсеңді басқандай тарс жабық тұр. Кешегі жартылай ашық терезеге қайта оралды. Ептеп, терезенің сыртқы жақтауына аяқ тіреді. Еппен, сырғақтап төменге түсіп, әупірімдеп кешегі Графпен қоштасқан жерді тапты. Қызық, Граф Бағираны дәл осы тұста күтіп жүр екен, Бағираның дәл жеті түнде жетіп келетінін қайдан білген?.. Бұлар түні бойы бармаған жері, баспаған қуысы қалмай ұзақ қыдырды. Енді осы қыдырысты үзбеуге келіскендей таң қылаң бергенде ғана Бағира есігінің алдына келді.
– Шер?.. – қатын түскі тамақтың кезінде бір әңгіменің басын шығарды. – Сен Бағираның өзгерісін сезбеймісің?
– Не болыпты?..
– Көршінің мысығы Граф… Бағираны айналсоқтап жүр, біраз болды. Кірсе де, шықса да аңдиды да тұрады. Бұл да сылаңдауын қоймады, қас қарайса, есікті тырналайды да тұрады, тыным жоқ.
– Енді?..
– Енді не болушы еді, анау түйедей болып, Бағираның артынан қалмайтынды шығарды. Мен қорқамын, Шер! Зорлап қойса, қайтеміз…
Шер ұрттай берген шайына шашалып қалды.
– Осы сенің миыңда бір тыным жоқ екен. Тиіспе оларға… ойыны қанғанша ойнасын.
– Шер, сен не айтып отырсың? Білесің не боларын… Бағира – қыз… Граф – жігіт…
– Тиіспе дедім, саған! Бағираға қолыңды тигізбе! – «Мені бақытсыз қылғаның жетеді, енді Бағираны…» дегісі келді, бірақ Шер сөзін жұтып қойды. Оның айтылар сөзді жұтып қойып үйренгеніне қырық жыл болған… Әдеттегідей, жаялықтай салфетканы дастарқанға тағы да тастай салды. – Бүгін екі бірдей жиналысым бар, кеттім! Кеш келемін…
«Болмайды, бұлай жалғаса берсе, масқара боламыз. Ертең Бағира шермиіп кеп тұрса, не бетімді айтамын. Далаға тастай алмаймыз. Оның үстіне, мысықтың қарғысы жаман дейтін. Бір туғанда бес-алты марғауды бір-ақ туып тастайды бұлар. Оны қайда апарады екенмін? Үйді мысық қора ете алмаймын ғой. Мұны отамен стерилдеу керек, бітті шаруа! Құда да, құдағи да тыныш. Осы – дұрыс шешім, салиқалы шешім, сауатты шешім…»
Қатын бұл ойды Шерге де, Бағираға да білдіргісі жоқ. Бағира әдеттегідей сән салонына бара жатырмын деп ойласа керек. Тек үстіне жамылғы жауып, әлдекім қарын тұсына – бір, жатыр тұсына – екі, біздей инені сұқты да лезде суырып алды. Бағира есінен танғандай сылқ ете түсті. Содан біраз уақытқа дейін бойын жинай алмай, сүлесоқ жатты. Ақ киінген, маска таққан біреулер Бағираның үстіне жамылғы жауып, катетер қойып, иесінің қолына тапсырып жатты.
– Бағира! – деп еркелете шақырған дауысқа елең еткен Бағира жоқ. Азалы… Мұңлы… Қаралы… Тек үйге жақындаған кезде ғана Графтың аңқыған иісін сезді. Аула алдында түксиіп күтіп тұрған Графқа «мия-у-у», – деді жылаңқы бір аянышты дауыспен. Ол да бәсеңдеу дауыс салды да тоқырап қалды.
Бағира екі-үш күн далаға шықпады, терезе алдына да бармады. Күйреп, бүрісіп жатты да алды. Шер үйге енгенде ғана аққан жұлдыздай зу етіп, далаға тұра жүгірді.
– Мынаған не көрінді?
– Ит біліп пе? – деді қатын. – Оның есіл-дерті Граф!
Бағира жүгірген бойда Графтың алдына екпіндей тоқтады. Басын салбыратып, иіліп ұзақ отырды. Граф алдыңғы аяғымен оның басын көтеріп, өзіне тіктеп қаратты. Бағира жылап тұр екен. Көзінен төгілген жас айқұш-ұйқыш мамық жүндерін терісіне жапсырып тастапты. Граф оның сап-салқын танауын, сосын, шекесін жалады. «Соңыма ер, кеттік!» дегендей өзі алдына түсті. Бағира ермеді. Граф Бағираны айналып өтті, толғанып өтті, сезімін, адалдығын білдіріп, құйрығын қайқайта көтерді. Алдына түсіп: «Жүр!» деп кеңес беріп, жетекке шақырды. Бағира қозғалмады.
Аспандағы ала бұлт алаңдатып қойды, жауын жауса – сел болмақ, жаумаса – дүлей бір жел болмақ. Бағираның ұзын құйрығы билеп тұрғандай сәнмен шайқалып бұлғақтайды. Жел соққан сайын ақселеудей шашақтала желпілдеп, көңілді қызықтырады. Құндыздай жып-жылтыр жүндері бұлтты күні өзге бір түске еніп, күн шыққанда өзгеше құбылады.
Граф Бағираны көндіре алмаған соң мысы құрып, еңсесі түсіп, үйіне қайтатын жолға емес, басқа бір сүреңсіздеу жолды таңдап, ұзап бара жатты.
(Жалғасы 18-бетте)
(Соңы. Басы 14–15-беттерде)
Бағира көз ұшында алыстап бара жатқан Графтың иісін сезді, бірақ бұрынғыдай еміреніп, құмартып, алқынып, талықсымады. Бағира осынша салқындықтан шошып кетті, ең алғашқы сезімінен адасып қалғандай жан дауысы «Мияу!» деп ышқынып шықты. Граф бұған қарай оқтай атылған сәтте бұл зу етіп, көз ілеспес жылдамдықпен қаша жөнелді де, жоқ болды.
Қатын Бағираның шатынаған көзін ұнатпады. Өзінен бөтенденіп бой суытқан, Бағираның өгейленген өзгерісіне іштей таңданды. Бұған ғана емес, Шерге де еркелеп, шолжаңдауды ұмытқалы қашан! «Есейген болар…» деп түйді қатын. «Бұның жайы белгілі, бұл – Графпен алғашқы түнін де, бал түнін де өткізіп, бізден бойын аулақ салып масайрап жүр. Мақұлық неме! Жануар… Түсінікті… Бірақ сен тумайсың. Мен сені тумайтындай еттім. Құрсағыңды байлатып тастадым».
Бағира иесінің тілін түсінбесе де түйсігімен үнін, екпінін ұқты. Граф екеуінің тылсым сезіміне бұл қатын бір бүлдіргі салды, алайда не бүлдіргі екенін ұқпады. Әйтеуір, қарнын тесіп өтіп, құрсағына найзадай қадалған өткір бірдеңе мұның мінезін, жан дүниесін өзгерткен, білетіні сол. Сол дерт Бағираның жанын сыздататын сияқты. Содан бері елігіп-еміренетін, тынысы кеңейіп, көкірегі гүлденетін бал сезімнен айырылған. Сол жұмбақ, тылсымды осы қатынның жұлып алып тастағанын ұқты. Ұқты да, қатынның сылап-сипап, шаңын үрлеп, күнде сүртіп отыратын қымбат вазасының үстіне атып шықты. Көзі атыздай болған қатынның дауысы шар еткен.
– Бағира! Шағасың… Кет былай! – Бағира ыдысты аяғымен іліп алып құлата салды. – Сен қыз! – деп жұлына ұмтылған сәтте, Бағира өзін бар екпінімен қабырғаға соқты да, еденге жалпасынан түсті. Есінен талып қалса керек, бір кезде қатынның алдында жатыр екен. Әйел жылап отыр. Бағира да жылады. Бұрын қатын жылағанда Бағира оны айналып, сылап-сипап, көңілін аулауға тырысатын, бұл жолы мелшиіп қараған қалпы ұзақ жатты. Бағира өзін тірі өліктей сезінді. Оның іші – өлі, сырты – сау көрінді.
Шер есіктен кіргенде, Бағира бұрынғыдай жүгіре жөнелмеді. Еденде шағылған қымбат ваза жиналып үлгермеген екен. Шер сүмірейген қатыны мен мысыққа алма-кезек қарады да, жатын бөлмесіне өтіп кетті.
Бағира шешініп жатқан Шерге қарап, қалқиып тұрды да алды, бірақ бұрынғыдай жақындамады. Шер бұған, бұл Шерге көз ұшымен ғана қарасты. Ол терезе алдына шықты да, үлбіреп, самал желмен бірге тербеліп тұрған кестелі пердені бар күшімен жұла тартып қалды. Тағы тартты, созылып келіп тағы тартты. Перде ілгішімен қоса қопарылып еденге қирап түсті.
– Бағира! Бағира!
Сол-ақ екен, Бағира секіріп кітап сөрелерінің үстіне ытқып шықты да сол биіктікте тұрып, келесі қабырғаға бар пәрменімен өзін атып ұрды. Есеңгіреп, тәлтіректеп барып, бүкіл денесімен қабырғаға зірк-зірк соғылды. Бұл жолы оның құмырсқаның ұясындай болған кіп-кішкентай танауынан жылымықтанып қан ақты.
Шер мен қатын көздері атыздай болып, Бағираға жақындауға қорықты. Бағираның оранып ойнайтын көлдей үлкен, мамық орамалы бар еді, Шер соны сулап, Бағираны салқындатып, орап көтеріп алды.
– Сен бұған не істедің? – деді қатынға.
– Ештеңе…
– Бұған бірдеңе болған… Бұған бірдеңе болған! Бұл күйзеліс үстінде…
– Не дейсің?.. Күйзелісі не тағы…
Әйел теріс қарап жылап қалды.
–Шер! Бағира күйзелісте деймісің?..
– Иә! Өлгісі келеді… Әрекетін көрмеймісің, өмір сүргісі келмейді мұның…
– Неге, Шер?.. Шер, менің өмір сүргім келеді…
Бағира сең соққан балықтай бір апта қозғалмай жатты. Бүгін ғана сүт ішті. Ол ешкімді көргісі келмейтіндей, бұрынғыдай қызығып терезеден далаға да қарамайды. Тек таңсәріде қалтылдап барып, өзі шығып-кіріп, Графпен кездесуге баратын үйреншікті жолын іздеді. Ашық тұрған терезеден абайлап түсті. Тілерсегі дірдектеп келе жатып, күні-түні күтіп жүрген Графты таныды. Граф сағыныштан тозып кеткендей көрінді бұған. Граф қартайып кеткендей көрінді. Графты әлдене талап, тас-талқан еткендей көрінді. Ол сүзіле келіп, сүйкенді де Графтың арқасына мойнын салды. Бағира Графқа қанша назданбақ болса да, бойын жинай алмады. Дертке душар болғандай айыға алмады. Екеуі осылай мұңдасып ұзақ тұрған. Граф сағынышын білдіріп, Бағираның маңдайынан бастап, табанына дейін жалады. Қуантқысы келді, ойнатқысы келді. Бағираның жұпар иісін алды, «сезімін қайта түлетіп, қайта тірілтемін, тірілтіп түн ауғанша төбеме көтеремін, таң алдында құшағымнан шығармай бауырыма басып жатамын. Енді ешқайда жібермеймін».
Бағира алғаш рет Графқа беріле, ұйып қалды. Оның қаһарман жүрек лүпілін анық естіп тұр. Бұл үшін күресе алатынын да, айқаса алатынын да, шайқаса алатынын да біледі. Сондықтан алғаш рет Бағира тілімен әуелі Графтың мұртын жалады. Еркелетіп жалай берді, жалай берді, жалай берді… Екеуі тіп-тік… Бірі – құндыздай қара, бірі – үкідей ақ! Құйрықтарын бірге көтереді, бірге түсіреді. Іштерін бірге тартады, бірге босатады. Бірге дем алады, бірге дем шығарады. Олар – расымен бір-біріне ұқсас, егіздей, бір-біріне ынтық, бір-біріне ғашық…
Бағира иіліп тұрып, Графқа сәжде жасаған сұлу кескінмен басын төмен салды да жорта жүгіре жөнелген. Сол бойы сұлу шаһардың ең биік ғимаратының ұшар шыңына жанталаса өрмелей шықты. Шықты да өзін төменге қарай бар пәрменімен құлдилата лақтырды.
Аспан мен Жердің ортасында құндыздай тартылған сұлу мүсін Бағира-шер қалықтап ұшып бара жатты…
ПІКІРЛЕР1