ӘНТАНУШЫ
Ән-күйдің халық арасында насихатталуы, әр түрлі деңгейдегі музыкалық білім ордаларында оқытылуы жайында сөз қозғағанда өнерпаздарға деген алғысымызды айтып, көлдей көңілімізді білдіріп жатамыз. Ол дұрыс, әлбетте. Өнерді жалғастыратын кәсіби өнерпаз екеніне дау жоқ. Дейтұрғанмен сол ән-күйіңді ғылыми ортаға таныстырып, жүйелі түрде оқытудың бағдарламасын жасап, дәстүрлі өнердің қыр-сырына терең бойлап, іргелі еңбектер жазып жүрген ғалымдарымыз тасада қалмау керек. Өнертанушылардың дәстүрлі музыкамызға қосқан үлесін зерделеп, салмақты ойлары мен маңызды кітаптарын қалың оқырманға таныстырған жөн бе деп ойлаймын. Әрине, бір емес, ондаған ғалымдардың еңбегін саралап шығу оңай бола қоймас. Ғалымдар арасында саналы ғұмырын өнертануға арнаған жанкешті жандар да бар. Бәлкім, өнертанушылардың біршамасы орыс тілінде жазған соң қазақтілді оқырманға аса таныс емес шығар. Олай болған жағдайда жазылған еңбектердің ішіндегі аса құнды деп есептелетіндеріне сапалы аударма жасау қажет. Өйткені дәстүрлі өнерпаз бен сол саланы зерттеген ғалымдардың арасында байланыс аз. Иә, бірлі-жарым кітапқұмар өнерпаздарымыз да бар екенін жоққа шығармаймыз. Олар саусақпен санарлықтай ғана. Кейде бір күйшілерге байланысты хабарларға дайындалғанда, қазақ тілінде қай теоретик жазды екен деп сабылатынымыз да бар. Өнерпаз өз саласын жақсы білуі керек қой. Сала дегенде, А.П.Чеховтің «Ваня ағай» деген пьесасында: «Ол адам 25 жыл бойы өнер жайында айтып, жазып келе жатыр өнерден түк түсінбесе де, тура 25 жыл бойы өзгенің пікіріне сүйеніп реализм, натурализм деп көсемсіді, 25 жыл бойы айтып, жазып жүргеніне ой көзімен қарасаң, ақылы бар жандарға баяғыдан белгілі, ал ақымақтарға түк қызығы жоқ дүниемен айналысты», – деген жолдарды кездестіруге болады. «Жалпы, ән дегенің былай ғой» деп ұзақ-сонар әңгіме айтатындарды да кездестіріп қаламыз. Алайда «жалпысын» алып тастап «дәстүрлі ән дегеніміз былай ғой» деп ғалымдардың еңбегіне сүйене сөйлесек, тыңдаушыға ой саларлық пікір айтар ма едік?
Сөз, «Әнді ерттеп, күйді мінген ардагерім» деп Жарылғапберді (Иса Байзақовтың сөзі деп те айтылады) айтқандай, дәстүрлі музыка, оның ішінде дәстүрлі ән өнерін зерттеп жүрген профессор, қазақтың бас әнтанушысы Саида Әбдірахымқызы жайында болмақ.
«Мен – этномузыкатанушымын. Осыдан қырық жылдай бұрын Н.А.Римский-Корсакова атындағы Ленинград консерваториясында «Қазақ халқының ауызша дамыған дәстүрлі ән мәдениетіндегі кәсібилік» («Профессионализм устной традиции в песенной культуре казахов») деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Ол заманда советтік ғылым үшін (әсіресе Қазақстан) тың әрі ерекше тақырып ретінде қабылданды. Өйткені «XVIII –XX ғасырлардағы еуропалық және орыс композиторларының шығармалары ғана кәсіби музыка өнеріне жатады» деген ұғым санаға әбден бекіген кез еді. Ал қалғаны – фольклор, халықтық музыка, ұлттық дәстүрлер ғой деп түсіндірілетін», – дейді ғалым. Әңгіменің ашығын айтқанда, Біржан сал мен Ақан сері мұрасын «отар елдің кембағал музыкасы» деп түсінген ғылыми ортаға дәстүрлі ән өнерін кәсіби музыка ретінде танытып, мойындатуға бел буған Саида Әбдірахымқызы 1984 жылы диссертацияны сәтті қорғап шығады.
«Осы «Дәстүрлі музыканы» неге «Ұлттық музыка» демеске…» деп жүргендерді аз кездестірмедім. Бұдан бұрын да бұл сұраққа жауап жазуға тырысқанмын. «Дәстүрлі музыка» деген терминді қалыптастырған, ғылыми ортада, өнерпаздар арасында жүйелі түрде насихаттаған және анықтамасын түсіндірген ғалымның бірі де бірегейі – Саида Әбдірахымқызы. Ол термин ғайыптан пайда болмады, қолданысымызға негізсіз енбеді.
1947 жылы ЮНЕСКО жанынан ICTM – Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі халықаралық кеңес құрылады. ЮНЕСКО-мен ресми консультативтік байланысы бар әлемнің әртүрлі елдерінде ұлттық комитеттері құрылған үкіметтік емес ұйым. Бүгінгі таңда ICTM ұйымы – әлемдік этномузыкатанудың бойына қан жүгіртіп, жүйелі түрде зерттелуін қамтамасыз ететін бағыттаушы әрі ұйымдастырушы бірден-бір орталық. Саида Әбдірахымқызы – осы әлемдік ұйымның мүшесі. Біздің зерттеушілер арасында дау туғызып жүрген «Дәстүрлі музыка» терминінің де түп-төркіні осы ICTM халықаралық кеңесімен байланысты. Бүкіл әлемнің этномузыкатанушылары төл өнерін «Дәстүрлі музыка» деп отырғанда, біздің «ұлттық музыка» дегеніміз қисынға келе қоймас. «Дәстүрлі музыка» атауының қалыптасуының мәні осы. Екі жылда бір өтетін ICTM – Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі халықаралық кеңесі 2015 жылы Астанада өтті. Оның аясында түркі халықтарының фестивалін мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы профессор Дүйсен Қасейінов ұйымдастырды.
Ал «Дәстүрлі музыканың» жалпы сипаты қалай болады десек, ғалым Саида Әбдірахымқызының «Об одной важной особенности традиционной музыкальной культуры» атты мақаласына жүгінеміз: «Дәстүрлі музыка – мәдени мән-мағыналардың қайнар көзі және оның туу процесінің негізі, ал ең маңыздысы, ол соның киесінің міндетін атқаруында, тылсым болуында. Ол тудырушы қасиетке ие ғана емес, сонымен қатар құрылымдық сипатқа ие әрі жүйелі болып келеді. Себебі ол фәни (осы шынайы болмыс – материалдық әлем) мен бақидың (о дүние – рухтар әлемі) арасын әдет-ғұрып рәсімдері мен өзге де халық мәдениетінің әлеуметтік пішіндері арқылы жалғай алу қабілетіне ие. Әдет-ғұрып рәсімдері өзара байланыстың тұрақты арнасына айналып, бүгінгі күнде өмір сүрушілерді мәңгі, шексіз, аруақтар әлемімен байланыстырады. Сонымен, дәстүрлі музыкаға киелілік қасиеттің үздіксіз тән болып тұруы оны басқа музыкалық-шығармашылық түрлерінен айрықша етеді.
Этномузыкатану дискурсы аясында әдет-ғұрып рәсімдерін зерттеу керегі, дәстүрлі музыка мәдениетінің мазмұндық астарын аңғару мен ұлттық музыканың өміршеңдік негіздерін анықтау үшін қажет. Басты мәселе әдет-ғұрып рәсімдерінде жатқан мәдениет мағыналарының негіздерін анықтау болып саналады. Мұндағы мағыналар жасырын түрде, толыққанды анықталмаған болуы мүмкін, сонымен бірге музыка мәдениетінің бастапқы мазмұны мен мәтінін құрауы ықтимал», – дейді. Расында, аты тарихта қалған ескі әнші-күйшілердің балалық шағында түс көріп, түсінде «өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп аян бергені жайында әңгімелерді көп естиміз. «Ол шындық болуы да мүмкін немесе халықтың ардақтысына айналған өнерпазға деген құрметі болуы да ықтимал», – деген еді ғалым Иманғазы Нұрахмет. Профессор С.Әбдірахымқызы айтып отырған «Дәстүрлі музыканың» ерекше қасиетке ие екенін, ілуде-біреуге ғана қонатын киелі екенін халық аузында жүрген аңыз-әпсаналардан да байқаймыз. 2018 жылы Естай Беркімбаев жайлы «Бір мысқал» кітабымды жазу барысында бір-екі детальға ойланып қалып едім. Естай бала күнінде топтан адасып Жеміс әулиеге кезігеді. Жеміс әулие үйінде қондырып, таңертең бір жолаушының атына міңгестіріп жіберіп жатып: «Естай, сені жел есіп өтеді, ескен желде несібең болады», – деп айтқан екен. «Атта отырғанда жылы жел есіп өтті, аттан түскенде әуендетіп ән салып кеттім», – депті туған немересі Зекен Жәнәбілқызына. Болмаса, бозбала Естайды алғаш көрген Біржан сал: «Мына баланың аузында аруақ бар», – дегенін жазушы Рамазан Тоқтаровтың әнші жайында естелігінен оқуға болады. Осы екі деталь да ғалым Саида Әбдірахымқызының пікірі негізсіз емес екенінің айғағындай. Біржанның: «даусында аруақ бар», – деуі зерттеушінің: «…бүгінгі күнде өмір сүрушілерді мәңгі, шексіз, аруақтар әлемімен байланыстырады», – деген пікірін нығарлай түскендей. Әулие айтқан сөзге ой жүгіртсеңіз де ғалым айтып отырған «Дәстүрлі музыканың» тылсым әлеммен қатысы болатынына көз жеткізесіз. Ғалымның айтуынша, «Дәстүрлі музыканы» көпшілік эстрадалық өңдеуге түскен, халық арасына кең таралған ән-күйлер деп жүр әрі «Дәстүрлі музыканы» сақтап, насихаттаудың бірден-бір жолы осы деп, сол салада жүрген менеджерлер мен музыканттарды арқадан қағып, алғыс айтып жатады. Ал халықтың рухани мұрасының заманауи орындаушыларында түпнұсқадан ауытқып кететініне қынжылып жүретін сол саланың мамандары да бар»
Әбікен Хасеновтің жер бетінен жойылуға шақ қалған ұлттың тағдырын бейнелеген «Қоңыр» күйін эстрадалық өңдеумен тартқанда сол өңірге тән ерекшеліктің ұшығы да қалмас еді, қаралы күйдің құты қашып, берекесі кетер еді ғой. Ғалым «Дәстүрлі музыканы» дәстүрлі музыкант қана нақышына келтіріп орындайды дейді. Шынында, Әбікенше тарту үшін Арқа қазақтарына тән перне басу мен домбыра қағысын, Әбікен туған өлкенің дәстүрін білу шарт. Десе де, Әбікен жайында сөз қозғағасын мақаланың басында айтып отырған «кие» сөзін де естен шығармаған жөн. Қағысы мен саусақ басуын қанша игерсек те, қасиетті өнер қонбаса, бәрі бекер. Бұл мәселеге де профессор мақаласынан жауап табамыз: «Итак, понятие традиционная музыка связано не с нотами, а с тем неповторимым стилем, звуком, с тем музыкальным единством, которое она составляет. Здесь главное – человек, музыкант, творец, который воплощает и передает традицию».
«Дәстүрлі музыка» деп жүргеніміздің нотамен еш қатысы жоқ, бұл жерде, ең бастысы, дәстүрді жалғастырушы – музыкант, оның қайталанбас өз қолтаңбасы мен уытты дыбысы екенін айтады. Мысалы, біз сол Әбікенді қанша тыңдасақ та жалықпаймыз, неге? Себебі оның дыбысында тылсым құдірет бар. Әнтанушы: «Барлық дәстүрлі музыкада дыбыс ерекше қасиетке ие, бұл теоретиктердің ойдан шығарғаны емес», – дейді.
Саналы ғұмырын дәстүрлі мәдениетімізді тануға, танытуға арнаған ғалымның бір ғана мақаласынан осынша терең ой түюге болады. Дәстүрлі музыкамызға байланысты асыл маржандай пікірлері оқырманды бей-жай қалдырмас. Әңгіменің тоқетерін айтқанда, қастерлі өнердің киесінен абай болайық.
Қазақстан және шетелдерге танымал этномузыкатанушы, қоғам қайраткері, өнертану докторы, профессор, мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі музыка және би жөніндегі Халықаралық кеңестің (ICTMD) мүшесі, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі Саида Әбдірахымқызы – Қазақтың күй өнерін ЮНЕСКО ұйымына материалдық емес, мұра (рухани) ретінде қорғауына алуға зор үлес қосты, ондаған жылдар бойы қазақтың ән өнері турасында жүздеген мақала жазды, «Түркілердің мәдени мұрасы», «Қазақтың дәстүрлі ән өнері» атты монографиялар авторы, дәстүрлі ән-күйлеріміздің аудиотаспасын топтастырып, «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» анталогияларының жарыққа шығуына атсалысты, көптеген жыршы, термеші, әнші, күйшілеріміздің сахнада жолын ашып тұлғалануына септесті, ұзақ жылдар бойы халық шығармашылығы және фольклорлық, халықтың кәсіби шығармашылығына ғылыми талдау жасап дәріс оқумен айналысып, дәстүрлі музыкамыздың өркендеуіне айрықша үлес қосып келеді.
Қайрат АЙТБАЕВ
Қазақ Ұлттық өнер университеті,
Домбыра кафедрасының оқытушысы күйші, өнертанушы
ПІКІРЛЕР1