ТІЛТАЛҚЫ
06.05.2016
1745
0

Кемелбек ШаматайКемелбек ШАМАТАЙ

 

– Үйретті, үйретті, үйретті!

О-ой, үйрете алмады…

Әншейін үміттендіріп қойып,

Тағы да алдады!

– Сіз ондай

Ескі гөй-гөйді тастаңыз!

Қазақша сөйлеуді

Өзіңізден бастаңыз!

Бұл да беріспеді:

– Жақсы, мен бастайын,

Сіз оны қоштаңыз!

– Ол үшін сіз саспаңыз… –

Осы кезде

Үшінші біреу киіп кетті.

Киіп кетті де

Екеуін бірдей түйіп кетті.

– «Сіз» бен «біз» кімбіз?

Әншейін ешқашан бірігіп

Тасқа айналмайтын құмбыз.

– Сіз өйтіп,

Көпке тіл тигізбеңіз.

– Ендеше,

Қалақайға малақай кигізбеңіз.

Біздің қуып жүргеніміз – елес!

Мәселе

«Сіз» бен «бізде» емес!

– Неге керек осындай егес?

Мемлекеттік тілді үйренуге

Тіл үшін миллиардтап

Бөліп жатырмыз қаржыны.

– Тыңдай-тыңдай осыны

Біреулер, тіпті, алжыды!

Ол әншейін биліктің

Жүйкеге ши жүгірткен қалжыңы!

Сол миллиардтар

Жіберілді деген тұсқа барсаңыз,

Таңдайлары тақ-тұқ!

Столдарының үсті шақ-шұқ

Соғылып жатқан бильярдтар!

– Міне-міне, сол жерлерде

Тілді үйрететін үйірме бар.

Сол үйірге бар!

Шығарылған сөздіктер,

Тіл үйрету құралдары бар…

– Солай деп жұртты құр алдадыңдар.

Тіліміз додаға түскелі

Баланың өзі іштегі

«Сақалы шығып жат болды».

Бөлінді деген миллиардтар

Ізі-ғайым сап болды,

Толмайтын құдыққа тап болды.

– Сіз олай күнә көтермеңіз,

Әдістеме алдырдық шет елден біз.

Ол дегеніңіз бұ жолдағы

Кедергі біткенді күйретеді екен.

Тілді прәмі

Бір аптада үйретеді екен!

– Ендеше, сол үйретуді неге

Жылдардан жылдарға

Сүйретеді екен?

– Ол енді

Басқа әңгіменің тақырыбы.

Анау билік басындағылар

Қазақша сөйлесе, тамақтарын

Бітеп тастайды қақырығы.

Сондықтан, оның

Қаржысын ғана пайдаланады.

Болмаса,

Емін-еркін сайрандайтын

Қаражатты қайдан алады?

Міне, бұл да болса

«Тіл үйренудің» пайдасы!

Қарасаңдаршы жайға осы!

Тілді бірден үйреніп алса,

Жыл сайын 

Миллиардтап қаржы бөлгізетін

Таусылып қалмай ма айласы?!

Осыны бір сәт ойлашы!

Ішіп-жеміміз көбейсін!

Көбейсін!

Көбейсін!

Өзің кедейсің.

Тіл, тіл демей,

Тіліңді тістеп жүрсең,

Саған да бірдеңе тигізейік,

Кәне,

Бұған не дейсің?!

 

ТЕКЖҰҚТЫРМАС

Майлы орын

Кетіріп есті,

Көкейін тесті.

Бірақ, руының бастығынан

Бөлек болғаны дес бермеді.

Тек руласына ғана

Шуағын түсірген бастық

Бұны ескермеді.

Рулас болса өстер ме еді?

Ақыры,

Батырың

Руын алмастырды.

Мұнысы оңды болды,

Арманын алға астырды.

Дәмін татып алған соң,

Жақындығын

Одан әрі жалғастырды.

Бастықпен әмпей болып алды,

Қолтығына ұя сап қонып алды.

Сеніміне кірді.

Бастық күлсе күлді,

Жүрсе, жүрді.

Жыласа,

Бұл отыра қап еңіреді.

Бастығы «Өк!» деп еді,

Бұл мөңіреді!

Не керек,

Жебеушісінің көңілін тауып тұр.

Соның арқасында қармағын

Көксерке, сазан, шортан қауып тұр.

Әйдә-ә,

Несібесі шауып тұр!

Бірақ,

Күтпеген жерден

Аспаны құлап түсті.

Бастығы әлденеден жазықты боп,

Сұлап түсті.

Болды да істі,

Орнынан ұшты!

Оның босаған орнын

Алмастырған кім дейсіз бе?

Ім-м…

Шындығын айтсам, күлмейсіз бе?

Қараса, бұ шіркіннің руласы!

Жо-жоқ, кәдімгі…

Құдайдың өзі жаратқан қандасы!

Ол болса бұның

Сәйкес келмеген соң

Қазіргі таңбасы

Жанына жолатпастан жат санап,

Жолына қақпан боп құрылды…

Қысқасы,

Руын алмастырған батырыңыз

Шын руласы келгенде,

Шетке сырылды…

Қайткенмен, бұл да жырынды.

Онымен қарап қалмады,

Құрыққа сырық жалғады…

Таппайтын жолы жоқ, тіпті,

Күндердің күнінде

Бастыққа балдыз боп шықты!

Сол сол екен,

Дүрілдетті,

Дірілдетті,

Біреуді күлімдетті,

Біреудің көзін іріңдетті.

Бірақ,

Іс тағы да қырын кетті.

«Жездесі» жегеніне түйіліп қап,

Анау жаққа

Мерзімінен бұрын кетті…

Енді қараса…

Ойпыр-ай,

Бұл бақ құсы неткен соқыр!

Әлгі орында шалқа-е-еп,

Кәдімгі…

Шүршіт отыр!

Бұның миы астаң-кестең

Қоқыр-соқыр,

Опыр-топыр…

Ә-әй, ақыры тапты!

«Ата-бабам бір кезде

Аспантау асып келген екен!»

Деп айту үшін

Тұра сап шапты…

 

ЖҮЛДЕСІЗ ЖҮЙРІКТЕР

Аламан жарыс!

Артық емес, кем емес,

Тұп-тура отыз шақырым!

Оған қосылам десең,

Мықты болсын тақымың.

Бәйгеден құр қалады

Желетіндер ақырын!

Тұлпарын бәйгеге баптаған

Жақсы адам:

–Шүу, жануар! – деп,

Қатарынан қырық тұлпарын

Ұшырды.

Тойыс,

Бәйгеге осынша жүйрігін түсірді.

Иә, қырық!

Қырсық шалғанда,

Олардың езулерін жырып,

Қанша қамшыласа да,

Жон арқадан аққан тер

Жаңбыр боп тамшыласа да

Жүлделі орынға бірі де жетпеді.

Күйініп кеткен атбегі

Атқа шапқандардың ауыздарына

Біраз нәрсені кептеді,

Долданды!

Келесі бәйгеде

Өзгеше амал қолданды.

Шұбармен шапқан Қопалды

Жиренге,

Жиренмен шапқан Тапалды

Күреңге,

Күреңмен шапқан Жапарды

Қасқаға,

Қасқамен шапқан Қапарды

Басқаға…

Тағы да болмайын деп масқара 

Өзгелерін де осы тәсілмен

Түгендеп,

Жүйріктерін

Ер-тоқымдап, жүгендеп,

Ауыстырып мінгізіп,

Өткен жолғы қатесін солай түзетті.

Бірақ, онысы

Жүн еткендей жібекті,

Жүйріктерін тағы да

Зуылдатып игеріп кете алмады.

Тіпті,

Тыпың-тыпың бара жатқан

Есекке де жете алмады.

Алдарынан

Көлденең жыра кездесіп еді,

Одан қарғып өте алмады.

Керек десеңіз, олардың

Құлап қалмай,

Ат үстінде отыруы қиындады.

Ақыры,

Бұ жолы да ештеңе бұйырмады!

Көбейе түсіп «әттеңі»,

Басын ұстап,

Отыра кетті атбегі…

Ат айдаушыларды

Ауыстырып мінгізгеннен

Дейсіз бе

Бар мәселе жөнге келді?!

Олардың

Қалып қойған себебі –

Бұған дейін тірі атты

Ешқайсысы көрмеген-ді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір