АҒАҒА ЕЛІКТЕП ӨСІП ЕК
Жазу – үлкен өнер. Ол әркімге беріле бермейді. Сондықтан да киелі осы өнерді өмірге серік еткен ақын, жазушылар аз. Біздің жастау, мектеп партасындағы кезімізде Жуалы ауданынан әйгілі болған қаламгерлер санаулы болатын. Соның көшбасында – Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықов, одан кейінгі білетініміз – Шерхан Мұртазаев еді. Ол кісілердің ізін баса Әміртай Бөриев таныла бастады.
Танылуы да тосын және әдебиет деген киелі әлемге менмін деген талайларды тамсантып, қайран қалдырып, өзгеше мінез, болмыспен ентелей, екпіндей келіп енді. Өлең, әңгіме, ертегілермен емес, бірден роман жанрының жалына жармасып, онда да студент кезінде, небәрі жиырмадан асар-аспас шағында танылды. Бұл – 1968 жылдың қараша айында, тура өзінің туған күнінде, жүздеген мың таралыммен жарық көретін, қазақ оқырмандарының сүйікті басылымына айналған «Лениншіл жас» жас жазушыға ақ жол тілеп, «Ақ бидай» романынан үзінді жариялады. Әрине, қаламгер қиялы да айрықша роль атқарады десек те, ондағы баяндалатын оқиғалар, араласатын адам тағдырларының дені шығарма иесінің өзі көзімен көрген, көкейіне түйіп, ой тезінен өткізген сұрапыл соғыстан соңғы ауыл өмірі, халқымыздың басынан өткізген қиын-қыстау күндердегі тыныс-тіршілігі еді. Бір кездері аштықтың азабын тартқан ел егіншілікпен айналысады. Роман атының «Ақ бидай» аталуы да сондықтан. Балаң қалам иесінің бұл кітабы араға жеті-сегіз жыл салып барып қана «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Қолдан қолға өтті. Әлбетте, әркімнің талғамы әрқалай ғой. Оның үстіне, «періштенің де бес міні бар» демекші, кезінде мақталды да, датталды да. Ә.Бөриевтің өзі мұны болуға тиісті заңдылықтай көріп, қабылдады. Қаламына күш салды. Сөйтіп, өзінің туып-өскен өңірі, кіндік қаны тамған қасиетті топырағы мен онда адал еңбегін ардақтап, ұрпақ өсіріп-өрбітіп жатқан жаны ізгі адамдар өміріне арнап «Мейір гүлдеген жерде» деген, бір деммен оқып шығатын, тамаша повесін жазды. Ол шығармасы республикалық жастар ұйымы мен «Жалын» баспасының жасөспірімдерге арнап, бірлесіп өткізетін жабық бәйгесінде екінші жүлде алып, 1977 жылы «Жалын» журналында жарияланды. Араға уақыт салып, бүгінде мың жылдық тарихы бар деп жүрген, әсем қаламыз Алматының тұрғындарының тағдыры мен қала экологиясының жайын әріден қозғап жазған туындысы «Алматы әңгімелері» повесін оқырмандарына тарту етті. Артынша әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеев туралы «Арманына жолыққан адам» ғұмырнамасы «Өнер» баспасынан жарық көрді.
Әміртай Бөріұлы драматургия жанрында да еңбектенді. «Кел біздің ауылға», «Ештен кеш емес», «Кіндік шеше» пьесалары біздің осы ойымызға айқын дәлел бола алады.
Сол секілді, Әбекең ағамыз кинематография саласында да бір кісідей жемісті еңбек етіп, із қалдырды. Жүзден астам көркем фильмдерді аударды. М.Әуезов, Ж.Жабаев, С.Мұқанов, М.Жолдасбеков және басқа да әдебиет пен өнеріміздің әйгілі саңлақтары туралы деректі фильмдердің сценарийін жазды. Бүлдіршіндерге арналған «Доңыз деген не?» мультфильмінің сценарийі үшін республикалық жабық бәйгеде екінші жүлдеге ие болды. Осындай экрандық еңбектері ескеріліп, Қазақстан кинематографиясының үздігі атанды.
Ә.Бөриев көркем аудармамен де шұғылданды. Әрбір дүниесіне айрықша мән беріп, қатал сын көзімен қарайтын қаламгер орыс жазушылары А.Чеховтың «Дұшпандар», В.Бубнистің «Шалғы шыңылы» әңгімелерін және басқа ұлт қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне төгілген тілімен мөлдіретіп аударды.
Әрине, бұл жерде біз Әбекең ағамыздың бүкіл шығармашылық еңбектерін қамтимыз деуден аулақпыз. Көп жылдар бойы балалардың «Қазақстан пионері», жастардың «Лениншіл жас» және Алматы облыстық «Жетісу» газеттері мен Қазақ телевизиясы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеген ол кісінің еңбек адамдары, өнер мен ғылым, спорт саласының танымал тұлғалары туралы жазған жүздеген очерк, мақалаларын, сондай-ақ, Қазақ радиосының алтын қорында сақталған материалдарын жіпке тізгендей санамалап шығу әсте мүмкін де емес. Бірақ сөз орайына қарай, солардың дені уақытпен үндесіп, қай кезде де оқырмандар кәдесіне жарайтын дүниелер екендігін тілге тиек ете кеткіміз келеді.
Ә.Бөриев берері мол қалам қайраткері еді. Әттең-ай дейтініміз, шығармашылық кемел шағында арамыздан мәңгілікке алыстады.
Биыл, егер тірі болса, жетпіске толар еді…
Міне, осындайда еріксіз бір жылдары аудан тізгінін қолына ұстаған азаматтың алдына барған әңгімесі еске түседі. «Ердің жасы елуге келгенімде ілтипат білдірдіңіздер. Ауылымдағы орта мектепте кездесу өткізіп, үстіме шапан жаптыңыздар. Рахмет деймін. Енді жыл жарым уақыттан кейін ата жасы алпысқа толамын. Кіндік қаным тамған, табан ізім қалған Қарабастауда қос үй тігіп, ту биені өзім сойып той жасағым келеді. Сөйтіп, ауылымның адамдары алдында есеп берейін. Ал сіздер маған Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын берсеңіздер, жарайды», – депті аңқылдаған қылаусыз көңілімен. Сөйтсе, билікте отырған әлгі ағамыз: «Әміртай-ау, бұл мәселе бізде қиын ғой, өте қиын. Оны шешетін – мәслихат депутаттары. Ал депутат дегендерің оппозицияда жүргендерден де жаман…», – депті. Осылай деп айтқанын өз аузынан естіген едік…
Енді жетпіс жылдығының алдында тұрмыз. Ақиқатын айтқанда, Әбекеңе – жазушы Әміртай Бөриевке ештеңенің де керегі жоқ! Оны керексінетін – біз. Бір кездері қадір-құрметін лайықты деңгейде көрсете алмасақ, өлгеннен соң ел алдындағы еткен еңбегін елеп, ескеру адами парызымыз ғой. Сол жағынан қарыз болып қалмайық. Өйткені, бұл біздің жеке мүддеміз үшін емес, өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін де аса қажет шара емес пе?!
Батырлар мен ақын-жазушыларды, әйгілі өнер, спорт саңлақтарын ілуде бір әйел ғана табады. Олар бір ауылдың, я бір өңірдің ғана емес, елдің, тұтастай ұлтпен ұлыстың мақтанышына айналады. Біз бүгін әңгімемізге ілік етіп отырған Ә.Бөриев те солардың санатынан. Есімін есте қалдыру үшін Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан бір көшенің атын беріп, суреті мен аты-жөнін «Жуалы жұлдыздары» аллеясындағы аудан ардақтыларының қатарына қойса реті ғой деп білеміз.
Осы ойымызды жерлестеріміз құп алар деген ізгі ниетпен:
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Түркі әлемі» киностудиясының президенті, сатирик-жазушы.
Алпысбай ШЫМЫРБАЙ,
«Ғажайып Үндістан» журналының Бас редакторы, жазушы.
Толымбек ӘЛІМБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
«Жыл – он екі ай» журналының
Бас редакторы, публицист-жазушы.