Он, бұт, смен
25.12.2024
268
0

Ұялы телефон тағы шырылдады.
Ақсақал: – Әлөө, бұл кім екен?
Арғы жақтан баласы: – Папа, мен ғой – Жалғасбай. Қалыңыз қалай денсаулығыңыз жақсы ма?
Ақсақал: – Жақсы, балам, шүкір, аманшылық. Немерем қалай?
Баласы: – Бәрі жақсы. Қуанышты жаңалық бар.
Ақсақал: – Бірінші қуанышты жаңалығыңнан баста, балам, кәрі қойдың жасындай жасы қалған бізге жылы сөз бен жағымды жаңалықтарыңды, қуаныштарыңды көргеннен басқа бақыт бар ма?
Баласы: – Папа, жуырда немереңіз шетелге жүрмекші.
Ақсақал: – Қыдырғаны жақсы ғой, қай мемлекетке, не үшін барады?
Баласы: – Немереңіз Германияға, Кельнге оқуға бармақшы.
Ақсақал: – Астапыралла, не дейді? Алатын келінді қазақтан таппадыңдар ма? Германнан келін алғаны несі? Келінге оқуға барған деген не? Неміс келіннен неміс тілін үйренгелі жүр ме?
Әй, сен білесің бе? Менің әкем, яғни сенің атаң Құрықбай 1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, немістерді Берлинге дейін қуған. Ұзын құлақтан естуімше, сол атаң қуған немістердің кейбіреуінің әлі күнге дейін көзі тірі көрінеді. Не сонда, жаудан келін аламыз ба? Келіннің сол соғысқан немістердің жиен немересі болып шықпасына кім кепіл. Құда болып барғанда бізді танып қойса, қайтеміз? Ол – менің әкеммен соғысқан адам. Мына жаңалығыңды ел естімесін. Немереге келінді ауылдан өзім тауып беремін.
Баласы: – Ой, әке, келін алмаймыз. Германияда Кельн деген қала бар. Немереңіз сол қаладағы университетке оқуға барады.
Ақсақал: – Е, солай деп айтсаңшы түсіндіріп. Түйеден түскендей сөйлемей. Оқыған жақсы ғой, білім артықтық жасамайды. Дегенмен де Германиядан басқа мемлекетке барса, жақсы болар еді.
Баласы: – Әке, мемлекет грантын ұтып алған, арнайы жолдамамен барады.
Ақсақал: – Е, жөн екен. Өзіңде не жаңалық? Қазір қайдасың?
Баласы: – Мен Жапаониядан келген «самурайларды» әуежайдан күтіп алғанмын. Қазір соларға сый-құрмет көрсетіп, дастарқан жайып күтіп жатырмыз.
Ақсақал: – Масқара, мынау не дейді? Жапонияның сұмырайларын күтіп алып, сый-құрмет көрсету қалып еді. Отыз жыл болды, өз еліміздегі жемқор сұмырайлардан құтыла алмай жатқанға. Ендігі жетпегені сол еді. «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» деген, қонақжай халықпыз деп кім көрінгенді қонақ ету ғана қалған екен.
Баласы: – Әке, сұмырай емес, «самурай». Жапондардың батырларын солай атайды.
Ақсақал: – Е, солай десеңші. Батырларға сый-құрмет көрсету керек.
Баласы: – Қонақтармен «Саке» ішіп отырмыз. Көңіл күйлері өте тамаша.
Ақсақал: – Әй, тағы сол Сәкемен ішіп жүрсің бе? Айттым ғой бұдан былай сол Сәкемен арақ ішпе деп. Өткенде ауылға бір келгеніңде Сәкемен жүз грамм ішіп, ертеңінде сол Сәке қойдың кезегін бағып, далада ұйықтап қалып, бүкіл ауылдың қойы­нан айырылған. Бағына орай ауыл халқы түнделетіп, жабылып іздеп жүріп бір отар қойды әрең тауып қалған болатын. Япыр-ау, таңертең ғана сол Сәке қой кезегіне кетіп еді. Жын ба, шайтан ба, қалаға сенің қасыңа қалай барып алған? Түс уақыты енді болды. Ол оңбаған ескі әдетіне басып, тағы да ауылдың қойын иен тастап кеткен ғой. Ауыл болып қой іздейтін болдық қой.
Баласы: – Әке, әке! Ол Сәке емес. Жапонның арағы «Саке» деп аталады. Біз сол жапон арағын ішіп отырмыз.
Ақсақал: – Біздің ауылдағы тентек суға үйірлеу Сәке Жапонияда да бар екен ғой. Сәкелерін құрметтеп «Сәке» деп араққа ат қойғандарын қарашы. Естімеген елде көп деген осы. Айтпақшы, өткенде бір басқа жұмысқа ауысамын деп едің, ол қандай жұмыс?
Баласы: – Иә, әке. Ертеңнен бастап сол жұмысқа кірісемін. Әйелдерге «омбудсмен» болып істеймін.
Ақсақал: – Не дейді мынау? Сонда «он, бұт, смен» дегенің он әйелдің бұтында сменмен істеймін дегенің бе? Мамандығың «гинеколог» емес сияқты еді. Кезінде колхозда жаздыгүні шөп орғанда күндізгі смен, түнгі смен болып, тоқтамай жұмыс істейтінбіз. Білемін сменный жұмыстың қандай екенін. Таста ол жұмысыңды. Ертең ауылдағы жұрт балаң қандай жұмыс істейді деп сұраса, әйелдердің он бұтында сменмен істейді деп тұрамын ба?
Баласы: – Әке! Омбудсмен дегеніміз – әйел қызметкерлерден келіп түскен өтініштер бойынша жанжалды шешу және лауазымды тұлғаларға ұсыныс беру, қоғамдық ұйымдармен кездесу өткізу, яғни әйелдердің құқығын қорғау. Ешқандай бұтқа қатысы жоқ.
Ақсақал: – Әйелдердің құқығын қорғап жүрсең, жөн екен. Бірақ жұмысыңның атын өзгертсе, жақсы болар еді. Үйдегі келінжан қандай жұмыс істеп жүр?
Баласы: – Келініңіз қазір еркектердің «шугаринг шебері» болып жұмыс істейді.
Ақсақал: – Ол не мамандық?
Баласы: – Ерлердің «Шугаринг» мамандығы ерлердің денесіндегі артық-ауыс жүн-жұрқаны жұлумен айналысады. Табысы өте мол.
Ақсақал: – Әй, не дейді! Бұл сөзді естіп тұрған менің құлағым ба? Ақыр заман деген осы екен ғой. Еркектің жүнін жұлғаны несі? Басқа жұмыс таппады ма? Масқара, масқара. Ел естімесін. Таяуда ғана ауылға келгенде 5-6 тауық сойып беріп, жүнін жұлып, тазалап алыңдар дегенде, келін «не могу» деп ат-тонын ала қашқанда, еріксіз өзім іске кірісіп едім.
«Бұл сұмдықты ешкім естімесін», – деген сөзін бірнеше рет қайталаған ақсақал қан қысымын төмендететін дәрісін уыстап іше берді…

ТОҒЫЗ ӘРІПТІҢ ТОЛҒАҒЫ

Әлемді айтқан «Алем» деп,
Сәлемді айтқан «салем» деп,
«Ә» білмейтін әпенде,
Тілімде жүрсің пәлем боп.
Ғ-ға тілі күрмеліп,
«Г» деп айтқан үрленіп.
Ғалым сөзін « Галым» қып,
Жаныма біреу тұр келіп.
Ө-ні оқып «О» деген,
Төлеген бүгін – «Толеген»
Ө-ні көрсе, сасады
Түскендей боп төбеден.
Қараптан тұрып, қараптан.
Қ-дан қорықпа таратқан.
«Қ» ғой сені таратқан
Таратқан, «Құдай» жаратқан.
І-ні айтпай «И» деген,
Инемен І-ні түйреген.
«І» деген – Ізет, Ілтипат…
Білмеген оны күйреген.
Әріпті айтпай «Ү» деген.
Ү-ні У-ға түзеген.
«Ү» дегенім Үмітің
Үмітін У-мен күзеген.
Ұранды әлгі «Уран» деп.
Тұранды қалды «Туран» деп.
Ұ- ны У- мен улаған
Ұланбек көршім – Уланбек.
Айта алмай «тың» мен « шыңды» да,
Шатастырып Н мен Ң-ды да,
«Ң» білмеген дүндіктер
Білмей өтер дымды да.
Батыр деп білген «Қаhарман»,
Қаhарман бүгін – «Какарман»
«h» білмейтін, қорықсаңшы
Қаhарман атты қаhардан.
Ана тілін қорлантып,
Үйрене алмай сорлатып,
Дүбәрә қанша жүреді
Тоғыз әріпке толғатып?!

ТЕНДЕР МЕН ГЕНДЕР!

Мен тендермін, тендермін.
Жерлеріңе мен келдім.
Қала менен далаңнан
Тасып жатқан сең көрдім.
Түс емес-ау, өң көрдім.
Қырық-шұрық жол көрдім.
Асфальттың орнына
Жол жамаған көң көрдім.
Мән бермеуді жөн көрдім.
Көзді жоғары төңкердім.
Ортасында сол жолдың
Құм үйілген дөң көрдім.
Атақ-даңқ – шен көрдім.
Жемқор жеген жем көрдім.
Шенеуніктің шіренген
Көзін басқан «шел» көрдім.
Бақытымыз
тендер дейсіңдер.
Проблемамыз –
гендер дейсіңдер.
Ақша жымқыруда піріміз –
Остап Бендер дейсіңдер.
Билік деген әйелмен,
феминизм дедіңдер.
Төр басында әйел кем,
Кем-инизм дедіңдер.
Ер мен әйел теңесіп,
Билікте тең- инизм дедіңдер.
Ұлдың атын Тендер деп қойдыңдар.
Қыздың атын Гендер деп қойдыңдар.
Тендерстанның болашағы
Сендер деп қойдыңдар.
Туған ағам теңгем екен.
Ағамды да жеңген екен.
Ағамды жеңген кім десем
Доллар деген – жеңгем екен.
Тендерің бүгін ақсап жүр.
Гендердің билігі асқақ жүр.
Феминистер алға шығып
Еркектерді бастап жүр.
Әне біреу жылап отыр.
Жанар жасын бұлап отыр.
Жаратқанға жалынып,
Тағы « тендер» сұрап отыр.

«ТИ» ДЕСЕМ,  ТИМЕЙДІ…

Шетелдікке тиме десем, тиеді.
Сүйме десем, сүйеді.
Шетелге барып опық жеп,
Аузы оның күйеді.
Мұны көрсе де тағы бірі тиеді.
Оның да аузы күйеді.
Тоқалдыққа алыпты,
Әлгі шетелдік күйеуі.
Шетелдік киім киеді.
Шетелдік көрсе иеді.
«Нағыз қазақ – домбыра»,
Ұмытты бұлар иені.
Домбырам еді киелі,
Оның да кетті тиегі.
Тоқтата алмай ырқына,
Сүйкімсіз мына жүйені.
Тойда Самбо билейді.
Шалды ортаға сүйрейді,
Самбо билеп құтырып,
Қыздар шалға күйлейді.
Машина дейді, үй дейді.
Бұл болмаса сүймейді.
Сүйгенің ғой ти десең,
                                                Ол жігітке тимейді.

 

Самат Слямғазин

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір