ӨК І Н І Ш
21.12.2024
195
0

«Атом қаруы» деп асыра сілтемей-ақ, әлемдегі жалғыз ғана Қап тауының шешендерін Шәмілден ке­йін енді ешкімге бағынбайтын, өз алдына өзгелермен терезесі тең азат ел етемін деп арпалысқан генерал Жохар Дудаевты күндіз-түні көк аспаннан көздеп отырып, орыстардың жалғыз Жохардың өзін ғана жыққан, атқан оғы көзге көрінбейтін ғарыштық сәуле оқпанындай «Қазақ әдебиеті» үнжариясының биылғы жылғы шілденің он екінші жұлдызында №27 санында ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің «Фариза апайдың ұлағаты» деген, жөбі-шөңкі көркем әңгімеге бергісіз көлемді мақаласы жарық көрді. Мұның мықтылығы – оның елден ерек екі кейіпкерінің болғаны. Оның бірі – Бауыржан Момышұлы, енді бірі – Фариза Оңғарсынова. Енді өз жөнін автордың өзі айтсын. «1976 жылдың 25 маусымында Алматыға келдім. Газет-журналдарда бос орын жоқ. Тек «Ұлан», бұрынғы «Қазақ­стан пионері» газетінде бір саңылау көрінді. Редакторы Фариза Оңғарсынова іссапарда екен де, газет­тің жауапты хатшысы Бейбіт Қойшыбаев мені ескі досындай қабылдады.

Сөйлесе келе «ескі досындай» Бейбіт мұны газет­тің фототілшісі Рахымбай Ханалының мотороллеріне мінгестіріп, Қапшаға­й маңында өтіп жатқан пионерлердің республикалық әскери-спорт­тық ойындарының финалына жібереді. Абырой болғанда, бұлардың топтамасы ертеңгі газет­те шығады.
Келесі күні редактор қызметке келер алдында бұған «ескі досындай» Бейбіт келіп: «Сен туралы апайға айт­тық. «Ондай балалар журналисін танымаймын» деп жатыр, қазір өзіне кіресің. Бастықтың сөзін бөліп, қарсыласпа. Бізде босаған бір орынға жарты ставкадан екі адамды қабылдап, жарыстырып жарты жылдан ке­йін талант­тысын қабылдайтын үрдіс бар. Абайла, апайдың мінезі шатақ. Қарсы сөз қайтарғандардың «жотасын тіліп, тұз құйып жіберетін» әдеті бар! Осы жақында еркінсіп келген алты жігіт­ті бір күнде жұмыстан шығарып жіберген», – деп ол Бейсен­байдың зәресін ұшырыпты.
– Сені жарты ставкаға қабылдаймын, – дейді редактор бұған қатқыл үнмен.
– Мен жарты ставкаға жұмыс істемеймін, – дейді менің авторым, қазақтың батыс бетіндегі бір тентек тайпаның әдетімен. «Факең менен мұндай жауап күтпеген еді, бұлқан-талқан болып ашуланды».
Мен Фаризаның мұндай мінезін көрмеппін, әлде орайы келмеді ме екен?
Мақтаулы мақала тақырыбының астындағы көрнекті жерге Фаризаның кабинетінде бақандай бес жігіт­тің ортасында, қасындағы мәскеулік антрополог ғалым Найль Шаяхметовпен әңгімелесіп отырған оның қырынан түскен, жап-жас кезіндегі әдемі фотосуреті менің көзіме от­тай басылды. Табан астында тіліме тәуір ештеңе оралмаған соң сөйлемнің әрін келтірер әйтеуір «тұрақты тіркес қой» деп ала салғаным ғой бұл сөзді. Әйтпесе ақын қыздың жас кезіндегі алғашқы кітаптарында өзі жиі жазатын қыр жауқазынының жаңа ашылған гүліндей дірілдеп, мөлдіреп тұрған осы сурет­тен көз ала алмай қадалдым да қалдым. Бұл не сонда? Әлде бұл жүз жасаған Жамбыл ақынның батқан күннің сәулесіндей тау басына шығып тым алыстап кеткен қайран жастыққа деген кәрілік аңсар болар ма? Болмаса көзден кеткен соң көңілге де көлеңке түсіп, көп жылдар бо­йы көрмегеннің сағыныш сәті ме екен бұл, бірақ менің өзімде түртпектеген бір оғаштау ойым бар. Биыл сексеннің тура бесеуіне келер Фаризаны еске алып, оның бұ дүниеден озғанына да он жыл, екеуіміздің бұдан 47 жыл бұрын 20 адамдық делегацияға бас-көз болып, Грузияның астанасы Тбилиси студиясында Алматының «Алтыбақанын» қойғанымызды тек қана «Қазақ әдебиеті» газетіне жазуым керек деп өзіме-өзім берген уәдем бар еді. Барған сайын ой ауырлап, бо­й босап бара жатқан соң өзі де биыл «жетпістің желкенін керген» (бұл менің сөзім емес, осы басылымда Еркін Жаппасұлымен төрт жарым жыл бо­йы бір бөлмеде отырған, Ерекеңнің қаламгер інісі Қанағат Әбілқайырдың осы үнжарияның
№ 30 санында жарық көрген, тақырыбын «Ер-АҒА» деп қойған жып-жылы мақаласынан алдым. Ер-ағаңды мен де білем, менің осы сүйікті газетке «Нар тұлға» деп басылған, Камал Смайылов жөнінде жазылған алғашқы мақаламды ұйымдастырған да осы Ер-ағаң болатын. Еркіннің қолынан келмейтіні жоқ, әлі күнге сол баяғы «Еркін сері» қалпы. Менің жаман ойым, жаңағы өзіме берген уәдемді орындайтын да Қанағат­тың осы «Ер-ағасы» болар. Оған өзім барып «желкенің желді болсын» деп, әлі күнге жазылмаған мақалама Фаризаның жаңағы әдемі суретін жеке беруді өтіну.
Енді авторыма келе­йін. «Редактордан шықсам, бір топ әріптестерім күтіп тұр екен, – дейді ол. – Олар қолымдағы қағазымды оқып көріп, Фариза апайдың маған мейірімділік танытып, толыққанды қызметкер етіп алғанына аң-таң. Сөйтіп, балалар газетінде қатардағы тілшіден бас редакторлыққа де­йінгі ұзақ та қызыққа толы бір мүшел жас өмірім осылай басталды. Ке­йін ойлап қарасам, редакцияда кілең талант­ты ақын-жазушы қыз-жігіт­тер жұмыс істейді екен. Күләш Ахметова, Сайлаубай Жұбатырұлы, Мәди Айымбетов, Мереке Құлкенов, Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов, Болат Қанатбаев. Бұлардың бәрін танимын. Осындай орайы келгенде, «көзі тірілері көп жасасын, о дүниеліктері артындағы ұрпағын аруағымен жебеп-желей жүрсін», – деймін.
Бірде 9-Мамыр, жеңіс күні қарсаңында редактор Бауыржан Момышұлынан сұхбат алу керегін айтады. Сонда Қапшаға­й­дан дәндеп қалған Бейбіт: «Баукеңнен Бейсенбай ғана сұхбат ала алады. Мінезі жұмсақ, ақсақалдың қаһарына шыдап, тіл табыса біледі», – дейді. Оның ұсынысын автордың Мәди ағасы мен құрдасы Мереке Құлкенов қолдайды.
«Аяқ астынан Бауыржан Момышұлының өзінен сұхбат алатын болдым, – дейді автор. – Бұл сенімге іштей қуансам да, көңіл күпті еді. Батыр кей журналистерге айт­қандай «кругом, шагом марш» десе ше? Тәуекел деп автор Баукеңе телефон соққанда, ол кісі:
– Онда, тез жет! Егер тез келмесең, айнып қалуым мүмкін, – дейді. «Екі өкпемді қолыма алып, Баукеңнің үйіне де жет­тім. Ақсақал таңертеңгі шайын ішіп отыр екен. Мені салқынқанды, сұстана қарсы алып, қолының ұшын ғана берді». Ал мен ойлаймын, «егер Баукең мен Фариза әкелі-балалы туыс болса, Бейсенбай сияқты Фаризаның алдынан шыққандар «әкесінен аумай қалған екен» дер еді.
Үстінде қарапайым қара шекпен. Өткір көздері өңменімнен өтіп барады.
– Әлгі телефон соққан бала сенсің бе?
– Иә, иә.
– Мына жерге отыр, – деп, Баукең төрдегі мамық орындықты нұсқады.
– Апа, мына балаға көже берме, тек қана шай бер, – деді (әйелінің шешесі бірге тұрады екен). Әже маған шай құйды.
– Қағаз, қаламдарыңды ал. Сұрақтарыңды қой. Мен дайынмын.
Мен қойын дәптерімді алып, жазуға ыңғайлана бергенімде:
– Журналист, м-м, қағазың жоқ, қалай жазбақшысың? – деп Баукең мысқылдай сөйледі. Одан соң орнынан тұрды да, көрші бөлмеден отыз шақты парақ ақ қағаз әкеліп берді.
Бүрсігүні мақаланы жазып, машинкаға бастырып, Баукеңмен қайта хабарластым. Газет­тің бет­тері қат­талып жатқан. Мен мақаланы көрсетіп, рұқсатын алуым керек еді.
Баукең бұл жолы жылы қабылдады. Мақаланы оқып бердім. Риза болып, ақ батасын берді. Асығып, әрең шыдап отырмын. Газет бет­теліп жатыр. Ал менің сұхбатым әлі терілмеген.
– Соңғы сұрақ, бүгінгі жеткіншектерге аталық қандай бата берер едіңіз?
– Бұл сұраққа мен жауап бермеймін. Жауап беретіндер бере берсін!
Әңгіме соңы осы болған шығар. Қайтуға дайындала бастадым.
– Жаз. Жаңа жолдан! – деген қарт командирдің бұйрықты үні қатқыл естілді.
Мен 43-бет­ті бастадым.
Баукең тілектерін айт­ты да, менен ке­йінгі жазылған сөйлемдерімді оқып беруді өтінді. Оқи бергенім сол еді, соңғы бет­ті сұрап алды да:
– Мен бұлай деп айт­қан жоқпын! – деді. Баукең үстел үстіндегі сіріңкені қолына алды. Ол жаңағы параққа от қойып, жоғары ұстап тұрды да, текемет­тің үстіне лақтырып жіберді.
– Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама! Бұл жолы Баукеңнің дауысы қырылдап, қатқыл шықты. Ойымда таңертеңнен кешке де­йін жазған 42 бет қағазды ақсақалға бермей аман сақтап қалу. Терезеде темір тор. Шыға алмайсың Ал кіреберістегі есіктің алдында қаһарына мініп, көздерінен от шашып, кешегі даңқты қолбасшы, бүгінгі ақсақал тұрды. Түсі сұп-суық, мұздай. Мәскеуге де­йін тоқтаусыз жеткен фашистердің Баукеңнен сескенгені рас-ақ екен!
– Мақаланы жазған соң заңды түрде көрсетесің. Есіт­тің бе? Көрсетесің!
– Әлбет­те, көрсетемін!
Баукеңмен сұхбат газет­тің ертеңгі санына шықты. Даңқты қолбасшы үш-төрт күннен ке­йін телефон соғып, редакторға рақмет айтыпты. Фариза апай мені өзіне шақырып, Б. Момышұлының ризашылық сәлемін жеткізді.
Фаризаның менен бір жас екі күндік үлкендігі бар. Ол 1939 жылдың желтоқсан айының 25-жұлдызында, ал мен бұл жалғанға 1940 жылдың сол айының 27-жұлдызында келіппін. Егер екеуіміздің аңғал әкелеріміз қосақтары қол аяғын аман-есен баурына алғанына қуанып, перзент­терін иіскей сала колхоздың конторына тұра шаппай-ақ, қалжасына бар болса тағы бір қойын сойып, аналарды сорпалап, көшпенділердің ежелден асықпайтын, әдет-салтымен тағы бір үш-төрт күн ерулеп, сәбилерін «жаңа ғана туды» деп келесі жылдың есебіне тіркетуді білмеді ме екен, әлде ол заманның заңы сондай қатал болды ма? Онда Фариза екеуіміз бір жыл туған төлқұрдас болар едік. Ал қазір ол – газет редакторы, мен сол 1976 жылдың жазында ғана Қаз. Т.Д. «Құрдастардың» бас редакторының орынбасары болдым.
Мақаладағыдай әдемі сурет менде жоқ екенін білсем де ақынның кітаптарын ақтара бастадым. Міне, қолыма іліккені ақынның 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жүрек күнделігі» деген жинағы. Мұнда ақынның бізге таныс сұсты суреті берілген. Осының 234-бетінде, оның «Мұқағали Мақатевқа» деген өлеңі басылыпты. Мұқаңның ән-аңыз болып кеткен «Фариза қызын» бәріңіз білесіздер. Дегенмен ендігі жас ұрпақ біле жүрсін деп осы жырдан үзінді көшірдім (1974 жылғы 23 май, студент­термен кез­десу сәтінен).
Мұқағали Мақатаевқа
– Біз мынаны білеміз:
Сіздің жүрегіңіз бәрін де батыл
жырлайды,
Қуаныш, қайғыға батып жырлайды,
Сол бізді өзіңізге ғашық еткен.
Қандай да қасірет­тен,
Сізді алып шығуға ұмтыламыз.
Өйткені сіз ақынсыз,
Бірі – сәті, бір күні – аңыз.
Бір жарым бет­тік осынау ұзақ өлеңнің соңында Фариза:
«Ақын тұрды шың құзын мәңгіліктің,
Мәңгілікке бір өзі жаулап алып», – дейді. Мұндай ойды ол кез­де Мұқаңа ешкім де айтпаған болар-ау…
Сол кез­де Қазақ­стан Комсомол комитетінің басына Қуаныш Сұлтанов келді. Ол Жазушылар одағымен бірге Комсомол сыйлығын беретін болды. Оған алғашқы болып Тұманбай, Қадыр ағалар ілікті. Мен оларға Пушкин кітап­ханасы залында «Арай» ат­ты кез­десу кешін аштым.
Біздің жылдық жоспарымызда биылғы мау­сымда Грузияның астанасы Тбилиси студиясына қазақтың «Алтыбақанын» апаруымыз керек. Оған озық қойшы, комсомол- жастар бигадалары қатысуы тиіс. Өйткені Л.И.Брежнев: «Қазақ­станда қой саны 50 млн болуы керек», – деген. Жол шығыны, ұйымдастырудың бәрі комсомолдың мойнында. Есептей келе, «Алтыбақанды» апаратындар саны 20 адам болды. Бұларға бас-көз болатын тағы бір атақты керек болды. Комсомол Орталық комитетінен «Құрдастарға» қамқоршы осы – Уәлихан Қалижанов. Атақты дегенде, Қадыр ағаға бардым. «Байқайсың ба, менің тұмсық тұсым гүржілерге ұқсас. Туыс табармын, барам», – деп келісті. Енді екі күннен ке­йін Қадекең: «Мен өтірікші болдым, бастығым шақырып, ертең Одақтық Жазушылар одағында сөз сөйлеу үшін Мәскеуге бүгін ұшуың керек деді. Міне, билетке бара жатырмын», – деді.
Ақылдасып, енді кім дегенде, Фаризаға тоқтадық. Қоңырау соққанда ол: «Адамың тым көп екен, араларында «саққұлақтар» да бар ғой». – деді.
«Сіздің телефоныңыз тыңдалмай ма», – десем, «Тыңдай берсін, 38 енді қайтып келмейді. Өйткені ел оянды, олар да оянып келеді, – деді. – Барамын, өзің келіп, жай-жапсарын айтсайшы. «Үш әріптің» есесіне жаңа шыққан жас әнші Айжан Тәжиева, студент қыз Айтжамал Қоянбаева, домбырамен қазақша ән салатын орыс қызы Татьяна Бурмистровалар бар деп қыздарды айтып, құжат­тарыңызды комсомолға беріңіз, билет­ті солар алады, бүрсігүні Ташкенге, одан Ереванға, содан Тбилисиге ұшамыз», – деп жөнімді айт­тым.
Төменде тулаған теңіз, көкте ақ бұлт­тардың көш керуені. Ұшақта адам аз. Жастар тыныш отыра ма? Алдында отырған қыздар Ескендірдің «Гүл сезімін» бастады. «Бұл нәзік сезім бе еді, Бұл әлде махаббат па?» хор қызындай ұшақ бикештерінің рұқсатымен көп жұрт бос орындарға жайғасты. Тбилисиде бізді «Жастар» газетінің бас редакторы Медея қарсы алды. Ол бізді Кураның жағасындағы жатаққа жеткізіп: «Тез шығыңдар, Гори ресторанына барамыз!» – деді. Бұл – Сталиннің туған жері. Кең сайдың іші екен. Ертеңінде есік алдында тұрғанда журналистердің оразасын ашатын газет­тер келді. Лап қойдық, себебі 1936 жылдан ке­йін СССР-дің жаңа конституциясы бүгін жариялануы керек. Фаризаның қолында – «Правда». Бірінші бет­тегі Әнұранды ол дауыстап оқыды. «Союз нерушимый, республик свободных, сплотила на веки Великая Русь» дегенге келгенде, ол қолындағы «Правданы» екі бүктеп, ортасынан қақ бөліп, қоқыс салғышқа лақтырып жіберді. Бізге ешкім жолаған жоқ. Сол күні түнгі сағат тоғызға де­йін студияда болдық. Фариза «Махамбет» деген өлеңін қазақша оқыды. Оны өз тіліне аударып диктор кадр сыртында оқыды. Қолы бос жастар қала көреміз, дүкенге барамыз деп кеткен. Көп жүрмей, қайта келгенде олар: «Көше ат­тары мен дүкендердің аты өз тілінде. Орысша сұрасаң, ешкім жауап бермейді екен», – деп келді.
Ертеңінде Медея: «Екі жүз шақырым жердегі ЦК-нің санаторийіне барамыз», – деді. Жолда Болвесиге тоқтадық. Мұнда биік тасмұнара бар екен. Бізді қарсы алған профессор екі сағат дәріс оқыды. Мұнара басына шығып, төменде шашылып жатқан, сүйектерді көрсетіп: «Бұл – түріктерден қорғанып, аштан өлген 26 грузиннің сүйегі», – деді. Сонда оның сөзін бөлген Фариза кешірім өтініп: «Сіздің айтып тұрғаныңыз қай түріктер? Мысалы, Ат­тила түрік, ғұндар да түріктер, әлде көктүріктер ме? Ке­йінгі Шыңғыс хан да түрік. Көрұғлы да түрік. Солардың қайсысы?» – деп сұрады. Профессор тосылып қалды. Біз көлікке міндік. Медея ғалымның атын айтып: «Мұны арнайы шақырдық. Үй-жайы, малы бар. Айлығы да жақсы», – деді. «Бұларыңыз «ұлт­ты ұлағат­таған жақсы бастама, бірақ…» – дегенде тоқтадық. «Санаторийі» жай болды. Дастарқанды жерге жайыпты. Ыстық кәуап көп. Төрт жігіт құрдай ұшады. Қолымызға сиырдың бір-бір қуыс мүйізін беріп, үш ат­там жердегі құдықтан темір шелекпен қызыл шарап әкеліп, сол мүйіздерге толтыра құйып: «Осыны төкпей ішулеріңіз керек», – дейді. Сөз арасында «Сулико» кет­ті. Таняның құдайы берді. Уақыт зымырап барады. Фариза түнгі сағат үште ұшуы керек. Таняның қырсығына қарамай жолға шықтық. Әуежайға ертерек келіп, екеуіміз өмір мен өнер, өлең туралы көп әңгімелестік. Фаризаның 60 жасқа толу мерейтойы Астанада және Алматыда өт­ті. Шақыру жіберіпті. Соған бара алмағаныма әлі күнге қат­ты өкінемін.

Құсыман Игісін
жазушы,
Мәдениет қайраткері,
ШҚО Тарбағатай ауданының
Құрмет­ті азаматы,

Еңбек ардагері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір