О, отты жыр, өзегімді қари түс…

Серік Сағынтай
Әлем кітапқа кіруге ұмтылып тұрады.
П.Малларме
***
Кеудемді көмкергем арманмен,
Ақтарсам бола ма қажеті?
Есімде мектепте, балдәурен,
Содан соң…
Қабырға газеті.
Айына бір рет шығатын,
Тиражы болса да бір дана.
Ел жоқта жайлап кеп тұратын
Өз-өзін оқуға бір бала.
Өлеңге ғашықпын.
Шын!
Неге?
Ол десе қалмайды ес менде.
Шатпақтап жазушы ем бірдеңе,
Алтыншы класқа көшкенде.
Әлі де жадымда, жадымда,
Томпиған момақан қоңыр ұл.
Балалық айналған сағымға,
Көңілде сағыныш шөлі құр.
Есте жоқ балалық өлеңі,
Өлең көп, өнбеген ісім көп.
Сол ұл тек түсіме енеді,
Қағаздан қатырған мүсін боп.
Мүсінге қарауға жасқанам,
Санамды сарнауық күй жайлап.
Кеудесін кірлетіп тастаған,
Жалғанның жазуы шимайлап.
Шимайдан тазартқым келеді,
Келеді қағазға жан бергім.
Мүсін тек өртеніп өледі,
Сол түсті бір емес, сан көрдім.
Күлді ұстап көзіме сенбеймін,
Со мүсін, со газет, со бала.
Ел жоқта шерленіп жерлеймін,
Кітаптан қаланған молаға.
Кеудемді көмкерем арманмен,
Өртенем түсімді түсінбей.
Жалғасып кетемін жалғанмен,
Өзім сол қатырма мүсіндей…
СОҚЫР АККОРДЕОНШЫ
Шығыстың жырланатын ғазалында,
Ерекше нұр шалқыған ажарында.
Тұрады соқыр жігіт сырнай тартып,
Қарағандының орталық базарында.
Тұрады соқыр жігіт сырнай керіп,
Жатқандай жанарында гүл-қайғы өніп.
Лықсиды базар-толқын жағаны ұрып,
Жабысып балағынан былғай беріп.
Өзінше өкінген боп тағдырына,
Ортақ қып базар бөлген қалдығына.
Өтеді жүргінші жұрт тиын тастап,
Бұтына қысып алар қалбырына.
Дидары – түлей түздің өртеңіндей,
Ырғағы – өксік құшқан келте өмірдей,
Теңселіп тұрар сонда соқыр жігіт,
Қайықтың жел жұлқыған желкеніндей.
Жылайды аккордеон таңнан кешке,
(Есебі – соқыр тайлақ талған көште).
Концертін тыңдап тұрам жақын барып,
Көз ашпаған кезімді алғанда еске.
Көңіл мас, көз жұмулы – жас дәуренің,
Сазға елтіп, бәсін білмей басқа әуренің.
Жүректің жырын ғана тыңдай алар,
Ей, бауыр, есіңде ме мастау кезің?!
Ей, бауыр!
Тәлкек туса тағдырыңда,
Түйткіл боп Тәңіріңнің жарлығында:
Шашуы бар тойыңның сылдырлайды-ау,
Тағдырдың итаяқтай қалбырында!
Сыңсиды соқыр, сырнай – егіз әуен,
Лықсиды көбік көзді теңіз әлем!
Көңілдің көзін ашып өмір сүйген,
Соқырды көзәйнекпен мен ұғар ем!
Cырнайлы сырын жырдың ұққымыз кеп,
Сезімге сергелдеңшіл тұтқын іздеп,
Келеміз күйкі өмірден мезі болып,
Жанарды жұмып өте шыққымыз кеп!
Түнектей өксікке өмір өзі ұласса,
Саз болып сыңсыр жырдан сезім асса.
Былғанған бізді көріп жиіркенеді-ау,
Бір күні соқыр жігіт көзін ашса!
Бір күні соқыр жігіт көзін ашса…
АҒАМ АЙТҚАН…
Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте,
Құлын боп қосылып ек елден көшке.
Құлдыраң құлыншақ кез ұмыт қалып,
Өкінтіп түседі екен өлгенде еске.
Ол кезде сен — құлыншақ, мен —
құлыншақ,
Кейін ғой бөлек кетіп шерге ұрынсақ.
Дырау мұң дар айырып жон арқамды,
Қу тағдыр тепеңдетті-ай терлігін сап.
Ол кезде көктем күткен шулап алдан,
Бел асып кетті алдырмай қуған арман.
Не пайда енді соны еске салып,
Бауырға ап ер-тоқымды тулағаннан!
Құлын ем қияс-қырсық, қылығы жын,
Лайланды-ау көңілімнің тұнығы мың.
Шарт етіп шалма түсті қыл мойынға,
Қайтейін, күйкі өмірдің құрығы ұзын!
Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте,
Құлын-күн түседі екен өлгенде еске.
Ілбіген жауыр мәстек қырдан асты,
Жырақта жылауық күн сөнген кеште.
Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте…
ФӘНИ-ҚҰС
Мен бе…
Сен бе…
Ол ма, әлде кінәлі?
Неге оттан түтін иісі шығады?
Жан өртіне су себетін жан таппай,
Сарқылғанда дүниенің бұлағы –
Қап-қара боп тұтылған күн тәрізді,
Өртенем де кетем ылғи…
Аңызды
Есіме алам фәни-құсты, фәниді,
Өзегімді өрт-өкініш қариды.
О, отты жыр, өзегімді қари түс,
Менің атым – Фәни-құс!
Елдің бәрі ақын ғой деп ұғатын,
Қос қанатым өрт, жалын боп шығатын…
Жарымы күл, жартысы от денемнің,
Бірақ оған сенер кім?!
Бақи жаққа күнде барып қайтатын,
Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!
Лап еткенмін шайтан шашқан шараптан,
Өзін өртеп, өзімді өртеп…
Сан оттан
Түтін иісті күл жұғыпты жаныма,
Шайтан шәрі тозақтан
«…Оттан туған»
Өн-бойымды құрсар күш,
Басым кейде күлсалғыш.
Жанып-сөніп, шерді өртеген жүрегім,
Жартысы – күл, жарымы – нұр…
Жыр. Өлім
Екеуінің ортасында сенделген,
Жыр тірілтіп, шер көмген.
Бір бұлаққа келем әлі шөлдеумен…
Жүз өртеніп, тоқсан тоғыз сөнгенмен,
Күлге толып баратқандай өр кеудем.
Лап еткізіп жер-жаһанды жарығым,
Мен тұтанған күні неге налыдың?
Мен сөнетін күнді неге жорыдың,
От пен бірге күл жаратқан Тәңірім?!.
БҰҚПА ӨЗЕНІ
(Р.Н.-ға)
Шулы шаһар астымен тынып ағып,
Толқи алмай, ыңырсып, ыңыранып…
Жатыр Бұқпа көктемде көсілместен,
Тас қаланың бауырына бұғып алып.
Толқынымен толқыны табыса алмай,
Кемел жұрттың көшімен жарыса алмай…
Жатыр Бұқпа бұқпантай бір күй кешіп,
Кеудесін құрт кеулеген кәрі шалдай.
Жатыр Бұқпа лайланып, жаны ышқынып,
Тас қаланың табанын ағыс қылып.
Бұл қаланың ойнамас балалары,
Қағаз қайық суға сап, жарыстырып.
Жатыр Бұқпа тағдырға көніп, арып,
Өкпесін өркениет тоңы қарып.
Түсіне енеді әркез кабактарда
Кепкен мұжық кемірер өлі балық.
Жатыр Бұқпа толқыны жарға ұрынбай,
Зар кешіп запы болған зарлығымды-ай!
Қалаға тап-таза боп енген бұл да
Менің дәл он бес жасар тағдырымдай.
Жатыр Бұқпа…
***
Ойымнан кетпей нұрлы жанарыңыз,
Ерекше мұңға толып барады күз.
Кездейсоқ ұшырасып қалғаннан соң,
Ойлаудан жоқ-ау басқа амалымыз.
Соншалық
Сиқыр сазды есіміңіз,
Сүйінсем сыртыңыздан, кешіріңіз.
Мендегі бар сезімді әлдилеген,
Кеудемнің күймесінің көшірі – күз.
Тұп-тұнық жанарыңыз түнмен егіз,
Жайдары жамалыңыз гүлмен егіз.
Түн кешіп, гүлге ынтығып келе берсем,
Ерігіп, елес қуып жүр демеңіз.
Жап-жарық
Нұрлы күндей дидарыңыз,
Мен сізді жиі ойлаймын, иланыңыз.
Сезімді көктемеде ұмытқан соң,
Жүрекке төтенше мұң сыйлады күз.
Мұңлы күз,
Жүрекке жыр құйылған күз.
Қосылмас, жақындамас қиырлармыз.
Сағына жыр жазғаннан басқа амал жоқ,
Бағына басқа жанның бұйырған қыз…
БІЗДІҢ АУЫЛ
(Д.А-ға)
«Есіктің алды тал-қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйім…»
Халық әні
Біздің ауыл бауырында Жыландының,
Сонда өткен құлын-күн, құнан-күнім.
Бәйге-өмірдің мәресі елде ме екен?!
Білмеймін, күмәндімін…
Біздің ауыл сол таудың еңісінде,
Құлын-тағдыр тізілген желісінде.
Шылбыр үзіп, шұрқырап кеткем кейін,
Күреңбайдай сыншы жоқ ел ішінде.
Біздің ауыл… тар-қапас қала қазір,
Біздік тағдыр — бәйгеге балама жыр.
Менің тәнім — қаланың қуыршағы,
Жаным болса, дүбірлі далада жүр.
Біздің ауыл қалды артта құр бұйығып,
Қалаға еніп кетіппін жылжи ығып.
Алынбаған ауылда қамау терден,
Көкірегіме у-зәһар жүр құйылып.
Біздің ауыл астында сағым қырдың,
Біздік жүрек астында шағым-зілдің.
Қимай иісін қимастан қу қаланың,
Тайғанақтап кете алмай лағып жүрмін.
Біздің ауыл бауырында еді Жыландының,
Мұнарлы мұң сол елде, тұмарлы күн.
Ілби жылжып жетем бе сол еліме?!
Білмеймін, күмәндімін…
АҚТОҒАЙ
Тағдыр ләмі тізілетін тақтадай
Жадыма әкеп жазып берген хақ талай.
Жүректегі жырларымның ұйқасын,
Сенен табам, сенен алам, Ақтоғай!
Көк пүлішке салған уыс мақтадай,
Көктен саған арбалады аппақ Ай,
Жерде жүріп сенен алыс кеткенмен,
Аңсарымды жүрегімде сақтағай!
О, Ақтоғай!
Арай-нұрлы Ақтоғай!
Уақыт деген зулайды екен тоқтамай,
Сол баяғы сәл мұңдылау қалпымда,
Саған келіп тұрмын бүгін, Ақтоғай.
Аппақ нұрың – тірліктегі жарығым,
Ардың өзін Ақтоғай деп таныдым.
Ақ қайың боп жапырағым жайқалып,
Тоқырауын боп тоқыраған тамырым!
Бегазыдай жұмбақ едім бұл елге,
Ақсораңдай сұңғақ едім дүр елге.
Жыр-жасын мен қара өлеңмін біреуге,
Құмға сіңген кәрі өзенмін біреуге.
Ару қызға алғаш айтқан сөзім де,
Арлы жүрек арқалаған төзім де,
Ақ өмірге аяқ басқан кезім де,
Сенен жұққан жұпары құт сезім де,
Көне күндер керуені көзімде –
Мені қосқан тірлік деген бәйгеңнің,
Сөресі де, мәресі де өзіңде!
О, туған жер!!!