БҰЙЫМТАЙ
Біреудің жақсы дүниесіне қызығу деген «Апыр-ай, осы шіркінді қолыма қалай түсірсем екен?» дейтін қызықойлық мінез Қыдырбайда жоқ сияқты еді. Рас, әлекедей лыпып, ауыздығымен алысып, атырылып тұрған, қамшы салдырмас жүрісі де, тұрысы да келісті жақсы атқа құмарлығы бар. Жүйрік баптап, бәйгеге ат қостырып көрмесе де, жақсы ат көрсе құнын келістіріп беріп, алуға тырысар еді. Қыдекеңнің бұл жолғы қызығушылығы, тіпті ойламаған дүние болды.
Үйге қажетті қант, шай сияқты ұсақ-түйек алайын деген оймен екі-үш көштік жердегі орталыққа түскен. Сауда-саттығын қоржынның қос басына толтырып, ешқайда, тіпті бармай кетпейтін немере ағасының үйіне де соқпай, тізгін ұшынан қайтар жолға түскен. Тек кеңшардың кеңсесіне бас сұққан. Онда да директордың орынбасарына кіріп, бір-екі аптадан бері жайлаудағы жұрттың малына тұз жеткізілмей жатқанын айтып шыққан.
Соңғы кездері жалғыз ұлы Ертуған құла қасқасын ерттеп алып, аудан орталығына жиі барғыштап жүрген. Кейбір жұрттың: «Ұлыңды Сарытерек жақтан көрдік» – дегендеріне қарағанда, оның аудан орталығына да көп байырқалай бермейтінін әке шіркін сезіп, «түбі қайыр болғай!» деп түйген. Бірер апта бұрын ол жүрісі көбейіп кеткен ұлға біраз ірі қараларын сатып, «Жигули» автокөлігін сатып әперген. Ең жақсысы, құла қасқаның да арқасы босап қалған. Бірер жыл бұрын кештетіп, көрші ауылдардың иттерін түнде шулатып жүретін азамат болып қалған ұл, соңғы кездері қойшылардың қызды ауылдарына қыдырыстауы байқалатын. Қыдекең де жастық шақтың шайқы-бұрқы дәуірін бастан өткізген кісі емес пе, ұлдың жиілеп кеткен жүрісін іштей пайымдап, жақсылыққа жориды. «Е, Алла, келіннің қолынан шай ішіп, құда-құда десіп, өзімдей бір замандасыммен сыйласып, барып-келуді жаза көр» деп іштей тебіренеді. Армандағанына қарай, әке-шешесі бар бойжеткен ұлыма жолықса игі дейтін қиялы басқа ойдан басымдау шыға беретіні де рас.
Ертуғаны кеше: «Әке, орталықта көбірек аялдайсыз ба? Мен де қалаға түсіп, шашымды алдырып қайтсам ба деп едім», – деген сөзінен, Қыдыкең ұлдың көкейіндегі алып-ұштырып тұрған пейілін іштей түсінген. Ұл жолына кедергі болмайын деген оймен орталыққа көп аялдай алмағаны да содан.
Түс ауа өзінің сәресіден бері нәр сызбағаны есіне түсіп, жолдан біршама қиғаштау жерде отырған Игілік құрдасының үйіне қарай ат басын бұрды. Талай жылдан бері бір ферманың қойын бағып, аралас-құралас болып, құрдастық әзіл-қалжыңдарын жарастырып жүрген досы отарын бір ұлына бақтырып, өзі үйінде екен, зайыбы екеуі де көптен араласа алмай жүрген Қыдырбайды әдейі іздеп келген қонағындай қуана қарсы алған. Кереге мен шидің арасына іліп сүрленген қойдың етінен Әсия қуырдақ турай бастағанда, қонағы қарсылық білдірген жоқ.
– Қыдыке, көптен көрісе алмай жүр едік, келгенің жақсы болды. Отың жағулы, малың бағулы дегендей, бүгін асықпай, қона жатып, ертең бір-ақ аттан, – деп Игілік ағынан– жарылсын. – Бұл жолы Әсияны алдайтын әңгімең жоқ шығар. Ондай әңгіме айтпасаң да, бүгін бір қойдың басын ұстап, сыбағаңды жеп қайт.
Ол құрдасының сол жолғы Әсияны жақсылап алдағаны есіне түскендей жымыңдап, күле жүріп, кебежені ашып, ішінен бір шөлмектің мойнынан қылқындыра ұстап, ортадағы дөңгелек үстелдің үстіне қойған. Қыдыкең құрдасының ағынан жарылып, бәйек болып жүргенін көріп, шынында да бүгін қона-жатып, емін-еркін сырласып, бір демалып қайтуға бейіл болып қалды.
– Әй, Қыдыке, сол жолғы Әсияның жүрегін ұшыра алдағаның айтарлықтай оқиға болды ғой. Бұрындары ол оқиға ойына түскен сайын «Сөйтіп те, ойнай ма екен?!» – деп ренішін айтушы еді, көрдің бе, қуырдағын қолы-қолына жұқпай турасына қарағанда, бәрін де ұмытқан-ау. Ол зайыбына күле қарап, тапсырмасын да айтып үлгерді.
– Мына шірікіннің бетіне қарап отырамыз ба, тіске басар бірдеңеңді әкеліп қой дастарқанға.
– Е, құрдасымның бір базынасын көтере алмасам, несіне құрдас болып жүрміз?! – деп Әсия да сылқ-сылқ күлген. – Тек, сондағы шошытып, қара аспанды басыма төндіргендей әңгімесін ойласам, өне-бойымды әлі суық тер басады.
Үшеуінің қазір айтып отырған ол әңгімелері кезінде бүкіл ферманың малшыларына тарап, кейбірі – құрдастың ащы қалжыңына риза болысса, кейбірі – «Сөйтіп те, қалжыңдауға бола ма екен?!» деп сөккен болатын…
Бірде Қыдырбай жайлау үстінде жоқ қарап келе жатса, бір бейтаныс жолаушы кездесіп, төр жайлауға баратын жолды сұрайды. Бұл анау жолмен жүріп, бәлен шатқалдан асасың, содан үлкен өзеннен өткен соң биікке беттеген жолға түсесің деп жөнін түсіндіреді. Жолаушы жолдың алыстығын білген соң, жақын маңда шай ішіп шығатын үй болса дегенді айтады. Сонда Қыдыкең бір белдің астында отырған құрдасы Игіліктің үйіне бастайды ғой. Жолаушыға: «Төр жайлауға бара жатқаныңды және өзіңнің кім екеніңді үйдің иесі келгенше айтушы болма. Оның өзі қазір өрісте болар, біз келіншегімен ғана әңгіме құрамыз», – дейді.
Айтқанындай, ірілі-ұсақты екі-үш баласымен Әсия үйінде екен. Ол шіркін қашандағы ашық-жарқын мінезімен құрдасын қуана қарсы алып, қонағы екеуіне көрпе жайып, төрге шақырады. Бірақ қашан да әзілін ілестіре жүретін құрдасының қабағының келіспей тұрғанын сезген Әсия:
– Қыдыке, саған не болды? Бір жерің ауырып отырған жоқ па? – деп мұның бетіне сұраулы жүзбен қарайды.
– Е, ат соғып шаршағандыкі болар, – дейді де қояды.
Үйге кіріп-шығып, сырттағы мосыға шай қойып жүрген Әсиямен сыртқа ілесе шыққан құрдасы оған сыбырлап былай дейді:
– Ойбай, құрдасжан, алдымен, айтар хабарымды қорықпай тыңда. Сонан соң ана жігіттен жөн сұраушы болма, – деп сыбырлайды.
– Не болып қалды?! – деген Әсияның үні шығып кетеді.
– Үндеме, ойбай! Бүлдіресің, – деп оны тоқтатып, сөзін жалғайды. – Сәбет пен Ауғанстанның соғысы басталғанын білесің ғой. Игіліктің атақты мерген деген атағы жалпақ жұртқа жайылып кеткенін де жақсы білесің…
– Құдай-ау, не айтып кеттің? – деп Әсия бір сұмдықты сезгендей құрдасын жұлқылай бастайды.
– «Үндеме» дедім ғой мен саған. Әнеки, «байынкәмат» арнайы адамдар шығарып, мергендердің тізімін ала бастапты. Мына жігіттің шаруасы да сол көрінеді. Саспа, ел-жұртпыз ғой, біз де бір амалын табармыз, – деп, екі көзінен жас парлай бастаған келіншектің бетін жуғызып, былай дейді:
– Қазір есің шығып, алдын ала қара аспанды төндірмей, қуырдағыңды турап, қазаныңды көтер. Мына пәлекеттің аузын алайық, ащы-тұщыңды шығар, – деп ақыл айтады.
Кешкілік Игілік қойын қоралауға келгенде, Әсия жылап-еңіреп, күйеуінің алдынан шыққан ғой.
– Құрыдық, Игілігім-ау, біз құритын болдық. Сені Ауған соғысына алмақ екен.
– Оны кім айтты?
– Қыдырбай мен «байынкәматтың» кісісі.
О баста Игіліктің де мына тосын хабардан шошынып, тіксініп қалғаны рас. Бірақ ол үйге жақындағанда құрдасы мен мергендердің тізімін алып жүрген «ресми өкілдің» тым көңілді қарқылдаған күлкісін естіген соң, бір шикіліктің құрдасынан келген кеп екенін сезген.
Бейтаныс жігіт үй иесі келгенше жаңа танысымен бірге тойлап, «шайқап» отырғаны үшін қысылғандай, орнынан тәлтіректей тұрып, қол берген. «Ассалаумағалейкүм!» – деген ол тұтыға сөйлеп. Жігіт «бұл неғылған батпан құйрық, жол үстінде жатқан құйрық» дегендей, жолдан адасып, шөлдеп, қарны да ашып келе жатқанда жөн сұраған досының үйіне кіргізіп, сусын ғана емес, қуырдақтатып, ол аз болса өздері «өлеңнің дәрісі» атап жүретін ашулы сусыны бар бір шөлмекті тауысып, екіншісінің тығынын ашып, дүрілдеп отырғандарының мәнісін өзі де миына сіңіре алмай отырған болатын.
Үй иесі әліптің артын бағайын дегендей:
– Ал жігітім, жол болсын! – деді қысқа ғана. Жігіт орнына отырмаған күйі ақтала сөйлеп:
– Төр жайлауда отырған «Сарытерек» кеңшарындағы нағашымды іздеп бара жатып, содан мына досыңыз жолығып, содан… сіздің үйіңізге келіп, содан кеш батып бара жатқан соң…
– Е, бопты, – деді үй иесі. – Келгендерің де жөн, кеш батып бара жатқан соң, қонғандарың да жөн, көңіл көтергендерің де дұрыс-ақ. Ал әлгі «Ауған соғысына мерген іздеп жүрміз» деп әйелімді сонша шошытқандарың жарамаған. Өйтіп алдамай-ақ қонаққа деген сыбағаларыңды ішіп-жесеңдер болмас па еді…
– Ойбай-ау, ондай сөз аузымнан шыққан емес. Ондай сұмдықты өзіңізден естіп отырмын.
– Әй, сен мені көптен бері дұрыстап сыйлай алмай жүр едің. Мына қатыныңды жақсылап алдаудың сәті түсіп тұрған соң, оны ойлап тапқан – мен. Ал не істейсің енді?!
– Е, жарайды, бопты. Әсиямды есінен бір тандырдың, – деп үй иесі қарқ-қарқ күліп, шөлмекті өзінің кесесіне де еңкейте берген.
Қыдырбай құрдасының әзілінің мәнін ұққан Әсия да қатты қорыққанынан кейінгі қуанышқа ұқсас пейілін былай білдірген:
– Бүйткен құрдастық әзілің бар болсын да, сенің!
Шақырылмай келген қос қонақ ертеңгі қой өріске өрген соң да асықпай аттанған.
* * *
Қос құрдас өткен-кеткенді айтып, әңгімені қыздырып отырғанда, Қыдырбай босаға жақтағы кереге басына іліп қойған қазақы көне ер-тоқымға қарай берген. Көбіне шекарашы әскерилер міне беретін «орыс ер-тоқымы» деп аталатын басы, қасы сияқты негізгі бөліктерін алюминийді кіріктіріп жасайтын ер-тоқымдарға соңғы кездері қолы жететіндер тым әуес болатын. Ондай мүлік қолдарына түспейтіндер қарапайым ғана ағаш ер-тұрманды қанағат қылар еді. Ал мынау көріп отырғаны бұрындары болыс-билер кемі екі-үш құлынды бие беріп, нағыз ершілікпен аты шыққан шеберлерге жасатқан аса құнды зат еді.
Қыдекең орнынан тұрып барып, ер-тоқымға шұқшия қараған. «Апыр-ай, қолы алтын небір шеберлер өткен ғой дүниеден» деп ойлады ол құнды мұраға зер сала қарап. «Екі басы да күміспен, жылқы қабырғасының сыдырма сыртқы қабатымен әрленіпті. Алдыңғы қасының дәл ортасының маңдайына, қандай текті дүние екенін айыра алмаса да, қой асығындай қызыл тас орнатыпты. Алды биік және қас пен артқы қасты, қос қапталды жалғап тұрған арқалық белдік ағаш ат арқасына тимейтіндей кең де, биіктеу жасалған. Қапталдың алдынан өмілдіріктің, артқы жағынан құйысқанның қайыстарын байлайтын және қанжығаларға арналған тесіктер жасалыныпты. Ердің өзін құрастырып болған соң, үстін жапқан тозығы жеткені былғарының жиегіне күміс жалатқан шегелер қағылыпты. Үзеңгі баулардың тозығы жеткен болмаса, жақтауларына күміспен өрнек салған емшекті қос үзеңгі де әлі жалтырап тұр екен. Терліктері де орнында, бірақ олардың былғарылары да әбден ескіріп, бояуларының о бастағы түсі танылмастай күйге еніпті. Әттең жөндеп, қайта «тірілтіп» алар ма еді!»
– Мен бір бұйымтай айтсам, берер ме едің, құрдасым?
– Бұйымтайыңның қай қиырдан соғар хикмет екенін біліп тұрмын. Пайдаланып, кәдеге асырмағаныммен, әкем емес, атам емес, заманында атымен де, атағымен де елді аузына қаратқан бабамнан қалған қасиетті мұраны сұрамасаң болыпты.
– Өкінішке қарай, бұйымтайым сол – бабаңнан қалған осы ер-тоқым. Жұрт көріп, тамашалайтындай музейге өткізбеген соң, не жөндетіп алып, қызығын көріп, атыңның сәнін келтіріп, арқасын қуантпаған бұл мүлік кәдеге аспаған соң – өлі дүние. Бұйымтайды қазақ тегін сұрамайды. Жоралғысына бұзаулы сиыр атадым. Бұл ерді мен шебердің қолынан жаңа шыққандай қылып, сәндеп тұрып, қайта жасатамын. Бұған қызығып тұрғаным – жігіт болып қалған ұлым Ертуған мүлкіңді жарқыратып жұртқа көрсетіп, қызығын көрсін. «Әкемнің досы Игіліктің бабасынан қалған мүлік екен» деп айта жүруді тапсырармын. Кереге басында керексіз болып ілулі тұрғанша жарыққа, жұрт алдына шықсын.
– Апыр-ай, буынсыз жерге пышақ ұрсаң да, көңіліңді қимай тұрғаным рас. Ал анау бұзаулы сиыр дегеніңді айтпа. Ол жоралғыдан гөрі саудаға ұқсап кетеді. Достар арасында сауда жүрсе, салқындық бірге ілесе жүреді.
– Құрдастың сөзінің жаны бар. Достықтарыңның садағасы. Тозығы жетіп тұрған ер-тоқымды қашанғы сақтайсың? Қи досыңа, – деп Әсия төрелік айтқан.
– Бұзаулы сиыр деген соң, сенің де буының босап кетті-ау, – деп Игілік те күлген.
* * *
Арада апта өтпей-ақ Қыдырбай досының қарсылығына қарамай, бұзаулы сиырын айдап әкеліп беріп, былай деген:
– Салқындық ер-тоқым мен сиырға қарап тұрған жоқ шығар. Қайта бұларды дос көңілдің алғаусыз белгісі деп білейік, – деп, сөз осымен тұйықталып, екі жағы да риза-хош болысқан.
* * *
Қыдыкең бір мықтының тапсырмасын орындап жүргендей ер-тоқымды «тірілту» мәселесіне асығыс кірісіп, ердің үстіндегі былғарыны шегелейтін және қос тебінгіге қажетті жылқы терісінен әзірленген қоңырқай былғарыны және өмілдірік, құйысқанға қажетті ақ қайыстарды жетерліктей қылып әкеліп, шеберге тапсырған. Әбзелдерді күміспен күптетудің мүмкіндігі болмаған соң, соған ұқсас безендіргіш аппақ металл текті заттар да табылды. Қаржысы мен тоқты-торымның бетіне қарамай жүріп, бір-екі айдың мәулетінде ер-тұрманын даярлатып үйге әкелген. Қарағайдың қанды қабығын қайнатып, оған ұшқат тамырының сап-сары бояуын қоспалап отырып, құла-жирен түс шыққан кезде, ердің үстіне шегеленген және қос тебінгіге арналған қоңыр былғары мен айыл-тартпа, өмілдірік-құйысқан, тіпті қанжыға қайыстарына дейінгі ақ қайыстарды екі-үш дүркін бояп жүріп, бәрін де бір түске келтіріп алған. Ер-тоқым Игіліктің бабасы тұсында қандай болғанын кім білген, ал қайта жаңғырып шыққан бұл дүние көздің жауын алғандай еді. Көрген жұртты таң-тамаша қылып, қызықпағаны жоқ. Тіпті Игіліктің өзі:
– Дос, жөндетіп бергеніңе ризамын. Енді мүлкімді өзіме қайтар, – деп Қыдырбайға әзіл-шыны аралас базына айтқан. Тіпті «Сат, сұраған құнын дау айтпай берейік» дегендер де шықты. «Қызды ауылдарға жүзі жарқын болып барсын» деген Ертуғаны қалыңдығымен отау тігуге сөз байласып қойыпты. Бір күні әкесіне қалыңдығының аулына құда түсіп баруды әңгімелесін. Сөйтіп, аса құнды әрі киелі ер-тоқымның жәрдемінсіз-ақ сөзді пісіріп қойыпты.
* * *
Не керек, өздері көптен күткен жақсы сөздің шеті қылтиған соң-ақ «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, құда түсу де, сырға тағу да, күйеу барып, қыз ұзатып, келін түсіру де – айналасы екі-үш айда бұрқ-сарқ өте шыққан. Бәйбіше де сандық-кебежелерінің кілттері мен шәугімнің тұтқасын келініне ұстатып, жартылай азаттық алып, ағайынды аралап, туыстарды түгендеуге кіріскен. Қыдыкең болса, қайын ата атанып, мінезін мінсіздеп, аңдап сөйлейтін салиқалы кейіпке көшкен. Бұрындары: «Әй, бәйбіше, шаршап отырмын, бірер жүз грамыңды құйып қойшы», – деген әдетін де ұмыта бастаған. Айы оңынан туып, жалғыз ұлы да бұған сай, аузын ашса, жүрегі көрінетін нағыз ақпейіл, ақ көйлек құдаға жолықтырыпты. «Құданы құдай қосады» дегенге көзі жеткендей іштей тәубеге келеді.
Екі жақ та құда шақырысты, ағайын-туғандардың үй көрсетіп, құдаларға дәм татырудың да науқаны біраз созылып барып, саябырсыған. Бұл заманда машинаға жер алыс па, «келіңдер» деген сөз шықса болды, екі жақ та барып-келе қояды.
Ұлы дүбірлі науқанның ыстық-суығы аяқталғалы бір жарым, екі айдың мәуліті өте бере бір күні кештетіп, Қыдыкеңнің үйіне құдасы Қалижан салт атпен жетіп келсін.
– Құдама машина мінбей, ат терлетіп, әдейі келдім, – дейді құдасын кең құшағына алып жатып.
Не керек, туыстық қатынасты шыңдай түсейін дегендей, шақыртпай келген құда екі-үш күн жатып, елді аралады, жерді көрді. «Адам дүниеге келсе де, дүниеден өтсе де қойдың соры» дегендей, ағайын құдаға деп, талай қойдың басын қайырды.
Құда атын ерттетіп, енді аттанар шақ туғанда, Қыдыкең құдасынан бұйымтай сұраған. Қалижан жылы жымиып:
– Құда, менде не бұйымтай болсын, балалардың от жаққан ошақтарының басындағы рахайлы тірліктерін және құдағиым екеуіңіздің ақ пейілдеріңізді тағы бір көргім келді. Жеріңіз өрісті, ағайын-жұртыңыз келісті екен. Ризамын, құда-құдағи! – деген.
– Онда сізде бұйымтай болмаса, менің бұйымтайым бар, құда, – деп ол құдасының бетіне қарағанда, бәйбішесі мен Ертуған мұның бетіне қараған. «Әдейі іздеп келген құдадан, тіпті үйге келген қонақтан қазақ бұйымтай сұраушы ма еді?» деген ой келген екеуіне де.
– Ойбай, құда, сөзіңіздің садағасы. Сұраңыз, – деген Қалекең де ағынан жарылып. – Атыма қызықтыңыз ба? Алыңыз!
– Жоқ, құда, ат өзімде де бар.
– Онда шапанымды, әлде бөркімді шешейін бе?
– Жоқ, құда, бұлар да керек емес.
– Онда не болды, құда, бұйымтайыңыз? Айтсаңызшы, адамды сөзбуаз қылмай.
– Айтсам, ер-тоқымыңызға көзім түсіп отыр, – деді. Тағы да бәйбіше отағасына таңдана қараған. Ертуған «Әкем науқастанып қалғаннан сау ма?» дегендей басын бір шайқап, орнынан тұра берген.
– Құда-ау, менің жаман ер-тоқымыма көзіңіз түскен екен. Алыңыз!
– Әрине, сізді аулыңызға жайдақ атқа мінгізіп жібере алмаймын ғой, – ол есіктен шығып бара жатқан ұлына дауыстаған. – Ана Игіліктен алған көне ер-тоқымды үйге алып келші.
Қызыл жирен сақтиян былғарылы, күмістелген ер-тоқымды көргенде, құдасы шыдай алмай:
– Айналайын, құдажан, мәймөңкелеп отырған бұйымтайыңыздың мәнін енді түсіндім. Тым асыл бұйым екен, мұныңызды ала алмаймын. Ертуған мінсін жарқылдатып, ол ер-тоқымды.
– Айтқаным – айтқан. Құда, сізді жайдақ атқа мінгізіп, қайтармаймын ғой. Сіз «Ертуған мінсін» дейсіз. Ол атын бір күн ерттеді де, қайтып жоламай қойды. Жұрт: «Қайдан алдың?» деп есімді шығарды», – дейді. Оның үстіне шіркіндер, сәнді ер-тоқымды ат мінгеннен гөрі машинамен зыр ете қалғанды артық санайды ғой. Мұндай дүниенің қадірін сіз бен біз ғана білеміз.
Сонымен, құда, жолыңыз болсын! Құдағиға дұғай-дұғай сәлем айтыңыз!
Сөйтіп, Қыдырбай ұзақ «саудаласып», ақыры, құдасын жаңа ер-тоқымға мінгізіп, жолға салды. Ол зайыбына: «Осы бір мүлік қалап сұрағандар, сатуымды өтінген көп достардың көңілдеріне қаяу салды. Тіпті совхоз директорының өзі де: «Бір жыл міне тұрайын!» дегеніне көнбеп едім, оның да ренжіп кеткені анық. Тым қымбат дүние де шын иесін таппаса жетім екен, – деп шынын айтқан.
Осы оқиғаға бастан-аяқ куә болып жүрген Қыдыкеңнің көршісі: «Әй, дүниенің парқын білмейтін дарақы қазағым-ай!» – деп налыған. Ол шіркін дүниедегі ең қымбат – есеп-қисапсыз адамның көңілі екенін ойлаған да жоқ.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ
жазушы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері
«Атамұра» баспа корпорациясынан жуырда жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлының екі томдық «Біз немесе есіктен төрге дейін» атты ғұмырнамалық естелік-эсселер жинағы және «Қарттарым, қайран қарттарым» атты үшінші кітабы жарық көрді. «Желкілдеп өскен құрақтай», «Жеткіншек дейтін елденбіз», «От жейделі жастық шақ», «Ендігі бағыт – егделер елі» атты төрт саладан тұратын қос кітапта өзінің балалық шағынан бастап, қаламгерлер ортасындағы кезеңдерге дейінгі өмір жолының ең есте қалар қызықты тұстары шағын-шағын эсселер арқылы өріледі. Төрт кезеңге бөлінген төрт тарауда автордың өзі қоян-қолтық араласқан балалық, жастық, студенттік және қаламгерлер ортасындағы достарымен өткен кезеңдердегі оқиғалар арқылы өрбіп отырады.
Ал «Қарттарым, қайран, қарттарым» кітабында шығыстағы Жарсу ауылында өткен ғасырдың 50-60 жылдарында өмір сүрген қарттардың, құрдастардың, біріне-бірі ұқсамайтын характер, мінез-құлықтарын айта отырып, қызықты оқиғаларды оқырманға ұсынады.