Мемлекетшіл сананың әлсіздігі
Шын мәніндегі тәуелсіздікті сезіну дегеннің өлшем бірлігі қалай белгіленетінін саясаттанушылар дәл анықтайтын болар.
ХХ ғасырда бір жүйеден екінші жүйеге екі рет ауысқан кезеңдердің қыспағы халықтың тарихи санасында ғылыми тұрғыдан қаншалықты сақталғанын зерттеген кім бар? Тәуелсіздік жарияланған алғашқы минуттар мен сағаттар, тәуліктер мен айлар, жылдарға ұзағанда барып өмір құбылыстарына үңілгендейміз. Қобалжу, жүрексіну атымен жоқ, бойымызды керемет сенім билеп, қай елдердің тәуелсіздігімізді танығанын қалт жібермей баққанымыз есімізде. Дәл сол уақытта ұлттың игілігін барлық қазақ бір кісідей ойлап, бір кісідей іске жұмылатындай көрінген. Жемқорлық деген ойымызға кіріп шықпағанына тіпті таңымыз бар. Мемлекет мүлкін талан-таражға салмайтындай жалпы ұлт мүшесі түгел патриот болып көрінгені несі екен… Сол көңіл күйді қазір біртүрлі сағынасың. Саясаттанудың бүгінгі жас «перілері» бұл мәселеге қалай қарайтынын білгіміз келіп, сұрақтар жолдаған едік…
– Билік өкілдерінің көпшілігі еліміздің жетістіктері туралы жиі айтады. Алайда, халықтың әл-ауқатына қарасақ, ол сөздердің шындықпен сәйкес келмейтінін аңғару қиын емес. Сөз бен істің мұндай алшақтығы не себепті орын алды?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, саясаттану бойынша философия докторы (PhD):
– Бұл – біздегі ақпараттық ортаның тым тарлығынан, өзекті жайттарға байланысты пікірталастың жоқтығынан, түрлі көзқарастардың айтылмайтындығынан туындап отыр. Саяси плюрализм жоқ болғандықтан сыни пікірлер жоғары саяси мінберлерден айтылмайды, айтылса да олардың нәтижесіне көз жеткізе алмаймыз. Өкімет пен халық арасында ашық диалог жоқ болғандықтан осындай екі түрлі картина шығады. Мәселе халықтың әл-ауқатында ғана емес, Қазақстанның экономикалық жетістіктерін, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемінің Шығыс Еуропа елдеріне жеткенін білеміз. Бірақ әлеуметтік-саяси реформалардың жүру барысы, нәтижесі, жетістіктері мен кемшіліктері халыққа ашық айтылып түсіндірілмейді. Сондықтан жұрт оның басы мен аяғын көре алмайды.
Демократиялық елдерде биліктің сүйенетін үш тірегі бар, олар – ғылым, БАҚ және статистика. Бұл үшеуі де биліктен тәуелсіз болуы керек, үкімет кез келген реформаны қолға алмас бұрын сол сала ғалымдарының тұжырымдарын жан-жақты електен өткізеді, Батыс елдерінде ғалымдар саясаттың кез келген саласында билікке жол көрсете алады, партиялар мықты сарапшы ғалымдардың қызметін пайдаланады, ал мемлекеттердің сыртқы-ішкі саясатын анықтауға ірі ғылыми орталықтар көмектеседі.
Ақпарат құралдары объективті ақпараттың таралуына, өзекті мәселелердің ашық талқылануына жол ашады. Ал статистика – биліктің барлық жұмысының айнасы. Бізде осы үшеуі де дұрыс дамымай отыр. Ғалымдардың тәуелсіз сараптама жасап, тәуелсіз пікір білдіруіне мүмкіндігі жоқ, ақпарат құралдары монополияланған. Сондықтан өкімет пен халық екі түрлі әлемде өмір сүріп жатыр.
Мұхит АСАНБАЕВ, саясаттанушы:
– Біріншіден, Кеңес одағы кезінде «приписка» деген шенеуніктердің ойлап тапқан айласы бар болатын. Аты бар, бірақ заты жоқ, яғни, ақиқатынан жалғаны мен өтірігі басым құжаттама жасау әдеті дегенді білдіреді. Бұл әдет жаппай орын алған десек те болады. Жергілікті шенеуніктер орталыққа есеп беретін науқан келгенде осы приписканы жиі пайдаланатын. Яғни жоқ затты бар етіп көрсетіп, атқарылмаған іс-шараны атқарылды деп жазып беріп, есептен құтылатын. Арада 25 жыл өтсе де осындай зиянды көрініс біздің қоғамда кең өріс алып отыр. Солай емес пе? Баяғы кеңестік басқару менталитеті мен стилі сол күйінде қоғамда өршіп тұр. Кеңес өкіметі жоқ, бірақ жалған құндылықтары сақталған. Екінші мәселе – қоғамның ащы ақиқатын, шындығын айтатын кәсіби мамандар жоқ емес, бар. Бірақ оларды қазіргі билік жүйесіндегілер сол жүйеге жақындатпайды. Өйткені, оларға кәсіби мамандар емес, тек орындаушы керек сияқты көрінеді. Маман бар болса, ыңғайсыз сұрақ көтереді, қиын болса да шешу жолдарын іздейді. Кәсіби мамандардың өздері де қазіргі билік жүйесінде жұмыс істеуге аса құлықты емес. Уақытын ысырап қылып, жүйкесін шаршатып қайтеді? Солай емес пе? Үшінші мәселе – билік өкілдерін бізде көп жағдайда биліктің өзі сайлайды, мейлі орталық, мейлі жергілікті билік тарапынан болсын. Яғни біздің саяси жүйеде шенеуніктерді биліктен аластатудың заңды механизмі жоқ. Олай болса, шенеуніктердің халық алдындағы жауапкершілігі де болмайды. Осыны бәрі, сайып келгенде, сөз бен істің алшақтығына әкеледі.
Руслан ЖАНҒАЗЫ, саясаттанушы:
– Атқарылған жұмыстың нәтижесін халыққа баяндау орынды деп санаймын. Алайда, биліктің ақпараттық саясатында расында да бірбеткейлік белең алып отыр. Экономикалық әлеуетіміз ауыр жағдайда отырғанда, мемлекеттік шенеуніктер өзін-өзі мақтауда шектен шықпай, ақпараттық саясатты байыппен жүргізген абзал. Халықтың тұрмысы күннен-күнге нашарлап бара жатқан заманда ақпараттық кеңістікті күмәнді жетістіктермен толтыру кері әсерін тигізуі мүмкін. Қарапайым ғана мысал: Кейбір мемлекеттік телеарналардағы жаңалықтарды қарасаң, еліміздің түкпір-түкпірінде зауыт пен фабрика ашылып жатқанын көрсетеді. Күнделікті жаңа кәсіпорын ашылып жатса, жұмыс орындары неге жаппай қысқарып жатыр? Осындай бір-біріне кереғар ақпараттар легі халқымыздың ашу-ызасын туғызып отыр. Саясаттанушы ретінде халықтың қазіргі жай-күйін «ақпараттық шаршау», яғни көзбояушылыққа айналып бара жатқан мемлекеттік жобаларға қараудан жалығу, деп бағалаймын. Турасын айту керек – халық билікке сенуден қалды. Менің ойымша, айтылған сөз бен нақты өмірдегі жағдайдың арасындағы мұндай алшақтықтың себебі – үкімет өз жұмысының тиімсіздігін көрсеткісі келмей, үгіт-насихатты күшейту арқылы мәселелерді шешеді деп ойлауында. Әрине, бұл жаңсақ пікір – халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін тиімді экономикалық саясатты жүзеге асыру керегі айдан анық. Билік өз кемшіліктерін білмесе, кемшіліктерін айтатын адамға құлақ асуы тиіс. Яғни мемлекеттік ақпараттық саясатқа концептуалды сипаттағы өзгерістер қажет. Ең алдымен, мемлекеттік орындар күнделікті жұмысының халықтың көз алдында атқарылып жатқанын және оның сынға ұшырауы мүмкін екенін ұдайы есте ұстағаны жөн.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:
– Мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдерінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы кейбір сұхбаттарынан әсірелеу байқалатыны рас. 25 жыл тарихи өлшем тұрғысынан көп уақыт емес. Кез келген нәрсеге салыстырмалы түрде қараған жөн екенін ескерсек, осы жылдар ішінде біраз істердің атқарылғанын және әлі де қолға алатын жұмыстың көп екенін көреміз. Азаматтық қоғамда елдің дамуына тек мемлекеттік қызметкер ғана емес, мемлекеттің әр тұрғыны жауапты. Қарапайым азаматтар тиісті орындардан қабылданған заңның орындалуын талап ете білуі керек. Егер тұрғындар өз құқықтарын кез келген жағдайда қорғай алатын болса, билік өкілдері жалған ақпарат таратпаған болар еді. Ал бізде көбінесе шығарылған заңның орындалуына немесе белгілі бір бағдарламаның жүзеге асуына тек мемлекеттік қызметкерлер ғана жауапты деген немқұрайлы көзқарас қалыптасқан. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары, интернет желілері әлдеқайда еркін, ғаламторда әр билік өкілінің жеке блогы, әкімшіліктердің ресми сайттары бар. Кейінгі кезде Watsapp арқылы өтініштер мен ұсыныстар, пікірлер қабылдайтын номерлер ашылуда. Осы арқылы халық мемлекеттік органдармен тікелей байланысқа шығып, өздерінің тілектерінің орындалуын талап ете алады.
Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде басшылық қызметтерде Кеңес өкіметінде білім алған, қызмет істеген адамдар көп болса, қазір жаңа кадрлар көбейді. Жас мамандар ақты ақ, қараны қара деп айтуға бейім. Меніңше, халық та, мемлекеттік қызметкерлер де жаңа жүйеде жұмыс істеуге бірте-бірте бейімделе бермек. Бұл – уақыт талабы.
– Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметкерлердің орны мен міндеті белгілі бола бастағандай. Бұның түпкі нәтижесі бола ма, әлде тек науқандық шараға айналып қала ма?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:
– Мемлекеттік қызмет саласында заңдық тұрғыдан біраз реформалар жүргізіліп, тәртіпке келіп жатқаны рас. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметке алу мен сатылап жоғары көтерілудің механизмдеріне қатысты. Дегенмен, бұл реформалардың нәтижесі әлі байқалмайды.
Мұның ең басты себебі – жемқорлық және заң үстемдігіне деген сенімнің аздығы. Меніңше, ұлттың қауіпсіздігіне тіл, жер мәселелерінен гөрі жемқорлықтың зияны көп. Осыған дейін қаншама жоғары лауазымды шенеунік сотталды, олардың арасында премьер-министрлер де, министрлер де, әкімдер де бар. Соған етіміз өліп кеткендей.
Мемлекеттік қызметтегілердің көбі халыққа қызмет (public service) етіп жүргенін сезіне бермейді. Мемлекеттің мүлкін, көлігін, басқасын өз мүлкі сияқты пайдаланады, бюджет қаржысын үнемдеуге тырыспайды. Мәселен, біраз жыл қызметтес болғанда америкалықтардың кез келген жерде бюджет ақшасын бір долларына дейін үнемдейтін «сараңдығын» байқадым. Олар әр тиынның халық төлеген салық есебінен құралғанын біледі.
Мұхит АСАНБАЕВ:
– Мұндай дағдыны байқамадым. Керісінше, мемлекеттік қызметте не істеп жүргенін білмейтіндер көбейген сияқты. Жаңадан жұмысқа кіргендердің көбі жалақым аз, отбасымды қалай асыраймын деп жүрсе, жоғары лауазымға жеткендерінің зәресі ұшып, ұйқысынан айырылғандары жетерлік. Ештеңеге таң қалмайтын болдық.
Руслан ЖАНҒАЗЫ:
– Мемлекеттік қызметтегі жалпы алғанда, әкімшілік саладағы реформалар жақын арада өз жемісін береді дегенге сену қиын, әрине. Өйткені, әкімшілік реформаларды бастамас бұрын ең әуелі тыңғылықты саяси реформаларды жүзеге асыру керек. Оның жағымсыз бір көрінісі ретінде мемлекеттік органдардағы ауыс-түйістер кезінде басталатын «командалық көші-қонды» атап өтуге болады. Бұл көріністің негізінде жеке басқа адалдық пен әр түрлі билік топтары арасындағы өзара бәсекелестік жатыр. Аталмыш командаларды қазіргі кезеңде жоққа шығару мүмкін болмай тұр, мүмкін, керек те емес шығар. Керегі – әрбір саяси басшы мен оның командасына нақты әрі жария талаптар қойылуы тиіс. Мысал келтірейін: Елбасы жаңа үкімет басшысы болуға үміткерді шақырып алып айтады: «Мен саған алдағы 3 жылда мемлекет бюджеті есебінен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға 30 млрд. АҚШ долларын бөлемін, сол бюджет шеңберінде жыл сайын 100 000 жаңа жұмыс орындарын ашасың, жыл сайынғы ішкі жалпы өнімнің өсімі 5%-дан кем болмауы тиіс, инфляция деңгейі 7%-дан асырмауың керек. Осы шарттарымды орындауға келіссең, премьер-министр ретінде тағайындаймын, үкіметті жасақтауға ешбір шектеу қоймаймын. Алайда, егер мен бекіткен макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмасаң, маған өкпелеме, үкімет таратылады». Елбасы мен премьер-министр арасындағы осындай келісім www.akorda.kz сайтында жариялануы шарт. Сонда бүкіл халық үкіметтің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанынан хабардар болады. Бұндай жария келісімдер жоғарыдағы үкіметтен бастап, ауылдағы әкімдікке дейін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейін қамтуы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар жүйелі сипатқа ие болады.
Нұрлан СЕЙДІН:
– Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке жіті көңіл бөліне бастады. Мемлекеттік қызмет туралы арнайы министрлік те құрылды. «Жүз нақты қадам» бағдарламасының ішіндегі бір бағыт осы мемлекеттік аппараттың қызметін жақсартуға арналған. Мемлекеттік қызметке үміткерлер конкурс арқылы жұмысқа қабылданып, өзі атқарған жұмыс нәтижесіне қарай жалақы алады. Меніңше, осындай конкурстар жариялы түрде іске асса, мемлекеттік қызметкердің жұмыс сапасы науқандық қана болмай, жүйелі түрде дамитын болады.
– Біз тәуелсіздікті шын сезіне алдық па? Ел ішінде тегін медициналық қызмет пен білім алудың тегін кезін аңсайтын адамдардың қатары көбірек. Бұл жайт тәуелсіздікті ұлттық тұрғыдан сезіне алмай жүргенімізді көрсетпей ме?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:
– Тәуелсіздікті біз 1991 жылғы 16 желтоқсанда сезініп қойғанбыз. Келесі күннен бастап Қазақстан Республикасының тарихы басталды. «Тәуелсіздік», «азаттық», «егемендік» деген сияқты сөздердің барлығы – біздің постколониалдық кезеңнен өтіп бітпегенімізді, яғни бодандықта болған кезде алған «жарақаттарды» әлі ұмытпағанымызды білдіреді. «Тәуелсіз елміз» дегенде біз бір кездері тәуелді болғанымызды еске түсіреміз. Ресей патшалығына қосылу, 1916 жылғы көтеріліс, ашаршылық, қуғын-сүргін, тың игеру, Желтоқсан – осының барлығы тізбектеліп біздің санамызда тұр. Ұлттық құндылықтардың, тіл, жер сияқты тақырыптардың тым қатты саясилануы – постколониалдық кезеңнің белгісі, яғни бұл – ұлттың бойындағы иммунитеті. Ол «жарақаттар» «жазылып», тарихқа айналғанда ғана біз постколониалдық кезеңнен өтеміз. Бұл «жарақаттар» ұлттың рационалды шешім қабылдауына мүмкіндік бермей, кейде жалаң ұлтшылдық ұранымен тұрақсыздыққа қарай сүйреп кетуі мүмкін.
Тарих – ұлтты ұйыстыратын өте қуатты құрал және ұлттың тарихын жазғанда нақтылық, дәлдік емес, оның символдық мәні, поэтикалық, дидактикалық мақсатты орындауы аса маңызды роль ойнайды. Мәселен, Финляндия ғалымдары көршілес Карелияны аралап, сондағы тайпалардың аңыз-әпсаналарын ұлт тарихын жазуға пайдаланған. Жапондар өз тарихын сан мәрте қайта жазып шығып, императорды әлемдегі ең ежелгі династияның ұрпағы етіп шығарған. Әр ұлттың ресми тарихын алып қарасақ, олар өздерін өте ерте заманнан таратады әрі оның пайда болуы, алтын ғасыры, «жаулармен» соғысып, аман қалғаны туралы аңыздар болады. Біз Түркістандағы хандар зиратын, Сарайшық, Отырар сияқты ежелгі қалаларды, Көкшетаудағы Абылай алаңын, Ұлытауды мемлекеттің символға айналдырып, «Алашорда» үкіметін қазақтың ұлт болып қалыптасуының үлгісі ретінде дәріптеуіміз керек.
Мұхит АСАНБАЕВ:
– Тәуелсіздік алған соң тегін медициналық қызмет пен тегін білімнен айырылу деген сөз қарапайым халықты қандай ойға итермелейді, айтыңызшы? Тәуелсіздікті құндылық ретінде дәріптеуге қарсы шара сияқты көрінбей ме сіздерге?
Руслан ЖАНҒАЗЫ:
– Қазақ ұлты, тарихи тұрғыдан алсақ, әлі «сәби» деп бағалар едім. Біз тәуелсіздікті қастерлегенмен, жаңа саяси мәртебемізді әлі де болса толығымен сезіне алмай келе жатырмыз. Қазақтың жаңа саяси мәртебесі – ол мемлекеттілігі қалыптасып келе жатқан, тәуелсіздігін халықаралық деңгейде ресми бекіткен, басқа ұлттармен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынасқа түсетін ұлт. Яғни Қазақстан аумағындағы мемлекеттің де, жердің де иесі – қазақ ұлты. Ата Заңымызда нақты көрсетілгендей басқа этностармен бірге байырғы қазақ жерінде өз мемлекеттілігімізді құрып отырмыз. Осыны түсіне алмай келе жатырмыз. Мұның нақты өмірдегі бір көрінісі ретінде қазақтардың өз мемлекетін тонауы, яғни жоғары дәрежедегі мемлекеттік органдардағы басшылардың арасында сыбайлас жемқорлықтың жаппай белең алуы. Бюджеттен қымқырған ақшаң, ертең өз балаңның біліміне, денсаулығына жарар еді деген ой жоқ. Тек қана маған. Ертең не болса ол болсын. Қазақтың қазақты тонауы – мемлекетшіл сананың әлсіздігі. Мемлекетімізге, жерімізге деген ұлттық көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз қажет. Біз өз жерімізде қожайынбыз. Осы жердің иесі де, киесі де – қазақ. Біз мұнда келімсек емеспіз. Осы идеологема, яғни идеологиялық ұстаным, ұлттық санамызда басымдыққа ие болу керек. Сонда ғана тәуелсіздікті шынайы әрі толық сезінген ұлт боламыз.
Нұрлан СЕЙДІН:
– Меніңше, біз тәуелсіздікті шын сезіне алдық. Кеңестік кезеңде өмір сүрген азаматтар қазіргі ой еркіндігін, пікір еркіндігін жақсы сезінеді. Қабілеті жететін адамның тегін білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Болашақ бағдарламасы да осы білім алуға берілген жақсы мүмкіндіктің бірі. Медицина саласында белгілі бір мөлшерде тегін медициналық көмек көрсету жағы қарастырылған. Әрбір емханаға, әрбір ауруханаға барсаңыз, тегін көрсетілетін көмек пен тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі жазылған. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сирек кездесетін ауру түріне шалдыққан адамдарға мемлекет тарапынан квота бөлініп, тегін ота жасалады. Белгілі бір дәрежеде бюрократияның бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Дәл осының салдарынан түрлі қиындықтар тууы мүмкін. Сол себепті де медицина саласын реформалау, яғни, міндетті сақтандыру ісі жүзеге асуда.
– Тәуелсіздіктің белгілі бір өлшемдері болатыны белгілі. Біз сол өлшемдердің қайсысын межеледік, не нәрсеге қол жеткізе алмай отырмыз? Тәуелсіздіктің ұлттық нышаны дегенді қалай сипаттар едіңіз?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:
– Ресми түрдегі тәуелсіздікті біз 25 жыл бұрын алдық, тәуелсіз мемлекетке тән символдардың барлығы бар. Тек қазіргі геосаяси тұрғыдан бір-бірімен байланысқан әлемде ұлы державалардың өздері де басқалармен санасады, керек болса тәуелсіздіктің бір тізгінін жоғарыдан құрылған ұйымдарға беруге мәжбүр. Тіпті жарты әлемді жаулаған Ұлыбритания қазір: «Тәуелсіздігімізден жартылай айырылып, Еуроодақта қала береміз бе, әлде бөлек шығамыз ба?» – деп айтысып жатыр. Қазақстан көп факторлар бойынша Ресейге «жіпсіз байланып» тұрғанымен, Украинадағы Қырымның жайы, Батыстың Ресейге салған санкциялары, Таулы Қарабах мәселелерінде сыртқы саясатын айқындауда тәуелсіз көзқарас ұстана алатынын көрсетті. Бұл – біздің саяси тәуелсіздігіміздің белгісі.
Ағылшынның nation деген сөзін «ұлт» деп аударамыз да, оны өз ұлтымызбен байланыстырамыз, яғни ол – біз үшін қасиетті ұғым. Дәл осы nation түрінде алар болса, ол – Еуропада XVIII-XIX ғасырларда құрылған территориялық ұлт. Яғни Еуропадағы мемлекеттер бір әкімшілікке біріккен, орталықтанған державалар қоластындағы басқа этностарды өз қатарына қосып, азаматтық ұлт қалыптастырды, бұл басқа этнос өкілдерін өздерімен жақын араластырып, мемлекеттің тұтастығын сақтап тұру үшін қажет болды. Территориялық мемлекет болғанымен, онда негізгі этностың мәдени-саяси үстемдігі күшті болды. Мәдени ықпалы мен саяси-экономикалық үстемдігінің арқасында француз, ағылшын сияқты этностар мемлекетті өздерінің аңыздары мен салт-дәстүрін, дүниетанымын ұлттық деңгейге шығара білді. Біздің ресми историография халықтық тарихтан бөлектеу әрі «органикалық» емес, яғни мектептерде оқушылар тек құрғақ фактілерді оқиды, оны идеологиялық тұрғыдан сіңіре бермейді. Сондықтан тарихты түсініп, талдау тұрғысынан өте көп өзгеріс керек. Сонда тәуелсіздіктің ұлттық нышаны айқындала түседі.
Мұхит АСАНБАЕВ:
– Тәуелсіздік өлшемдерінің бәрі жерден басталады, жермен бітеді. Қазір Қазақстандағы ауыл шаруашылық жер телімдерін жалға береміз деген жоспарларды айтудан бұрын, біз осы мәселені мойындауымыз керек. Бұл жоспарлар іске асса, межелеген өлшемдердің бәрінен айырылып қалу қаупі бар.
Руслан ЖАНҒАЗЫ:
– Біз – мемлекеттілігі қалыптасып келе жатқан ұлтпыз. Жан-жағымызға үңіле қарасақ, жерімізге көз алартып жатқан көршілер жоқ емес, яғни біздің мемлекеттілігімізді мойындай қоймайтын бірсыпыра ел бар. Өкінішке қарай, тәуелсіздігіміздің кез келген өлшемін алсақ та – саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық және т.б. – біз толықтай тәуелсізбіз деп айтуға келмейді. Нақты айтатын болсақ, әскерімізге қажетті қару-жарақ пен әскери техниканың, өнеркәсіп бұйымдары және қарапайым халық тұтынатын тауарларының, ауыл шаруашылық пен тамақ өнімдерінің басым бөлігін шетелден сатып аламыз. Қазақстанның ақпараттық кеңістігін Ресей БАҚ-тары жаулап алғаны бесенеден белгілі. Сыртқы саясатымызда Еуразиялық экономикалық одаққа кірдік. Әлемдік саясатта қазір «ғаламдық өзара тәуелділік» тұжырымдамасы көп айтылып келеді. Соған сәйкес, дүние жүзіндегі кез келген мемлекет басқа мемлекетке тәуелді, ол басқа мемлекет өз кезегінде сол мемлекетке тәуелді. Қазақстан осындай жаңа халықаралық жағдайда өмір сүре білуге бейімделуі тиіс.
Нұрлан СЕЙДІН:
– Ширек ғасыр ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып болды деп айта аламыз. Шекарамызды нақтылап бекіттік. Экономикалық қиындықтарға қарамастан біраз жұмыстар атқарылып жатыр. «Индустриалды-инновациялық даму» бағытының бірінші кезеңі белгілі бір табыстармен аяқталды, енді екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет атқарып жатқан шаруалар бір ғана бағытты қамтымайды, онда халықтың тұрмыс-тіршілігі, экономикалық жағдайдың өсуі, экологиялық мәселелер, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасының жақсаруы – барлығы кешенді түрде қамтылған.
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.