НАПОЛЕОННЫҢ ҰШҚЫНДЫ ОЙЛАРЫНАН
Менің өмірімнің өзі – үлкен роман.
Наполеон
Жер-Ананы мекендеген адамдар санасында уақыт атты ұлы патша әмірімен де өшпейтін, мүмкін, біреудің есімін елеусіз өшіруге жұмсалатындай уақыт лебінің екінші біреудің шоғын маздатып, жер-әлемді жаулай, сана мұхитын тербетіп, толқыннан толқын тудыратын қасиеті бардай. Адамзат тарихында тегі мен түріне, дәрежесі мен нәсіліне қарамастан, уақыт патшалығына бағынып, қартаймайтын, қай заман, қай жерде болмасын тыңдаған құлақ елең етіп, сіміріп ішкеннен сусыны қана қоймайтын, «тағы білсем?!» сынды оңайлықпен ұстатпайтын, әйтсе де алға жетелейтін, нәзік үміт-қиялдың шырағданы болар мәңгілік тақырыптар бар. Саналы адамзатпен бірге, бұл тақырыптар да мәңгілік болған, бар және бола бермек! Бүгінгі ой өзегі болатын тақырып та солардың бірі – наполеонтану туралы болмақ.Наполеон Бонапарт немесе Наполеон 1 – француз императоры, ұлы қолбасшы, өзінің ұлы жеңістері арқылы француз империясын нығайтып, территориясын кеңейтіп, көптеген Еуропа мемлекеттерін Францияға тәуелді еткен адам. «Мен өз репутациям үшін қорықпаймын, өйткені келер ұрпақтың оны жасайтынына сенем!» – деп жиі қайталаған екен француздың «соғыс құдайы». Наполеон жаңылған жоқ. Еуропалық ұлы адамдар көшін күні бүгінге дейін бастап тұрған оның есімі өз заманынан көш ілгері кеткенін де мойындаймыз. Тіпті ол туралы библиография, көлемі жөнінен, тек Христосты ғана алдына салады.
Біздің оқырман үшін Наполеон туралы мәлімет аз, мардымсыз әрі негативті болып келді. Бұл «мұз» кеңестік империяның ыдырауымен бірге ери бастады. Еуропа императорының бейнесі де кемелденіп, көз алдымызға тек патша мен қолбасшы ғана емес, ұлы ой иесі ғұламаның, сөз иесі жазушының, махаббат «бастиондарын» да ала білген жеңімпаз жауынгердің образы сомдала бастады. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – деп ұлы Абай айтқандай, сан ғасыр бойы (екі жүз жылдан асты) сан саладағы ғалым, сан саладағы ғұлама, жазушы қалам тартып, зерттеп, зерделеп жазып жатқан әлемдік мәдениеттанудағы наполеонтану тақырыбы – мәңгілік тақырып.
Бүгінгі мақсатымыз – осы бір жұмырбасты пенденің жұмбақ жанына үңіліп, кейбір ұшқын ойларын оқырманмен бөлісу.
– Мен өзім үшін өз ғасырымды жасадым, өйткені сол үшін жаратылған едім;
– Ұлтқа, халыққа, армияға, барлық француздарға өткенін ұмытуға болмайды, өйткені ол оның атақ-даңқын құрайды;
– Менің болашағым мен өлген күннен басталады. Ал жала зиянын маған тек мен тірі жүргенде ғана жасай алады, – деп, өз тағдырын да, өз Отанының тағдырын да көзбен көріп, қолмен қойғандай болжап айтқан әлемдік «Азаматтық Кодекс» атасының саясаттану, әдебиет, мораль, тарих, соғыс, әйелдер т.б. тақырыптар туралы айтқандарын оқи отырып, ұлы император ойының кемеңгерлігіне, білімінің жан-жақты әрі тереңдігіне таңғаласың.
«Әр мемлекет өз саясатын географиясына сай жасайды», – дейді Наполеон Бонапарт. Тарихымызға үңілсек, халқымызды билеген хандарымыздың ұлы көршілеріміз Ресей мен Қытай мемлекеттерімен тату болуға тырысқаны мәлім. Қазақстанның Еуропа мен Азияны алып жатқан территориялық географиясы, оның ұстаған саяси бағытын да анықтап отыр. Наполеонның «Азаматтық кодексі» бүгінгі көптеген дүниежүзі мемлекеттерінің конституциялық заңдарына негіз болып отыр. Бұл жерде, Қазақстан Республикасының Конституциясының да көп тұстары «Азаматтық кодекспен» үндесетінін айтқанымыз жөн.
Мемлекет, заңдар туралы ұлы қолбасшының бір-екі ойын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік:
«Білімді ұлтты жартылай өлшеммен басқаруға болмайды: бұл жерде күш, бірізділік және барлық істің бірлігі қажет;
Көне Грецияда жеті дана өмір сүрсе, бүгінгі Еуропада бірі де көрінбейді;
— Үкімет үшін басшының шешімсіздігі дене мүшесінің мүгедектігімен бірдей;
— Әділеттілік дегеніміз – жердегі құдай бейнесі;
— Заңдарды орындағаннан, жасаған оңай».
«Томас Гоббс саясаттағы Ньютон іспетті, бұл тұрғыдан, оны оқудың берері көп»,– дейді Наполеон, Ньютонның замандасы болған Томас Гоббстың (1588–1679) 1642 жылы шыққан «Азамат туралы», 1651 жылы шыққан «Діни және азаматтық мемлекеттегі материя, форма және үкімет» атты еңбектеріне (Т.Гоббс аталмыш еңбектерінде өзінің қоғамдық-саяси теориясын түсіндіріп, мемлекет, мемлекеттегі билік пен жекеменшік туралы абсолюттік монархияны жақтайтынын айтады) тоқтала отырып.
Наполеонның мораль, адалдық, адамгершілік, әдет-ғұрып, өнер туралы сөздері де мол. «Өнердегі ұлылықты жаным сүйеді» деген императордың мына ойларына назар аударыңызшы:
– Мораль дегеніміз – гүл туралы ғылым сияқты, болжамдық өнер. Әйтсе де биік таным, биік сананың көрсеткіші де сол ғана;
— Ақымақ адамның білімді адамнан бір артықшылығы бар, ол қашан да өзіне риза;
— Моральдің төмендеуі – мемлекеттің саяси тұтастығының да өлуі;
— Дәрежеге қызыққандар ғашықтар сияқты, бағасын түсіріп алғанын да сезбей қалады.
Наполеонның мол мұрасының ішінен әйел, ана, махаббат тақырыбы үлкен орын алады. Ол өз анасы Летицияны ғұмыр бойы пір тұтты. Әкесі Карломен 21жыл жұбайлық кезеңде анасы өмірге 13 бала әкеліп, оның 8-і әлемге әйгілі азаматтар болды. Әкелері қайтыс болғанда, бар болғаны 16 жастағы Наполеон отбасын басшылықты, бар жауапкершілікті мойнына алады. Бес ұл, үш қыздың жас тұрғысынан екіншісі саналатын Наполеон осы жауапкершілікті өзінен қай жерде, қай қызметте болмасын алған емес. Еуропа императорларының ішінде де ең көп үйлену тойлары Наполеон билік құрған кезеңде болған. Аға-інілерін өзі үйлендіріп, қарындастарын өзі ұзатқан. Әйелі Жозефинаның ұлы мен қызы Эжен мен Гортензияға да әкелік қамқорлығы тарихқа аян. Ұлы қолбасшының некелі екі әйелі Жозефина мен Мария-Луиза туралы, шайқас алаңдарынан Жозефинаны сағына жазған хаттары, Қасиетті Елена аралында сағына айтқан Мария-Луиза туралы ойлары оқырманға белгілі болса керек. Қорытындылай келе айтпағымыз, ұлы императордың әйелді әйел ететін де, сұлу ететін де сәбиі, неғұрлым баласы көп әйел, соғұрлым сұлу болып келеді деген түсінікті өзіне тұмар етіп ұстанғаны.
— Сұлу әйел – көз қуанышы, мейірімді әйел – жүрек қуанышы, біріншісі – ойыншық, екіншісі – қазына;
— Біз, Батыс тұрғындары, әйел табиғатын білмейміз… Шығыс халқы, бұл тұрғыда, әлдеқайда ақылды;
— Еркектерге батылдық қандай қажет болса, әйелдерге ар-ұят сондай қажет;;
— Әйел табиғаты – әдемілік, ұнай білу – өнері, әйел міндеті – берілгендік, адалдық» деген сөздердің иесі, бірде, мадам де Стальдың: «Францияның бірінші ханымы деп кімді айтар едіңіз?» – деген сұрағына: «Күйеуіне ең көп бала туып берген әйелді айтар едім, мадам», – деп жауап берген екен.
— Ең ұлы махаббат – Отанға деген махаббат;
— Тәуелсіздік – жүз есе сұлу әйел, оның көлеңкесінде бәрі де жоқ болмақ, – дейтін императордың Отан, тәуелсіздік, махаббат, әйел-ана туралы сөздері кейінгі ұрпағын ойлантса керек.
Ләззат Әділбекова,
Қазақ ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің
қауымдастырылған профессоры