ҚАРАСӨЗДІҢ ҚАС ЖҮЙРІГІ
29.04.2016
2680
0

Қабдеш ЖұмәділовҚазақстанның  халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің эпикалық қарымы уақыт пен кеңістікті көркемдік тұрғыдан шебер меңгерген. Қаламгер ретінде негізінен, роман, повесть сияқты көлемді, ірі жанрларда қалам тербеп, сыралғы оқырманын өткен мен бүгінге оп-оңай бойлатып жіберетін кәнігі машығы аталған сөздерімізге толық дәлел.

Ал жазушының соңғы бір-екі жыл мұғ­­дарында жазған «Тозақ оты» (2009), «Ақ­тұманың «Хан­шайы­мы» (2009), «Көк­жал» (2011) се­кілді тарихи хикаяттары осы жанрдағы суреткердің шығарма­шы­лық сапары неғұрлым ұлғайған сайын табаны қыза шабатын тар­лан­боз екенін таныт­қандай.
«Тозақ оты» мен «Көкжал» хикаяттарында жазушының қазақ әде­биетіне ал­ғаш рет өзі әкеліп, өз сө­зі­мен айтсақ, қазақ қара сөзінің жо­лында қозғалмайтын тар­ғыл тас­тай етіп таңбалап тастаған алыстағы қа­зақ қауымының қилы тарихы та­ғы да суреттелген. Бір қарағанда, «Тағ­дырдан» соң диаспора та­қы­ры­бына қайталап қалам тар­тып жату автор үшін артық жұмыс сияқ­­ты көрінер. Әйтсе де, сана қатпарла­рын­да жатқан өткен күннің сурет­тері шоқ­­тықты шығармаларында мол баяндалатыны да осы авторға тән қолтаңба.

Дәл осы тақырыпта «Соңғы көш» пен «Тағдыр» романдарында қамтылмаған, айтылмаған не қалды өзі? Және сол ро­ман­­дағыдай шығармашылық дайындық, жазушыға керек тарихи мәліметтердің мол қоры, ең бастысы, бабы келген зор шабыт ендігі хикаяттарда бола ма? Меніңше, біздерді ойландыратын осы алуандас мәселелер авторға ешқандай маңызды емес сияқты. Жазушы үшін жоғарыда айтқанымыздай, өзі көрген, басынан кешкен қиын күндердің кейбір оқиғалары үнемі санада (адамның) таңбаланып жатады. Олар уақыт өткен сайын жан-дүн­ие­ні мазалап, жарыққа шығуға әрекет етпек. Былайғы қарапайым адамдар тыңдау­шы­сына болған жайттарды әңгімелеп айтып, іштегі шерін тарқатса, ал жазушылар оны оқырманына суреттеп, бейнелеп, көркем­деп жеткізген. Мұнда тек көркемдік құ­-
р­алдар алдыңғы орынға шығып қана қой­май­ды, оқиғалардың болып өткен орны, уақыты мен кеңістігі, болмысқа жақын кеп, нақты тарихи шындықтан алшақта­мауы және шығармадағы адам (кейіпкер) көңіл-күйлерінің әр алуандығы мен таным шеңберіндегі философиялық аялар­дың жүйе­лі­лігі, нанымдылығы да басты кате­го­рия­лар болып табылмақ. Және жазушы үшін тақырыптардың өміршеңдігі оны қаншалық меңгергендігінде ғана емес, не­гізі­нен бастан кешіп, көзімен көргенді­гіне де тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, автобиографиялық деректер мен шығармашылықтың сәтті тоғысуы – Қаб­деш Жұмаділов проза­сындағы ең басты табысқа жету формуласы десек, көп қа­телесе қоймаспыз.
Қазақта қалам ұстағанның бәрі бірдей сөздің мәйегін келтіріп, шешен сөйлейді десек, артық болар еді. Әйтеуір, бір қате­лік­ке, мүдіруге, сүрінуге бой алдырып жатады. Ал ана тілінің уызы мен қара сөздің қадір-қасиеті жөргегінен дарыған Қабдеш Жұмаділов қоғамдық келелі пікірлерге келгенде тайсалып қалмай, ала арқан құ­рыл­ған дауда арқасы қозатын ескі бидей қызыл тілін қылыш ететіні ең негізгі тұл­ғалық ерекшелігі дейміз.
Тақырып, мазмұн мен пішін дейтін тео­риялық нәрселерге тереңдемей-ақ қой­ғанның өзінде, қарапайым тыныс белгінің өзінде ақсаңдап тұратын жазарман, әлбет­те, алысқа шаба алмайды. Біз тыныс белгі­ні көбінесе, бірыңғай сөздер мен көсем­ше­ден кейін келетін үтір деп түсінеміз немесе бас­па редакторлары қоятын жұмыс деп ой­лаймыз, ал ойлап қарасақ: жазушының сауатты сөйлеуі мен сауатты ойлауы – сауат­ты сөз, яки шығарма тудырмай ма ек­­ен? Бірде ыңғай атау сөзден тұратын ро­ман жазған қазақ жазушысының шығар­ма­сын оқығанда осыны соншама шеберлік деп қабылдай алмағаным бар еді. Немесе «Пәленшекең, отырып, тұрып, аяғында ұйықтап та кетті» дейтін сөйлемдері кез­десетін авторларға орфографиялық кінә­рат қоя алмағаныңмен, әлгі айтқан сауат­тылықтың қарапайым ережесіне жет­пе­­гендігінде жатыр.
Ал көмекейі кесілген ділмар Қабдеш аға қазақтың қарапайым тілімен сонша бір өзгеше өрнектеп, әлеміштемей-ақ сөйле­ген­де де, жазғанда да тыңдарманын, оқу­шы­сын өзінің әуезді әсем әлеміне «магнитше тартып» әкетеді. Ол тың тақырып із­деп, басын тауға да, тасқа да соғып жүр­ге­нін көргеніміз жоқ: жазушы үшін бәрі де түрен түспеген сарыдала сияқты, қала­мын қайда сап жіберсе, соқадай аударып жүре береді. Оның астынан талай-талай рухани дүниең нәр алатын нәрселер шыға қалса, таң қалма, өйткені олар: «Прометей алауы» романы, «Тозақ оты», «Ақтұманың «Хан­шайымы», «Көкжал» хикаяттары мен т.б. кейінгі шығармалары болып табылады. Ал бұл дүниелерді жазушы әдебиет то­қырады деп шулап жүрген дәл қазіргі кезде жазып тастады.
«Көкжал» хикаятына әйгілі Оспан ба­тыр Исламұлының өмірі, ол араласқан та­рихи оқиғалар, Орыс-Қытай-Моңғол қарым-қатынастары және олардың қол астындағы аз ұлттар мен қазақ халқының көтерілістерінің көркем шежіресі арқау болған екен. Хикаяттың қысқаша мазмұны мынау: Алтай қазақтары көтерілісінің басшысы Оспан батырдың тұтқынға түсіп, дәлірек айтқанда, 1951 жылдың 15 нау­ры­зында Үрімжідегі атақты екінші түрмеге қамалғаны. «Бір кезде Шәріпхан төре, Бұқат бейсі, Ақыт қажылар жатқан түрме ғой бұл. Атақты Таңжарық ақын осында жатып, өзінің өлмес жырларын шығар­ған…» деп автор анықтап айтқан Үрімжі түрмесінде шығарманың оқиғасы өрбиді. Осындағы бір жарым айға созылған тер­геу­лердің хаттамалық барысы арқылы бас­ты-басты оқиғалар айқындалады. Кейде ресми іс-қағаз стилінде тергеушілердің Оспаннан жауап алып отырғанда қойған сұрақтары қысқа-қысқа, аталған кеңселік тілдесулермен берілген. Мұнда да ұзақ оқиғалардың, қысқа баяндары жеделдеті­ліп, қысқартылып, сығымдалып берілген. Оқырманға (осы оқиғалармен таныс неме­се бейтаныс болса да) оқиғалар барысы күң­гірт я мәлімсіз күйде қалмайтын «Көк­жал» хикаяты іштей авторлық кейбір түсі­нік­темелерден, тарихи кейіпкердің монологтарынан, ұтымды, тапқыр диа­­­лог­­тар­дан, детальдардың өзара салыстыруларынан, этнопортреттерден тұрады. Бес ұлттың өкілі (дүңген, ұйғыр, қырғыз, қытай, қазақ) алма-кезек кеп, тергеу жүр­гізген оқиғалық бір жарым айда тарихи көтерілістің басталуы, барысы, нәтижесі, жеңілуі түгелдей мәлім болады. Сондай-ақ, Орыс-Қытай-Моңғол саясаттарының небір қитұр­қы­лықтары, оның кейбір кадрлық жүйесі және «Шығыс Түркістан» Республикасы, «Үш аймақ» өкіметі, коммунистер т.б. осын­дай тарихи оқиғалардың барлық қыр-сыры қалай болды, ол (идеялар) қа­лай жүзеге асырылды, кімнің басын кім жұтты, әділет қайда еді деген нәрселерді өз шығармасында Оспанның аузымен және жазушының өзі де авторлық баяндау­ларымен оқырманына асықпай, аптық­пай әңгімелегенде, Шыңжаң өлкесіндегі қазақ ғана емес, барлық аз ұлттардың көрген ұлы қасіреттеріне, бодан тағдырдың қилы кезеңдеріне куә боласың. Рас, тарих пәні бұл оқиғаларды өзінің қалыпты статистикасына сап, нақты фактілермен, даталармен жазып берсе де, дәл «Көкжалдағыдай» адам жүрегіне жетпейді… Осы бір тарихи көтерлістің мәліметтерін оқулық дәре­же­сінде болса да білетін адамдарға хикаятта баяндалған оқиғалар аса көп түсінбестік тудырмайды. Жазушы тарихи оқиғаларға аса көп түзетулер енгізбеген, алайда, ой-са­на таразысы, көзқарастар ауқымы, бол­мыс­қа қатыстылық және тарихи сараптама барысында анықталған, екшелген жаңа пайымдауларымен бөлісуден аулақ емес. Себебі, көркем шығарма белгілі бір оқиға­ны бізге жеткізуші тарихи мәліметтер жи­на­ғы емес, адамның дүниетанымында, көркемдік кеңістігінде, психологиялық жағ­дайларында орын алған немесе болатын және болуға тиіс нәрселерді сыр етіп айтатын дүние деп есептелетіндіктен, хи­каятта осы көркемдік мұрат тиянақты орын­далғаны байқалады. Және осы ба­ғыт­та жазушыны көп ізденістерге барған деп айту артық (жас авторлар үшін осылай айту орынды болғанымен) болар, өйткені, «Көкжал» тарихи «жады мұрағаты» мол, оны кез келген уақытта іске қоса алатын эпиктің шеберлік қуатын тағы бір айқын­дап берген аса көркем шығармасы.
Таңжарық Жолдыұлының екі шумақ тарихи өлеңін хикаятына кілт (эпиграф) есебінде алған автор оқырманына қыран құстың да кіріптарлық өмірге бейім­деле­тінін айта отырып, оны Оспан батырдың тұтқын болып, түрмеде отырған кезімен салыстырып өтеді. Жазушы Оспанға қор­ған болған Алтайдан кейін ақырғы айқас Бақайда үш тәулікке созылып, құрсаудан босаған бір сәтінде батыр өз аулына келге­нін, міне, осы жерде аңдыған жау артынан жетіп, әйелі Баян ақбозды алдына жедел тартса да, ол тұтқын болып, Үрімжіге жө­нел­тіл­генін хикаятының кіріспесінде қысқа ғана баяндайды. Осыдан ары, Оспан батырдың көргендері арқылы сол уақытта болып жатқан, бүгінде тарихи оқиғаға ай­нал­ған жайларды ретардациялық әдіспен оқырманға жан-жақты әңгімелеп береді.
Айталық, батырды қолға түсіргенде қуанған қытай солдаттарының көңіл күй­лері («Оспанды ұстауға тұтас бір полк кел­ген екен. Сондағы қытай шеріктерінің қуан­ға­нын айтпа! Қауқылдасып шулаған айқай-сүрені көпке дейін басылмай тұрды… Әсілі, Оспанды қолға түсіру – Қы­тай армиясының талайдан бергі зор жеңісі болса керек»); «тұтқынды» аса сақтықпен алып жүрген оларды Үрімжіде үлкен салтанатпен ха­лықтың қарсы алғаны («Он жыл бойы бүкіл Шыңжаңды қан қақсатып, орысты, қы­тайды, моңғолды ит әуреге салған қанды­балақ бандыны тұтқындап әкеле жатса, ондай ерлерге дәл бүгін қан­дай құрмет көрсетсе де артық емес»); міне, осы сәтте өзінің Үрімжіге алғаш үлкен сый-сияпатпен келгені есіне түсіп, ендігі көрініске көз салған Оспанның ойында та­ри­хи шындық пен адам мінез-құлқын­дағы ащы ақиқаттар дәл бедерленген («Мі­не, содан бері төрт-ақ жыл өтті ғой. Қайда соның бәрі?! Бақай­шағына дейін қарулан­ған Гоминьдан армиясы қайда? Қызыл тілдің майын тамызып, өлке қамын, ұлт қамын ойлаған шешендер қайда? Коммунистер келіп еді, бәрі соған жол босатып, са­бын­ның көбігіндей ыдырады да кетті…»).
Халық бас емес, әсіресе, құл-құтандар ешқашан ондай бола алмайды. «Құл жиылып бас болмайды, құм жиылып тас болмайды» дегенді халықтың өзі айтқан әрі мойындайды да. Міне, сол құл-құтанды басқарған «шіріген бастар», яғни қызыл ком­мунистер саясатқа келгенде тым сұң­ғыла боп шыққаны да бүгін тарих боп қал­­ды. Ол күндері қалың құлдарға батырды қорлатып, үгіт-насиқат жүргізіп, бан­ды­ның қолға түскенін оларға (халыққа) көшемен жүргізіп көрсеткенде сол адамдар небір ғаламатты жасады ғой. «Оспан бандысын арамыздан аластайық!», «Америка шпионы Оспанға өлім жазасы берілсін!», «Жеңімпаз халық азаттық армиясы жасасын!» деген айқай-ұран дүниені жаңғырық­тырды». Біздің ұлтымыздың, бауырлас мұсылман балаларының осындай да бір ұятты істері болғанын сол күні кәрі тарих жазып алған. Сол кезде өте орынды бол­ған сөздер мен ойлар қызыл пла­каттарға өр­нек­теп тұрып жазыл­ға­ны­ның арқасында бүгінгі ұрпақ ақи­қаттан көп адаспады. Әйтпесе, сайқал саясат пен қы­зыл коммунизм беттетпей кетуге еш қым­­­сынбас еді. Тіпті, бү­гінгі күндері де Оспанды өлтірген Қы­тай ком­му­нис­тері дегенімізбен, шын мә­нінде оны айыптаған, сот­таған, аттыр­ған, қаралаған халық екен-ау! («Оспанды соттаған біз емес, Шыңжаңның өз халқы» демек қой…). Оған сонау Үрімжіде Оспан батыр­дың көзі анық жеткеніне автор да күмән келтірмейді: «Міне, сен азат етем деп жүрген көп ұлтты Шыңжаң халқы! Міне, ислам туын көтерсем-ақ соңымнан ереді деп сенген Шығыс Түркістан мұсыл­мандары!..». Оспанға «Орыс, қытай, моң­ғол, үш аймақ болып, төрт жақтан жабылды ғой» деп атап айтқан жазушы ары қа­рай: «Келер ұрпақ кешірсін, Оспан қан­ша батыр болғанмен, өзінен он есе, жүз есе күш­ті жауға төтеп бере алмай, міне, ақыры жеңілді. Батыр бол, бағлан бол, оқымысты ғұлама бол, түбі, қазақтың баратын жері түрме екен ғой. Міне, өмір бойы азаттық үшін алысқан түз қыраны Оспан да торға түсті» деп шын қамыққан Қабдеш Жұма­ділов­тің және осынау сөздердің поли­фо­ния­лық қуаты өте зор. Мұнда тек тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың ғана тағдыр талайы, сол сияқты мемлекеттер саясатының опасыздығы, аға ұлттың аз ұлттарға жасайтын жуандықтары тек тарихи тұрғыдан әшкереленген деу аздық ететіндей. Бүтін мәтіндегі уақыттың әмба­баптығы мынада: кеше, бүгін, ертеңмен ұштасып жатыр.
Шығармадағы негізгі ерекшелік: Ос­пан батырдың он жылғы жорықтары тү­гел­дей баяндалмаған және оның атылғаны да айтылмайды. Алайда, оның атылатынын автордың өзі аса бір өкінішпен айт­қаны өте ауыр естіледі екен (батырдың ойымен). «Батырды атуға қайбір атақты мерген келеді дейсің. Әлдебір шегірткедей шерік он қадам жерден көздейтін шығар…» деп ойлайтын Оспанға «азаттық жолында алысу үшін шешуші нәрсе ұлттың саны емес, тергеуші мырза. Кейде өш алу үшін жеке бір адам да күреске аттанады. Адамды күреске бастайтын – кек пен намыс. Адамдар кейде құлдықта өмір сүргенше, азаттық жолында алысып өлгенді артық көреді…» деген сөздерді айту сонша қиын болмаған. Оған автордың да күмәні жоқ.
Осы жерде Л.Н.Толстойдың атақты «Қа­жымұраты» есіме түсті. Ал маған Ос­пан батыр Қажымұраттан да күрескер, өт­­кір сияқты көрінді және жазушы да тарихи тұлғаны Толстойдан кем суреттемеген. Біз жазушының тарихи кейіпкерінің күрес жүргізген кеңістігі мен оның ұлттық мұратына Қажымұраттың істерін қатар қойсақ, Оспанның әрекеттері ұлт-азаттық көтерілістер деңгейіне жататынын, ал орыс жазушысы суреттеген шешен азама­тының күресі негізінен адам баласының қайсарлықтарына мысал етілетінін қапер­ге алуға тиіспіз. Әрине, орыстың ұлы су­рет­кері ойшылдық пен жалпыадамзаттық мұраттар ауқымында шырқау шыңға шығып кетсе де, аз ұлттардың тәуелсіздік жолындағы күрестерінің ұлтшылдық астарын ашып жатпаған. Алайда, Қа­жы-
м­ұрат­тың күрескерлігі арқылы күллі тау ха­лық­тарының орысқа қарсы көтеріліске шығып, сол жолда қан кешіп, жандарын қиып отырғанын жоққа шығармайды. Ол адамзат бостандығын да жоққа шығарма­ған, сол құндылықтарға қарсы өз орысы қандай қиянаттар істеп отырғанын да жақсы білді. Сондықтан «Қажымұратты» ұлы жазушы ұлтшыл боп жаза алмай­тындықтан, Қабдештің «Көкжалынан» өзгеше болып, ол классикалық шығарма­лар­дың барлық критерийлерін бойына жинақтады. Ал «Көкжалдың» да қазақ прозасының классикасы екеніне күмән келтірмейміз әрі ұлттық көркемсөздегі Қабдеш Жұмаділовтің ұлы жазушы
Л.Н.­Тол­стойға жақын келген дара шебер­лігі ретінде бағалануға лайық шығармасы екені даусыз.
Ал Оспанның батырлығын қыранға, көкжалға теңеген жазушының өте дәйекті көзқарасы түрмедегі тергеушілерге берген жауаптары барысында тіптен зорайып, шоқтықтанып кеткен. Әрине, Оспан айт­қан сөздің бәрі де суреткер қашаған қолтаңба болғанымен, оқырманға батыр айтуға тиіс сөздерді аузына салу – «батыр аңғал» дейтін қағиданы басқаша түсінуге шақырады. Рас, тарихта батырлардың көбі аңқаулау болып келетіні эпостан келе жатқан дәстүр. Алайда, «Көкжал» осы нәрседен құлантаза екен. Жазушы Оспан батырды ертегілік кейіп­кер­лерге жақын­дат­пай, өте реалды суреттеген. Аңыздық схемалардан батыл бас тартып, оны өте ақылды, сұңғыла әрі әділ адам ретінде баяндағаны автордың негізгі ұста­нымы болып отырғанында деп ойладым. Өйт­кені, ұлттық мәселелер сөз болатын шы­­ғар­­мада және тұлғаның ұлтшылдығы басым баяндалып отырған жағдайда фо­­ль­клорлық сызбалардан (әрине, фольк­лор­лық мотивтердің мол екенін жоққа шығармай­мыз) аулақ болу керек екенін жақсы ескерген жазушы Оспан батырдың тағы бір қырларын ашып берген. Ол – батырдың ұлттық дең­гей­де ой ойлайтын, ұлттық дәрежедегі кү­реске­р екені, керек болса жалпыадамзаттық мәселелерге жан-жақты келетіні. Ол – ұлт­тан ұлтты бөліп-жармайды. Ол – әділдік, тең­дік, азаттық бәріне бірдей болуға тиіс және ұлтшыл болу­дың қауіпті қасиет емес екенін түсін­ген адам болғаны. Әрі жалпы, ахуалдарға адами көзқарастары айқын және әділ және кейбір саяси жағдаяттарды дұрыс болжайтыны.
Бұған біз Оспаннан жауап алынған сәттегі әр ұлттан іріктеп алынған тергеуші­лерге берген жауаптардан көз жеткіземіз. «Ал Оспан болса, өз сөзін осындағы біраз адамның естігенін, айтқандарының қа­зақ­ша, қытайша қағазға түскенін аужал тұт­ты. Кім біледі, күндердің күнінде мұ­ның сөздері архив ақтарған біреулердің назарына ілігуі мүмкін ғой» деп Оспанның осындай жауап айтқанына ешбір күмән келтірмейтін авторға оқырманның да қояр кінәсі жоқ. Қуануға, құптауға тиіс нәр­се­лер­дің бәрі де жазушының атына айтылмақ болса, оған «Көкжал» толық негіз болады. Адамдардың бас бостандығы мен ұлт тә­уел­­­сіздігі жолындағы күрестің қандай бола­тынын айтқан Оспанның ойынан соң мойыны астына түскен дүңген тергеушісі алдында «оқымаған академик отырғанын» көреді; «өздерін он орайтын күшке үш мың әскермен қалай төтеп беріп жүрсіз» деп таң қала тұрса да қытай генералы қазаққа жа­сай­тын астамшылдығына басып, «Мой­ныңыз­да мыңдаған адамның қаны бар. Соншама қан төгістен кейін өзіңізге қан­дай жаза кесіледі деп ойлайсыз?» деп қы­тай­ша қуақыланғанда Оспан оған: «Ол жа­­ғы маған емес, сіздердің кісіліктеріңізге байланысты. Бір елдің азаттығы үшін алыс­қан азаматы екен деп, бостандық бе­рейік десеңдер өз жөніме кете берем… Ал қай­тсек те осының көзін құртайық де­се­ңіз­дер, оған да дайынмын… Маған ұзақ жыл абақтыда жату қол емес. Не бостан­дық, не өлім!» деп тайсалмай барлық шындығын айтып салады. Оған кіріптар боп, жағат­тан­байды, қытайға ақиқатты, әділдік пен адамзат жолын көзіне шұқып айтып, ал өлім­нен әсте қорықпайтынын да ашық жария­лайды. «Естеріңізде болсын, шетелге кету – әуелден менің жоспарымда жоқ нәрсе, – деді Оспан оған түйіле қарап. – Ту­ған жерін, ұлтын сатып, шетелге бой та­салап бара жатқан Жолбарыстай опа­сызға ере жөнелетін мені сіз кім деп отыр­сыз?» деп шамданған батыр қырғыз тергеу­ші­нің де ұлтымен қосып, тағдыр та­лай­ла­рын алдына жайып салады. Олар­дың Шыңжаң тұрмақ, Кенесарыға жасаған тарихи опасыздықтарын да беттеріне басудан тайынбайды. Өйткені, өзі де Кенесары тақылеттес, сол бір ұлы бабасымен мұраттас адам болғанына қуанбаса өкінген кезі болмапты. Әрине, саясаттың солқыл­дақтығына, оның құбылғыш мінезіне таң қалып, бас шайқаған кездері болғанымен, құрығына өзі барып мойынын ілмепті. Осыларға (ұйғырға, қазаққа, дүңгенге, қы­тайға, қырғызға) берген жауаптары кезін­де өзі қатысқан істердің барлық шын­дықтарын, тарихи адамдар (Әлихан төре, ұйғыр Ахметжан Қасыми, қырғыз генералы Ысқақбек Мононов, Дәлелхан, Қали­бек, Чойбалсан, консул Пакстон мен Макернан, және сол уақыттағы қытай бас­­шыла­ры, т.т.) мен тарихи оқиғалардың («Шығыс Түркістан» республикасы, «Үш ай­мақ», орыс пен моңғол келіссөздері, орыс, моңғол, қытай елдеріндегі саяси өз­герістер және олардың мүдделестіктері мен аз ұлтқа жасайтын қиянаттары, т.т.) бәрі бәрін қаз-қалпында, тіпті ұлтшылдық сарынын басымдау ғып баяндауға Оспан әсте тартынбайды. Мақсат – «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп А.Байтұрсынов айтқандағыдай.
Мысалы, Дәлелханның орысқа бағы­нып, бір мықтыға арқа сүйейік деген баяғы әуенін қайта айта бастағанда: «Қайдағы азаттық? Біз осы азаттыққа шықтық па? Бар болғаны қожайын алмастырған жоқ­пыз ба? Басымыздан қайыс ноқтаны сыпырып, темір ноқта кигенде не мархадам табамыз?
Мен әуел баста азаттық үшін алыстым ба, сол жолда өлуім керек. Кешірерсің, орыс­қа сен малай болады екен деп, мен ма­лай бола алмаймын. Бірақ есіңде болсын, – деген сәл ойланып қалып. – Діні, ділі бөтен жат жұртқа жағамын деп ойлама! Біле білсең, сен екеуіміздің жауымыз ортақ. Мені олар қарсы алдымнан атса, сені ту сыртыңнан атады. Осыны ұмытпа!» деп шорт кеседі. Бұлайша айту Оспандай батырға артық болмайтынына автор да, оқырман біз де көзімізді жеткіздік, нандық. Әрі, бұлай болмаған күннің өзінде болмыс­та тап солай болатынын өмір заңдылығы жоққа шығармайды. Ал Оспан болмыстың қатыгез заңын қасқырша бағып өскен дала көкжалы емес пе?!
Оспанды өз уақытындағы аумалы-төкпелі жағдаяттар кейде адастырып кетуге қанша күш салса да, оны осы қате­лік­тен құтқарып қалған ұлтшылдығы және осы жолдағы әділетті күресі болғанын бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ жұрты біртіндеп білді. Оған автор да күмән келтірмейді. Уақыт дәлелдеген ұлы шын­дық­тар Оспанның кезінде мүлде тұманды болса да өз ойын, өз мақсатын ұлттың мүд­десі деп түсінген оқымаған қазақ баласы қаншама биікке құлаш сермеген. Ол орыс, қытай, моңғол саясаттарының тұңғиығын тап басып білмесе де, бұлар көтеріп жүрген идеялардың тым-тым баянсыз екенін кө­кі­рек көзімен сезген. Жазушының «Көк­жа­лы» қандай ой ойлап, қандай мұрат көз­дейтіні және қалай сөз саптайтыны былай тұрсын, оның өз саясатының өзін­дік стратегиясы да болған. Жағда Бабалы­қов­пен сары самауырдан шәй ішіп, кәдімгі қазақша емен-жарқын отырып әңгімелес­кен ең соңғы күні, ең соңғы көрген қан­да­сына ең соңғы картасын ашады. Ол баяғы «Америка шпионы» деген қауесетке байланысты сұрақ болатын. «Маған сол кезде жаңа одақтас қажет болды. Бұрынғы одақ­тас елдермен – орыспен де, моңғолмен де тіл табыса алмағанымды білесің. Бірі – қып-қызыл коммунист, екіншісі – қаны шыққан балшабек. Тіс-тырнақтарымен дінге қарсы, ділге қарсы, ұлтқа қарсы кәпірлер… Бәрі де – еліңді тонап, жеріңді тартып алғысы келетін ірге жау. Маған алыс­тан сыйласатын, еліңе-жеріңе қызық­пайтын, ұлтқа, дінге жаттығы жоқ, коммунизмге қарсы одақтас керек еді. Сондағы таңдағаным – Америка болды» деп бұның істерін «қылмыс» демей «қателік» дейтін Жағданы жанына жақын тартып қалған батыр соңғы сырын да жайып салады. Тек ойдың іске аспағанын Оспан өкінішпен еске алады: «Обалы кәнеки, консул Пакстон да, орынбасары Макернан да жақсы жігіттер екен! Көздегендері ұсақ пайда­күнемдік емес. Мүддеміз бір жерден шық­ты: коммунизмге жол бермеу, дінді, ұлтты сақтап қалу… Амал не, таныстығымыз аумалы-төкпелі тар кезеңге тап келді ғой. Сәл ертерек қимылдағанда, нәтижесі басқаша болар ма еді, кім біледі?» дейді.
Қалай болғанда да Оспан батырды ұлттық мұрат қай қиырға апармады дейсіз. Бірақ бәрі де баянсыз болып шыққан. Тек, өлім ғана өз уақытында, межелі мезетінде келеді екен. Қанша қатерден өткен, қан­ша­ма қарша бораған оқтан, қаншама сатқындық пен опасыздықтан аман шық­қан Оспан батыр Жағдаға ең соңғы тілегін айтты: «Өткір бәкің болса тырнағымды алып берші!» деп өтінеді.
Жазушы осы деталь арқылы батырдың о дүниелік сапарға аттанар алдындағы мұсылмандық рәсімін атқаруға тас түйін бекігенін ишараттағанымен, қазақтың ең соңғы көкжалының қара тырнағынан хал кеткенін де астарлы символмен меңзеген­дей. Тырнақ концептісі арқылы алаштың соңғы батырының тұяғы түрмеде таусыл­ғанын тұспалдап, Атилла, Мөде, Шыңғыс­ханнан жалғасқан ат жалындағы қаһа­р­мандық дәуірдің Оспаннан кейін жал­­­­ғас­­пайтынын философиялық түйін­мен ұрпаққа ұқтырғандай қалып танытады.
Сөйтсе де Оспан батыр Жағдаға (осыны қазаққа деп түсінсек те болар) ең соңғы өсиетін де айтуды ұмытпапты: «Тек, өзіңе айтар бір ақылым: тым елпілдеп, алға түсіп кет­пе. Елпілдеп алға түскен адам ана Дәлел­хандай-ақ болар. Көрдің ғой арты не бол­ды? Есіңде болсын, бұларға дос болып та, қас болып та жақпайсың… Бақұл бол!» деді.
Жазушының көркемдік дүниетанымы оқиғаның күрмеуін осындай қасіретті тілдесулермен оқырманға баяндаған кезінде бұның әсері қандай боларын біл­ме­ді ме екен?! «Оспан соны айтып, ай­дауыл­дың алдына түсті». Жазушы ауыр, қайғылы көрініске тағы да үстемелеп «өл­тірілу процесін» баяндауды қажет деп таппаған. Автор Оспан батырдың тарихи тұлғасындағы жоғарыда сөз болған қадау-қадау қасиеттерін ұрпаққа жеткізу мұра­тын көздегендіктен, батыр өлімінің түйіні туралы ақын інісі Жәркен Бөдештің: «Басы бар батыр атылды, Басы жоқ тобыр селк етіп, Қарасын құмға батырды» деп жасаған көркемдік шешіміне толық қана­ғаттанған сыңай танытқандай. Оның мақ­саты Таңжарық ақынның аманатын орын­даға­нында ғой деп білдік. Әйтсе де, жазу­шының жан дүниесіндегі эпикалық етене кеңістік «Көкжалға» көркемдік шешімнің салыстырмалы мифтік-рәміздік баянын беруді әсте артық көрмегенін байқауға болады.
Оспан үш елдің мұздай қаруланған қалың шерігімен ғана соғысқан жоқ екен, өз қазағымен де алысып қалған кезі аз болмапты. Арасы ашылған ағайын, өзінің тұқым-тұяғы көрген азап пен бейнеттер, сенімді серіктерінің шетінен оққа ұшып, селдірей бергені батырға оңай болды деп ешкімде айта алмас еді. Бұның бәріне Оспан «батыр» атану үшін барған жоқ. Оны «Оспан батыр» деп ел атады. Бірақ осы даңққа көп құрбандықпен жетіпті. Сол үшін ғана халқына, қазағына қарыздар екен. Оны «Қазақта «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» деген сөз бар. Ендеше, бұл барша қарызын бір басымен өтегелі тұрған жоқ па?» деп жазушы да атап айтқан. Және осынау түз тағысы туралы қасіретке пара-пар ащы ертегілік тәмсілді Оспан «өзінің хатшысы Құнияздан» есті­генін есіне алған сәттерде өзінің күрес жолынан ешбір айнымаған күндеріне шүкіршілік ететіндей. «Аңыздың айтуынша, ит пен қасқырдың түп атасы бір екен. Бірі – адамды жағаттап, қора күзетіп, қызметшіге айналса, бірі – түз даласында қалып қойыпты. Күндердің күнінде екеуі орманда жолығып қапты. Ит өзінің жылы, тоқ өмірін баяндайды, қасқыр баяғы бірде аш, бірде тоқ жортып жүрсе керек. Өзі аш, әрі арық. Содан итекеңнің тіршілігіне кәдімгідей қызыққан қасқыр оның мекенін барып көріпті.
– Анау не?
– Ол менің үйшігім.
– Ал, анау не?
– Ол менің ас ішетін ыдысым.
– Ал, мынау не?
– Бұл менің шынжырым ғой… десе керек итекең. Қасқыр селт ете қапты.
Бар айтқаны: «Е-е, босағада байлаулы тұрам де… Бауырым-ау, бостандығыңды сатып, күн көріп жүр екенсің ғой! Бұл біз­дің бөрі әулетіне қол емес екен. Аш жүр­сем де азаттығым артық! – деп Қасекең ор­манға қарай жорта жөнеліпті…», – дейді.
Біз білетін тарихта үш көкжал бар. Оның бірі – Шыңғыс хан, екіншісі – көк­жал Барақ, үшіншісі – Қабдеш атаған Оспан Исламұлы болып отыр. Тегінде, «көкжал» деп кім көрінгенді атай беруге болмайды. Халық мықты, жырынды жігіт­терді «қасқыр жігіт» деп әспеттеп жатады. Демек, дала көкжалы, әрі барсақ көне түркінің қасиетті көкбөрісі жаратылысынан бұғауға бағынбаған аң болғандықтан, әрбір адам және белгілі бір ұлттың азаттық үшін алысқан ерлері «көкжал» деп құрмет­телуі өте заңды.
Ал Оспан батырды әдебиет тарихына, көркемсөзге «Көкжал» деп қашап жазған тұңғыш қазақ жазушысы – Қабдеш Жұма­ділов. Және Оспан туралы біздің әдеби мұрамызға проза жанрында өзінің тарихи-көркем қырымен кеп қосылған шоқтықты шығарма да осы «Көкжал» повесі. Бұл хикаят ұлт тәуелсіздігі тұсында, атап айт­сақ, жаңа ғасырдың алғашқы он жылды­ғында жазылғандықтан, Оспан батырдың бұғауға бағынбаған ұлы рухын еске еріксіз түсіреді. Себебі, ол аңсаған азаттықтың тұсында жарық көрген тарихи хикаят өзінің мазмұны мен идеялық жағынан бүгінгі оқырманға үлкен олжа болып, ой салды деп санаймын. Осының бәрі, әсіресе, қарымды қаламгердің ұлтжанды ұстаным­дарының нәтижесінде мүмкін болғанына қуаныш білдіргеннен басқа айтар жоқ.

Ермек Қаныкейұлы,
филология ғылымдарының
кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір