СЕНАТОР
Қазақта айшықты азаматтық келбетін, қажырлы қайраткерлік тұлғасын қалыптастырып, халықтың қалаулысына айналған жандар көп емес. Соның бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Алтынбек Нухұлы. Халқымыздың небір аяулы перзенттерін дүниеге әкелген тарихы терең, табиғаты әсем, қасиетті Баянауыл топырағында дүниеге келген.
Бала күннен ғұлама Қаныштың елінде өсіп, қиялын кең ғарышқа самғатқан Алтекең арман қуып, ағасының жолымен Алматыға аттанады. Қаныш туған Қоңыртөбе, әйгілі Мұса Шорманның ауылы Ақкелін алысқа аттанған ұлына ақ батасын беріп, ақ жол тілеп шығарып салады. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін сол қарашаңыраққа айналған іргелі оқу орнының ассистентінен бастап, профессорына дейінгі күрделі жолды өтеді. Республикада ең жас химия ғылымының докторы атанады. Мұның бәрі ғылым жолын таңдаған жас ғалымның жанкешті ізденістерінің жемісі болатын.
Қыдыр дарып, құт қонған текті жердің баласы өзін қай қиырға салса да мұзжарғыш кемедей, көбе бұзар жебедей алға ұмтылды. Инженерлік ғылымдар Халықаралық академиясының академигі Алтынбек Нухұлы – айтуға оңай көрінгенімен, жазуға келгенде тапжылмас табандылықты, жан-жақты зерттеуді қажет ететін 600-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбектің, оның ішінде, 7 монография, 16 оқулық пен оқу құралдары, сондай-ақ республикалық газет-журналдардағы қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық тақырыптардағы 300-ден астам жарияланымның авторы.
Сонымен қатар 23 патент пен авторлық куәліктердің авторы ретінде Қазақстанның белгілі зауыттарында (Qarmet, Kazzink, Kazakhmys) ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізіп, экономикалық тиімділігі жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Тағзым мен тағылым
Осылайша, ғылымда даңғыл жол салған Алтекең еңбек жолында әртүрлі мемлекеттік жауапты қызметтерде болып, жоғары оқу орындарындағы басшылық лауазымдарды да абыроймен атқара білді. Әділдік пен адалдықты ту еткен тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа келбетінің қалыптасуына, отандық ғылымның қанат жайып дамуына өмірлік жинаған мол тәжірибесі мен білімін, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін арнаған мемлекетшіл азаматтың қоғам игілігі жолында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Ұзақ жылдық педагогикалық және ғылыми қызметінде күш-жігерін әлеуметтік, білім беру және рухани-ағартушылық міндеттерді шешуге бағыттады. Оның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен туған өлке тарихы, атақты тұлғалар туралы 70-ке жуық кітаптар жарық көрді. Ірі жобалардың авторы және жетекшісі ретінде Павлодар қаласында «Марғұлан орталығын» және «Сұлтанбет сұлтан» ғылыми-білім беру кешенінің құрылысын сала отырып, демеушілерді тартып, ашты. Оның басшылығымен бұрынғы Мемлекеттік педагогикалық институт университет мәртебесін алды және Павлодар облысының білім және ірі мәдени-ағарту орталығына айналды.
Халқымызда атамекенді ардақтаудың тамыры тым тереңде жатыр. «Отан отбасыдан басталады» дегендей, туған жерге деген махаббаттың дәні бала кезден жүрегіңде көктеп, бүр жармаса жүре келе пайда болатын дүние емес. Бұл қасиет жанына ананың сүтімен дарып, атаның қанымен бойына сіңген Алтекең ата-бабасының асыл рухына тағзым етуді бір сәт те ойынан шығармай келеді. Оған жасаған істері дәлел. Алғашқылардың қатарында Павлодар облысының киелі жерлерінің картасын дайындап шығарды. Тарихи тұлға «Мұса Шорманұлы кесенесін» көтеруде тікелей басшылық жасап, бүгінгідей үлкен кешенге айналуына ықпал етті. «Туған жердің тарихи тұлғалары» мұражайының концепциясын дайындап, толықтай жасап шығарды.
Елге қызмет – ерге міндет
Білім саласындағы іргелі бір бағыт – өлкетану. Әрбір жекетұлғаның бойында елжандылық сезімді қалыптастыру әуелі өзі туып-өскен өлкені таныстырудан басталады. Өз өлкесінің тарихи және рухани мұрасын бойына сіңірмей жас ұрпақты толыққанды тұлға ретінде тәрбиелеу мүмкін емес.
«Өзгені тану үшін, алдымен, өзіңді тани біл» деген жалпыадамзаттық қағиданы басшылыққа ала отырып, Павлодар облысы мен
Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтекең бұл салада қыруар жұмыс жүргізді. Өлкені танытып қана қоймай, сол өңірден шыққан тарихи тұлғаларды қоса насихаттап келеді. Тарихты тұлғалар жасайтынын ескерсек, бұл ретте жас ұрпақ үшін тұлғатанудың қаншалықты маңызды екенін түйсінген болар едік.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Торайғыров университеті мен Павлодар педагогикалық университеттері, Қ.Сәтбаев атындағы
ҚазҰТЗУ-дің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Алтынбек Нухұлы орта мектептің 5,6,7-сынып оқушыларына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі «Өлкетану-Краеведение» оқулығын авторлық құрамда жазып, оған қазақ-орыс тілдерінде «Ертістің Павлодар өңірінің 100 тарихи тұлғалары» атты көрнекті тұлғалар туралы 200 қысқаметражды фильмдерді дайындап шығарып, мектеп бағдарламасына енгізді. Бұл ұлттық рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңірудегі үлкен жоба болатын. Бір ғылыми институттың жүгін бір өзі көтеріп келе жатқан Алтекең ешқашан мұнысын міндетсінген емес. Себебі елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған.
Сіңірген еңбегіне қарай алған мараппаттары да аз емес. Көптеген наградалармен, оның ішінде, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2001), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (2004), Бірінші дәрежелі академик Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлық (2007), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011), «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі (2017), Құрмет ордені (2018), «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі (2019), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медалі (2021), Академик Е.Бөкетов атындағы ғылым саласындағы сыйлық (2021), «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2021), Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхаты мен «Алтын Барыс» белгісі (2022), «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі (2023), «Мәдениет пен өнерді дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» атты Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық ассамблеясының құрмет белгісі (2023), «Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы» медалімен (2024) марапатталған. Мұның бәрін не үшін тарқатып жазып отыр демеңіз. Марапат өз лайықты иесін тапқанда ғана құнды. Ел ішіндегі абыройы бұдан да биік азаматтың әрбір жетістігінің артында өлшеусіз еткен еңбек, төгілген маңдай тер жатыр.

Сенім жүгін арқалаған сенатор
Өмірдегі ең басты құндылық – сенім. Сенім жоғалған жерден сергелдең басталады. Қарапайым қарым-қатынастың өзі адамның бір-біріне деген сенімінен тұрады. Ал халықтың сенімін арқалау үлкен жауапкершілік. Онымен ойнауға болмайды. Сөзіңе ісің сәйкес келіп тұрмаса жұлдызыңның сөнгені, жолыңның жабылғаны дей беріңіз. Ал сенатор ретінде халықтың сеніміне ие болған Алтекең – сенімнің жүгін сезіне білген азамат. Ол үнемі болар істің басында жүреді. Қашан көрсеңіз өзекті мәселелерді қаузап депутаттық сауал жолдап, арыстардың мерейтойларын қайткенде мәнді-мағыналы өткіземіз деп кешенді жоспар құрып, мінбеден үн қатып жатады.
2020 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік мәдени даму және ғылым Комитетінің мүшесі ретінде жемісті қызмет атқарып жүрген Алтынбек Нухұлы, жалпы, республика көлеміндегі өзекті проблемаларды шешуде, заңнамалық реформаларды әрбір отбасы, қазақстандық азамат үшін қолдануда, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында бар күш-жігерін жұмсауда. Мемлекет басшысының саясатының үстемдік құруына, жылдағы Қазақстан халқына Жолдауларының насихатталуы мен уақытында орындалуындағы бақылауда табандылық танытты. 2020–2024 жылдар аралығында Парламент Сенатында мыңнан астам заң қабылданса, соның 60 пайызына жуығы әлеуметтік салаға қатысты болды. Шығарылған заңдардың сапасына, олардың қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеуге тигізер әсеріне талдаулар жүргізіп, сапалы қабылдануына талмай жұмыс жасап, ел мүддесі, мемлекеттік құрылыстың келелі мәселелері жайлы ой толғап, пікірін әрдайым БАҚ және әлеуметтік желілерде айтып та, жазып та жүр.
Mемлекеттік құрылым, экономикалық қарым-қатынас, басқа да жағдайларға заңнамалық тұрғыдағы бастамашы бола білді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның талқылануында бастамашы топтың құрамында болып, оның қабылдануында жоғары белсенділік көрсетті. Сайлаушылармен кездесулерді жиі жүргізіп, депутаттар корпусы жұмысының жандануына бар күш-жігерін жұмсап, үлкен үлесін қосты.
Көптеген экономикалық және әлеуметтік салалардағы өзекті мәселелерде депутаттық сауалдарды көтерді, сонымен қатар ұлт мақтаныштары – тарихи тұлғалардың мерейтойлар жылдары (Ахмет Байтұрсынұлы – 150 жыл, ЮНЕСКО бойынша аталып өтуі; Қаныш Сәтбаев – 125 жыл, Үкімет деңгейінде қабылданған Жалпыреспубликалық жоспар бойынша; Өзбекәлі Жәнібеков, Шота Уәлиханов, Шерхан Мұртаза – 90 жылдықтары, Кемел Ақышев – 100 жыл) туралы бастаманы көтеріп, олардың сапалы орындалуын қадағалап әрі үйлестіріп атсалысты.
Алтынбек Нухұлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылған Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшесі болып, олардың жұмыстарында нәтижелі жұмыс атқарды.
ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастарын нығайту мақсатында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Парламентаралық ассамблеясының Білім беру және ғылым комиссиясының мүшесі ретінде белсенділік танытып, атқарған жұмыстарына берген жоғары марапаттың иегері болды.

Көкжалдың бөлтірігі
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы Алтекеңе арнаған өлеңінің мына бір шумақтарына назар аударсақ:
Ұлтыңа бергенің көп, көргенің көп,
Биікке бұлданбайсың өрледім деп.
Өзіңдей өрге тартып, өліп-өшіп,
Ел үшін қызмет ету – ерге міндет!
Ден қойып, құлақ түрсек әр аңызға,
Көп тарих бұғып жатыр даламызда.
Басқасын алыптардың айтпағанда,
Қаныш пен Мұса мырза саған ырза!
Аман жүр, Алтынбегім – алтын інім,
Алпыс жыл – өте шыққан алты күнің.
Көргендей болам ылғи сені көрсем,
Көкжалдың жалғыз жортқан бөлтірігін!.. –
деп үлкен баға береді. Тіршілікте жақсылардың жанында сыйласып жүретін Алтекеңнің үлкен адамдық қасиеті көпке үлгі. Ол, шынында, көкжалдың бөлтірігіндей ағасы Қаныштың жолын жалғап, соған бар өмірін арнап келеді.
«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып Елордадағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің Монументалды кешенінің тұжырымдамасын авторы ретінде әзірледі. Қордан қаражат тарта отырып, ескерткішті 2021 жылы тұрғызып, ол ашылғаннан кейін осы кешеннің тұжырымдамасы 2022–2024 жылдары толығынан іске асырылғанға дейін қосымша гранитті стендтерді орнату процесінің барлық кезеңдерін үйлестірді. Соңғысы осы жылғы Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде әулие МәшҺүр Жүсіп 22 жасар жас Қанышқа берген бата сөздің мәтіні бар гранит сынтас алаңға орнатылды.
Биылғы жазда ұлт мақтанышы – Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған жері Мұса Шорман ауылында «Баянауыл біртуарлары» аллеясының идеясы мен тұжырымдамасын дайындап, 35 тарихи тұлғаларға арналған заманауи лайтбокстарды Республика көлемінде тұңғыш рет ашып, іске асырды.
Өткен жылы Шымкент қаласында педагогикалық университеттің қабырғасында заңғар жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай, мемориалды тақтасы мен бюст-ескерткішін қаражатын тауып, қойды. Семей қаласында ұлт ұстазы Әбікей Сәтбаевтың 140 жылдығына орай, Семей педагогикалық колледжінің ғимаратында мемориалды тақта, сол сияқты Павлодар қаласында Сәтбаевтар әулетіне және Екібастұз қаласында ақын-ағартушы Жүрсін Бәтеновтің тағзым тақтасын өз қаражатына ашты.
Биылғы жылы Мәшһүр Жүсіп ғұлама мен «Алтын адамды» тапқан Кемел Ақышевтің туған жерінде гранитті белгітастарды орнатты. Жалпы көлемі 30-дан аса мемориалды тақталар мен белгітастарды Республиканың бірнеше жерінде ашып, тұлғатану саласын дамытуда көптеген жұмыстар атқарып, жаңа серпіліс берді. Жалпы, А.Нухұлы сөзбен нақты істі үйлестіре біліп, қоғамдық жұмыстарды жоғары дәрежеде атқарып, руханият
жанашыры атанып отыр.
Павлодар облыстық бюджетінен Қаныш Сәтбаевтың туған ауылындағы мектебін күрделі жөндеуден өткізуге және ауылдың көшелері асфальтталып, жол бойы электр шамдары бар бағандар орнатылып, оларға толықтай қаражат бөлінуіне атсалысты және бұл үлкен жоба да толығынан іске асты. «Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар» қабылдануына бастамашы болып, арнайы Депутаттық сауал жолдап, 2024 жыл бойы 52 пункттен тұратын Үкімет жоспарының 90%-ға жуығы орындалуына үйлестірушінің бірі болып, нәтижелі қызмет атқарып жатыр. Бұл Республика масштабындағы жыл бойы атқарылып келе жатқан ауқымды үлкен жоба болып табылады.
Белгілі опера әншісі, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов: «Алтынбек бауырымның білімдарлығына, іскерлігіне, азаматтығына, жан-жақтылығына, пайым-парасатына тәнті боламын.Ол – руханиятымыздың алтын діңгегіне айналған сенатор», – деп баға беруі тегін емес. Бұл – Алтекеңе берілген шынайы баға. Оған бүгінде бәріміз куә болып отырмыз.
Ғылымда даңғыл жол салған Алтекең еңбек жолында әртүрлі мемлекеттік жауапты қызметтерде болып, жоғары оқу орындарындағы басшылық лауазымдарды да абыроймен атқара білді. Әділдік пен адалдықты ту еткен тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа келбетінің қалыптасуына, отандық ғылымның қанат жайып дамуына өмірлік жинаған мол тәжірибесі мен білімін, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін арнаған мемлекетшіл азаматтың қоғам игілігі жолында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Ұзақ жылдық педагогикалық және ғылыми қызметінде күш-жігерін әлеуметтік, білім беру және рухани-ағартушылық міндеттерді шешуге бағыттады.
Бауыржан ЖАҚЫП