«САБЫР КҮТІП, ДАҚПЫРТҚА БОЙ АЛДЫРМАЙ»
29.04.2016
1721
0

Күләш АхметоваАқын деген кім? Оның ақындық қасиеті неде? Жақсы ақын деген қандай? Бір тілде жазатын ақындардың бірі жақсы, бірі орташа, бірі нашар жазатыны неліктен? Ол өнердің тылсымдығынан, жұмбақ болмыстан шығар, бәлкім. Олай болса, өлшеусізді өлшеулімен қалай айта аламыз? Мақтау, мадақтау дәметпейтін, қымбат еңбек етіп жүрмін деп ойламайтын, Қазақстан Ленин комсомолы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, жыр кітаптары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған ақын Күләш Ахметованы түсіндіру оңай ма? Ол поэзиядағы ауа, оттегі, су, жер секілді.

Табиғаты бөлек, тылсым. Жас ақын Күләшті оқыған абыз ақын Әбділда Тәжібаев кезінде:

«Құлағанды деме де – бақытты қыл,
Бақыттының тұнығын ылайлама.
…………..
Не берейін деп Тәңірі сұрай қалса,
Алдыменен ақыл мен жұмыс бер де.
…………
Масқара қыл, аяма, әшкере қыл,
Атағы үшін атасын сататынды.
……………
Өмір – бәйге, замандас ақын кетсе
Күбірлемей, күндемей, күліп қара.

Мен осы егіз жолдарды плакатқа ай­нал­дырып, көпшілік жиналатын жерлерге ілдіріп қояр едім. Жақсы өлеңдерге кітапқа ену аз, олар плакатқа да айналулары керек!», – депті. Күләш Ахмет-
о­ваның ол кезде 30 жастың ар жақ, бер жа­ғындағы шағы. Әбділда Тәжібаевтың биікте тұрып, айналасын түгел, толық көретін кезі. «Поэзияның бір өзгешелігі сол – жақсы өлеңді мақтап жеткізу қиын. Ол да ән сияқты, өзінің асылдығын өз үнімен естіртеді, өз нақышымен көрсетеді, сондықтан дауыстап оқисың. Мысалы, мына бір шумақты өз сөзіңмен қалай жеткізіп, қалай түсіндіресің? Амал­сыз естіртіп оқисың да:
Ызыңдап маза бермей ме,
Өкініш дейтін көк шыбын?
Кеудеңді келіп керней ме,
Басылмай жүрген өксігің».
– Мінеки, көрдіңіз бе, осы жақсы өлең дейсіз», – деп риза болыпты.
Енді біз Күләш Ахметованы етекте тұрып көргіміз келеді.
Әрине, етекте тұрған адамға оның тұтастай көрінбейтіні анық. Өнері таудай ақынға сонда не айта аламыз? Ол біз­дің айтқанымызға зәру де емес. Дегенмен, аяулы ақынға деген жақсы кө­руімді, сыйластығымды білдірудің сәті осылай келген сияқты. Мен онымен сөй­лескісі келгендер, онымен таныс­қысы келгендер, ең болмаса бір мәрте көргісі келгендер қатарындамын. Бірақ соның бірде-бір рет сәті түспепті. 9 сынып оқитын кезім. «Қазақстан пио­нері» газетінен хат алып тұрамын. «Сенен ақын­дық леп байқалады. Көп оқы. Із­ден. Сәлеммен Күләш Ахметова» деген. Осы сөздер жүре­гімді лүпілдетіп, көзім қарауытып, аяғымды кәдімгідей тәлті­рек­тететті. Хатты қайта-қайта оқимын. Күләш Ахметова деген есім адамдыкі, пенденікі емес, періштенікі секілді сезіледі. Үйдегілерге көрсетпей жүрегіме басамын, одан құлағыма тосамын. Бір үн келетін секіл­ді. Тағы өлең жазамын. Ол кезде ауыз суды тау етегіндегі бұ­лақ­тан тасимыз. Екі орта біраз жер. Бар­ғанша іштей сөй­лей жүріп жолдағы ағаштарға да, жай­қалып, үлбіреп тұрған гүлдерге де Күләш Ахметованың атын беремін. Тау ете­гін­дегі бұлақтың суы тап-таза, мөп-мөлдір. Күн сәулесі түсіп, жылт-жылт етіп тұ­ра­ды. «Бұл бұлақ – Күләш Ахметова» дей­мін. Шындығына келгенде, ол кезде Төле­ген Айбергенов, Мұхтар Шаханов болмаса Күләш ақынның өлеңдерімен таныс емес кезім. Сонда да менің тілім­нің ұшында Күләш Ахметова деген есім жүретін. Сол кезде де, қазір де мен оның неге солай бол­ғанын түсіндіре алмаймын. Мүмкін ол Күләш Ахметованың ерек­ше құдіретке ие тағдыр иесі екенді­гінде ме екен… Солай шығар. Біз орыс­тың ақын қыздары деп айтып жүрген А.Ахматова мен
67AFF9C1-F1DA-4995-A272-D7F27B20538F_mw1024_mh1024_sМ.Цветаеваның атына тіркей салатын күпірлік сөздерді Күләш Ахметоваға айта алмаймыз. Алтын Орданың бір кездегі ханзадасы Ахметтің ұрпағы Аннаны өмірінің соңында елдің қайыр-садақасымен өмір сүрді, Марина Цветаева жоқтықтан, қасіреттен бас көтермеді деп жазудан қорықпаймыз. Тағдыры солай болғаны шын ғой дейміз. Сонда Күләш Ахметова қиянатшыл қоғамда өмір сүрмеді ме? Жетімдік көр­меді ме? Жынына тиетін мәселелер бол­мады дейсіз бе? Ол бейнеттенбеді, азаптан­бады дейсіз бе? Адамдық айыр­­­­­ма­­­шылықтары сонда неде деп ойлайсыз? Анна мен Марина өмірге өлім позициясынан қарап, айналасын торық­тырып, тарықтырды. Ал Күләш Ахмето­ва бәріне-бәріне үлкен ілтипатпен, құр­метпен қарайды. Қай жерде болмасын азаматтығы көрініп тұрады. Жүре­гіндегі ұлы махаббаты күндер, айлар, жылдар өткен сайын молайған. Елу жыл өлең жазу оңай ма? Ол дегеніңіз – үнемі өзге­ріс үстінде болу, жетілу, азды толық­тыру, толысу, содан кейін тіптен өзін-өзі жоққа шығару. Бұл жағдайлар өзінің қолтаңбасынан көрініп, сезіліп тұрады. Алғашқы, 1975 жылы жарық көрген «Ақ гүлім менің» жинағындағы жайтаңдап, жаутаң қағып алдымыздан шығатын өлеңдер «Сен менің бақытымсыңда» (1977 ж.), «Жапырақ – жаздың жүрегінде» (1979 ж.), «Мейірім» (1981 ж.), «Бұлақтағы жұлдыздарда» (1982 ж.) салмақтанып, көрікті композиция терең ойлы фило­софия­ға, әлеуметтік сырға айналған.
«Нәзік гүлге су құйып тұр едім мен,
Нәзік әуен туындап жүрегімнен.
Сені есіме алдым да, мұңға батып,
Осы қазір келсе де тіледім мен».
Осы сөздері де нәзік, оқиғасы да үлбіре­ген шумақтарды біз үшін, біздің тол­қыған көңіл-күйімізді, сағыны­шы­мызды білдіргісі келіп жазғандай жатқа оқитынбыз. Өз жүрегімізден шығып жатқандай сезілетін.
«Гүл тергенде өзіңмен беткей қырдан,
Құлағымнан бір нәзік кетпей тұрды ән.
Өміріме осынау ризамын,
Бәрі жетіп, сәл нәрсе жетпей тұрған!».
Осылай үсті-үстіне оқи беретінбіз. Ғажап өлеңді жазған қазақтың қара-
па­йым қызы екенін естен шығарып өзі­мізді періштелер әлемінің әуезді әле­мін­де жүр­гендей көретінбіз. Дегенмен, әр қоғам өзінше қызық қой. Оның жарат­қанның мәңгілік құлшылығындағы адам екенін есіне түсіріп отыратын бір жан бар. Ол – өзі. Сөздің мәніне, сөздің қуатына, сөз­дің жарығына, сөздің әсе­ріне, сөздің ықпалына, сөздің киесіне қатты үңіледі. Ақынға лепірген де, кө­пірген де жарасады дегеннен өзін тиып тастаған. Айтыл­ған сөз, жазылған өлең ақын болмысын аңғартады, сонда менің айтқандарым­ның ұлтқа, ұрпаққа тигізер пайдасы қан­дай болуы керек деген сұрақты өзіне сан мәрте қояды. 1989 жылы Күләш Ах­метова мен Қайырбек Асановтың «Сен жанымда жүрсең» деген атпен жыр жинағы жарық көрген. Ол 2006 жылы «Махаббат» жинағы болып толықты­рылып, қайта басылған. Кітап «Күләш», «Қайырбек» деген қос бөлімнен тұрады. «Күләш» бөлімі «Жаратқанға жалбарыну» деген өлеңімен ашылған.
«Өмір бердің, Көз бердің, Көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің.
Хауа-Ана, Адам ғалихиссалам нұсқасымен
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, көрік бердің
Бесігіңді тербет деп бөбек бердің.
Саясында тынықтым теректердің,
Сенің Рахымыңды медет көрдім.

Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
О, Раббым, сенен бөлек осыншалық
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?!
Қанша мейірім, қанша махаббат бар мына шумақтарда. Жаратқанға жақын­да­ған жаратылыс қандай ғажап! Сауабы мол жаңа бір дүниеге, жаңа бір әлемге сені де жетелегендей.
1991 жылы шыққан «Наурыз нұры» деген кітабындағы:
«Жаратылыс деген ең бір ізгі анадан
Туған соң нәр алып түз даладан.
Жалбарына бастады табиғатқа,
Табиғаттың заңдарын бұзған адам.

Жүзеге аспай атом мен бар атылыс,
Ұйықтауы үшін дала мен бала тыныш.
Кесапатын көшіріп адамдардың
Жақсылыққа жәрдемдес, жаратылыс! – де­генін тереңдетіп, нақыш-өрнегін қай­­­та бір айқындап, өзгеше әуезділікпен жет­кізген.
«Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады екен. Көп кешікпей екеуінің арасында роман басталады. Екеуі тату-тәтті тіл табысса ақын да бақытты, өлең де бақытты. Әсіресе, өлең, жыр бақытты. Оның жанкүйер оқырманы бақытты
(Қ.Мырзалиев).
Қоғам қызық дедік қой. Оны қызық қылатын адамдардың іс-әрекеті. Демьян Бедный сұмдық даңқты болған. Ол Ленинмен бірге Кремльде тұрған. Бір кез­дері одан бақытты адам, одан бақытты ақын болмаған. Ол көрген құрмет еш­кім­­нің түсіне де кірмеген. Ал бүгін ше? Әжуаға айналып отыр. Ең керегі – ха­лық­­тың махаббаты. Ол қиын енді. Біреу­лерге күрескер ақын, біреулерге сыршыл ақын ұнайды. Көптің ойының тоғысар нүк­тесі­нің қайда екенін біліп болмай­сың.
Күләш Ахметова өзін толық көрсет­кен, өзінің ішкі дүниесін ақтарған ақын. Ой тереңдігі, сезім сыршылдығы оның қаламының ұшына өзі ілініп, өзі тіленіп тұратындай, шумақтар өзінен-өзі жеп-жеңіл құйылып келетіндей. Болбыр, шаршаған, жасанды, жалқау өлең жоқ ақында. Өзіне де, сөзіне де сабыр күтіп, терең ойдың салмағын көтере алатын сөздерін отқа қақтап, көкейінде баптап, іріктеп, қоңырлатып, қоңыраулатып, айдың нұрына малып, Ұлбикедей, Үл­бір­дей оқырмандарына жеткізуде. Халық сондықтан да ақынын басынан құс ұшырмай жақсы көреді.
Ділдәр Мамырбаева.
Алматы.

ПІКІР ҚОСУ