ШОНАНЫҢ ҚОЙЫНДӘПТЕРІ

«Қазақ әдебиеті» газеті биыл 13 мамырдағы санында көрнекті ақын, өткір ойлы сықақшы, ана тілінің дарабоз жанашыры, сол жолдағы, шын мәніндегі қайраткер-күрескер Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай мақала жариялады. Мақалада автор Ер Шонаның қайраткерлік һәм шығармашылық еңбегіне нақты деректермен жан-жақты тоқтала келіп, «Шөкеңнің мерейтойын оның туған өңірі Жамбыл облысында республика деңгейінде ғылыми-тәжірибелік конференциямен атап өту – еліміздегі мәдени-рухани мәні мен маңызы үлкен игілікті іс болар еді» деп ой айтып, ұсыныс жасаған.
Газетімізде көтерілген осы ой мен ұсыныс билік тарапынан қолдау тапты. 8 қараша күні Тараз қаласында Ер Шөкеңнің 100 жылдық мерейтойына орай, «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған еліміздегі белгілі ғалымдар, ақындар, жазушылар қатысып, баяндама жасайды.
Осы мерейлі мерекеге орай Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз, белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының ақын, қайраткер Шөкеңнің қойындәптеріне түскен сырлары туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
* * *
Ойлап отырсам, ол кісіден қалған бағалы мұраның бірі – күнделіктері. Шөкең 1988 жылы қазан айында қайтыс болғанан кейін үш-төрт жыл өткенде, тоқсаныншы жылдардың басында ақын ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Аманкүл Үсіпбәлиева Тараз қаласына көшіп келді. Облыстық радиода теруші болып жұмыс істейді. Сәті түскенде әңгімелесіп қаламыз. Шөкең жайлы сырларын естіп, көкемді көргендей болып қаламын. Сол кезде жеңешем «үйде сарғайып жатқанша еліне жетсін» деп жарының жазбаларын: «Мә, жаз», – деп маған ұсынып еді. Оқысам, бәрі – құнды құжат. «Алматыдан қазақ мектебін ашу керек» деп, Д. Қонаев пен оның білім жөніндегі министріне дейін жазған алғашқы хатының көшірмесі де бар екен. Ал Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жазбаларынан елім, жерім деген күрескер ақынның жанайқайы сезіліп тұр.
Ендеше, оқиық.
17-18 ДЕКАБРЬ
(Қорыққанымнан бөлек жыртып алдым)
Алматыда сойқан болды
Мен теледидардағы «Тамашадан» бірер шығармамды оқуға тиісті едім. Таластан (Жамбыл облысы, Талас ауданы. – К.С.) Қаракөз деген кішкентай қызды күтіп отырғанмын. Ол қызға «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңімді айтқызуға әрекет жасап жүргенмін.
Мақсатым – ана тілімізді насихаттай беру. Үйде отырғанмын.
Түске таман суық хабар естідім. «Көптеген студенттер көшеге шығып, демонстрация жасап жатыр» деп. «Не үшін екен?» – деп сұрадым. «Қонаевтың орнынан алынуына қарсы екен». «Оның орнына Колбин дегеннің келуіне қарсы екен». «Юбилейін өткізбей, Қонаевты лақтырып тастағаны қалай?» «Қазақ өмірінен хабары жоқ Колбин дегеннің Ульяновскі облысынан мұнда секретарь болып келетіні қалай?» деген сияқты.

* * *
18-і күні демонстрацияның жалғасып жатқанын білдім. Абай т. б. көшелермен студенттер айқайлап, қолдарына плакаттар ұстаған, өтіп жатты. Милиция, солдаттар студенттерге қарсы күш қолданған. Өрт сөндіретін машиналар су шашқан, солдаттар студенттерді дубинкалармен тоқпақтай бастаған. Жастар бірнеше су шашатын машинаны төңкеріп, от қойып, өртеген. Маған келіп айтуынша, 17-сі күні студенттер түнімен шайқасқан. Солдаттар мен милиционерлер жағынан да, студенттер жағынан да өлгендер болған. Жараланғандар тым көп болған сияқты. 18-і күні түске таман менің әйелім Аманкүл барып, қасында Қаракөздің (Талас ауданынан келген әнші қыз. – К.С.) анасы Гүлсім бар, бір бұрыштан бақылап келді. Орталық Партия Комитетінің үйінің айналасында шайқасып жатқан демонстранттарды көрген. Брежнев алаңы, демонстрация емес, майдан алаңына айналған.
* * *
Газеттерде үндеулер жарияланды. «Хулигандар, наркотикпен уланған студенттер тобы бүлік шығаруда» деген сияқты. Бұған ешкім де сенген жоқ. Өйткені пәленбай мың студенттің бір мезгілде наркотик пайдалануы, тіпті «күреске» шығуы мүмкін емес қой.
Түнгі шайқасты 19-ы күні де күткен еді, бірақ болмай қалды. Жатақхана, оқу үйлерін, өндіріс орындарын қоршап алған отрядтар «бүлікшілерді» көшеге шығармай қойды.

* * *
Қала тыныштала бастады. Студенттердің демонстрация жасау себебін ешкім тап баса алмады. Шамамда, мынандай сөздерді өз құлағыммен естідім.
«Қазақстан өмірінен бейхабар Колбинді мұнда І секретарь етіп жіберетіні қалай?» «Қаладағы қазақ студенттерінің көпшілігі жеке үй жалдап тұрады». «Партия басшысына өз Республикамыздың қазағы неге қойылмайды?» «Тіпті осы жердің орысы неге отырмады?» «КПСС басшысы ұлттық саясатта қате жіберді» деген сияқты.
Газеттерде қысқа ғана жазылған үндеуге ешкім де сенбеді. Өйткені қақтығыстың қатты болғаны, өлгендердің, жараланғандардың, жабық машинаға басып әкетілгендердің көп болғанын көзімен көргендер оған қалай сенеді?!.
Мен бойымды аулақ салып, үйде отырған едім, әйтпесе мені де сүйреп кетер ме еді…
* * *
В.И. Ленин атындағы сарайда «Тамаша» ойын-сауығы 3 күн болуға тиіс еді. Үш мыңнан тоғыз мың билет таратылмай қалды. «Тамаша» ойын-сауығы көпшілік алдында өтпей, студияда түсірілді. «Тамашаны» ашасың деген соң, мен де қатысып, тиісті шығармамды оқыдым. Қаракөз «Анамның ақ сүтіндей» және «Аққулар» деген екі ән орындады. Сонымен, Алматыда өткен екікүндік шайқас (толқулар облыс орталықтарында да болып өткен) Республиканы сілкіндірді деген секілді. Жау мемлекеттің радиолары бұл жөнінде хабарлап жатқан.
* * *
Қала халқы бұрын тату тұратын еді. Орыстар мен қазақтар бір-бірінің бетіне қарай алмай, «жуасып» қалды. Өз пайымдауы ма, Орталық Партия Комитеті жергілікті халықты, әсіресе қазақ ұлтының талғамы қандай боларын ескермей, Колбинді жіберді. «Қате жіберді-ау» деп есептедім.
* * *
24.ХІІ.86.
17-18 декабрьдегі қанды сойқаннан кейін естігендерім:
«Алаңда машина астында қалған жігіттің миы шашылып кеткен…»;
«Ұзын бұрымды қызды шашынан сүйрегенде, бас терісі сыпырылып өлген…»;
«Бір камерада жатқан 37 қазақ қызын жендеттер: «Бала тумайтын етейік сендерді» деп, етікпен іштеріне тепкілеген»;
«Аузы жаралы жігіттердің денесіне анаша уын жіберіп өлтірген. Қалғандарына әдейілеп анаша ұнтағын салған. Бұнысы – шетелден комиссия келсе, «анаша тартқан бұзақылар» демек болған дейді»;
«Қазрадиода істейтін Шляхов, Филиппов дегендердің жуан темір кеспелтегімен екі қазақ қызын өлтіргенін радио қызметкерлері терезеден көріп тұрған»;
«Қырғын шайқас болып жатқан алаңға жақын үйлерде тұрған адамдар да жындануға жақындап, ауруханаға түскендері болған. Алғаш машинаға зорлап басқан жастарды автобустар алысқа, қар үстіне апарып тастап кеткен. Москвадан шұғыл түрде самолетпен әкелінген солдаттар шетінен карэтистер болса керек»;
«Қақтығысуда ешқандай шығын болған жоқ» деп Қазақ ССР Жоғ. Советі Президиумының председателі Мұқашев мүлде өтірік айтқан, асқан екіжүзділік, жағымпаздық жасаған»;
Осындай хабарды қайтадан беруге Қазақ радиосы мен телевидение жөніндегі комитет председателі Сағат Әшімбаев келіспеген;
«Өз көзіммен көрген қанды қырғынды болған жоқ деп қалай айта аламын, оған коммунистік арым көтермейді деп жауап берген»;
«Қолға түскендерді: «Сендерді демонстрация жасауға жұмсаған кімдер?» – деп қинаған көрінеді. Көптеген жастар: «Ешкім жұмсаған жоқ, өлтірсең де айтарым осы. Демонстрация жасауға правомыз жоқ па?! Алдымен, тиіскен біз емес, милиционерлер мен солдаттар», – деп жауап берген.
26 декабрь.
Қала тыныштала бастады. Жергілікті газеттерде 17–18 декабрьдегі студенттер демонстрациясының мейлінше саяси қате екенін айыптаған мақалалар жарияланды. Теледидарда комсомол ұйымдарының жиналысы көрсетіліп, «кінәлі» деген жастарды комсомолдан шығарды. Мұны ұйымдастырған кімдер екені белгісіз. «Табылатын болыпты», «оларды аямай соттайды» деген лақап сөздер тарап жатты.
28 декабрь.
Түс қайта, сағат 4:00-де менің «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңім тұңғыш рет радиодан орындалды. Әнді шырқаған он жарым жастағы Қаракөз Әуелбекова.
Дайындаған радионың балалар редакциясы.
29 декабрь.
Үйдемін, бірдеме жазуға зауқым жоқ. Өмірден түңілмесем де, бойымды торығу секілді бір салқын сезім билеп алған.
30 декабрь.
Жұрт жаңа жылды қарсы алуға дайындалуда. Әйтсе де көңілсіздік байқалады. Жұрттың көңілін сергітетін жалғыз ғана ермегі – теледидар, содан берілген ойын-сауық, концерттер ғана. Теледидар, газеттерден берілетін халықаралық хабарлар (көбі өсекке ұқсайды) жұртты мезі етіп бітті.
Жұрт «термоядролық соғыс өрті шығып кетеді ме екен?» деп қауіптене бастады. АҚШ пен СССР, басқа да аса дамыған елдердің ядролық қарулануға құштарлығы, космосқа (ғарышқа) шығуға ұмтылысы халықты болашаққа күдікпен қарайтын етті.
«Жер шарын радиациямен, газбен тұншықтырар ма екен?» Үкімет басшыларына деген халық құрметі жойылған деуге болады.
31 декабрь.
Қала тыныш болды.
Сағат 10:30-да Қазақстан жазушыларының ҚКП Орт. Комитетінің 1-секретары Геннадий Васильевич Колбинмен кездесуі болды (кеше хабарлаған еді). Кездесуді О.Сүлейменов ашты. Сосын, жазушы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев сөйледі. Жұбан студенттердің мақсатсыз, хулигандық демонстрациясын сынай отырып, оларға қарсы милициялық ұру, соғу (дубинкамен) жазасы қолданылғанын өте орынсыз деп айтты. Шынында, қарусыз студенттердің дубинка таяғын жеген соң ашынып кеткені мәлім болды.
1 январь, 1987 жыл.
«Лит. газетадан» жазушы Ә. Әлімжановтың «Что произошло в Алма-Ате?» деген мақаласын оқыдым. Мақала, негізінен, дұрыс-ау. Бірақ кінәні демонстрация жасаған студенттерге ғана аударғаны – әділдік емес.
Студенттер бір-екі күн ғана шулап тарайтын екен. Республикалық прокурор орынбасары Басаров деген демонстранттарға машинамен мұздай су шаштырғанда, бір қыз машина астында қалып, көзбе-көз өлген. Мұны көрген жастар ашынып, милиция, солдаттармен шайқасқа көшкен. Әлімжанов бұл шындықты айтқанмен, газет жаза қояр ма екен?! Ертең 2 январь.

* * *
Осы жазбамен қайраткер-қаламгер Шона Смаханұлының қойындәптерінен жыртып алып, басқа жерге жасырып қойған (жасырып қоймаса, өзіне, отбасына қауіп төнетінін сезген. – К.С.) күнделігі аяқталады.
Жақында Шөкеңнің ұлы Ұлан мен келіні Гүлзахираның үйіне бардым. Шөкең туралы, Аманкүл жеңеше туралы әңгіме болды. Бүгінде Шөкеңнің артынан Аманкүл жеңешем де, Құралай қарындасым да о дүниеге кеткен. «Шона әкемнің артынан отыз жасымда кетем», – дейді екен Құралай анасына. Сол айтқаны айдай келіп, отыз жасында өмірден озыпты.
Сол үйде отырып, тағы да Шөкеңнен қалған жәдігерлерді қарадым. Суретке түсіріп алдым. Қызмет куәліктері, дипломы, «Мектеп» баспасынан қаламақы алғаны жөніндегі анықтамасы, тіпті туу туралы куәлігіне дейін сақталыпты. Бір кезде көзім кішкентай қойындәптерге түсті. Жаңадан бастаған екен. Парақтарын түгел толтырып үлгере алмапты.
Осы және басқа да құжаттарының бәрін Шөкеңнің ұлы мен келіні көздерінің қарашығындай сақтап отыр екен.
Шөкеңнің қойын дәптеріндегі мына жазбалары қатты әсер етті. Өмірден өтерін сезгендей 1988 жылдың алғашқы тоқсанынан бастап, шығармаларын кітап қып бастыруға қатты кірсіпті.
* * *
Марттың басынан бастап, Алматының ауа райы жаман болды. Аспанды бұлыңғыр бұлт басып, ауа ауырлап кетті. Оның үстіне «Магнит бораны» («Магнитная буря») дей ме, «өрісі», «толқыны» дей ме… Әй, жүрегі нашар байғұстарға қиын тиді-ау.
Қан қысымым көтеріліп, ол шіркін 170–180 («үсті»), 100-110 («асты» ) болып, есімді шығарды. Қан қысымы тезірек жөнделмесе, жүректі «қажап» тұрып алады екен. Осыдан қорқып, салақсып жатқан жұмыстарымды жеделдетуге кірістім.
Ән өлеңдерімнің жинағын («Айнабұлақ») түгел қайта қарап, машинкаға қайта бастық. Балаларға арналғанды қосқанда, 120 өлең болды. Қанттай ғып әзірлеп, «Өнерге» өткіздік. Редакторым Карл деген жігіт бұрын қараған еді «күземепті», шамасы келгенше оншақты өлеңімді түзепті.
Машинкаға қайта басуда Аманкүл көп күш жұмсады.

* * *
1983 жылдан соң, «Жасырайық несіне» дегеннен өзге жаңадан сықақ өлеңді жинақ шығарғаным жоқ.
Арада екі-үш кітап: «Үміт жұлдызы», «Өткірдің жүзі», «Елпекбайдың телпегі» деген үш кітап шығып үлгерді. Үшеуінің де «жаман аты» шыққан жоқ. Түгелге жуық сатылып, оқырмандардың қойны- қонышында жүрген шығар.
Енді соңғы бес-алты жылдан бері жазғаным бар ғой. Соларымды қосып, жинақтап, «Кімге – шымшу, кімге – шаншу» деген атпен «Жазушы» баспасына өткіздім. Жата-жамбастап, әрі толықтырып, әрі ұзарта жатам ғой деп ойлаймын.
* * *
Балаларға арналған «Кел, балалар, күлейік» деген шағын жинағым бес-алты жылдан бері «Мектеп» баспасында жатыр. Жақында көрсем, папкімнің тысын тышқан мүжіп тастапты. Бастығына айтып ем, қызарған болды.
Әйтсе де «сықағын ғана қалдырып» шығарып берейік дегенді айтты.
15 март
Денсаулыққа байланысты тв. бағытты едәуір «өзгерту» керек сияқты. Аз да болса, «ащылау» етіп «шаншымаларды» жазсам деймін. Әлім жетсе, халықаралық тақырыпқа памфлеттер жазсам… деймін.
Екінші, ән өлеңін жазудан қол үзгім келмейді.
Мозамбиктегі Бейра қаласы үстінде бір белгісіз «дене» тұрыпты.
* * *
«Қан қысымының» едәуір жүдетуіне (қорқытуына) қарамастан, 1–2 мартта өткен СССР Жазушылары пленумының материалдарын оқуға кірістім. Бірінен бірі өтеді. (Астын Шөкеңнің өзі сызып қойыпты. – К.С.).
Юрий Бондарев: «Біз – «жердің» күтпеген қонақтарымыз», – дейді. Шаншыманы осы «күтпеген қонақтарға» бағыштасам…»
* * *
Күнделік осы жерден бастап, басқа жай-жапсарға ауысады да, ары қарай үзіліп қалады. Бұл маған Шөкең өзінің шығармашылығы жайлы әп-әдемі әңгімесін айтып отырып, кенеттен онысын кілт үзіп, орнынан атып тұрып, әлдеқайда кетіп қалғандай көңілімді құлазытты.
«Қан қысымым көтеріліп, ол шіркін 170-180 («үсті»), 100-110 («асты» ) болып, есімді шығарды» деп бастаған сөздері де ойландырды. Қан қысымы қалай көтеріліп жүр? Ол құрғыр жайдан-жай көтерілмеуші еді ғой. Туа бітті жабысқан ауруы болмаса, жүрек пен жүйкеге салмақ түскенде ғана көтеріледі емес пе? Шөкеңнің жүрегі мен жүйкесі бір сыр берсе, шаншымалары мен шымшымаларын, хикаяттарын жылы жауып қойып, «Алматыдан қазақ мектептерін, балабақшаларын ашу керек» деп білім бөлімдерінің, мектептердің басшыларымен жеке батырдай айқасып жүргенде, сыр берді-ау! Ол аздай Алматы қаласындағы ІІМ мен МҚК қызметкерлерлі Шөкеңді «бүйректен сирақ шығарғыш, мектеп ашқыш бүлікші» деген арыз бойынша басқан ізін аңдып, ал Желтоқсан көтерілісінен соң «осы көтерілісті ұйымдастырушы жасырын топтың бір мүшесі» деген өсек-аяңдарды бетке ұстап, түнделетіп тергеуге шақырды МҚК «қызыл жағалыларының» да үлесі бар-ау, ол «қан қысымында». ҚКП ОК «тоқылдақ-нұсқаушылар» ұйымдастырған «Тот» деген мақаланың «қаһарманынан» болу да жүрек пен жүйкеге салмақ түсірмегенде қайтеді?! Осының бәрі жан дүниесіне сыздауықтың қан-жынындай мұң мен шер боп жинала берген соң, оның да жарылар сәті болмай ма? Айналып келгенде, сөздің тоқ етері – Шөкеңнің коммунистік-тоталитарлық жүйенің құрбандарының бірі болғаны айдай анық.
Бірақ Ер Шөкең артына өлмейтін сөзі мен ісін қалдырып кетті. Туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай Әулиета өңірінде өтіп жатқан Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да – соның анық айғағы.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері